Мәңгілік елдің ұлы тарихы – Қазақ хандығының құрылуы
Қызылорда облысы Жаңақорған кенті
№110 мектеп лицейі
Ғылыми жоба жетекшісі: Байхонова Гулзат Мадияровна
Ғылыми жобаны дайындаған: Бауыржанқызы Қасиет
Мазмұны
Кіріспе
І. Мәңгілік елдің ұлы тарихы – Қазақ мемлекетінің құрылуы
1.1 Қазақ хандығының құрылуы
1.2 Қозыбасы – қазақ хандығының алғаш туы тігілген жер
1.3 “Қазақ термині” туралы
Қорытынды
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
Кіріспе
Тақырыптың өзектілігі: Тәуелсіздік тізгінін қолға алғаннан кейін, өткенін еске түсіріп, ұлттық мемлекеттілігіміздің қалай, қашан құрылғаны туралы білу маңызды мәселе болып табылады. ХV-ХVІІІ ғасырда Қазақстанның оңтүстік-шығыс бөлігінде құрылған Қазақ хандығы ірі тарихи оқиға болды. ХІV-ХV ғасырларда Дешті Қышпақ пен Мәуереннахр, Моғолстанда болған этникалық процесстердің дамуы, Еуразиялық шығыс және Орта бөлігіндегі саяси даму Қазақ хандығының құрылуының басты факторы болды. Сондықтан ХІV ғасырда пайда болған Ақ Орда, Ноғай Ордасы, Сібір хандығы, Моғолстан секілді мемлекеттер жергілікті халықтардың мемлекеті деп есептеледі.
ХV ғасырдың орта шенінде Қазақ хандығының құрылуына әсер еткен саяси оқиғалар: Маурен нахрдағы Ақсақ Темір ұрпақтарының мемлекеті Дешті Қыпшақтағы Әбілхайыр хандығы, Жетісу мен шығыс Түркістандағы Моғолстан мемлекеті, Оңтүстік Сібірдегі қалмақ тайпалары, Иран мен Әзірбайжандағы Қара Қоюнлы Әулет арасындағы күрделі саяси шиеленістер. «Мәңгілік елдің» ұлы тарихында бабаларымыз кең байтақ елін көзінің қарашығындай сақтап қалу жолында күрделі келіссөздер жүргізіп, қасық қаны қалғанша күресіп, бүгінгі Қазақстанның ұлан-ғайыр жерін ерлікпен қорғап қалды. Біз бұл ерлікті ешқашан ұмытпауымыз керек.
Қазақстан Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Біздің еліміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасады. Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп Тәуелсіздікке келіп тіреледі», – деп атап көрсетті.
Бұл ел тарихын зерттеуші ғалымдар үшін, сондай-ақ, жалпы қоғамның тарихи танымы үшін де маңызы зор тұжырым. Ұлт тарихының іргелі кезеңіне қалам тартқан көрнекті жазушы Ілияс Есенберлин: «Қазақтың өз мемлекеті болған және біздің тарих өте көне әлемдік тарихтың бір бөлігі болып табылады», – деген пікір айтқан. Қазақ елінің тарихында Қазақ хандығы дәуірінің алатын орны ерекше маңызды. Ал Қазақ хандығының тарихында әрбір тұлғаның, әрбір оқиғаның, әрбір датаның өзіндік орны бар. Солардың ішінде хандықтың құрылуының орны ерекше. Қазақ хандығының құрылуы–Қазақстан аумағында ежелгі замандардан бері үзілмей, үздіксіз жүріп келген этникалық процестер ХІV-ХV ғасырлардағы Шығыс Дешті Қыпшақ аумағы мен оған көршілес аймақтардағы саяси құрылымдар дамуының заңды қорытындысы болып есептеледі.
Қазақ хандығының құрылуының аса зор маңызды жағына оның этникалық дамуды жаңа сатыға көтеруі, оны бір деңгейден екінші бір деңгейге жеткізуі жатады. Этникалық үрдіспен саяси даму барысы бір арнада тоғысып, жаңа сипаттағы мемлекетті дүниеге әкеледі. Қазақ хандығының туы алғаш желбірей тігілген Қозыбасының қай жерде орналасқанын анықтау өте маңызды мәселе.
Қозыбасы жайлауын мекендеу Жәнібек пен Керей Сұлтандарға тиімді еді. Таяу батысындағы Кіндіктас, қазіргі Қордай жоталары жауға ұрымтал жер болғандықтан, Жәнібек пен Керей бұл ауданды мекендеуге таңдай қоймасы түсінікті.
Зерттеу жұмыстың мақсатымен міндеті:
Осы зерттеу жұмыстың негізгі мақсаты: Тәуелсіз мемлекетіміздің тарихы - Қазақ хандығының құрылуы, Қозыбасы–қазақ хандығының алғаш туы тігілген жер туралы, “Қазақ терминінің» қалыптасуын анықтап және тарихи маңызын ашып көрсету.
Осы мақсатта алдыма мынадай міндеттер қойдым:
- Қазақ хандығының құрылуы Қазақстан жерінде ХІV-ХVғ. Орын алған әлеуметтік экономикалық саяси процестерден туған заңды қоғамдық құбылыс екендігін дәлелдеу.
- Хандықтың негізін қалаған хандардың хандық құрудағы рөлін анықтау және олардың тегі туралы айту.
- «Мәңгілік елдің» ұлы тарихында Қазақ терминінің маңыздылығы туралы құнды мәліметтер беру.
Зерттеу жұмысының құрылымы: зерттеу жұмысы кіріспеден, бір тараудан, үш тармақшадан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1. Мәңгілік елдің ұлы тарихы – Қазақ мемлекетінің құрылуы.
1.1 Қазақ хандығының құрылуы.
XV ғасырдың ІІ – жартысында тарих сахнасына жаңа бір саяси құрылым – Қазақ хандығын, алғашқы Қазақ мемлекетін алып келген маңызды оқиғалар тізбегін саралап көрейік.
Тарихи әдебиеттерде «көшпелі өзбектер» мемлекеті деп аталатын Әбілхайыр Хандығы (1428-1470ж.ж.) XV ғасырдың 30-40-шы жылдары өз дамуының жоғары шегіне жетеді. 16-17 жолынан билікке араласқан шайбанилық Әбілқайырхан Дешті Қыпшақтың ру–тайпа көсемдері мен билердің қолдауына сүйене отырып, XV ғасырдың 30-шы жылдары сондағы хандар мен сұлтандардың қарсылықтарын басады. Сөйтіп Дешті Қыпшақта көшпелі тайпалар негіз болған біртұтас мемлекет құруға ұмытылады. 1446 жылы ол Сырдария өзеннің Орта ағысы бойындағы Түркістан аймағын өзіне қаратып, «көшпелі өзбектер» мемлекетінің астанасын Батыс Сібірден Түркістан аймағына Сығанақ қаласына көшіреді. [2;158б] Сондай-ақ Әбілхайырхан 1449-1451 жылдары Мәуреннахрда қалыптасқан саяси дағдарысты өз пайдасына шешпек болып, таққа таласушы Ақсақ Темір ұрпақтарының бірі Әбу Сайд мырзаны қолдайды да, тікелей әскери көмектің жәрдемімен оны Самарқан тағына отырғызады.Сөйтіп, Әбілхайыр хан өз хандығының оңтүстігі мен батысындағы мемлекеттердің басына өзіне қолайлы адамдарды қоя отырып, өз мемлекетінің шекаралық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және өзі отырғызған билеушілер мен тиімді қатынас орнатады. Жалпы алғанда XV ғасырдың 40-50 жылдары «көшпелі өзбектер» мемлекетінің сыртқы саясаты оңтүстікте және батыста белсенді, нәтижелі түрде жүргізіледі.
Жалпы алғанда, Әбілхайыр хандығының ішкі саяси әлсіздігі, әсіресе 1457 жылы қалмақтардың жеңілуі оның мемлекетінің ыдырау процесін тездетеді. Ал ол өз кезегінде Кереймен Жәнібек сұлтандардың Әбілхайырдан бөлініп, Моғалстанда жеке хандық құруына қолайлы жағдайлар жасайды.
Қазақ хандығының құрылу тарихында Моғолстан мемлекеті және оның XV ғасырдың 40 – 50 жылдардағы ішкі, сыртқы саяси жағдайлары, мемлекеттің осы мезгілде Мауреннахр мен, Әбілхайыр Хандығы мен, сонымен бірге қалмақтармен қарым – қатынасы ерекше рөл атқарады.
XV ғасырдың 40-50 жылдары Моғолстанның сыртқы саяси жағдайыда, көрші елдермен қарым-қатынасы да мәземеседі. XV ғасырдың басынан бергі оның шығыстағы көршісі қалмақ тайпалары мен қарым-қатынасы көп жағдайда соғыстар, өзара жорықтары мен шектелген. Моғол-қалмақ қатынастарында қалмақтар жетекшілік орынға ие болады. Олар үнемі Моғолстанға тонаушылық сипатта жорықтар жасап, елді күйзеліске ұшыратады, ал Моғолхандары тарапынан ешқандай тегеурінді қарсылықтар жасалмайды. Қалмақ тайпаларының Моғолстанға жасаған жорықтары Есен-Бұғаханға дейін де, оның билік құрған кезінде де жалғаса береді. Мұхаммед Хайдар мырза Дулати Есенбұғаханның әкесі Уәйісханның(1425-1428ж.ж. Моғол Моғолстанханы) Қалмақ тайпалары мен 61 рет соғысқанын, оның ішінде 2 рет оларға қолға түскендігін, 60 рет жеңіліске ұшарағандығын айтады. [3;99б] Моғол-қалмақ тайпалары арасындағы жорықтардың санына қарап, әскери қарым-қатынастың қандай дәрежеде, сипатта болғандығын анықтау қиын емес. Уәйісхан бар болғаны 3-4 жылдай ғана хан болады. Сонда Уәйісханның тұсында Моғолдар шығыстағы көршілер мен жыл сайын 15-20 рет, алай сайын 1-2 реттен соғысып, жорық жасасып отырғандығын байқаймыз. Мұндай жағдай XV ғасырдың 40-50 жылдары Есенбұғахан тұсында да жиі қайталанып тұрады. Тіпті 1457 жылы Үз Теміртайшы бастаған қалмақтардың Әбілхайыр хан әскерімен ұрысы кезінде қалмақ көсемі өз тылын Моғолстан территориясындағы Шу өзенінің бойына емін-еркін қалдырып кетеді.
Моғолстанның XVғасырдың 40-50 жылдарындағы қалмақтармен саяси қарым-қатынасы моғолдар үшін өте ауыр жағдайда болады. Сондықтан да Керей мен Жәнібек сұлтандардың Моғолстанға келуіне Есен-Бұғахан ешқандай қарсылық білдірмейді, қайта олардың келгеніне қатты қуанады.
1451-1457 жылдардағы Моғолстан мен Мауреннахр арасындағы саяси қарым-қатынаста Керей мен Жәнібек сұлтандардың Моғолстанға келуіне қолайлы жағдайлар жасайды. Қазақ хандығының Моғолстанның батыс бөлігінде пайда болуымен, 1451 жылы Мауреннахрға билеуші болып келген Әбу Сайд мырзаның Моғолстанның жүргізген саясаты тікелей себепші болды.
Мауреннахр билеушісінің қиын жағлайдан құтылуына бірден-бір себепкер болған Есен-Бұғаханның туған ағасы Жүніс сұлтанның Хорасанда болу еді. Қазақ хандығының Моғолстанның батысында пайда болуына тікелей себептер болған Жүнісханның тұлғасына қысқаша тоқталып өтелік.
Әбу Сайд Мырза Мәуреннахрға төнген екі қауіптің орнымен күресуді таңдайды. Мауреннахрға төнген зор қауіп-Жаханшахтың Харасанға еніп, Гератты алуы еді. Хорасан Мауренахрдың аса бай әрі ірі сауда жолдары өтетін, қалалары көп, егіншілігі дамыған аймағы болатын. Есен-Бұғаның тонаушылық сипаттағы жорықтарымен салыстырғанда Хорасаннан айырылу, шынында да Мауреннахр үшін аса зор шығын еді.
Керей мен Жәнібек сұлтандардың Моғолстанға келуінен Есен-Бұғахан да, екі сұлтан да ұтылмайды. Есен-Бұғахан өзінің хандық билігін 1462 жылға дейін, яғни қайтыс болғанға дейін созады, ал екі сұлтан болса жаңа мемлекеттің – Қазақ Хандығының негізін қалайды.
Жоғарыда айтылған ойды түйіндей келе, Моғолстан мемлекеті мен Әбу Сайд мырза мемлекеттері арасындағы қарым-қатынастар Әбілхайыр Хандығының ішкі және сыртқы жағдайлары, олардың даму барысымен бәрі XV ғасырдың 50-жылдарының аяғында Қазақ Хандығының құрылуына саяси алғышарттар әзірлейді. Сондықтан да біз, Қазақ хандығының құрылуы кездейсоқ емес, саяси дамудың заңды қорытындысы деп батыл айтуға болады.
Біз бұған дейін Қазақ хандығының құрылу қарсаңындағы Әбілхайыр хандығы Моғолстан және Мауреннахрдағы, сондай-ақ оған көрші Ирандағы саяси жағдайлар мен саяси қарым-қатынастарды қарастырдық, жаңа хандықтың құрылуының саяси алғышарттарын ашуға тырыстық.
Соғысқа дейінгі, соғыстан кейінгі және қазіргі кездегі тарихнамада Қазақ хандығының құрылу процесіне тікелей және жанама түрде қатысы бар көптеген ортағасырлық деректер мен олардың мәліметтері ғылыми айналымға енгізіледі. Солардың нәтижесінде Қазақ Хандығының құрылуына негізделген тұжырым дамытылды, кеңейтілді. Бұл тұжырымның кейбір мәселесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Мысалға, Керей мен Жәнібек хандарының Моғолстанға көшіп келген уақыты В.В.Вельяменов–Зернов бойынша, бірден-бір дұрыс уақыт деп есептелмей отырып, зерттеушілер әртүрлі жылдарды айтуда. Бірақ тұжырымның схемасы зерттеуші өзгерте қойған жоқ, олай болса бәрі оны мақұлдауда деп түсінеміз.
Жоғарыда айтылған тұжырымды қолдай отыр, оған толықтырулар енгізу арқылы Қазақ Хандығының құрылу процесін ашып көрсетуге тырыстық.
Керей мен Жәнібек хандығының Моғолстанға көшіп келуін баяндайтын мәліметтер орта ғасырлық екі шығармада ғана бар. Біріншісі–Мұхаммед Хайдар мырза Дулатидың «Тарихи Рашиди» еңбегі. Еңбек 1542-1546 жылдары Кашмирде жазылған [9;110б]. Бұл кезде Қазақ Хандығының құрылғанына бір ғасырдай уақыт өткен болатын.
«Тарихи Рашидидегі» Қазақ Хандығының пайда болуы туралы екінші мәлімет 1546 жылы жазылған бірінші дәптерде де бар. Керей мен Жәнібектің Моғолстанға келуі Есен-Бұғахан тұсында болғандықтан «Есен-Бұғаханға әмірлердің қарсылығы және сол кезде болған оқиғалар туралы баяндау» деген бірінші дәптер тарауында бұған арнайы тоқталып өтеді. «Тарихи Рашидидегі» екінші мәліметте Қазақ Хандығының Шу мен Қазыбасы аймағында құрылғандығы, сондағы қазақтардың саны 200 мыңға дейін жеткендігі және қазақ хандығының билік құра бастаған жылы туралы бірінші мәліметте кездеспейтін фактілер бар.Сондай-ақ Қазақтар және Қазақ Хандығы туралы мәліметтер1537-1538 жылға дейін, яғни Бұйдашханға дейін келтіріледі. Ал екінші дәптердегі мәлімет 1513 жылға дейін, яғни Сұлтан Сайдханның Қасымхан ордасына баруымен шектелген болатын.
Сөйтіп, біз бір шығармадағы бір мәселе туралы айтылған екі мәліметті салыстыра отырып, соңынан жазылған мәліметті автор арнайы жазған дейміз және Қазақ Хандығының құрылуы туралы ең құнды, ең басты мәлімет деп санауға болады.
Керей мен Жәнібектің «көшпелі өзбектер» мемлекетінен көшуін білу үшін, алдымен олардың сол мемлекеттің қай ұлысында тұрғандығының анықтаудың маңызы зор. Біз сол арқылы көшіп кетудің себептерін, Әбілқайыр ханның Керей мен Жәнібек сұлтандарға жасаған «қысымшылығының» астарында не жатқанын байқаймыз.
Керей мен Жәнібектің атақты Орысханның ұрпақтары екендігі баршаға мәлім. «Тауари хигузидаину фатнаме» бойынша «Орысханда 7 ұл және 5 қыз болған. Ұлдардың есімдері–Тохтақия, Құтлұқ – Бұқа, Тұғлық – Болат, Құйыршық, Тоқта–Болат, Сайид–Ахмет, Сайид-Әлі».
Қазақ хандығының құрылған жылын анықтауға XV ғасырдағы оқиғалар тізбегіне 1457 жылы Әбілхайырдың қалмақтардан жеңілісі, 1450 жылдың ІІ жартысында Әбу Сайд мырзаның Хорсанды қайтаруы, Жүніс ханды Ширазданалдырып, Мәуреннахрдың шығысында жерберуі жатады. Бірақ соңғы екі оқиғаның қай жылы болғандығын анық көрсететін факт жоқ. Тек қана оны 1456/59 жылдар аралығында болған деген болжамдар анықтауға тигізер жәрдемі бар және жатқан дерегін пайдалануды жөн көріп отырмыз. Ол – Әбілғазының Мәуреннахрдағы Әбу Сайд мырзамен, оның туысы, Ұлықбектің немересі, Әбд Әл Латифтыңұлы Мұхаммед Жөкінің билік үшін күресі жайындағы мәліметі. Бұл күрес Масудибн–Осман Кухистани еңбегінде де баяндалған. Әбілғазы еңбегінің бір артықшылығы–онда Мәуренахрдағы жағдайды реттеу үшін Әбу Сайд мырза Харасандағы соғыстарын тоқтата тұрып кейін оралатынын, ең бастасы Әбу–Сайд мырзаның Мәуренахрға харосаннан келген жылын берген. Түсінікті болу үшін Мұхаммед Жөкіге байланысты дерек мәліметтерін береке тейік.
Мұхаммед Хайдар Дулати да “Есен–Бұғаханның Ферғанаға, ташкентке жорығы Әбу Сайд мырзаның Харасандағы істерін кейін қалдыртуға Шираздан Жүнісханды алдыртуға мәжбүр етті, бұл хижраның 860 жылы болған еді”–деп, толықтыра түседі.
Жоғарыда айтылған барлық ой-тұжырымдарымызды қорытындылай келе, Қазақ Хандығы ХІІІ–XV ғасырлардағы Дешті Қыпшақ пен Орта Азиядағы әлеуметтік-экономикалық, саяси-этникалық дамудың заңды қорытындылары нәтижесінде пайда болады деп санаймыз және Қазақ Хандығының құрылуы бір сәтте болған іс емес, басталуы және аяқталуы бар тарихи процесс. 1458 жылы Керей мен Жәнібек хандардың Моғолстанға көшіп келуімен Қазақ Хандығының құрылу процесі басталса, 1470-1471 жылы Жәнібек хан Дешті қыпшақтағы билікті толық өз қолына алуымен Қазақ Хандығының құрылу процесі аяқталады. Қазақ хандығының құрылуының Түркістан аймағы зор ықпал етеді. [7;18б] Одан әрі Қазақ Хандығының күшею дәуірі басталады.
1.2 Қозыбасы – Қазақ хандығының алғаш туы тігілген жер.
Елімізде тарихи мәніне байланысты киелі танылған жерлер баршылық. Солардың бірі қазақ ұлттық мемлекеті дүниеге келіп, кесілген жер–Қозыбасы жайлауы. Бұл туралы айғақты ғұлама бабамыз Мұхаммед Хайдар Дулати (1499-1551) өзінің «Тарихи Рашиди» атты тарихи-көркем шығармасында былайша әңгімелейді. «...Сол күндері Әбілхайыр хан Дешті-Қыпшақты түгел иеленді. Ол Жошы әулетінің сұлтандарын шабуылдай берді–Жәнібек пен Керей хан одан қашып, Моғолстанға келді. Есен-Бұға оларды жақсы қарсы алып, Моғолстанның батыс жағынан Шу өзенінің Қозыбасы деген жерін берді».
Қазақ хандығының туы алғаш желбірей тігілген Қозыбасының қай жерде орналасқанын анықтау өте маңызды мәселе. Бұл көптің көкейінде жүрген сауал. Оның жауабы тарихшылар мен зерттеушілерді талайдан толғандырып келеді. Осы туралы әртүрлі ойлар мен пікірлер де айтылуда. Профессор Санжар Асфендияров 1935 жылы «Қозыбасы–Қордайдың Тарғапқа қарсы тұсындағы жайлау» деген. Кейінгі жылдары бұл сұраққа жауап ретінде ондай жердің жоқ екендігіне қарамай, деректерден алшақ болса да, Шудың Мойын құм өңірін, Бетбақ дала жағын, Жамбылтау мен Хантаудың да Қозыбасы болар деген ойлар айтылды. Сәбетқазы Ақатаймен Жағда Бабалық «Қозыбасы төбесі Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Суық төбе тауынан қашық емес» деп, дәлүстінен түсіп тұрса да, «бірақ оны Шу тарапына жатқызуға болмайды ғой» деген күдіктідекелтірген. [10; 128 б]
Қозыбасының қай жерде екендігін анықтағанда қазақ хандығы құралған кездегі елдің, мемлекеттердің саяси-әлеуметтік, тарихи жағдайын да ескеру керек. Қазақ хандығының дүниеге келуінің алғышарты болды деп Моғолстан, Мауреннахр және Дешті Қыпшақ мемлекеттерінің арасындағы қарым-қатынастардың шиеленісуін айту керек. Осыған байланысты Әбілхайыр ханның қарамағындағы сұлтандарға қысымы арта түсті. Жәнібек пен Керей сұлтандар туындаған жағдайды пайдаланып ханнан арасын аша бастады. Қазақ сұлтандары Моғолстанға келіп паналайды. Есен-Бұға оларға Моғолстанның батыс жағын беріп, осы жерлерді қауіпсіз аймаққа айналдыруды көздегені де айқын.
Қозыбасы жайлауын мекендеу Жәнібек пен Керей Сұлтандарға тиімді еді. Бұл Әбілқайыр ханның қолы жетпейтін жер Шу өзенінің аңғарындағы Жүніс ханның әскерлері мен екі арадағы биік тау жоталары қалқан болардай. Таяу батысындағы Кіндіктас, қазіргі Қордай жоталары жауға ұрымтал жер болғандықтан, Жәнібек пен Керей бұл ауданды мекендеуге таңдай қоймасы түсінікті.
«Тарих-и Рашиди» аудармасындағы: «...Шу өзенінің Қозыбасы деген жерін берді» дегенді оқығанда Қозыбасыны өзеннің жағалауында болар дегендей жансақ ой туады. Қолжазбаның дәлірек аудармасы «Шу атырабындағы Қозыбасы» болып шығады. Егер, Қоршағанда немесе Ташкентте отырып Моғолстанның жерлерін Шу, Іле, Балқаш сияқты белгілі нысандарға байланысты айтқанда Қозыбасы жайлауының Шу жақта екендігі көрініп тұр.
Қозыбасы Алматы облысының Жамбыл ауданында, Тарғап ауылынан оңтүстік-шығыс бағыты бойынша 8 шақырым жердегі Текшетау, Алматы қаласынан басқа қарай 95 шақырым жерде. Қозыбасы текше тауының солтүстігі жар қабаты, турасынан өлшегенде 5 шақырым қашықтықта Ұлы Жібек жолының сүрлеуі, қазіргі халықаралық автокөлік жолы өтеді. Текше таудың ортасында дөңгеленіп Қозыбасы төбесі тұр. Хан кеңесін өткізуге төбе өте қолайлы, ал оның айналасы халық жиналып хан жарлығын тыңдауға, орда кеңесіне қатысуға әдейі жаратылғандай. Төңірегіндегі жазық пен сайлар мал жайылымына да қолайлы Оңтүстігінде қалқан болып тұрған таулардың оң биік Суықтөбе шақырым. Қозыбасы текше тауынан биік тауларға дейінгі аралықта малға да, жанға да жайлы кең шатқал да бар. Сол шатқалдар да қазір Дегерес, Көк қайнар, Шиен, Бес мойнақ, Қастек, т.б. ауылдар орналасқан. Жеті жол (дұрысы Жота жол болар) тауын басып өткенде Шу өзеннің аңғары мен Ыстық көл жатыр. [5; 218 б]
Сонымен, Қозыбасыны Қордай жотасында, Шу өзенінің бойында: Бетбақ дала мен Хантау өңірінде деген болжамдар негізсіз. Себебі ол кезде батыста–Шу мен Талас өзендерінің аңғарын Әмір Темірдің ұрпақтары өз қолдарынан шығарған емес, ал Солтүстікте–Мойынқұм мен Балқаш өңірлерінде Әбілқайыр билік етті. Аталған жағдайларды ескерсек, біз айтып отырған Қозыбасы Қазақ хандығының мәйегін шайқауға жайлы да тиімді жер екендігі айқын көрініп тұр. Жоғарыда аталған болжамалы жерлер Қазақ хандығының буыны қатайып, құлашын еркін сермей бастаған кейінгі жылдары ғана мемлекеттің құрамына кірген.
Қозыбасы да Қазақ хандығының көк байрағы қай күні тігіліп, алғаш желбіреген уақыты әзірше беймәлім. Дегенмен, оның 1465 жылдан бұрын болғаны анық. Оның басты дәлелі, Қозыбасыны қазақтарға берген Моғолстан ханы Есен-Бұға 1462 жылы дүниеден қайтқан.
Берекет Кәрібаев «Қазақ хандығы Қозыбасыда 1458 жылдың күзінде құрылған» деген тұжырым жасайды.
Қозыбасы Қазақ хандығы дүниеге келген жер болғандықтан халық есінде мәңгі сақталуы тиіс. Ол үшін киелі жерде мемориалдық кешен орнатып, туристік нысанға айналдыру керек.
Қозыбасының әсем табиғаты, оның халықаралық автокөлік жолында жақын тұрғандығы және жобадағы Ыстық көлге асатын төте жолдың бойында болуы ескерткіш кешендерін көрнектеген соң халқымызға, болашақ ұрпаққа және шет елдерден келетін қонақтарға еліміздің тарихын паш ететін көріністердің біріне айналуы сөзсіз.
1.3 "Қазақ" термині туралы.
Бір ұлттың атының (этнонимінің) шығу тегі, мән-мағынасы мен сөз төркіні мәселе, қай қашанда тарихнамада талай пікір туғызып, айтыстар шығаратын және бір ауызды шешімге келе қою қиын күрделі мәселе."Қазақ" атауының шығуы, оның мән–мағынасы туралы мәселе де талай заманнан бері талқыланып, сан алуан жорамал – жорулар мен дәлел-деректер, келелі пікірлер айтылып келе жатқан кәделі мәселе. Бірақ, әлі күнге дейін бұл мәселеге ғылым да дәл, тоқ етер жауап жоқ қолда бар мәліметтерді саралай келе "қазақ" атауы туралы басты-басты пікірлерге, деректерге тоқтала кетейік.
Тарихи әдебиеттерде "қазақ" сөзінің сан түрлі түсіндірмесі бар. Біріншілері: Қазақ халқының арасында таралған тарихи аңыздың үлгісі мен "қазақ" деген сөздің төркіні кәдімгі жыл құсы қаз-аққудың "қаз" деген ұғымнан шыққан, яки осыдан өзгерген немесе қазға терең арқылы пайда болған деп есептейді. Мысалы: жазушы Р.Тоқтаров: қазақ атауы қаз (құс) және ақ (аппақ) деген сөздерден шыққан деген, яғни "аққаз" деген болжам айтады. А.Абдрахманновтың пікірі бойынша: "Қазақ сөзінің төркіні қаз және оғ(оқ) деген екі компоненттен жасалған. "Оғ" көне түрік тілдерінде "ру, тайпа" ...алғашқы шығу тегі жағынан қазақ этнонимі "қаз – оғ (оқ) яғни "қаз тайпалары" деген сөздермен байланысты болған "деп, тұжырым жасайды.
Біреулер оны түрік тіліндегі қаз, қазу(рыть) сөзіне немесе кез, кезу(скитаться), қаш, қашу (бежать, спасаться) сөзіне апарып телиді; екіншілері қаз (гусь), оқ (белый) сөздерінен шыққан деп бұл сөздің адам нанғысыз этимологиясын жасайды; «қазақ сөзін» монғолдың қасақ-тэргэн (арбаның бір түрі) сөзінен шығаруға болатын дейтін зерттеушілер бар. Тағы бірқатар авторлар «қазақ» сөзін көне Кавказ тайпасының немесе тайпалар одағының атауы «касогпен» байланыстырады; алайда бұл сияқты жорамал-болжамның бәрі, В.В.Бартольдтың пікірінше, «тарихшы үшін кәдеге жарай қоймайды». "Қазақ" деген сөздің көне түркі тіліндегі мағынасы яки қолданылу дағдысы" өз елінен бөлініп шығып, еркін жүрушілер", "еркін адамдар", ер жүрек еріктілер" деген сөзді білдіреді. Демек "қазақ" атауының арғы тегі" еріктілер" дегеннен шықты дейді. Мысалы: Ш.Уәлиханов: "Қазақ сөзі әскери термин ретінде қолданылып" ержүрек, батыл" деген мәнді білдіргенін баяндайды. Атақты ғалым В.В.Радлов "қазақ" деген атауды: "Тәуелсіз, еркін, ерікті адам" деп мағыналаған, ал А.Н.Самойлович: қазақ сөзі әлеуметтік тұрғыда белгілі бір мәнге: "батыл, ер жүрек, еркін адам" деген мағынаға ие деп жазады. Қазақ шежіресінің "авторы Шәкәрім Құдайбердіұлы да осы жоғарыдағы пікірді жақтайды: "Қазақ" дегеннің мағынасы" өз алдына ел болып, еркін жүрген халық деген сөз деп түсіндіреді. [4,29]
Қысқасы, «қазақ» сөзінің сенімді этимологиялық түсінігі әзірге жоқ. Бірақ «қазақ» сөзінің шығу тегі қандай екендігіне қарамастан, оның әуел баста еркін, үйсіз-күйсіз, кезбе, аласталған, сонымен қатар ер жүрек, ер адам деген мәндегі атау мағынасы болғаны дау тудырмасы анық.
Сөйтіп, ешқандай саяси болмаса этностық мағынасы жоқ «қазақ» сөзі әрбір өз жүртынан, өзінің заңды билеушісінің қол астынан бөліне көшкен, сөйтіп тәуекелшілеп өмір сүруге мәжбүр болған өз еркі өзіндегі адам дегенді білдіреді. Айта кететін жайт, түріктің осы сөзі орыс тілінде де солмағына да қолданылады. Русьте казактар деп арнаулы бір кәсіппен айналыспайтын адамдарды, жалдамалы батырақтарды, қысқасы өз еркінше жүрген адамдарды айтқан. «Қазақ» сөзі XIV ғасырдың аяғында Русьтің терістік аумағында тіркелгенімен, тарихшылар орыс казачествосының отаны Қыпшақ даласы мен шекарала соңтүстік Русь жері болғанын мойындайды. Бұл аймақтағы тұрмыстың ыңғайы олардың әскери қауымдастық ретінде қалыптасуына ықпал етті.
Басқаша айтар болсақ, «қазақ» сөзінің түпкі мәні – әлеуметтік мән. Ол – дәл осы сәттегі жеке адамның, ұжымның өз билеушісіне, қоғамға, мемлекетке қатысты жағдайы, күйі, мәртебесі. Мәселен, айналасына сыймай ел кезіп, өзін-өзі қылыштың жүзімен асырап жүрген адам - қазақ, жора-жолдассыз жалғыз өзі қатерлі де шалғай жолға шыққан адам - қазақ, Бабырдың сөзімен айтсақ, «көзсіз ерлікпен жауының жылқысын айдап әкетпей тынбайтын» жау жүрек жігіт – бұл да қазақ.
Кейде өз еркімен не әлде бір жағдайға байланысты еріксіз қазақы өмір сүретін адам қашанда аз болмаған. Оған ол кездің күнделікті тірлігі де қолайлы еді, оның үстіне сол кездің түсінігі бойынша, «Тарихи Рашиди» авторы айтқандай, ер-азаматтың жас шағында елден жырақ, шөлді жерде, тау мен орман ішінде, ауылынан шалғайда өмір сүріп, жүгіргенаң, ұшқан құс етімен тамақтанып, бас кетер қатерге бара жүріп ұстағанаң терісін үстіне іліп жүрудің өзі ерлікке пара пар болған.
Кез келген адам, ол түрікпе, парсыма, көшпелі малшы немесе жеті атасынан үзілмей келе жатқан ақ сүйек төре ме, «қазақ» болып кете алатын еді. Біраз уақыт Тоқтамыс ханның түңғыш ұлы Жалад-Динде, Шибан әулеті мемлекетін орнатқан Әбілхайырда, оның немересі Мұхаммед Шибанда, Шағатай ұрпағы Уәйіс сұлтан мен Саид сұлтан да «қазақ» болып жүрген. Қылыштасудан алдына жансалмайтын Әмір Темір ұрпағы Сұлтан Хусейн де көп айлар «қазақ» болып жүрген. Өзінің әйгілі «Жазбаларында» Бабыр да «қазақ аталып», таулы аймақ Масчадан Сұлтан Махмуд ханға бармақ болғанын есіне алады.
Бұл жерде қазақ болған адамның өз бетінен қайтып, бұрынғы қалпына қайта келуіне, ежелгі өз ауылына қайта оралуына болатынын баса айту керек. Жоғарыда біз атап өткен ақ сүйек тұқымдарының бәрі де сөйткенін көреміз. Сұлтан Хусейн мен Сұлтан Саид кейін әрқайсысы өз елінде патша болды. Мұхаммед Шейбани мен Захирад-Дин Бабырлар өз алдына дербес мемлекеттерін құрды.
Сөйтіп, сонау бір ескі заманда қазақ болу әркімнің өз қолындағы нәрсе еді. Иран және түркі тілдес деректер түп нұсқаларында қазақтың тұрмыс-халін көрсету үшін қазақ болу, казачество, елкезу, еркіндік дегенді білдіретін қазақылық зат есімі, сондай-ақ қазақламақ етістігі қабылданды.
Қазақтың тұрмыс-халі карабайыр екені белгілі. Содан барып «қазақына», яғни «қазақша», «қарапайым» ұғымдарын білдіретін сөз, түріктің "қазақ" деген сөзіне парсының "ына" қосымшасы жалғануынан барып туған сөз шыққан. Т.И.Сұлтанов "қазақ, әрине, өзінің «қазақлығын» жалғыз-жарым өткізе бермеген. Еркін қазақпен бірге оның болашағы бей мәлім тірлігін теңдей бөліскісі келетін адам, оған қазақтас болған. Қазақтас сөзін (оның негізінде белгілі үлгі: ЙОЛДАШ—серіктес, аркадаш-жолдас, ауылдас-жерлес, ватандаш-отандас жатыр) мен екі-ақ жерде-әл-Хаджа Абдәл-Ғаффар Киримидің «Умдатат-тауарих» («Тарихтар негізі») шығармасында және XVII ғасырдағы осман авторы Эвли Челе бидің Қырым хандығын суреттеген «Саяхаттар кітабынан» ғана кездестірдім", – деп жазды.
Біз сөз етіп отырған дәуірде «қазақ» сөзі жекелеген этностық, саяси және басқа топтарға, кейде тіпті жеке адамдар атына қосылып айтылған. Мәселен, моғол қазақтары, ноғай қазақтары, Дешті қазақтары, қызылбас қазақтары, сондай-ақ «Таң бала әмір қазақтары», «біздің қазақтар» (Бабыр), «шибан қазақтары» болған.
«Қазақ» сөзі сондай-ақ белгілі бір топтың, әртүрлі себептермен өз мемлекетінен ажырап қалған, қазір онымен соғысуға мәжбүр болып жүрген көшпенділердің бір бөлігіне де таңылып келді. Міне, сондай топтың, қазақтардың біріне Әбілхайыр хан мемлекетінің оған қарсы шығып, оның билігінен бөлініп кеткен Орыс хан ұрпақтары Керей мен Жәнібектерге қосылып жат жерден бақыт іздеген көшпенділері де жатады.
Керей мен Жәнібектің ауа көшіп кетуінің қазақ халқының этно генезіндегі рөлі қандай? Керей мен Жәнібек маңындағы қазақтар бірлестігі саяси және этностық тұрғыдан қандай бірлестік еді? деген сұрақтар туады.
Керей мен Жәнібектің Жетісу жеріне көшіп кетуі, сөз жоқ қазақ халқының этно генезінде шешуші рөл атқарды. Бірақ халықтың өзінің қалыптасуындағы емес, оның қазіргі атының бір жола бекіп қалуындағы рөлін айтамыз. 1459-1460 жылдардағы ауа көшуден қазақ халқы пайда болған жоқ, ол халықтың бұған дейін де жүріп жатқан қалыптасу үрдісін одан әрі жеделдетті. [8;49-56б]
Қысқасы, ол көш қазақ халқының ұлт болып қалыптасуының бастауы да, жетер межесі де болған жоқ. Бірақ ол сол әрқилы аспектіден тұратын үрдістің ең басты қозғау күшінің бірі болды: қалыптасып жатқан халықтың өзінің болашақ есімімен тарихи тоғысуы осылайша Жетісу даласында жүзеге асты. Осыдан былай Орысхан әулетін жақтаған адамдардың тарихымен «қазақ» сөзінің тарихы тұтасып біте қайнасып кетті. Ендеше Керей мен Жәнібектің көшуі «казақ» сөзінің де тарихи тағдырын бір жола шешіп берді.
Шибан ұрпағы Әбілхайыр өлгеннен кейін Керей, Жәнібек және олардың қасына ергендер үшін туған елге қайтуға жол ашылды, қайтып оралған соң көп ұзамай олар жоғарғы билікті өз қолдарына алды. Сол оқиғалар төл қазақ мемлекеттілігінің бастау негізі болды.
Әбілхайыр мемлекетіндегі билік ұстаған әулетті Жошы әулетінің басқа бұтағынан тарағандар алмастырғанымен, елдің экономикалық һәм әлеуметтік құрылымында елеулі өзгеріс бола қойған жоқ. Бірақ осы оқиға түптің түбі мемлекет атының өзгеруімен «қазақ» сөзінің этностық мазмұн алуына жеткізді.
Шығыс Дешті Қыпшақтағы «өзбек» жиынтық атауы бір жола жойылды. Бұрын осы өңірді мекендеген тайпалар енді әрқайсысы өз атымен өзбектер (шибандықтар), қазақтар және маңғыттар (ноғайлар) деп атала бастады.
Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы сол кезгі этностық-саяси жайды 1510 жылы өлген Мухаммед Шайбан хан сарайының ең хабардар бір тарихшысы Ибн Рузбихан былайша сипаттайды.
Шибан ұрпағына ерген көшпелі тайпалардың бір сыпырасының Мәуерен нахр мен Хорезмге қарай аууына байланысты Шығыс Дешті Қыпшақ тұрғындарының аумақтық-этностық, әлеуметтік – экономикалық және мәдени-тұрмыстық өзгешеліктерінің шығуы этностық жаңа қауымдастық-қазақ халқының бір жола қалыптасуында шешуші рөл атқарды. Шығыс Дешті Қыпшақ «өзбек» және «қазақ» деген терминдердің тарихи тоғысқан орны болудан арылды. «Өзбек» сөзі Шибан ұрпағымен бірге Мәуерен нахр мен Хорезм аумағына өткен тайпалардың атына айналды. Шығыс Дешті Қыпшақ пен Жетісу жерінде көшіп жүрген қалпында қалған Жошы әулеті Орысхан ұрпағының қол астына біріккен түркі тілдес тайпалар мен рулар «қазақ» атын түпкілікті иемденіп, олардың елі Қазақстан атала бастады.
Сол кезден бастап қазірге дейін осы бір еуразиялық ұлан-байтақ елдің түпкілікті тұрғындары өздерін тек қазақ деп қана атап келеді.
Сөйте тұра орыс тіліндегі әдеби құжаттарда XVIII ғасырдан XX-ғасырдың 30-жылдарына дейін көптеген жылдар бойына Қазақстанның байырғы халқын атау үшін «қырғыз» (көршілес түркі тілдес халықтың атауы, олар орыс құжаттарында қарақ қырғыз, буруттар, жабайы тау қырғыздары деп аталып келген), немесе бірде қырғыз-қазақ, бірде қырғыз-қайсақ (бұл жерде «қайсақ» сөзі түріктің «қазақ» деген сөзінің бұрмалануы ғана) деген сөздер қолданылды. Қате атаудың қазақтарға таңылуының әрбір жағдайының өз түсіндірмесі бар, сондықтан арнайы қарастыруды талап етеді.
«Қазах» сөзі – осы күнгі жер аумағы жағынан барлық түркі елдерінің алдында тұрған көп миллион халқы бар ұлттың қазіргі ресми орысша аты – түркіше «қазақ» сөзінің орысша нұсқасы болып табылады.
Қорытынды
Жұмысты қорытындылай келе алға қойған мақсаттарды ашып, зерттедім. Қазақ мемлекетінің алғашқы тарихшысы Мұхаммед Хайдар Дулатидің еңбектеріне сүйене отырып «Мәңгілік елдің» ұлы тарихының бастауы Қазақ хандығының құрылу тарихына зерттеу жасадым.
Жоспар бойынша барлық алға қойған негізгі мәселелерді қарастырып, кішігірім зерттеу жүргіздім. Жоғарыда айтылған ойды қорытындылай келе, Қазақ хандығы XIII-XV ғасырлардағы Дешті Қыпшақ пен Орта Азиядағы әлеуметтік-экономикалық дамудың, саяси-этникалық дамудың заңды қорытындылары нәтижесінде пайда болды. Қазақ хандығының құрылуы бір сәтте болған іс емес, басталуы мен аяқталуы бар тарихи процесс. 1458 жылы Керей мен Жәнібек хандардың Моғолстанға көшіп келуімен Қазақ хандығын құрылу процесі басталса, 1470-71 жылы Жәнібек хан Дешті қыпшақтағы билікті толық өз қолына алуымен Қазақ Хандығының құрылу процесі аяқталады. Яғни хандықтың құрылуы бір жылда ғана емес, бірнеше жылдар ішінде болады.
XV-XVII ғасырда Қазақстанның оңтүстік-шығыс бөлігінде құрылған Қазақ хандығы тарихи оқиға болды. Құрылғаннан кейін Қазақ хандығы Еуразияның шығыс бөлігіндегі күшті мемлекеттердің біріне айналды. 1470-71 жылдардан бастап ХІХ ғасырда патша үкімет кең байтақ қазақ даласындағы хан билігін жойғанға шейін Орысхан ұрпақтары үнемі бірін-бірі алмастырып келді, бірақ саяси үстемдік енді қайтып Шыңғыс әулетінің басқа тармағының өкілдеріне көшкен емес.