Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Кешірім

Көркем сөздің қас шебері, кемел жазушы Мұхтар Әуезов, мінекей, бір жылдан асты, тор көз терезелі, сыз иісі шыққан, абақтының қуықтай бөлмесінде қор болып жатыр.

Қор болғаны емей немене. Әрәдік абақты күзетшісі керзі етігімен жер еңбегін ойып жібере жаздап, дүрс-дүрс басып кеп, шалдырлатып құлыпты бұрайды, шиық еткізіп есікті ашады.

«Тұтқындағы Әуезов, түрегел, жауапқа жүр!» — дейді қарлығыңқы үнмен. Қыр соңына ілестіріп әкеп жарығы сығырайған тергеушінің бөлмесіне енгізеді, тақтай орындыққа шөмитіп отырғызады. Мөлиіп отыра-отыра белі сырқырайды. Біраздасын бұйра шаш, қоңқақ танау, қызыл жағалы, айқыш-ұйқыш қайыс белдік буынған тергеуші келеді. Бүгінгісі Гайкович, кешегісі Марсельский еді. Еврей халқы қырық жыл қырғын болып, жер үстін топан су қаптаса да жер бетінің жылы-жұмсағын, жіліктің кемік басын қамтып, қағаз үстінен күнелтіп, заманға еш белін бермейді. Қайда қашсаң да, көжесін әзер тауып ішкен кедейдің де, аузынан ақ майы аққан байдың да, асқанның да, тасқанның да, сасқанның да — алдынан еврей шығады. Осы мезет өзінің сүйікті жазушысы Стендальдің «Еврей» атты әңгімесі есіне оралды. Ташкенде жүргенде, жұмыстан қалт етіп қолы босай қалғанда ертелі-кеш әлгі әңгімені қазақшалай бастаған еді. Абақтыға жабылар алдында, үйді тінтіген қызыл жағалылар сол «Еврей» мен өзінің әптиектей ғып аяқтап қалған «Сұғанақ сұр» хикаятын хаттап алып кетіпті. Содан бері ұшты-күйлі жоғалды, табылмады.

Гайковичтің жарықшақ үні селк еткізді.

— Мұхтар Омарханұлы, Алаш партиясының негізгі мақсаты қазақ даласын ұлы Ресей патшалығынан бөліп, дербес федерация құрамыз деп бас құрап, талқылап, Ленин көсемге дейін жолығып елді шулатып баяғы хандық дәуірді қалпына келтірсек деп өліп-өштіңдер емес пе! Жасырмай алдыма жайып сал.

— Дербес федерация құру деген Ресейден мүлдем ат құйрығын кесісу емес, тең құқықты, тең иықты, мүдделес тату-тәтті көрші боламыз дегендік.

— Шетелге қашып кеткен Мұстафа Шоқай, Уәли Валидов деген шетел шпионымен неге байланыс жасап шала бүліндіңдер?

— Шала бүлінген дәнемеміз жоқ. Алаш партиясының дербес республика болсақ деген дайын бағдарламасы бар. Онда барлығы егжей-тегжейлі баяндалған. 22 жылы Алаш партиясы таратылғаннан кейін Лениннің өзі партия лидерлерін жазалаудан құтқарып, төңкерісшіл үкімет амнистия жасасын, қажетті қызметке пайдалансын деген қаулысы бар.

Гайкович қанын ішіне тартып сұрланды.

— Тұтқындағы Әуезов, алдаусыратпаңыз!.. Лениннің атын жамылып бұлталаққа салмаңыз!.. Қой терісін жамылған қасқырлар кілең!.. Айтпады деме, осы райыңнан қайтпадың бар ғой сыз абақтыда шірітемін, төңкеріске, қызыл балшабекке қаны қас деген қаулы шығарып, қыр соңыңнан өмірі қалмайтын қоңырау ілемін! Айтпады деме!..

Тергеушінің әрі-беріден жанары жіпсиіп, еріні қиғаштанып, ызаға булыққаны сонша — қисық езуінің жиегінен әппақ көбік көрінді. Мұхтардың қан қысымы көтеріліп, құлағы шулап, бір сөзді естісе, келесі сөзді естімей қиналды.

Әлден уақытта есін жинаса... сол баяғы қараңғы қуыс, тар бөлмесінде, сыз бұрыштағы ағаш төсекте жарқанатқа ұқсап шөмиіп отыр екен. Әлгідегі тергеушінің зәрлене құлағына төніп: «Райыңнан қайтпадың бар ғой — абақтыда шірітем» деген сөзі құлағынан зың-зың етіп еш жуылып болмады. Күзетші салдыратып құлыпты екі бұрап ашты. Темір тостақпен құмық ботқа, бір турам қара нан әкеліп төсегінің басына қойды. Ертеңгісінен нәр татпай, өзегі тартып тұрса-дағы темір тостаққа қол созбады. Сілейген қалпы отыра берді, іштей күбірледі.

«Сонда қалай? Алаш партиясының көсемдеріне амнистия жариялап, төңкеріс шаруасына пайдаланыңдар деген Лениннің пәрмені — анау, саясаттан, төңкеріс ұстанымынан тас керең мылқау шаласауатты еврей тергеушісінің сөзі — мынау... екеуінің арасы жер мен көктей. Алматы мен Мәскеу арасы айшылық жол, заман түзеледі дегенше осынау қараңғы қапаста жатып өмір жасым өкситін болар... Тақтай төсекте жатып-жатып жамбасым тесілетін шығар...»

