Пайғамбар
Тарих, бейне, оянғанша шошып, түршігетін жаман түс
Д.Джойс
Өткен замандарда шәкірті келіп ұстазынан сұрапты. «Құмыраның ішінде отырған қазды қалай өлтірмей алуға болады? — деп. — Әлгі қаз отыра-отыра үлкейіп кеткен. Шығайын десе шыға алмайды. Енді сол қазды майып етпей, әрі құмыраны сындырма қалай алып шығуға болады?» Осы сауалға құлақ салған ұстазы шәкірт жүзіне ұзақ барлап қарапты. Сосын: «Есімің кім?» — деп сұрапты. Шәкірт атын атапты. Ұстаз: «Мінекей, қаз құмырадан шықты», — депті де шапанын қағып жүре беріпті. Мұның мәнісі — сақалды кім қандай пиғылмен қойса — жауап та солай шықпақшы дегені екен. Дзэн пәлсапашыларының тұжырымы осындай.
Тағы бір мысал сөз. Бір күні ұстаздан ақыл сұрамаққа алыстан арып-ашып жолаушы жетіпті. Ұстаз алдына енуге рұқсат сұрайды. Апта өте ұстаз әлгі жолаушыны қабылдапты. Ақылгөйдің алдына келіп тізе бүккен бейбақ айтыпты: «Сізге жалғыз сауал қоюға алты ай жүріп әзер жеттім, жолда шөлден қаталап атым өлді, қалаға кіре берген жерде қарақшылар тонап қалтамдағы ақшамды тартып алды, қабылдауыңызды сұрап тағы аштан-аш есік алдында апта отырдым, әбден қалжырадым», — депті. Тыңдап отырған ұстаз ендеше шаруаңды айт депті. Жолаушы: «Қанша талпынып еңбек етсем де, ерте тұрып, кеш жатып тер төксем де ешқандай жолым болмайды, еңбегім жанбайды, соның себебі неде, айтыңызшы осыны сұрағалы келдім», — депті. Ұстаз ойланып отырып-отырып: «Артыңа қара», — депті де түрегеліп бөлмеден шығып кетіпті. Жолаушы аң-таң. «Алты ай жүріп, қарақшыға тоналып, көлігімді арам қатырып жеткендегі сыйым — осы жалғыз ауыз сөз бе?» — деп жылап жіберіпті, маңдайын қос қолдап тоқпақтапты, тұра сап ұстаз шығып кеткен есікті ұрғылапты. Айқай-шуға ұстаздың шәкірті шығып: «Е, не болды?» — деп сұрапты. Мән-жайды баяндап береді. Жолаушының сауалын, ұстаздың жауабын құлағымен естиді. Сонда шәкірт ойбайын салып отырған жолаушыны жұбатып, қолын иығына салыпты, сабырға, ақылға шақырыпты. «Сенің сауалың да, ұстаздың жауабы да дұрыс, — депті. — Ұстаздың артыңа қара дегені — сен аяғың салбырап көктен түсе салған жоқсың, сен ұлы тіршілік тәспісінің бір түйір жалғасысың, сен әлдебір тағдырдың үзігісің, бойыңда сол тағдырдан үзіліп қалып қойған жазмыш — жолыңды болғызбайтын кесір мінез бар, әлгі мінез қаныңмен қоса ілесіп жүр, ешқашан қашып құтыла алмайсың, сондықтан ұстазды емес, осынау болмысыңа әуелі қан, сосын жан берген тегіңді қарға», — депті. Жолаушы сабасына түсіп, иіні салбырап, ел-жұртына жаяулап қайтқан екен дейді.
Қос мысалдан шығарып сөйлейтін болсақ: құдіреті күшті Жаратқан ие әуелі адамды саз балшықтан қол-аяғын келістіріп жасап болып, маңайындағы әулие-әнбиелерге, періште-перілерге, ібілістерге бұрылып сөйлепті. «Ал, үмбеттерім, қазір мына пендеме «суф» деп үрлеп жан беремін, бұл айрықша қасиет иесі — Адам деген болады, түр-тұлғасы, ойы, мінезі келешекте өзіме ұқсайды, осы адамға қыбырлап жан біткен кезде бәрің қоғаша жапырылып аяғына жығылыңдар.
Жаратқан ие осыны айтып әлгі ғажайыпқа «суф» деп дем салып, жан беріпті. Маңайындағының бәрі желді күнгі қоғаша жапырылып адамның аяғына жығылыпты. Шетте оқшырайған ібіліс қана міз бақпастан тұра беріпті. Жаратқан ие ашуға мініпті.
— Әй, сен неге адамның аяғына жығылмайсың?
— Сіз оны балшықтан жараттыңыз, мені оттан жаратқансыз. Тегім асыл, сондықтан жығылмаймын.
— Енді сонда не істемексің?
— Сүйген құлыңыздың өмір бойы соңына түсіп, жолдан тайғызып, күнә жасатып, болғызбасын соңынан ілестіріп, өле-өлгенше бұзып бітемін, сорына жүремін.
Мына сөзді естіген құдіреті күшті Жаратқан ие өз-өзінен шіміркеніп, тіксініп қалады. Қазір ібілісті аса таяғымен ұрып быт-шыт қылайын десе ол да өзінің әуре болып жаратқан пендесі. Маңайындағы әулие-әнбиелері, періштелері не демекші? Жанынан түңіліп, маңайынан безіп жоғаладыдағы. Жалғыздық — Жаратқан иенің ең қорқатын нәрсесі. Әрі ойланды, бері ойланды, сосын сөйледі.
