- 07 жел. 2021 00:00
- 151
Радиоактивті зақым
Радиоактивті зақым ядролық жарылыс бұлтынан радиоактивті заттардың жерге түсуі немесе АЭС апаты кезінде атмосфераға шығарылуы нәтижесінде жердің, су мен ауаның зақымдануы. Радиоактивті заттардың көздері: ядролық зарядтың бөліну өнімдері, сәуле шығаратын альфа-бета-бөлшектер мен гамма-сәулелер; ядролық зарядтың реакцияға қатыспаған бөлшектері, сондай-ақ сәуле шығаратын альфа-, бета-бөлшектер мен гамма-сәулелер; бета-бөлшектер мен гамма-сәулелер сәулелендірген топырақтағы нейтрондардың әсерімен пайда болған (наведенная реакция) радиоактивті заттар. Радиоактивті заттардың сыртқы белгілері - түсі, дәмі, исі болмайды, олар ыдырай отырып, альфа-, бета-бөлшектері мен гамма-сәулелерін шығарады.
Радиоактивті зақым дәрежесі жарылыс қуаты мен түріне, желдің бағыты мен күшіне, жер сипатына және метеорологиялық жағдайларға байланысты. Әсіресе жер үстіндегі ядролық жарылыс кезінде күшті зақымданады. Радиацияның деңгейі 0,5 «Р/сағ» және одан жоғары болған кезде жер зақымданған болып есептеледі. Радиоактивті бұлт ізінің көлемі ядролық жарылыс қуаты мен түріне, сондай-ақ желдің жылдамдығына байланысты және ұзындығы жағынан бірнеше жүз километрге, ені жағынан бірнеше ондаған километрге жетуі мүмкін.
Радиоактивті зақым адамдардың зақымдануымен және сәуле алуымен байланысты. Киімге және теріге қонған радиоактивті заттар, сондай-ақ гамма-сәулелерімен сәулелену адамдар мен жануарларда сәуле ауруын тудырады. Радиоактивті зақымнан қорғанудың негізгі әдістері - қорғаныс құрылыстарына (паналау ғимараттарына, радиациядан қорғайтын паналау орындарына, қарапайым паналау орындарына) адамдарды паналату және жеке қорғаныс құралдарын пайдалану.