Суып қалған құмық ботқа тамағынан өтпеді. Темір тостақты салдыр еткізіп тас еденге қоя салды. Төсегіне қисайды. Абақтының сыртындағы тас көше, көше жиегіндегі малынған ағаш... адам аяғы сиреген қала сыртындағы егістік аңыз... қары кетіп, көгі қылтиған шуақты бел-белестер көз алдына елестеп кілкіп тұрып алғаны. Мігірсіз маң даланы ойласа-ақ — балалық, бозбала шағы көз алдына қалқып шыға келеді. Шалғыны бұратылған Бөрілі, бидайығынан бота түссе көрінбейтін көкпенбек Жидебай, тастай суы тастан құлап ағатын Күркіреуік, жасыл белес, жалаңаяқ жүгірген балалық шақ кілкіп, қалқып көз алдына келе қалғанда... ойпырм-о-о-ой!.. не деген көркемдік десеңші!.. бояу-белгісі ақ қағаздағы мөлдіреген суретке ұқсаушы еді.

Сол туған жерге, туысқан, бауыр ағайынға «тындырамын... жазамын... қазақты дүниеге дабырайтамын» деген мол-мол перзенттік уәдесі бар еді.

Сол баяғы қарызыңды өтеймін деген перзенттік уәдесі қайда, бұл — қайда? Тақтай төсек, тар қапаста қамалып жатып жап-жасыл жайлауда қалған, ұмытыла бастаған жап-жасыл арманы енді қайтып қай кезеңде іске аспақшы! Әлде осынау ит тіршіліктің жетегінде жүріп жоғала ма?

Баяғыда, баяғыда емес-ау, кешегі төңкерістің соңын ала Қарқаралыға қараған елдің шетінде Дағанделі өзенінің бойында, Көкшетау, Дуана тауын басып өтетін керуен жолының жиегінен, қыр беткейде жетімсіреп тұрған кесене тамды көріп еді.

Ұзынқұлақ сөз ұстаған кәриядан сұраған. «Кімнің басына соғылған там»,-деп. Сонда көкірегі көмбе әңгімешіл кәрия ескі әңгіменің шетін шығарып төмендегіше төгілдірген.

«Қазақ қазақ болғалы іргесінен жау, ел ішінен дау үзіліп көрмеген» деген. «Жерінің кеңдігі, малының көптігі сырттағының көз құртын жеген. Қит етсе шығысынан қытай богдыханы, терістігінен қалмақ қоңтайшысы, жоңғар жәркеленші, батысынан башқұрт, орыс отаршысы, түстігінен қоқан қоқимасы, хиуа ләшкері қол төңкеріп жетіп кеп тұрғаны. Тыныш жатып, қамсыз ұйықтау ұмытылған. Қолы басым жау қазақтың қазанын төңкеріп, шаңырағын қаусатып, бесігін шағып шәлекейін шығаратын. О заманда қазақ қарындас жүзге бөлінбепті. Ту сыртынан сары масадай ызыңдап сайланған жау, қол төңкеріп, шаңырақты күйретіп шыдатпаған соң әз-Тәуке билерін жиып пәтуа жасапты».

«Жеріміз кең, бір шетінен жау шапса келесі шетінен көмек қолы жеткенше алты айшылық жол, ат үстінде тепектеумен өміріміз өтті. Есіміз барда етегімізді жинап, жүз-жүзге бөлінейік. Ұлы жүз осыншама рудың басын қосып қыр беткейдегі қырғыз, хиуа ләшкеріне, шығыстағы қытай қоңтайшысына абай болсын; орта жүз сайын Сарыарқаны иеленіп жоңғар мен қалмаққа қарсы тұрсын; кіші жүз рулары батыстан үңіліп жеткен дұшпанмен беттессін; сырт жауға төтеп берсе — өзіне сын, төтеп бере алмаса — былайғы қарға тамырлы қазақ жетер жәрдемге!» — деп баталасыпты.

О заманда айтылған сөз — атылған жебе. Ханның аузынан шыққан пәтуа талқыланбайды. «Мақұл, сөзіңе тұрдық, хан ием!»-десіп нешеме батыр ата жұрты, қазақ қарындасы жолына басын бәйгеге тігіпті.»

«Ұзын сөздің қысқасы он сегізінші ғасырда қазақ қарындастың басына қараспандай күн туған. Қалмақ қоңтайшысы қытай зеңбірегі мен швед отдәрісін теңдеп алып, мұздай қаруланып терістік беттен ерте көктемде іргені түре тиісіпті. Ұлы жұттан жілік майы үзіліп қыстан әзер шыққан орта жүз рулары зеңбіректі дүлей жауға төтеп бере алмай дәкеше ыдырады. Тоз-тозы шығып ақтабан шұбырынды, алқа көл сұламаға түседі. Селеулі Сарыарқа, Жетісу бойын қызылала қан жуады, ел алашапқынға түседі.»

«Өстіп етегіміз түріліп, бөксеміз көрініп қаша-қаша жер түбіне жетеміз бе, әлде шілдің қиындай пышырап жер бетінен өшеміз бе?.. неғыламыз? Қарсы тұрып қайрат қылатын уақыт жетті!..» Мұны айтқан Әбілмансұр-Абылай маңайына әр рудың батырын ұйыстырып атқа қоныпты. Аңырақай шайқасында кіші жүз сарбаздарын бастап келген Әбілхайыр ханды бас қолбасшы етіп, қалмақтың бетін бір қайырады. Батырларды аруақ көтеріп, жолы оңғарыла бастайды. Терістікте қытайдан қару алып, ойратқа арқа сүйеген қалмақ, Ыстықкөл шұрайынан орысты бел тұтқан қырғыз қырдағы қазаққа әр жылдары қол төңкеріп, ат ойнатып Абылайды тыныш жатқызбапты. Жойқын ұрыста ханның оң жағында жүріп, жау жүрегінің отын алып шанышқылы Бердіқожа көп қайрат көрсеткен екен. Абылай жиырма жасында хан сайланып, қырық сегіз жыл Көкшетауда табаны таймай, бағы қайтпай хан болып, алпыс сегіз жасында, жұма күні, Арыс деген өзенінің бойында, сарттың қорғанында қаза тауып, сол қорған Хан қорғаны атанып қалды.»

