Қоңсылар
БІРІНШІ ТАРАУ
Күн төбеге келген кезде Қарақоға көлінің басы әдеттегіден артықша шыжыған секілді болды. Оған өзінше себеп бар: бұрын Қарақоғаның күн батыс жағында шоқиған, мыжырайған, қара шұбарланған он шақты ғана үй отыратын еді; тап бұл кезде бұл он үйдің маңында адам тынысын тарылтқандай таршылық, тығызшылық болмайтын еді; үй көлеңкесінде қатын-қалаш, қыз-қырқын жүн түтіп, түбіт иіріп, іс тігіп уақыт оздырар еді; жер ортасы болған адамдар, нақ мынадай ыстыққа көйлекшең, дамбалшаң, аяққа мәсіні я киіп, я кимей, елтірі бөрікті жымқыра киіп, пысынап, терлеп, шаппа шотпен тықылдатып ағаш шауып отырар еді... Кейбір үйлердің қасында ермексізден ермек тауып, шаш алдырған, мұрт бастырғандар өздерінше бір топ боп, есіткен-білгендерін ортаға салып, бірінің сөзін бірі қостап, ыстықты да ұмытып, ыстыққа тілгер сусынды да ұмытып, өздеріне жанаспайтын, бұлардың пікірін керек қылмайтын бірер қысыр кеңес үшін-ақ қызыл өңеш боп керісіп отырар еді...
Бүгін аспандағы күн қандай қызса, Қарақоға көлінің басы да сондай қызды: лек-лек атты, топ-топ арба көлдің о жағынан да, бұ жағынан да андағайлап келіп, он шақты үйдің орта шеніндегі қоңыр төбел үйге кеп ат тұмсығын тіреп жатты. Күндіз көлеңкелеп шықпайтын бозбаламен ер ортасы кісілер, бүгін жалаң қағып, екі езулері құлақтарында, сырттан келген арбалының, салт аттының шылауына оралып түсіріп алып жатты. Арбаға тиеліп келген кемпір-шал, бала-шаға ақтарылып түсіп, ауыл сыртын быжынаған адамға толтырып бара жатыр. Қынама киген, қылтиған, түлкі бөрікті шекесіне салған жас жігіттер, өздеріне тең келер жан жоқтай-ақ, шекелерінен қарап, өткен өмірінде аттарын біреуге ұстатып әдеттенгеннен жаман аттарынан түсер-түспестен-ақ, тізгінін алдында тұрған адамға созады; ауыл жігіттері абыржып, үлгіргенше асығып, үлгіре алмағандары 4-5 аттың тізгінін бірден, ұстап қалып, қайсысын байларын білмей сасып жатты...
— Уа, тойларың құтты болсын!
— Тойларың тойға ұлассын! — деген сөздерді шеттен келгендерден екінің бірі-ақ айтып жатыр.
Ауыл адамдары осы тойды ортадан бірігіп істегеннен бетер:
— Айтсын!... Айтқандарыңыз келсін! — деп, бар жақсылықты өздеріне қарап бейімдей түседі.
— Кәне, үйге жүріңіздер!
— Кемпірлер Боқаңның үйіне кірсін.
— Ау, бозбала жағын Жұмағазының үйіне апарыңдар...
Дембелше келген қара жігіт, бүйірді таяна түсіп, бозбала жағын жалғыз өзі ғана басқаратындай, алдында бәйек боп жүрген адамның төбесінен аса қарайды.
— Жұмағазыңды қойып... бізді Боқаңның үйіне түсірсең... ә...
Бозбала жағы жымыңдасып біріне-бірі қарасады.
Дәйекші кісі, кімді қайда түсіру билігі тап өзінде болмаса да, өзі кесіп пішіп қойғаннан жаман:
— О да теріс емес-ау, ә... бірақ, Жұмағазы замандастарың, ойнап-күліп отырам демесеңдер?!... — деді апалақтай түсіп.
Ауылдың алды да толған адам: жерошақ қазған, су тасыған, қазан қырған, мал сойған, бас үйіткен адамдар сапырылысып, кімнің не істеп жатқанын білуден қалған. Бірер қазан бұрқылдап қайнап, ақ көбікті қазанның ернеуінен атып жатыр. Білекті түріп алған бір қатын кәкпірмен көбікті сүзіп тастап, етті аударыстырып қалғанда, боршаланған құйрықтың салмағы мен қанды сорпа лық атады.
— Ант ұрсын Айжан... сен ет аударушы ма ең?
— Қой әрі!.. Ет аударуды жалғыз еркекке ғана жазып қойып па еді?.. — деп Айжан шақ ете түседі.
Күннің шыжуы бұрынғысынан да үдей түсті. Сәске кезінде солтүстік жақтан болар-болмас қана салқын леп бетке соғатын еді, кәзір тына қалыпты. Жерошақ басындағылар, күнмен қосылып оттың аптабы қыздырған кезде, моншақтап аққан маңдайдың терін сұқ қолмен бір сыпырып тастап, кейбірі кірлі шапанның етегімен сүртіп, термен дымқылданған кір көйлекті желпіп-желпіп қояды. Бала-шаға, жастар жағы ыстықтың өшін Қарақоғанның суынан алып жатқан секілді. Су басындағы үйездеген жылқы, шанышқақтаған сиырлар жалаңаш жүгіріп жүрген жастарды адам деп айылын да жияр емес. Жалғыз-ақ судың жиегіндегі тақырдың шаңын жұтып жатқан қой мен ешкі ғана, шашырап шыққандары үйірге қосылып, топтана түседі.
— Уай,тегіңді ұрайын... ана бір желкесі қиылғыр кімнің баласы өзі?..Етіпті... үркітпе деймін қойды!..
Ескі тері тонның жүнін сыртына қаратып айналдырып киген, екі көзді ірің басқан Күздеубай қойшы, оқта-санда бір шыж-быжы шығып, балаларды қорғаумен жүр. Шынында бұл қой күнде бүйтіп осы жерде жатпайтын еді, мұның мекені сонау көлдің шығыс жағындағы ақ боз үйлердің қотаны болушы еді. Бүгін әкеп иіріп отырған Күздеубайдың телміріп отырғаны тойдың еті, тойдан тиетін қойшының сыбағасы — көтен ішек.
Тойшылардың салмағы шалдардың отырған үйі ғой. Әңгімекептің, дудың үлкені осы үйдің маңында. Бірсыпыра жігіт ағасы мақтар күнге арқасын беріп, үй мен жерошақтың аралығында алқа-қотан отыр. Мұның ішінде осы он шақты үйдің өз адамдары да бар, сонау ақбоз үйлі ауылдан келген адамдар да бар. Екі бөлініп отыр демесең бұл ауылдардың қыстауы бір, жайлауы ғана басқа. Сондықтан, ақ боз үйлі ауылдан келген адамдар да осы тойды өзімсініп, жатпен бірге жат болмайық дегендей, бірі онысын, бірі мұнысын істескен болып жатыр. Бірсыпыра сыпайылары отырған орыннан тұяқ серіппей, қолғабысты ауызбен ғана беріп:
— Қонақтарға су құйдыңдар ма?
— Шайын бердіңдер ме?
— Еттеріңді дұрыстап пісіріңдер.
— Ау, сапыра түс... құйрықты тілдің бе, піспей қалып жүрмесін, — деп жерошақ басындағыларға бұйрықты жаудыра түседі.
Жұмағазының үйіне түскен бозбалалардың үшеуі-төртеуі, кемпірлердің етін турап береміз деген болып, оқшаулау тігілген қоңыр төбел үйді жағалады.
— Көрінбейді ғой, қайда кетті екен?.. Босып кеткеннен сау ма өздері?.. — деп, өзара күңкілдесе түседі.
Аққұба келген, тоқтасқан әйел үйден шығып жастардың ойын айтпай сезе қалғандай:
— Амансыздар ма, балалар, алда қарақтарым, ай... үйге кіре қойыңдар! — деп дәйек болған секілденеді.
Бозбаланың біреуі сырт айнала беріп:
— Кәпір сұр жылан-ай! Сенің сезбейтінің жеті қабат жердің астында болар-ау,— деп торсаңдайды.
Біреулері сылтау таба алмай кетіп қалуды ұят көріп, шарасыздан үйге басын сұқты.
Ет түсіріліп, табақ жасалып жатыр. Табақ жасаушы, төбеттей түксиген біреу, ет жасап отырған қолымен оқта-санда мұрынды бір сіңбіріп тастап, құйрық пен бауырды қабаттап ауызға тыға түседі. Есік жақта жүресінен отырғандар тамсана түсіп, алдарында тұрған табақтағы етті дұрыстап салмаған болып олар да жұлғыштайды.
— Ау, бас табағың қайсы?
— Құсекең мен Жұмекең қай табаққа кіреді?
— Тамардың тобырын тойғыза алмассың, құданың табағы мен Құсекеңдердікін дұрыстап жаса...
Ет жасалып жатқан кезде құдаларды ақсақалдардың отырған үйіне апару қамына кірісті. Бір қара сұр әйел шелек әкелді де, кетік қара шөмішпен сорпаны құйып жіберіп, үстіне ұн сеуіп қамыр езді.
— Болсайшы, Қалампыр, келе жатыр, — деп бір жігіт без-без етеді.
Сыпа киінген, аяқты керіле басып 4- 5 кісі болып құдалар келе жатқанда, жас әйелдер мен жігіттер есіктің екі жағына жарылып тұра қалды. Құдалардың ішіндегі тоқтасқандау біреуі онша абыржып айылын жимағанмен, жастар жағы елеңдеп, сыбырласып, бір нәрсеге әзірленген сияқты болды.
— Құдаларға жол беріңдер!
— Кәне, кіріңдер! — деп, күтіп тұрған жігіттер топтанып, үйге кіріп бара жатқан құдаларды қоршай бергенде, әйелдердің біреуі шелектегі қамырға саусақты сала берем деп еді, құданың бірі оқтай атылып шелекке жабысып, қамырмен әлгі әйелдің өзін «сыйлады». Сол-сол-ақ екен, екі-үш жастау құда додаға түсіп ойпаң-тойпаңы шықты: біреуіне қамыр жабысты, біреуінің басына бір әйелдің жаулығы кигізілді...
— Ау, тимеңдер!
— Болды ғой, ырымын істедіңдер...
— Әй, жастар-ай! — деп, үйдегі ақсақалдар да көтерілісіп бір жағынан ақыл айтқансып жатыр...
Ет желінді. Сорпа ішілді. Бозбала жағы қолды жуар-жумастан аттарына жүгірді. Бір жастау бала құйрығын буындап, шекесіне үкі таққан көк атқа мініп, мені көрдіңдер ме дегендей жұрттың алдында кес-кестеп жүр. Үкілеген, құйрығын түйген бауырынан жараған аттар әр жерден-ақ шығып жатыр.
Құрықшаға ақ орамал байлап алып, арық торы аттың өкпе тұсынан тебіне түсіп, біреуі ауылдың сыртындағы бел белеске қарап бет қойып еді, бозбала жағы топтанып, желе-шоқытып соның соңына ерді. Адам теңізі абыржып қайтадан қозғалды. Ә дегенше болмай ауыл сырты адамнан арылып, бәрі белестің басына топтанды. Өрістен қалған ақсақ қой құсап ауылда — үй басы сайын кемпір-сампыр, қыз-қырқын, жас әйелдер ғана қалды. Олар да сабыры төзіп отыра алмайтын секілденіп, екеу-екеу, үшеу-үшеу топтанып, екі көздері сонау қыбырлаған жанда болды...
Боқбасардың үйіне тойға келген әйелдердің түсірілгендігін айтып ек қой. Жұрт аттанып кеткенде сол үйдің асты-үстіне келген тәрізді еді: шала бүктелген, шашылып жатқан көрпелер, тұздық төгіліп жатқан табақтар, төр алдында да, есік жақта да шала мүжіліп жатқан сүйектер... абайсыз келіп қалып осы көріністі көрген адамдар «мына үй өмірі жиналмас» — деп еді.
Баяғы ақ құба әйел бойжеткен екі қызды жанына ертіп келіп:
— Қарағым, Жұмакүл, Ырымкүл, тез жинай қойыңдар, сосын барасыңдар, үлгіресіңдер, — деп өзі де бірге жинасып ә дегенше болмай үйдің ішін тап-тұйнақтай қылды. Бұл үйдің сырт пішіні қандай болса, іші де сондай: кісі көзі тоқтағандай бұйым жоқ. Әйткенмен тазалық, ұқыптылық үй ішіне өзінше көрік беретін сияқты еді.
— Қалқам, Жұмакүл-ау, күйеу немесі қандай екен,— деді әлгі әйел.
— Әже-ау, сұрама, желкесі күдірейген, қарны шермиген, сақалы күйектей, бұқа көзденген біреу, — деп екі қыздың үлкені қылымсып, көзін ойнақтатып күлген болды.
— Е, бәсе...— деді әйел күрсініп.
Шешесінің неге күрсінгенін екі қыз да айтпай сезгендей боп, біріне-бірі көздерінің қиығымен қарай түсіп, бұлар да күрсінді.
— Әлгі Теңгекүл құрып қалғыр... апырым-ай сол қызды қайтсем екен?.. Сендер отыра беріп соның өзі-ақ жинап тастайтын үй ғой бұл, — деді әйел.
Бұл сөзді күйінген сияқтанып айтқанмен, ажарында Теңгекүлге деген кейістік жоқ еді. Шидің түбінде жатқан бір сүйекті далаға ырғытып болды да.
— Апырым-ай, әлгі елдің бозбаласы не деген бейбастақ еді, сықылықтап күліп... шіркіндер, — деп қабағын шытты.
— Ол елдің бозбаласының әдеті емес пе, ұры итше жылмаңдайтын... біз отырған үйге де бірсыпырасы барды, — деп Жұмакүл бастай бергенде:
— Әлгі бір үңірейген жігіт... Со да адаммын дей ме екен?.. Ыржың-ыржың етіп... —деп, Ырымкүл оның сөзін бөліп жіберді.
— Қайтсын, жас болған соң... тек құдай тойдан айырмасын! — деді әйел тағы күрсініп.
ЕКІНШІ ТАРАУ
Боқбасар деген кісінің үйі еді бұл. Ауыл адамдары бұл кісінің атын тура атамай «Боқаң» дейді. Үлкейтетін себебі — Боқаңның бірсыпырасынан жасы үлкен, оның үстіне осы отырған оншақты үйінің өзі бір атадан өрбіген — бәрі күнтуған тұқымы аталады.
Күнтуған бұлардың үшінші атасы. «X» өзенінен қара жол бойлап өтіп, алдындағы белеске шыға келсең, жолдың езуінде шоқы боп үйілген тастарды көресің. Жай қарамаққа жабайы ғана обашық. Бірақ, осы жолмен өтетіндердің көбі-ақ осы обашықтың атын жаттап алғаннан бетер біледі...
— Мынау Күнтуғанның моласы ғой, жайлау осы жерден он сегіз шақырым-ау, ә... — деп жүргіншінің кейбіреуі атының демін алдырып сықсия қарап тұрады...
«Күнтекеңе бата қыла кетпейміз бе?» — деп жастардың күлісетіндері де бар.
Күнтуған кім? Қандай кісі болған? Моласының жалғыз жатқан себебі не? — оны тексерген ешкім жоқ. Сырт былай тұрсын, Күнтуғанның өз тұқымы да ата тарихын ашып бере алмайды.
«Атамыз кедей екен. Кедейдің ішіндегі бір ер кісі екен. Кезінде ағайыннан зәбірді көп көріпті-мыс» деседі.
Сол Күнтуғанның тұқымы бұл.
Күнтуған тұқымының ішіндегі өзгеше мінезді кісінің бірі — осы Боқбасар. Боқбасар дейтін адырақ көзді, таңқы танау, қыртыс бет, ұйысқан қара сақалды қара кісі. Жасы елуден я аспай, я асып жүрген болар.
Әке-шешеден ерте айырылып, жасы он беске жетер-жетпесте-ақ қой соңына түсіп еді. Одан жылқы бақты. Сүйтіп жүргенде өзіне тете ағасы өліп соның жас әйелі жесір қалды. «Аға өлсе, жеңге мұра» деп шалдар ауғым қылып бұған қосты. Жоғарыдағы ақ құба әйел деп отырған әйеліміз — осы Боқбасардың жеңге алған әйелі Дәметкен еді. Жас шағынан Боқбасардың ізін баса жүрген болар.
Дәметкен қатарынан үш қыз тапты. Қыз тапқанына қуанбаса, күйінбейді. Құтты болсын айта келген абысын-ажындары «тағы бір «қырық жеті» таптың ба?.. Малдың астында қалмасаңдар жарар еді» деп күлісуші еді. «Қайтсын, құдай берген соң тастасын ба!» деп, кемпірлердің көңіл жұбататыны да болушы еді. Төртінші баласы ұл болып, оның атын Тәңірберген деп қойды да Дәметкен баладан тоқталды.
Кедей жерден шықса да, кісі есігінде жүріп күні өтсе де, Дәметкендегі жалғыз қасиет —тазалық, ептілік еді. Асықпай-саспай жүріп не нәрсені болса да тап-тұйнақтай қылып бітіре қоюшы еді. Осы мінезінің, қолының ептілігінің арқасында байлардың үйіне басқадан көрі өтімді, бірер аяқ қымызды басқадан артық ішіп кеткендей, басқаларға бұйырмаған байдың ескі-ұсқысын ала алатындай өнері бар еді.
Үш қызы қолдың саласындай боп қатар өсті. Ең үлкені Жұмакүл дүрдиген, қорасан дақты, тұйықтау адам, Дәметкен ерінділеу, мұны «Жұмакүлдің мінезі әкесіне айнымай тартқан» — дейді; екінші қызы — Ырымкүл; қағылез, сұршаң, көзі ойнақшып, ұшып-қонып жүрген бір қыз. Дәметкен оны ұнатпай: «Ырымкүл қарағым-ай, не боп кетер екенсің? Ер жеткен қыз деген сызылып тұрмас па?!.» — деп кейде реніш білдіреді. Үшінші қызы Теңгекүл нақ мына екеуіндей бойжеткен емес, бой жетсе де, алдында екі апасы отырған соң өзін балаға санап, оның сөзіне, жүріс-тұрысына ешкім сын тағарлық емес еді.
Бұл үш қыздың үшеуі де күйеуге берілуден, я құда түсіп мал алынудан сау еді. Абысын-ажын «қырық жетінің астында қалдың» деп Дәметкенге жорамалдағанмен де, сол қырық жетің бұл үйдің маңына әлі иіріле қойған жоқ еді. Оның себебі бұл қыздарға күйеу табылмағандықтан, болмаса жұрттың мал қимағанынан емес, тұп-тура Боқбасардың өзінен еді: Боқбасар бір емес, мыңның бетін қайтарды... қатыны өлгендер, баласына қалың бергісі келгендер, бірер пысықшаны жанына ертіп күнтуған тобына келеді. Көрші үйлердің біріне түсіп, қыз көруге атқосшыларын жібереді. «Бойжеткен қыз көрінеді, пысық көрінеді, бой-басы түзу көрінеді...» деп, атқосшы түс-түгін айтып береді. «Құдай бұйыртса, малынан қашырмаса, құда боларымыз-ақ» деп келгендердің көтеріліп қоятындары да бар. «Күнтуған тұқымында қырық жетіге қыз берген бірі жоқ, көп болса жарты қалың алар» — деп малына сеніп күмпілдейтіндер де болады. Сүйтіп бұлар алдымен Боқбасарға кісі салады. Араға салатындары Бекболат. Бекболат дейтін — түркілік оқуы бар, кісі өлсе — жаназа оқып, бала туса — азан шақырып ат қойып, қыз ұзатылса — неке қиып, «молда» атын алып жүрген кісі. Жасы Боқбасармен тетелес, сөзін тыңдатарлық та жайы бар. Ол келіп «осылай да осылай екен...» деп сөзді бастаса, босаға жақта жүрген Дәметкен құлағын түре түсіп, бір тізерлеп отырып, телміре қалады.
«Е, солай ма екен?.. Тәуір жер дейтін... баласы да тәуір болар...» — деп, Дәметкен Бекболаттың сөзін қостай жөнелсе-ақ, Боқбасар бұзылып сала береді:
— Байсырап отырған қызым жоқ, әзір асықпаймын... бере алмаймын! — дейді.
Бекболат пен Дәметкен бірсыпыра жанамалап айтып көрсе де, Боқбасар одан сайын жаман осқырып, мүлде илігуден қалады.
Келген құдалардың кейбірі ашуланып, кейбірі «менсінбеді» деп жәбірленіп, аттарына мінеді. Құда кетсе, Боқбасар үйде жалғыз қалса, өзінен-өзі ойланып: «осы менікі не? Неге қарыстым осы?» деген сұраулар жан-жағынан жауа бастайды. Нақ мұндай, өзіне-өзі жүгініп отырған кезде, күйеуді мақтамай ғана біреу келіп сөз салған болса, Боқбасар үш қызын қабатынан беріп жібере жаздайтын сияқтанады. «Осыным дұрыстыққа жатпайды-ау... баланың бағын байлап...» деген ойға да келген секілденеді. Сүйтіп жүргенінде тағы біреу келсе, «құданың бұйрығы, пайғамбардың сүндеті» деп Бекболат сөзін бастаса, Дәметкен ынтығып телмірсе, Боқаңның ескі жыны ұстайды да қалады:
— Бере алмаймын. Жұмысың болмасын! — деп басы қақшаң етеді.
Әсіресе осы соңғы төрт-бес жылдың ішінде Күнтуғанға қарағаннан, қыс болсын, жаз болсын ат үзілмей-ақ бара жатыр. Пар ат жеккен, я қатарласқан екі-үш салт аттының басы қылтиса-ақ «қыз іздегендер болар» деген ой бұл ауылдағылардың қайсысының ойына да сап ете қалғандай еді.
Талайлардың атының басы қайтты. Талайлардың жігері құм болды. «Тартып алсақ қайтеді? Алып қашып алсақ қайтеді?» — деп күш соғатындар да болады. «Қақпас шал, сиырдай қып үш қызды бірдей сақтап қайтпекші екен?..» деп екінің бірі кейиді. «Сор дегенді қоясың ба, баласының бағын байлап... Сол керек оған!.. деп табалайтындар да табылады.
Боқбасар көнбейді. Көнбегенде, басқа бір ойы барлығынан, я құданы, я күйеуді ұнатпағандықтан емес, кесірліктің әлегінен көнбейді. Біреудің оң дегенін теріс деу, оңға жүр десе, солға жүру — әйтеуір кісі сөзіне көнбеу деген Боқбасарды жастан иемдеген ауру. Осының салдарынан кісі есігінде жүрген кезінде де талай таяқ жеп, басы жарылды, талай өлімші де болды, бірақ қоймайды. Ауыл-аймақ, ағайын-туған мұның мінезін тегіс біліп болған. Біреу бірдемені мақтады дегенше, Боқаң кесе түсіп қандай жақсы нәрсе болса да, ит сілікпесін шығарып жамандайды. Жамандап отырып-ақ, соның жақсы екенін, өзінің текке ерегісіп отырғанын сезеді. Бірақ қайтерсің, біреудің ыңғайына жүрген соң Боқбасар бола ма?..
Сүйтіп жүргенде қыздың үлкені Жұмакүл жиырма бірге аяқ басты. Ырымкүл он тоғызға, Теңгекүл он алтыға келіп қалды. Өзі қатарлы қыздар байға тиіп, бала сүйіп отырса да, сыр беру, қабақ шыту деген мінез Жұмакүлде болмады. Бұрынғы әдетінше: қыс болса малын суғарып, шөп салып, жаз болса, әкесімен қосылып егін салып, шөп шабысып, егін жинасып, үй шаруасын түгел істесетін болды. Боқбасардың шаруасы да дөңгелек қана шаруа ғой: бір-екі десе жер астық егеді; төрт-бес қараға жеткендей шөп жиып алады. Артылғаны болса, сатып, жетпегені болса, біреуден қағыстырып алып, ептеп күнін көріп жүре береді.
Жұмакүл дегенің жұмысқа еркектен бетер қарулы: құлашты кере орақ сілтегенін, айырлап шөп тастағанын көргенде, жігіттеріңнің өзі таң қалады.
— Осының өзі анық қыз ба екен? — деп күмәнға түсушілерің де болмай қалмайды.
— Қыз емей қатын деп пе ең?
— Жоқ-ау, былай, тіпті, нетпейді дегенім ғой... қыз деген қылымсып...
Жұмакүл туралы елдің айтатын сөзі, көбіне осы сияқты, я мақтап, я аса жамандап қорытқан бір пікір де жоқ. Бойжеткен бір қыз, әкесінің қолында отыр, әкесімен бірге жұмыс істеп жүр... қазақ әдетінде әйел бала даладағы жұмысқа шықпас болар еді, бірақ ол әдетті ұстамадың деп Боқбасарды айыптауға бола ма?..
Соңғы кезде Күнтуған тұқымын жағалайтындар көбіне қатыны өлгендер болды, үйткені—жас бозбалалардың көзінде Жұмакүл «кәрі қыз» деген атты ала бастап еді. Қатыны өлгендердің ішінде де малына, атағына сенгендер жағалайтын болды. «Маған бермей қарасын деп» күш соғатындар иықтады. Бірақ қасарған Боқбасар одан жаман қасарып қатты да қалды. Бекболат «пайғамбардың сүндетін» тасудан тоқталды.
— Қақпас шалдың қылығын сенен көріп жүрер, одан да аман-есеніңде басыңды сақта, — деп оны сақтандырғандар болды.
Күрлеуіттен Асамбайдың тоқалы өліп сол Жұмакүл мен Ырымкүлдің бірін айттырамын деп кісі салғанда, Бекболат өлердегі сөзін айтып жалынды:
— Асамбайға сәлем айт; өз билігімдегі қыз болса, өзім апарып берер ем, мына қақпасты көндіруден қалдық! Шаршатып болды... Елден де ұят болды, — деді.
Асамбайдың адам салғаны Күнтуған тұқымына батайын деді. Асамбай байлықпен емес етінің тірілігімен, ептілігімен, атқа мінгендігімен атын шығарған адам. «Асамбайдың қырық жігіті» деген лақап елдің етін түршіктіреді. Жай шаруаң былай тұрсын, Асамбайды «ел жақсыларының» қайсысы болсын қадыр тұтады, дәулетті үйлер Асамбайды төреден жаман күтеді. Оны айтасың, Абалақ сияқты болыстарыңның өзі Асамбайды елге айбын қылып ұстайды...
...Көл бақадай тырбиған төртбақ кісі келді де, Бекболаттың төрінде шалжиып жатып алды. Бекболат өлердегі сөзін айтып қарғанды.
— Сөз тыңдамайды деген не?.. Болмай бара жатса, өз қолыма бер, жуастырып берейін, — деді әлгі кісі шіреніп.
Бекболат үйінің сыртындағы белеске Күнтуған тұқымы болып жиналысты. Әрі-бері сөйлесіп, енді қайтеміз деп дағдарғанда:
— Шалға мен барайын. Көнбейтін болса, басқаның қорлығына бергенше, өзім жетейін түбіне! — деді Қайдар.
Осыны айтқанда Қайдардың көзі қанталап, беті жыбыр қақты.
Қайдар Боқаңның немере інісі, қан-сөлден айырылған қатқан қара жігіт.
Күнтуған тұқымының көбі көрінген үйдің есігінде жүргенде жалшылығынды білмейтін жалғыз осы. Торы шолақ аты бар, тобылғы сапты қамшысы бар, ауылдан бір шығып кетсе, айлап жүріп келеді, қайда жүреді, не істейді, — оны тексеретін бұл он үйде ешкім жоқ сияқты. Соңғы әзірде «Асамбайдың қырық жігітінің ішінде Қайдар да бар-мыс» деген лақап шыққаннан бері бұған жалғыз Боқаң ғана кәрленіп:
— Тумай кеткір ит! Аруаққа кір келтіріп... Ұрлық қылғанша қаңғырып өлсек болмай ма? — деп Қайдарды келістіре бір сөккен.
Сөгуін былай тұрсын, осы он үйдің адамдарының бірсыпырасының сақалы беліне түсіп отырса да, көбі өзінің өкшесін басып келе жатса да, Боқаңа осының бәрі әлі бала сияқты көрінеді-ау, біреуіне ашуланса дұрыс-бұрысын тексерместен, көзі шақшиып, қайың таяқты ыңғайлай бастайды. Боқаңды сыйласа да, қорықса да өзі білсін, таяқ төнген адам «ай әйтеуір...» деп бір кейіп, сырыла жөнелді. Таяғы тимей-ақ серпілгенін көрген соң Боқаң жайылып түсіп қалады. Басы аман, ара адам болып тұрғандар бұл көрініске еріксіз күледі. Маңындағылар күлген соң әлденеге Боқаңның өзі де жымыңдайды.
Бұл көрініс басқаларға күлкі сияқтанғанмен, Дәметкенге батады. Боқаңның «ыстығына күйіп, суығына тоңатын» жалғыз Дәметкен сияқты. Ол таяқтан қашқан «батырдың» үйін жағалайды. Алдымен «батырдың» бұртыңдап тұрған әйелін тауып алады.
— Қайтесің келін, тентек болғанмен орталарындағы бір шал ғой. Інілеріне наз қылатын шығар... Қашанғы мінезі ғой... Әйтеуір осы қайныларымның тірлігі, әйтпесе, мұны кім сыйлар еді, әлдеқашан талап алып, тентіретіп жіберер еді, — деп Дәметкен күрсінеді.
— Сонда да... Тіпті, ұят қой. Інілеріңнің де өзіндей сақалды кісі екенін ойласа қайтетін еді?! — деп бұртаңдаған келін жайылып басыла түседі.
Бірер күн өтер-өтпестен баяғы «таяқтан қашқан батырды» Дәметкен білдірмей шайға шақырып та келеді.
— Төрем-ау, келіннің қолы тимей жатыр білем, шай ішкің келсе, біздің үйден іше салсайшы, — дейді.
«Батыр» келгенде Боқаң баяғы оқиғаны мүлде ұмытып кеткен болады, Ұмытатыны кектескен жұмысы емес. Және құр ашу шақырғаны болмаса, Боқаң осы інілерінің бірін маңдайынан шертіп көрген кісі емес қой. Боқаң ашуланып таяққа жабысса, алда риза болғырлар, сырыла жөнеледі, кетпей бедірейіп тұрып алса қайтер еді?..
Жоғарғы Қайдарға ашуланатын жолы да, Боқаң қисық қайың таяқты ықшамдап ұстаған болатын. Таяқтан қаймықпай Қайдардың бедірейіп тұрып алғанын көрген соң, басқалары «әдетімізді бұзбасайшы» дегендей боп Қайдарды түртпектеп, көптің итермелеуімен Қайдардың табаны зорға тайған. Ол жолы бұрынғы әдеттерімен жұрт та күлмей, Боқаң да жымимай, көрініс көңілсіз бітіп еді... Бірсыпыра сазарысып тұрғаннан кейін Боқаң Бекболатқа шақырайып:
— Ит! Бір әке, бір шешеден туып отырсың. Өзің молдамын деп құдайдың құранын ұстап отырсың... Ол итті «ұры» деп атандырғанша, жарып өлтірсейші! — дегенде, Бекең мүсәпірсіп:
— Қайтейін, інімнің өз бетімен істеп жүрген жұмысы болса, бауыздап өлтіруден тайынбас ем, түбі жаман ғой, түбі!.. — деп Бекең ауыр күрсінген.
Сондағы Бекеңнің шошыған «түбі» осы Асамбай еді-ау!..
