- 20 қаз. 2015 00:00
- 263
Сағыныш
Кішкентай қыз анасымен бастауыш мектепке келе жатады. Бір кезде жаңбырдан су болған көзілдірігін сүртіп қойып бір нәрсеге қарап тоқтайды. Анасы қызының назарына іліккен не екен деп қараса, әкесімен велосипедте келе жатқан басқа кішкентай қыз екенін көреді. Велосипедтің артқы орнында отырған кішкентай қыз құлап қалмау үшін әкесін жабыса құшақтап, суықтан қызарған бетін әкесінің арқасына таяп отыр. Әкесі жиі-жиі қызы жаққа бас бұрып бір нәрселерді айтып қызды күлдіріп қояды. Алыстап бара жатқан велосипедтен көз алмай қараған қызға анасы күлімдеп:
- Үйдегі заттар жетіспейтіндей енді велосипед алғызбақшысың ба маған? Бірақ айтқаның болсын, қатты ұнатқан болсаң, сатып алайын, - дейді. Кішкентай қыз жәутеңдеп:
- Велосипедке қызыққанымнан емес. Әкесі велосипед айдап бара жатса да қызымен әңгімесін үзбей отыр.
Анасы түк естімегендей... Қызының қымбат жылы шапкасын түзетіп тұрып:
- Кейбір балалар осындай суықтың өзінде жаяу жүр. Әкең болса жұмысқа асығып жатса да, сені Мерседеспен қалаған жерге апарады. Қыздың әлі де велосипедке қарап тұрғанын көріп:
- Қаласаң әкең сені жылы машинамен емес, велосипедпен әкеп жүрсін, мұны осыншама қызық көрсең, - дегенде қыз мұң ұялаған жанары жасаурап:
- Күшті болар еді! Бәлкім сол кезде әкешімді құшақтап сағынышымды басармын...