«Бердіқожа — елден асқан садақшы, қол мерген болыпты. Жекпе-жекке шыққан айыр қалпақтыларды осылай беттесіп келгенде дауыс жетер жерден жебемен түсіре беріпті. Бет қаратпапты. Қырғыз манаптары Садыр, содан кейінгі Есенқұл жүз қаралы батырын түсірген Бердіқожаға өлердей өштесіпті.»

«Бердіқожа балаларын сынағанда, былайшы сынайды екен. Үйелмелі-сүйелмелі бір-бірімен тетелес туған үш баласы болыпты. Бір пышақты сабын жерге тіреп, ұшын жоғары қаратып, балаларына: «Ана жақтан домалап келіп, мына пышақтың үстінен өтіңдерші», — дейді екен. Үлкен екі баласын домалап келуін келіп, дәл пышаққа жақын келгенде тайқып, жалтарып аунайды екен. Кенжесі пышақпен жұмысы жоқ, жалтармай аунайды екен. Пышақтың өзін жалтартады екен.»

«Бердіқожаның мойны ерекше ұзын болып, қырғыздар қазық мойын атап кетіпті. Есенқұл манап қамсыз жатқан қазық мойынды қайтсең де тұтқындап әкел деп Бөрібай есімді қанішерін бас қылып, қол жұмсайды. Бұл уақытта Абылайханның, оның дүлей серіктері Қабанбай, Бөгенбай о дүниелік болған көрінеді. Сол бір қанқұйлы қиын кезең туралы ақынның «Берсін бе атамекен — жерді қолдан, Еліне Бердіқожа болды қорған, Ағасы арқасүйер — асқар тауы, Ішінде батырлардың енді қалған» деген өлең жолы сөзімізді растайды. Аңдысқан жау алмай қоймайды. Есенқұл мен Бөрібай бір түні қалың ұйқыда жатқан батырдың ауылын шабады. Құс ұйқыдан басын көтерген Бердіқожа: «Ер болсаң — елге тиме, менімен шабыс»,— деп сілкініп, жебеше атылған батырды әккі жаудың шалмашысы алыстан шалма тастап, әуелі атын мертіктіреді, сосын өзін байлап-матап алады.»

Әңгімеші кәрияның қоңыр үні ОГПУ-дің абақтысында, тақтай сәкіде жатқан Мұхтардың құлағына еміс-еміс ескі сарын болып құйылады. Мақамы көне жырдың үзігіндей естіледі.

«Қырғыздар жасы егде тартқан Бердіқожа мен бір жас қазақ батырын қосақтап ұстайды. Қазақ десе қан қысымы көтерілген Есенқұл: «Біреуіңді кескілеп өлтіреміз, біреуіңе кешірім жасаймыз. Қазақты қалай жазаға кескенімізді бостандық алғаның — ел-жұртыңа айтып барасың. Қайсың қалып, қайсың бостан боласыңдар, өздерің шешіңдер», — дейді. Мақұл-ақ.

— Әлгі кесімді сөзді естіген Бердіқожа былай дейді: «Жасым егде тартты, әрі жаудың бүйрегінде маған деген қатып қалған кегі жатыр. Келешекте ел-жұртқа пана болар жас батыр қажет. Жаудың кешірімі — жүректің сөзі емес, еріннің емеуріні, шымылдық боп көрсетпес шынның жүзін. Еріннің кешірімі — саған болсын, елімнің кешірімі — маған бұйырсын, сен құтыл», — депті. Сөйтіп жас батырды құтқарып жібереді.

Бұл оқиға туралы Мәшһүр Жүсіп төмендегіше жазып қалдырған. «Өзін жау өлтірерін білген соң, жолдасына айтқан екен: — Жау жерінде қалдым ғой, менің сүйегімді алып кете алмассыңдар, бір бармағымды кесіп алып, маңайлас жерлеріңе көм де, соған там салып, Бердіқожа тамы атандырыңдар. Мені есіне алғандар дұға қылып өтер», — депті. Дағанделі өзенінің жағасына жұрт бас құрап там салыпты. Шошақ мола күні бүгінге дейін құламай тұр деседі. Дағанделі өзені Қарқаралыға қараған елдің шетінде, Көкшетау, Дуана тауларынан көрініп тұрады. Жүргіншінің қара жолының үстінде, Жетісу барғандар: Қозы Көрпеш — Баян тамын көрдік, шанышқылы Бердіқожа тамын көрдік деседі» (Мәшһүр Жүсіп, Шығармалар, 8 том, 214 бет, Павлодар, 2006 жыл). Біз оқыған Мәшһүр Жүсіп жазбасы оқиғаны осылайша баяндайды. Кешегі дүрбелең жылдары салт атпен Бөрілі, содан соң Қайнар, содан соң Көкшетау — Дуана, арғы жағы Аягөз асып бара жатқан Әуезовті әңгімеші кәрия әдейілеп ат басын бұрғызып, ілестіріп әкеп, жартылай мүжіліп құлаған, үлкен жолдың бойында қарауыл қараған,батыр белгісі қалған, сары желмен зынай жылаған — кесене тамды көрсетіп еді. «Беу, жүрген жері ойылып түсердей сөзі ірі, ісі одан да ірі жарықтықтар-ай, жұмыр бастарың қай шұқырда домалап қалды екен? Жолыңды, кешірімді кейінгі ұрпаққа, жас батырға беріп, өзің ажалға қасқайып қарсы тұрғаның келер күнге сабақ болар үлкен тәлім екенін сездің бе, сезбедің бе, қас батырым!»

Ескі әңгімені есіне түсіріп жатқан Мұхтар селт етіп басын көтерді. Күзетші келіпті. Екі бұрап емен есіктің құлпын ашып, кілтін салдыратып кіріп келді. Екі-үш аттап Мұхтардың төбесіне төнді. Темір тостақтағы мұрты бұзылмаған, шеті өңездене бастаған құмық ботқаны көрді. «Атауыңды ішкір, халық жауы, тамақты татып алмапсың, мына қызыл балшабек Марсельский тұрғанда суық камерада арам қатасың!.. өл де бар маған!..» деп тостақты даңғыр еткізіп көтеріп алды. Шалдыр еткізіп құлыпты бұрады. Керзі етігін сықырлата басып ұзап барады.

Кештің қай мезгілі екені айырғысыз. Титімдей тор көз терезеден күн әлдеқашан ауып кеткен. Тақтай төсекте қисайып жатып, өз ойын өзі қойша өргізіп, қалың мұңға оранған Мұхтар ұйықтап кетіпті. Түс көріпті. Түс дейтін түс те емес, қабырғалас келесі бөлмеде қамауда жатқан қадірменді Ахаң... Ахмет Байтұрсыновтың елес-сұлбасы кәдімгідей түрегеліп үстіне еніпті.

Қапсағай денелі, сақал-шашы қудай, абажадай үлкен кісі үстіне кіріп келгенде — мына Мұхтар кәдімгідей сасып қапты. Жатқан жерінен ұмтылып, басын көтеріп сәлем бергісі келеді. Қапелімде үні қарлығып, даусы шықпай бөгеле береді. Сүмек боп терлейді.

«— Жата бер, қозғалма, — дейді абажадай үлкен кісінің елес-сұлбасы дәп төбесіне төне түсіп.»

«— Денем қирап қалыпты, суық тиді ме, әлде өзгеше кесел жармасты ма — басым еш көтертпейді», — дейді Мұхтар мұңын шағып.

«— Білем-білем.. ой дерті меңдеп алған. Баяғыда елу жасқа келгенімде тірі сөзбен көркемдеген мақала жаздың! Ризамын! Үстіңе баса-көктеп кіргенімнің жосығы бар, Мұхтаржан. Мен айтайын, сен тыңда. Орысшыл отаршылардың осынау тас керең қапасына бір түскен кісі басын арашалап шығуы екіталай. Балшабектің құрығы ұзын, қулығы терең. Өмір бойы халықтың сөзін сөйлеп зар жылаған мына бізді сол халыққа көзтүрткі етіп «халық жауы» деп қарғыбау таққанынан шошынамын. «Сталиннің жауы», «Троцкийдің жауы» десе — уәжді сөз айтып ақталуға болар еді. Енді келіп өз халқыма өзімізді жау еткені құтылмайтын қарғыбау таққаны. Алдағы уақытта бар кінәңді мойныңа алып, арылдым, бетімді бұрдым деп сырттағы балшабектерге ашық хат жаз! Мына тас қамаудан шығатын жалғыз амал сол ғана, Мұхтар.»

Мұхтар басын оқыс көтеріп ышқынып сөйледі.

«— Ал, сіз ше, қадірменді Аха? Кешірімхатты өзіңіз жазсаңыз қайтеді!»

«— Жолымды бердім, Мұхтар. Мына күңгірт заманда түртінектеп жол іздеген қазаққа менен гөрі өзің қажетсің. Ал өзім жасарымды жасадым, жазарымды жаздым, айтарымды айтып үлгердім. Сенің айтарың әлі алдыңда! Баяғыда Көкшетау, Дуана тауын аралағанда шанышқылы Бердіқожа батырдың бармағын жерлеген кесенені көрген едім. Сол Бердіқожда батырдың аманатты ісін екі ғасыр өте өзім қайталап тұрмын. Түсін, тәуекелге бекін! Мен келмеске кеткен жанмын. Өз қиымызды өзіміз мыжып қайтеміз. Мына тас қапастан өзіңнің құтылып шыққаның керек. Ендігі қазақтың үміті, ілгергі тілеуі саған тіреліп тұр, Мұхтар!»

Осыны айтып Ахмет Байтұрсынов, қайран Ахаңның елес-сұлбасы елбіреп, желбіреп, сағымға айналып қарсы беттегі қабырғаға жұтыла берді.

Басын оқыс көтеріп алған Мұхтар тақтай төсекте шөкелеген күйі балбал тасқа ұқсады. Тамағына түйір-түйір жас кептелді. Қапелімде не дерін білмеді. «Осындай да бар мен жоқтың, екі кештің арасында елбіреген, елжіреген үнқатысу болады екен-ау! Көрмеген, білмеген дүниенің кереметі көп қой. Жаны күйзеліп жатқанда сүйікті ұстазының кәдімгідей тірі рухымен кездесемін... ауызба-ауыз тілдесемін... сыр бөлісемін деген кімнің қаперіне келген. Тәлімгерден тәу етсе нетеді!»

Шөмиіп отырған жерінен ұшып тұрып, апалақтап бөлмені кезді. Бұрыш-бұрышты сүзіп шықты. Күзетшінің жер ойылғандай аяқ дүсірін естіді. Тәлімгердің үні еміс-еміс құлағында жаңғырады: «Тас қапастан өзіңнің құтылып шыққаның керек, Мұхтар!.. Өзім жасарымды жасадым!.. Енді келіп алған беттен бұрылып, айтқан сөзден тайқып, өз қиымды өзім езбеймін!.. Аманаттың адамысың!.. Кешірімхат жаз, бақұл бол, Мұхтаржан!..»

Сай сүйекті сырқыратқан осынау сөздер ет жүрегін қозғап-қозғап жіберді. Енді неғыл дейді. Қалай ғана әрекет етеді?..» Сан сауал қаумалаған санасы шаншып ауырып есік пен терезе арасында біразға дейін адымдап жүрді де қойды. Қан қысымы көтеріліп, көз алдын жапқан көк мұнар бірде сейіліп, келесіде қайыра тұмшалады. Торға түскен арыстанға ұқсады. Ұмытқан жәйіті енді есіне түскен кісідей шалт бұрылып кеп есікті қақты. Күзетші келіп әйнек ойығынан қараған беті:

«Қағаз әкел!.. Қарындаш бер!.. Жазатын хатым бар», — деді дауыстап. Қапелімде үні қатқыл шықты. Күзетші сасып қалды.

«Бастық айтпаса бере алмаймын», — деді орысшалап. Орысшасы тым орашолақ екен, екі ауыз сөздің басын құрап әзер айтты.

«Ендеше бастыққа жолықтыр!..»

«Жолықтыра алмаймын, өзі жауапқа шақырады», — деп әйнек ойығын сарт жауып кетіп қалды.

Алда ғана көкірегі қапас саңлаусыз-ай! Бастығына барып бір ауыз айта салса неғылады-ай!

Аптаның аяғында, наурыз айының басында тергеуші Марсельский жауапқа алды.

Бұйра шаш, көз жанары өткір, сыптығыр сұлу жігіт Петербург университетінің тау-кен факультетін бітіріпті. Мұхтар: «Өзім де Петербург университетін тәмамдағам, шығыстану мамандығын жақсы игердім», — деді. Шүйіркелесе кетті. Сауатты еврей жөн сөзге келді.

«Мына заман не болып кетті өзі! -деп мұңын шаға сөйледі бұйра бас тергеуші; — үлкен зауытты дөңгелетіп басқаратын орайым бар... жау жоқ жерден жау іздейміз... қызыл балшабексің бе, әлде жапонның шпионы шығарсың деп көлеңкемізден шошынып... Осы да сөз боп па, тәйірі! Езіп-мыжып... ит өлген қиырда көртышқанға ұқсап отырғаным мынау. Сүйкімді сұлу келіншегім Алматының аядай көшесін, бықсыған базарын менсінбей Ресейге кетіп қалды. Көзіме шөп салды...»

Болмашыны көсіліп сөйлеп, мұң-шерін біраз ақтарып көңілі босады. Мұхтар осы мезет тергеушіден қалам, қағаз сұрады.

— Бәле ойлаған ОГПУ агенттері өзімді тар қапастан тірі шығармайды. Жіберген қателігімді мойындап, партияға адал қызмет етем деп ашық хат жазамын.

Марсельский ойланып отырып қалды.

— Бұл ақылды сізге кім үйретті?

Мұхтар түнерген қалпы жауап бермеді.

— Жә, айтқыңыз келмесе айтпай-ақ қойыңыз!

— Жауырды жаба тоқып неғылам. Бірдемені сезсем: саясат ойыны бұдан бетер құйтырқылана түсетін секілді. Оның үстіне қазақ таяқтың ортасын баспай, екі басында жүретін халық. Саясат сары аяздай сақылдап қысып берсе бұл күнімізге зар болып қаламыз ба, білмеймін. Бірін-бірі жау көріп, баяғы ауыл арасының күндестігі, бақталастығы, бәсекелестігі өртше ұлғайып бірін-бірі көрсетіп, донос жазып, жер көкке сыйғызбай ұстап беруден тайынбайды бұл қазақ.

— Ол жағын менен жақсы білесіз, ақылды адамсыз, — деп тергеуші арғы аңғарын бүркемелеп, айтар сөзін жұтып қалды.

— Әлгіде заманның беті бері қарайтын емес дедіңіз...

Тергеуші шоқ басқандай шошып түсті.

— Тек! Ондай сөз аузымнан шыққан емес! Мезгіл түсініксіз болып барады дедім. Өйтіп бұра сөйлемеңіз, айыпкер жолдас!

— Қағыс естіген болармын, бәлкім.

— Заман туралы аузымнан сөз шыққан емес, айыпкер жолдас! Байқап сөйлеңіз!

— Ауызекі сөзді теріп неғылам. Аузымда құлпым бар адаммын. Өз мұңым өзіме жетіп артылады.

— Білмеймін неғыларымды! Қаптаған салпаңқұлақтар, арызқойлар, доносшылар өңшең, — деп тергеуші орынан атып тұрып, есікті сарт жауып, ал хош деместен, соңына бұрылып қарамастан бөлмеден шығып жөнелді. Мұхтар қаракөлеңке сыз бөлмеде сілейіп отырған күйі қалды.

Баяғы дөрекі мінез ызғарлы күзетші келіп, «Тұрыңыз!.. былай жүріңіз!..» деп бөлмесіне қайыра әкеліп қамады. Есік құлпын салдыр-гүлдір бұрап жапты.

Бөлмені салбыраған меңіреу тыныштық басты.

