Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Құмда қалған кемелер

Балықшы Тобағабыл не пәлеге ұшырағанын өзі де білмейді, аяқ басқан сайын өзін жылан арбаған торғайдай дәрменсіз сезінді. Қос өзеннің ұмар-жұмар қосылып, ақырын лықсып жер астына жұтылып жатқан қандымсұр құрдымы ширатылған айдаһар жыланға соншама ұқсағаны. Пәс сайын тынысы тарылып, кеудесі қысылды, көзге көрінбейтін біреу қолынан жетелеп дедектетіп жетелеп бара жатқандай емпеңдей аяңдады, тайыз суды шалпылдатып көп кешті, бірер мәрте сүрініп түрегелді.

Бұл өлкеге бірінші рет аяқ басуы. Кеше ғана Охотсоюздың ақбөкен қуған машинасымен үш жігіт болып ерулеп келіп жеткен еді, жарлауыт қабаққа қос тікті, баялыш, түйесіңір үйді. Қайда жүлге, қайда көл, қайда өзен — ауын, торын арқалап сол жаққа шұбыратын Арал балықшыларының он жылдан бері үйреншікті кәсібі осы. Былтыр Каспий теңізіне ау салды, биыл Шардара су қоймасын, Балқаш көлін тінткіледі, балық жоспарын орындай алмайтын болған соң осы Тобағабыл бастаған бір топ қаратабанды Ырғыз бен Торғайдың қара сағасына аттандырған еді. Түнемесіне кәнігі балықшы шала ұйықтады. Дарияның лай суында сусып жүзіп жүр екен дейді, соңында аузы тікенек тіске толы бір үйір жылан балық, қайтсек те білегіне оралып құрдымға кетірейік дейтіндей, адамша күңгірлеп кеңесетіндей. Ақырында астын-үстін сөйлеп елірмелеп оянды. Серіктеріне сездірмей сыртқа сытылды. Декабрь айының аяқ шені болса да, қыс демі қысырақтың иегіндей шөре-шөре, өзен арасына мұз бекіп тұсау түсе қоймаған, әлі асау. Жағалауға кісі көтерер мұз қатса арнаға еркін жетіп ау құрмақшы, сүзіткі салмақшы. Осы оймен ентелеп келе жатқан балықшының қырағы көзі алыстан мұнартып, сұры өлетін қойдың көзіндей жасылданып жатқан құрдымның сағасына сүрінді. Басын сонау терістіктегі Орал сілемінен жүлгелеп алып, түстікке тынбай ығысып, иретіліп, мың бұратылып қинала аққан Торғай өзені мен кәрі сүйек Мұғаджардан бастау шығарып, күннің шығысына жосқындап ұмтылған Ырғыз өзені Сарыарқаның мидай жазық пұшпағында ұшырасар еді. Көз көрген кісі таныстай кемсең қағысар. Көпке дейін сағынған жандар мауқын баса алмай төс түйістіре ұмар-жұмар құшақтасар ма. Мың километрден астам жол жүріп, талай тоспадан үйелеп әзер шығып, бөген-бөгеттен түйіскен кезде — қой мен қозы жамырағандай азан-қазан жосқын хал кешіп — кер даланың сауырын тұмсығымен бүлк-бүлк түртпес пе. Өткен бір замананы еске салып сылаңдап, қайыра қайрат жинап, армансыз ағындамас па деп ойлайсыз.

Түк те олай емес. Екі өзеннің түйіскен жерінде мол суды құныға, обыға жұтып жер астына жоғалтып жатқан құрдым сор бар екен. Әлгіде Тобағабылды еріксіз «тобалатқан» сол құрдымның қан-сөлсіз, репетсіз сұлбасы болатын. Қос өзеннің ерте көктемгі мінезі енапат емес пе. Арнасы құлашын кең жайып, қызара бөртіп, қойнау мен қолтыққа шүпілдей толып, ыңырана ығысады. Шабындыққа сүріне жығылып, жер қоңына тістей қатады. Мұндайда қыр қазағы: «қырғын қаптады», «топан су келді», «қыраң қып кетті» деп құйрығы қоныс таппай, үдере қоныс аударды. Құрдым ше?.. Жайылым тепсеңі дүр етіп көтеріліп, күздейгі, қыстайғы кір-қоңын тазарта жуып, жұртты үркітіп бүктетіле лықсыған сары лай су осыншалық мол бітіммен қайда сыяды, қай теңізге барып құяды деп таң қаласыз ғой. Сарыарқаға береке дарыған болар деп қуанасыз. Ендігәрі шөлдемейтін шығармыз, малға да, жанға да нәр жетеді деп дәмелісіз. Енді сол көктемгі мол су, телегей қарғын дамылсыз лықсып жөңкіліп барып ешқайда құймай, ештеңені суландырмай, құм жотаның қойнауына жұтылып жоқ болып жатыр дегенге сенесіз бе?

Шындығында, ұлы сор, безерген жотаның суреті сұмдық екен, қарап тұрып балықшы Тобағабылдың тұла денесі қалш-қалш тітіреді. Жақындап барғанда байқады — жалпақ алапаты қоға ма, қамыс па, шілік пе, әйтеуір, бір болмағыр берекесіз өсімдік жайлап алыпты. Балағын іліп, етегінен тартып, ілгері бастырар емес. Жер де кәдуілгі жерге ұқсамайды, баланың еңбегіндей былқылдаған бірдеме. Құм шағылдың баурайы жыланша жылжып қозғала ма, әлде қатты қайнаған тайқазандай беті бу атып, сақырлап, көпіршіп жатқандай ма, әйтеуір, көз жетер қиырға көз мойын созып, ұмтылып қаншама қарағанымен — тілге тиек етер, көз тоқтатар тірі сурет көре алмады. Тобағабылдың тіліне «Тоба, тоба» дегеннен өзге жөнді сөз де түспей қойды: мына табиғат бұл көріп өскен Арал теңізінің кескін-келбетіне мүлде келмейді; Қызылқұмның шексіз-шетсіз құм теңізіне де ұқсамайды; қараған сайын жанарды жасауратып, жүректі көтеріп дегбірді алған өңшең ал қызыл, ал жасыл, ал шикіл бояу-бедерлер; сосын тереңнен лықсыған, бу атқан, иретілген, бұратылған, ортасы шүңейттенген, жылжыған, сор мен лай араласқан, лай мен құм жағаласқан, жанталасқан, жарды қапқан ағыс иірімдері кілең. Балықшының жүрегі көтеріліп лоқсыды кеп, лоқсыды кеп. Кеше кешкілік Ырғыз бойына құрма ау салып келгенде, ішкен дәм-тұзы сіңбей, жүрегінің басында түйнек болып тұр екен, қайыра тастап құтылды. «Уа, құдіреті күшті жаратқан ием, — деп, бүктетіліп отырып күбірледі балықшы. — Мына кең алыпты түгел алып, екі өзенді тел еміп қалғытып жатқан ұлы құрдым, бейне, осынау Жер-ананың жаманшылыққа бастаған ынсапсыз пейілі ме. Әйтпесе, бір жыл емес, екі жыл емес, қос өзеннің екі өзенге парапар телегей суы қай жеріне сіңіп жатыр? Таза болсаң судай бол, бәрін жуып кетірер, кең болсаң, жердей бол, бәрін дағы көтерер деп мәтелдеткен бұл пенделер жүре-бара, келе-келе дүниеге місе тұтуды, «тойдым, болдым, қойдым» деуді ұмытқан болар; көзіне түскеннің бәрін көрсем, ішсем, жесем, иемденсем деп құныққан шығар; қанағатты, көңіл тоқтығын місе тұтуды естен шығарды ма; әйтеуір, осынау қыбырлаған адамдар мен мына жатқан құрдымның арасында іштей бір табиғи үйлесім, үндестік бар секілді. Табиғат-ананың «бұл адамдарды бәрібір суыма, нәріме қандыра алмаймын, бәрібір тойдырып бітпеймін, одан да өзім жұтып көрейін» деп жатқан көрер көзге қытымыр қиғылығы, бәлкім. Дүниені шайқап өттік, қызыққа кенелдік, көрдік, білдік деп астамсынған пенделердің алдында осынау құрдымға ұқсас ызым-ғайып, тып-типыл, үн-түнсіз зауал күтіп тұрғаны кәдік. Мұны дер кезінде ұғынатын да, ұғынбайтын да бар. Базбір желкеуде, астамсыған, менменсіген, білгішсіген, кеуде керген, мелдектеген, деміне піскен кісінің көз алдында көзге көрінбейтін буы болады деуші еді, рас білем; мына құрдымның үстінде де шайы орамалдай үлпілдеген жұқа ақшыл бу қалқыды. Кәдуілгі сүйекті балқытар ыстық бу».

