tengrinews.kz
- 21 мам. 2026 19:31
- 28
Қорғаныс министрлігі: Кайрат Сатыбалдыұлы барған колледж басшылары жұмыстан босатылды
Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі Алматыдағы Бауыржан Момышұлы атындағы әскери-спорт колледжіне Қайрат Сатыбалдыұлының баруына қатысты ақпаратқа түсінік берді. Бұған дейін БАҚ-та ол студенттерге дәріс оқыды деген ақпарат тараған болатын.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрлік өкілінің жауабы
Мәжіліс кулуарында журналистер Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиевтен осы жағдайға қатысты пікір сұрады. Ол Сатыбалдыұлының колледжге дәріс оқу үшін емес, 40 жылдық мерейтойына арналған шараға түлек ретінде келгенін айтты.
«Колледжде 40 жылдық мерейтой болды. Бұл шараны түлектер ұйымдастырды. Министрліктің бұған ешқандай қатысы жоқ. Олар өздері мұндай мерейтойларды өткізеді. Ол бұл оқу орнының түлегі ретінде барды. Ол дәріс оқыды дегенді бірінші рет естіп тұрмын. Дәріс оқыған жоқ, оқымайды да. Дәріс оқу үшін оқытушылар құрамында болу керек», - деді вице-министр.
Колледж басшылары жазаланды
Журналистер бұл жағдайға байланысты Қорғаныс министрлігінің колледж басшылығына қандай шара қолданатынын сұрағанда, Ахмедиев «Жаза қолданылды. Егер қателеспесем, жұмыстан босатылды», - деп жауап берді.
Ахмедиев Сатыбалдыұлының колледжге баруына байланысты қандай басшының қызметінен алынғанын нақтыламады.
Қайрат Сатыбалдыұлы кім?
Қайрат Сатыбалдыұлы – Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені. 2022 жылы ол 6 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Тергеу мәліметтері бойынша, ол «Қазақтелекомға» 12 миллиард теңгеден астам шығын келтірген және Көлік қызметтері орталығының мүлкін жымқырумен байланысы бар.
2023 жылы тергеу басқа эпизодтар бойынша жалғасты. Қаңтар айында Сатыбалдыұлы ақшаны жылыстату фактісін мойындады. Осыдан кейін 2024 жылы Kaisar Plaza бизнес орталығы оның мемлекетке қайтарған активтерінің тізіміне енді.
Осы тергеулерден кейін Қайрат Сатыбалдыұлынан көптеген ірі активтер тәркіленіп, мемлекетке берілді. Олардың жалпы құны 730 миллиард теңгеден асқан.