Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
С. Сарғасқаев «Тәмпіш қара»
Сабақ жоспары
Әдебиет 6 сынып
4. Тоқсан: IІІ
Сабақтың тақырыбы: С. Сарғасқаев «Тәмпіш қара»
Сабақтың мақсаты:
а) білімділік: оқушыларға Сансызбай Сарғасқаевтың өмірі, шығармашылығы,
«Тәмпіш қара» повесінен үзінді жайлы толық мәлімет беру.
ә) дамытушылық: ой - өрісін, ойлау белсенділігін, сөйлеу шеберлігін, тіл мәдениетін дамыту, сөздік қорын молайту, шығармашылық ізденіске баулу, олардың ой - пікірін қалыптастыру.
б) тәрбиелік; елін, жерін, Отанын қадірлеуге, адамгершілікке, адалдыққа,
еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: қалыпты сабақ.
Сабақтың әдісі: түсіндіру, суреттеу, салыстыру, сұрақ - жауап, сөздікпен жұмыс, бағалау, бекіту, қорытындылау.
Сабақтың көрнекілігі: көркем әдебиеттер, бейнелі суреттер, рефераттар, бүктемелер.
Сабақтың формалары: жеке баламен, топпен, сынып ұжымымен жұмыс жүргізу.
Сабақтың типтері: ұйымдастыру кезеңі, үй тапсырмасын сұрау, жаңа сабақты түсіндіру, бекіту, бағалау, қорытындылау,

Сабақтың барысы:
а) Ұйымдастыру кезеңі.
Сәлемдесу. Кезекші мәлімдемесі. Журнал бойынша түгендеу. Жаңа сабаққа дайындық.
ә) Үй тапсырмасын сұрау.
1. «Менің атым Қожа» повесінен тарауларын бөліп - бөліп мазмұндау.
2. Қосымша сұрақтар қою арқылы өткен тақырыпты қорытындылаймын.
б) Жаңа сабақты түсіндіру.
• Автордың өмірі, шығармашылығы туралы түсіндіру.
Сансызбай Сарғасқаев (29. 4. 1925 ж. т., Жамбыл облысы, Красногор ауданы, Шарбақты селосы) — қазақ кеңес жазушысы, Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1942 — 1943 жылдары аудандық «Красногоршы» газетінде жауапты хатшы, 1949 - 1972 жылдары «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас» газеттерінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактор, «Жұлдыз» журналында жауапты хатшы болды. Көркем туындылары 1949 жылдан жариялана бастады. Шығармалары негізінен жас жеткіншектерге арналған. «Достар» (1952), «Бір отрядта» (1953), «Сәуленің жаңа достары» (1954), «Бір көшенің бойында» (1961), «Сынған тіс» (1963), «Шындық» (1964), «Көңілді балалар» (1966), «Тәмпіш қара» (1971) атты повестер мен әңгімелер жинақтарында жас жеткіншектердің ой — арманы, қоғамдық пайдалы істері, өнер — білімге деген құштарлығы, бір — біріне адалдығы, достық қарым - қатынасы суреттелген. Жаңашыл да жасампаз адамдар туралы «Ұстаз» (1979), «Сұлутөр» (1983) романдары жарық көрді. Оның кітаптарының бәрі мектеп оқушыларының тыныс — тіршілігінен сыр шертеді..