— Өз қолымды өзім кеспеймін. Сүйген құлымның бойына төзім деген ерекше қасиет сіңірем. Төзімі мықтылар сен секілді ібілістің бәле-жаласынан, жапсырған сор мінезімен, күнәсімен, азғырған азабымен өле-өлгенше тіресіп, алысып өтетін болады. Төзім — жалғыз серігі. Ерік-күші мықты деген сүйген құлым адамшылық қабілетін жойып алмай, сенімен теке-тіресуге жарайды.
Жаратқан ие осыны айтып пендесінің бойына «суф» деп төзім қасиетін сіңірді. Дүние дүние болып жаралғалы жұмыр басты пенденің ойындағы екіұдай мінез: бірі жамандыққа бастап тұратын — ібіліс азғыруы, бірі жақсылыққа бастап тұратын — періште сабыры ылғи кереғар тіресіп, итжығыс түсіп, бірде шалыс басып, бірде өзін-өзі азапқа салып өмір бойы күресіп өтетіні содан екен. Құдіреті күштінің бар қолынан келгені — сүйген құлының бойына төзім сіңіріпті, қандай бәле-жалаға, қиындық, шырғалаңға, азап пен арпалысқа төзіп жеңіп шығар деп үміттеніпті. Үмітсіз сайтан деген. Кісі үмітпен күнелтеді. Бүгіннен ертеңім жақсы болсын дейді. Кеудесінен жаны шығып кеткенше таңдайынан үміттің тәтті дәмі кетпейді. Адамды сан ғасырлар бойы табиғат берген сыйынан ажыратып алмай, адамшылық сипатын жоймай, адастырмай, қалың тұман арасынан алып шығып келе жатқан мінез — төзім!
Ал дүние дүние болып жаралғалы адамды аздырамын, тоздырамын деп қыр соңынан қалмай, сүркіл салып келе жатқан ібілістің ең мықты қару-жарағы, адамға жұмсайтын құралы — өзімшілдік!
Осы өзімшілдікті адам бойына мысқылдап сіңіре берсем, сәби күнінен ана сүтімен бойына енгізсем еңбегім еш кетпейді деп нық сенген. Өзімшілдік — түбінде тіресуді туғызады. Өзім білем мінезі — өркөкірек басшыларды дүниеге әкеледі. Өзім ғана деген текетірес ит мінез ғажайып сүттей ұйып отырған отбасының шаңырағын ортасына түсірген. «Өзім, өзім» дегеннен байлық суалған, саушылық құрыған, ну тоғайды қызыл тілді өрт алған, жер жұтаған; өзім деген нық сенімнен ел мен елдің арасында қанды жанжал соғыс басталған; өзім ұғымы — баланы әкеден, әкені баладан айырған; түптің түбінде «өзім, өзім, өзім, өзім» деп жүрген талай пенде жалғыз басы сопайып, жұртта адасқан аш күшікше қаңғып қалған. Сол әзәзіл ібіліс айтатын көрінеді: «я, Жаратқан ие, жар бола гөр, осы өзімшілдік мінез тұрғанда бұл адамзат көшін быт-шыт етіп, тып-типыл ғып, адастырып барып заманақырға апарамын», — деп. Өзімшілдік өрістеген сайын періште, әулие-әнбиелер әулеті без-без етіп, жандарын қоярға жер таппай жалбарынар: «я, Жаратқан ие, мынадай тығырық, тайғанақ заманда галактиканың қай түкпірінде жүрсің?.. Сүйген құлың құлдырағаннан құлдырап қиналуға айналды, рухы кеміп, жаны жұқарып, мінезі азайып бара ма, қайдам, қол ұшыңды бере көр, көбірек төзіміңді сыйла», — деп гөй-гөйледі.
Жаратқан иеден тағы да үстеме төзім тілейді. Түбі төзімі мықтылар жеңеді дейді.
Көгілдір әлемде бір түйір көз жасына ұқсап домалақ жер дөңгеленіп жүзеді. Жаратылыс өзінше, Жаратқан ие өзінше, екеуі екі басқа деп сөйлейтін білімпаздар табылар. Кімнің аузына кімдер қақпақ болғандай. Әйтсе де білімпазды, білімсізді бұлтартқызбас ұлы заң бар. Ол мына көгілдір әлемнің, домалақ жердің ұшы-қиырсыз шексіздікте жүріп, тозаң секілденіп ойран ботқа болып кетпейтіні, бейберекет хаосқа айналмайтыны. Жердің күнді айналуына келейік — я бір минөтке, я бір секундке ауыспай, айнымай дәлме-дәл мезгілінде қиыр кеңістіктің сол нүктесіне, дәл межесіне келіп ұлы жарыққа бүйірін тосатыны ғажайып. Жыл он екі ай ішінде галактика төрінде маңып-маңып баяғы екпінменен күн кеңістігіне шығып, айдалаға қаңғып кетпей, дәл жарты жылда құдіреттей тартылыс күшімен өз орбитасына қайта айналып келетіні ғажайып. Баяғы мезгіліне дәлме-дәл жететіні керемет. Ұлы жарықтың тартылыс заңы, тепе-теңдік заңы, бір шоғыр жұлдыздың жаңа өмірге қопарылыспен келіп жатса, енді келесі шоғырдың сұрапыл жарылыспен тозаңға айналып кең әлемге тарап жату заңы... бәрі-бәрі... заңдылық атаулы... ұлы ырғақ — құдіретті күшті пәрменнің барын дәлелдейді. Біреулер мұны карма дейді, келесі білімпаз ұлы жарық дейді, мына біздер үшін Жаратқан ие. Күндердің күні болғанда заман өзгерер, әйтсе де ілкімді заңның өзгермесі ақиқат.
Жаратқан иенің жер бетіндегі елшілері — әулие-әнбиелер гөй-гөйін салып шуласып жалбарына беріпті, күндердің күні әлгі шуыл әлемнің басқа бір қиырында заң жасаумен шаршап жүрген Жаратқан иенің құлағына жетіпті. «Апырым-ау, — депті, — домалақ жердегі үмбеттерім осынша неге атымды жиі атап жалбарынады?.. Ырғақ пен келісімді бұзып шектен шығып кетпеді ме екен?» Жасыл жердің жүзіне қарайлап нұрын түсіріпті.
«Неге шуласып кеттіңдер?» — демей ме...
«Құдіреті күшті Жаратқан ие, оттан жаралған ібіліс күш алып, дес бермей, пенделерді шетінен айнытып бұзуға айналды, бала әкенің сақалынан алатын болды, жас қыздар тәнін сатып, күнәға белшесінен батты, тыю, тоқтам, ұят, ұлы жарықтан үрейлену жайына қалды...»
«Сүйген құлым — адамзатым қайда жүр бетпақтарға тыйым болмай?»
«Құдіреті күшті Жаратқан ие, балшықтан жаралған ол пендеңіз ібіліспен алыса-алыса, беттесе-беттесе әбден қалжырауға айналды, күннен-күнге күші кетіп шаршауға бет алды».
«Төзімін неге қарымта қылмайды?»
«Төзімі тулақ, сенімі сынап, ақылы азап болғалы қашан. Бір амалын таппасаңыз жер бетін арам пиғыл, азғын ойлар жайлап, жасыл жерді өртеп құртпақшы, құтырған ібіліс асқындап әулиеге топырақ шашуды шығарды». Мынаны естіген жаратқан ие шексіз әлемнің төрінде құлазығаннан құлазып, елеске, сағымға, нұрға айналып жердің бетін жеті рет шолып шығыпты. Бір босағадан қанды көріпті, келесі босағадан жалаңаш тәнді көріпті... қиыр далада, төбешік үстінде екі тізесін құшақтап торығып отырған адамзат баласының жанарынан айықпас мұңды сезіпті. Ойланып-ойланып, болмас депті. Адамзатқа көмекші етіп ұлы сенім өкілі — пайғамбарды жіберейін. Жел, жарық, су, құм, тереңдік, кеңдік, биіктік дегендердің қасиетін бойына сіңіріп, келбетін адамға ұқсатып пайғамбар жасайын депті. Сонымен дүниедегі жеті нәрсенің қасиетін бойына жинаған, адам кейпіне түскен пайғамбар дүниеге келіпті. Жаратқан иенің пәрменімен кәдімгі пенде кейпіне еніп, жеті қат дүниенің ырғағы мен ымырасын теріп жазған кітабын қолтықтап жер бетіне түсіпті дейді. Ібіліспен алысып қалжырауға айналған адамзатқа қол ұшын беріп көмектесуге дәт қылып. «Иә, пірім, иә, аруағым, сәтін сала гөр» деп жаяулап, аяңдап жолға шығыпты. Қиыр сахарада жүдеп-жадап жаяулап келе жатқан нұр бейнелі кісіні көрсеңіз — ол пайғамбар.
Біреуді-біреу түсініп болмайтын даңғаза, дабырасы мол сөз базарында момақан ғана кітап қолтықтаған жолаушыны шырамытсаңыз — ол пайғамбар. Қапылыста қателік жасап, енді жөндеймін, бетімді туралыққа бағыттаймын деп қарадай тағдырымен алысып, азап көріп, қиналған, торыққан кісінің жанына жуықтап, қарадай жұртты ізгілікке, адамшылыққа икемдеп шаршап қалжыраған Мұхаммедті, Исаны, Қорқытты, Дон Кихотты, епетейсіз Дон Кихот секілділерді көре қалсаңыз — пайғамбарлар әулеті сол.
Сол пайғамбар жұмыр жердің бетіндегі тарыққан кісіге жәрдем жасайын, ертеңгі күніне сенім жалғайын деп қарапайым пенденің кейпіне түсіп ел аралап келе жатады. Қаланың кең көшесі сықырлаған ақпанның ақ қар, көк мұзы. Асыға аяңдаған адамның аяғынан аялдама сытыр-сытыр етеді. Шағын автобусқа жапа-тармағай ұмтылады. Адам кейпіндегі пайғамбар нақа қызметіне асыққан пендеге ұқсап ұшқасып сіріңке қорабындай селкілдеген дөңгелекке әзер мінді. «Жол ақысын төлеңдер!» деген ащы дауыс әрәдік құлақты кеседі. Пайғамбар жалақы, теңге дегенді естіген емес, кимелеп, өңмеңдеп төнген кондукторға не айтарын білмей, қапелімде аузына жөнді сөз түспей күмілжіген қалпы үрейі ұшқан. Жұртқа ізгіліктен шам жағамын деп жүріп бәлеге қалған болармын деп ойлаған. Желімше жабысқан қызыл көз пәледен қалай құтылар?! Өзін-өзі жұрт көзінше мүлде қораш, ебедейсіз сезініп, енді қайтем деп жаны қысылған мезетте, зырқырап ұшып келе жатқан автобус пыш тоқтады. Дөңгелектің желі кетті, әрі қарай жүре алмаймыз деп жүргізуші безек қақты, жұрт сыртқа қотарылды. Қолтығына қорап қысқан, сұр плащының жеңіне аздап бояу жұққан селдір сақалды жүдеу жігіт мұнымен қосыла түсті. «Кешігетін болдым, — деп білегін созып сағатына қарады. — Суретші едім, алты ай аяғымнан сабылып жүріп ашқан көрмеме бүгін шетел кәсіпкері келетін еді, ұнаса — бірер кескіндемені сатып алмақшы болған, енді қайттім?» Бір орнында тыпыршып тұра алмай ширығып кетті. Түңілген сыңаймен шоңқиып тұрған автобустың дөңгелегін тепті. Келесі көлік жуық арада келе қоймайды. Қарап тұрып бұл жарықтық суретшіні мүсіркеп аяп кетті. Жол жиегіне жедел ұмтылып, қол көтерген, көнетоз жеңіл көлік зыр етіп тоқтай қалды. «Мін, — деді — суретші жігітке, — көрмеңе кешіктірмей жеткізіп салайын». Суретші қуанып кетті. Жер басып жүрген кәдуілгі пайғамбар екенін қайдан білсін, ауылдан келген, қалтасының түбі тесік кеңқолтық қазақ болар деп ойлаған. Артқы отырғышқа құйрық басқаны сол: «Көрген күнімізді итке бермесін, мына нарық заманы өнер адамдарын қайыршы етті, қайыршы болмағанда неміз қалды? — деп зар күйіне түсіп алады, — осыдан он-он бес жыл бұрын қарнымыз ашса көсемдердің кескінін салып, қалтамызға ақша толтырып алшаң басып жүруші едік,... енді, міне, ешкімге керегіміз жоқ, бояудың өзі де удай қымбат, Мәскеу, Римнен кәсіпкерлерге әкеліп үстеме баға қойып сатады. Қалтырап жүріп жиған-тергенімізді салып кенеп, ағаш сәкі сатып алудың өзі азаптың азабы... тосын тақырып тауып күнді түнге, түнді күнге ұластырып қылқаламды қиялға жетілдіріп кескіндеген суретті «уһ» деп бітірген кезде жаңа қорлық басталады. Мәдениет министрлігі «Сатып алуға қаржымыз жоқ» деп ат-тонын ала қашады. Көркемсурет қоры бюджеттен ештеме тамбаған соң баяғыда жабылып тынған. Көрме ұйымдастыруға тағы да таныстық, жоғарыдан пәрмене, сүйемел қажет. Бірін тапсаң, келесісін таба алмайсың, бір пұшпағына тартсаң келесі пұшпағы үзіліп түсетін тіршіліктің соңынан сүмеңдеп шаршайсың. Сурет салмай тағы тыныш отыра алмайсың Өліп-талып өмірге әкелген өнеріңді қажет етіп жатқан және жұрт жоқ. Айлап-жылдап жалақы алмаған нағыз тақыр кедейге айналған жұртты былай қоялық, жоғарыда, әр министрлікте сықасып отырған шенеунік өнеріңе пысқырып қарамайды. Әй, қайда лағып бара жатырсың, жүйрігіңді бұр. Байтұрсынов көшесіне, иә, айта берсең қасқырды жалмағандай боласың. Жолыма қарап отырған отбасымды қалай асыраймын сонда, а, айтшы?»
Мына тосын сауалдан пайғамбар сасып қалды. Өзінің оңып отырғаны шамалы. Жүрегінің жылуын бөліп бермесе, қалтасында көк тиын жоқ. Көктен түсерде қажет болып қалар деп Жаратқан иеден сұрамапты, ол жарықтық мұны жұмыр жерде нендей сұрқылтай күтіп тұрғанын ойлап, бағымдап жатпапты, «жол болсын» деп шығарып салыпты. Суретші мұның бүйірінен түртеді.
— Айтшы өмір-жасымды өксітіп кәсіп еткен өнерімді қайтемін бала-шағамды асырауға жарамаса?
— Тағдырыңды таразылап көр.
— Әлде жалаңаш зинақорлықты кескіндеп жан бағамын ба?
Мына сөзден пайғамбар шошып кетті, аяқ астынан пендені ібіліс иектеді ме деп қауіп қылып, алдына, артына абайлап қарады.
— Жалаңаш бөкселерді келістіріп кескіндеп базарға сатып көрсем қайтеді?
— Тіфә, тіфә! Бетбақ, атама ондай бәлені! Қарап отырып осыншалық ар-иманды саудаға салардай басыңа не күн туды, бәтшағар!
Суретші мұның тап бұлай аяқ астынан ашуланғанын көріп әрі таңданды, әрі қысылып қалды. Жалаңаш әйелді саламын дегенде не тұр деп ойлады. Күн көру үшін жұрт не істемей жатыр? Ауылда екі қолын сыйғызарға жер таппай, тепсе темір үзгендей сандалып қалған жастар тұрғын үй басқармасына тіркеліп аула сыпырушы болыпты. Қаладан жүз шақырымдай жерден сабылып жетіп көше бойында суыққа тоңып пісте сатып тұрған келіншек қаншама?! Есікпе-есік тұратын соғыс ардагері зейнетақысы нан мен сүтіне жетпеген соң балдағын көстеңдетіп таңғы сағат бестен тұрып «Караван» саудалауға шығыпты. «Жоғарғы ақылы жұмыс іздеймін» деп өспірім қыздар жарнама беріп жанталасады, сондағы жоғарғы ақылысы — қалталы еркектерге бұйырып, қалтасын қағу. Суретші атағымен қайтіп көше сыпырып, бөтелке жинайды. Вокзалға барып жұрттың жүгін тасып, тиын-тебен таппаққа бел буып еді — бұрыннан жүкші болып бас құрап үлгерген бура санды жігіттер құйрықтан теуіп қуып шықты. Көр қазу қолынан келмейді, тәржімашы болайын десе — ағылшынша, арабша білмейді, үй жөндеуге еп-себі жоқ, ғылым қорғайын десе — қаржы тапшылығына ұшырап, ғылым академиясы жабылып, небір майталман білгіш ғалымдар күнкөріс қамын күйттеп шетелге қашып, я басқа кәсіпке ауысып жатыр. Жақында ауруханасы жабылып, қызметінен қысқарып қаған әйелін, тізесі тесілген шалбармен мектепке барып жүрген баласын қалай асырайды. Қайтпек керек? Мұның салған суреттері жанарын жерге салып, сұрықсыз, сүреңсіз күнкөрістің соңынан шам алып түскен мына жұртты неге елең еткізбейді? Әлде елең еткіш елгезек жандар жер бетінен әлдеқашан жоғалып үлгерген бе, әлде қылқаламның құдіреттей сиқыры, алжасыл, алқызыл бояуының қасиеті кеми түскені ме? Көз алдында құбылып реңін ашып тұратын кең дүние неге мұнша сұрықсыз тартып, реңі қашып кеткен. Аспан жүзін торлаған жабағы бұлт неге тарқамайды? Осы оймен жанындағы серігіне сауал қойғалы оқыс бұрылған. Қапталында отырған кісі кәдуілгі адамға ұқсамайды, бетіне бор жаққандай ағарып, жанары жасылданып түсініксіз ғайыпқа ұқсап санасын ду еткізгені, денесі түршіккені.
— Ал, ағатай, келіп жеттім, түсемін, — деді суретші аптығып, — жақсылығыңызды өле-өлгенше ұмытпаймын!
— Жолың болсын, жігітім, — деді пайғамбар жүзін жылытып. Суретшінің бұдан былай жолы болатынына нық сенді, өйткені кетіп бара жатқан жігіттің еңкіш жауырынының ортасынан нұр көрінді, бұл нұр ақ тілеулі пайғамбардың бейшараға ілесе кеткен асыл ниеті болатын. Жеңіл машинаның иесі бұған ала көзімен қарап: «Ал, қайда бұрайын? Қанша төлейсің?» — деп дігірлеп ызғарын төге сөйледі. Бұл көкең қапелімде сасып қалды. Діттеген межелі жері жоқ, оның үстіне қалтасы бос. Не демекші?!
— Алла разы болсын, түсемін қазір.
— Е, жолақыңды қолыма сал, кем дегенде жеті шақырым салдырладым, әнебір самбырлағанды салып ап.
— Ақшадан құралақан едім, ақ ниетіммен батамды беремін.
— Не-емене, — деп машина иесінің ашудан жанары шытынап шыға келді, — алдайтының, арбайтының мен емеспін. Белтемірмен шекеңді шағамын. Бата деген құрғақ сөз, сөз ешкімге дәрі болмайды, қонбайды... былжырамай... барыңды саласың...
Жүргізуші айтуын айтса да жүрек басын әлдекім жұмсақ алақанымен сипағандай сезіліп, күрт өзгеріп, жүзі жылып, ашуы басылып, бәсеңсіп қалды. Бәсеңсиін деген жоқ-ау, мына қапталында момақан отырған кісінің сұсы басып, дегбірін алды. Неге бұлай күрт өзгергенін өзі де білмейді. Үлкен кісінің үні жұмсақ, күңгірлеп тым алыстан естілетін секілді.
«Сорың қалың сен де бір бейбақсың, кеше ғана ініңнің қырқын бердің, автобус айдап жүріп миына қан құйылып өлген, әйелің көптен науқас, сол науқасқа дәрі сатып алатын бірдеме табыла ма деп жаман машинаңды салдырлатып көшеге шыққансың. Бірінші қол көтерген жолаушы мас екен, дүниені төбеңе төндіріп, басыңды қатырып он теңгені әзер ұстатты, екінші жүргінші алқынып реңі қашқан мүгедек, сыбырлап сөйлеп, діттеген үйін таппай көп сандалып, қызыл түсті куәлігін көрсетіп, жолақы бермей — ол дағы түсе салып жоғалған, үшінші ұшырасқан менің сыңайым мынау... Не дейін? Ақырын күтсең, сабыр етсең — әйелің жазылады, осыдан жыл бұрын қатты ұшынып ұлтабарының безі қабынған, мына тәспіні суға қайнатып үш рет сүзіп ішсе — жазылады, уайым етпе, қапаланба. Ең ғанибеті — адамшылық ақ ниетіңді жоғалтып алма, пендем».
«Пендем» деген сөзден көлік иесінің тұла бойын айтуы жоқ жылы леп шарпыды. «Құдай-ау, бұл не деген керемет» — деп таң қалды. Есін жинап сауал қоямын дегенше болған жоқ, әлгі кісі бұған тәспіні ұстата сап түсіп жүре берді. Ғайыптан пайда болған жолаушының көзіне шалынуы қандай тұтқиыл болса, жылжып жүре беруі де соншама жылдам. Жан әлемін кереметтей қуаныш күйі желпіді, ақ қар, көк мұз болып жатқан жарық дүние жасыл бояуға малғандай ғажайыптанып шыға келді. Өтіп жатқан жүргіншілер басын иіп сәлемдеседі, көктегі нұр шуағын шашырата төгеді. Көңілі жадырап, арқаланып, қуаттанып, арманы орындалған адамша иығы көтеріліп қалды. Жаман машинасының есігін солқ еткізіп ашып жіберді.
— Әй, мін машинаға, қайда асығып тұрсың, заматында жеткізіп салайын, — деп айқай салды. Аялдамада бүрсеңдеп жолаушы жолайтын емес, аяғын торс-торс ұрыстырып қояды.
— Қорықпа, тегін жеткізіп саламын!
Анау сенбеген сыңай танытып жанарын жыпылықтата қарайды.
— Ақша алмаймын, жарқыным, — деді бұл жайраңдай күліп.
Аялдамада сіресіп тұрған түсі суық кісі сықырлаған денесін әзер жинап кабинаға кептеле енгені қызық.
Пайғамбар жұртқа жүрегінен жылу бөле жүріп қаланы кезіп көп сандалар ма еді! Шамалы шаршағаны сезіліп, пәске кідіріп, үлкен қарағаш түбіндегі орындыққа тізе бүкті. Ауа тарылып кеткендей. Көше үстін басып жатқан көкала түтін күн сәулесін еркін түсірмейді. Мәшине шуылы тау өзенінің сарылы секілді. Құлақты кесіп, жүйкені қажап тыншытпайды. Шекесі түсе шаншып ауырады. Төбесіне төнген алып ағаш қыс бойына төсекте жатып саржамбас болған қарт кісідей сықырлай қозғалады. Аптадан соң наурыз. Көше жиегіндегі сүр қардың жиегі жылапты. Аз-кем тыныстаған пайғамбар алыс әлемдік тартылыста ұшып жүрген рухы биік, болмысы мықты тұрғыластарын сағынғандай кеудесін кере-кере тыныстады. Аспан әлеміне ұзақ сүзілді. Аяғының басына өрмелеп тіршілік іздеген аш құмырсқаға көзі түсті. Маңайында тынымсыз өтіп жатқан адамдарды майдаланып, бейшара боп кетпесін деп Жаратқан ие елші етіп жіберген соң — пенделердің жай-күйі ғой мына құмырсқаға ұқсайды екен деп іштей мүсіркеді. Бұл байғұстарды азғырушылар, адастырушылар көп. Адал жүріп, анық бас, несібеңді ұқсатып теріп же деп үйретудің орнына алдын кес-кестеген әзәзіл: «өмір сүрудің оңай жолын үйретемін, арыңды сатсаң да теңге тап, мансабың үшін ешқандай кісіні аяма, кез келген пенденің тағдырын баспалдақ ете біл», — деп күнде сұңқылдап, құлағына сыбырлап аздыруға бейіл. Әзәзілдің жолын кес-кестеймін деп өзі де қалжырауға айналды. Тізесіне өрмелеп шыққан құмырсқаны құлатпай, саусағымен ақырын шымшып ағаштың қабығына шығарып жоғарылатып жіберді. Әлгі жәндік суық топырақ бетінен қорек таппай әбден сүлелеген екен. Ағаш қабығының жапсарына ілініп, бойы жылып, қорек қылар әлдене тапты ма, қуысқа ене салып қозғалыссыз қалды. Жаны жайланды. Баяғыда, баяғыда дейді-ау, осыдан пәлен мың жыл бұрын өмір сүрген Ысқақ пайғамбарды кәпірлер қапылыста қолға түсіріп, аяғын кісіндеп, терең зынданға салады. Зындан ішінде жатып жарықтық ашығады, тарығады. Жарасына шыбын қонып, құрт түсіп, жарақаты асқына бастайды. Денесіне енген құрт қанын сорып, әлденіп үлкейе келе жерге құлап түседі екен. Сонда Ысқақ пайғамбар: «Бұл байғұста не жазық бар, несібесін денемнен айыруға жаратылған ғой», — деп әлгі домалап түскен жәндікті алып жарақатына қайта өрмелетіп жібереді екен. Сол секілді біреудің несібесі келесіге жүрмейді. Кісіге жасаған қиянат іс-түссіз кетпейді.
Дүниеде өзгермей қалатын жанды нәрсе екеу ғана. Бірі — шыбын, екіншісі — егеуқұйрық. Бұларды Жаратқан ие іші пысып налып отырған кезде «өмірі өзгерме» деп қарғап жаратқан деседі. Осыдан үш мың жыл бұрын өткен фараонның мәйітін ашқына кезде ішінен дәл осы күнгідей қара шыбынның қаңқасы шығыпты. Заман өте динозавр кесірткеге, бауырымен жорғалаушылар құсқа айналып жатқанда шыбын құрғыр еш өзгермеген. Жер бетінде ғылым дамыды, адамдар айға барды, мұхит түбін тесіп мұнай алуға бейімделді, бес шақырым жерден жұдырықтай торғайды сезетін сәуле ұстағыш ойлап тапты, әйтсе де егеуқұйрықты жеңе алатын күш жоқ. Нешеме у дәрі жасап қолданғанымен мақұлық денесі бейімделе қалады, атом бомбасы жарылған кездегі мың рентгендік сәулені сезбегендей қақаң қағып кете береді. Жаратқан иенің «өмірі өзгерме» деп налып отырып жаратуында үлкен гәп бар ма, бәлкім?!
Қара шыбын — кеудеден шығып кетер адам жанының сұлба суреті, егеуқұйрық болса — залалды бейненің жиынтығы, әзәзілдің жер үстіндегі көрінісі деседі.
Пайғамбар оймен отырып байқамапты. Тау беті күлгін түске малынып, күн көкжиекке еңкейіп қалыпты. Көп кешікпей кірпік үйіріліп, іңір қараңғысы түседі, көше шамы жарқырайды. Денесі тоңазығандай ма, қалшылдап түршіге түскені. Қой, ә, қарап отырып суыққа ұрынармын, онсыз да қарағайдай болып қатып тұрған денсаулық жоқ, қас қараймай тұрып бой жылытып, әл жинап алатын баспана табайын деп ойлады. Селтиіп түрегелді. Көше жиегіндегі көк қақпалы үйдің жанына келіп қоңырауын басты. Іштен қыңқ еткен үн шықпады, тым-тырыс. Қақпаны тарсылдатып кеп қақты. Әлден уақытта терең түпкірден әлдекім жөтелді, тырпылдаған аяқ дыбысы естілді. «Бұл кім-әй, мұражайға кешігіп бұрылған қай немесің?» — деп күңкілдеп кейіп келеді, — мұражай жабық, әлдеқашан қызметкерлер үйіне тарап кеткен».
Үй екен деп қаққаны мұражай боп шыққанын пайғамбар кеш түсінді. Қақпа сарт ашылды. Арғы жағынан костюмінің иығы қоқырайған, шетен қалпақ киген, сақалды жасамыс кісі шықты. Пішіні тау халқына келеді, өткір жанары өңменінен өте тінти үңіледі. Сақалының арасына саусағын жүгіртіп қасыды.
— Я, екі кештің арасында неғып жүрген немесің, ғылым қуған қияли әпендемісің, әлде ойы бұзық рэкетпісің? Мұнда тонайтын бағалы ештеме жоқ, жазушының әр жылдары түскен кескін-келбеті, шаңға батқан, сарғайған қолжазбасы ғана.
Пайғамбар шырақшының аузынан «жазушы» деген сөз шығысымен бұл мұражайдың иесі кім екенін сезе қойды. Сол иенің болмысын көз алдына келтірді. Кімді ойласа соның арғы-бергі тарихын елестете алатын қасиеті кемел еді. Мінекей... Қарқараның белуардан келетін шалғынын кешіп, басын оң иығына қондырып, 16 жылғы көтеріліс тарихын жазамын деп «Қилы заман» кестесін көз алдына елестетіп ой үстінде көлігін сыздырып келе жатқан жазушы; әнекей, ұлтшыл, алашордашыл деген жалалы атқа ие болып, 31 жылы Тастақтың ұзынша қыш абақтысында мөлиіп отырған қалпы; 49 жылы «Абай» кітабына Сталиндік сыйлық алып арқасынан тау түскендей, иығы көтерілген мезеті; 56 жылғы мәртебелі сыйлықтың дастархан мәзіріне жиналған жұрттың төрінде асып-төгіліп сөйлеп отырған мезеті. Қасқа маңдайы жарқырап жұрттан ерекшеленеді.
Қалам мен қағазды кәсіп еткен бұл кемеңгердің өмір соқпағы бірде ойға түскендей, келесіде қырға шыққандай иір-қиыр шытырман. Тағдырын өз қолымен құрастырған құрылысшы секілді. Онда да жоқтан, бардан емес, төл топырағына тамырын терең жіберген, бұтағы биік алып қара ағашқа ұқсайтын қасиеті алабөтен. Бейнеті қатты болды ма, саушылығы ерте сыр беріп, шашы сиреп, асқазаны бүріп ауырып, тап мынадай пайғамбар жасына жеткенде — Ресей астанасының операция үстелінде, пышақ үстінде демі үзілді. Жаны жаһаннам төрінде, құрметті жерде құс қауырсын секілді елбіреп-желбіреп әлі ұшып жүр, бәлкім.
Ой үстінде тұнжырап тұрған жолаушыны мұражай шырақшысы ұнатпады. Бұл шіркіннің кешкілік мезгілде қақпаны қағып бір мазаласа, жылы бөлмеге жайғасып, шәугім шайды алдына алып: «А, Құдая, бергеніңе шүкір», — деп кесені аузына апара бергені сол еді, оңаша жылы-жұмсағынан бөліп екі әуреледі. Қарап тұрып ит жыны қозды. Сәл ашуланса қалшылдап-дірілдеп шыға келетін ауруы бар. Бұрын мұндай емес еді. Кейінгі кезде үлкен ұлдың әлегі-ақ шаршатты. Әуелі баяғы ата-баба қонысына көшемін деп отырған үйінен су шыққандай желпілдеді. Мөңіретіп екі бұзаулы сиырын сатқызды. Қос контейнерге дүние-мүлкін сықастырып тиеп пойызға отырғызып, батасын беріп: «Ал, қош!» — деп шығарып салды. Келіні жергілікті ұлттан бұйырған қазақ қызы еді, туған жерін, бауырларын қимай, сыңсып жылап қоштасты. Екі ай өте әлгі ұл шәпкесі қисайып Алматыға қайтып оралды. «Е, не боп қалды, тыныштық па?» «Жергілікті қоңсыдан келіскен сұлу таңдап, екінші әйел алатын болдым, тағы екі сиырыңызды сатыңыз, әке». «Алда ғана доңыздан жаралған жүгірмек, бұрынғы келін аз болды ма?» «Өзгелердің бәрі екі-үштен әйел алып жатқанда қатардан қалу тірі өлім, әке». «Намысты ел қорғап, жауламайды». «Алақаныма ақша салып бермесеңіз ұрлыққа түсем, кісі тонаймын, әке». «Алда ғана миғұла неме-ай», — деп сыбай боқтап, ішінен тынып жүріп сиырларын мөңіретіп сатып мөлшерлі ақшаны тауып беріп тыншыды. Шашының көбін сол ит ұл ағартты... Қарсы алдында состиып тұрған пайғамбар айтты: «Сол ұлыңыз Кавказға аттанып кетісімен үйіңізге қызыл жағалылар төңіректеп келіп, қағаздарын ашып, төндіре тексерген... аптаға жуық ауылда болғанда балаңыз Сәрсенбайдың өгізін ұрлап сатыпты, қоңсы Иванның қызын зорлаған, бұзықтарға бас болып Шамалғанның жинақ кассасын тонаған деп іс қозғалды. Бұдан да басқа сұмдығын көріп тұрғандаймын». Мұражай шырақшысы осыны естігенде шалқасынан түсердей боп таң қалды. «Мына қарсы алдындағы жүдеу киімді, сынық, жанары өткір, иығы әнтек шығыңқы жолаушы көріпкел ме, әулие ме? Мұндай да керемет болады екен-ау!» деп ойлады. «Иә, солайы солай, Әуезов беделін араға салып, жалынып, жылап жүріп қарызды жауып, баланың басын істі болудан әзер құтқарып қалдың. Иванның қызы заңды келінім болады деп қолхат жаздың, бейбақ», — деді пайғамбар жұмсақ жұғымды үнмен. Сөйлеген кезде дауысы жез қоңырауша күмбірлеп жан-жүйкеңді босатады. Шырақшының жүрегі жылып, мінезі жұмсарды, жолаушының алдында аяқ астынан мұқым өзгеріп шыға келді. «Қайбір жетісіп жүр дейсіз, жұртта қалған жетім күшік те бір, мен де бір. Әуезовтің аруағын сыйлап қана есік қорып жүрмін. Ішке еніп бой жылытыңыз, шай қойып беремін, ашылған арзан қол арағым бар — ішем десеңіз». Пайғамбар есік алдында екі оқты болып пәске кідірді. «Атай көрме, жарқыным, жынды су ішіп күнәға белшеден батар жайым жоқ».
«Кірсем бе, әлде жөніммен жүре берсем бе?» деп толқыды. Мына бейшара қарауыл өзгелердің ұрыс-керіс кейісінен, наласынан әбден қажып қатыбас болып қалған. Әйтпесе арғы аңғары адал адам. Қазір ғой жақсы сөз жарым лепесті құй айт, құй айтпа, бәрібір миына ақыл қонбайды. Әлгі қатын алғыш қаңғыбас ұлдың, ұйытқытып өткен ортаның қарғысқа бетер реніші, зіл сөзі, ғайбаты, өсегі, жұбаныш-наласы бұл байғұстың жүрегіне жамала-жамала еңсесін езіп жіберген. Сырты дардай болғанымен іші кеуек. Кеудесін көтеріп жөн сөз айтуға қауқары жетпейді. Жұрт наласы кісіні жарымжан етеді.
— Кірсем кірейін.
Мұражай шырақшысы қуаныштан жүрегі жарылардай мәзденді. Соңынан қақпаны жауып, алдына түсіп жол көрсетіп балаша құлдыраңдады. Батып бара жатқан күн сәулесі қаңылтыр түнікеге бояуша салынған, қоймаға арналған мекен-жайға бастап келді. Ауызғы бөлмеге енгізіп орындық ұсынды. Шәйнекті тоққа қосты. «Кран суына шайып әкеле қояйын», — деп кесе-шәйнегін сылдыратып бүкшеңдеп сыртқа жөнелді.
Аяғына жел біткендей әрі көңілді, әрі епсекті. Қызарып батып бара жатқан ұлы нұр, ауызғы бөлмеде жұмсақ орындыққа тізе бүккен ғажайып жолаушы, жолаушының жылы сөзі — жан сарайын тазартқандай ерекше ізгілік нұры қатты мінезін жібіткен терідей былбыратып, кеуде тұсын әлдебір керемет лептің желпіп өткені... сырыңды айтқызбай-ақ бәрін көріп, бәрін сезіп тұрғаны... о, ғажабы көп дүние!.. Әлгі жолаушы, ауызғы үйге отырғызып кеткен кісісі о дүниеден қайыра оралып келген Әуезовтің өзі болмасын?!
Осы ойдан денесі дір ете түсті.
Күмбірлеген қоңыр дауысы, сөйлеп тұрып қос саусағымен мұрнының ұшын шымши сипап өтетіні, бір шекелеп жымиысы, «бә-ә-лі, солай болғаныңа», «жарықтығым» деп кісіні арғы-бергісінен рентген сәулесіндей сезіп, біліп тұратыны... бәрі-бәрі сол жарықтық, иманы жолдас болғыр Мұхаңа келеді. Жүрісі, қимылы еш айнымайды. Маңдайының маңғаз қасқалдағы да егіз тамшыдай. Өкше ізін айналып, аңырағаннан аңырап манағы үлкен кісі отырған жапсар үйге бұрылды. Екі-үш аттап есік тұтқасынан ұстады. Жүрегі құрғыр аузына тығылып, «әлгі кісі қапелімде жылыстап жоғалып үлгерсе қайттім?» деген қауіп ой желкелеп, арқасына мұздай тер құйылып, су құйған шәйнегін ұмытып, ерсілеу жымиып кеп есіктен үңілген... сізге өтірік, бұған шын, өз көзіне өзі қалай сенбесін, үлкен кісі мүлгіп отыр екен. Мұның дыбысын естіп, салбыраған басын оң иығына көтеріп, келісті қоңыр дауысымен: «Бә-әлі, жарқыным, қайда жоғалып кеттің?» — деген сөзбен қосыла, шырақшының көз алдында жұмыр жердегі пенделерді желеп-жебеп, әзәзілден арашалау үшін тау-тасты жаяу кезіп титықтап жүрген пайғамбар келбеті — Әуезовтің баяғы, жердегі бейнесіне айналып үлгеріпті.
Дүниеде сіз бен біз білмейтін кереметтер көп, қадірменді оқырман!