Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 21 минут бұрын)
Теңге айналымындағы маңызды өзгерістер: қазақстандықтар не білуі тиіс?

Елімізде теңге айналымына қатысты маңызды өзгерістер енгізілді. Ұлттық Банк 2012 жылғы ескі үлгідегі банкноттарды ауыстыру мерзімін нақтылап, жаңа 500 теңгелік банкноттың шығарылуы туралы мәлімет берді. Бұл өзгерістерді білу әрбір қазақстандық үшін маңызды.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ескі 10 000 теңгеліктер әлі де қолданыста

Павлодар филиалының Ұлттық Банк қызметкерлері 2012 жылғы үлгідегі 10 000 теңгелік банкноттарды асығыс ауыстырудың қажеті жоқ екенін хабарлады. Бұл купюралар 2027 жылдың 28 маусымына дейін айналымда болады. Сауда орындары бұл банкноттарды қабылдауға міндетті, әйтпесе әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

«Аталған банкноттардың параллельді айналымы 2027 жылы аяқталады. Яғни, қазіргі уақытта бұл банкноттарды ауыстыруға келудің қажеті жоқ, себебі олар әлі де қолданыста. Сауда орындары мен қызмет көрсету салалары оларды қабылдауға міндетті», - деді Ұлттық Банктің Павлодар филиалының қолданыстағы ақшамен жұмыс және касса операциялары бөлімінің басшысы Дихан Түкенов «Ирбис ТВ»-ға берген сұхбатында.

2000 теңгеліктер айналымнан шығады

Ал, 2012 жылғы үлгідегі ескі 2000 теңгеліктер биылғы жылдың 25 маусымынан бастап айналымнан шығады. Бұл күні бұл купюралармен дүкенде есеп айырысу мүмкін болмайды. Алайда, оларды 2029 жылдың маусымына дейін екінші деңгейлі банктер мен «Қазпошта» арқылы, ал Ұлттық Банк филиалдарында мерзімсіз ауыстыруға болады.

«2026 жылдың 25 маусымынан бастап қала қонақтары мен тұрғындары бұл банкноттарды екінші деңгейлі банктер мен «Қазпоштада», сондай-ақ біздің, Ұлттық Банк филиалында ауыстыра алады. Екінші деңгейлі банктер бұл банкноттарды 3 жыл ішінде, яғни 2029 жылдың маусымына дейін ауыстырады, ал Ұлттық Банк филиалдарында мерзімсіз ауыстырылады. Егер 25 маусымнан кейін бұл 2012 жылғы банкноттар қолыңызда қалса, алаңдамаңыз, кез келген уақытта оларды қолданыстағы банкноттарға ауыстыра аласыз», - деп түсіндірді маман.

Жаңа 500 теңгеліктер айналымға енгізілді

Бұған қоса, «Сак стилі» сериясымен жаңа 500 теңгелік банкноттар көпшілік айналымға шығарылды. Бұл номиналдағы ескі банкноттар да өз күшін жоймайды.

Жаңалықтар

Жарнама