Аяғы тәлтіректеп, демі қиындап, жанары кілегейленіп, дәрмені біткен балықшы Тобағабыл сүрініп барып, еңсесін қайыра жазды. Еңкейгенде алақаны былқ етіп сор балықша тиді, қамыс тілді. Мына құрдымда бұрын ешбір ғалым зерттеп, аңғарып, суреттеп, ежелеп білмеген ерекше бір қасиет бар секілді. Табиғат мінезі көре көзге мүлде өзгеріп тұра ма деп қалды. Әлгіде ғана таң арайымен шағыла құбылып, айдыны көгеріп, сұлу келіншектің ажарындай көзді тартып, арбап шақырып жатыр еді; енді күрт өзгеріп, бетпақ әйелдей безеріп, қазанына тас қайнатқан сараң ошақтай бұрқ-сарқ атып, жүректі шошытып үрейлендіре түсті, жүре-бара дегбірді тауысып, тынысты тарылтып, сүрінте бергені. Мұны да жұтып жібергісі келгендей ыңырына, ындынына тартады, құрдымның кіндік тұсында магнит толқыны бар ма деп жобалады, өйткені сол маңайда сор батпақ қоюлана түскендей; бу да молырақ, қылтанақ көрінбейді; әрідегі құм шағылы деп ойлағаны — ақжем борық білем, шүңейт деп болжағаны — бірсін-бірсін астынан көпсіп ашыған қамырдай көтеріліп келе жатқан жер асты құбыжығы секілді; маналы бір-екі өзеннің қоспасы деп ойлаған тұсы — толқын да, қоймалжың батпақ та емес, үңірейген жер асты құбыры ма — жанары талып, жандалбаса қарманып кері шегінді. Сәл кідірсе, алып ойпат ортасынан ашып, көпсіген ұйық мұны да қылғытып жұтып қоятындай көрінді. Керзі етігін желім балшық тістей қатып жібермеген соң сыпырып, шешіп кетті. Мақталы күпәйкесі зіл тартып, еңсесін езді, оны да сыпырып лақтырды. Қыстың қара суығына ұрынып, тоңып қаламын-ау деп ойлауы екіталай; түйе жүн жеңсізін қайда жүріп сулап алғаны белгісіз, малмандай құлақшынын шешіп тастап, өлем ата жағалауға ұмтылды-ай. Жын қуғандай жандәрмен тырағайлады. Сәске түсте батып, манағы ертеңгісін шығып кеткен шайласына тақады. Жақынын көргендей жанары жасқа шыланды: «Көл ортасын көремін, балық бар жерді болжаймын деп жүріп опат бола жаздадым-ау», — деп іштей мұңаяды. Кеше ғана сонау түстікте жатқан Арал маңынан, шағын ауылдан бөкен аулаған Охотсоюздың машинасына мініп, үш кісі болып осы өлкеге аяқ іліктіріп еді. Әуелгі келісім бойынша бұлар құрдымға ертерек жетіп, қос тігіп, балық бар суатты болжап біліп, ерулеп жата тұрмақшы еді: өзге балықшылар ау-сайманын сайлап, сықап кейінірек жетпекші. Тобағабыл өзінің жыл он екі айда отбасынан безіп, қайда су қоймасы, көлшік, көл, саға — сонда сандалып бейрахат тіршілік кешкен осынау сиқына сұмдық назаланады. Қос алдына тәлтіректеп жетті де, дәрмені бітіп, жүрелеп отыра кетті.

Ой ішінен ой терсе — әкесі, атасы, бабасы балықшы болыпты. Арал теңізінің бұл баспаған түбегі, бұл шықпаған шоқысы жоқ шығар, сірә! Құмсуат, Тұщыбас, Щевченко, Сарышығанақ, Ақкөл, Бозкөл, Қашқансу, Қаратұма, Жалтырбас, қарақалпақ нағашысы жайлаған Мойнақ құмының тозаңын жұтып, жағасына табан мөрін басып өсті емес пе. Құланды, Қаратүп, Көктырнақ түбегіне жүзбе ауын арқалап, он, он емес-ау, жүз мәртеден барған болар. Ауа ауысты ма, әлде Арал теңізінің түбі тесіліп кетті ме, әйтеуір, бір алапат болғаны рас. Баяғы бұл ұстаған бекіре, шоқыр, ақбалық, ақмарқа, қаракөз, көксерке, табан, сазан, майшабақ, мөңкенің тұқымы жоғалып балықшы әулеті от басқандай безектеп кетті. Сырдария мен Амударияның теңізге құяр сағасында қашқан су, іркілген көлшік, ашыған көл, ортайған тоғанға құрама жол салып, ілдебайлап жоспар орындап жүрді. Тобағабыл іштей әлі де басым жас қой, институтты сырттан оқырмын, үйдегі қарадомалақ бес баланы мәре-сәре ғып өсірермін, әйелімнің көңілінен шығармын деп қиялдаушы еді: тіпті болмағанда, бригадирден өсіп, балық ұжымын басқарармын, ешкімге залалым жоқ, кісі ақысын жемеймін, үлкеннің сөзін жерге тастамаймын, осынша көр бейнетті қамыт киіп жүре бермеспін деп тағы дәмеленетін. Қызылқұмның құм боратқан көкжиегінен әрі аттап әке бастаған, ата болжамаған ел мен жерді көрермін, қызықтармын деп армандаушы еді.

