ult.kz
- 04 мау. 2026 08:00
- 25
Жұмыстан заңсыз шығарылған мұғалім сот ғимаратында өзіне қол жұмсамақ болды
Түркістан облысының Ордабасы ауданында жұмысынан заңсыз босатылғанына сенген мұғалім сот ғимаратында өзіне қол жұмсамақ болды. Бұл оқиға 3 маусым күні таңертең болды.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Желіде тараған ақпаратқа сүйенсек, 24 жылдық педагогикалық өтілі бар Х. Еримбетов есімді мұғалім биыл қаңтар айында мектеп басшылығының шешімімен жұмыстан шығарылған. Алайда, ол бұл шешіммен келіспей, еңбек құқығының бұзылғанын айтып, Түркістан облыстық еңбек инспекциясына шағымданған.
Еңбек инспекциясының нұсқамасы орындалмады
Еңбек инспекциясы жүргізген тексеру нәтижесінде жұмыс берушінің әрекеті заңсыз деп танылып, педагогты бұрынғы қызметіне қайта орналастыру туралы екі рет нұсқама берілген. Алайда, бұл талаптар орындалмаған.
Сот процесі мен қамау
Мұғалім содан кейін сотқа жүгінген. Бес айға жуық уақыт жұмыссыз жүрген азаматтың айтуынша, сот процесі ұзаққа созылған. 28 мамырда өткен сот отырысында ол судьяға қарсылық білдіріп, сот залынан шығып кеткен. Кейін, 3 маусымда сот оны «сотқа бағынбау» бабымен жауапқа тартып, бес тәулікке қамауға алу туралы шешім шығарды.
Мұғалімнің жағдайы
Үкім жарияланғаннан кейін педагог өзіне қол жұмсауға әрекеттенген. Қазіргі уақытта ол Ордабасы аудандық орталық ауруханасында ем қабылдап жатқаны хабарланды. Оқиғаға байланысты ресми органдар әзірге түсініктеме берген жоқ.