- 07 нау. 2020 00:00
- 194
Қудың өкпесі
Бұрын бір қу жігіт өзінің екі жолдасын үйіне шақырыпты. Осы екеуінің амалын бір байқайын деген қу жігіт табаққа ортасына май құйылған, бөрттірген тары салдырып әкеліп қойған екен. Екі қонақ ортадағы майдан қосып жей алмай, біраз дағдарып қалыпты. Сонда олардың біреуі қасындағы серігіне өкпесін айтқан болып:
— Талай жылғы дос едің, саған көптен бері өкпелі болып жүрдім. Әкем өлді, келмедің, шешем өлді, келмедің, осының ағайыншылыққа жата ма? — деп кілкіп тұрған майдан қалақпен өзіне қарай тартыпты да, алдына ағып келген май мен тарыны араластырып аузына сұға бастапты.
Сонда қайтерін білмей отырған жолдасы дереу:
— Ой, Құдай-ай, оған сенің өкпелейтін түк те жөнің жоқ. Ол кезде заман ойпыл-тойпыл болды емес пе? — деп табақты араластырып-араластырып жіберген екен.