Биылғы жыл теріс туды білем, жоспары құрғыр бөкенше безіп қарауылға алдырмай діңкелетті, жиналыста сөгіс жамады, үйде береке болмай кетті, келіншегі «төркініме кетіп тынамын» дейтін тосын өнер шығарды, ақырында озат бригаданың бригадирлігінен «өз өтінішімен» босанды, құлдырағаннан құлдырап тор тоқыды, қармақ иді, ау салды, қайық бүтіндеді. Қайда балық бар деп естісе — сонда безектеп жүгірді, безектегеннен безектеп жүріп, ағаш безін теріп кетті. Без терген емей немене шығанақ пен түбекті тінткілей жүріп аулаған аз ғана балығы ортақ қазанға түскенде жұмырға жұқ болмады. Қазақстандағы жиырма сегіз балық ұжымының маңдайалдысы еді, келе-келе жоспар орындалмай қарызға отырды. Әуелі балықтан түскен таза табысты кеңседе отырған есепші ағайын шотқа салып, ұжымның заң кітабы бойынша бір мүше сыбағаны ұжымның бөлінбейтін қорына жатқызды, келесі мүшені сыйлық қорына деп оңашалады; қоғамдық қорға тағы бір мүше сыбаға; жәрдем кассасына және бір бөлшек бөлінбекші; енді таза табыстың қалғаны балық аулаған артель мүшелеріне беріледі. Тапқан табысын қапқа салып арқалап, қоржын тамдағы үйіне келгенде келіншегі тергеуге алмай ма. «Үйіндегі бес баланы қалай асыраймын деп қаңғып жүрсің», — деп жанын тырнайды. «Иығынан ауы түспейтін мәнжубас балықшыға қосақтаған қай тағдыр мені?» — деп тағы сұңқылдайды. «Ел аман, жұрт тынышта балық іздеп, суат кезген сортабан кәсіпті қашан доғарасың, ойбай?» — деп жүйкесін жұқарта түспей ме. Әрі-беріден соң басын ұстап, құлағын басып безе қашқандай болады ғой тегі. «Атакәсіптің атасына мың нәлет! — деді бұл бұлан-талан бүлініп, — ұжымнан шығамын, заводқа тұрамын... »

Тобағабыл сол екпінмен балықшылықты тәрк етіп, Баршақұмның иінінде жатқан Жақсықылыш, Қамыстыбас көлінде ас тұзын өндіретін кәсіпке келіп кірді. Мидай алапты айтақыр ғып алып жатқан тұз мұзын күректеп, кетпендеп жүріп үймек үйеді, сол үймекті қаптап, арқалап машинаға тиеді. Дамыл таппай қимылдап, заводқа жөнелтеді. Мұз бетінен тұз жинап ай күйбеңдеді және екі жарым ай терін тамшылатып иіліп-бүгіліп қап көтерді. Әрәдік белін жазып, терін сыпырып тұрып: «Ой-хой, бір заманда осы көлдердің үстінде көк теңіз тулап жатқан дегенге қайтіп сенерсің?!» — деп терең-терең күрсінетін. Көкірегі қарс айырылғандай болып, көз ұшында құмға сіңіп көшіп бара жатқан Арал теңізіне жаутаңдайды. Түстік бүйірден құдайдың құтты күні бір тынбай азынай соққан Қызылқұмның желін нәлеттейді. «Бұл Қызылқұмның желі не деп жылап тұр?» — деп жолдастарына сауал қойды. Мұнымен тілге келіп сөйлесіп тұруға өзге жұмысшылардың мұршасы жоқ, ертерек тұз үймегін тұрғызып үлгергені жөн, сол үймекті күректеп қапқа салады, иін тірестіріп машинаға артады, түсіреді, завод диірменіне төгеді, майдалайды, йод қосады, қайыра қағаз қалталарға салады, тігеді, үйеді, тиейді, жөнелтеді... ой-ой-о-ой... мұнда да ақ тер, көк тер бейнет жеткілікті.

Тобағабыл осындай сүркіл қимылдан сүйегі қирап келіп жуынып, тамақтануға да мұршасы болмай; жатақханадағы төсегіне сүріне жығылып жетіп, жата кеткен. Басы жастыққа тиісімен қор ете қалған. Қанша ұйықтағаны жадында жоқ; таң алдында қапырық ауадан бастығырылып, пысынап жатып жаман түс көріпті. Тұщыбастағы жағалауда мөлиіп қармақ салып отыр екен дейді. Көгілдір су беті қарауытып, толқын атып жыбыршып жөнеледі. Балық атаулы әлдебір құбыжықтан үркіп, дүркірей жосып, бергі жағаға ойысқандай ма?.. Алабұға, тұқы, жайын, оңғақ, шоқыр, лақа, қаяз, мүйізтас, аққайран, қарабалық, дөңмаңдай, майшабақ атаулы шыбын жаны шырқырап жәрдемге шақырғандай ма?.. Орнынан атқып тұрып суға қойып кетті, киімшең омырауын малтып біраз жерге барды. Әлгі пақырларды сумаңдаған жыртқыш жыланбалық тырқыратып қуып жүр. Жақындап кетсе-ақ әректей аузымен қылғыта жұтады; ирелеңдеп, өңмеңдеп теңіз астын билеп алыпты. Ойран ботқасын шығарып жергілікті иір мойын момындарды қансыратып қырып барады. Бұл құрығын шошаңдатып, жыланбалықты ұрмаққа оқталды. Ол неме енді өзіне айбат шегіп, тап-тап ұмтылды. Беліне, аяғына жылан болып оратылды. Сол мүскін мақұлықпен жанталасып алысып жатып, ел-селі шығып терлеп оянып кетті. Басы зіл тартып, ербиіп ұзақ отырды. Жолдастары тұз тиеуге әлдеқашан кетіп қалыпты. Сол жыланбалықты осыдан он шақты жыл бұрын астанадағы балық шаруашылығы жөніндегі мамандар «балық өнімін көбейтеміз, өсіреміз» десіп, кеу-кеулесіп, өзге құрлықтан алғызып, әспеттеп жүріп жоғарыдағы Шардара су қоймасына жіберген еді. «Өссін, көбейсін, сосын аулаймыз», — деген-ді. Әлгі неме апан ауыз жыртқыш болып шықты. Жергілікті момын мақұлықтың әуелі уылдырығын, сосын өзін жұтты; дарияға өтті, жоғарылы-төмен еркін жалдап, жайын мен сазанды қынадай қырды. Жергілікті халық жей бермейді, ауламайды. Жылдар өте әлгі жыланбалық көбейіп, каналға өтіп, күріш танабына шығып, масақты қиып жей бастапты деп шошытады баяғы. «Өзім білеммен» өкіректеп, бірін-бірі тыңдамай, бірін-бірі тоспай сөйлеген бірер білгіш ғалым өстіп табиғаттың тепе-теңдігін көрер көзге бұзып алғанын кеш ұғып, сан соққаны ғой...

Осынау келеңсіз оқиғаны ойлап отырған Тобағабыл жалма-жан тұрып, киіне бастады. Жол қапшығын иығына асты, бастығына барып келетінін айтты. «Ау, аяқ астынан түлен түртті ме?» — деген жолдасына ләм демеді. «Ау, батыр, жер бетінен ауып кеткен жоқ, балықты қайдан табасың?» — деп алдын кес-кестеді. «Ау, жарқыным, Арал маңынан мұнан өзге табысты кәсіп таба алмайсыз, райдан қайтыңыз, қалыңыз», — десті. Біріне де «ие» деп илікпеді. Есепшіден есебін айырып, көшпелі дүкеннен қант, шекер алып, жөнін айтпастан, ләм деместен аулына тайып тұрды. Жолда көні кеуіп қаталап өліп қала жаздады. Қырық күн шілденің күні жанып кетіпті. Жүз шақырым маңайда тамшы су көзі жоқ.

Жер де, көк те кілкіген, тоңазытқан ащы тұз тозаңы. Жолай тұз тасыған машина ұшырасып, мінгізіп алғаны оңды болды. Көретін жарығы бар екен қайта. Ертесіне балағымен шаң сыпырып, сәске түсте Тұщыбастағы шүйкедей ауылына келіп түсті. Күнге күйіп, түтігіп кетіпті.