• «Тәмпіш қара» повесі жайында түсіндіру.
Сансызбай Сарғасқаевтың “Тәмпіш қара” повесінде отызыншы жылдардағы ауыл өмірі суреттелген. Повесть 9 бөлімнен тұрады. Бөлімдері: «Танысу», «Тілеп алған азап», «Әзілі ме шыны ма?», «Өкініш», «Теке қарт», «Не болды бізге?», «Бұдан кейінгі күндерде …», «Ойламаған жерден», «Үш күн қалғанда» деп келеді. Басты кейіпкер - тәмпіш қара Шаншатай.. Повесте Шаншатайға тән әдептілік, ұқыптылық, еңбексүйгіштік қасиеттер көрінсе, Ертай бойындағы өнерге құштарлық, дүниені бала көзімен қабылдау қасиеттері танылады. Шаншатай бойындағы асыл қасиеттер - әдептілік, ұқыптылық, тазалық, кішіпейілділік пен сыпайылық әңгіме кейіпкерлері Ертай, Бисекүл, Иманбектерге ерекше әсер етіп, үлгі бола білсе, бүгінгі жасөспірімдерге де үлкен өнеге. Жасөспірімдер бейнесі - балалар әдебиетінің жас буындарды патриоттық рухта тәрбиелеуде ең басты роль атқарып отырғанының айқын дәлелі. Осының бәрін айта келіп, бала тәрбиелеудегі ең негізгі тірек оларды еңбекке үйретуден басталуға тиіс деген ойға келеміз. Өйткені еңбек етуге үйренген бала сабақты жақсы оқудан да, ата - ананың түрлі тапсырмаларын орындаудан да жалықпайтын болады. Еңбек етуге жаттыққан сайын, оның ыждақаттығы да арта түседі. Ұқыптылық та, әдептілік те, үлкенді сыйлаушылық та, қоғамға пайдалы үлес қосатын байыпты, парасатты азамат болу да осыдан келіп шығады. Повестегі кейіпкерлер: ауыл балалары суретші Ертай, Иманбек, Ниғмет, Күлдәрі, Оңалбек. Бала тәрбиелеуде ұстаздың еңбегін көрсете отырып, балалардың мектептен алған білімін еңбекпен тәрбиелі іспен тұрмыспен байланыстыра суреттелуі шебер бейнеленген. Кейіпкер Ертайдың өмірі жайындағы ішкі толғанысы жеткіншек ұрпақты тәрбиелеуде маңызды роль атқарады деп есептеймін. Шаншатай - қаладан келген көзі ашық бала, ол «Октябрь балалары» деп аталатын газеттің бар екендігін ауыл балаларына таныстырып, Ертайдың суретшілік дарындылығын бағалай отырып, осы газетке ең жақсы суретіңді жіберейік деп үлкен үміт артып Ертайдың қабілетін шыңдай түседі. Әншейінде көзге ілінбей жүретін газет тасушы Теке қартты ауыл балаларына сыйлай білуді ұғындырады. Қазіргі жас жеткіншектер барлық мүмкіндіктері бола тұрса да балалар басылымдарына көп жазыла бермейді, ал повесть кейіпкерлері сол газеттің келуін асыға күтіп, тіпті ауылдан жырақта тұратын Теке қарияның үйіне іздеп барып, алып оқиды.

• Сабақты бекіту:
Талдау
• Эпикалық жанр түрі - повесть.
• Шығарманың негізгі ойы — жас жеткіншектерді адамгершілікке, шыншылдыққа, қайырымдылыққа тәрбиелейді.
• Шығарманың композициялық құрылысына тоқталсақ: Басталуы. Шаншатайдың ауылға келуі, ауыл балаларымен танысуы..
• Байланысуы. Шаншатай Ертайдың суретші екенін білуі, екеуінің айырылмастай дос болуы. Шиеленісуі. Мектеп оқушыларының қырман даласына көмекке баруы, түрлі ойын - сауық ұйымдастырулары, Шаншатай ауыл балаларының газетке деген қызығушылықтарын оятуы.
• Шарықтау шегі. Оқушылардың өз мақалаларын оқу үшін Теке қарттың үйіне іздеп баруы, Шаншатай мен Иманбектің төбелесуі, Иманбектің одан кешірім сұрауы.
• Шығармада эпитет, теңеу, диалог, мақал - мәтелдер т. б. әдеби теориялық ұғымдар қолданылған.

Пысықтау сұрақтары:
• Әңгімедегі кейіпкерлерді ата.
• «Тәмпіш қара» повесі қалай басталады?
• Әңгіме неге «Тәмпіш қара» деп аталған?
• Әңгімедегі тәмпіш қара кім?
• Шаншатайдың басқа балалардан ерекшелігі қандай?
• Әңгімеде мақал - мәтелдер кездесе ме?
• Ауыл балалары демалыс уақытында кімдерге көмекке барады?

Сабақтың қорытындысы:
Бағалау: Оқушылардың берген жауаптарына қарай білімдерін бағалаймын.
Үйге тапсырма: С. Сарғасқаев өмірі, шығармашылығы туралы мәлімет іздену, оқу.
«Тәмпіш қара» повесін оқу, мазмұндау.

С. Сарғасқаев «Тәмпіш қара» жүктеу

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама