- 06 нау. 2020 00:00
- 227
Сараңды соққан қу
(Әрі сараң, әрі қуды соққан қу)
Абыз-көшек Қалақай деген Артықбаймен жүзі таныс, замандас кісі болса керек. Артекең үйіне келген кісіні сыпайы ғана қуып шығып, тағы кімдер келсе де қалай жалтарып, ас бермеудің амалын іздестіріп отырады екен. Үйіне келген кісіге «төрге шық» деп айтылмайды. Үйден шығып бара жатқанда: «Бәленшеке, неге отырмадың, сыбағаңды жеп кетсең еді», — дейді екен. Әлдеқалай ас асуға тура келсе, түрліше мақаммен Айғаным әжейді үйретіп қойыпты: «қазан көтер немесе қазан қайнат» десе, болмашы ғана, «ас ас немесе ас сал» десе, тояр-тоймас, «сыбаға сал» десе, асының бар шұрайы — кәде сүйек; «асты салу керек» десе — онда ол сыйлайын деген кісісі. Асты түрліше сылтаумен шығып кетіп, өзі салады екен. Артекеңнің жайын білетін Қалақай бір-екі рет соғылған екен. Сол Қалақай бірде әдейі осы Артекеңнен сыбаға жеу үшін әдіс жасайды. Пар ат жегіп, суыт жүріп, Қалақай Артекең үйінің тұсына келіп, атын асқосшыға тапсырып, жол үстіне қояды да, жүгіре басып үйге кіреді. Олар түскі шай ішіп отырады.
— Уа, Қалақа, жүрісің тым суыт, асығыссың ғой өзің, жол болсын! — дейді Артықбай.
— Әлей болсын! Тройцкіге барамын. Өте асығыспын, сізді көріп қана сәлем беріп, амандық білейін деп кірдім. Мына дайын шайды да ішуе мұрсат жоқ. Бәйбіше, нан бер кішкене, жол алыс, күн қысқа, қонар жерге ерте бар дейді ғой, — дейді Қалақай.
Артекең Қалақайдың өте асығыстығына көзі жетіп, жылмаңға басты.
— Ойпырмай замандас, жолың түсе қоймаушы еді. Сен бізден жарты омыртқа жеуге тиісті едің. Кісі болса көп, қашан тағы айналып соққаныңша ас-су бітіп қалып, ұятты болып қаламыз ба? Сыбағаңды жеп қетсең қайтеді?
— Жоқ, Артеке, өте тығыз жұмыспен бара жатырмын, айтуға да уақыт жоқ, соңынан ести жатарсыз, — деп, есікке тұра ұмтылады.
Артекем Қалақайды шынымен кетті деп ойлап, орнынан тұра келіп;
— Ай, Қалақай, ендігі айналып соққаныңша ас-су бітіп қалса, сыбағамды жемедім деп өкпелеп жүрме, менен айып жоқ, осынша жабыстым, тым асығыспын дейсің, «Досыңды көп ұстама, жолынан қалады» демей ме қазақ, ендеше, жолың болсын, бірақ өкпелеме, тағы айтам», — дейді.
Осы кезде Қалақай:
— Ойпырай, Артекем осынша жабысып, жігі-жапар болып тұрғанда, сөзін сыйламай кеткенім Құдайдың өзіне де келіспес, отырсам-отырайын, ал енді сал сыбағамды, — деп төрге шығып, отыра кеткенде, Артекең:
— Қап! Ұрдың-ау, алаяқ! — депті.