Әншейінде жоқтан өзгені сылтау ғып шаптығып, көгеріп-сазарып қарсы алатын жүйкесі жұқарған келіншегі бұл жолы аяғының ұшымен басты, иығынан қапшығын, қолынан таяғын алып елпек қақты. Балаларды тырқыратып сыртқа, тамның көлеңкесіне қуды. Дастархан жайып, гүжілдетіп самаурын көтеріп келді. Бір тізерлеп отырып, баяғыны еске салып, майысып қызылкүрең шай ұсынды. Тобағабыл ащы терін шығарып, әл жиып терісі жазылғасын барып, тұңғыш рет тіл қатты. «Атасына мың нәлет, ата кәсіпке қайта кірісемін, жыланбалық болса да аулаймын», — деді. Сөйтіп ауылдан бес жүз километрдей жоғарыда жатқан Шардара су қоймасына салттап, ерулеп барып, балық аулап жүрген бригадаға тіркелді. «Бригада» деп ауыз толтырып айтқаны болмаса, бас-аяғы он үш-ақ адам, оның бірі қабылдаушы, есепші бала; екіншісі — бригадир, үшіншісі — аспаз әйел. Өңгесі ертеден қара кешке қара суға тор, ау салатын, қайық есетін, арқан тартатын, балықтың жайылымын барлайтын балықшы ағайындар әншейін.

Әуелгіде бригаданың өзге мүшелері орталарына бөтен мақұлық еніп кеткендей мұны жатсынып, қорашсынып, кірпідей жиырылып жаратпай жүрді. Шаруаның ауырына мұны жұмсамады. Түскі, кешкі ас үстінде «қосымша ақы бәрімізге бірдей бөліне ме?» деп өгей сөз күңсітті. «Бұл Тобағабыл келіншегінің қасынан жаңа ғана келді, ал біз болсақ қатынымыздың түр-түсін де ұмытып қалдық», — дей ме. Әйтеуір, қораш әңгіме тегі көп. «Басқа түскен соң — баспақшыл боларсың» деп, Тобағабыл тікенек сөзге де, теріс пиғылға да «мәу» демеді, жонын бейнетке төседі.

Әуелгіде салған ауы сары бауыр сазанға толып шығып жүрді де, жоспарды жартылай ғана орындап үлгерді; өліарада балық күрт азайды, балықшының ұнжырғасы күрт түсіп кетті. Ең жаманы — бәрінің басы құралып кешкі асқа отырған кезде «түк бітірмей, түк өндірмей» келген балықшы өз-өзінен қорынып, іштей өзін арамтамақша сезініп, төменшік тартып, басы салбырап қалатыны, әрине. Біреулер: «Балықтың иесі ескі айға ілесіп кетті ме», — деп болжам таратты, келесісі: «Кие, береке деп қасиетті сөздерді қор қылатын дәнеме жоқ, балықты құртып бара жатқан анау тереңдегі жыланбалық», — деп өзгеше пікір ашты.

Шындығында, Шардара теңізінің түстік беті құжынаған қосын, лаулата жаққан от, көлбеңдеген кісі сұлбасы. Бейне, баяғы құмға сіңіп опат болған Ескендір Зұлқарнайынның қалың қолы қайта тіріліп, көтеріліп келіп, ерулеп жатқандай ғой. Бұлар өре түрегеліп, күн сала қарап қайран қалысты. Ташкент, Жетісай, Самарқанд, Абай бойынан қаптап келген демалушы қауым алаулатып от жағып, қос тігіп, жағалауды аткөпір етіп, суға шомылып, қармақ салып, мәзденуі ғанибет. Әрәдік бажынай дауыстап барқылдаған, ча-ча-чалаған ащы музыка ырғағы кешкі ауаны қамшымен осқандай тіледі. Маса гуілдеп маза кетті.

Ертесіне жағалауға жаңа тобыр келеді. Тобағабылдың ауына жеңді білектей жыланбалық оратылды. Ескекпен ұрып, есінен тандырып жағаға жеткізген. Аннан-мұннан жиналған балықшы шіркіндер ширатылып бұлқынып жатқан жыланбалықтан емес, Тобағабылдың қанталаған, атысқан жанарынан үркіпті. «Жарқыным-ау, не болды саған, таста бұл пәлені», — дейді бұлар — үндемейді. «Мұны аулап тауыса алмайсың, судың жұты, балықтың жанкештісі көбейіп кетіпті, зимогор кәдеге асырар», — деп басу айтады — сыр бермейді. Былайғылар кәнігі балықшының бір ұрт, оғаш мінезінен шоши бастады, шегіншектеді, үрпиісті.

Тобағабылдың ысқырына кәрленген үні естілді. «Бұл мақұлықты өзіміз жейік, өзім-ақ жеп тауысамын!»

— Ау, мына Тобағабыл есінен адасқан шығар!

— Не деп тұрсың, жарқыным-ау!

— Жесе жесін, өре халық жегенде бұл шіркінді қазақ татып алмайтын арам мақұлық емес шығар.

Бірмойын Тобағабыл айтқанынан қайтпады, әлгіні шұбалтып қайығынан сүйреп шығарды, қостың алдына әкеліп дөңбекке салып басын, құйрығын шауып итке лақтырды, иті құрғыр құйрығын бұтына қысып беталды маңып жоғалды. Мақұлықтың денесінен қан жылымшылап ақты; бұл селебе пышақпен жапырақтап шауып бұза бастады, аспаз әйел: «Арамыңды қазанымнан аулақ алып кет, жоғалт, құрт», — деп шыж-көбелек безектейді-ай; былайғы балықшылар кино қарағандай үйіріліп өздерінше сыбыр-күбір мәз әйтеуір; мақұлықтың ортаңғы бөлегі майы ірімтіктеніп семіз шықты. Тобағабыл тұрып барып, қостан тұз әкелді, әлгі кеспе қызылға үйіп септі: «Қазаныма салдырмаймын, қараң қалғыр, Есіркептің тұқымысың, аулақ, көзіңді құрт, жоғалт», — деп аспаз әйел шаптығады; Тобағабыл қыңар емес, кәрі аюша қорбаң қағып, ошақ жаққа барып нан көметін табаны алды, шапшып ұмтылған әйелге қып-қызыл жанарын қадап: «Табаға шағамын, жолыма тұрма!» — деп бір-ақ кесті; анау жым болды; тұз сіңген балық бөлшегін нән табаға тоғытты кеп, үстіне үймелетіп және салды, тұзды тағы үйді, сосын бетін жауып шоққа қойды; күн алауы семіп, көкжиек күлгін тартып бара жатқан кез болатын; Шардараның беті жыбыршып салқын леп тартты; Тобағабыл әлгі табадағы пісіп болды-ау дегенде, көсеумен қысып, шоқтан алып, жігіттерге алып жүрді. Олар, бейне, үріккен қойдай тіксініп кері шегінді, бұл көп қаузап өңмендемеді: қос жанындағы жайдақ сәкіге тізе бүкті де, газеттен дастархан жайды; буын бұрқыратып табаны ашып қалды; әдемі иіс кешкі ауаға кілки сіңді: «былайғылар енді қайтер екен» дегендей ежірейіп оқшау үйіліп тұрған: бір қолында қасығы, бір қолында тандыр наны — Тобағабыл «бісіміллә» деп табаға төнген: «е, жыланбалықты жесе несі бар?.. Қытайда, Кореяда, Индонезия жерінде жыланнан неше түрлі тағам әзірлейтін салт бар емес пе; енді бұл жылан емес, жыланбалық қой, балық аты бар әйтеуір» — осы оймен кесек етті қасығымен қармап, демімен үргілеп аузына бір-ақ атқан; жұтқанын да, жұтпағанын да білмейді; өң мен түстің арасындағыдай елес әншейін: «Су әкеліңдер!» — деген ащы даусы алапты көшіріпті: әлгі жылы-жұмсақ, жылымшы, майлы, дәмді, нәрлі, өзі біртүрлі кескен бөлшекті өңешінен әрі қарай жылы сумен итеріпті: нақа бір тереңге батып бара жатқан адамдай жан дауысы шыға қолы ербеңдеп «Су! Су!..» — депті және. Одан арғысын біле бермейді. Біреулер айтады: «Қасығыңды төбеңе ербеңдетіп дарияға қарай жүгіре жөнелдің», — деп: әрәдік «Барлығын жеп құртамын!» — деп айқайлайсың дейді-әй. Сенерін де, сенбесін де білмейді.

Екінші біреу айтады: «Тіпті олай емес, екі бөлшекті асадың ба, жоқ па, нән шелек суды солайымен іштің бе, жоқ па анығын білмеймін, әйтеуір кескен томардай гүрс құладың», — деп. Үшіншілері: «Сенің сарқытыңды жеп көріп едік — тәтті, дәмді екен», — деп қырға қарап мөңірейді. Қойшы, әйтеуір. Тобағабыл сол оқиғадан кейін аузына ұшық қаптап, мұрттай ұшып ауырыпты, ауруханаға түсіпті. Соңынан іздеп келген келіншегі ақ төсекте арыстай болып жатқан бұл көкеңді көріп дауыс салып жіберді.

Әрәдік: «Сорлы-ау, сен опат болсаң, ана бес қараборбайды қайтып асыраймын», — деп мұның сай-сүйегін сырқыратты. «Жер бетінде балықшы болмай-ақ, балық ауламай-ақ басқа кәсіппен күн көруге болатын шығар; өзіңмен түйдей құрдас Асанәлі қайным, әне, бала оқытып, мектепті ұстап күнелтіп жатыр, ешкімнен кем емес; ең болмаса Мүсіркеп қайнағаға ілесіп түйе бақсаң ғой, қымыранды ғана ішіп жүретін едік», — деп, бейне Қызылқұмның мазасыз желіндей біраз азынап, уілдеп басылды. Тобағабыл жатып ойланды содан. «Әйелдің айтқанын істеме, ақылын тыңдама» деп қақсап үйретіп кеткен әкесі қатты кісі болған-ау, сірә?! Әйтпесе келіншегінің сұңқылдап айтып отырған сөзінің жаны бар. Жер үстінде мың сан кәсіп бар. Әкем, арғы бабам балықшы болған екен деп тұқымы тұздай құрыған балықты іздеп, иығына ау асып, ел аралап, қаңғып кетуі қалды ма; енді жылым, тоспаға құртша қаптап көбейген жыланбалықты аулап, қуырып жеп тауысуы қажет пе; Шардара су қоймасының балығы түгесілді, енді Балқаш асуы керек пе; осынау бейопа кәсіпті әкесі бұдан ант алып, мирас етіп кетпеген шығар. Қой, ә, «Есің барда елің тап» дейді қазақ, мен де осы науқастан оңалайын, белімді буайын, я, шаң-шаң ауылдың шағын мектебіне қарауыл болайын, я, түйеші Мүсіркепке жәрдемші болайын, балығы құрсын».

Ауруханадан шыққан Тобағабыл күнқағары епетейсіз едірейген ақ шәпкені милықтата киіп, қонышты бәтеңкені қисайта басып, орталықтағы, жел өтіндегі мектептің директорына келіп жолыққан. «Өзіңдей нар жігіттің сөзін жерге тастауға тегі құқым жоқ, — деп директор қос алақанын стол үстіне жайды, — амал қанша, қарауылдық орынды да, бағбандық орынды да өзіңнің Асанәлі құрдасың қосалқы иемденіп жүр. «Көкешім, мұғалімдігің де жетер, шаруаны босатсаңшы, басқаға істетейік», — деп талай бопсаладым, болмады; «Жүз жиырма соммен бір үйірлі жанды қалай асыраймын», — деп бет бақтырмады, бәтшағар. «...Ой, пәлі-ай, Асанәлі бейбақтың қарауылдығын, я, бағбандығын тартып алғанда маған бүйір шықпас, қой, ә, өзі-ақ істей берсін; екі қолға бір жұмыс табылар... деген оймен аяңдап, колхоз кеңсесіне келген. Ұжым басқармасы мұны орнынан тұрып, ұмтылып қарсы алды, көңілін, шаруа жайын сұрады. Тобағабылдың аузынан «түйе, түйешілік» деген сөзді шалалап естіген кезде ауыл басшысының жүзі күреңітіп құмығып, көз алдында шөгіп кеткендей елестеді. Үні көмескі жүдеп естілді. «Осы түйе түлігі бізге құт болмады, - деді төмен тұқшиып, — бұл жарықтық біте дертіне, тіне ауруына ұшырады ма, әлде Арал тартылғалы соның кепиеті ұрды ма — жылдан-жылға азайып, басы майдаланып бара жатқан секілді. Құм ішінде малымыз бар деп, мәз болып біз жүре беріппіз; бағып-қағып, жетістірдім деп, әлгі мәңгі болғыр Мүсіркеп босқа кезе беріпті. Жақында жинап санаймыз, он шақтысының сайда саны, құмда ізі қалмапты; түйешіден «тап, ізде» дейміз; ақырында құм арасында қаңғып жүрген қиялидан да айырылдық», — дейді бастық. «Айырылғаны қалай?» — дейді Тобағабыл сұмдық таңырқап. Біреулер айтады: «Құм ішінде жоғалған түйесін іздеп әлі сандалып жүр», — деп, екіншілер: «Қарақалпақ асып, қайындап кетіпті», — дейді осы ауылдың молдасы: «Түйеге айналып кетті», — деп өзінше өсек өрбітеді тегі. Не істерімді білмей дал боламын, жоғалған түйесі табылар, тегі болмаса бірдеме ғып актіден шығарамыз; сол Мүсіркеп шал аман болсыншы, ауылға оралсыншы деймін баяғы... «Түс-сін-ік-ті... Тобағабыл бастықтың алдынан біртүрлі іші босап, торығып, құлазып шықты. Қызылқұмның желі азынап, төменгі жақтан тағы құм бората бастапты. Тұщыбас ауылы дүлей құм селінің өтінде үпір-шүпір үркердей шоқтанып, бүрісе түседі. Мына жыл ма жыл танабы кеуіп, табаны тартылып шегініп бара жатқан қаракөк Арал теңізінің келешегі, анау деміккен дімкәстай дүлей желден бір көтеріліп, бір басылып еспесі бұрқыраған Қызылқұмның ентелеп келе жатқаны, суалған дария, жоғалған жолаушыдай көгілдір алқап өзінің осынау тіршілігін мүлде кішірейтіп, күйкі етіп, мәнсіз етіп жібергендей сезілді. Табиғат алдында тым әлсіз, тегі қауқарсыз екенмін-ау деп торықты Тобағабыл. Түпсіз терең ой кешіп отырып байқамапты; ту сыртынан әлдекім төніп келгенге ұқсайды, шошып кетті. «Төке, жалаң аяқ, жалаң бас неғып отырсыз?» — дейді әлгі. Мана әлгіде, ертеңгісін қостан шығып кеткенде жылы ұйықтап жатқан балықшы бала бұл, соңынан қара сақалды серігі де ентелеп келеді.