Мұхтар қос қолын тарақтап басына жастап, ағаш төсекке аяғын созып, көсіліп жатты. Ескі әңгімеде шанышқылы Бердіқожа батырдың тұтқында жатып өз бармағын өзі шауып жіберіп, шүберекке орап, «елге жеткіз» деп, жас батырдың қолына ұстатқан оқиғасы көз алдына елестеді. Көкірек тұсы түтін жұтқандай удай ашып ауырды. Мазасыз ой мүжіді.

Әлден уақытта есіктің тор көз әйнегі сырт ашылып, арғы жағынан күзетшінің қарлығыңқы үні естілді. Мұхтар басын көтерді. Күзетшінің оқпан тесіктен үңілген көз жанары өңменінен өтті. «Тұрыңыз!.. Мына қағаз бен қаламды тергеуші беріп жіберді», — деп күзетші әкелген затын тесіктен көмейлетіп ұсына берді.

Мұхтар жедел түрегеліп барып оқушы дәптері мен ұшталған қарындашты алды. Кәдімгідей көтеріліп қуанып қалды. Тор көз әйнек сарт жабылды.

Төсегінің бас жағына қойылған тумбочканың үстіне дәптерді ашты, бүктесінін алақанымен жазды. Төрт аяқты шомбал орындыққа тізе бүкті. Қарындашты қолына алып, көлденең ұстап, ойланып отырып қалды.

Не жазады?

Тіршілігінде бұ қазақ бірін-бірі бағаламайды. Жүректің ақыл-сауыты, Өнерге салар бар күшін, Дененің барша қуаты, Махаббат қылса Алла үшін деп абыз Абай жазғандай, Алла бойына берген өнер нығыметін ұлтына, қазағына рухани шипа болсын деп — нешеме әңгіме, хикаят, драма жазды. Көркемделген тірі сөзден кесте тоқудан еш жалықпады. Қазақтың уәйімі өзге ұлт пен ұлысқа қарағанда әрі терең, әрі мағыналы. Қазақтың мұңы өзгелермен салыстырғанда ер жігіттің белі қайысып, аһ ұрардай әрі зілді, әрі зәрлі деп қыр суреттерін жазды. Тау аңғарын бұзып шыққан сел секілді намысын жер-көкке сиғыза алмай жүр деп Қараш-Қараш оқиғасын қағазға түсірді. Арам ойлағанды, нәпсіге тию болмағанды аруақ атады деп қорғансыздың күнін, қаралы сұлуды жазды. Жел сөзден ішіміз кеуіп болды. Шолақ белсенділік төбемізді тесті. Ел болуды енді үйреніп, жаңа жетіліп келе жатқан ұрпаққа қаратып анау өйдеді, мына бүйдеді деп; ұршықтай үйіріліп шаруа тындыратын жастарды беймәлім уағызбен адастыруды қойсаңдаршы деп; ел боламын десең — бесігіңді түзе деді. Шеттен келген шұбар тілдіге аяқтарыңды жинап жүріңдер, төр менікі деп өзеуремеңдер деп бірер мақала жазып еді — айықпас бәлеге қалды. Үндеместер, сөз аңдыған салпаңқұлақ сыбырлақтар соңына сүркіл салып түсіп берді. Бөтендер жүндей түтіп сынап жатса — көнер еді, көтерер еді. Екі ортаны шаң қылып, былқ-сылқ басып жүрген өз қандастарының, шалақазақтардың шие бөрідей балағына жармасып, жағадан алып, жосықсыз тілдеп жер-жебіріне жеткені — жүрегін тілгендей жайсыз әсер етті емес пе!

Ең жаманы өзім деген өз ұлтының өзекке тепкені батты. «Иман таразыны құратын сен емессің, жағадан алма, жағаласпа!.. жауап беретін жеріне әркім асықпай барады!..» деп уәжді сөзін айтқысы келеді.

Көкірегіне қыжыл боп сіңіп, запыран боп төгілгелі тұрған осынау неге-негелерді тізіп жаза берсе бір том кітапқа тартып кететін түрі бар. Ақылын сабырға жеңдіріп, байыздап отырып Мұхтар ашық хатын төмендегіше төгілдірді.

«Қазақ қилы-қилы заманды басынан өткеріп, түнекте адасқан жолашуыдай көп қарманып, мол шалдығып, тапқанынан жоғалтқаны қисапсыз, жаңа ғасыр басындағы тұман сейілерде қазан төңкерісіне ілікті. Төңкерісті өзі жасаған жоқ, төңкерісшілерге ілесіп, жақсы күнге жетіп қалармыз деп үлкен үміт, алыс арманды арқаланып анда шапты, мұнда шапты. Қырғынға ұшырады. Әуелі кіші тәркілеумен бітетін шығармыз деп шаруа жағдайын түзете бастаған еді. Ұлы тәркілеуге ілініп, ғасырлар бойғы қалыптасқан қоғамдық әлеуметтік құрылымын қиратып алды. Отырықшы орысқа, жартылай базар, саудамен күнелтетін татар, өзбекке кіріптар халде ел-елді кезіп кетті. Ұжымға ұйыссақ жан қала ма деді. Орталық Ресейде кулакты тап ретінде жою ұраны көтерілген кезде қазақ қарап отырсын ба. Ел ішінде кулак болмаса — қолдан жасаймыз, сол да сөз боп па тәйірі деп, ауыл атқамінерлері елдегі момынның бірін «сен —кулаксың, жекетұр жасаймыз» деп ауыл сыртына көшіріп, көзтүрткі ғып оны-дағы күлкі қылды. Орталық Ресейде әйел теңдігі жөнінде қаулы алынып еді, ауыл атқамінерлері ері мен әйелін, жұбайы мен зайыбын бір-біріне қарсы шағыстырып отбасының берекесін кетірді. Республикаға басшы боп келген партия лидері сайын сахарада кіші қазан төңкерісін жасаймыз деп; ел-елге мүйіз, тұяқ салығын салып, титықтатып, қолдан ашаршылық жасады...»

Осы тұсқа келгенде Мұхтардың көз алды тұманданып қолынан қаламы сусып жерге түсіп кетті. Кешелі бері нәр сызбағанын сезді.

Мұның бәрін неге жазып отырмын деген ойға тірелді. Осынымды оқып зерделейтін кісі бар ма?.. түсінетін зиялы қауым қайда қазір?..

Дарын — қарызға алғандай нәрсе. Әуел баста ұлы мәртебелі жазымыш көкірекке ғайыптан нұр құйып, түйсік беріп, бойына азаматтық міндет дарытса — сол міндетті атқарып шығатындай дәт-қуат, мезгіл де бұйыртуы керек қой. Егер ондай мүмкіншілік бермесе — Ұлы мәртебелі жазымыштың әділетсіз болғаны. Тепе-теңдік заңының бұзылғаны. Аса мықты дарынды адамдардың өмір жасы ұзақ болатыны содан. Шолақ қайыратын, дыз етпе шабысты, өмір түйіткіліне шаппа-шап әдіс-айласы бар дарындардың тез жанып, тез сөніп жататыны бекер емес. Ұлы мәртебелі жазымыш бәріне өлшеп береді. Өлшеулімен өлшеусізді қамту мүмкін емес.

Күзетшінің түс әлетінде әкеліп берген құмық ботқасын жеп, темір тостағын босатып берді. Қушиған терезеге бой салып қараған еді, күн қызарып, көңілсіз батып барады. Жаны көші кеткен жұрттай құлазыды.

Ойдың, қиялдың кісіге азық болатыны неткен ғажайып.

Мына Мұхтардың орынында бөгде кісі болса ғой баяғыда жынданып кетер еді. Қаракөлеңке аядай бөлме, сыз еден, тар төсек, таңның атқанын, күннің батқанын күзетшінің аяқ тықырынан сезіп біледі. Ілуде ғана, аптасына екі мәрте тергеуші кеңсесіне шақырып жауап алады. Бас-аяғы жоқ, мезі қылар, бырсыдырғы сүреңсіз сауал.

«Алашорда партиясына кіргендегі мақсатыңыз елді Ресейден түп көтеріп бөліп алып, Жапонияға қосылу ма еді?..», «Семей губернесі бойынша қанша мүшелеріңіз болды?..», «Семейді тастап, не себепті Ташкентке қызметке ауыстыңыз?..», «Қазақ әйеліңізді тастап Петерборлық орыс профессорының қызына үйленуіңіздің сыры неде?..», «1920 жылы большевиктер партиясының қатарынан неге шығып қалдыңыз?..»

Мазасыз мырың сауалдан мезі болып, біразына ауызша, біразына жазбаша жауап жазып, сілелеп шаршап төсегіне мұрттай ұшып құлайды. Жалына қол апартпас әрі тағы, әрі асау жылқыдай қиялына құрық жалғайды. Сондай бір дүние тіршілігінен талығып, өзінен-өзі жалығып жатып әбі-тәбі, кел қайт, кел қайт күйінде ойда жоқта жарықтық, Ахаңның шашы аппақ қудай ағарған... арыған... қу сүйек қалған рухымен бетпе-бет ұшырасты емес пе. Беу, дөңгеленген дүние-ай!

Абыз Абай құлағына кеп сыбырлағандай: Орнын тауып ізденіп, кісісін тауып сұранып, ғылым тапқандардың жолына неге түспейді екенбіз осы. Үзбей ізденіп, құмарланып жиған жан қазынамызды көбейтсе игі еді. Көбіне тәннің жайын ойлап, тәнді көркейтуге күш салдық. Жан жайына қалды. Ұзақтай шулап, қарғаша қарқылдап, ауылдағы боқтықтан, қаладағы базардан ұзамадық. Сөйтіп жүріп жан игілігінен, рухани байлықтан құр қалдық, бишікешке, қалталыға қоғадай жапырылып, ақылдыны айналып өтетін келеңсіз мінез жамадық.

Мұхтар қайыра қағазға шұқшиды. Қаламын қатты ұстаған күйі.

«Бұрынғының бәрін адасқанның, қателіктің жолы деп білемін. Ұлтымнан бөлініп, ұзап, ұзақ жол іздейтін жайым жоқ. Төңкерісшіл балшабектер партиясының мүддесіне, мұратына қалам қуатыммен қызмет қылуға әзірмін. Қателігімді мойындаймын. Былайғы өмірімде сол қателігімді жөндеп, түзеуге арнаймын», деп бір ауыз сөзбен қысқа қайырып, шолтитып кешірімхаттың мәтінін дәптерге түсірді.

Ол нендей қателік еді?

Қателік болғанда — елді бүлдіріп, жұртты жазғырып, қазақ қарындасқа ғайбат айтып, жаманат жапсырып жоқ жерден ауа жайылып па? Я болмаса иісі мұсылман қауымына жала жабардай ғайбат сөйлеп пе? Я болмаса төңкерісшіл қызыл саясатты мінеп, сынап мақала жазып па? Ешқайсысын ауызға алып, қаламға ілген жайы жоқ еді ғой. Алабөтен ала қойды бөле қырыққандай қыр аспайтын, мандымайтын көрсеқызар ашкөздікке аттап баспады. Несін жасырады! Бәрін шығарып, бүлдіргідей бүлдіріп, үстінен донос жазып, жұртты шулатып жазалы еткен — баяғы бақталас, өрге баспас, пиғылы пәс, парықсыз, пәтуасыз, қатарлас қазақтары болатын.

Арғы ойының астарын ашып, әдібін сөгіп, жүректің кірі жүрекпен сөйлесе ғана кетеді дегендей, бергі ауылдың әжік-күжік әңгімесі есепті, қараңғы жұртқа, қаныпезер отаршыларға осы да жетер дегендей жауырды жаба тоқып жаза салды. Тереңдеп қазбады. Ұлт араздығын қоздырмады, төңкерісшіл қызыл саясатты мансұқтамады.

Ашық хат жазылған екі бет қағазды дәптердің ортасынан жыртып алды, төрт бүктеп қалтасына салды.

Аптаның аяғында осы Алматыға тақауда қоныс аударып келген, әлі кәмелетке толмаған тұңғышы Мұғамила абақтыға тамақ алып келді. Жаңа піскен бауырсақтай, ақ борықтай әдемі қыз тақылдап сөйлеп абақтыны басына көтеріп тықсырып барады.

— Қылмыс жасамаған, кісі өлтірмеген, қазына мүлкін жемеген әкетайымды қашан босатасыңдар? — дейді абақты бастығына.

— Әкетайым, көйлегің кірлепті, шешіп бер, жуып әкелейін, — дейді Мұхтарға.

— Өткен жолғы әкелген сәлем-сауқатымды әкетайыма түгел бермепсіздер, — дейді тақылдап камера күзетшісіне.

Әр сөзі тақтайға шеге қаққандай. Көз жанары аспаннан таңғы шық, я болмаса ақ жауын тамшысы мөлт тамғандай. Қызы әкелген бауырсақтан сүйсіне ауыз тиген Мұхтар қаршадай қызына қарап отырып көңілі босады. «Оқыған, тоқыған ұрғашы іздемей-ақ, бір байдың әлпештеп алақанына салып өсірген, бұрымы тобығына түскен ауыл аруын жел сөзге иланып қолымнан бекер шығарып алдым ба» деп іштей мүжіледі. «Аузымды ақ майға гүрп еткізеді деген, оқыған, тоқыған орыс профессорының қызы басына іс түскен бір кеште Ташкенттен Петерборға тып қойып тайып отырды», деп қарадай қапаланды.

Сірә, адам өмірі қателіктен тұрады білем. Сол қателікті, шалт басқан кемшілікті түзеймін деп былайғы бұйырған өмірің өксиді, уақытың өтеді. Енді түзеп тындырдым-ау, кемшілікті жөндедім-ау дегенде тағы бір қателікке сүрінесің, досқа таба, дұшпанға күлкі боласың. Іштей ыңырсып күйзеле жүріп әлгі әттегенайды тағы жөндейсің, және түзейсің. Өстіп жүргенде өмірің сырғып өте шығады. Дүние деген жақсылық пен жамандығы алмасып арпалыспен өтеді-дағы.

Шығарып салар алдында төрт бүктелген ашық хат мәтінін қызына ұсынды. «Жан баласына көрсетпей, тығып ұста!.. Қауіп-қатерден құтылдым-ау дегенде... ертесіне қазақша, орысша партиялық екі газеттің бас редакторының қолына тигіз деді. Ендігі бар үмітім осы хатта» деді. Мұғамиланың шашынан сипап, бетінен сүйіп есік аузына дейін шығарып салды. Қызы көзін сығып қоштасты.

Аптаның аяғында республиканың маңдайына ұстаған қазақша, орысша екі бірдей бас газетіне Мұхтар Әуезовтың ашық хаты басылып шықты.

1932 жылы көктем жылымығы ерте түсті. Көше жиегі сорпаланып еріп, ағаш біткен ел-сел терлеп, арықтағы қызыл су жүгірді. Самарқанның көк тасы еріп, әр отбасына үт кіріп, ОГПУ қызметкерлерінің тас жүрегі жібіді. Бұрындары міз бақпаған қызыл төңкерісшілер Мұхтар Әуезовты 17 сәуірде абақтыдан босатып, екі жылдай ешқайда шықпай, ай сайын келіп о замандағы ОГПУ-ге тіркеліп, есеп беріп тұруға мақұлмын деп, қол қойғызып, аманатқа, бас бостандығына шығарды.

Иығын езген ауыр жүк сыпырылып түскендей сезілді. Қараңғы үй қанын қарайтып жібермесе игі еді.

Тастақтағы темір торлы пәкене, қызыл қыштан ұзынша етіп салынған абақты үйінің қақпасы — шығып бара жатқан Мұхтарға баяғы, кері кеткен кер замандағы жауласқан қырғыз манаптарының жертам зынданына ұқсады. Бұлт түйдектелген аспанға қарап терең-терең тыныстады. Елі үшін еңіреп жүріп бақи жалғанға озған Бердіқожа батырдың кесене тамына Дағанделі өзенінің қапталына дәм жазса осы көктем ат ізін салуға дәт қылды. Отыз беске жетер-жетпес жасында — жүгі ауып шашыла жаздаған тағдырының көшін түзеп, бұдан былай ойын орнықтырып, есін жиып алуға қам жасады. Соңына қайырылып қарағаны оңды болды.

Кешірімді дер кезінде сұрай білген де ақылдылық деп ойлады. Сол кешірім сұрауға жүгіндірген елес боп желеп-жебеген Ахмет Байтұрсыновтың қасиетті аруағына сыйынды. Тәуба деді!


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама