Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 38 минут бұрын)
Қырғызстанда экс-басшының туысқаны тергеуге шақырылды

Қырғызстанның Ішкі істер министрлігі Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚК) бұрынғы басшысы Қамшыбек Ташиевтің інісі, парламент депутаты Шаирбек Ташиевті тергеуге шақыруы елдегі саяси жағдайға байланысты елеңдетуде.

Бұл туралы жергілікті 24.kg порталы дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады. Шаирбек Ташиевтің ведомствоның бас тергеу басқармасында жауап беріп жатқаны айтылады.

Алайда, Ішкі істер министрлігі бұл мәліметке қатысты әзірге ресми түсініктеме бермеді. Депутаттың қандай қылмыстық іс бойынша және қандай мәртебеде (куәгер немесе күдікті) жауап беріп жатқаны белгісіз.

Дереккөздердің хабарлауынша, Шаирбек Ташиев бүгін депутаттық мандатын тапсыруы тиіс. Орталық сайлау комиссиясының отырысында осы мәселе қаралуы мүмкін.

Саяси жағдайдың өзгеруі

Бұл оқиға Қырғызстандағы соңғы саяси өзгерістер аясында орын алып отыр. Ақпан айында Қырғызстан президенті Садыр Жапаров өзінің жақын досы әрі сенімді серігі болған Қамшыбек Ташиевті барлық қызметінен босатқан еді. Ресми мәліметте бұл қадамның мемлекеттің бірлігін нығайту және қоғамдағы, соның ішінде мемлекеттік құрылымдар арасындағы іріткінің алдын алу мақсатында жасалғаны айтылған.

Бұған дейін Ташиевтің жақын айналасындағы адамдардың депутаттарға хабарласып, оларды «генералдың жағына шығуға» және «президент сайлауын қайта бастауға» үгіттегені туралы ақпарат тараған болатын.

Ташиевтің отставкасынан кейін елдегі күш құрылымдарында елеулі өзгерістер болды. Оның орынбасарлары қызметінен босатылып, Шекара қызметі ҰҚК құрылымынан шығарылды. Сондай-ақ, тікелей президентке бағынатын Жаңа мемлекеттік күзет қызметі құрылды. Парламент спикері Нұрланбек Тұрғынбекұлы да өз өкілеттігін тоқтатты. Көлік прокуратурасының бастығы, Ташиевтің жиені Нұрғазы Матисаков қызметінен алынды. Көлік және коммуникация министрі Абсаттар Сыргабаев та босатылды. Оны жергілікті БАҚ Ташиевтің «өгей ұлы» деп атайды.

Жаңалықтар

Жарнама