«Қыстың қара суығында мөлиіп неғып отырсың, бәтір-ау?» — деп ол дағы келе жұлқылады; демеп, сүйеп, қосқа кіргізді. Сырттан баялыш, түйесіңір әкеліп, от тұтатып шағын шайланы жылытты. «Оқасы жоқ, — дейді бұл суық ыржиып — Торғай мен Ырғызды жұтып жатқан құрдым мені де опат ете жаздады, балық үймелеген жылым іздеп жүріп, құрдымға жұтыла жаздадым, етік те, құлақшын да шыбын жанымның садағасы?!. «Тобағабыл, сені ғой кейінгі кезде түсінбей жүрмін, осы жазда Шардараның жағасында жыланбалық қуырып жепсің, күзде Балқаш көлінің тереңдігін өлшеймін деп бой салып тұншығыпсың, одан аман-есен оралған соң, құм кезіп жоғалып кеткен Мүсіркеп шалға құран оқытамын деп жалғыз ісегіңді сойыпсың; бұл қалай сонда, есің дұрыс па өзі?!» Қара сақал, сары тіс серігінің шындап сұрап тұрғанын түсінді бұл. «Қайтіп жауап береді, не демекші?!. Ішкі әлемін жайлаған сырды, мұңды қораш тілмен қалай баяндап түсіндірмекші?..» Тобағабыл ләм деместен мөлиіп отырып қалды, балықшы баланы жұмсап тон алғызды, жамылып, отқа ентелей төнді. Буын-буынын жайлап буа бастаған қорғасын суық бірсін-бірсін саусағын босатқандай ма; кеудесі кеудесі емес-ау, көкірегінің іші сырылдағандай ма; әлдеқайдан, алыстан самолет ұшып келе жатқандай ма; мүлгіп-қалғып отырып ой құрдымына және шым батқаны. Мектептің қарауылдығы, түйешілік бұйырмаған соң бұл көкең ата кәсіптің қамытына тағы келіп, мойнын сұғынған. Бұл жолы бригадир: «Өңкей сөзіңді жүре тыңдап, бас десе құлағын көрсетіп, қырға қарап мөңірейтін арамтамақтан қалдым пәлеге, — деп жер-жебіріне жетіп, сілкілеп алды. — Аванс та, қосымша ақы да жыл аяғында болады, балтай-шалтайды доғарып, бір топ балықшыларды бастап, Балқашқа аттанасың, еру боп жатыр, жоспарды орындайсың...» Тобағабылда екі сөйлеу, ежіктеу деген болмайды. Ау-құралын сайлап, жол азығын қамдап, бір топ болып ертесіне пойызға мінді, «дегеніме көнбедің» деп келіншегі қырсығып шығарып та салмады...

Әлгі қара сақалдың: «Балқаштың тереңдігін өлшеймін деп бой салыпсың» деуінің жаны бар, сондай бір келеңсіздеу оқиғаның болғаны рас. «Пәлен жерде батпан құйрық, ол не қылған бостан-бос жатқан құйрық» деп қазекем айтқандай, көлдің батыс жағына ернеулей келіп қоныс теуіп, ақ ниетпен ау салған бұлардың қолына әуелгіде ештеме ілікпей қойды. Жылдан-жылға көл суының тұз құрамы көбейіп кеткен бе, әлде өзге балықшылар бұрын келіп аулап түгескен бе — безер шоқыр, көкбақа, арық аққайран, қаңғыған итбалықтан өзге су мақұлығын торға түсіре алмады. Оның үстіне қайықтағы кісіге күздің қара суығы тікенекше қадалды. Әуелгі кезде таң сәріден тұрып сүзіткі құрып, ау салып, бастырғы бекітіп, қалтқы аңдып аянбай қимылдаған балықшылар түстен кейін мардымды балық ала алмай қатты қалжыраған, әрі-беріден жүйкесі құрғыр тозған. Қынаптан суырған қылыштай бауырын жарқылдатып, сұлу сазанды қайыққа аударып салып жатпаған соң кәсіптің де қызығы болмайды екен. Ана тұста да, мына тұста да жоқ қарап діңкелеген, сенделген жолаушыдай репетсіз серіктерін көріп, Тобағабылдың жүрегі тілінді. Қайтпек керек? Марқұм әкесі айтып отырушы еді: «Терең көлдің балағы көктемде кілкіп бетіне шығады, күзде тас боп түбіне шөгеді» деп. Бұл құрғырдың тұқысы, оңғағы, лақасы тереңінде жүрмегей деп іштей күдік алды. Қайтсе де тәуекел ғып шешініп көлге сүңгуге дәт қылды. Жолдастары: «Көлдің суы тастай, өкпеңді тесіп аласың», — деп. «Аптаның аяғына дейін сүземіз, болмаса бөстегімізді көтереміз», — деп. «Қарап тұрып обалыңа қала алмаймыз», — десіп алдын кес-кестеп болмағаны.

Тобағабылдың басы бір жағына қисаймасын, қисайса құламай тынбайтын қырсықтың өзі; айтты — болды, шығыстан арқаның күні сібірлеп атқан кезде екі жолдасын ертіп қалтылдаған қайыққа отырды, жағадан аулақтап қиғаштай жүзді. Межелі тұсқа тақалған кезде қайықты кідіртті. Тобағабыл тәлтіректеп тұрып шешінді, үлкен тас байлаған жіптің келесі ұшын башпайына шешілместей ғып шиеледі, қолына селебесін алды, «ал, тәуекел» деп мұздай қарабарқын тереңге секіруге оңтайланды. Серігі: «Беліңе арқан байлап, содан саумалап тартып тұрайық», — деген.

«Мезгілінен бұрын сопаң еткізіп суырып аласыңдар, су астын еркін барлай алмаймын», — деп оған тағы көнбеді. Салқын су денесін қарып өткендей сезінді, бара-бара оған да еті үйренді, көзін ашып, маңайын шолды. Башпайына оралған зілмауыр тас төмен қарай зырқыратып тартып жөнелді. Көлдің бұл тұсы осынша терең болар деп болжамап еді, бір минуттай уақыт өтті — табаны әлі қайраңға тиген жоқ; әрәдік бүйірін, қолын жылбысқы жәндік жалап өтеді; манағыдай емес, су асты кірпік үйіріп қарауыта түсті, оң қанаттан жосқындап жүзген нәлімнің үйірін шалды; «Иә, сәт! Иә, пірім!» іштей тәубалап, бас бағып, тереңді шолды. Денедегі дем таусылып, қара құсы зіл тартып, көз алды мұнарта бастады. Әрі қарай сүңгуге шамасы жетпейтінін білді, селебесін оңтайлап башпайдағы арқанды қиып жіберуге бүгіле берген, табаны былқ етіп, құм қайраңға тигені. Бейне, балықтың майлы жотасын басқандай сезінді, шындығында, бұтаның арасынан қолдың саласындай тұтасқан қарабарқын тұқы балықты көрді, қолын созса қармап алатындай, тегі. Жандәрмен арқанды қиып жіберді, ақтық күшін жинап жоғарыға ытырылды. Орта жолда дәрмені бітіп, есінен таныпты, су бетіне серейіп шығыпты. Серіктері кеудесін сығып, қолдан дем салып, алқын-жұлқын әзер дегенде жан кіргізіпті. Ықылық атып, жарық дүниеге қайта оралған Тобағабыл тұңғыш тілге келіп: «Ауға бастырғы байлаңдар, арқан жалғаңдар, бұл көлдің балығы тереңінде», — депті. Ертесіне жігіттер көрші жатқан ауылдан арқан, жіп, шылбыр сұрап кезіп кетті. Кешкісінде қайыра бастары құралып ай жарығымен ауға бастырғы, талдырғы байлады, бауын ұзартты, тор көзді тереңге бейімдеп, қайыра қаусырып қайтып шықты. Тобағабылдың о дүниенің есігін қағып қайтқан жанкешті мінезінің арқасында тереңге салған ау, бейне, қазан түбінен бауырсақ қармаған шөмішке ұқсады: салғаны бос шықпады, тереңге сүңгіп ұйқыға шомған қарабас тұқы, жылы ағыс іздеп қиынға легліген ақбауыр лақа ауға шүпірлеп лықа толды: кәсіптің қызығына берілген жігіттер түскі асты да, кешкі асты да ұмытты: бір күннің ішінде жағалауға балықтан үймек үйді. Тоқсанның жоспарын бел шешпей, дамыл таппай екі жетінің ішінде төпелеп орындап шығып мейманасы тасып, ауылға тісі ақсиып күліп оралғаны есінде. Әйтсе де қазекемнің қаңқу сөзі тыйылған ба?.. «Несін айтасың, ноқай Тобағабыл Балқаштың тереңдігін өлшеймін деп жүріп бой салып жүріп су жұтып, өліп қала жаздапты: Шардараның жыланбалығы жеңсік асым деп ол жақтағы орыс тамырынан жіңішкелеп посылка алып тұрады-мыс» деген күңсіген сөз үй-үйді еркін аралады. Шайпау келіншегі шай үстінде: «Рас па, әй?» — деп шаншыла қарағаны. Бұл қапелімде күмілжіп қалды. «Несі рас?» «Балқаш көлінде балықшы қызға ғашық болып, сені алмасам — суға кетіп өлемін деп өнер ашыпсың ғой, осы ел жыр ғып айтып жүр?» «Ойбой, жұқарған жүйкені жоныма өйтіп, жарқыным, суға балық іздеп сүңгігенмін!» «Ендеше өзгелер неге сүңгімеген? Сенің елден ерек шешініп, тайраңдап, сайраңдап, жаннан безіп бірдемеге бас тігетініңді білгенмін, жел болмаса шөптің басы қимылдамайды...» Мынадай жан тырнаған қысыр кеңесті естіп отырып Тобағабыл: «бұл жұртқа, әй, дауа болмас», — деп іштей торығады ғой. Ел алдына шығып, басқаларға жол көрсетсең де — жақпайсың, аш құлақтан тыныш құлақ деп тарс бүркеніп жатсаң да — оңбайсың. Қай жағына шығып, шындық іздерсің?!. Қалай ғана өзіңмен өзің күн көрерсің?..

Осынау күңсіген тымсырық сөзден бойын аулақ салып әрі бірер жетіге қыдырып, көңіл көтеріп қайтайын деген оймен Тобағабыл теңіздің арғы пұшпағында жатқан Мойнақтағы нағашысына сапар шекті. Мойнақ қаласы — бір кездерде теңіз іргесінде жатқан, келе-келе құм шағылдың арасында қалған шағын қалашық, қарақалпақ ағайындардың аудан орталығы. Ақ сақалды, қызылшырайлы науша нағашысы мұны мәре-сәре қуанып қарсы алды, айналып-толғанып түкпіргі бөлмеге сүйреді: «Айтшы, жиен, — деді: — Аралға, Сібір өздерінен бұрып әкеледі деген сөз рас па?» «Сондай сөздің бары рас, әйтсе де әзірге мыңдаған километр шөл даланы көктеп өтіп, Ертіс пен Есілдің мардымсыз суын тұзды арнаға сүйреп жеткізе қояды дегенге өз басым иланбаймын», — деді бұл. Қонақжай нағашысы бұрынғыдай қой сойып, сары бауыр қаяздың сүрін турап шашылмады. «Шөп болмаған соң уақ мал ұстаймыз, теңіз қашып кеткелі қаяз да, сазан да құрыған», — деп аузын газет қиындысымен сүртіп, қонақасыға палау тартты, алдына көк арақ қойды. Осы мезет Тобағабылға мына нағашысы астынан теңізі кетіп, айдалада, құм арасында қалып қойған кемеге соншама ұқсағаны, жел өтінде азынап, жартылай құм басып, шөккен түйедей бүйірлеп-бүйірлеп жатқан темір кемелер Мойнақ маңайында мол-ақ. Құмда қалған кемелер алып динозаврға ұқсап әр қиырдан, әр сайдан құбыр созады. Қызылқұммен қосыла жылайды; өткен күндерді, кеткен теңізді іздеп құбыла қыңсылайды. «Нағашы-ау, осынша кемені құмға тастағанша, сындырып, бөлшектеп, металл сынығына өткізсе қайтеді?» — деп сұраған бұл. Сауалының оғаш екенін сол мезетте-ақ сезді. Осынау еңбекші жұрт темір жол бойындағы тау-тау үйілген сынықтарды тиеп, тасып үдесіне шыға алмай жатқанда, айдалада, Қызылқұм ішінде, күш-көліктен де, мүшелеп бұзатын білектен де жырақ қалған, тат басқан, адыра қалған кемелерге кім иелік етпекші?! Бірер апта нағашы ауылында аунап-қунап демалып жатамын ғой деп дәмеленіп келген Тобағабыл екі күнге әзер шыдады. Үшінші күні ертеңгісін төсегінен түнеріп тұрып: «Нағашы, рұқсат болса бүгін елге қайтамын, — деді, — мына маңайдағы қырқа-қырқада, жүлге сайда сыңсып қалған кемелер түнемесіне желмен аш қасқырша ұлып тегі кісіні ұйықтатпайды екен, шыдай алатын емеспін, кетемін, жүремін...» Нағашысы мұның ішкі әлеміндегі жан құбылысын табиғи түйсігімен болжап білді білем, алдына тұрмады, күректей алақанын жайып, «жол болсын» айтып шығарып салды. Тобағабыл бұл жолы ауылына жер өлшеген геодезисттердің керуеніне ілесіп төтесінен оралды. Қызылқұмның ішін кеулеп, бір кездегі үлкен арна, бұл күндері қаңсып қалған сорлы сай өгіз, Жаңадария, Қуаңдария бойымен із тастап, Арал теңізін түстігінен айналып сапар шекті; екі тәулік бойына құм тұсаған, қаңқасы ырсиған қыстауларды қарауыл қылып жайбасар, маубас түйемен изектеді. Сонау көз ұшында қалбалақтаған жолаушы ма, әлде адасқан балықшы ма дейсің; тақап келсең — желмен азынап, керней шалып тұрған көрней кеме ғана; әрідегі батар күннің қызығына малынған құжынаған базар жаймасы ма дейсің — елі көшіп кеткен ескі қыстаудың қаңқасы қарса алады; момақан түйесін қарсы алып маң-маң басқан түйеші Мүсіркеп пе деп өрекписің — жолықсам, тілдессем, хал білсем деп жаның қалмайды — баяғыда қазақты қалмақтан қорғап, қансырап құлаған батырдың моласы болып шығады; жадау, жұпыны өлкенің иесіндей су іздеп сирағын созған бөкен бе деп елеңдейсің — қасына келсең бұтағы беріштеніп, сүйегі қурап омырылып құлауға қалған кәрі сексеуілдей көресің; Қызылдың құмы жел тұрса қосыла желпілдейтін туырлық болып кеткен бе деп таңырқайсың, өйтетін де жөнің бар — терістіктен, батыстан мұнартып дауыл тұрса-ақ мына құм төсегінде тыныш жатпай сусылдап, ысылдап, азынап, қабырғасы сөгіліп жылжи жөнеледі, ентелейді, езіп жіберердей өңмеңдейді содан; бұл білсе, сөз жоқ — табиғат, өзге ауа ауысқан, әйтпесе, әкесі марқұм табан астынан жылжып қашып бара жатқан көк теңізді де, түйешінің жаман шапанындай желп-желп еткен есірік құм көшкінін де көрмей өтіпті, көрсе айтар еді ғой. Ауылға табан тіреп, «Ана тіліндегі» Абайдың өлеңін оқып, келіншегіне арагідік әзіл тастап, шәниіп жатып жан шақырмас па. «Өлмегенге өлі балық жолығады» деп, азаюға айналған балықты іздеп, жер дүниені шарлай бергенше баяғыдан өстіп жатып-ақ өмір сүрсемші деп өкінеді бұл; боталы інгеннің, бес тұсақтың жағдайын жасап, кеңсе сыпырып, қора тазаласам ғой мұншама шалдығып шаршамас ем; жыланбалық жеп, Балқаштың тастай суына батпас ем деп ішінен уілдейді және. Өстіп жайбарақат жатқанда үйіне сыпайы, сымбатты бригадир келді. «Пәленше-е-е-ев, — деді. — Сені де саналы азамат дейді-ау, жыл болса аяқталып қалды, балықтың жоспары болса әлі толмай діңкелетіп барады, кәне, көтеріп беліңді бу, бір топ жігітті бастап Ырғыз бен Торғай өзенінің қосылар құрдымына жөнел, мына жаптас жаппастар айтып келді; балығы бөгіп қалыпты деп, сенен өзге қабырғалы азамат табылмай тұр». Тобағабыл әлгіде «көрмегенім балық болсын» деп жатқан іш пікірін тарса ұмытып ұша түрегеліп, саптамасы, сулығын киініп, ауын, торын буып жолға әзірлене бастапты. Мұны осынша қутыңдатқан бастықтың мақтауы да, намысына пышақ жанып қайрауы да емес, ата кәсіптен құлаққа сіңіп қалған «бөгіп» деген жалғыз ауыз сөз еді. Келіншегінің шаңқылына құлақ аспай, шалғайына оратылған баласына қарамай «Қайда? Қайда?» деп телпегін баса киіп жөнеле беріпті. Соның аяғы, мінекей, құрдымның жағасында жарбиып, соңына келер күш көмек пен қосымша жігіттерді күтіп, сүт көп, көмір аздың кебін киіп, мөлиіп отырғаны. Әні-міні дегенше қос маңына қанаты қиқалаңдап «АН-2» самолеті қонды, ішінен жабдығын, азығын сүйретіп тірі аруақтай сорайған және төрт жігіт түсті. Сәлемдесіп, амандық-саулық сұрасқан жерлестерге Тобағабыл тұңғыш тіл қатты.

Балық құрдымда емес, құрдымға құяр сағада секілді, барлап қайттым, біреуің көрші жатқан қойшы ауылдан ау тартатын күші бар екі атын сұрап әкел, көліктің майын балықпен қайтарамыз, өзгелерің аудың қалтқысын алып, көзін жиілеп шығыңдар, жайдақ өзенге тор көйлек салып сүзсең де бәрібір... «Балық болып жатса рациямен хабар бересіңдер», — деп ұшқыш самолетін қайыра көтеріп, елге ұшып кетті. Ертесіне тіркесіп-ұшқасып ау көтерген жеті балықшы намазшам көлеңкесіне ұқсап Ырғыз бен Торғайдың түйісер арнасына әупірімдей жүріп сүзіткі салды, тор жайды, сосын шай ішіп алып, қайыра көтеріліп, аудың екі басын екі атанға тіркеп: «Береке басым бері бұр, әйт-шуу», — десіп көлікке қамшы ұрды. Қос нар әудем жерге дейін маң-маң басып барып, беліне салмақ түскендей, басқа ұрғандай тастабандап тұрып алды. Қамшы үстіне қамшы салды. Қойшы ауылдан батып бара жатқан ал қызыл алаулы мезгіл болатын, қырбық мұз жапқан өзен жағасын алтын жонды сазан балық көміп кетті. Жер де, жаға да шоршыған, тулаған, аузын әректей ашқан сүбелі балыққа толып, төңіректегі дүм-дүние сексеуіл шоғына қойған тайқазанға ұқсап, кенерінен асып төгіліп, бүлк-бүлк қайнап көз жауын алды дерсің. Ертесіне де сөйтті, ертесіне де... Үшінші күн алқызыл көкжиекке балық уылдырығындай шашылып сіңіп бара жатыр еді. Тобағабыл суды белшесінен кешіп, аудағы сазанды азайтамын деп жанталасып қимылдап жағаға лақтырып жатып байқамапты — тұла денесімен дір етіп қолын тартып алды... Алып балықтың жанарымен көзі түйісті... Алып балықты бұрын естігені болмаса, көріп-білген пенде емес еді... өңменіне өткізе тіктеп қараған мына көз, бейне, әнеукүнгі ортасы ойық жұтпа құмға ұқсады... бұл тіршіліктің қызығы, дәмі, арпалысы, кешкі суреті, кешегі елесі, өкініші, опасы, наласы, қызығы, құдай-ау, балықшы әулетінің ау тартқан жабайы әупірімі, қомағай ас жеуі, әзілі, құмда қалған кемелер, адамзат аясынан алыстап қашып бара жатқан көк теңіз, азынаған жел, қан қызыл күн, бәрі-бәрі Алып балықтың қарашығына кілегейше ұйып қалғандай ма, Ана құрдым мен мына өзін бетпе-бет үнсіз үңілген тылсым жанардың егіз тамшыдай ұқсастығын ұқты. Бірсін-бірсін аяғы сусыма ұма ұйыққа батып, Алып балықтың саусағының арасынан шығып бара жатқанын сезді, сезді де жан дәрмен: «Мені мына балық құрдымға тартып барады, құтқарыңдар, құмда қалған кеменің бірін әкеліңдер!» — деп жан дауысы шыға айқайлады, үні бітіп, дыбысы шықпай қалды. Тобағабыл жер астының түпсіз терең тұңғиығына құйылып жатқан, құрдымның үңірейген сұп-суық өңешін көрді, мұны қақпақылша зырқыратқан жойқын иірім ағысты сезді, бір пәс шым батыратын шыңыраудың ернеуіне ілікті, алқын-жұлқын кешкі қарбаласта балықшының жан айқайын ешкім естімеді.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама