Құбыр желісінің тарихы
Тарихқа көз жүгіртер болсақ, су құбырларын адамдар ежелден-ақ қолдана бастаған. Алайда адамзат бұл өнертабысты жаппай қолданған жоқ. Тұңғыш рет суды қуатты әрі тармақталған жүйесі арқылы жеткізу жолын ежелгі римдіктер қолданған. Қаланың өркендеген шағында адам саны 1 миллионға жетіп жығылған, ал салынған құбыр желісі әрбір тұрғынды тәулігіне 1 текшеметрге дейін сумен қамтамасыз ете алған. Бір қызығы, қазіргі таңда Рим тұрғындары суды үш есе аз мөлшерде тұтынады.
Римдегі су құбырлары суды қолдануға салынған салықтың есебінен қамтамасыз етіліп келген. Бірінші кезекте мұндай салық су арналары мен моншалардың иелеріне салынатын.
Рим акведуктарының құрылысы келесідей кесте бойынша соғылған. Бірінші кезекте теңіз деңгейінен биік орналасқан әрі суы мол қайнар табылған, содан кейін оның айналасынан үлкен су қоймасы қазылған. Қаладағы тұтынушыларға су жерасты желісімен немесе жер астына қойылған құбырлар арқылы жететін болған, құбырлар балшықтан, ағаштан және қорғасыннан жасалған.
Су құбырларын дайындауға қорғасынды қолдану Рим Империясының күйреуінің себептерінің бірі болған деседі. Себебі қорғасын онкологиялық ауруларға шалдықтырып, халық арасында ерте жастан қаза болу үлесін арттырған, оның ішінде Рим билеушілері мен мен олардың жанұяларының мүшелері де болған.
Римдіктер жерасты су тартқышын жұмсақ жынысты жерлерден жүргізуге тырысқан, осы мақсатта таспен қаланған арналар қазылып, үстіне күмбез іспетті құрылғы жабылады екен. Егер су тартылып келе жатқан арнада қатты жер жынысы кездессе, жартас тесіліп, арна сол жерден жүргізілетін болған. Су жүретін арнаның теңдей аралығында вентиляциялық саңылаулар тесіледі, олар судың бұзылып кетпеуіне немесе сасып кетпеуіне мүмкіндік беретін.
Жер астында салынған су тарту жүйесі өткел қақпалардың қабырғаларында орналастырылған. Астаулардағы сылақтың арқасында қабырғалар судан бүлінбейтін болған. Ал желдету мәселесі жер асты су таратқыш жүргізу тәсілімен бірдей. Егер жер үсті су жүргізу жолы кедергіге тірелетін болса, адамдар оны арка негізінде жүргізген, кейде мұндай су өткізу аркаларының биіктігі бірнеше қабатқа дейін жеткен. Аркалардың мұндай түрі суды өзендерден, аңғарлардан және өзге де кедергілерден көпір ретінде өткізуге мүмкіндік берген.
Рим су таратқышының құрылысы өз кезінде өте сапалы жүргізілген, соның арқасында кейбір учаскелері мен су құрылымдары (мәселен субұрқақтар) біздің заманымызға дейін жарамды болған.
Римде тарихтағы бірінші су таратқышының (Аqua Аррiа) құрылысы біздің заманымызға дейінгі 312 жылы аяқталған. Оның бас құрылысшысы Аппий Клавдий, ол Римде тұңғыш болып жол салған адам ретінде де белгілі. Бұл жер үстінде де, жер астында да жатқан аралас су таратқыш болды. Жер асты телімінің ұзындығы екі жарым шақырымға дейін жеткен, ал аркалар арқылы соғылған жер үсті су таратқышы қала территориясындағы бір шақырым қашықтыққа дейін жетіпті.
Біздің заманымызға дейінгі 273 жылы Римде көп бөлігі жер астында жатқан жаңа су таратқыштың құрылысы басталды, ал біздің заманымызға дейінгі 146 жылы осындай үшінші су таратқыштың құрылысы аяқталды (Марция су таратқышы), оның ұзындығы 7 мильге жеткен, оның бестен бір бөлігі ғана жер үстінде болған.
Ал біздің дәуіріміздің бірінші жүзжылдығының соңына қарай 9 су таратқышы істеп тұрған, одан жеткізілетін су тәулігіне 5,5 миллион шелекке дейін жеткен. Келесі екі ғасырдың бойында тағы төрт су таратқыш іске қосылды.
Су таратқышын әр дәуірдің шенеуніктері басты назарға алып отырған. Су көп мөлшерде тұтынуға жарап, арзан бағаланды. Алайда халық суды көп тұтынатын болғандықтан, мемлекет айтарлықтай қыруар табысқа жетіп отырған. Дегенмен суды көп мөлшерде тұтынудан оны шығару жолы да қарастырыла бастады. Пайдаланылған су жиналып қалған суды ағызып жіберетін арықтар арқылы Тибрге құйылды. Уақыт өте келе су ағызу арналарынан шығатын сасық иістен оларды оқшаулау жолдары қарастырыла бастады, ал біздің заманымызға дейінгі ІІ ғасырда Римнің негізгі суағар арналары үстінен жабылды.