Қайдар «шалға мен барайын» деп қалшиғанда Күнтуған тұқымының басқалары селт еткендей болды. Боқаңа сөз тыңдату дегенді, Боқаң өлмей бұл үш қызды күйеуге беру дегенді Күнтуған тұқымы ойдан таза шығарған ғой... Қайдар барса, басқа адамдай жайлап түсіндіруді де білмейді, «Асамбайдың адамы келіп отыр, қызыңның бірін бересің» десе, Боқаң қайтпекші? Қайдардан сескеніп қызын бере қоймақшы ма? Болмаса, үйреншікті әдетіне басып, қайың таяғына жабыспақшы ма?.. Қайдар қайтеді: басқалар секілденіп сырыла жөнеле ме? Болмаса «сен қақпастан-ақ өлдік-ау!» деп, тура Боқбасардың сақалына жабыса ма? Ондай оқиға болса, бәрінен бұрын Дәметкеннен ұят-ау!.. Осы тұрған — сақалы сапсиғандардың бәрін: «қарағым шырақ-жан!», «қарағым төрежан!» деп шешеден бетер айналып-толғана келетін Дәметкен кімді елжіретпес?!. Шынында, Боқаңның теріс мінезін жуып кете беретін осы Дәметкен ғой...
Елшілікке Қайдарды жіберу дегенге бұл тұрғандар безілдеп қарсы болды.
— Жоқ, барам! Сендер сөз тыңдата алмайсыңдар. Асамбайға қыз бермейтін шамамыз жоқ. Асамбай ерегіссе шауып та алады, үйітіп те жейді. Бұл қақпастың мойнына құрым кигіз іліп тентіретуден тайынбайды... Өйтіп біреуге қорлаттырғанша, не көрсем — өзім көрем! — деді Қайдар сұрлана түсіп.
— Қой деймін хайуан! Сен ақымақ құдайды, аруақты ұмытып болғансың ба?.. — деп, Бекең ашу шақырған болып еді, Қайдарымыз қаймықпады.
Қайдар бұрылып, сонау бажатай қара үйге беттеп жүріп барады. Бастығы Бекболат болып, төбе басында тұрған төрт-бес кісі не істерлерін білмей біріне-бірі қарасты. Сүйтті де, ұзамай жан шошырлық бір күйді күткен адам секілденіп, төмен қарап тұнжырасып, таяқтарымен төбе басының сары топырағын шұқумен болды...
«Қарақоғаның» басынан жаңбыр үзілген емес. Ащы өзектің солтүстік жақ басы барып тірелетін жалпақ тақырда «жаман Алакөл» — суы ащы көл бар. Жиек жағында топ-топ қамыс болады. Ортасы айдын сияқтанып, жиегінен тұрып қарағанда теңіз сияқтанып көгеріп жатады. Бірақ айдын да емес, теңіз де емес, суына түссең, белуардан я келіп, я келмейді. Маңайындағы ел мұның суын дәріптеп, «жазбайтын ауруы жоқ» деп, суына түсіп жатады... Осы көлдің тағы бір қасиеті — төбесінен бұлт арылмайды деседі жұрт. Бала күнде өзіміз де көрдік: Алакөлдің төбесінде қара бұлт ойнап шықты дегенше, шоқтанып, қоюланып, күркіреп-сарқырап, ә дегенше болмай құя салады...
«Жарықтық Алакөлдің қасиеті-ай!» деседі кемпір-шал.
Соңғы әзірде Үпінің медресесіне барып 4-5 ай оқып келген Молдаш дейтін мұғалім «бұлт дейтініміз — судың пары, жаңбыр сол пардан жауады, Алакөлден бұлт арылмайтыны—парының күштілігінен...» деп айтыпты-мыс деп естіліп жүрді. Бірақ, Молдашты жұрттың көбі «шоқындыға» санайтындықтан оның сөзіне құлақ салған жан жоқ. Жалғыз-ақ, алдыңғы жылы жаз жаңбыр болмай, ащы өзектің бойындағы қалың шалғын сарғайып кепкенде, жұрт Молдашты қарғады: «жақсыдан шарапат, жаманнан кесепат деген осы...» десті.
...«Қарақоға» да осы Алакөлдің аңғарындағы көп көлдің бірі болғандықтан, Алакөлдің жаңбырына бұ да ортақ еді... Алакөлдің төбесіне қара бұлт шоқпақтанды. Шоқпақтанған қара бұлт түйдегін жаза келе аспанды тегіс құшағына алды. Бірер сағат бұрын қуырып тұрған күннің кезі кенет бұлтқа кіріп, ауыл үсті қара күңгірт тартты; Алакөлдің үсті күркіреп сартылдап, жалтылдап жатты. Күн сартылдағанда, бастығы Бекең болып «сұбқан алдасын» айтып күбірледі. Ұйтқып соққан жел қалың шалғынды орақпен сілтегендей жапырды. Тақырдың шаңы түтін боп бұрқырады. Жаулығы желбеңдеген әйелдер үй іргесіне қазық қағып, арқан салып, тезегін жауып жатты...
Қайдар келгенде Дәметкен мен Жұмакүл үй іргесіне қазық қағып, арқан салғалы жатыр еді. Қарулы Жұмакүл тоқпақпен қос қолдап екі-үш рет сілтегенде, аршын бойлы қазық жерге сіңіп ақ кеткені.
Қайдардың келе жатқаны Дәметкенге ұнамады, ауылға қонақ келіп жатқандығы, Бекболаттардың басын қосып сөйлестіріп жүргендері — Дәметкенге мәлім еді. Бұрынғы әдетімен Бекболат аяңдап келер, «аулақ жүр, қызымда жұмысың болмасын!» деп шал жауабын қысқа ғана берер, әңгіме сонымен аяқталар — деп ойлап еді. Қайдардың келе жатқаны несі? Бекболат болып, басқалары болып, өздерінше ауыз біріктіріп, «тентек шалға» тиым істеуге кіріспек пе? Сонда не істемек?..
Дәметкен үрейленіп төбе басына қарап еді, бастығы Бекболат болып Алакөлдің бұлтындай тұнжырасып, төбеден түсіп ауылға келе жатыр... Дәметкен, әлденеге, апалақтап бір нәрседен шошынған сияқты болды. Тұнжырап келе жатқан Қайдарға жылы жүзбен бірдеме айтайын деп еді, аузына ондай сөз түспеді. Қайдардың қан-сөлден айырылған қара сұр беті, оңайлықпен жібіп, жылы тартатын секілденбеді... Қайдар үйге басын сұққанда «енді сен бірдеме қылмасаң менен әл кетті, бір сойқан болар-ақ» дегендей боп, Дәметкен жаутаңдап Жұмакүлге қарады. Әжесінің сыңайын айтпай байқайтын Жұмакүл сөз айтпастан тоқпақты тастай беріп, о да үйге қарап аяңдады.
Қайдар есіктен кіргенде, Боқаң бір ескі кебісті жамап отыр еді. Қайдарға аларып бір қарады да үндемей, жұмысын істей берді. Қайдар селтиіп кішкене тұрып, босағадағы абдыраға отырды. Сыртқы босағада түрілген есікті ме, үйдің шиін бе — дұрыстаған болып Жұмакүл тұр...
— Біздің үйге Дауылбайдың келгенін есіткен шығарсың, — деді Қайдар бірсыпыра сазарып отырғаннан кейін.
Боқаң тіл қатпай жұмысымен бола берді; ұрсып тастай ма деп абыржып, именетін пішін Қайдарда да көрінбеді.
— Сенімен құда болам деп келіпті, алатын малыңды айт та, қызыңды бер!
Сөзі түйеден түскендей, Боқаңа бұйрық есебінде айтылып жатқан бір сөз... Бұдан он жыл бұрын Боқаң Құсайынның жылқысын бағып жүрген кезде мұндай сөзді естісе орынды еді. Онда да өз інілерінен емес, жаттан естісе көтерер еді. Енді мұндай «бұйрықты» жаттан да есітпеспін деп жүргенде. Есітпегенде атақты, даңқтылығынан емес, абыройының күштілігінен де емес, осы інілеріне арқа сүйегендіктен, осылар тұрғанда маған кім батады дегендіктен болар-ау... Сол інісінің бірі осы Қайдар...
Боқаң тігінін тоқтатып, Қайдарға бажырая қарады. Қайдардың сұсынан қорықты ма, әлде ашу қысты ма, ерні қалтырап сақалы шошаңдап сала берді.
— Неге бажырайдың? Обып жібермексің бе?.. Бересің қызыңды! — деді Қайдар бұрынғыдан да сұрлана түсіп.
Боқаң бажырайып, тілі байланған адам құсап, бақшиды да қалды. Қолы қалтыранып біресе жанында жатқан ағаш қалыпты ұстады. Біресе балғаны ұстады.
Жел ішін тарта бір соғып, қараша үйдің киізін қолп-қолп еткізді. Сығырайған түндік жарығы жел екпінімен жабылып, үй ішін қара көлеңкелеп жібереді. Жарқылдаған сәуле үй іргесінен «сайтан отындай» жылтылдады...
— Қайдар аға, жоққа бола қаныңды ішіңе тартпа! Мен бай іздемеймін!.. Тәңірберген өскенше, мен әкемді бағам...
Мұны айтып тұрған Жұмакүл. Бұл сияқты қатты сөз Жұмакүлдің аузынан бірінші шығуы шығар-ау... Сөзін былай қойып, түрінің өзіне қарасаң, Қайдар қандай сұрланса, Жұмакүл одан әрі сұрланып тұр.
— Қайдар аға! Тұр, үйіңе бар. Қонағыңа сәлем айт; «шалында жазық жоқ, қызы тимеймін» деп айтты де...
Қайдар сұрланып, шалға кәрін төккенмен, қарындасқа келгенде тілі байланды. Қыздың кірісетін жұмысы ма бұл? Қыздың айтатын сөзі ме бұл?.. Әкесі берсе, малын санап алса, жұрттың қызы жылап-жылап кете бармай ма?..
— Ай, Жұмакүл-ай, — деп нешеме ұялмайтын болса да, беті қызылданайын деді білем, Қайдар салдырап орнынан тұрды...
Жел екпіндете соғып тұрып, тырс-тырс тамшылады. Сүйткенше болмай Алакөлдің «мейірімді бұлты» күмістей суын лақ еткізіп төге салды. Жаңбырдың екпінімен қараша үйдің ағашы солқ-солқ етті. Іргедегі тесіктерден жыландай ирелеңдеп су жылтылдады.
Қара бұлт жаңбырын ышқынып-ышқынып қандай төксе, Боқаң да кәрі көздің жасын сондай төгуге кірісіп еді. Ол ескі шапанын бүркеніп, төр алдына бүк түсіп, балаша солқылдап жылап жатыр еді...
ҮШІНШІ ТАРАУ
Қайдар Боқаңның үйіне барып кіргенде Күнтуған тұқымының басқалары: я адам шошырлық бір оқиға болады да, я қыз беріледі — деп ұйғарысып еді. Бұлардың күткен нәрсесінің екеуі де болмады. Салбырап Қайдар келді.
— Әй, әйтеуір, сол қақпасты ма? Тұра тұрсын! — деді Қайдар басқаларды көргенде.
Қыз әңгімесі енді салмақтанайын деді. Бұдан бұрын Боқаңа жолықпай тұрып, жұрт көңілінде аздап болсын үміт елестеген сияқтанушы: «кім біледі?..» Баласының бағын қашанғы байлар дейсің?.. Мүмкін бере салар!.. дегендей бір үміт бар сияқты еді. Енді ол үміт таза үзілді. Мына салбырап отырған бес-алты адамның ішінде Боқаңа сөзін тыңдататыны жоқ.
— Әй, әйтеуір сол қақпасты жаратқан құдаңды ма?.. деп Шаяқмет тістеніп еді, «сенің қолыңнан не келуші еді?!...» деп, басқалары оған одырайысты. Бірер кіжініп алып о да жым болды. Ал, енді қайтпек? Боқаң қызын бермеді деп Дауылбайға не деп айтады? Асамбайға қыз бермейді деген не? Асамбайға қызын бермейтін бұлар кім?.. Асамбайдың елеп адам жібергенінің өзі бұларға бір бақыт емес пе?..
— Дағдармаңдар. Бізден кінә жоғын Асамбайдың өзі де сезер. Қақпас шалды өлтірмек түгіл, үйітіп жесін, айтыңдар Дауылбайға! — деді Қайдар.
— Сүйту керек, оның несіне сасамыз, — деп Шаяқмет дабдырлап келе жатыр еді, Сатыбалды дейтін ат жақты, көзі аларған қара кісі оны тоқтатты:
— Сен аптықпа. Боқбасардың қызымен әңгіме бітпейді. «Тас түскен жеріне ауыр!» деп... Дауылбай келсе, Күнтуған аруағына келіп отыр. Алдымен осы жағын ойлаңдар, — деді.
— Ия, осы жағын ойлаңдар. «Боқбасарыңның қызынан басқасы құрып қалып па...» деп жүрмесін.
Шаяқметтің аузы аңырайып, көзі аларайын деді. Боқбасардан соңғы қызы бар осы екен...
— He ғой... жастау ғой, —деді Шаяқмет дабдырлап.
«Сенде қыз бар ғой, сен берерсің» деп оған айтқан адам да жоқ. Айтпағанмен сөздің ыңғайынан түсініп көзіне кенет Асамбай елестеп кетті: желкесі күжірейіп, қарны салбырап екі аяғының арасына түсіп отырған біреу... төрт қабат көрпені астына төсеп, шынтағында жастық, теңірейіп жатқаны. Аяқ жағында бұғағы салбырап, көзінің алды ісік құсап быттиып бәйбішесі отырады... Шаяқмет бірен-саран барып көрген ғой. Тілі ащы бәйбішесінің біреуді зекіп қарғағанда, адамның төбе шашы шымырлайды... Сол үйге мына сияқты — жасы елуге келген кісіге 16-дағы қызды тоқалдыққа бермек.
— Әй осы қақпас!.. Әй осы қақпас! — деп Шаяқмет Боқбасарға бұрынғыдан көрі де тісін қайрай түсті.
— Оны енді қайтесің, құдай жөндемесе ол шалды адам жөндей алмас, — деп Сатыбалды сөзін бастап, бірсыпыра мүдіріп отырды. — Құр текке асқақтаймыз ғой, біле білсек осының өзі бақыт емес пе? Асамбайға қолдың жетуі... Осы жұрт ойыншық көріп кете ме... Мұның өзі де бір жарастықты нәрсе. Жат жұрттық болып жаратылған бала. Аш болмаса, жалаңаш болмаса, соның ар жағында не керек?..
— Сатекеңнің тап осы сөзінің жөні бар. Қыз деп... қызды жау да алып кетеді. Жыламаған соң болды да... Былтыр бір тері жиып жүріп сол ауылға барып, қымыз іше кетейін деп сол үйге түстім. Асамбай үйінде екен. Бәйбішесі де отыр екен... сосын қымыз құйдырып берді де: «е, саудагер, тері жиып жүрсің-ау»,— деп жымыңдап күлді. Сосын менің жауап беруіме де қаратпай, тыста бір малайын шақырып «ай, ана ас үйде жатқан теріні мына кісінің арбасына салып бер» — деді... Сосын қымызды ішіп болып ем, «бұл сый ауылдың баласы ғой, қымызға қандырып жібер» деп, ішпеймін десем болмай тағы құйғызғаны... Сосын жүрерде: «бай еке, дәулетті үйдің дәмінен» деп... сізге тек сәлем бере ғана кіріп едім. Әлгі бір нәрсеңізге не төлесем екен? дедім. «Ой бәс кесіп қайтесің, аз ғана нәрсе ғой, өзің біліп бере сал» — деді... деп — Сұлтан саудагер ұзақ сүреге кірді.
Теріге не төледі, өзі неге сатты — ол жағын Сұлтан ашпайды, себебі — ол теріден өз бәсіндей зиянмен құтылып еді. Бірақ, зиян көріп отырса да, осы әңгімені аузынан тастаған емес. Екі адамның басы қосылса, тері әңгімесін сөз қылады да, аяғына әкеп осыны қыстырады.
Шаяхметтің қызын Сатыбалдының ауызға алуы-ақ мұң екен, былайғылары қостай жөнелді. Шаяхмет тұзаққа түскен аңдай тыпыршып, қалай жалтарса да құтыла алатын болмады. Жалғыз-ақ Қайдар, шын жаны ашымаса, әлде басқа ой болды ма, икемдеп келе жатқан жұрттың сөзіне оқта-санда бір кірісіп:
— Жөні келмейтін нәрсенің несін айтады екен?.. Құр орынсыз қысып... тастай алмай отырған баласы бар дейсің бе? Тым болмаса он жетіге келген де қыз емес... — деп отырды.
— Қойсайшы, Қайдар, ылғи бос сөйлеуді саған жазды ма? — деп отырғандардың біреуі шатынап, оған қарсы түсті.
— Әмір мағрұпты бұзбаған соң құдайдан безген бола ма? Құдайдан безген адам солай болатын,— деп Бекболат отағасы да оған наразылық білдірді.
— Не десеңдер — о деңдер, мен бірақ айтам: жөні келетін қыз — Боқбасардікі, Асекең де адам жібергенде соны көздеп жіберіп отыр. Асекең еріккеннен алмайды, бала үшін алады. Асекеңе әзір адам керек, — деп Қайдар қиғаштықты бұрынғысынан да үдетті.
— Апырым-ау осы не дейді?
— Бермеген қызды тартып әпермексің бе?
— Бермеген қызды тартып әперер болар. Оның емі сол... — деді Қайдар...
— Сатыбалды мен Бекболат Қайдардың сөзін құлаққа ілмеген тәрізденіп, «Әмір мағрұпына» қайта тырысты. Қайдар сөйлеген кезде желпініп, көтеріліңкіреп қалған Шаяқмет, тағы бәсең тартты. Елтірі бөрікті басынан бір алып, бір киді. Шаяқметке жұмбақ болып отырған нәрсе: Боқбасар қызын бермеймін десе, оны ешкім де зорламайды; ал, Шаяқметті зорлау былай тұрсын, сөзін керек қылып отырған ешкім жоқ: екінші бір жұмбақ, мұны ойына алған біреуі де жоқ, ол — Нұрбике. Нұрбике деген әйелің Шаяқметті бүргенде екі аяғын бір етікке тығады. Туған-туысқанның өзін біріне-бірін қайрап күніне қырықпышақ қылып отырған. Осы адамсып отырғандардың өзін Нұрбике өзі үйінде жеке отырғанда адамға санаған емес қой. Бәріне де мін тағып, адам санына алғысыз қылады: Бекболатты — «маңқа молда» дейді, Бекболат мұрнына насыбай атады ғой; Сатыбалдыны — «кесір қара» дейді, кесір қара адам болып сөйлеген соң, біз не оңайық» деп отырғаны; Сұлтанды — «Пұшпақ» — дейді, «қойшы, тәңірі, пұшпақ санаған адам оңушы ма еді?» — деп жүргені. Жалғыз-ақ мін тақпайтын, қайныларының ішіндегі тәуір көретіні Қайдар. Оны да құр қалдырмай «Тентек қара» — деп алған... Осы Нұрбикені бірінің де көзге ілмей отырғаны қызық-ау...
— Малдан қашырған кісі құсап кергігеніміздің жөні жоқ. Жарты қалыңға бата қылармыз, соған ризасың ғой, Шаяқмет! — деді Бекболат.
— Ой, оның малын қойшы, қыз сатып байысақ деп отырған кім бар? — деп Шаяқмет ризалығын да білдірмей, ырза еместігін де айтпай, қисайып жата кетті.
Манадан бері Шаяқметті ашу кернеген сияқты болса, енді малдың аты аталған соң ашу әзірше екінші бір түкпірге жасырынып, оның орнын мал алды: «...Жарты малың!.. Үш құлынды бие, үш бұзаулы сиыр, төрт ат, сүт ақы тағы бар... үш құлынды бие... Үйдің сыртынан желі қағылса, үш бие бір-екі жылдан кейін бес бие, одан ары тағы... өзінің қазіргі екі бұзаулы сиыры бар, оған тағы үш сиыр қосылса... бұзауы ше?.. Бес сиырдың екі-үш жылғы бұзауы бір соқалық өгіз емес пе?..»
— Осыған сөз байладық қой, ә? — деп, Сатыбалды бұрылып бетіне қарағанда, Шаяқмет ұйқысынан оянған адамша басын көтеріп алды.
Бұлар сөзді өздерінше «біттіге» санап Дауылбай отырған үйге барды. Бекболат үйінің кірлі жастығын шынтақтай, обадай боп Дауылбай жатыр еді. «Осындай болды» деп ұйғарындыларын айтқанда, ол күндей ашылып жымың-жымың етті:
— Бәрің Күнтуғанның тұтқынысың, біреуіңді ала, біреуіңді құла көремізбе-ей? Өздеріңнің ұйғарғандарың болсын, әбден қабылмыз, бар! Ата баласы ғой, жұртшылық істеді деп мырзаға айта барармын. Бірақ, бір өтінішім: мырзаға адам тез керегін өздеріңізге сездіріп ем ғой, осының құда түсуі де, ұзатылуы да бір-ақ рет болсын. Мырзаның тапсырғаны да осы еді... кәне, қайырлы сағатта... молдеке, бата қылайық, — деп Дауылбай қолын көтеріп алды.
— Құдай ұзағынан қоссын, екі арасын аман қылсын, үбірлі-шүбірлі болсын! — деп жұрт тегіс қол көтеріп, бата қылысты.
Боқбасар туралы бір ауыз сөз айтпай, Дауылбайдың көне қалғанына Қайдар қайран болды.
Өңі екенін, түсі екенін білмей мең-зең боп Шаяқмет отыра берді.
— Солай, құда, құдағимен сөйлесіп қам жей беріңдер — алда амандыққа жазса осы алдағы сәтке келіп те қалармыз, — деп Дауылбай ақтық сөзін айтқан да.
— Е, алда жазған болса... әбден... не айтқаныңыз — деп, Шаяқмет беталды күлімсіреді.
— Қайдар — атыңа мін. Бұрынғыдай емес құда болдық, енді араласпағанда қашан араласасың, — деді Дауылбай ыңғайлана түсіп.
Дауылбай атына жөней берген кезде Шаяқметтің үйінде ұрыс па, жылау ма — әйтеуір бір шу бар еді...
Міне, жоғарғы айтылған той осыдан басталып еді...
ТӨРТІНШІ ТАРАУ
...Тойшылар қыбырлап белестің басына шыққанда күн жылжып бесіндікке барып еді. Күн шығу бұрынғысынан үдемесе бәсеңдеген жоқ. Ойпаң жерлер тынып, адамды тұншықтырып жіберген сияқтанды. Салт мінген тынық аттардың тері жаңбырша моншақтайды. Белес басына шыққанда аздап самал соққандай боп, жұрт омырауды ашып, киімдерін желпісіп, бір көтеріліп қалды. Тойға шақырылған екі-үш рулы ел төбе басына екі жарылып отырды. Желең шапанның түймесін ағытып жіберіп, бөрікті шекеге қисайта киген пысық жігіттер екі жағынан да шығып, той мерекесін өткізудің тәртібін кеңесіп жатты: алдымен бәйгенің аттары жіберілді. Аттың шабатын межесі — Алакөлдің арғы белесіндегі керуен өтетін қара жол болады.
— Ay, қара жолдың осы арадан он бес шақырым екенін білесіңдер ме?.. Мына ыстықтан ат жазым болмай ма? — деп шаруашылық айтқандар болып еді.
— Шаппай бәйге алайын деп пе едің? Он бес шақырымсыз аттың бауыры жазылмайды, одан да әрі созу керек, — деп атына сенгендер киіп кетті.
Сақадай іріктелініп бауырынан жараған жиырма ат шықты. Бәрі де мырза мен пысықтардың бір-бір қызға балап жүрген жүйріктері. Он бес-он алтыдағы балалар бастарына ақ орамал байлап алып, жүйріктің басын шұлғыта түсіп, жеке топтың қатарына қосылып жатты. Ат иелері балалардың соңынан қалмай:
— Әйтеуір, қарағым, қамшы сала көрме?
— Басы қаттылау болатын, алып кетіп жүрмесін.
— Қапелімде тежей шапқайсың...
— Қара көрінсе, айналсоқтайтын мінезі болушы еді, абайла, абайла!.. деп әрқайсысы өзінше тапсырысты жаудырып жатты.
Атты бастап барып межелі жерден жіберуші Садықбек деген сары жігіт. Ол қарны кебежедей бір көк атқа мініп ауырлап-ауырлап жіберді. Кейінгі жұрттың ақтық тапсырысын тыңдап үлгірместен, ол бәйгенің атын ала жөнелді. Ауыздығымен алысып тұрған аттар үзеңгі қағысып, артында сыбдыр білінсе, сырыла түсіп, кейбір балалар қос қолдап тартып атының басымен болып бүлініп келеді. Аттың екпіні тынық ауаны қозғады. Алдан самал жел есті. Күйген дене салқын тартып, жайланғандай болды. Жиырма атты он-оннан екі жағына бөліп жүргізіп, өзі ортасында команда беретін адам құсап жүріп, көңілі көтеріліп, Садықбек тасып келеді. Алакөлдің бергі құлағында отырған қалың ауылдың тұсынан өткенде, ауылдың қыз-келіншектері анадай шығып, самсай қарасып еді, көтеріліп келе жатқан жігітің одан жаман мастанып, дауысының жақсы-жаманына қарамастан ән шырқады...
Желе-шоқытып атқа он бес шақырым деген жер ме, ә дегенше болмай керуен өтетін қара жолға келіп қалды. Жол өтердегі кішкене шалшық судың басында кіре ағаштан көлеңке істеп, бір топ керуен жатыр екен, балалардың шөлдегендері содан барып су ішті. Көлеңкеде жатқан бір шал, жалаң аяқ, жалаң бас, қарнын тыр-тыр қасып күнге қарап сықсия қарап, аттарды көріп делебесі қозып тұр.
— Әй, жануар міне бір қара кері... Әй, шырағым, бұл кім дегеннің аты? — дейді шал.
Аттар демін алды-ау деген кезде Садықбек насыбайды ерінге алып, талтаң басып барып көк атына мінді. Ат үстінде тұрып айылын, тартпасын, құйысқанын түзеткен болды. Жиырма бала үзеңгі қағысып қатарға тізілді. Кейбір аттар шиыршық атып, ойнақшып төзбей тұр. Әскердің командирі құсап тізілген балалардың алдынан олай бір, былай бір Садықбек жүрді. Бір оралып, екінші орала берем дегенде, арт жақтарындағы белестің басына бір топ атты ойнап шыға келді. Садықбек тіксініп қарағанша болмай мылтық даусы гүр-рс... етті. Оқ зулап төбеден асты. Қызу аттар ыршып түсіп, ала-ақ жөнелді. Тақымы бос балалар ауып түсіп қала жаздап, ат жалын құшты. Мылтық дауысы үсті-үстіне сатырлаған кезде, балалардан ес кетіп, ерік аттардың өзіне тиді. Жауған оқтың астымен жиырма ат бетті той төбеге түзеді...
БЕСІНШІ ТАРАУ
Бәйге аты жіберілгеннен кейін, ойын тәртібі бойынша, күрес басталды. Екі жарылып отырған ел Дәмелі деген жігіттерін күреске шығарып жатыр. Бірен-саран күресіп үйренген жігіттер іркілмей-ақ шықса да, кейбіреулері атақты балуандар құсап:
— Осының өзін қойып едім, мені қыстамаңдар, — деп бәлденеді.
Оған жұрт одан жаман өшігіп, біреулері белбеу тауып әкеп, жерден көтеріп тұрғызып, зорлап әкеп балуандардың қатарына қосып жатыр. Қатқан қаралар, шикіл сары беттер, шекелері күнмен жалтырап, алдарында қарсы отырған жігіттерді көздері тесіп, «осының қайсысымен ұстассам екен? Қайсысы ыңғайлы болар екен?.. Әй, мына бір кеспелтек кара оңайлықпен алдырмас, шаптан тіреп жатып алатын қу болар...» деп, біріне-бірі өздерінше мін тағып отыр.
Күреске шыққандардың ішінде Имаш дейтін еңкек келген, денелі, қорасан дақты, қара бұжыр жігіт те бар еді. Бұл осы көрші ауылдағы Құсайын дейтін байдың малайы еді. Бұрын күреске шығып адам жыққаны көрінбесе де, Құсайын байдың Әбділда дейтін оқып жүрген баласы әңгіленіп:
— Ой, Имаш! Осы денеңмен бір адамды жыға алмасаң өл!.. Шық ары, бәлденбей, — деп жекіргені ғой.
Әбділда сияқты әрі оқыған, әрі елге «қадыры» бар мырзаның айтқанын жасауыл болып жүрген пысықтар орнына келтірмей қойып па, Имаштың ризалығын сұрамастан, басқалар сияқтандырып белбеу де бермей, бір қайысты беліне байлап беріп сүйрелеп ортаға әкелді де:
— Осыдан жығылып қал, сосын сенімен түссін ісім — деді, Қажен дейтін шақпақ бет қара.
Күрес басталды. Бас балуанға шыққан екі жігіт бірін-бірі жыға алмай көп алысты. Алып денелі сары жігіт маңдайынан тері бұршақтап, білек еті түйіліп, күшінің бәрін екі қолға жиып жіберіп, ап деп көтеріп тізесіне мінгізіп-ақ алса да қол тоқпақтай қара жігіт ұршығына үйіріліп, енді құлады-ау дегенше болмай табанымен жерге дік ете түседі.
— Ә, аруақ! Женекемнің аруағы! — деп, біреулер дауыстап жатыр...
Күрестің қызығы бәсеңси берген кезде бәйгеге шапқан құнан келді. Торы ала құнан мен көк құнан топтың шетіне жеткенше қатарын жаза алмады.
— Айда!.. Айда!..
— Аруақ!.. Аруақ!.. — деген дауыстар даланы басына көтерді.
Салт мініп тұрған бір жігіт төзіп тұра алмады білем қатарласа беріп торы ала құнанды шаужайдан ұстай жөнелгенде, жұртың жың, айқай-шу болды. Екінші бір жігіт жұртты тапай-мапай шауып, құнанның шаужайынан ұстаған жігітті дойыр қамшымен салып-салып жіберді. Бір кісілер жаяу екенін ұмытып жүгіремін деп, шауып келе жатқан құнанға қақтығып, құнан да құлады, құнанның үстіндегі бала да ұшып кетті... Қарақшының жаны опыр-топыр аттылы-жаяу адамдар, орынды-орынсыз сілтеп жүрген қамшы, кімге кімнің болысып жүргенін, кімді-кімнің ұрып жүргенін адам білуден қалды. Екі иінінен демалған бір жігіт екпіндетіп келіп алдындағы біреуге қамшыны басып өтіп еді, ол жалт бұрылып:
— Өй, әбілет! Мені ұрып... — деді.
Ұрған інісі, ұрылған ағасы болып шықты...
Басалқа айтушылар араға кіріп, жанжал басылды. Шекесі білеуленіп іскен, көз алды көгерген жігіттер болды. Кек сақтарлық үлкен қара жоқ, бірін-бірі ата-бабасынан бері сипап боқтап, ата-бабаларының кемшілігін, құлдығын қазысып сонымен өші алынғандай, шу біртіндеп басылды...
Аяқсыраған ойын қайта жалғанды. Ұзақ бәйгінің аты келгенше деп, «тоқ бәйгеге» ат қоспақшы болысты.
— Осынымның бір шабарлығы болса керек еді,— деп біреулер қарны кебежедей тоқ аттарын қоспақшы болып, ер-тоқымын сыпырып, асығып, ыңғайлап жатыр.
Матаулы көп аттың ішінде екі жігіт жанжалдасып жүр:
— Қой деймін, ой!.. Бәйгеңнің керегі жоқ. Жалғыз атты жазым қылып алсам, сорлағаным ғой... Ертең өзім қалаға барғалы отырмын, — деп ат иесі тізгінін мықтап ұстап, кесіп алмасаң қолын босататын емес.
— Ит-ау, нең кетеді! Осы тұрған «көтен моладан» шабады... алдымен келсе ғой, бәйгесін аласың, — деп ана жігіт өршеленеді.
«Тоқ бәйгеге» 40-50 ат шықты. Олар топтанып ылдиға түсе берген, Алакөл жақ белестен бірер қара қылтиды.
— Ат келеді, ат!..
Сүйткенше болмай, әлгі қараның арт жағы жапа-тармағай аңдағай көрінді. Ат саны жиырма болса, мына қараның саны жүзден де артық көрінді. Жұрт аңдап, біреулері аттың үстіне шығып, біреулері арбаға шығып көздерімен тесіп барады.
— Батыр-ау, бұ не?
— Бәйгенің аты емес, жайылған жылқы шығар?..
— Ау, Құсекеңнің өрістегі түйесі болып жүрмесін?!.
Көз ұшында бұлдыраған қара бүкіл белесті жалпағынан алып, осы топқа қарай ойысты. Әлгіден көрі жақындаған тәрізденді. Сүйткенше болмай, қараның да арты бөлініп әлгіден көрі шоғырланып, ылдидағы ауылға жақындай беріп тоқтаған сияқтанды.
— Ау, солдат болмасын!
— Дуандағы ақтың әскерлері қашып жатыр деген...
— Өй, жағыңнан алсын!
Жұрт демін ішіне тартып, бір жұмбаққа кездескендей боп тына қалды.
Бір мезгілде — күрс... етті. Батыр-бұтыр мылтық дауысы, бұрқыраған түтін... түтін «тоқ бәйгенің» адамдарына қарай шығып, олар жалт беріп кейінгі топқа жапа-тармағай шапқанда, біреулердің аты құлай, біреулердің аты ойнап шыға берді; біреулер ат-матымен құлаған сияқтанды...
Аллалаған, шулаған жұрт, жылаған қатын-бала, ың-жың боп сапырылысып, ойпаң-тойпаң болған кезде, сатырлаған мылтық дауысымен қоса, пырылдап ұшқан сары ала секірткедей боп, оқ зулап өтіп жатты. Жұрт бірін-бірі тапап, біріне-бірі тығылып жерге жабысты. Біреулер басын шапанымен, біреулер қолымен қымтап, бүркеген болып жатты. Бірер минуттың ішінде қосақталған, байлап-маталған аттар бет-бетіне қашып, төбенің басында жусаған қойдай боп, жер бауырлаған адамдар ғана қалған еді...
ОН ҮШІНШІ ТАРАУ
Кең жазықтың өлкесі жаздың бас кезінде шалғынмен көміліп, жерінің беті айнадай теп-тегіс, тусырап жатқан соны жер тәрізді еді. Жаз шыққалы бұл жерге мал да жайылған емес. Жалғыз-ақ іннен басын қылтыңдатқан суыр, бірен-саран дуадақтар ғана мекендейтін еді. Кейде жауыр торының иығында жарбиып, қақпан салып бірен-саран аңшылар ғана жүрер еді.
Июль айынан бастап Кең жазықтың шалғынына орақ салынды. Машинамен бел орақ жарысқа түскендей болды. Аз күн қымыз ішіп, көбең атша көмпиген бозбаланың маңдайынан ащы тері шұбырды. Кең жазықтың ауасы ала-пұла тынба-тынық ыстық; маса, сонна дегеннің бұл жер ежелгі ұясы. Шөбі шабылып, жер беті кебенмен қыбырласа, бұл өлкенің ауасы бірден өзгерген секілденіп, жұмыста жүргендер еркін дем алғандай болады.
Кең жазықтың тап осы кезін аңдығандай — сонау аңғардағы Қоржын томарға ел көшіп қонады. Сағыммен бөленген ауылдың елесі — қымызды сағынғандардың талайын тамсандырады. Жұмысты тастап ауылға баруға болмайды, әр жұмыстың мерзімді уақыты бар: бұлар — шөпті бітіре салып, егінге орақ салуға асығып жатқандар; егінді жиып бола бергенде, сол егінжайға — сонау ел тағы көшіп барады. Шынында бұлар — жаудың бетін қайырып, кейінгі елге жол ашып отыратын — соғыс майданындағы әскердің алдыңғы озғыншысы тәрізді.
Басқа малдардан гөрі — кебен арасын тіміскеуге қой малы үйір-ақ. Бір қора қойды кебен арасына қаптатып, балдақпен секеңдеп ақсақ қойшы Уақас жүреді. Аспан айналып жерге түссе де, ауа өзгерісімен мұның жұмысы жоқ секілді: жүні сыртына айналған жарғақ тон, балдақпен секіргенде — етегі жалбаңдап, мұның үстінен өмірге түскен емес. Алыстан қарағанда мұның түрі — қойшыдан гөрі — өлі жүні үстінен түспеген тырайған арық саулық секілді; кейде қой ішіне жарбитып қағып қойған қарақшы секілді боп та көрінеді. Уақастың осы түрін қой екеш қой да сезгендей боп, оның арбаңдаған кескінсіз түрінен шошынып үркуінді білмейді.
Кебен арасына қой жайса, Уақастың жылтыңдаған көзі сол көп шөпшінің арасынан әлдекімді іздегендей, соны тапқанша ынтыққан адамның пішінінде болады. Іздегені інісі: — ол осы шөпшінің ішінде. Ағайынды екеу. Мұның түрі мынау: кейде ауру, кейде cay; ұзақты күн қой соңында шоқаңдаймын деп, ауру аяғы қақсап, түн бойы сарнап ұйқы көрмейді. Бар үміт — інісінде: ол қыс бойы орыс школында оқу оқиды да, жаз жалданып шөп шабады, егін орады. Тапқанын тең бөліп, жартысын өз керегіне жаратса, қалғанын мына ақсақ ағасына береді. Кәрі кемпір шешесі көрінгеннің есігінде кір жуып, мал сауумен жүреді. Өмір түрі осы. Үміт еткен інісін оқта-санда бір көрмесе, Уақастың шері тарқамайтын секілді. Кең жазықтың маңына ел көшіп келгелі қойын осылай қарай қаптатып, күн сайын келе беретіні де осыдан. Келген сайын інісін құр ғана көріп қоймай, шешесінің атынан бірер «сәлемдеме» де ала келеді. Онысы — не кепкен ірімшік, не қаймаққа былғаған сөк болады. Ағалы-інілі екеуі арасындағы туысқандық сүйіспеншілігін осы секілді болымсыз нәрсемен өздерінше нығайта түскен секілденеді.
Кең жазықтың бір көгалында жарлауланған шалғынды бел орақпен төңкеріп түсіріп екі жігіт жүр. Мұның бірі — шағын денелі сары жігіт. Бұл — жоғарғы той болатындағы бәйгеге шыққан атты бастайтын — Садықбек дейтін жігіт еді. Бұл жігіттегі өзгешілік — мінезінің құбылмалылығы: кейде қабағы жабылып, жауар күндей тұнжыраса, ә дегенше болмай күндей күлімдеп, кең даланы басына көтеріп барылдап өлең айтып тұрғанын көресің. Өлеңі де тым құнарлы емес:
«Деген соң бел орағым, бел орағым,
Шалғынды төңкерейік кел орағым!
Сұлу қыздай белінен орай түсіп —
Сілтесем, жүйрік аттай жел орағым!..»
деген секілді. Жаман болсын, жақсы болсын — өзіне керек өлеңді үйлестіріп аларлық өнері бар. Садықбек тұнжырап ойға шомды десе-ақ бірер өлең шығаруға азаптанғандығы белгілі тұрады. Шығарып болады да, ораққа сүйеніп, артына бұрылады:
— Зарып-ау Зарып, өлең айтқым келіп тұрғаны...
Зарып дейтін — кішкене көз, қара домалақ бала. Жиырманы қусырған жасы бар. Пішіні тым салмақты. Ойын-күлкі, сауықтан мақрұм өскен жас өмірдің қайғы ізі бет әлпетінде айқын көрініп тұрған секілді. Оқтын-оқтын ернін қымқыра түседі; бұл «қымқыруы» әлдеқалай емес, іштегі ызаның сыртқа теуіп тістендіргені іспетті. Садықбектің өлеңін шын тыңдаған адамның түріне кіреді. Өлең түрін айырарлық жәйі бар, осы шөп шауып жүргеннің өзінде де — Пушкин, Лермонтов сияқты орыс ақындарының кітабы мұның қосынан табылады. Бірақ, Садықбектің өлеңін тыңдаса да, «жақсы — жаман» деп баға берген емес; үйткені — құлағы Садықбектің өлеңін тыңдағанмен, көзі — маңының бәрін шолып, сол минуттегі маңында болып жатқан көріністердің әрқайсысына әртүрлі маңыз беріп тұрған адамның пішінінде.
Соңғы әзірде кебен арасына жайылған қойға бұл көбірек қарайтын болды. Қойға емес-ау, балдақты «ақсақ қойшыға» көбірек қарайды. «Ақсақ қойшы» — мұның туған ағасы. «Ақсақ қойшының» аңсап іздейтіні де міне осы Зарып.
... Бесін әлетінде қойын қақтатып «ақсақ қойшы» Уақас — бұлардың қасына келді.
— Е, Уақас, тағы не әкелдің?.. Шығаршы, қане, қойныңнан! — деді Садықбек күліп.
Уақас қойшы қойнынан шүберекке ораулы бір зат шығарды, бұл шала мүжілген қойдың мойын омыртқасы, ішек-қарын сияқты құнарсыз тамақ еді.
— Қонақ келіп пе еді байдың үйіне? Тоқты сойылған ғой, сірә!.. — деді Садықбек.
Келген қонақтың жәйін Уақас тым қорқынышты ғып айтты. Бұл — Жұрымбайды таяққа жығатын ақтың отрядының хабары еді. Зарып бала бұл хабарды есіткенде — мүжіп отырған омыртқаның қолынан қалай түсіп кеткенін білмеді.
— Ба-ба-ба... Құдайдан безгендердің ісін-ай!.. — деді Садықбек.
Осыны айтты да, өзі әлденеге Зарыптың бетіне қарады. Зарыптың бет әлпеті кенет қуқылданып, төменгі ерні қымқырыла түсіпті. Мұндайда бұл үндемейді; үндесе, Садықбек секілді ойынды-шынды араластырып «ба-ба-ба» деп тұрмайды, есіткен адамның құлағын түргізгендей ғып оқиғаның түпкі тамырын қопара сөйлейді. Жылтыраған кішкене көзді жыпылық атқан кірпігі әлсін-әлі көміп кете береді; жылағалы отырған жоқ. Жұрымбай мұның тумаласы емес. Өйткенмен әлдеқайдан қайнап шыққан ызалы кек ішті өртеп, жүректі алқындырып, ауызға тығып тұрған секілді еді.
...Той үстіндегі оқиғаны Зарып өз көзімен көрген жоқ-ты, онда бұл қырғы жұмыста еді. Артынан елге келгенде — Боқбасардың үйіне әдейі барған-ды. Есігінен қараған адамның бәрін шаншу көріп отырған Дәметкен кемпір Зарыптың барғанына онша тітіркенбеп еді. Зарыптың шешесі мен Дәметкен бір елдің қызы ғой, көңілдес жақындықтары бар. Сондықтан Зарыпты көргенде Дәметкен: «осындай сұмдыққа ұшырадық!» — деп, мұңын шаққан адамдай боп, егіліп жылап еді. Дәметкендегі үнсіз зардың ұшқыны тас жүректі де жібітерлік еді. Зарып жылап жібере жаздап, өзін-өзі зорға ұстап еді. Ырымкүл төсекте — ірге жаққа қараумен жатыр еді. Жұлып бара жатқан ауруы болмаса да, «кісіге қарар бетім жоқ» деген күйіктің зардабы сыртқа тепкендей — сол жатысының өзінен сөзсіз сезіліп тұр еді... Зарыптың келгенін сезгендей боп, Ырымкүл бұрылып қарап еді: бет-аузы көгілдір, қан-сөл жоқ сұп-сұр; көп жылаған адамдай көзінің алды күлтілдеген ісік. Сонау оқиғадан кейін кісі бетіне Ырымкүлдің туралап қарағаны осы шығар... Қарауы тым ауыр сезіліп еді: өкпе, наз, аянышты мұңдық пішін бәрі араласып жатқандай еді. Бір кезде бәрі бірге ойнап өскен балалар ғой. Бала кезде Ырымкүл мұны ойнап «қортық» деп мазақтайтын. Сол «қортығы» осы Зарып. Бері келе Зарып елде сирек болды. Өткен қыс демалыста ауылға келгенінде осы Ырымкүл мен Зарып бір «қыз ойнақта» кездесіп еді. Сөз арасында Ырымкүл әзілдеп:
— Жігіт боп қалыпсың ғой! — деп еді.
— Сен — бой жеткен қыз боп қалыпсың! — деп Зарып та күліп еді.
Замандастық түрі осы еді. Бірақ, осы замандастықтарын өздері ашып айтпағанмен, «елжіресіп сүйіскендеріңнен» әлдеқайда бағалы түрде еді.
...Жұрымбайдың таяққа жығылған хабарын есіткенде — Зарыптың көз алдынан осы сурет тағы бір шұбырып өтті. Мүсәпірлік күй деген осы: осыны естіп отырса да қол ұшын беріп, көмектесетін дәрмен Зарыпта жоқ! Құр тілектестіктен не шықпақ? Зарыптың зығырының қайнайтыны содан ғой.
Ақтың әскерінің қолынан таяққа жығылған Жұрымбайға Бекібай шалдың шын жаны ашып болысқанын, Жұрымбайдың үйін өз аулына көшіріп алғандығын есіткенде — Зарыптың бет әлпетіне аздап қан жүгіргендей болды.
— Дұрыс істеген екен! — деді...
Садықбек орақ шындап отыр. Жан шошындырарлық ауыр хабарды бірер минуттың ішінде ұмытып үлгіріп, енді ол өзінің дағдылы қалпына келген секілді. Балғасының шақылдаған дауысы басқанікінен бөлек: бірер әннің ырғағына салынып ұрылып отырған тәрізді. Ыңылдап өлең айтады.
«Мінгенім көп алдына құла керім.
Шығармас құла керім қызбай терін.
Қабағы күлімдегені кел дегені.
Қалқаның ұстай түстім қыпша белін...»
Өлеңін айтады да, «есіттің бе?» дегендей боп Зарыпқа бұрылады. Зарыптың ойы «қалқада» емес, басқада: Бекібай шалдың Жұрымбайға болысқан оқиғасы Зарыпты тым терең ойландырды. «Кедей — тамағының тойғанына мәз» — деген кейбіреулердің қисыны бұған мықты қайшы. Құсайын байдың жау көрген адамына қорғаншылық істеген Бекібай шал, енді бұдан былай тамақ үшін соның босағасын аттар ма?
Зарыптардың оқып жүрген школында үш учитель болды, екеуі орыс еді де, біреуі қазақ еді. Қазақ учитель — Шыбынбаев дейтін адырақ көз қара жігіт еді. Орынбор семинариясын бітірген білімі бар еді. Барып тұрған ұлтшыл еді: әлгі орыс учительдерімен жоқ нәрсе үшін-ақ ызғысып, дау көтерумен болатын еді; қазақ балаларына ұлтшылдық рухты сіңдірем, өз маңына жиямын деп әуреленетін еді. Артынша Уездік «Алашордаға» сайланып, сонда кетті. Кеткені жақсы болды, қазақ балаларының сенімділерін іріктеп алып, әлгі орыс учительдің бірі саяси кружок ашты. Оның ішінде Зарып та болды. Кружок сабағы күңгірт мәселелердің көбін балаларға ашып бергендей еді. Әсіресе, азамат соғысының таптық маңызы жөнінде бірнеше лекциялар оқылды. Сол кружокта Зарыптармен бірге болған Шайман дейтін бала кружок сабағынан шыға беріп учительдің лекциясын тәлкек қылатын еді: «Қазақ ауылын тап жігіне бөлгізіп көрер еді осыған...» — деп. Мына Жұрымбай оқиғасындағы ауылдың жіктеліп шыға келуі Шайман баланың жоғарғы тәлкегін талқандарлық дәлел еді...
Зарып осыны ойлай келіп, ауыр күрсінді:
— Солай керек еді... Дұрыс істеген екен! — деді тағы.
Орақ шыңдап Садықбек кенет тоқтап, басын көтерді. Әлдеқайда біреудің құлындай шыңғырған дауысы естілді. Зарып та орнынан ұшып тұрды. Қаптаған қой көгалдың сонау күн батыс жағындағы шалғынға кіріпті. Қалың шалғыннан ешкінің қақиған мүйізі, қойлардың ағараңдаған жоны болар-болмас қана көрінеді. Салт мінген біреу атын тебіне ұмтылып, қамшыны үйіріп жүр. Ат бауырында секеңдеп біреу жүр; бұл — балдақты қойшы Уақас еді. Шыңғырған дауыс соныкі. Зарып не істерін білмегендей бірер секунд қатты да тұрды.
— Өй... Ұмтылсайшы!... Өлтірді ғой ана сорлыны! — деді Садықбек.
Зарыптың қолына бел орақ түсті. Аяғы жерге анда-санда бір тигендей болды. Алқына жүгіріп бұл жақындағанша болмай, Уақас қойшы — аттың омырауы қақты ма, әлде таяғына оралды ма — омақата құлады. Салт кісі атының басын тартып тоқтады. Көзі — Зарыпта, Зарыптың қолындағы бел орақта: «Ал, істей ғой істейтініңді, көріп алайын!» деген адамның кескіні. Зарып төніп келіп, орақты сілтей берем дегенде, біреу сырт жағынан келіп қолын ұстады. Зарыптың құлағына сыбырлады:
— Құтырдың ба?.. Итқұлы екенін көрмей тұрмысың?... — деді.
Ат үстіндегі Итқұлы еді. Семіз торы ат ентігіп, демін танаудан будақ-будақ шығарып, тыпыршиды; Итқұлы да демін екі иіннен алып, ұрынуға қара таба алмай тұрған адамның келбетінде.
Дегенмен Зарыптың ашулы түрін көргенде — Итқұлының еті түршігейін деді. Бұл баланы мұндай боп шығады деген жоқ еді-ау. Зарыптың әкесі Жәмпейіс дейтін кісі Құсайын байдың құлақ кесті құлы есебіндегі адам еді. Одан туған Уақас пен Зарып — Құсайын байдың «мәңгілік малайлары» екенінде ешкімнің дауы жоқ секілді еді. Солай болды да: Уақас ақсақ 15 жасынан бері қой соңында келеді. Аяғының ақсақтығы болмаса, малға өте күтімді. Ал, Зарып олай болмады: кішкентайынан сабақты айналдырды. Осы елдегі ауылдық школдың учителі Ғалымжан деген кісі осы Зарыпты бауыр тартып (аталас еді), жастайынан оқытып, екі класты орыс школына орналастырып отырған да сол. Зарыптың әзір бұзып-жарып кеткен ешнәрсесі жоқ. Дегенмен, қалпындағы салқындық, терең сырды ішіне бүккендей ызғарлы пішіні — Итқұлы сияқтыларға онша ұнамды емес. Жаз оқудан елге келгенде екі-үш ай кісі есігіне жалданып жұмыс істей жүріп, Құсайынға бір жалданған емес-ау! Итқұлы ақсақалдық жөнімен мына «ақсақ қойшыға» әлденеше рет ескертті; «інің басқаға жалданбасын, өзіміздің байдың жұмысын істесін» — деп. Итқұлының айтқанын істеп осы ақсақ інісін әлі бір көндіріп көрген емес. Бұл ақсақ па!..
Бүгін ақсақ қойшыны аттың бауырына алып сабағанда — Итқұлы осының кегін алайын деген жоқ. Қойды шабынға жайдың — деп те ашуланған жоқ. Мұның түпкі себебі басқада жатыр еді. «Алашорда» үкіметі құрылғанда — соның елдегі «құрметті мүшесі» боп Әбділда студент сайланды. «Алаштың» ішкі жұмысына араласпағанмен, елде жатқанмен, бұл соның мықты тірегі есебінде еді. Бір рет үлкен жәрмеңке боп Алаш пайдасына «сауық кешін» ұйыстырып, көп жәрдем жиып берді. Сауық кешінің отчетын сол кездегі «Қазақ», «Сарыарқа» газеттеріне жариялап, елдегі атақты бай-мырзалардың «Алаш» үшін «жанын пида ететіндігін» әшкерелеп берді. Бұл онша үлкен де емес еді. Әбділданың атқарған қызметі осы ғана болса, оны алаштың тірегі еді деп дәріптеуіміз орынды болмас еді. Әбділда қызметті астыртын атқарды: ел ішінде өлке бойындағы қалың поселкелерде большевик қозғалысының қай түрде өріс алғандығын бақылап, тиісті жеріне жеткізіп тұратын еді. Поселкелерден құрылған партизан отрядтары не түрлі қиындыққа кездессе, соның көбі осының сілтеуімен болып отырған жұмыс еді:
Ауыл кедейлерінің байға наразылығының күшті екендігін Әбділда жақсы біледі. Бірақ осы наразылықтың большевик қозғалысына қалай барып ұштасатыны бұған күңгірт еді. Елге үгіт жүргізуші де, кедейді ұйыстырушы да — осы елдің өз ішінен шығу керек. Сонда солар кім болмақ? Әбділда бірнеше адамдарды айрықша бақылауға алып, астыртын зерттеп көрді. Секем алғандай мінез ешқайсысынан сезілмеді. Сондықтан қолда күштің барында сезікті адамдарының бірнешеуіне қақпан салып көрмек болды. Имаш әңгімесі осымен басталып еді. Имашқа қорған секілденіп Жұрымбай шықты. Жұрымбайды қысымға түсіріп еді, жұлқынып Бекібай шал шықты. Бекібайдың жұлқынуынан келіп Әбділда жіптің осы ұшын тапты. Ендігі бір керекті адам — Зарып бала. Мұның өз басы ғана емес, осы Зарыпты жастан тәрбиелеп өсірген Ғалымжан учитель — ешнәрсемен жұмысы жоқ адам секілденіп үйінде бұғумен жатыр. Оқыған адамның қалпын істеп Әбділдаларға үйірілуінді білмейді. «Алаш» ұранына оқығандардың көбі үн қосып жатқанда да, Ғалымжан үндеместен қалды. Неғып бұл ешнәрсені сезбейтін, елемейтін болды?
Міне, Уақасқа тиген осының ұшқыны. «Өзіме тиістіні істедім» дегендей боп Итқұлы ат үстінде мардамси тұрды. Енді осыдан шығатын қорытындыны байқау керек: кім, не айтар екен? Кең жазықтың өлкесін алып жатқан қалың шөп бұған қалай қарар екен? Итқұлының көптен көз тіккені де осы топ еді-ау...
Әуес көрген секілденіп шөпшілер андап жиыла қалды. Бірсыпырасы — ат үстіндегі Итқұлыға да жуымай, құлап жатқан Уақасқа да жуымай, үрпиісіп анадай жерде тұрды. Уақасты Садықбек сүйеп тұрғызды: балдағы ортасынан омырылыпты; оң жақ бетімен жерді сүзе құлаған екен, бет терісі сыпырылып, қызыл қан жосып ағып тұр.
Итқұлының тұрысына бірсыпыра қадала қарап, Зарып Уақасқа бұрылды. Итқұлының қияңқылық түрін Зарып сезе алды. Жалғыз Итқұлыны жеңгенмен де, Зарыптың кегі бітпейді. Кек түбі тым тереңде жатыр. Зарыптың өзін-өзі ұстай білгені осыдан. Бұдан гөрі де ұшқалақтыққа салынбай, болған оқиғаның егжей-тегжейін білетін салмақты пішіні себеп болды.
Үрпиіп тұрған шөпшілер Зарып пен Уақастың маңына топтанды. Мүсіркеген сөз ешқайсысының аузынан шықпағанмен, тұнжыраған пішіндері ішкі наразылықты сыртқа еріксіз шығарып тұрғандай еді.
— Қайырыңдар ана қойды!.. Бүлдіртпеңдер бәйекті! — деп, Итқұлы Зарып тұрған жаққа қарап барқ етті.
Шақшиған ала көзі бұрынғысынан көрі де алара түсіп, шалғын ішіндегі қойларға қадалды да тұрды. Қойға емес-ау, сол қойды қайырып, иіріп, шалғыннан шығарып жүрген Дайырбекке қадалды: ешкім жұмсамастан қойды қайырып, иіріп, шалғыннан шығарып келеді ол.
Итқұлы күрсінді. Дайырбек — Құсайынның есігінде жүрген көп малайдың бірі. Уақасқа жаны аши қалуын көрдің бе!.. Итқұлы қамшымен ымдап бір жігітті жанына шақырды. Домаланған сары жігіт қанден итше еркелеп, Итқұлының үзеңгісін ұстай тұрды. Итқұлы басын төмен бүкті:
— Имаштың бұл маңға келгені сезілмеді ме?..
— Жоқ.
— Құлағында болсын: сұрастыр!.. Анықта!.. Сосын...
Итқұлы Зарыптарға қарай түсіп, әлгі жігітті оңашарақ алып шықты:
— Аналардың ішінде бол. Кім не айтар екен, бір түгін түсірмей маған жеткізерсің...
Осыны айтып Итқұлы өзен жаққа беттеді.
ОН ТӨРТІНШІ ТАРАУ
Әлдеқайда — көкжиегін белдеулеген қара бұлт өз інінен өзі көтеріле қомақтала келіп, күнбатыс жақты тегіс қаптады. Күркіреген даусы асқар тауды сілкілеп аударғандай, әлдекімдерде өші боп, сол өшін алу үшін аянбай сілкінген іспетті еді. Бұлтты тілген найзағайы — батырлардың жырындағы «аспаһанның қылышынша» жарқылдап, діншілдердің талайына дұғасын еріксіз оқытқандай еді. «Әлем жүзіне шашатын ақтық нұрым осы болды-ау!» дегендей боп, күн көзі шарбы бұлттан сығыраңдап қарап аз тұрды да, түйліккен қара бұлттың құшағына кірді. Жер бетіне қою қараңғылықтың шымылдығы жайылды. Жел екіленіп біресе оңнан, біресе солдан соғып, ақырында бұ да белгісіз бір ірі жұмысқа әзірлену үшін әл жиып алайын дегендей боп, тына қалды. Ауыл адамдары үйлерінен өре шығып, бұлт сыңайын, жел ыңғайын байқайын дегендей — әлдеқайда қадалып қараумен болды. Түнерген бұлттың түрі тым қорқынышты: түпсіз қараңғылық әлем жүзін тегіс көміп, «қиямет қайым» ә дегенше болғалы тұрған секілді. Мұндайда бәпелеп отырған киіз үйдің баспана болуға жарамағаны-ақ жаман. «Ұшарын жел, қонарын сай білген» осы киіз үй... Әлдеқайда — ауыл шетінде тоқылдап бір тоқпақтың дауысы шығып еді, ауыл адамдарының бәрі де тап осыны күтіп тұрғандай боп тоқпаққа жабысты. Үй үстіне арқан тасталды. Пысық әйелдер үйген тезекті жиып, жапты. Салақ әйелдер тезектің керегін тап сол минутте сезгендей боп, жалма-жан қапшық арқалап, қабыл-құбыл тезек терген болды. «Күн жарқылдағанда — жайдың оғын тартады-мыс» деп бірер кемпір самауыр, шылапшын сияқты жез ыдыстарын шидің ішіне тасалай жинап, үстін дастарқанмен жапты... Түнерген бұлт осы елден өш алуға әзірленген секілді де, бұлар соған көнбейміз деп өздерінше қам істеп жатқандардың түрінде еді.
Бұл — «Қоржынтомардың» қыратында отырған Құсайын байдың ауылы еді. Өзіне қараған малай-қоңсыларымен бірөңкей жеті-сегіз үй боп Құсайын отыр. Қалған оншақты үйді маңына жиып, «осыларға мен тірекпін» деген секілденіп, томардың күншығыс жағында Жұмасейіт қажы отыр. «Ауыл адамдары» дегеніміз кілең қыз-қырқын, әйелдер. Еркектердің бірсыпырасы жұмыста, бірсыпырасы ат үстінде — әңгіме соңында, Құсайын байдың өзі де үйде жоқ. Кәтима бәйбіше — бұғағы салбырап, май басқан беті төңкерген табақ секілденіп, сол баттиған беттің ортасынан мұрнының ұшы ғана қылтиғандай боп, ырғала басып, ақ үйді орады. Үйінің кигізін оңдаған болды. Бауларын ұстап қарады. Көзі еріксіз томар басына бұрылды: томар басында — таяқты кеудесіне тіреп Жұмасейіт қажы тұр. Оның да көзі осы жақта секілді. Кәтима бәйбішенің ойына әлденелер түскендей боп, күрсінді. Әлденеге күлімсіреді. Бүгін бай да үйде жоқ-ау... Жарқ еткен найзағай бәйбішенің бетін тіліп өткендей боп, ол аузын күбірлетіп дұға оқыды. Әйткенмен, көз шіркін өз дегенін істеп, сонау томар басындағы қажыдан айырылар емес.
Қажының қара тоқалы — жағына пышақ жанығандай арық пішінді адам. Қаз мойынды болғандықтан ба екен, сол кісінің күре тамыры, әлденеге білеуленіп көрініп тұрады. Бір аяғының нақырты бар, сонысын білгізбеймін деп жүргенде аяғын жорғалап басады. Сонда да мұны ауыл әйелдері сырттан «ақсақ қатын» деп тілдеумен болады... Осы қара тоқал тоқпақты қолға алғанда — дүниені жапырып жібергендей боп құшырланса да, екі-үш сілтегеннен кейін алқынып, тоқпаққа сүйеніп тұрып қалды. Бұған қарағанда — Нағиманың жастығы ма екен, әлде, қайраты басым ба, екі-үш жерден қазық қағып, отауына арқан салып, бастырып та үлгірді. Қандай жұмысқа болса да Нағима түсірімді-ақ. Және жұмыс істеген әйелдей алқы-салқы боп жүрмейді, бойы-басы күтімді, сып-сыпа ғана.
Тоқпаққа сүйеніп тұрған қара тоқалдың көзі Нағиманы жеумен болды. Осы екеуінің бірінде «енелік», бірінде «келіндік» жоқ, сөзбен шайнасып, беттері ашылып болған адамдар. Нағиманы қорлыққа салу үшін бұл тоқалдың істемегені бар ма! Үй түйтігінің бәрін жалғыз Нағимаға істету үшін ең арғысы қызметкер әйел де алғызбай отыр. Өштіктің басы тоқалдың «жүрісінен» туып еді: Нағима бір рет соны сезіп қалды да, ішіне сақтай алмай, бірер абысынына сыр ғып айтты. Сыр — сыртқа шашылды. Тоқалға онымен түк те болған жоқ, жазаны Нағиманың өзі тартты: тоқалдың шағыстыруымен Нұрғали мырза Нағиманы екі күннің бірінде ұратын болды. Бірақ бұл Нагиманы шіміркендіріп ашындырмаса, қажытпады. Тоқалдан болсын, Нұрғалидан болсын, осының кегін қалай аламын? —дегендей боп, Нағима ауыр ойларға бататын еді.
Қара тоқал Нағимаға қарай түсіп аз тұрды да:
— Әй, немді бітіріп тұрсың?
— Өзің немді бітіріп тұрсың?
— Ой бетпақ!.. Ой бетің тілінгір!
— Өзіңнің бетің тілінсін!
— Бәтір-ау, мына салдақы...
Қара тоқалды ашу буып, түсі көгілдірленді. Әлденені айтқысы келгендей — ерні жыбырлады. Тоқпақты жерден бір көтеріп, бір қойды.
— Бейі әкел тоқпақты, — деді біреу.
Бұл — Сақау Досмағамбет деген кісі. Қажымен аталас — арасы бес ата. Қара тоқалды «жеңеше» дейді. Тоқал оны «Төрежан» дейді. Тоқал сияқты Нағимамен өш адамның бірі осы.
— Кейбез кейін не айтты жаңа?
— Бүгін түнде келсін деді саған... Күтемін деді...
— Қой-ау...
Тоқпаққа сүйеніп Досмағамбет тұрды. Тоқалдың беті күлім қақты.
— Өзің айтшы, өзің! — деді Досмағамбет.
Тоқал оны шынтақпен қақты:
— Ақырын... Қажы келе жатыр, — деп.
Жүкті әйелше шермиіп қажы келді. Бақа кісінің семіргенінен жексұрын не бар екен: көл бақаша тырбиып тұрғаны. Бет бітісінің өзі де тым сүйкімді емес. Иектегі қою қара сақалы, жан-жағын қырып текшелегеннен бе екен, қошқарға байлаған күйек секілденіп көрінеді. Аз ғана жер жүреді де, маңайымды бір шолып алайыншы дегендей боп, таяқты кеудесіне тірей тұрады. Сол күйі ұзақ тұрып қалатын да кезі болады. Сөзге тым сараң, тұнжырап ойлануы көп. Жұрт мұны: «дүниеден қол үзген, ақиретін ғана ойлайтын адам» — деп дәріптейді...
Қара тоқал қайқаңдап, қажының алдынан шықты. Көзқарасы «бүгін сені арбап бағайын» деген адамның түрі. Осыны сезе қалғандай боп қажы теріс бұрылды. Сонау көз ұшында түтінше бұрқыраған шаң. Қара қошқыл бұлт түрі бозаң тартты. Жел екілене соғып, шала бастырылған үйлердің кигізін қолпылдатты; түндігін жұлып әкетті. Ержеткен қыздар кербездікті тастап, бір жақ шекесіне таман қисайта киген төбетейді қолымен басты. Кең етекті көйлектер желмен желпілдеп, кейбір келіншектердің басына түріліп, ата-енесінің алдында ұятты қылғандай болды. Әсіресе, есік алдында тырбиып тұрған қажыны көріп, «осы ұялғаным да жетер» дегендей боп кейбіреуі үйлеріне кірді.
— Қажы-ау, кірсейші үйге! — деді қара тоқал.
— Е, үй құласа қайтем? Құтыла алмай жүр ме ең менен?
— Байғұс-ай, жоқты айтасың-ау...
Жауынның алды бұршақпен басталды да, жұртты үйге еріксіз қуып тықты. Түтеп соққан борандай боп жауды. Үй төбесінен тамшы сорғалады. Іргеден іркілген су жылтыңдады. Қыз-келіншектер ұялғанды былай қойып, мәсіні шешіп, балақты түрінді; кестелі етектер ышқырға қыстырылды. Ең арғысы қажы отағасы да — жүнді балағын жалаңаштап, үй ішінде жалаң аяқ жүріп, балалық өмірін еске түсіргендей болды.
Ұзамай жел бәсеңдеп жаңбыр саябырлады. Солтүстіктен «кемпірқосақ» көтеріліп қызылды-жасылды белбеумен көк жүзін орап буғандай болды. Бұлт төбеден ауып, жарқырап күннің көзі шықты. Ауыл іші қайтадан адаммен қайнады. Үй аралары көл-көсір су. Жерошақ біткендер суға шөпілдеп толыпты. Қайда судың мол жері болса, соны іздеп, шалпылдатып балалар жүр. Балалардан қалыспайын дегендей — тырбаңдап секіріп көлбақа аңдады. Өзінің түрі оңып тұрғандай, — қажының ұнатпайтын мақұлығы — осы көлбақа, аяғының астына келген біреуін таяғымен ырғытып:
— Шіркін... Не жоқ екен бұларға?.. — деді тыржиып.
Күн ұзаққа үйездеумен тұрған жылқы тым-тырақай жайылып өріске кетті. Желі басында үрпиген құлындар ғана. Нағима — белдемшесін байлап, шелегін көтеріп, бие саууға шықты. Құлағындағы үзбелі сырға күн көзіне жарқылдап бетіне соғып келеді. Ақшыл беті бұрынғыдан гөрі де жарқырай түскен секілді. Әшейінде түңілумен жүретін қабағы — нақ осы минутта әлденеге жазыла түскендей. Бұрқ-сарқ келген табиғат қандай жадырап, жайланса, бұ да сондай көңілді: нақ осы минутта кім кездессе де, ашық жүзбен сөйлесіп, жүрек сырын ақтарып, аптып беретін адамның пішінінде.
Әшейінде кез келген әйелді ертіп жүре беруші еді, бұл жолы өрістегі жылқыны жиып келетін адам керек болды. Осы сылтаумен Нағима әр үйдің есік алдынан өтіп, адам қарастырды. Шеткі жұлым үйдің есігінен қарағанда — төр алдындағы жалғыз абдыраға арқасын сүйеп, домбыраны дыңғылдатып отырған Құлтуманы көрді. Үйінде отырса, Құлтуманың қолынан домбыра түспейді, сабалап ұрады да отырады. Онысы не күйге, не әнге келмейді. Есіктен қараған Нағиманы көріп, Құлтума басын көтере түсті. Күңгірт тартқан жұлым үйдің ішіне есіктен қараған Нағиманың бет ажары айрықша бір сәуле шашып тұрғандай еді.
Нағима күлімсіреді:
— Шөпке кетем деген жоқ па ең?
— Шөпке ме? Шөпке... Жауын болатынын біліп бармадым, — деді Құлтума ыржаңдап.
Шынында да Құлтуманың шөпке шығамын деп әзірленгеніне айға жақын болды. Әлі үйінде. Төсек үстінде жүн иіріп отырған қара кемпір ұршығын тізесіне қойып:
— Әлдеқашан кететін еді, менің жібермей жүргенім ғой, — деді.
Осыны айтты да, қара кемпір күрсінді. Бөтен кісінің алдында көз ғып солай дейтін әдеті, әйтпесе, жайшылықта бұл кемпір: «жұртпен қатар кәсібіңді істе!» —деп Құлтумаға қақсайды да отырады.
— Жүр ендеше, бие саудыр, ертең шығарсың шөпке, — деді Нағима күлімсіреп.
Күтіп отырғаны осы секілденіп Құлтума тұра ұмтылды.
Ауыл әйелдері Нағиманың ажарға тәуірлігін, кербездігін, кісімен тез шүйіркелесе кететін ашықтығын күндейді. Нағиманың бір еркекпен оңаша сөйлескендігін көрді десе, өсекші ауыздар жыбырлай бастайды. Қара тоқалдың жұртқа Нағиманы танытуы солай. Бір үйде отырған енесі айтқан соң кім нанбасын. Мына Құлтумамен бірге бара жатқанын көргенде, бірер беттер тыржаңдап:
— Салдақы... Жаңа тапқан екен теңін!... —деді.
— Бәсе... Құлтума неғып ауылдан шықпай жүр десем?... — деп кейбір әйелдер терең сырды жаңа ұғынған адамдай бажырая қарады.
Құлтума мен Нағима қатар жүріп келеді. Аралары тым жақын. Құлтума алыстағандай болса, Нағима күлімсірей қарап, жақындай түседі. Күлімсіреген осы шырай кімді болса да сиқырлағандай-ау. Құлтуманың бойында қызулық. Алып ұшқан ойнақы ой — әлдеқайда тұманға ма, сағымға ма — көміліп, бұлдыр елес бергендей.
— ...Айтайын ба не ойлап келе жатқаныңды? —деді Нағима күлімсіреп.
— Айта ғой, — деді Құлтума қызараңдап.
— Айтпаймын... Қай бір еркек ең сен...
Осыны айтып Нағима тағы күлімсірей қарады. Құлтуманың беті өртше қызарып келеді. Екеуі бірсыпыра үнсіз жүріп отырды.
— Ойыңа бірдеме алып жүрме... Әшейін... Жақсы көргеннен айтам. Аңқаусың. Жұртқа күлкі болумен жүресің...
Осыны айтқанда — Нағиманың күлімсіреген шырайы кенет бұлтқа кірген күндей қоңырланды.
— Күлкі болма... Ешкім күле алмайтындай болсын! Күлгендерден өшіңді ала біл!..
Нағиманың осы сөзі Құлтумаға тым жақын, жан ашыр адамнан естілетін сөз секілденді. Құлтума бұл жолы Нағимаға салқын қанмен қарай алды. Нағиманың шырайындағы қоңырқай пішін — қараған адамды екінші ойға жетектегендей еді.
Құлтума жылқы жиып келуге кетті де, Нағима желі басында ұзағырақ отырып қалды. Жылқы жиып келгенше үйінде отырса да болатын еді, соны әдейі істемеді. Нағиманың осы отырысын өсекшілер мың саққа жүгіртеді. Мейлі, соларды сөйлету үшін Нағима осындайды әдейі істейді.
Томардың сонау сүйриген тұмсығында бірсыдырғы үйлер отыр. Үйлерінің сыртқы пішіні — ақты, қараны араластыра жамаған ескі шапанды көзге елестеткендей. Бойжеткен қыз сол ауылдан шығып, томарды жағалап, бері беттеді. Нағима танып отыр: Бұл — Жұмакүл еді. Кешегі оқиғадан кейін Жұмакүлдің үйі сол ауылға көшіп барды. Содан бері бір адам сол ауылдан бері аттаған емес. Ауыл арасында әшейінде бола беретін араздықтан гөрі — мұның түрі әлдеқайда бөлек. Көп заманнан бері бірігіп, бір ошақтың басы саналып келген осы екі ауыл — күні кешегі оқиғадан кейін атқұйрығын кесісіп, таза айырылысқан секілденді. Сонау ауылдың не ойлағандарын өздері білсін; Бекібай шал ашу шығарып, Жұрымбайдың үйін көшіріп әкеткеннен кейін, Нұрғалидың отауында отырып: Нұрғали, Әбділда, Молдаш, мұғалім, Итқұлы — бесеуі сол оқиғаға қорытынды істеген секілденіп, өзара кеңеске кірісті.
«Бұлар бетін көрсетті. Кімнің кім екенін таныдық. Енді өртті өршітпей сөндіруіміз керек!» — деді Әбділда студент.
Осы қорытындыны қолға ұстап Итқұлы Имаштың ізін аңдуға кетті. Нұрғали мен Әбділда елдің пысықтарының басын құрау үшін аттанды. Молдаш мұғалім — Әбділданың тапсырысымен қалаға жөнелді. Құсайын бай өлгенге бата оқуды сылтау ғып, Асамбаймен сөйлеспек боп жөнелді. Нағима осының бәрін өз құлағымен естіп, сезді. Әсіресе, Әбділдалардың тісін қайраған адамдары: Нұртай, Имаш, Зарып, Ғалымжан учитель; осыларды астыртын ауызбірлік істеп жүр деген қорытынды шығарылды. Не істемекші екен олар? Бұ адамдардың бәрін де Нағима жақсы біледі. Нұртай дейтін — Бекібай шалдың баласы ғой. Жас жағынан Нұрғалимен құрдас. Қазақ әдетінде құрдастан тату адам бар ма. Бірақ, сол «татулық» Нұрғали мен Нұртайдың арасында жоқ секілді. Нұртайды Нұрғали шақыртып алды. Тігін тігіп осы Нағиманың отауында сол Нұртай оншақты күн жатты. Мінезі қызық еді өзінің: құрдас деп әзілдесіп, артық сөз айту — Нұртайда болсайшы. Белі бүгіліп, көзі тігінінде, тұнжырайды да отырады. Ыңылдап өлең айтады. Құр ыңылдаған дауысы болмаса, өлеңі естілмейді. Сөз тарту үшін Нағима бір рет: — «Уа пәлі... Соға түс!»—деп еді.
Нұртай басын көтеріп, Нағимаға сәл қарай түсіп, жүзін аздап күлімсіретіп еді. Бірақ, бұл шын күлкінің түрі емес еді. Нұртайдың осы салқындығын Нағима неге жорырға білмей-ақ қойған. Нағима бір рет: — «Құрдас-ау, сен неге уһілей бересің?»— дегенде, Нұртай жұлып алғандай ғып: — «Онда сенің нең бар?..» деп, шап ете түсіп еді. Нұртайдың осы сөзі Нағимаға тым қатаң тиіп еді. Менмендік ой ашу аралас көтеріліп, Нағима Нұртайды содан былай ұнатпайтын секілденіп жүрді. Бірақ Нұрғали мен Әбділда соған тісін қайрағаннан кейін Нұртайға деген ашудан арылып, Нағима енді соны өзіне тілектес адам секілді көргендей еді.
Нағиманың мықты жауы — өзінің ері Нұрғали. Әйелі боп қойнында жатқаны болмаса, атуға оғы жоқ адамдай. Араздық күй Нағиманың қыз күнінен басталды. Нағиманың 17-дегі кезі еді. Нұрғалидың айттырып, «сүтақысына» шейін беріп, ұзатып алуға жақын кезі еді. Бірақ ер жетіп отырған қалыңдығым бар екен-ау деп Нұрғали ат ізін сала білмеді. Әкесі өліп, Нағиманың үйі «жетім бала, жесір қатын» атанды. Қалыңдығының осы күйін қорашсынып, менмендікке салынып, ескермеуі де мүмкін. Екінші жағынан — Нұрғали туралы: «Тана еліндегі бір қызбен көңіл қосып, соны алмақшы боп жүр екен» деген өсек те тарап жүрді. Қайткенмен де, Нұрғалидың сондағы қалпы — Нағиманың қанын қыздырғандай, намысын қоздырғандай еді. Нағиманың шешесі жылайтын еді оңашада «қалқам-ай, бағың ашылмайтын бола ма?..» — деп. Бұ да Нағиманы от боп күйдіруші еді. Кермесе де, білмесе де, Нұрғалиға деген ашу, салқындық ой — осыдан бастап туып еді... Нақ осы кезде Жұматай дейтін мұғалім осы елге келіп, бала оқытты. Нағиманың немере ағасының үйінде тұрды. Жас қана жігіт еді. Киімінің бәрі орысша. Жүріс-тұрысы елдің ескі әдетіне қайшы. Діншілдер ол мұғалімге «кәпірлік мөрін» басты. Кемпір-шал оны жаратпай, жиырылып қарады. Шоқындырады дел баласын оқуға бермеген сопылар да болды. «Қазақ баласысыз ғой, шегере тартпасаңыз, елді үркітіп аларсыз; елдің әдетіне бейімделе түсіңіз» — деп ақыл айтушылар болса да, оған илігетін Жұматай мұғалім емес еді. «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» дегендей, сол кездегі ел тұрмысының шеңберіне сыймай, жаратылысы бөлек тұрған адам секілді еді. Жұматай мұғалімді Нағимаға сүйдірген, міне, осы қасиеті еді.
Жұматай мұғалімді Нағима көп уақытқа шейін жасырын сүйді. Ұзатылатын қызда алдағы өмірінің жабдығын ойлаудан басқа ой болмақшы емес қой. Басқа ойға кірсе, ел әдетіне қайшы. Бірақ, әлденеге сол күннің өзінде-ақ, сол әдетке қайшы түсуге — осы Нағиманың жаны құмар секілді еді. Неге екенін өзі де білмейді, әйтеуір бір нәрсе еріксіз итермелеп, Нағиманы осы күйінен шығарып әлдеқайда — көз көрмес қараңғыға ма — жетелеп алып кетуге әзір тұрған секілді еді.
Жұматай мұғалімнің қалпынан жұрт не түрлі өрескелдікті күткен секілденсе де ол сыпа ғана жүріп, оқытқан баласын ғана білді. Мұның орнында бірер «діншіл» молда болса, әлдеқашан елдің арасын шулатып, арылмас өсекке ілінген болар еді. Жұматай мұғалімнің осы қалпы да Нағиманың көзінде оның қасиетін өсіре түсті.
Әсіресе, Жұматай мұғалімге Нағиманың тым өшіккені — оның бұған да салқын қанмен «көптің бірі» деп қана қарағандығы. Нағима онда жігіт қызықпайтындай қыз ба еді! Жұматай мұғалімнің басқа жұмысының бәрі — оның шын ниетпен істегендігін көрсетсе де, Нағимаға салқын қарағансуында риялық бар. Нағима осылай ұғынды. Риялық қалыпқа түсу — Жұматай сияқты жігіттің жаратылысына лайық емес! Ендеше оның осы кемшілігін өзіне мойындату керек! Міне, осыны істеймін деп жүріп, Нағима сүйіспеншілік отының құлағына кіргенін сезбей де қалды. Және бұл әлдеқалай көңілдің ауытқуы емес, жүрекке мәңгілік дақ саларлық жұмыс болды. Екеуі кезінде қалың көпшіліктен осы істерін бүркемекші де боп жүрді. Бірақ ауыл өміріндегі өсекшілік қалып бұл бүркеудің шымылдығын ашты... Осы оқиғадан кейін ұзамай ұзатылып, Нағима бұл елге ауыр кінәні арқалап келген болды. Абысын-ажынның табасына қалды. Жұрт күлкісіне ермек болды. Басынан таяқ кетпеді. Бірақ жұрттың таң қалатыны да, Нағиманың өзінің таңырқайтыны да — осы тұрмысқа езіліп, қажуынды білмейді; қайта өршіп, шымырлана түскен секілденеді.
...Әңгіме — әлгі томар жағалап келе жатқан Жұмакүлден шығып кетті-ау. Жұмакүл жүріп отырып Нағиманың тұсына келді. Қолында шыбық: бұзауын ба, атын ба — іздеп шыққан болар. Ауыр ойға батқан адамдай басы төмен бүгілумен келеді. Жалаңбас. Ұзын қара шашын нақ желкесінен бунай бір байлап, арқасына бос салыпты. Басқа қыздардай құлағында былғаңдаған сырға да жоқ. Төсіне таққан ілгек, тұмарша дегендер де көрінбейді. Саусақ сайын самсаған сақиналар да жоқ. Ел әдетіне жат пішін осы Жұмакүлде бар. Нағима мұны бірінші көргенде-ақ солай деп ұғынған. Бірақ, әлденеге осы екеуі ежіл-қожыл сөйлесіп, шүйіркелесіп кете алмады. Белгісіз бір себеп араларын кертелеп, жуыстырмай тұрған секілді еді. Жұмакүлдің алыстап кетуіне бір рет Нағиманың өзі де себеп болды. Бәрі Әбділда студенттің кесірі. Өткен қыстың іші еді. Нұрғали жолаушылап кетті де, Нағиманың отауы бос болды. «Жұмакүлді үйіне шақырып, мәжіліс істе» деп Әбділда бұған өтініш айтты. Мұндай жұмысты істеуге — қазақ әдетінше — жеңге міндетті ғой. Нағима осы Жұмакүлге барып жұмысын айтқанда, Жұмакүл екі сөзге келмей: — «Мырзаңа сәлем айт: тәлкек қылмасын!..Теңін тауып жүрсін!» — деп еді. Әбділда сияқты оқыған мырзаның бетін қайтару — анау-мынау қыздың қолынан келе ме? Осы мінезі үшін Жұмакүлді Нағима бұрынғыдан да артығырақ ұнатқан секілді еді. Бірақ осы оқиғадан кейін Жұмакүл бұған сырт беріп, сыр ашып сөйлеспейтін болды. «Мені бұзық әйелге санайтын жұрт өсегіне мұның да қосылғаны-ау» — деп ойлап Нағима Жұмакүлді ескеруді қоя бастап еді.
Ауыр ойға түсіп келе жатқан Жұмакүлдің мына түрі — Нағимаға әлденелерді ескерткендей болды да, ол дауыстап:
— Әй, қыз! Мені далада тұрған қарақшы деп білдің бе? Келе кетсейші бері! — деді.
Жұмакүл селт еткендей боп тұра қалып, бұрылып қарады. Нағиманың шырайы күлімсіреулі. Бұл — дос-жарлықтың белгісін беретін наз күлкі ме? Әлде, табалаған жаудың астарлы улы күлкісі ме? Жұмакүлдің басына нендей пәле төнсе, соның бәрі Сарының тұқымына қараған шаңырақтан үрпиіп шығып жатыр. Нағима — сырт қарауға сол шаңырақтың бірінің «ерке сұлу келіні». Ендеше бұдан достық күлкі күту қиын. Осылай деп ұғынды да, Жұмакүл бұған шіміркене қарады. Жұмакүлдің ойын сезгендей болып Нағима орнынан тұрып, мұның жанына келді. Күлімсіреген шырайы қоңырланып, Жұмакүлдің ауыр қайғысын бөліскісі келген адамның түрінде еді.
— Мен сені бұдан былай «Ерке қыз» дейінші.
— Демей-ақ қой, ерке болған жерім жоқ...
Нағима бұрынғысынан гөрі де жақындай түсіп, Жұмакүлдің қолын ұстады:
— Еркем... Мені жатқа санама... Олардың отына мені күйдірме. Менің қандай күйде жүргенімді басқалар білмегенмен сенің білуің керек еді!..
Нағиманың соңғы сөзі көз жасына булығып шықты. Нағиманың жылағанын Жұмакүлдің бұл бірінші көруі. Байы басынан таяқ айырмай отырса да, ел өсегінен аяқ алып жүргісіз болса да, соның ешбірін елең қылмай, өтірік жайдарлықпен күні өтетін арсыз, намыссыз адам ғой — деп ойлайтын еді Жұмакүл мұны. Нағиманың мына түрін көргенде — осы ойы бекерге шыққандай болды да, Жұмакүл аңырып тұрып қалды. Тас бауырлықтың да орны бөлек. Жылаған, налыған адам — Жұмакүлдің серігі секілді. Ендеше Нағимаға бірер жылы сөз айтып, достық көңілін білдіру керек. Бірақ Нағима Нұрғалидың әйелі боп отырғанда — Жұмакүл бұған осыны істей ала ма?
— Несіне жылайсың? Қорлыққа салып отырған кім сені?... Күйің келмесе, шық та кет!..
Нағима босаған бойын кенет жиып шираған секілді боп, ойлана қалды: «рас, сүйтсем қайтер еді? Бұрынды-соңды мұны неге ойламады екен? Әлде ой түсіргендей адам болмады ма?..» деп ойлады Нағима. Рас, адам болмады. Қандай ауыр күйде жүрсе де, сол тұрмысын бұзып, мұны басқа ойға шығады деп ешкім ойламаған шығар. Шынында Нағимада ондай ойдың болмағаны да рас. Жұмакүлдің кесек айтылған жалғыз ауыз сөзінің — мың саққа жүгірткендей боп ойды кенет талқандауын көрдің бе! Мұндай сөз Жұмакүлден шығуға ғана лайық... Нағима Жұмакүлді құшақтай алды:
— Еркем! Шын досым екенсің: қажыған көңілге ермек тауып берген сен болдың! Оныңды өмірі ұмытпаспын... Енді түсіндім: құр жыламауым керек екен...
Аз тұрып Жұмакүл өз жөніне кетті. Екеуі басқа сөз айтпады. Әйткенмен, ішкі сезімдері осы екеуін осы сағаттан бастап бұрынғыдан әлдеқайда жақындастыра түскендей болды.
Құлтума жылқыны жиып келіп, бие саудыруға кірісті. Құлынның басын ұстап тұрып, бие сауып жатқан Нағимаға бірдеме айтқан болды. Нағима оның айтқанына түсінбеді, тек күлімсіреді де қойды. Басы тұман. Не ойлағанын бұлдыр сезеді. Жалғыз ашық нәрсе: «кетсем қайтер еді?» деген сұрау. Осыған жалғаса қомақталып: «қалай кетпексің? Қайда бармақсың? Төркініңе барғанмен сені тыныш отырғыза ма? Саған қорған болатын кім бар еді?..» — деген сияқты қауіп бұлты қабындап көтеріліп, Нағиманың үміт сәулесіне бөленген ажарын кенет бүркеп кете бергендей болады.
Төрт-бес салт атты самсап, Бекібай ауылының алдын ойыстай өтті де, осы ауылға беттеді. Ауылға тікелеп жүрсе, томардың сонау жиегімен жүрген болар еді, әдейі соға кетейін дегендей бұл жолаушылар желіге қарап ойыстап келеді. Ойын-той іздеп жүрген бозбалалар болар дейтін — қолдың бос уақыты емес. Сонда бұлар кім болмақ? Нағиманың көзі осы жолаушыларда болып, сұр қулықтың бауырына байқаусыз отыра берем дегенде, секемшіл қулық бие әдеттегісін істеп, аяғын сілтеп Нағиманың қолындағы көнекті домалатты. Нағима ауыр ойдан сәл арыла түсіп, сұр қулықтың бауырына екінші отырғанша, жолаушылар да желіге жақындап қалды.
— Қайдарлар екен ғой, — деді Құлтума.
Нағима селт еткендей боп, биенің желінін ұстаған саусағы сол күйі қозғалыссыз қалды. Қайдардың атын есіткен минутта — Нағиманың қиялында мың түрлі ой тарамданып, алысып жатқандай болды.
Басқа жігіттерден бөліне түскендей болып, Қайдар тура бие сауып жатқандарға келді.
— Сауар көбейсін, сұлу жеңге!
— Айтқаның келсін, шырақ!
— Ден-қалыңыз сау ма?
— Сау болмасақ бие сауар ма ек?
Қайдар күлімсірей түсіп, қамшы ұстаған қолымен мықынын таянды. Сұқ қолындағы алтын балдақтың жалпақ басы — күн сәулесімен шағылысып, жарқ-жұрқ етті. Көне тартқан сұр қалпақ Қайдардың қансыз сұр бетін, ойнақшыған кішкене көзін сәл бүркей түскендей. Қоп-қою боп шығып келе жатқан қара мұрт қана айқын көрініп тұрғандай.
Қайдар осы елдің жігіті бола жүріп, еш уақытта елді еркін аралап, заман курсы жеңгелерімен ойнап-күлген емес қой. Ауызға ілінген «ұры» деген жексұрын ат бар. Елге мұның ісі, жаратылысы жат секілді көрінсе, ел — бұған жат секілді көрінеді. Елден ерекше жүретін жігіттің бірі — осы Қайдар. Қайдардың атын есіткенде — Нағиманың кенет ойлана қалғаны да осыдан еді.
Қайдар Құлтуманы оңаша алып сөйлесті. Нағима көнек құшақтаған күйі едәуір тұрып қалды.
— Шырақ-ау, шырақ... Жұмысың бітсе, жігітімді бері жібересің бе?
— Жіберейін, жеңге...
Қайдар осыны айтып Нағимаға бұрылғанда — таң болды: Нағиманың күлімсіреген сұлу беті, оқтай қадала қараған көзі кербездене қозғалған келісті денесі — кімді болса да бір үйірілтіп түскендей еді. Бәрінен бұрын — Нағиманың осы еркелік аралас назданған пішінді Қайдарға көрсетуінде — сырт қарауға терең бір сыр барлығын сездіргендей еді. Қайдар осылай түсінді. Қалың елді аралай жүріп өзіне деген бұл секілді жылы, мүләйім шырайды Қайдар ұшыратқан емес. Сондықтан Қайдардың жүрегі қарайған үстіне қарайып, адам баласының істеуге беті шыдамастық ауыр жұмыстарға да — бұл аяқ басып жүр-ау. Ең арғысы — осы сапарында немере қарындасы Жұмакүлді Дауылбайға тоқалдыққа еріксіз әперуге келіп отыр ғой! Жұрымбайдың күтілмеген ауыр күйге кездескенін естіп, жолдастары тап осы жолы тимейік деп тартпақтаса да, соған да болмай Қайдар келіп тұрған жоқ па? Дұрыстығына қанса, Қайдарда ар-намыс болса, Жұрымбайды әлекке ұшыратқандармен жауласып, өш алуы керек емес пе?
Қайдар ауыр күрсініп, жолдастарына қосылып, ауылға беттеді. Анадай жерге барып, артына бұрылып тағы қарады: Нағима да оған қараумен тұр еді.
— Ау, сауамысың биеңді? — деді Құлтума.
Аузын ашып арсалаңдаумен жүретін Құлтума — тап осы минутта қабағын түйе түсіп, аузын бұртитқан түрде тұр еді. «Көрінген жігітті арбайсың» деп Нағимаға кейіп тұр ма, әлде «ұрлығыңмен бола бермей, Нағимада нең бар еді?» деп Қайдарға кейіп тұр ма?
— Не айтты әлгі жігіт?
— Ешнәрсе де айтқан жоқ.
— Оңбағыр-ау, менен жасырмақсың ба?
Құлтума аз тұрып күрсінді:
— Жұрымбайдың үйін сұрайды... «Жұмакүл үйінде ме?» деп сұрайды.
— Жұмакүлді қайтеді?
— Білмеймін.
Содан былай биені сауып болып ауылға беттегенше, Нағима жұмған аузын ашпай, томсарумен жүрді. Қайдардың Жұмакүлді сұрауын неге жорырға білмеді. Туысқандық істеп, Жұмакүлдің үйін қорғаштау деген — Қайдарда бұрын болған емес. Сонау той кезінде Қайдар осы ауылда еді-ау. Ырымкүл оқиғасына еркек түгіл әйел Нағиманың да қаны қызды. Сонда да селт етіп, намысқа шаба білмеп еді осы Қайдар... Содан бергі ауыл өсегі көбіне осы Қайдардың үстінде болып: «Жұмакүлді пәлен етеді екен; түлен етеді екен» десіп жүр еді. Сол өсек шынға шығатын болып, Қайдар осы келгенде қатерін Жұмакүлге тігіп келген бола ма?...
Нағима Құлтумаға бұрылды:
— Сыр айтар ем, сыртқа шашпайсың ба?
— Неше сырыңды шашып ем?
— Ендеше Қайдарға барып айт: ел жатқан кезде менің отауыма келсін. Сөйлесетін сөзім бар...
Құлтума теріс аяқтана басып, Нағимадан алыстағандай бұрыла түсті. Құлтуманың тап осы минуттағы ішкі ойы — Нағимаға қандай ашық еді.
— Әй... Қайда барасың қиқайып?
— Қайдарға жолықпаймын ба?
Нағима күлімсірей түсті де:
— Жолық... Бірақ басқа ойдан аулақ болсын. Бір-екі ауыз айтатын сөзім ғана бар... —деді.
ОН БЕСІНШІ ТАРАУ
Жаңбыр артынан тыншу ауа екінші түрге кіргендей болды да, жұрттың бәрі өріп тысқа шықты. Әсіресе Кәтимә бәйбіше сияқты семіз әйелдер — салқын ауаға денесін самалдатып, өзіне-өзі еркін келгендей боп, үй түйтігінің жабдығына кірісті: малайларының, қоңсыларының әйелдерін жинап, жаңбырға тиген бұйымдарын тысқа шығартып жайды. Асыл кілемдер, патсайы-шәйі көрпелер үй сыртын қызылды-жасылды түрге бөлегендей болды. Шеткі бір кілемнің үстіне дөңбектей боп бәйбішенің өзі отырды. Беті — қажының үйінің жағында болды. Қажының үйі де нәрселерін жайып жатыр. Бір кілемнің үстінде таяғын тізесінің астына қысып, мықырайып қажы да отыр. Оның көзі де — осы отырған бәйбішеде. Екеуі екі жақта — бірінің бірі құр қарасын ғана көріп отырғанмен, тап сол минутта не ойлап отырғандарын екеуі де тілсіз ұғынып отырған адамдардың түрлері.
Кәтимә бәйбішедей малай жұмсауынды біле ме, қажының қара тоқалы нәрселерін үйден өзі көтеріп шығып, жайып жүр. Тоқалдың «ауыр бейнетін» бөлісейін деген секілденіп сонадай жерден ұмтыла басып делеңдеумен сақау Досмағамбет келіп араласты. Қара тоқал мен сақау Досмағамбеттің бірге жүргенін көргенде, бәйбішенің аузы бұртиып, қабағы тыржия түсті:
— Шіркін!... Қажының көзіне шөп салып... — деді ішінен.
Осыны айтуын айтса да, беті әлденеге дуылдап қызарғандай боп, қара тоқалдан гөрі — өз жұмысының сыпайы екендігін көрсеткендей — бірер нәрсені іздестіріп отырды да:
— Құдайдан қорықпай-ақ қойсын, тым болмаса жұрттан ұялса қайтеді екен?! — деді.
Осымен өзін белгісіз бір күнәдан ақталғандай көрді. Қылығы құдайға жақпағанмен, жұрт көзіне мін болып көрінбесе болғаны. «Менің мынауымды көрдің бе?» деп, тоқалға ұсап тал түсте тайраңдағаннан жек көрері жоқ бәйбішенің. Істесең, ешкімге сездірмей, мақтан қылмай істе. «Игі жақсымен» тегіс жақын болған адам осы Кәтимә бәйбішедей-ақ болар, соның бірін білді ме жұрт? Жалғыз-ақ баяғы губернатор келіп, «Шөптікөлдің» басына үй тігіліп, үш болыс ел тегіс жиналып соны қарсы алатында — осы Кәтимә бәйбіше губернатормен бір түн бірге болды. Тіпті оны да өсектеген жоқ жұрт. Қызық еді-ау сол губернатор. Соның аты Ебырсыман ба еді? Кәтимәның қолын қайта-қайта сүйіп еді... Соның өзі ұзын бойлы, арбиған денелі қара кісі еді-ау. Әбділданың дене құрылысы ондай емес... Жалғыз көзі ғана... Рас, көзі айныған жоқ содан...
Ой теңізіне шомған бәйбіше күлімсірей түсіп біраз отырды да, кенет күрсінді: самсап келе жатқан салт аттылар ойын ең тәтті жерінен үзіп жібергендей болды. Қайдарлар еді олар. Бәйбішенің жанына құрық бойы келіп, аттарының басын тартып, тоқтады. Бәйбіше көзін көлеңкелей қарап:
— Қайдармысың, шырағым-ау? — деді.
Аттарын айқастыра байлай салып, Қайдарлар бәйбішенің жанына келді. Бұрынды-соңды кісі ертіп келіп Қайдар бұл үйде қонақ боп түсіп көрген емес еді. Бұл келуінде мән болу керек. Әбділда мен Нұрғали кеше Дауылбайға да жолықпақшы боп кеткен еді. Бұлардың аттанысы — солардың сілтеуімен болуға да тиіс-ау деген ой бәйбішенің қалпына жылы шырай түр кіргізіп, Қайдарлармен ол тым жылы амандасты. Дауылбай бабына келтіріп сапырып, аяқты толтыра қымыз құйып беріп отырды. Қылқандай жас жігіттердің арасында — өзін солардың анасы дәрежесінде көрді де, ешнәрсені елемегенсіп, оны-мұны сөйлеспеді. Жас жігіттердің өз көңілі өзінде болды...
Нағима мен Құлтума желіден шығып, ауылға беттеп келеді. Қайдар соған қарай түсіп отыр. Құлтума Нағимадан бөлініп, бұларға беттегендей болды. Жүрісінің қолайсызы-ай; екі аяқтың басы екі жаққа қайқайған; басы бір жағына қисық. Осы келе жатқан бетінде мұны — осы отырған кісілерге туралап келе жатыр деп ешкім де ойламас еді. Беті олай бір, былай бір ауып, ақырында келіп жетті. Қайдар ымдап оны өзіне таяу отырғызды. Басқа жігіттер бір нәрсені сезгендей боп, бірін-бірі шынтақпен түртісіп, тамақ қырысты.
— Әлгі ақсақ күшік қойды тез әкеле қояр дейсің бе... Құлтума, сен алдынан шық қойдың, қонаққа тоқты әкел, — деді бәйбіше керіліп.
Құлтума орнынан тұрып, кете берем дегенде:
— Менің атыма мініп бара ғой... Өзім мінгізіп жіберейін, — деп Қайдар орнынан тұрды.
Бүкшиген қаракер жорғаның айылын тартып жатып Қайдар Құлтумаға қарап күңк етті:
— Нұрғали үйінде ме?
— Үйінде жоқ... Нағима саған келсін деді түнде.
Ойнап айтатын шығар деп Қайдар қадала қарағанмен Құлтуманың бетінде қалжың-әзіл белгісі жоқ еді. Қайта өзінің Қайдар болмағандығына, Нағима сияқты сұлудың көңілін аудара алмағандығына опық жеп, ызаланған түрі бар секілді еді. Құлтуманы қолтығынан сүйеп аттандырып тұрып:
— Барамын деп айтты де. Соңыра тағы сөйлесерміз, — деді Қайдар...
Бәйбішенің жанына баруға сылтау таба алмай отырған қажы — самсап келіп түскен аттыларды көрісімен, әлденеге сабырсызданған боп, ауылда басқа еркектер жоқ болғандықтан — сол жүргіншінің жәйін білуді өзіне міндет санаған боп, әйтеуір байдың үйіне баруға толық сылтаудың табылғандығына көзі жетіп, таяғын сүйретіп, орнынан тұрды. Қара тоқал кекей сөйлеп:
— Бар, бар... Сен бармасаң, жау шабатын еді сол үйді, — деді.
Қажы бұл жолы тоқалдың сөзіне шамданбай, баруының керек екендігін тағы бір дәлелдеп өтті.
Таяғын сүйретіп келе жатқан қажыны көріп, Кәтимә бәйбіше оң жағынан орын дайындауға кірісті: шәйі көрпенің бірін төрт бүктеп салды. Қонақ жігіттер орнынан тұрып, қажының қолын ұстап, амандасты.
— Қонағыңды далаға иіріп отырғаның қалай? — деді қажы отырып жатып.
— Өзіміздің балалар ғой, айып етпес дедім...
Екі шелек сүтті қайқалақтата көтеріп, жүдеу пішінді қара кемпір келе жатыр. Киімі өрім-өрім. Бұл әлгі Зарыптың шешесі Дәмежан дейтін кемпір. Өмірі осы үйдің жұмысын істеумен келеді. Жас жағынан бәйбішеден бір-екі жас үлкендігі де бар. Үлкен деп сыйлайтын бәйбіше емес: отырса да, тұрса да жекіреді бұған. Дәмежанға жекірмеген күні бәйбішенің ішкені ас болмайды. Осы отырғанда да екі көзі соны жеп отыр. Қараған сайын қабағы жабыла түсетіндей. Кім білсін: Дәмежанның түрсіздігіне, бой-басының жүдеулігіне кейіп, «осындай адамды құдай несіне жаратады екен?» — деп кейіп отыр ма? Жұрттың бәрі де өзі секілді маңғаз, бой-басына кір жұқпайтын кербез болсын дей ме екен? Бірақ сонда «маңғаз бәйбішелерді» күтетін кім болмақ?
Ақ үйлерден едәуір оқшау қайқайып бір жұлым үй тұр. Сырт көрінісінің өзі аянышты: тұрмыс қысымының не бар ауырлығы жалғыз осы үйдің басында ғана секілді. Қиюы кеткен сықырлауық есік — күн ұзаққа жабылумен тұрады. Осы үйде өмір бар, осы үйдің меншікті иесі бар деп ойлаудың өзі де қиын-ау. Осы үйдің нақ қасында бірнеше ескі арба бар. Арба маңындағы сиырдың тезегінен аяқ алып жүргісіз. Кеш болса, мүйізі қайқиған сиырлар осы үйдің маңын қоршай жиналады да, сонау ескі арбаларға сүйкенеді келіп. Кейбір тентектері осы жұлым үйге де сүйкенеді. Үлбіреген жыртық құрым кигізді мүйізіне іліп кететіндері де бар. Тәйт деп малдың бетін қайтарып, бұл үйді қорғайтын адам тағы жоқ. Кеш болса, қоралы қойдың жататын орны да осы қарата үйдің есік алды. Секеңдеген ешкілер, секірген лақтар бұл үйді басынғандығы сондай есігінен кіріп, төрінен бірақ шығады. Сонда осынша малдың ішінде — осы жұлым үйге тән жалғыз қара болса екен-ау! Мал иесі Құсайын бай. Малдың иесі екемін деп Кәтимә бәйбіше ақ үйлердің маңынан бір малды бастыра ма екен, сірә? Өмір деген қызық-ау: бар бейнетін көретін — малай, қызығын көретін — бай! Кәтимә бәйбіше таспағанда — кім тассын!
— Дәмежан! Дәмежан деймін!.. Қайыр ана сиырларды... Жіберме үйдің маңына!
Дәмежан кемпір — қолына бақан ұстап, ақ үйлерге беттеген сиырларды кейін қайырып жүр. «Менің жұлым үйім жетпей ме сендерге? Байдың үйінде нелерің бар?..» — деп, шашау шыққан малдармен кеңесіп жүрген іспетті.
Қонақтар қымызға қанып, қыдыру үшін томар басын жағалады да, бәйбіше мен қажы әлгі орнында отыра берді. Шара түбінде қалған аз ғана қымызды бәйбіше әлі сапырумен отыр. Қажы бір рет кекіріп, «құдай, тобасын» айтып, қарнын сипады. Тыстағы жаюлы бұйымды Дәмежан үйге тасып жүр. Дәмежан жандарына жақындаса, қажының аузы жыбырлап «астапыралданы» айтады; Дәмежан алыстаса, бәйбішемен арасындағы күңкіліне кіреді. Күңкіл — бәйбішенің өкпесінен басталып еді: түнеугі бір жолы Құсайын бай жол жүріп кетіп, сол түні бәйбіше осы қажыны таң атқанша күтпегені ме... Қажы сол жолғының сылтауын қара тоқалға аударып, тісті бақадай жабысып айырылмайды дегісі келсе де бәйбіше оған сенбей, себепті басқаға аударғысы келгендей. Құдай жолын ұстаған адам боп отырып, сол Құдайдың атын сатып сендіре алмаған-ақ қиын екен... Дегенмен оның үшін қынжылатын қажың бұл емес. «Қажылық» атын бұл сыртқы ел кезінде ғана тағады. Ішкі сыры өзінде.
Меккеге барғанның өзінде де діншілдігі ұстап, тәубе-таупыққа келейінші деп барған кісі емес қой. Құсайын баймен ата жөнінен немере. Кәтимәмен арасындағы жұмыстың көбіне «жеңге», қайны деген атпен бүркеліп келе беретіндігі содан ғой. Өз дәулеті шағын болса да, Құсайынның дәулетін арқаланып, сонау бір кездерде осы кісі таласқа түсіп, бірнеше сайлау би болып жүрді. Бір рет болыстың кандидаты болып та сайланды. Ақырында, Жаппасбайдың Мұстапасымен болыстыққа таласатын жолы — шатақ өте қызу болып, тістескен екі елдің арасында адам өлімі болды. Мұстапа мұның жаласын осы Жұмасейіт қажыға аударып, бұл — ұсталатын болды. Араға түскен ел ақсақалдары жұмыстың беті жаманға бұрылғанын сезіп, Жұмасейітке елден кет десті. Елден шарасыз кететін болған соң, Жұмасейіт Меккеге баруды қалады. Ел шу етті: «ерден иман құтылмайды деген осы-ay!» — деп. Меккеге аттанарында араға жүріскен ақсақалдар Мұстапа екеуін табыстырып, дауды бүркеді. Жұмасейіт қоштасу жөнімен елдің басты адамдарының бәрін аралады: ат бергені ат берді; тай бергені тай берді. Ең арғысы Мұстапа болыс та бір жорғаны қосарына байлап аттандырды. Пайғамбардың қабырын көруге бара жатқан адам — ел көзінде қандай құрметті: бүкіл ел болып жиналып, сонау темір жолға шығарып салды мұны. Жұмасейіттің баратындығын естіп уез қол астынан жиырма шақты байлар бірге аттанды. Оның ішінде Сансызбай дейтін болыстың бәйбішесі де бар еді, жасы қырықты қусырып келген кісі еді. Бір уезден аттанған осы жиырма шақты кісінің ішіндегі көз қарақтысы — Жұмасейіт болды да, басқалары мұның билігінде: ақшасын да осыған беріп, осыған телмірді. Пойызда жүргенде, басқалар ІІІ класта отырды да, Жұмасейіт әлгі Сансызбайдың бәйбішесін жанына алып, I класта отырды. Пароходқа мінгенде де екеуі бірге болды. Жұмасейітпен бірге аттанғаны үшін ол бәйбіше құдайына мықты риза еді. Бірақ Мәдине қаласында жатқандарында Жұмасейіттің оғаштау бір жұмысы болды да, ал бәйбіше соған азырақ қынжылды. Жұмасейіт кезінде онысын да дәлелдей алды:—«Мәдинеге әдейі келген соң, әр нәрсесін де көріп, біліп, танысу керек», — деді...
Міне, Жұмасейіт қажының діншілдігінің беті осы еді. Басқалар мұның діншілдігіне сүттей ұйып нанса да, Кәтимә бәйбіше нанған емес. Қара тоқал да солай. Бірақ бұлар да сырт көзінде қажының «діншілдігіне» зәреден кір жұқтырып көрген емес.
Құлтума бір марқаны өңгеріп келіп, жерошақ басында жайлап жатыр. Дәмежан кемпір ішек-қарын аршумен шұғыл. Бірақ, жайшылықтағыдай емес, әлсін-әлі басын көтеріп қарап, әлденеге ауыр күрсінеді.
Бие ағытылып, өріске беттеді. Үздік-создық шұбырып сиыр келді қотанға. Осы сиырдың соңын ала қой да келіп қалды. Күнде бұл кезде — қой сонау қабақта жайыла оттап, бері қарай беттей түсіп жатар еді. Бүгін тым жиын, біреу иіріп айдап келе жатқан секілді. Бәйбіше осыны бірден сезіп, қадала қарады. Қой соңында екі адам келеді: бірі — Уақас қойшы, екіншісі — Зарып. Уақасты Зарып қолтығынан сүйеп келеді. Ішек-қарын аршып отырған Дәмежан, қолын жумастан солардың алдынан шықты.
— Бетім-ау, мұнысы несі?.. Ана күңге не жоқ, ішек-қарын аршымай?... — деді бәйбіше шошына қарап.
Қажы мен арасындағы әңгіме қызықты жеріне жаңа келген болса да, бәйбіше соны ұмытып, тіпті осы қажының отырғанын да ұмытқан секілді боп, қойға қарай бұ да беттеді.
Жерошақ басында тоқты сойған Құлтумаға төне түсіп, Нағима отыр. Іңір қара көлеңкесінде лаулап жанған от сәулесі Нағиманың бетін ала-бөле жарық қып, сырттан қараушыға еркін көрсетіп отырғандай. Әсіресе қонақтар, оның ішінде Қайдар — осы от сәулесі ойнаған сұлу бетті көрген сайын ынтыға түскендей боп, көздерін алмастан отыр. Сырттан төнген көзді Нағима сезбей отырған пішінде; ешнәрсемен жұмысы жоқ секілденіп, ішек-қарынды аршумен отыр. Осының өзінде жаңа: «келін, мынаны арши тұршы», — деп Дәмежан ұстатып кетті бұған. Дәмежан сияқты есікте жүрген кемпір —байдың келініне жұмыс талсыра алар ма? Бірақ Дәмежан осы Нағиманы бір түрлі өзіне тән көрген секілденеді де тұрады. Дәмежан сияқты кемшілікте жүрген адамға Нағиманың жылы шырай бергендігінен болар-ау...
Нағиманың қолы жұмыс істегенмен, аузы Құлтуманы қалжыңдауда болды. Бұрынғысындай арсалаңдамай, Құлтуманың не үшін томсарып отырғанын сезеді.
— Әй... Айт деймін: Қайдар не деді?
— Түнде барамын деді.
— Оны қойшы, басқасын айт.
Құлтума бұл жолы — белі шойырылған адамға ұсап көтерді басын:
— Тағы не керек еді?
Нағима бұған ішек-сілесі қатып күлді. Бірақ осы күлкісін тез тыйды: қой шетінде біреудің зілді сөзі естілді. Нағима соған бұрылды: Уақас қойшыны Дәмежан қолтықтап, сонау қалың сиырдың ортасындағы жұлым үйге әкетіп барады. Бәйбішенің алдында қасқия қарап Зарып тұр. Зілді сөз — соныкі. Дауысы қалтырап шыққан тәрізді.
— ...Солай, бәйбіше... Бізде ақың кеткен жоқ шығар: әкем — сенің құлдығыңда жүріп өлді, мынау Уақас сенің асауыңды үйретем деп аяғын сындырды; балдақпен жүріп те қойыңды бақты; суыңды тасып, күліңді шығарып шешем жүр... Осы ақсақты аттың бауырына алып сабағандай не жазығы бар еді! Мына малыңды аман-есен қолыңа әкеп тапсырдым, керек болса жиып ал. Уақас енді бақпайды қойыңды! Шешем де істемейді жұмысыңды!...
Нағима қолындағы аршып отырған қойдың ішегін абайсызда үзіп алды. Ішек аршып отырғанын таза ұмытқандай боп, құлағын сонау әңгімеге төсей түсті. Бәйбішенің бұрынды-соңды естіп көрмеген сөзі-ау бұл! Басқадан естісе, бір сәрі еді, өзінің уысында отырған адамдардан естіп тұр-ау... және үлкен де адам емес, қарсыласып тұрған — қаршадай жас бала. Бала демекші — Нағима келіншек боп түскенде — осы Зарып домаланып жүрген қара бала еді; бір аяғында — жыртық етік, екінші аяғында — кендірмен шандыған ескі шарық еді. Бір жеңі жоқ жалба кулісі бар еді, оның артқы бойы — жүргенде жерге сүйретіліп жүрер еді. Көрінген бір қарғап, сілеп, жазаласа жауырынға түйіп те кетер еді. Сол Зарып осы. Екі-үш жылдың ішінде адам танығысыз боп өзгерген-ау. Бәйбішеге айтқан сөзінің салмақтысын көрдің бе! Бәйбішені айтасың-ау, Әбділдамен Нұрғали да кеше осы Зарыпты аузына алып, осыдан кәдімгідей сескенетін секілденді-ау. Жап-жас күнінде мына секілді бәйбішеден қаймықпай, мына сөзді айтып тұрған адам өскенде өз дегенін істеп шықпайды деп кім айтар? «Жігіт болсаң — осындай бол!» — деп, Нағима аузын сылп еткізеді. Құлтума оны шынтағымен түртті:
— Естіп отырсың ба: Дәмежан кемпір келмейтін болды, мынаның бәрін сен тазалайсың.
— Құрысын... Керек болса, тазалар өзі.
Зарып үйіне кетіп барады. Бәйбіше әлгі орнында әлі тұр. Тілі байланған адамдай үнсіз. Қорыққаннан емес, ашуға тығылғаннан үндемей қалғаны анық. Үйге қарай жүрді. Жерошақ басынан өтіп бара жатып күбірледі:
— Сен желкесі қиылғырды ма!.. Сенің желкеңді қидырмасам!..
Осыны айтқанда — бәйбішенің аяғы бұрынғысынан тезірек атталғандай болды.
Нағима ішек-қарынды тастап кете алмады. Етті жуып қазанға салу, тезек әкеліп, от жағу — Құлтуманың мойнына жүктелгендей болды. Тыстағы қонақтар үйге кіріп, үлкен үйдің есігінен шам сәулесі жарқырады. Күн бұлтқа батқан. Жұлдыздар да сирек көрінеді. Табан астындағыны көрместей қараңғы. Ауыл өмірі мұндай түнде мылқауланып тына қалады. Көп үйлердің маңынан жылтыраған от та көрінбейді. Бұрынғыдай шам жағып отыратын — кәресін жоқ. Жарық барында төсектерін салып алады да, қараңғы түсе, төсектеріне қисая кетеді. Ауылдағы бірен-саран еркектер, бірер асам ет жеу үшін қонақтардың жанында отыр. Қонақтың біреуі домбыраны сабалап, ән салғаны естіледі. Әні — құлақ түргізгендей күшті емес, домбыраның дарылына көміліп кете береді.
Нағима жұмысын бітіріп үйге беттегенде — қазан сапырып отырған Құлтумадан басқа—далада қыбыр еткен жан жоқ секілді еді. Үй сыртын орала бергенде — қарандап келе жатқан біреуді көріп, Нағима тұра қалды. Ол кісі — жол тосқан Нағимадан жасқанбайтын адамдай туралап жүріп, нақ жанынан өтті. Нағима таныды: бұл кетіп бара жатқан Зарып еді. Қолында таяғы бар. Бет алысы — Бекібай ауылы. Нағиманы о да таныған болу керек. Бірақ бұрылып тоқтап, неғып тұрсың? — деп сұрауды білмеді.
Нағима дауысын болар-болмас шығарып:
— Қара бала, — деді.
Зарып екі оқтылау боп тоқтады. Нағима жақындай түсіп:
— Кімді іздеп жүрсің? — деді.
Нағиманың бұл сөзді әзіл түрінде айтқанын Зарып та сезді. Нағима туралы есітер құлаққа ұят өсектерге Зарып нанған емес, өйткені, — Зарыптың шешесі Дәмежан: «байдың келіні дейтін емес, қайырымды адам» — деп, осы Нағиманы аузынан тастамай мақтап отырады. Сондықтан Нағиманың әзіліне Зарып та әзілмен жауап берді:
— Сені іздеп жүр ем, — деді.
— Мені қайтесің?
— Керек болғаның да...
Нағима үңдемеді. Соңғы сөзімді ауыр алып қалмаса игі еді дегендей боп, Зарып шынына көшті:
— Ойнап айтам... Мына ауылға бара жатыр ем.
— Айтпасаң да біліп тұрмын.
— Нені білдің?.. Басқа бірдемеге жорып жүрме.
— Жорыса қайтеді? Қыздары — өзіңнің теңің...
Осыдан кейін екеуі де жан-жағына қаранды: үйдің тап қасында тұр. Сонау жыршы қонақтың домбырасының сартылы болмаса, сыбырдың өзі осы үйлерге айқын естілгендей. Қараңғы түнде жігіт пен келіншектің сыбырласып тұрғанын көрген адам — адалмын деп жан берсең нанар ма? Шынында да мұндай оңашада бүкпесіз сөйлесу — қазақ әдетінде сирек болатын жұмыс.
— Бүгін еркемді көріп ем, — деді Нағима.
Екеуі үйден алыстап, томарға қарап беттеп келеді. «Еркесі кім мұның?» деп Зарып аң-таң.
— Жұмакүлді айтам... — деді Нағима бір кезде.
Нағиманың сөз түрінде — Жұмакүлді мүсіркегендік, соған шын жаны ашығандық сезілгендей. Мұның астары неде? Бойжеткен қыздың бірер ашна жеңгесі болмай қалған емес; бұларды байланыстырған жіп осы жөнде болды ма екен? — деп ойланумен келеді Зарып.
— Жұмакүлге айт, сақтансын: мына байдың үйіне келіп жатқан сайдауыт ұры — тегін жүрмеген болар, — деді Нағима.
Зарып шошына тыңдады. Екшеп сұрап көргенмен, Нағима бұдан артықты айтпады да. Жалғыз-ақ айырылысарда:
— Осылай деп айтты де. Сонсынғысын өзі біледі, — деді.
Түн қараңғысын бүркенген томар нақ сол минутта иесіз секілденіп, құлаққа ұрған танадай тына қалыпты. Оқта-санда қасқалдақтың дауысы зыңқылдап шығып, мүлгіген түн ұйқысын бірер минут серпілдіргендей болады. Нағима томарды жиектей жүріп келеді. Басқа әйелдер болса, «пері соғып кетеді» деп қорқып, түн ішінде су басында жалғыз жүрмеген болар еді-ау. Нағиманың жаратылысының басқа әйелдерден бөлектігі осы жерде.
Үй жанында қара тоқал кездесті, қолында құманы. Басқа уақытта болса, осы жүрісі үшін Нағимаға бірер улы сөзді айтқан болар еді, бұл жолы жұмсақ қана сөйлеп:
— Келін-ау, байдың үйінің асын дұрыстап бердің бе? Асын берген соң-ақ келсең болмай ма, малай қатыны шығып кетті деп есіттім ғой, — деді.
Нағима үндемей, өз отауының есігін ашты. Тоқалдың не үшін жылмаңдап тұрғанын сезеді: тап осы кезде тоқалдың шымылдығын ашып қараған адам — қажының орнында сақау Досмағамбеттің жатқанын көрер еді. Қажының үйі кәресінсіз болған емес. Бірақ, мұндайда тоқал үйіне шам жақпайды. Тыс та қараңғы, үй де қараңғы. Қараңғылықты жамылып, ойына келгенін істеп тоқал жүр...
Зарыптың сөзі бәйбішені от боп өртеді де, ол оң тізесін баса отырған қажыны таза ұмытқан секілденіп, іште қайнаған ашудың буымен бұрқылдады да отырды. Қазан басына әлденеше рет барып келді. Күндегі Дәмежанның атқаратын жұмысы бірден өз басына мініп қалғандай болды. Әйткенмен, қажының манағы бір сөзі де ойының бір жағынан орын теуіп, ет пісер кезде тоқалға адам жіберіп алды: «қажымен бірге отырып, ет жеп кетсін» — деп. Тоқал сәлем айтыпты: «Науқастанып жатырмын, өкпелемеймін, қонақтарына бере берсін» деп. Мұның не үшін шақырғанын тоқал біледі де, тоқалдың не үшін келмей жатқанын бұл біледі. Арбасқан өмір деген осы.
Еттен кейін қонақтар қонақ үйге көшті. Бәйбіше қажыға бұрылды.
— Намазыңды үйіңе барып оқисың ба? Әлде, осында оқисың ба? — деп.
Қажы теке сақалын сипай түсіп күңк етті:
— Дәретім барында оқып алсам да болар еді... — деп.
Жайнамаз үстінде мықшиып қажы отырды. Бәйбіше үй маңын бір оралып келіп кірді де, бірден шамды сөндірді. Шам сөнгеннен кейін дыбысы қатты шығарылмай, ақырын ғана есік жабылды... Қажының жайнамазы жиюсыз орнында қалды...
Қараңғы түнде бүкшеңдеп қасқыр жортады. Ниетінде — арамдық: оғаш шыққан мал болса, иыққа салып бөктеру. Қараңғы түнде ұры жортады: байдың мыңын, жарлының жалғызын талғамай, қолына түскенді олжалау. Ауыл өміріндегі «бозбалашылық» әдеттің де осы екеуінен айырмасы шамалы-ау. Бірақ осыны ел, әлденеге жеңіл санап, сыпайы көріп кеткен. Мұның қай жерінде сыпайылық бар екенін өздері де білмейді.
Нағиманың отауына беттеп келе жатқанда Қайдар осы секілді ойларды көп ойлады. Мал ұрлаған Қайдарға ел қара таңба басып, одан жиренеді. «Бозбалашылық» ұрлығын дәріптеп, мақтан қылатындары да бар. «Қыз оята алмаған жігіт — жігіт пе?» — деп ұялмай-қызармай аңыз қылысып отырады. Қайдарға салса — ұрлықтың бәрі ұрлық. Қайта бұл еті үйреніп кеткендіктен бе екен, бозбалашылық ұрлығынан көрі өзінікін сыпайырақ көреді.
Нағимаға келе жатыр. Жанында — Құлтума. Сөз салмаған жігітке өз аяғынан соқтығып әйелдің келсін деуі — қазақ әдетіне тым сиымсыз. Бірақ Нағима туралы бұрыннан ел арасына жайылған өсек көп болғандықтан, мұнысы қалай? — деп шүбәлану орынсыз секілді. Қайдар осылай деп ұғынды. Ақ отаудың есігі қапсыра салыныпты. Байлаусыз. Қайдардың жоғарғы ұғынысын бұл тағы күшейтті. Бірен-саран кездескенде Нағиманың көз тартатын көркем ажары жүректі толқындыратын секілді еді. Әсіресе, бүгін желі басында кездесіп, бір-екі ауыз тілдескеннің өзінде Қайдар еркін жойғандай, белгісіз бір күш аяқ-қолын сайға тигізбей, дедектетіп әкетіп бара жатқан секілді еді... Бірақ, байлаусыз есікті ептеп ашып ақ отаудың табалдырығын аттағанда, неге екені белгісіз, Қайдар жоғарғы күйден жұрдай боп айырылып, өз бойынан ойламаған бір салқындық, енжарлық сезді. Нағиманың төсегіне жақындаған сайын осы салқындық үдей түскендей болды: төсекке жақындады десе, Нағима мұның мойнынан шап беріп құшақтап, өлердегі сөзін айтып, түп етегінен ұстап айырылмайтын секілденді және Нағима мұны жалғыз Қайдарға істесе бір сәрі-ау жұрт өсегі шын болса — көрінген еркекке істейтіні сол болмақ қой...
Нағима сәл қозғалғандай болып еді, демі Қайдардың бетіне соқты. Қайдардың еті бірден түршікті. Нағима сыбырлай сөйлеп:
— Жігітім! Ондай-мұндай ойдан аулақ бола гөр... Мен сені — сөйлесу үшін шақырттым, — деді.
Осы сөз жай оғындай қадалып, Қайдардың ойын қайта толқындырды. Бір жағынан ашуын қоздырды: «әйелдігіңе басып отырсың-ау... Мені өшіктіргелі отырсың-ау...» — деді ішінен. Осы оймен қабат Қайдарға бұрқыраған желік біткендей боп, ол Нағиманы құшақтай берем дегенде, Нағима қатты ыршып, қалтырана сөйледі:
— Жігітім!.. Тентек болма. Айтпап па едім жаңа?.. Жұрт өсегін малданьып, мені жеңіл санасаң, адасасың. Мен — оның адамы емеспін. Бірімізді-біріміз құр жылтыраған сыртымызбен танып жүрміз. Сыр алысқан жеріміз жоқ. Танысайық, білісейік десең...
Нағима сөзін аяқтамай тоқтап, күрсінді. Қайдардың ойы кенет тұңғиыққа тірелгендей боп, енді осының кілтін таба алмай дағдарған пішінде еді. Нағиманың бұл қалпы — жұрт өсегіне сәйкес шықпады. Мынау бір — өзгеше, өз орнын, өз бағасын білетін, екінің біріне қолжаулық болмайтын адамның түрі. Қайдардың бұдан күткені де осы еді. Бірақ осыған лайықты сөз табу тап осы сәтте қиын соғатын сияқтанды.
— Жігітім! Неге үндемейсің? Ойымнан шықпады деп опық жеп отырсың ба?.. Жұрт көзіне түсірмей, оңаша сөйлесуімнің қанша айыптылығы бар? Шақырдың деп айып етпе. Құр әуреледің деп ренжісең, сөзімді тыңдамай-ақ қой.
— Тыңдайын, айт, — деді Қайдар жеңілген дауыспен.
Нағима жақындай түсіп, сөзін бастады.
Қайдар осы отауға кіргенде, Құлтума оған ере келіп, отаудан оралып еді. Іргеден тыңдап сыбыр сөзге кім жарыған. Және жазатайым боп біреудің көзіне іліксем, арылмас пәлеге қалармын — деген ойға келді де, ол — ауыл сыртындағы бұзау байлаған арбаның бір жақ шетіне барып, жер бауырлай жатты. Бұлай жатудың Құлтумаға жаттығы жоқ. Бірер үйге әңгіме тыңдау үшін барып, отырған жерінде ұйықтап қалып, таң атыра беретін. Өз үйінде де жалқаулығы ұстай кеткенде — шешінбей жата кететін. Жұмсақ төсек, тәтті өмір мұның түсіне де кірген емес. Сосын іздемейтін де, іздегенмен — қолы жетпейтін. Онысы — кәсіпке салақтығынан, кісіге жалданып, пайда табайын демегендіктен. Қыс та, жаз да үйінен шықпайды. Бет тақтайы сынған ескі домбырасы бар, соны сабалап тартады да отырады. Тартқанының не ән екенін, не күй екенін өзі де білмейді. Шынында да бұл домбыра — тарамдалған ойдың жетекшісі ғана. Ой көп. Бірақ соны не үшін ойлайды, не шығармақшы еді, оны бұлдыр білетін секілді... Арба түбіне келіп жатқан соң, осы ұзақ сонар ой қайта жалғанды да, Құлтума соның қызығына түсіп жата берді.
Бекібай ауылы таң қараңғысынан азанын шақырды. Түн қараңғылығы бұрынғысынан да үдеп түскен секілді. Тұсаулы атша аяғын кібіртіктеп басып қажы келеді. Сиырдың жас тезегін әлденеше рет басты. Бір рет күл толы жер ошаққа да түсіп шықты. Үйіне оқ бойы жер келіп, қажы тұра қалды. Шын ұрының түріне енді кірді: аяқты ұшынен ғана басып, демін ішіне тартып өз төсегінің тұсына келді. Тың тыңдады — дыбыссыз.
«...Мен дейтін болсаң, Жұмакүлге қағылмайсың!..»
Қажы селт етіп, құлағын екінші жаққа бұрды. Сыбыр сөз отауда: келіні Нағима біреуге қиылып, өлердегі сөзін айтып жатыр. Нұрғали келмеген болу керек. Сонда мұның қасындағысы кім?
Жоқ жерден құмартқандық басталды да, қажы отаудың іргесіне төнді. Еңкейе жатып, құлақты іргеге төсемекші болды. Бірақ ебі кеткен буын қажының дегенінен толық шықпай, сездіріп алды. Үй ішіндегі сыбыр су сепкендей басылды.
Қара тоқалдың қолында — қаз мойынды жез құман. Иығында желең шапан, онысының етегі жерді сызып келе жатқандай. Обыраған, өмірі күтім көрмеген шашы бей-берекет тарқатылып, құйын соққандай ұйқы-тұйқы. Өкше ізі — сонау бұзау арба жақ. Аяқ басысы паң — бар тілегі орындалып, кемеліне келген адам секілді. Оқтын-оқтын есінейді. Түн салқынына төсін емін-еркін аймалатайын дегендей-ақ бәтес көйлектің омырауын кеңірек ашып қойыпты. Өз ойынша — осы келе жатқанда — осыдан бақытты адам жоқ секілді.
Тоқалдың соңына еріп, еріне басып келе жатқан ақ төбет кенет елеңдеп ілгерірек оза түсті де, тұра қалды. Ақ төбетпен бірге тоқал да елеңдеп, ұмтыла басып отаудың жанына келгенде — жер бауырлап жатқан біреуді көрді. Көрді де, таныды: жер бауырлап жатқан кісінің жанында — қажының имек бас таяғы! Тоқал үлкен ашуға мінген адамның қалпын істеп, қажыны нақ май құйрықтан тепті:
— Сен кәпірсің, білдің бе!.. Сен кәпірсің!..
Нақ осы кезде Нағиманың отауынан сытылып шығып Қайдар екінші үйге қарап беттеп еді. Қажы мен тоқал бұдан хабарсыз еді. Нағима да демін қалтырана алып, отаудың есігін мықтап бекітіп, төсегіне жатып үлгіріп еді. Жалғыз-ақ төбет қана осыны сезіп, тұра ұмтылып, Қайдарға жетіп, арс етіп ала түсті. Үй арасының ұсақ ұрлығына әдеттенбеген Қайдар тап осы жерде олақтық істеді: бұзау байлаған арбаға қарай қашты. Қашпасқа болмады: қажы бар дауысымен барылдап: «аттаншы, аттан!» деп ауылды басына көтерді. Әр үйдің де есіктері сықырлап ашылып, үрпиіскен адамдар өре шықты. Тоқал барып Нағиманың есігін жұлқылады.
— Бетпақ!.. Салдақы! — деді.
Көрші үйлердің әйелдері андай келіп жетті. Нақ осы кезде Нағима отауынан шыға келіп, тоқалға қарап аяғын бір-екі басты:
— Өшіресің бе үніңді, жоқ па?.. Жатқан жыланның құйрығын неге басасың? Ұрлық айтысқың келе ме? Қане, айтып көр!..
Әлдененің ызасы тоқалды булықтырды да, ол оқтай атылып, Нағиманың шашына шап берді. Екі әйел төбелессе, шаш жұлысып, бет тырнасар еді, Нағима оны істемей, тоқалды нақ бүйірден ұрды. Тоқалдың қолы уысталған шаштан босады; демін ала алмай, жанында тұрған әйелге сүйенді, шаңқылдасқан ұрыс, жылаған бала, арсылдаған ит дауысымен ауыл ың-жың боп кетті...
Ақ төбеттің тақымдауымен Қайдар жүгіріп бұзау арбаға енді жете бергенде, сиыр арасында ербиіп тұрған адамды көрді. Бұл қажының «аттан!» салып жатқан кезі еді. Жалт бұрылып томарға қарай жүгіргенде, әлгі ербиген адам мұның өкше ізіне түсіп, ал қу... қанша жүргірсе де, құтыла алмасын сезіп Қайдар қалтаға қол салды, наганын суырып, жалт бұрылды:
— Қаламысың?.. Атамын!..
Ербиген дене — өзінен өзі құлап түскендей боп қалбаңдады. Қайдар танып, күліп жіберді:
— Құдай атсын сені, Құлтума! — деді.
— Мен қайтейін... Ұйықтап қалған екем. «Аттан» салып жатқан соң тұра ұмтылғаным еді, — деді ол.
Томар жақпен оралып бұлар Құсайынның үйіне беттегенде, андап келе жатқан адамдар тап болды. Бұл — Қайдардың өз жолдастары еді. Сақадай сайланған ұрылар қас қаққанша киініп үлгіріп, Қайдар қолға түсіп қалғандай болса, босатып алып, осы түнде жөнеп кетпек боп ұйғарысқан екен.
Бұлар қажының үйіне келгенде — шулаған дауыс басыла түсіп, бітімшілердің «әмір мағрүпке» кіріскен кезі еді. Өтірік талықсып тоқал отыр. Таяғымен жер шұқып қажы тұр. Жұрттың көбі көйлекшең, жалаң аяққа кебістің басын ілген, күн шығыс жақ бозаң тартып, бұлдыр сәуле біртіндеп жарыққа бейімделіп бара жатқандай. Әсіресе, ақ отаудың босағасына сүйеніп тұрған Нағиманың ақшыл беті, қиылған қасы, иықты көмген қою қара шашы — ала-бөле көзге айқын көрініп тұрғандай. Ашу қысқандықтан болар-ау, қажының алдында жалаң аяқ, жалаң бас тұр. Әшейінде болса, кешілмес күнәға саналған болар еді.
Кемпірлеу әйел Нағимаға жақындап:
— Келін шырағым, үйіңе бар... Жат кісілердің тұрғанын білмеймісің? —деді сыбырлап.
Үйінен шығып, ілби басқанға ентігіп, Кәтимә бәйбіше келіп жетті.
— Бұл не сұмдық? Түн ішінде елді шулатып жүрген кім? — деді Кәтимә.
Ұйлығып тұрғандардың ешқайсысы бәйбішенің бұл сұрауына жауап бере алмайтын секілденді. Аздан кейін тоқал әлсірей сөйлеп:
— Ана... Салдақы келінің... — деді.
Босағаға сүйенген Нағима шіміркенген адамдай орнынан қозғалды. Нағимадан бұрын бәйбіше сөйлеп:
— Қой әрі... Сен де жоқты айтады екенсің... Неғып тұрсыңдар мұнда? Тараңдар! — деді жұртқа.
Жұрт үйді-үйіне тарады. Түн көрпесін сілкіп ашқандай боп таң жарығы дендеді. Қажы құман алып, қырға қарай асты. Қажының төсегінің бас жағында бәйбіше мен тоқал ауыздары жабысқандай боп күңкілдесіп отырды.
— Бұған келген кім болады сонда? — деді бәйбіше.
— Менімше, бұған келген Зарып бала болу керек!—деді тоқал.
Бәйбіше «ім, м...» деп төменгі ернін тістеді.
* * *
... Көрінген жерден тартып мінген семіз аттар ақ көбігі бұрқырап, шиыршық атып келеді. Жалақ ерінді шикіл сары солдат астына мінген тобылғы торы атты бауырлата ұрғанда, ат ышқынып, жүк әкеле жатқан Боқбасар мен Имаштың арбасына соқты. Торы ат орғып, ілгері қарай ала жөнелсе де бірсыпыра жерге шейін шауып барып әлгі солдат қайтадан оралды.
— Айда атыңды!..
Бейбастақ солдаттың дауысы естілгенде, Боқбасардың жүрегі зыр етіп, көк шолақты шаужайдың астына алды. Солдат көпірініп, білектей жуан қамшыны көк атқа да сілтеді, Боқбасарға да сілтеді. Боқбасардың шидем шекпенінің шаңы оқта-санда бір бұрқ етеді. Шынында қамшының тигенін елейтін Боқбасарда күй де жоқ, ауылдан шыққалы осы қамшы әлденеше рет тигендіктен еті де үйреніп кеткендей еді.
Имаш оқта-санда артына бұрылып:
— Боқа, айдай отырыңыз... Тезірек жеткізіп беріп, бұл иттерден құтылайық, — деп отырды.
Имаштың жан ашыған жылы сөзі, осының осы сапарда жолдас боп еріп шыққандығы — Боқбасар отағасына үлкен демеу сықылды еді.
Имаштың дауысы әрдайым селт еткізіп оятқандай боп, Боқаң делбесін жиынқырап ұстап, аз да болса да бойын жия түскендей болады. Сүйткенше болмай, жүйрік қиял дедек қағып ауылға, бүгінгі болған оқиғаға сүңгісе, Боқаңның тынысы тарылып, іштен мүжілу басталады. Бала тәрбиесі, әсіресе әйел баланы еркін өсіріп, өз теңіне қосу — алдымен әкенің борышы. Боқаң өзінше, осы міндетті орындау жолындамын деп ойлаушы еді. Қыз айттыра келгендердің ешбіріне қызын бермей қасарумен келсе, бұл Боқаңның кесірлігімен ғана болған жұмыс емес, мұның негізі — «баланы жылатпай, теңіне қосу» — дегеннен шыққандығы сөзсіз еді. Сүйткен баланың бірі бүгін ойдағы жоқ оқиғаға ұшырап, адам шошынарлық масқаралықтың таңба боп басылып отырғандығы мынау...
Боқаңның көзі жаспен кіреукеленді.
Тынбастық тынысты тарылтып, адам бойын дел-сал ғып езе түскендей. Жолдың шаңы бұрқырап көтеріліп, қайда барарын білмегендей — маңайынды орай түседі. Шаңға араласып ызыңдап маса, сона жүр. Көкшолақтың қақпыш денесінде тер белгісі сирек көрінетін еді, бүгін — мұның үсті де малмандай тер.
Әлденеге елеңдегендей боп Боқаң басын көтерді. Имаш жайдақ арбадан аяғын салбыратып, бір қырындау отырыпты. Әлгі қоқаңдаған солдат сұлқы басылғандай боп, Имашқа қатарласып, сөйлесіп келеді. Имаштың қалпында имену-жағыну деген жоқ; тіпті өзін содан жоғары ұстайтын адам секілді. Орыс тіліне қалай ұста!.. «Апырым-ау, осы өнермен, осы түрмен кісі есігінде жүргені несі екен?» — деді Боқаң. Боқаңның қарауында Имаштың пішіні, жаратылыс қалпы қомақталып өсе түсті. Осы күнге шейін осы Имашты жақынырақ танымағаны үшін өзін шілтелеп те алды.
...Соқа үстінде еді-ау: Боқаң көлік суғара кетіп, қас қарайған кезде қосына оралып келгенде, осы Имаш пен Жұмакүлдің сөйлесіп отырған үстінен шықты. Боқаңның әлденеге тынысы тарылып, жоқ жерде ашу шақырғаны... Боқаңның осы қалпын сезгендей болды да, келген жұмысын да айтпастан Имаш кетіп отырды. Бір-екі күнге шейін Жұмакүлдің де қабағы тұнжыраумен жүрген секілді еді... Бұл — ұмытылған оқиға еді, енді келіп еске түсті. Сол жолғы ашуының орынсыздығын енді сезгендей боп Боқаң тістенді: «Әй, мен қақпас па?.. Мен қақпасқа аз!» — деді ішінен.
Боқаң әлденеге жұдырығын түйемін дегенде, арбадан секіріп түсіп, Имаш келіп қатарласты:
— Боқа, шөлдеген жоқсыз ба?
— Жоқ, қарағым...
Өз сөзі Боқаңның өзіне әсер еткендей боп, ой құшағына қайта шомды.
Керуен өтетін «Қарақоғаның» басы қайысып жатқан қалың жол. Жүкшілердің көптігіне көз тұнады. Жамаулы киімді қазақ шалдары шекелері күнге жылтырап, еріндері кезеріп, арбаларының қасында тұр. Қиқайған, мыжырайған ағаш арбалар кейбіреулерінің тегіршігі қирап, көл басына сүйреп тастаған өлекседей боп, анадай жерде топтан бөлек жатыр.
Топ ортасына бірнеше ақ шатыр қатарынан тігіліпті. Қылыш, мылтығы батар күнмен шағылысып, теңселіп жүрген солдаттар. Кейбіреулері арбасы сынған қазақ шалының жанына келіп, «арбаңды неге сындырасың?» — дегендей тепсініп, зіркілдеп тұр.
Боқбасар мен Имаштың арбасы ақ шатырлардың жанына әкелінді. Тоқты мен қымыз түсірілді. Боқбасар мен Имаш арқан-жібін тезірек жиып, қайтқанша асығып жатыр еді, бастықсымақ біреуі:
— Әй, қазақ, сенікі орысша біледі? — деді.
— Білемін, — деді Имаш.
— Ендеше аттарыңды апарып ана сынған арбалардың жүгін тиеңдер.
Имаш жауап қатқанша болмай, бір солдат келіп торы аттың шаужайына жабысты. Шабан торы аяғын зорға көтеріп қозғалып еді, екінші бір солдат қылышпен бүйірден түйгіштеді. Бармаймын деп қалшиған Имаштың бүйіріне де қылыш тиді. Боқбасар үрейленіп, тілі байланып, Имаштың артын тасалаумен болды.
Имаш пен Боқбасардың келгенін қошуақпен қарсы алғандай боп біреулер асығыс жүк тиеп жатыр. Солдаттардың ашуланғанын, сөккенін елемеген секілденіп мелшиіп Имаш тұр; бір сөзіне екі сөзбен жауап қайтарады; кейбіреулері Имаштың сөзіне күлсе, екінші біреулері — бұрқылдап қамшысына жабысады.
Жүк тиесіп жүрген — арық пішінді қара шал — бір пәлеге кездесіп қала ма дегендей боп Имаштың жанын орала беріп, сыбырлады:
— Ерегісіп қайтесің... Бұл шіркіндерде дін жоқ, жазым қылып жүрер.
Күн көлбеп ұясына барды. Мүлгіген тынық түн. Маса дегенің түтіндей қаулап жүргіншілердің есін тандырарлық. Ақ шатырлардың маңы араның ұясындай гүрілдеп даланы басына көтерді. Құсайын байдың қорлы қымызына коньяк араласып, бірсыпыра желөкпелер дауысы жыртылғанша айқайлап ән салды. Әнмен қабаттаса гармон үні шықты. Біреулері — билеймін деген боп, даланың шаңын басына көтерді.
Шатырлардың ғана маңы болмаса, ұзыннан ұзақ созылған керуеннің маңында — адам көзін тартқандай өмір жоқ еді.
Бұл жүргіншілердің алдының ауылдан шыққанына жиырма күндей болған. Бірер күн жүріп қайтамын ғой деп бәрі де елінен азық алып шықпағандар. Көбі — аш, еріндері кезеріп, арбаларының түбінде бүк түсумен жатыр. Сол топтың қатарына Боқбасар мен Имаш та қосылды. Боқбасардың бүгін қандай күйге түскенін Имаш қана біледі. Мылқау адамдай әр кісіге бір алаңдап меңірейген Боқбасарды тірілту үшін күтім керек болды. Ол күтім Имаштан табылды: көк аттың қамытын жастық қылып, шидем күпіні көрпе ғып төсеп, Боқаңды жатқызды...
Жүк тиескен қара шал, жүргіншілердің әрқайсысын аралап, аты туралы, арбасы туралы әркімге ақылын айтқан боп жүріп, Имаштың жанына келді.
— Ал, бала, сөйлеші, бұрын мұндай жолды көріп пе ең? — деді шал, жамбастай жатып.
Көл басының шалғыны көрпе секілденіп төселді. Аспан — қолмен тізгендей боп самсаған жұлдыз. Түн салқын. Маса бәсең. Мұндай түнде мына секілді шалғынға көміліп жатсаң, ой өрекпіп өзіңді ұмыттыратындай әлдеқайда жетелегендей болады. Осы күй Имашта да, мына жамбастап жатқан шалда да бар. Шал ыңғайы әңгімеге тым бейім. Осы көптен жалғыз Имашты ғана қалап алып, соған ойды кернеген ауыр күнді ақтарып салып, бір жеңілденейін деген адамның түрі. Әлдеқайда — алысқа қарай түсіп, жүрегі жарылардай болып күрсінеді. Мұндайда шын мұңдасып, жүрек сырын ақтарысатын адамның өзі сирек. Ылау тартып келе жатқан осы топ, шынында, айдаған мал секілді ығумен келеді. Жол бойы бұлар жәбір-жапаның мың түрлісін көрді. Сол жәбір көргендердің бірде-бірі тіл қатып, мұның қалай деп айта алды ма, сірә? Айта алмады. Тышқанмен ойнаған мысық сықылды осы ылаушыларға солдаттар ойына келгенін істеумен келеді. Үн шығармай көне беретін бір жұрт... Имаштың түрі бұл топтан тіпті бөлек. Мана келгенде осы солдаттарды көзге ілмейтін адам секілденіп тұрды-ау бір. Шалдың айызы сонда-ақ қанған. Жол қағып шаршағандығына, ұйқының қысқандығына да қарамай, сөйлесу үшін сықсиып келіп отырғаны да содан.
Ыстық өткен, жол соққан жүргіншілер — бір жағынан аштықтан бұралып қызыл іңірден ұйқыға шомды. Біреулері ұйқысырап: «апырым-ай, апырым-ай!.. Өлтірер ме екен?» деп, үрейленген күйі басын көтеріп алады.
— Адамның жанынан сірі не бар екен? Жынданып кеткендей жұмыстың талайын көрдік, сонда да сау келеміз... Мына сандырақтап жатқандар — күндізгі ойын айтып жатыр-ау, — деп шал күрсінді.
Шалдың аты Ыбырай екен. Ескі жарғақты жанқалтадан шығарып, бас бармағы мен сұқ қолының арасына азғана насыбайды қысып алып мұрнына иіскейді. Бірер түшкіріп алып ұйқыдан оянғандай көзін жылтыратып ашып, Ыбырай шал сөзіне кірді:
— ...Сендер жассыңдар ғой, балам, біз не көрмедік? Сарыарқаны көшпенділер қаптағалы талай қиялардан өттік қой...Біз мына сегізінші ауылдың адамымыз. Жеріміз өте кең болушы еді. Шұрайлы еді. Көрінде өкіргір Мұстапа, баяғы талас штатта бізді жеңіп болыс болатында, біздің жерімізді сырттан сатыпты деген сөз бар... Қар кетіп жатқан аласапыран кезі еді. Әйеттің өзені бұлан-талан болып, тасып, шағырлы алапта қалың сең бірер күннен бері буылып тұрған. Бір күні кешке жер қайысқан жүргіншілер күн батыс жақтан келді де, сол шағырлы алаптың тұсына түнеді. Қара жолмен кім жүрмейді, жүргіншіден жер қору деген бұрынды-соңды әдетімізде болмайтын... Кешке жақын мал қайырған балалар әлгілер буылған сеңнің үстінде жүр дегенді айтысып келді. Жолаушы шіркін өлерін біле ме деп күлістік те қойдық. Арғы бетте «Қарасулы сай» дейтін сай болатын, бір өзінің шебі рулы елді асырағандай... Жасекең тұқымын анау-мынау деушілер де жоқ емес қой. Әйткенмен, сол сай шыны Жасекең шаңырағына ғана арналып жаратылған секілді еді: мыңдаған малы қыс бойы сол сайда бағылып семірумен шығар еді. Қарасулы сайдың шөбін жеген малдың жалы үзілген емес. Жарықтықтың жері-ай! Шөп шабар кезде байдың үмесіне барар едік. Рақила бәйбіше саба-саба қымызды тиеп, семіз бағландарды арбаның артына таңып, шөптің басына келер еді. «Байдың ісі пәрменмен» — деген рас қой, бір-екі күндік үмеге бола сайдың басына апарып үй тіктірер-ау... Сол сайды алғалы жатса... не жаның шыдар? «Осылай да осылай, бір сұмдық болғалы жатыр», — деп Жасекең ауылына кісі шаптырып ек, байдың үйі адамы өлгеннен жаман у-шу бопты. Қайтсын-ау, Қарасулы сайға Жасыбай тұқымы ие болғалы — тышқан ғана жүгірмесе, бөтеннің малының тұяғы тиіп көрді ме екен? «Менің аруағым көтерілсе, Шаңқанның жігіттерінің арқасында көтерілген. Шаңқанның жігіттері сау тұрғанда маған ешкімнің тісі батады деп ойламаймын... Шалдарға сәлем айт, жұртшылығын істесін, өзім де барып жетермін!» — депті-ау байы...
Жасекеңе қарағандар атты қойды. Құрылған шептен қарғытып өтіп, араласып келіп кеттік... Онша қартаймаған күнім ғой, атты қарғытып өткенде көзім қанталап кетсе керек, ешнәрсені көрместен шоқпарымды сілтей беріппін... Бір рет шекем дың еткендей болды. Аз мүдіріп қалып ұйқыдан оянғандай көзімді ашып алдым. Бет-ауызын жүн басқан тапал бойлы бір орыс қабағын түйіп, тепсініп, бірдеме деп былдырлап тұр екен. Ол кезде орыстың тіліне түсінеміз бе, шоқпармен әлгіні сілтеп өттім... Артынан барып білдім-ау; ол байғұс менің басымның жарылғанын көріп, өлесің ғой деп аяп тұрғаны екен. Өзім сияқты қара қасқаның бірі екен, артынан соның өзімен тамыр болып кеттім...
Ыбырай шал насыбайды мұрнына оқта-санда бір иіскеп қойып, басынан өткенді жыр қылып соға берді.
— Баяғы төбелеспен қала салғандар қалай болды? — деді Имаш бір кезде.
— Олардан текке үркіппіз ғой, ол — өзіміз сияқты бейбақтар екен; ағайыннан бетер араласып кеткен кісілеріміз болды...
Ыбырай шал бір кезде жан-жағына қаранып алып, дауысын бәсеңдете түсіп:
— Мына атты казак дегендерің жалғыз біздің қазаққа ғана әкіреңдей ме десек, әлі жеткеннің бәріне істейтіні сол екен ғой, жақын арада сол көрші поселкамыздың еркек кіндіктісін қамшымен тіліп, шиедей қан қылды. Мүлік талау, әйел басу дегеннің шегі болмады, — деді күрсініп.
— Ұрған себебін білдіңіз бе? — деді Имаш көтеріле түсіп:
Ыбырай шал бірсыпыраға шейін үндемей, әлдеқайда алысқа көз жіберіп, ауыр ойға батқан адам секілденіп отырды. Арба түбінде жатқан жүргіншілердің кейбіреулері сандырақтап сөйлеп, біресе жылаған тәрізденеді. Ыбырай басын шайқап, күрсініп, аздан кейін Имаштың сұрауына жауап беруге кірісті:
— Осы күні «ақ» пен «қызыл» деген шығып жүр ғой. Біздің поселкамыз сол «қызылдың» жағында болса керек, Федоров Алексей дейтін... ұмытып бара жатыр екем-ау: баяғы қала салдырмаймыз деп төбелесетінімізде маған жаны ашитын сақалды орыстың ағы Федоров Никанур еді. Мына Федоров Алексей соның баласы. Жас күнінде көп сөйлемейтін тұйықтау бала еді өзі. Неге екенін білмеймін, соның мінезі бала күннен өзгеше болды: «қазақ тілін үйренемін» деп өмірінің көбін біздің ауылда жүріп өткізетін еді, осы күні қазақ тіліне келгенде өзімізді мүдірткендей... Зеректігін айтамын-ау... Ольга дейтін қарындасы бар еді, ол қазақ тіліне Алексейден де өткен. О да көбіне біздің үйде жүріп өсті. Рабиға дейтін менің ержетіп отырған қызым бар, Ольгамен түйдей құрдас, екеуінің татулығы адам баласында сирек болатын татулық... Ел өсегінің жанды күйдіретіні де көп болады-ау: Никанурмен әкей-үкей араласқанымызды мың саққа жүгіртіп, «Ыбырай шоқыныпты» деп те өсектеді жұрт. Мейлі өсектей берсін дедім. Жасым алпысқа келген екен, ораза, намазын бір жөндеп орындаған емеспін, мұсылман болғанда не жаратыппын?.. Никанур өлгенде жұрттың өсегіне де қарамастан, мен соның жаназасына бардым. Алексей солдатқа алынарда — өз балам алынатыннан жаман қынжылдым... Сол Алексей былтыр солдаттан келді, тұла бойы толған құрал. Үйінде баяндап тұрмады. Біздің үйге де тым сирек қатынады. Апырым-ау бұған не болды? Әлде, маған ренжіген жері болды ма екен?.. Алексей жоғында шешесі мен қарындасын өз адамымдай көріп-ақ қарасып ем ғой деймін... Сейтпек дейтін жақын інім бар, Алексеймен сол араласып жүрді. Бір күні содан сұрадым: Алексей неге сырт беріп жүр? — деп... Алексейдің неге жуымай жүрген себебін Сейтпек айтқанда, жүрегім тас төбемнен шықты...
Ыбекең сөзін осы жерде бір үзіп, әлденеге елеңдей түсіп, жан-жағын тегіс шолып алғандай болды. Ыбекең сөзіне ынтығы күшейіп Имаш оған жақындай түсті. Ыбекең дауысын тым бәсеңдетіп:
— Оның себебі мынау екен, — деді. — Алексей — қызылдардың бастығы болып келген екен. Әскер жиып, ақтармен соғыспақшы боп жүр екен... Мені шатастырмайын деген боп, өзінше сақтық істеп жуымай жүргені екен... Мен көп ойландым. Ақыл айтатын әкесі өліп кетті. Сосынғы сыйлайтын адамы — мен сияқтымын. Жастық желігімен істеп жүрген жұмыс боп, ақыры насырға шапса, обалына кім қалмақ?.. Үйге шақыртып алып, тоқтау айтып көріп ем, тоқтасын ба... Тілімді алмадың деп ренжімедім де, өйткені бастап жүрген жұмысы тым теріс жұмыс секілденбеді: оның айтқаны болса, кедейдің бағы ашылатын... Ақтың әскерінің сол поселкаға бүйідей тиіп жүргені, міне осының салдары еді. Поселканың өзі екі жік: — байлары бір өңкей де, кедейлері бір өңкей. Орыстай ауыз бірлігі күшті халықты көрмедім: арқаларының қаны жосадай боп ағып жатса да, Алексейді ұстап бермеді ғой...
— Қазірде де сол қалада ма Алексей?
— Сол қалада...
Көл басы жым-жырт. Ақ шатырлардың маңындағы шу біртіндеп басыла келіп, ақырында таза тынды. Түн салқыны бұрынғысынан да үдеді. Киімі жұқа адамдар бұйығып, бүк түсіп, арбаның астына таман кіре түсті. Ай, таба нандар дөңгеленіп, сап-сары болып көктің жиегімен көтеріліп келеді. Көл жиегіндегі қызғыштар жайылған аттардан ба, күзеттегі солдаттан ба, үркіп ұшып, оқта-санда ойбайын салып безілдеп көкке шығады. Күзеттегі солдат мергендігіне сенген адамдай, ай сәулесімен көлендеген қызғышты атып кеп салады...
Ыбекең шал әңгімесін бітіріп, Имашпен қоштасып өз арбасының қасына кетті. Боқбасар отағасымен қатарласып Имаш жатыр. Көзі ілінер емес: ұшы-қиыры жоқ түпсіз ой құшағына алып, бірінен соң бірін әкеп алдына тартып тұрғандай. Өмір тартысының не ауыр кезеңдерін басынан кешірген адам Имаштай-ақ болар, орыс-қазақ байларының талайына жалданып көрді, біріне де тұрақтамады. Тұрақтамағанда еңбекке қыры жоқтықтан емес, байдың орынсыз үкіміне көнгісі келмегендіктен. Бүгінгі той үстіндегі Итбайдың ылаңы, соның салдарынан орынсыз тиген таяқ Имаштың есінен өмірі кетпестік еді. Бірақ Боқбасар отағасының үйінде болған сорақы жұмыс — Имаштың өз басында болған жұмысты ұмыттыратын секілді. Боқбасардың үйі солдаттың ойыншығы болып жатқанда, Имаш желі басында Нағимаға бие саудырып тұр еді-ау. Ондай өрескел жұмыс болады деп кім ойлаған? Имаш соң біліп, бармағын тістеді. Боқаңның үйіне баруға жүзі шыдамайтын секілденеді. Көп араласып, ашына болған үйі де емес. Әйткенмен, сол үй дегенде — өзінше бір жақындық сезеді. Әлдеқалай ұшыраса қалса, Жұмакүл де бұған жылы шырай беріп, осымен бір ауыз болса да, тіл қатысуға құмартқандығын білдірткендей болып тұрады. Бұл сияқты жылы жүз, тілсіз ұғынған достық белгісін Имаш өз өмірінде бірінші кездестіруі болар... Боқаңды жөнелте келгенде Жұмакүлдің бетіне Имаштың қарай алмағаны да осыдан еді.
Имаш ауыр күрсініп көзін ашқанда, салқын самал бетке ұрып, көк жиегі бозғыл тарта бастап еді. Жүргіншілер ербиіп бастарын көтерісті. Көліктерін жегіп, қара жолға түсіп, күн батысқа қарап бет түзеді. Сол көптің бірі боп Боқбасар мен Имаш та кете барды...
* * *
Шаяқметтің әйелі Нұрбикені кейбір жақтырмайтын кісілері — «көк езу» дейді. «Көк езу» атануға Нұрбикенің мінезі себеп: біреуді даттауға, өсектеуге Нұрбикедей шебер адам жоқ; бүгін бір әйелмен достасып, шүйіркелесіп отырса, ертеңіне сол әйелге неше түрлі адам нанғысыз өсек таңып отырғанын көресің. Үй арасында не түрлі өсек шықса Нұрбикеден шығады. Нұрбикенің өсегіне ерсе, Күнтуған тұқымына қараған он үй бүйтіп бір жерде отыра алмаған болар еді. Күнтуған тұқымының ымырасының бұзылмауына, Нұрбикенің өсегіне жол бермеуге тырысатын кісінің бірі — Боқбасардың әйелі Дәметкен еді. Нұрбике үй арасына іріткі салса, бүтіндеуші Дәметкен болатын. Сондықтан, Нұрбике — өзіне бірінші қас адам деп Дәметкенді санайтын.
Дәметкеннің үш қызы Нұрбикенің көзіне сүйел болып қалады. Дәметкен сияқты «дұшпанның» қызын ел көзіне масқара ғып шығармаса, Нұрбикенің кегі бітер ме? Сондықтан алдымен үш қыздың әрқайсысына сиымды ғып ат қарастырды: Жұмакүлге «дүрдек» деп ат тақты. Ырымкүлді «көбелек» деп атады. Осы атты ел аузына сіңдіремін деп Нұрбике бірсыпыра азаптанса да, сіңдіре алмады; ел көзінде мазақ атпен аталғандай бұл қыздарда ұнамсыз қылық болмады. Қайта көпшілік Дәметкеннің тәрбиесін айтып дәріптеп, бұл қыздардың беделін өсіре түсетіндей еді.
Нұрбикенің өшпенділігі өсе түсті. Боқаң ұрт мінезділігіне салынып, тұс-тұсынан қаптаған «құдалардың» бетін қайтарып, біріне де икемдемей жатқан кезде — Нұрбике мұны көпшілікке өзінше түсіндірмек боп әуреленді: «тәйірі, әкесі бермепті — дегенге нанасыңдар ма? Әкесі бермек түгіл лақтырып жіберер... Оның мынадай масқарасы бар...» деп тыңдаушыны ынтықтыра түседі де: «қыздың өзі сау емес... Қыз бүлінген... Ойбай-ау, сұрама... Әкесінікі — қулығы, қызын арашалау үшін кінәні өз мойнына алған болмақ»— дейді.
Нұрбике осы сияқты өсекті көбіне Жұмакүлге тағуға құмар. Дәметкенге қанша өш болса, Жұмакүлге де сондай өш... Өш болатын себебі мынау еді:
Оған бір жыл болып қалды. Күздің күні еді. Ауыл адамдарының көбі қырғы кәсібінде жүрген. Жұмакүл де қырғы кәсіпте: шөп тасиды, егін тасиды... Бір күні Нұрбике бұзау қайтарып жүріп, жол үстінде Жұмакүлге кездесті: бір арба егінді тиеп алып, Жұмакүл өзендегі қыстауға құлап келе жатыр еді. Киімі тым жұпыны. Бет-аузы шаң, топырақ. Мына түріне қарап Жұмакүлді бой жетіп отырған қыз деп ешкім де айта алмас. Әсіресе, Нұрбике осылай қарайды ғой. Ауыл адамдарының жоқты дәріптейтіндігіне таң болып: «осы қызды не деп ауыздарынан тастамайды?.. Жасым отыз беске келіп отырса да, осы қыздан мен кеш ілгері емеспін бе?» — деді Нұрбике сол жерде ызаланып.
Ызаланған Нұрбике — кездескен жерде тісін бір батырып қалмақ болып тағы да:
— Қырда көңілді болатын шығар-ау... Бозбала біткен сонда ғой... — деді мысқылдай күліп.
Тиелген егіннің үстінде көлбей жатып келе жатқан Жұмакүл Нұрбикенің мына сөзін есіткенде — кенет басын көтеріп алды. Нұрбикеге қадала қарады. Қарауы тым қатаң еді... Орынсыз соқтыққанын тап осы жерде сезген секілденіп Нұрбике тезірек жуып-шайып құтылудың жайын қарады.
Жұмакүл арбадан секіріп түсті. Мына секілді тау қып тиелген арба түгіл, Нұрбикені екі аяқ арбаның белінен де секірте алмассың... Жұмакүлдің осы сияқты істері-ақ Нұрбикенің ішін күйдіріп болады.
— Жаңа не айттың, жеңеше? — деді Жұмакүл қатарласа жүріп.
Нұрбике ашуланарын да, жайдарыланарын да білмеді. Сездірмеймін дегенмен үрейленіп қорыққандық бет әлпетінде белгілі тұр еді.
— Неге қоймайсың өсегіңді?.. Не жазып ем мен саған? — деді Жұмакүл қатуланып.
Нұрбике «адал ойымды арамға жорыдың» деген боп, бұрқылдап ашуланған түр көрсетті. Осы айламен құтылармын деп ойлады. Бұзау қайыруды сылтау ғып, тезірек алыстамақшы да болды.
Нұрбикенің сытылып кетуге ыңғайланғанын сезді де, Жұмакүл не істесем екен дегендей боп ойлана қалды. Үндемей қалғанмен, Нұрбике оның қадырын білер ме? Ауылға бара үйден үйге жүгіріп сүйрендейді ғой: «мен осылай дедім, Жұмакүл бетінен басып, үндей алмай қалды», — деп. Біреу болмаса біреу нанып, өсекке өсек жалғанып жүрсе, одан кейін басыңды арашалап көр?.. «Жоқ, мұның үнін өшірейін!..» — деді Жұмакүл. Одан арғы жұмысына есеп бермеді. Ұмтыла басып Нұрбикеге тап берді: қамзолының иығынан қапсыра ұстады. Ұстаған ыңғайында сілкіп-сілкіп қойып еді, Нұрбикенің басы қалтаң-қалтаң етті.
— Неге ысырыла жөнелдің?.. Аяқта сөзіңді!.. Аяқтатпай жібермеймін!.. — деді Жұмакүл сұрланып.
Нұрбике састы. Осындайда көз жасының оңай тұратындығы-ақ жақсы, төгіп-төгіп жіберді.
— Өлтір!.. Өлтір!.. Сенің қолыңнан-ақ өлейін, — деді мүсәпірленген түрмен Нұрбике.
Жұмакүл оған жібімеді, бұрынғыдан да қаттырақ сілкіп тартты. Нұрбике бұл жолы қылғына бастап, көзі қарауытуға айналды. Бар дауысымен шыңғырды. Дауысы өте жексұрын шықты...
Жұмакүл, — артынан ойлағанда, — осы ісін өзіне мықты мін көрді. Қыз басымен жақын жеңгесіне қол жұмсау — қазақ әдетінде болмаған жұмыс. Айта берсең, қазақ әдетінде «Қыз» деген атақ өте таза, нәзік, құрметті секілді: оған бөтендер де қағылмауы, өзі де бөтенге қағылмауы керек секілді... Нұрбикемен арасында болған мына оқиғаны ешкім көрген жоқ, әйткенмен мұны жұртқа Нұрбикенің өзі жаяды. Жайғанда — мың түрлі пәлені араластырып жаяды...
Солай болды да: бірер күннің ішінде ауыл іші осы әңгімені айтып жыбырласумен болды. Әйткенмен, ауылдың көпшілігі Жұмакүлдің бұл ісін мақұлдасқан секілденіп: «сол керек көк езуге!.. Жұмакүлдің үстінен түспейтін неме ғой... Танытқан екен әкесін!» — десті.
Осы оқиғаның тұсында жалғыз-ақ Кәтимә бәйбішенің пікірін ашық білу қиын болды: ол біресе Нұрбикені шақырып, соны мүсіркепті-мыс деген сөз шығып жүрді. Соның артынша болмай Дәметкенді шақырып алып, Жұмакүлдің ісін мақұлдағандығы тағы естілді...
...Дауылбай Күнтуған тұқымына қыз айттырмақ болып келгенде көздегені Жұмакүл еді. Боқаң үйреншікті әдетін істеп қарысып отырып алды да, Күнтуған тұқымының басқалары қосылып Шаяқметтің қызын Жұмакүлдің жолына құрбандыққа шалған секілденді. Осыны істегенде бірде-бірі Нұрбикеге сөз сала білсеші!.. Нұрбикенің сол күнгі күйгенін көрсең!.. Қара пышақты жалаңдатып Шаяқметке екі-үш рет төнді Нұрбике: «сен шірікті тірі қойғанша жарып өлтіремін!» — деп. Шаяқметті бүргенмен кек бітпейтіндігін сезіп, Нұрбике сол күні Боқаңның үйіне беттеді. Қара пышақ қолында еді. Қатерін тіккені — Жұмакүл еді... Сол бетінде өзінше еш нәрседен тайынатын түрі жоқ еді... Жақындап келгенде есік алдына Дәметкен шықты. Оған жалғас Жұмакүл шықты. Нұрбикенің не үшін келе жатқанын Дәметкен сезіп, шошынған түрмен босағаға таман шегініп, дұға оқыды білем — аузын күбірлетті. Жұмакүл Нұрбикеге қарсы жүрді.
— Неге бедірендің, бетпақ! — деді Нұрбике қалтыранып.
Дегенмен, Жұмакүлге тым жақындамай, бөгеліп тоқтады.
Ауыл адамдары самсап есіктерінің алдына шықты. Бәрінің көзі осы екеуінде. Біреулер ұмтыла басып осылай қарап жүрген секілденді.
— Қайт үйіңе!.. Ойнайтын кісің мен емес...
Осыны айтып Жұмакүл ілгері қарап бірер басты. Аралары тым жақын. Нұрбике пышақты қымқыра ұстады. Кенет салып кеп қалуға болмай ма?.. Жоқ, болмайды: Жұмакүлдің көзі — пышақта, Нұрбикенің әрбір қимылын ол аңдып тұрған секілді. Нұрбике қозғала бергенде-ақ — Жұмакүлдің тап беруі даусыз; одан кейін қара пышақ Нұрбикенің өз көкірегіне қадалып жүрмесін...
— Салдақы!.. Салдақы!.. — деді Нұрбике булығып.
— Кетемісің?.. Жаның керек болса, кәзір үйіңе бар!..
Нұрбике шегінді. Шегінбеске болмады, Жұмакүл түтіп жейтін адам секілденіп ұмтылды. Ауыл адамдары араға түсті. Әрқайсысы өзінше соқалап, басалқы айтқан болып жатты. Кемпірлер жағаларын ұстап:
— Жұмакүл қарағым-ау, сол кәпірмен қайтесің ызғысып, ақылың бар еді ғой сенің, — деген болды.
Тағы қорлық. Тағы Нұрбике тентек... Бұл жолы Нұрбике ұятты қойып, ауыл қотанында отырып жер тепкілеп жылады.
Содан былай Нұрбике өлім тіледі. Ел көзіне көрінбеймін деп төсектен тұрмай жатты. Ешкіммен сөйлеспейді де, жалғыз-ақ Кәтимә бәйбіше келгенде шарасыздан басын көтерген болды.
— Жүре ғой келін... Бала-шағаны жұмсағанша деп өзім келдім... Қымыз іше ғой жүріп, — деп бәйбіше көлгірсіп, Нұрбикені төсектен еріксізден тұрғызғандай болды.
Нұрбикені осынша мүсіркеп, бәйбішенің өз аяғынан келіп шақырғаны — ауыл адамдарын таңырқатты. Екі ағайынның араздасқанын көрсе, осы бәйбіше еш уақытта соның арасына кірмей қалған емес. Әсіресе, осы Күнтуған тұқымының арасынан жарықшақ шықса, бәйбішенің қыстырыла кететін әдеті.
Бәйбіше қымызды сапырып отырып, Нұрбикенің қыбын таба сөйлейді: жылатып та алды, күлдіріп те алды... Нұрбикенің қызының Асамбайға берілу айыбын Боқбасардың үйіне төндірді:
— Бәтір-ау, өгіздей ғып сол қызды сақтап қайтпекші? Асамбай алмағанда — ол қызды кім алады екен? — деп бір қойды бәйбіше.
— Іш келін. Қайғырып қайтесің... Тәп-тәуір боп өсіп келе жатқан бала еді... Мен ылғи айтушы ем: Нұрбике келіннің осы қызы бір бақытты адамға душар болар, — деп.
Тағы жылады Нұрбике. Бәйбішенің жылы сөзін жарым көңіліне сеп көрді. Тап осы отырғанда осы бәйбішеден басқа жанашыр жақын таппайтын секілденді.
Бәйбіше тағы бір сүре әңгіме айта келіп:
— Әлгі кесір қара айтады: «Нұрбике келін несіне жылайды екен?.. Қызын берем деп әзір ешкімнен мал алған жоқ. Қазір «слабода» заманы, бермеймін десе, қызын ешкім де зорлап ала алмайды» — дейді... Кесір қара-ау ондайың болса, келінге айтып көзінің жасын құрғатсайшы — дедім мен... Ауыл-үй отыр едік ақыл сала білмейді деп, кесір қара сендерге өкпелейді екен. Мен айттым сосын: кесір қара-ау, сен түгіл біздің шалға да сөз салған біреуі жоқ. Жазық келінде емес қой, оның үшін кектенбей-ақ қой, келінге барып, ақылыңды айт дедім...Айтсам, айтайын, — деді ол байғұс. Бүгін шалмен де ақылдасып ем: сен не ойлап жүрсің? Көптен келе жатқан құдайы көршім еді, Нұрбике келінді жылатып қоямысың — деп. «Келіннің өзі біледі. Бермеймін десе, Асамбайдан қорғайтын құдіретіміз бар ғой» — деді шалым...
Бәйбіше қымызды сапыра түсіп, көзінің қиығымен Нұрбикеге қарап қойды. Бұл Нұрбикеге мықты әсер еткендей боп ұрттап отырған қымызын кенет тоқтатып ойлана қалды: рас, Асамбайдың малын әзір алған жоқ... Бірақ, батаны қайтеді? Аты шулы Дауылбай келіп, бата істеп, құда болдым деп кетті. Төрт-бес күннің ішінде алуға келгелі отыр. Бермеймін деп шатақ шығарғанға Асамбай көнер ме? Нұрбике түгіл одан зордың мазағын көрмеймін деп жүрген адам ғой ол...
Нұрбике күрсініп, бәйбішенің бетіне қарады. Қанша айтқанмен көптен арбасқан адамдар-ау; бірінің ойын бірі сезуден де сау емес еді. Асамбай мен Құсайын бай мықты ұстасып жүрген адамдар: өткен жылы Құсайынның бір үйір саяғы ұрланды. Құсайын Дауылбайға адам салды: «жылқымды үйіріне қоссын, әйтпесе ұстатамын» — деп. Дауылбайдың арқа сүйегені — Асамбай. Құсайыннан қаймықса, Асамбайдың аты құрысын!.. Екеуі тіресе түсті. Құсайынның қаруы «Алашорда» болды. Асамбай Колчак үкіметін сағалады. Біріне бірі дүрдиіскенмен, дақ сала алмай, екеуі де іштерінен тынды. Құсайынның жылқысы үйіріне қосылмады. Бұл ұмытылмастық кек еді. Бұл кегін Құсайын өмірлік жіберем деп жүрген жоқ... Нұрбике қызын бермей қайтарып, Асамбай ел көзінде күлкі болса, Құсайынның кегі аз да болса қайтады... Бірақ соңы не болады «Екі нар сүйкенсе, ортасында шыбын өледі» боп істікке түйрелетін Нұрбике үйі болмай ма?..
Не дегенмен Нұрбике өз пайдасын білмейтін де кісі емес. Біреуге күншілдік істеуінің өзі де сол менмендігінен тумақшы ғой.
Нұрбикенің ойын кенет екінші нәрсе бөлді: апырым-ай, осынша бүлінгендей бұған не боп еді? Асамбай сияқты адамға қол артудың өзі бақыт емес пе?.. Жат жұрттық боп жаралған бала — жасқа тигенде бақытты бола ма? Кәріге тигенде бақытты бола ма?.. Асамбай сияқты адамға әйел боп, «ерке тоқал» атанып, ауыл аймақты бір шыбықпен иіріп отырғанның өзі қандай қызық!.. Апырым-ау, Нұрбике мұны бұрын неге ескермеген?.. Осы бәйбішенің өзі арамдықтан сау ма? Нұрбике Асамбайға қол артса өзімен тең түсіп, аяғын басып кетер деп, осы бәйбіше қауіптеніп отырған жоқ па екен?
Бірер күрсініп басын көтергенде Нұрбикенің шырайы бұрынғысынан әлдеқайда дұрысталып еді.
— Қайтеміз, құдайдың жазуы шығар... Жат жұрттық бала ғой. Ақ батаны бұзып, «бұзық қатын» атана алмаймын... Мен енді қойдым, — деді Нұрбике.
Бәйбіше шошына қарады. Нұрбикенің тостағанына үстеп қымыз құйғалы жатыр еді, үстеп құюдың орнына тостағанның ішіндегі қымызды шараға аударып, тостағанды төңкере салды. Үлкен ашуға мінгендегі әдетін істеп болбыраған беті жыбыр қақты. Қымыз толы шараны шайқалдырып сабаға таман ысыра салды да, төрге қарай бұрылып аяғын көсілді. Тап осы отырысы — «сенімен енді жұмысым жоқ» деген адамның кескіні еді. Нұрбике осыны сезгендей үндемей үйден шықты...
Нұрбике бұрынғы әдетімен ауыл әңгімесіне араласып кете қоймағанмен, тойды онша жабығып та қарсы алған жоқ. Қонақ тәрбиесіне Күнтуған тұқымы түгел қатынасу керек болды да, Дәметкен, Жұмакүлдер де сан-сапалақ араласып кетті. Дәметкен мүлде билеп-төстеп:
— Келін, сен отыра бер, мен үлгертемін ғой, — деп қонақ тәрбиесін түгел қолға алғандай болды.
Нұрбике бұған да қарсы болмады. Абысын-ажын болып бұлардың бір шүйіркелескені де осы жол еді... Бірақ ұзамай жоғарғы әскер бүлігі — бұлардың арасына тағы керте болды. Дәметкен ойламаған оқиғаға кездесіп, «жұртқа қарар бетім жоқ» — деп ойлады өзін. «Жығылған үстіне жұдырық» секілденіп Боқаң ылау айдалды. Ауыл іші әлдеқалай тына қалған секілденіп, әңгімелерінің көбі сыбырға айналған тәрізденді. Сыбыр сөз Дәметкенді от боп өртеді. Ырымкүлдің көңілін сұрай келген адам — Дәметкенге мазақ ете келген адам боп көрінді. Жанындай жақсы көретін талай келіндеріне, абысындарына Дәметкен теріс қарайтынды шығарды... Жұрт сыбырды одан әрі үдетті. Дәметкеннің осы ойын сезгеннен кейін, ауыл адамдары қаймығып Боқаңның үйіне қатынауын тоқтатты.
Нұрбике келіп есіктен қарағанда Дәметкен осы күйде отыр еді. Тегін келмегендігін Нұрбикенің жайраңдаған жүзі айтып тұр еді. Не істеу керектігін Дәметкен ойлап үлгіргенше болмай Нұрбике Ырымкүлге төне түсіп:
— Бетім-ау, тамағының астын да жаралап тастаған ба?.. — дегені ғой.
Дәметкеннің ышқынғанын көрсең!.. Қалш-қалш етіп Дәметкен орнынан бір тұрып, бір отырды. Не істемекші болғанын өзі де білмеді, Дәметкен қысылғанда — көмек көрсететін адамы Жұмакүл ғой. Жұмакүл тағы жәрдемге үлгірді: Ырымкүлге төніп отырған Нұрбикені ту сыртынан ұстады да, есіктен сүйрелеп, желкесінен бір түйді. Нұрбике жерді сүзе құлап, жаулығы анадай жерге ұшып түсті... Ауылда қонақ жатқанда, Асамбай сияқты адамға «ене» боп атанғалы жатқанда мына сияқты күйге ұшырау — Нұрбикеге жеңіл тие қойған жоқ. Бірақ өткен жолғыдай жер тепкілеп жыламай, кегін сөзбен алды:
— Сорлы салдақы!.. Сазайыңды солдат берсін! — деді ол.
Жұмакүл тағы ұмтылды. Бұл жолы Нұрбике қолына түскенде өлтіріп жіберуі сөзсіз еді, оқтың қиынындай бір адам араға сап етіп жібермегені.
— Жұмакүл!.. Ақылыңа кел? — деді ол.
Жұмакүлді жетектегендей боп үйіне кіргізді. Бұл — жас жігіт Зарып еді...
«Әдебиет майданы»: 1933 ж. № 4.
1935 ж. № 5; 1935 ж. № 12; 1936ж. №1-2
АУЫЛ
(«Қоңсылар» атты романның бір бөлімі)
...Боқбасар мен Имаш он күндей жол жүріп, арып-ашып, табандары тесіліп, ауылға зорға жетті. Осы бір айдың ішінде Боқбасардың басынан мың түрлі жұмыс өткен сияқты болды. Боқбасар бұрынғысынан екі есе қартайып, бұрынғыға қарағанда сақал-шашы ағара түскен сияқты болды. Бұрын, тумаластарым бар, ер жеткен інілерім бар, маған кім тиеді, —дейтін сияқты еді. Сол «інілерінің» қайда екенін де білмей қалғандай болды. Аз уақыттың ішінде Боқбасар өзі туғалы көрмеген бейнет, кемшілік, масқарашылық көріп, жалғыздықты мықтап сезгендей болды. Қол ұшын беретін адам жоқ тәрізденді.
Имаштың бұл елге келіп, Құсайын байдың есігінде жүре бастағанына үшінші жыл ғой. Содан бері Боқбасар мұны сезбей жүрген тәрізді. Өткен жылы, Боқаңдар бір жерде шөп тиеп жатқанда осы Имаш кездесіп, аттан түсе қалып, Жұмакүлдің қолындағы айырды ала салып, шепті бір айырлаған ғой. Бір айырлап, көтергенде бір шөмеледей шөп көтереді. Арба тиеп тұрған Боқбасар, Имаштың лақтырған шөбін алып үлгере алмай, шөптің астында қала жаздаған. Имаштың қайратын көріп, Боқаң сонда бір таңданып еді. Бірақ, ол, көпке бармай ұмытылып еді. Содан соңғы Имашпен істес болғаны осы жолы. Имаш Боқбасарға бұл жолы адам айтқысыз ұнады. Ұнауың сол, Имашты осы жолы туған баласындай көріп кетті. Имаштың арқасында солдаттың таяғынан құтылды. Ауырлық, бейнеттің бәрін Имаш өз үстіне алып, Боқбасарды әкесінен бетер күтті.
Ауылға түн ішінде келді. Боқаңның қыздары, баласы, қатыны — Боқаңнан «енді келмес» деп түңілуге жақындаған екен. Әсіресе Ырымкүл «әкелеп» Боқбасарды мойнынан құшақтап босатпады.
— Қалқам, әйтеуір тірі келдім — мына бір ағаңның арқасында, — деді де Боқаң кеңкілдеп жылады...
Боқбасардың үйі Имаштың сау келгендігіне қуана алмады. Ат пен арбадан айырылып келгендігін естігенде, бастығы бай боп, бәйбіше боп шу ете түсті.
— Бір ат құрлы құны жоқ шірік, сорайып өзі келгені несі? — деп шаптықты бәйбіше.
Құсайын бай дәбдірлеп, жебесін тістеуден әшейінде ауызы босамаушы еді, ат-арбаның жоғын естігенде, әкесі өлгеннен жаман көзі шақырайып:
— Кім таста деді саған? Ат-арбаны тастап неге келесің? Таптырамын! Табасың! — деп тепсінді.
— Біздің атты бермеуі мүмкін емес, осының өзі сатып кетіп отыр,—деп, Әбділда студент бүйректен сирақ шығара сөйледі.
— Айт шыныңды, иттің баласы! Басыңның мылжа-мылжасын шығарармын, — деп, Құсайын бай ентігіп, таяғын ыңғайлай түседі.
Имаш апалақтап, абыржып, сасуынды білмеді. Қандай оқиғаға кездескенін айтып түсіндірмекші еді.
— Өтірік, шылғи өтірік! Ол әскер жаман қаладан әрі кетпейді. Дутовпен қатынасқалы бара жатқан әскер ол, — деді Әбділда.
Имаш Әбділданың бетіне бірсыпыра қарап отырды да:
— Қашып бара жатса да ма?—деді.
— Өй, мынау ит не дейді? Өзің большевик болып келуден саумысың?
— Болған адам бізден кем бе?!
— Е, е.. Тағы, тағы сөйле... Нағыз өзі!—деп Әбділда кекете күлді.
— Осымен сөйлесіп... Ауызынан қанын келтірмес пе?—дейді бәйбіше жұлқынып.
— Әй, айтасың ба, жоқ па?—деді бай бұрынғысынан да шақырая түсіп.
Бұл көзін қадаса, Имаш та қадайды. Именуінді білмейді, «Малайларыңызды бүлдіріп болар, осының өзін шығарсайшы» деп Әшігерей мырза айтқанда да, жұмысқа қарулы деп шығармаған байдың өзі еді...
Әбділда оқыған, тәрбие көрген адамның қалпын істеп, әкесін басқан болды:
— Аттың да, арбаның да құны белгілі. Оны өтемей құтыла алмайды. Тауып берері болмаса, еңбегімен өтер, — деп билік айтты.
Мұны айтқанда, өзінше, малайға көп жеңілдік істедім деп ойлады. Ешнәрсенің жайын білмейтін кейбір жалтақтар шыны осылай түсініп, Әбділданы өзіне қорған деп біліп, бұл билікке құлдық деп бас иген болар еді. Бірақ, Имаш олай етпеді. Имаш Әбділдаға кекете күліп қарады:
— Ол заңды саған кім үйретті?
— Е, неге?
— Нансаң, айтып отырмын. Нанбасаң, сотыңа бер. Сен айтты екен деп мен тегін істей алмаймын!
— Бетім-ай!.. Айырсаңдаршы жағын, — деді бәйбіше тіксініп.
— Атаңның ауызын!... — деп Құсекең шоңтандап, емен таяғын ала ұмтылып еді, Имаш ұшып тұрып қасқия қалды.
— Ұра алмассың!
— Мә, ұра алмай! — деп, Құсайын таяқты сілтеп қалғанда, Имаш шап беріп жабыса түскенде, Құсайынның қолынан таяқ шығып кетті.
— Таяғымды бер деймін, атаңның аузын!... —деп Құсайын қайта жабысқанша, Имаш үйден шығып та кетті.
Байдың үйі астан-кестен, у-шу болды да қалды.
— Масқара-ай! Сұмдық-ай! Құлдың да басынғаны ма?! — деді бәйбіше булығып.
— Ол атаңның аузын ба... Тұра тұрсын, көрсетермін оған, кәзір арбаға таңдырып тастаймын!... Қали қайда, Қали! — деп, Құсайынның ентіккен дауысы ауылды дүрліктірді.
— Саспаңдар, оның емі оңай: Қызылжарда жатқан ақтың әскеріне қазір адам жібермекші ем — солар келсе, бұған ақыл үйретеді, — деді Әбділда күлімсіреп.
Айтқаныңдай сол сағатта-ақ қағаз жазылып, Қызылжарға біреу жүріп те кетті...
Бұл оқиға минутында бүкіл ауылға тарады. Бұрынды-соңды малайдың баймен қарсыласқанын кім есіткен. Қарсыласқан малай қан болып қалмайтын ба еді? Имаш неге олай болмады? Имашты ұра алмау себебі не?
Кемпір-шал бұл оқиғаны өздерінше талқылады:
— Әбділда мырза тигізбеген шығар, әйтпесе, бай оның арқа етінен таспа алмас па еді,-деп «мейірімдікті» мырзаға бейімдегендер де болды.
Әйтеуір, ауыл өмірінде бірінші peт айта қалғандай жаңа жұмыс болды. Байдың ыңғайына көшкіш жалтақ адамдардың талайларына ой түсірерлік оқиға еді.
Имаш байдың үйінен шыққан күйі Молдаш мұғалімнің үйіне барды. Ол, Уфада оқығандығын істеп, көзі ашық адамсып, өзінен басқаның бәрін түк білмейтінге санап, көпіршіп жүретін жігіт еді. Байды да, байдың сөзін сөйлейтіндерді де сырттан кекеп, мұқап отыратын сияқты еді. Осы мінезін ұнататын тәрізденіп Имаш қолы босағанда, осы Молдаш мұғалімнің үйіне көбірек баратын. Молдаштың үйінде газет-журнал да болады, түрлі кітаптар да болады. Молдаш, кейде, үйіне келген адамдарды еліктіріп, өзінше әртүрлі нәрседен түсінік берген болады. Сөзінің көбі Имаш сияқтыларға түсініксіз: «ұлт қамы» «ұлт пайдасы» деген сөздерді аузынан тастамайды. «Қазақ ұлты бірлесіп іс істесе ғана сыбағасын ала алады» — деп үгіт жүргізеді. Әсіресе, соңғы бір-екі жылдан бері «бостандық-теңдік» деген сөздерді аузынан тастамайтын еді.
— «Қазір теңдік болды, сен де адам қатарына қосыласың» — деп Имашқа кездескенде осы мұғалім талай айтатын.
Байдың, Әбділда мырзаның сілкінген екпінін көргеннен кейін Имаш мұғалімнің үйіне келгенде сол айтқан теңдігінің жайын білейін деп еді. Баймен бір қарсыласуға қарсыласты, қарсыласуға қақы бар ма? — осы жағын ашып білмекші еді.
Молдаш мұғалім Имаш барған соң өлең оқыды:
«Бай мен кедей теңелді,
Кедей жетті, кенелді
Бай, кедей боп бірігіп,
Табады ел өнерді» —
Имаш осы сөзге жабыса түсті:
— Мұғалім-ау, осыны шын айтып отырсың ба?
— Қайсыны?
— «Бай мен кедей теңелді» дейсің ғой.
— Өтірік пе? Кәзір бәрі де тең.
— Ендеше, Құсайын бай маған неге таяғын ала жүгіреді?
— Себебі болған шығар, — деп Молдаш мұғалім күмілжіді.
— Не қылған себеп?... Қашқан солдатты алып бар деді, алып бардым. Солдат ат-арбамды бермей, өзімді жаяу қайтарып еді, салбырап үйге келдім. Осыған да мен жазықтымын ба? Солдатты қашырған мен бе екем? Әбділда студент оқыған ғой, дұрыстығын айтады екен десем, «тегін жұмыс істеп өте» — дейді. Теңдігің осы ма?...
— Жоқ, сен түсінбей отырсың, — деді мұғалім қабағын шытып: — Теңдік деп жалпы теңдікті айтады, айдай әлемге болған теңдікті айтады. Сенікі үй арасының ұсақ әңгімесі ғой.
— Мен сол жалпыңның ішіне кірмеймін бе? «Ұсақ әңгіме» деп бай малайын таяқпен сілейтуін тоқтатпаса, оның қай жерінде теңдік болады?
Имаштың сұраулары Молдаш үшін тым терең сұраулар еді. «Уфада оқыдым» дегенмен Уфада оқуына белшесінен батқан адам емес еді. Уфаның медресесінің ішіндегі ең тәуірі «Ғалия» медресесі болса, оның да оқытатын сабағының көбі «құдай бар ма, жоқ па?»—деген Зыя хазіреттің құрғақ пәлсәпесін талқылау еді. Талқылаған шәкірттер түгіл, сол құдайдың бар-жоғын, пәлсәпеші Зыя хазіретіңнің өзі де дәлелдеп, қолға ұстатқандай қып айтып бере алмаушы еді.
Молдаш мұғалімің орысшадан таза еді. Медреседен шыққаннан бергі азық қылғаны — «Қазақ» газетінің жазған сыңаржақ үгіті болатын. Сол үгіт, сол бағыт бұл мұғалімнің миына мықтап орнап қалған. Жиналған адамға кітап оқыса да, үгіт айтса да, осы өлшеуден шықпай ғана айтушы еді. Имаштың сұраулары ол өлшеудің ішінде жоқ, оны, өзінше, уақ мәселеге санаушы еді. «Ұлт жырын жырлаймын» деген боп, үй арасының әңгімесінен өзін жоғары санаған боп, жалпыға бірдей жұмыс атқарып отырған адам сияқтанушы еді.
— Ондай ұсақ әңгімелер үшін кек сақтаудың жөні жоқ. Үйтіп жүріп біз ұлт пайдасын көздей алмаймыз. Бізге бірлік керек: бірлесіп отырып жұмыс істемесек, біз бәйге ала алмаймыз, —деді Молдаш.
Имаш аң-таң боп бірсыпыра отырды. Осының айтып отырған бірлігі не? Құсайын мен Имаш қайтып бірікпекші? Құсайынмен бірігіп алған бәйгеден Имашқа тиетіні не? Құсайынға бәйге алып беру үшін ғана біріге ме Имаш?...
— Мұғалім, сенен тағы бір нәрсе сұрайын, — деді Имаш қозғала түсіп. — Осы күнгі «қызыл» деп жүргендері большевиктер ме?
— Большевиктер.
— Олар бізге пайдалы ма, зиянды ма?
— Талауға түссең, пайдалы екенін көрерсің, —деді Молдаш мырсылдап күліп.
— Талауға түскені қалай?
— Қалай болсын, большевиктікі — талау. Большевик деген сөз — «талаушы» деген сөз.
— Оның қате болар! — деді Имаш, басын шайқап.
Молдаш аңырайып, аузын ашып отырып қалды.
Имаштың мұны айтуға қақы бар еді. Ақтың әскерінің жүгін тартып бара жатқанда, бірсыпыра қолға түскен большевиктерді жүкпен бірге айдады. Үсті-бастары қан, аяқтары тілім-тілім жара, арып, азап көрген адамдарды ақтың солдаттары, жүкшілермен жанастыра, малша айдап отырды. Жеген таяқтың ауырлығынан бірсыпырасы аяғын зорға басады. Әкіреңдеген ақтың солдаты жүре алмадың деп қамшымен сілтеп өтеді. Ұрдың деп именіп, бұғып, ауырсынып жатқан олар жоқ, елемеген боп жүре берді. Ілінісе кетсе, мылтықпен атып жықса да, тілін тартатын емес:
— Біз дұрыстық үшін күресеміз; кедей, батырақ, жұмысшы үшін күресеміз! Біз біреу емеспіз, мыңбыз, миллионбыз, біз өлгенмен большевик туы құламайды! — дейді әлгі ұсталған большевиктер.
Бір рет осы секілді сөзін естіп, Боқаң ығысып Имаштың жанына келіп, кәрі көзін жаутаңдатып, Имаштың бетіне қарап бірсыпыра тұрып:
— Бала, сен түсінетін боларсың, осылар не айтып келе жатыр? — деп сұрап еді.
Имаш түсіндіріп бергенде Боқаң малша айдалып бара жатқан большевиктерге қарап:
— Есіл сабаздарым-ай! — деді.
Отрядтың көпшілігі ілгері кетіп, тұтқындарды айдау үшін жүкшілердің жанында жалғыз Иван қалғанда, Имаш оны иықтап, тұтқындардың ішіндегі жаяу жүре алмай келе жатқан біреуін бірсыпыра жер арбаға мінгізуге сұрап алып еді. Сақал-мұрты өскен шүңірек көз арық сары кісі, кебірсіген ернін жалай түсіп, Имашқа бірсыпыра қадала қарап, сыбырлап қана:
— Сен кімсің? — деді.
— Мен малаймын, — деді Имаш.
Әлгі кісі жайраңдап арып-ашқанын, әлсірегенін ұмытып:
— Қазақтың кедей-батырақтары да біздің тілегімізге ерді ме? — деп Имаштың қолынан ұстай алып еді...
«Осы мұғалім қата айтып отыр, бұл мені адастырғалы отыр. Большевик талаушы емес, большевик кедей, батырақтың шын досы!» — деп ойлады Имаш ішінен. Бұған шейінгі бұлдыр сенім нақ осы жерде тиянақталып, Имаштың бетін бірыңғайлап бұрған сияқты болды.
Асығып, сасып, қалтақтап Боқбасар келді.
— Имаш-ау, мұнда отыр екенсің ғой, жүр үйге!
Имаш та, мұғалім да жалт қарады. Имаш күлімсірей түсіп, Боқбасарға ерді.
Тап сол күні Боқаңның үйі Имашқа өз үйінен артық болды: Имаштың кір-қоңы жуылды, бар тамақ Имаштың аузына ұсталды.
— Жатып тынық шырағым, шаршаған шығарсың, — дейді Дәметкен.
Арып-ашып келген балаға ананың айтатын сөзі ғой бұл. Ыстыққа қақталып, табан еті сойылып келген адамды осы сөздің өзі-ақ қуантып жібермей ме!
Бірақ бұл тынығу ұзаққа созылмайтын болды. Әбділда мырзаның Имашты ұстату үшін солдат шақыртқанын сол үйдің жылқышысы есітіп қалыпты. Сол есіткен хабарын бұлжытпай Имашқа айтып береді.
«Бір мені ұстау үшін отряд келе қоймас қой. Бірақ ел ішіне шығуға сылтау таба алмай отырған әскердің біреуі келсе де менің жұмысымды бітірмей ме? Мені арашалап алып қалатын кім бар!.. Тегі менің кеткенім дұрыс болар...» — деп, Имаш осыған бел буып, сол түні ауылдан шығып кетпекші болды. Ат жоқ, жаяу кетпек. Сонда қайда бармақшы?
Ойлана келе Имаштың ойына Ыбырай шал түсті. О да Имаштармен бірге шығып өз еліне кетті. Бүгін-ертеңдері еліне жетеді. Оның елі 80 шақырым... Және соның ана бір сөзі: «Поселкаларымыз большевик — деді-ау... Алексей Петрович дейтін отряд бастығы бар деді-ау»... Соған барып қосылса, кімнің тісі батар еді?..
Имаш осыны ойланды да, осыған бел буды.
— Бүгін жүремін, — деді Боқаңа.
Боқаңның үй іші бастапқы кезде аң-таң боп түсіне алмады. Қауіптің барлығын есіткен соң, Құсайынның үрім-бұтағына жер жүзіндегі қарғысты жаудырып, Имаштың жүруіне Боқаң рұқсат етті.
— Ержеткен балам жоқ. Өзімнің мінезіме түсінетін, өзімді күте білетін бір балаға қол артсам ба деп ем... Күнің туса, шырағым, бір оралып соқ! — деді Боқаң кемсеңдеп жылап.
Жол азығын арқасына таңып беріп, қара жолға шейін шығарып салмақшы боп Жұмакүл ерді. Ауыл тегіс ұйқыда, селт еткен бір пенде жоқ. Қараңғы түн түнеріп, бұлдыр сәуле табан ізді зорға көрсетеді.
Ауылдың күн батысындағы ақ суды оралып, Имаш пен Жұмакүл қара жолға келіп тірелді. Жолға келгенше біріне-бірі ләм-мим деп сөз қатпады. Екеуінің келешегі сөзсіз-ақ шешіліп, бітіп тұрған сияқты еді.
— Осы жерден қайт, қорқасың, — деді Имаш.
Екеуі қарап аз-кем тұрып қалды... Сөйлессе, екеуінің бірі сөз бастаса, бір ғана түн емес, бірнеше түнің жетер емес. Eкі-үш жыл бір ауылда жүріп, осыған шейін біріне-бірінің тіл қатпағаны, бірін-бірі ескермегені қызық-ау...
— Қайтып ораламысың? — деді Жұмакүл күрсініп.
— Ораламын.
— Тағы не айтасың?
— Мені күт!.. Күтесің ғой? — деді Имаш Жұмакүлдің қолын ұстап.
— Күтемін! — деп Жұмакүл Имаштың иығына басын салды.
...Имаштың Боқаң үйіне тән адам сияқтануы бір ғана күннің іші. Бір күннің өзінде-ақ бұлар бірін-бірі көптен біліп, сыйласып, бірі үшін екіншісінің қабырғасы қайысарлықтай жақындық сезіп еді. Сондықтан Имаш кеткен күні Боқаң үйі дұрыс ұйқы көрмеді.
— Бәлем, тоқтай тұрсын, большевик аман-есен келетін күн болса біздің де күніміз туар! — деді Боқаң кіжініп.
Боқаңның көзіне тап осы минутта айдауда жүрген мың сан алып денелі, асқар жігерлі ерлер елестегендей болды. Сол ерлер айдаудан құтылып, аман-есен келгендей болса Боқаңның шоқтығы көтеріліп, бет алды томсырайып жүрген мына жаман інілері кімнің-кім екенін айырып білер еді-ау!
Боқаңның сөзі Дәметкенге түйеден түскендей боп көрінді. Боқаңның сезімін қанша теріс десек те, ол өмірінде өзін сыйлайтын інілерінен басқа ешбір кісімен сен деп тілдесіп көрген емес еді, ешкімге күш айтып, кіжініп көрген емес еді. «Бұл өнерді қайдан тауып алды?» — дегендей боп, Дәметкен Боқаңа тесіліп қарай қалды...
Сығырайған бестік шамның жарығы үй ішін көмескі ғана сәулелендіреді. Үй ішіндегі төрт-бес жан, бірсыпырасы шешініп, бірсыпырасы шешінбей, төсектерінің жанында үрпиісіп отыр. Жаман мәсісін шешіп, жүн басқан балтырын жалаңаштай түсіп, шын ашуға мінген адамның түрімен кіжініп Боқаң отыр. Имашты шығарып салғалы кеткен Жұмакүл әлі қайтқан жоқ. Бірақ Жұмакүл неге кешікті деп ойына алған тағы жоқ.
— Жоқ, қатын, бұл барып тұрған жолсыздық! Большевик бұлай істемейді. Болшевик кедейді сүйейді. Большевик әділдік істейді... Апырым-ау, ойласайшы бұл иттер! Қолдан келсе, атты тастап адам кетер ме? Басқаны қойшы, мен тастармын ба атымды?.. Аты құрсын, басымыздың өзін зорға алып шыққан жоқпыз ба?.. Е, тіпті адамды текке күйдіріп...
Боқаң қызынып, балтырмен бірге білекті де түрініп алды. «Жаман жерде жүріп алжасып кетпесе игі еді?!» дегендей боп, шошынған түрмен Дәметкен Боқаңа қарады да отырды.
— Большевик біздің Имаштар сияқты адамдар: Имашты көрдің бе, нағыз большевик! — деді Боқаң қызына түсіп.
— Батыр-ау, ол айтып отырғаның адам ба еді? — деді Дәметкен ауызын сылп еткізіп.
— Е, енді не деп ең? Адам болғанда нағыз сырбаздар. Екі сөзінің бірі кедей мен батырақ... Имаш біреуімен сөйлесіп еді, сол айтыпты: «Ұзамай өкімет боламыз, теңдік бізге тиеді» депті...
— Жақсылық болса, тезірек болса екен! — деді Дәметкен Ырымкүлге қарап күрсініп.
Боқаң сөйлегеннен бері тың алмастан тыңдап отырған Ырымкүл шешесінің көзіне көзі түсіп кетіп еді, төмен қарай қойды.
Ырымкүлдің басынан өткен оқиға — осы отырған бәрінің жүрегіне қатқан бір қара беріш қой. Ақтар туралы сөз қозғап, бұл отырған адамдар қанша кіжінсе де, ол берішке ешқайсысы қағылмайды. Ойларына түссе, көздеріне елестесе, денелері тітіркеніп жүректері тіксініп кетеді, бірақ тіл — сөйлеуге мылқау.
Жабырқаңқы пішінмен Жұмакүл үйге кіргенде, бәрі де бажырайысып қарай қалды.
— Кетті ме?
— Кетті!..
Отырғандар жаутаңдап біріне-бірі қарады...
... Әбділда ақтың әскерлеріне адам жібергенде, жұмысының бірі Имашты ұстап жөнелтіп өш алу, қарсыласқан адамға қандай жаза қолданатынын көптің көзіне әйгілеп көрсету болса да, негізгі жұмысы — өзінің оқтын-оқтын беріп тұратын хабарын жеткізу еді. Ақтың штабы мен Әбділданың арасында жасырын байланыс бар еді. Ел іші не күйде? Большевик қозғалысына, крестьян поселкелерінен құрылып жатқан көңілді отрядтарға қазақ елі қалай қарайды? Қазақтың оқығандары, оқып жүрген жастары не істеп жүр? — міне, мұның бәрін Әбділда мырза бұлжытпай жеткізіп тұрушы еді. Бұл хабарды анықтап екшеп жинау үшін Әбділданың да өзінше ел ішіне салып қойған толып жатқан жансыздары бар еді.
Ертеңіне сау етіп он шақты солдат жетіп келді. Алексей Петровты қолға түсіреміз деп әлектеніп, көп қырғынға ұшырап, сол отрядтан қалған бұл бір сарқын еді. Алексейді қолға түсіруге құдіреттері жетпеген соң, өлген адамдарының кегін бұлар бірлі-жарымды қолға түскендерден алмақшы еді. Және Әбділда жазған хатында: «Ешнәрсемен жұмысы жоқ малай еді, осының большевикке көңілдес болуы адам таң қаларлық жұмыс» деген екен. Отряд мұны өзінше талқылап, «Әңгіме жалғыз малайда ғана емес, соны құтыртып жүрген адамды табу керек, табамыз!» — деп, кеуделеріне нан пісіп келген беті еді.
Отряд сау етіп жетіп келгенде Құсайын бай емен таяқты төсіне тіреп төрт тағандап, желінің басында тұр еді. Әскерді көргенде болбыраған беті қуқыл тартып, тілін жылмаңдатып жебесін жалай берді.
— Ыздырастый, гаспадин! — деді Құсайын бөркін алып шұлғып.
Мәсісінің қонышы қыржиып, ақ дамбалдың бір балағы шығып желмен делеңдеп тұр. Ақбас атандай бурыл бас, езуі ыржиып, қайта-қайта шұлғып тұрған Құсайынды көргенде отряд бастығы еріксіз күлді.
— Әбділда Құсайыновты білесіз бе?
— Мен Құсайын... Құсайын мына мен! — деп, Құсекең сұқ қолымен кеудесін түртті.
Әбділдамен амандасып болып, отряд бастығы өзіне керек «құрбанды» қарастырды. Әбділда Имаштан басқаға сілтеу бере алмады.
— Шепуха... Айттырамын! Табамын! — деді отряд бастығы.
Ерте тұрған үйлер шайын ішіп болып, кеш тұрған үйлер алдына жаңа алып жатқан кез еді. Боқаң бірінші кесе шайын жаңа алып ұрттай беремін дегенде, екі солдат ентігіп кіріп келді. Боқаң шошып кетіп, қолындағы шайын төгіп алды. Ырымкүл сұрланып көзі ұясынан шығып, Жұмакүлге таман ығыса түсті. Дәметкен құдайға жалбарынды ма, дұға оқыды ма — аузын жыбырлатты.
Ентігіп кірген солдаттар екі иінінен дем алып оқты көздерін үй ішіндегілерге жағалай бір қадады. Осы қараудың өзі-ақ бірсыпырасының үрейін ұшырып, есін тандырып еді.
— Имаш Күркебаев кім?
— Ә... Ә?.. — деп, Боқаң тілі байланған адамдай жауап бере алмады.
— Ол кісі мұнда жоқ, — деді Жұмакүл, жүзіне күлімсіреген түр беріп.
Өзі елемеген адамсып, шайын құя берді. Біресе құманшаны ұстады, біресе кесені ұстады; кесеге кесе қақтықты.
— Қайда кетті?
— Е, мен қайдан білейін.
— Неге білмейсің?
— Сөз-ақ... Мен күзетші ме ем?
Екі солдат өзара орысша күбірлесті де, тырна бойлы қара сұр солдат белдігінен тапаншасын суыра бастап:
— Боқбасар Күнтуғанов сенбісің?
— Ие, ие...Мен...
— Шық былай!
Боқаң тапаншаға бақшиып қадалған күйі қалтаңдап, кесесін төге-мөге орнынан тұрды.
— Ойпырым-ай, бұл не сұмдық! — деп, Дәметкен тұрғалы ұмтылса да, мешел адамдай, буыны құрып, орнынан тұра алмады.
— Әке!..Әкежан!.. — деп Теңгекүл жылады.
Жұмакүл солдаттармен ілесе тысқа шықты. Тапал бойлы солдат Боқбасардың артына түсіпті. Боқбасар қадандап, аяғы анда-санда жерге бір тиіп бара жатқан секілді.
— Ау, тамыр, шалды әурелеп қайтесіңдер, тастап кетсеңдерші! — деді Жұмакүл.
Күлімсіреп айтам дегенмен дауысы қалтыранып шықты. Жүзі қуқыл. «Кім көмектеседі» —дегендей жан-жағына жалтақтайды.
«Мына байғұстарға обал-ау» — деп жәрдем қолын созған жан жоқ. Ауыл адамдары үрейлері ұшқандай тығыла түседі.
Ұзын бойлы солдат ту биенің құйрығындай ұйысқан ұзын жебесін бұрап, көзін қылмаңдатқан болып:
— Өзің бірге жүр, бәлкім, тастап кетерміз, — деді.
Жұмакүл жүрегі тітіркеніп басқа ұрғандай тұра қалды.
Құсайын байдың ақ ордасы сырттан кірген кісінің бір қарауға көзін тойдырады-ақ. Сыйлы қонақтарына неше түрлі асыл көрпелерді төсеп, бір-бір ақ жастықты шынтағына беріпті, Құсайын бай шертиіп, дүниенің тұтқасы бір өзінің қолында секілденіп, оқта-санда бір кекіріп, шайын ұрттай түседі.
Асамбайға қыз берген жағдайда ғой Құсайын Боқаң үйіне қорған бола түсер ме еді-ау, енді мысқылдай күлді. Бәйбіше тыржаңдап:
— Сорлы қақбас, осы керек саған! — деді.
— Имаш қайда?
— Қашып кетіпті!
— Не дейді? — деп бай, бәйбіше, Әбділда — біріне-бірі қарады.
— Атыңдар мына қақбасты! Қашырып отырған осының өзі! — деді Құсайын даурығып.
— Қоя тұрсайшы, әке, ашылады ғой, — деп, Әбділда әкесінің асығыстығына кейігендік пішін көрсетті.
— Неге қояйын, большевик шақырып... Обал жоқ!.. Дін жоқ бұл итте.
— Өлтірсін!.. Өлтірсін! — деп, Кәтимә бәйбіше екінші жақтан шаптықты.
Жұрт үкімді айтып жатыр. Меңіреу адам тәрізденіп, әрқайсысына бір жалтақтап, молдадан сабақ алатын балаша тізерленіп Боқбасар отыр. Бала күннен осы шаңырақтың малын бағып, осы үйдің бір адамы сияқтанып кетіп еді. «Бір қайыр болса, осы шаңырақтан болады ғой» — деген үміт кіресілі-шығасылы ақылды толығымен билеп алған.
Байдың қонақ үйі отрядқа кеңсе болды. Есікті жауып екі солдат сыртта күзетте тұрды. Үй ішінде отряд бастығы және бірнеше солдатпен Әбділда. Бәрінің ортасында қолға түскен қасқырдай алақтап, Боқаң отыр. Солдаттың ортасында жалғыз қалмағандығына, Әбділданың отырғандығына, өзінше, шүкіршілік қылатын секілді. Боқаң осы есікте малайлықта жүргенде Әбділда етегін ашып жүрген жас бала еді-ay... «Өй, тәшеніңнен... Насыбайыңды әкелші!» — деп, бәйбішенің көңілі үшін Боқаң да мұны талай еркелетіп еді-ау... Сол Әбділда осы.
Отряд бастығы тапаншасын суырып жанына қойып, сұрланып, сұстана түсіп:
— Ал, большевик шал, шыныңды айтасың ба, жоқ па? Мынау мылтық, көріп қой, —деді.
Әбділда оның сөзін қазақша түсіндіре келіп:
— Сол итпен қайдан байланысып жүрсің? Өз жайыңды біліп отыратын адамсың ғой. Пәлеге басыңды тығып... Оны тауып бермей саған құтылу жоқ. Қайда кеткен, жөнін айт, өзім іздетіп табайын, —деді.
— Қарағым Әбділда, сен менің сөзіме нанасың ғой. Нансаң бар ғой, олда-білде білгенім жоқ. Кетемін деді, кетті де қалды...
Әбділда иығын қиқаң еткізіп, бұрылып кетті.
— Үйіңе неге шақырып апардың, соны айтқын?
— Қарағым-ау, жолда істеген оның қызметі бар ғой... Оны мен өтеп бітіре алармын ба...
— Ой, құрып қал, сөз еместі айтып, — деп Әбділда кейіп, қолын сілікті.
Отряд бастығы қатулана тұрып, әміркен етіктің біз өкшесімен Боқбасарды нақ төстен теуіп жібергенде Боқаң шал қалай құлады. Бір солдат жағасынан қылғындыра ұстап, тұрғызып құлақ шекеден жұдырықпен қойып өтті. Боқаң тағы құлады. Отряд бастығы кеудесінен тіземен басып отырып, тапаншаны аузына таяды. Боқаң тістеніп ауызын ашпап еді, тісін сындырып жібергендей қып тапаншаны аузына тықты.
— Әбділдажан, өлдім! — деді Боқаң жан ұшырып.
— Өлсең өрем қал! — деді Әбділда қабағын кіржитіп.
— Айтасың ба шыныңды? Қайда қашырдың? Кім азғырды? — деп отряд бастығы сұрауларды баспалатып жіберді.
Сұрауға жауап берерлік дәрмен Боқаңда қалмап еді. Екі көзін қан аралас жас қаптап, өңі екенін, түсі екенін білмей, естен тағы айырылып еді.
Боқаң үйі у-шу жылау. Жан ұшырып жүгіріп Дәметкен де байдың үйіне жетті. Жұмакүл де келді.
Кәтимә қарағым-ай, Әбділдажанға айтсайшы, бірдеме істеп бақсын! — деді Дәметкен жылап.
— Әбділдажан жаңа керекті ме? Әбділдажанды боқтаған малайға қорған болатын немесіңдер ғой...
— Қайтейік қарағым, бізде арам ой болса, бір құдайға сал!
— Ойларыңды айтпай-ақ білеміз. Құдай бастан бағымызды аудармасын. Бағымыз ауса, алдымен бізді түтіп жейтін сендер боласыңдар, білдің бе?
— Келінжан-ай, не деп аузың барады?
— Әже! — деді Жұмакүл Дәметкенді иықтан тартып: — Өнбейтінге сөзіңді шығын ғып қайтесің. Артын күтейік, не болар екен...
Көрші үйде офицердің ызғарланған дауысы:
— Атаң аузы!.. Айтасың?.. Жоқ?.. Мә, айтпа!
Дәметкеннің етіне ине тығып алғандай селк етті.
— Қалқам, Жұмакүл-ай, қайттік? — деді еңкілдеп, Жұмакүл тістеніп, аппақ шөлмектей боп қатты да қалды.
Ауыл-аймақ хабарланып, Боқбасардың етіне тиген таяқ өз еттеріне тигендей боп қынжылатындар табылды.
— Мұнысы несі? Тентектік істейтін шал емес еді ғой бұл? Ақты-қарасын байқап істеп отыр ма екен? — деп бірсыпыра жұрт басын шайқап, күңкілдесті.
Сақалы желпілдеген шалдар, қабағы кіртиген жастар қонақ үйде болып жатқан оқиғаны айтпай сезіп, себебінің не екеніне түсіне алмай дал еді. Бұл сияқты жұмыспен басқа біреу айыпталса жөні басқа, мына шалдың айыпталуы ағаттау секілді.
Ұйысқан сақалды қара кісі үй сыртына топтанған кісілердің арасында бірсыпыра тыпыршып тұрды да.
— Неге ұйлықтыңдар? Дұрыстықты айтпайсыңдар ма? Бұзықтық істейтін шал ма еді бұл? Көз алдарыңда шырқыратып... — деді.
Осыны айтқанда көзінің аңғарын мөлдіреген жас қаптап еді.
— Бәсе, сүйтіңдер, айтыңдар, көре-біле өлтіресіңдер ме? — деді екінші біреу.
— Осының өзіне «піргеуір» керек емес пе екен? Керек болса, неге жинамайсыңдар? Осы шалдың ақтығына мың басымыз болса да, қияйық! — деп, шеткерек тұрған шоқпақ бет қара өжеленді. Жұрттың басы құралған жерге Молдаш мұғалім бір соқпай қалған емес. Молдаш мұғалімнің үстінде солдат көйлек, басында қалпақ, қолында темір таяқ болады. Мың жылқылы байдың баласындай аяқты шалқақтап басады. Мұның ішінде өзіне тең келетін, сөзге түсінетін адам бар деп ойламайды. Біреу бірдеме айтса, дұрыс болсын, бұрыс болсын, «әлі күнгі қазақшылығыңды қоймайсың» — деп қайырып тастайды.
— Молдаш-ау, сен бір ақылын табарсың.
— Бұған қандай ақыл таппақсың? Бұл бір ем қонбайтын жұмыс.
Жұрт тіксініп, Молдашқа көздерін қадай қалды. Боқбасарды «ем қонбайтын жұмыс» істейді деп кім ойлар. Әлде, көпшілікке сездірмей жасырын істеп жүрген бір нәрсесі болды ма екен?..
— Сен, Молдаш, біледі дегенге құр тұштаңдай берме. Сенің жайыңды да білеміз, — деді баяғы ұйысқан сақалды кісі.
Бұл, осы ауылда отыратын — Нұғман дейтін кедей еді.
— Түйені түгімен жұтқан адамдар да еш пәлеге ұшырамай-ақ жүр ғой, — деді екінші бір жастау жігіт.
— Бұзықтың жолы болған заман емес пе? Мұндай кезде ақ адам күйер болар, — деп бір шалдау кісі күрсінді.
Молдаш бір қызарып, бір сұрланып, үндемей тұрып қалды. Бір-екі жылдан бері Әжігерей мырза Молдашты жолдас қып, осы топқа істемегені бар ма? Кооператив ашып кенелтеміз деп, жұрттан «піргеуір» жинап, ақша алып, шыққан тауарды қаланың саудагерлеріне өткізіп, ақырында тауар түгіл, жұртты ақшасының өзіне ділгір ғып бір соқты. Жан басына шыққан тауарды әкеліп үлестіретін өкіл болып сайланып, басқа елдердің адамдары жан басына он-он бес аршыннан алып жатқанда, бір түйір тауар көрсетпей онда бір қақсатты. Жалғыз бұлар емес-ау, көпке тиісті нәрсені әкелуге адам сайланатын болса, ауылнайдың аузына Әжігерей мен Молдаш түседі. Жұрт құр кіжінуден артыққа бара алмай қала береді.
— Сіздер қате түсініп тұрмысыздар, бұл ем қонбайтын жұмыс. Қазірде большевик дейтіндер шығып жүр. Бұрынғы түрмеде жатқан: ұры-қары, қан ішерлерден құралғандар. Олардың бар бір білетіні — ел талау... Имаш соның жолына түскен жігіт. Елдің бүлінгенімен Имаштардың жұмысы не? Оған тек ел талап, олжа түсірсе —болды... Боқанды дұрыс адам дейсіңдер, дұрыс болса, Имашты неге қорғайды...
Молдаш мұны айтқанда, сөзінің дәлелді екендігіне жұрттың бірсыпырасын сендірермін деп ойлап еді. Бірақ бұл тұрған топ аузын ашып ұйып қалудың орнына Молдашты сықақ қылған пішін көрсетті. Молдаш одан жаман қызара түсті...
— Молдаш көзі ашық жігітіміз ғой, білетін шығар... түнеугі той күнгі келіп елді талайтындар большевиктер eкен-ay? — деді Қашқынбай мысқылдай күліп.
— Ay, олардың иығында оқасы бар емес пе еді? Большевик оқа тақпайды дейді ғой?.. — деді Досақай дейтін кісі.
— Сіздің осылай дейтініңізді білем, — деді мұғалім Қашқынбайға сұрлана түсіп.
— Ау, қойыңдар, жайшылықта сөйлесерсіңдер, ауылда кісі барда қайтесіңдер, — деді екінші біреуі сақтандыра сөйлеп.
— Кісі бар деп сөйлемей өлеміз бе? Әлде мұғалім солдаттарға шағым беріп ұстатар дейсің бе? Онда бәрімізді айдатып, өзі жеке қалар, — деді Қайырбай дейтін тапалтақ қара жігіт.
Қашқынбайға тіксініп тұрған Молдаштың ойын Қайырбайдың мына сөзі бөліп жіберді. «Оңайлықпен ортамыздан адам ұстатпаймыз, абайла!» — деген сөзі ғой бұл. Молдаш ығысып үйге қарай беттегенде, қонақ үйден Әбділда шықты: екі қолы қалтасында, аузыңда бұрқыраған шылым; тілегінің бәрі орындалып кемеліне келген адамша талтаң-талтаң басады.
Үй сыртында жиналып тұрғандар жиырылып, қабақтары түксиді. Біреулері ауыр күрсінді.
— Әне, мұғалім барып қосылды. Ойбай, сыбырласып жатыр, осы бізді даттап жүрмесін, — деп біреулер сабырсызданып, бұзықтардан аулақ болайын дегендей топтан жырыла бастады.
— Даттап көрсін!.. Біз де табармыз. Көптің бәрін ұйпап жіберетін құдай деп пе ең? — деді Қайырбай.
Бұл жиналған адамдарда әлденеге жан күйзеліп кейігендік, ызаланғандық бар еді. Көптен көңілдеріне күдік болып жүрген наразылық бүгін Боқбасардың оқиғасының үстінде мүлде зорайып, сыртқа теуіп шығуға жол таба алмай булыққан секілді еді.
— Ау, қысыр сөзді қойсаңдаршы. Дұрыстықты айттың деп, бәріміздің бірдей басымызды қағып тастамас. Жүріңдер, төресіне барып айтайық: «Бұл өзі ортамызда отырған бір момын шалымыз еді. Күнәсі болса кешіп, бір жолға ортамызға тастап кет» — деп өтінейік. Бірдеме дәме еткендей болса, ел емеспіз бе, ауқым істеп жинап берейік! — деді Нұғман.
— Осы мақұл, қане,жүріңдер, кім барады? — деді Қашқынбай отағасы.
Жиырмаға жақын адам біріне-бірі ілесіп бәрі бірдей қонақ үйге қарай аяқ басты. Күзетте тұрған солдат көпшіліктің туралап келе жатқанын көріп.
— Тоқтаңдар, атамын! — деді.
Алдыңғы жақтағылар сескеніп тұра қалса да, жұрт бірін-бірі итермелеп тағы қозғалды.
— Өй, тәйірі, неге атсын. Біз соғысқалы келе жатырмыз ба?
Күзетші солдат екінші сөзге келмей, кезенген мылтығын атып та жіберді. Оқ жұрттың төбесінен зулады. Жұрт жапырылып, бет-бетіне қашты. Қашпай орнында қалған: Қайырбай, Нұғман, Қашқынбай болды.
— Бұл не? Не істемекші бұлар? — деп, отряд бастығы тапаншасын кезеніп о да шықты.
— Тақсыр, арыз! — деп, Нұғман бөркін жұлып алып, екі қолын кеудесіне қойды.
— Керек емес арызың, кетесің бе, жоқ па?
Мынаның тепсінуі күзетші солдаттан да басым болған соң, қашпай қалған үшеуі де тайсалып, үлкен үйге қарап ығысты...
— Құдайы көрші болып отырған бір шал еді. Мұны жылатқанмен не мақсатқа жетеміз? Солдаттарыңа жолық: сұрағанын алсын да, тастап кетсін, - деп Қашқынбай Әжігерей мырзамен сөйлесіп тұр.
— Апырым-ай, бұларың қазақшылық-ау. Большевикке дегенде ақтың әскерінің қайырым қылмайтынын білесіңдер ғой. Мұның арасына кірудің өзі қауып... Бірақ көбің өтініп тұрсың, амал жоқ жолығып көрейін, — деп, Әжігерей мырза бас кететін ірі жұмысқа бара жатқаннан жаман бұлдана сөйледі.
Әжігерей көптің осындай өтініші бар деп Әбділдаға келіп жолыққанда.
— Апырым-ай, осы жұрт не боп барады? Туысқаны емес, жақыны емес, әлдеқайдағы бір шал үшін осылардың неден қимасы қышиды? Біз де өлтіргелі жатқан жоқпыз ғой? — деп Әбділда бірсыпыра кейіп алды.
Әйткенмен, Боқбасарды босату үшін отрядқа бір нәрсенің керек екені рас. Боқбасардың өзінен өнер ешнәрсе жоқ. Олай болса, бір жағынан көптің өтінішін орындаған болады, екінші жағынан — шығынды елден шығарып, шалды босатқан атағын өзіне қалдырады. Әбділда осыны ойлап, отряд бастығымен сөйлесті де, керекті нәрсесін айтты.
— Кілең ғана Керенский мен Николайдың ақшасы болсын, басқасын алмайды, — деп пысықтады.
Көпшіліктің беті бір жұмылған соң қайта қоя ма, үйден үйге жүгіріп, қатындардың қол сандығындағы той-томалақ, мүшеден жиналған ақшаға шейін шығарып алып, бірер сағаттың ішінде сұраған сомасын дайын етті.
Отряд жөнеп кеткенде Құсайынның қонақ үйінің босағасында қан-қан боп Боқбасар жатыр еді. Кеудесінде жаны бар тірі демесе, өлікпен бір есеп еді.
Сорлының ажалына кездескен жұмыс болмаса игі еді, — деп жұрт бастарын шайқасты.
— Бұл бір ұмытылмайтын кек болды-ау, — деді Қашқынбай отағасы.
Бозбалалар жиналып, Боқбасарды көтеріп үйіне апарды...
«Әдебиет майданы», №10, 1932 жыл