Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Шарықтап шыңға ұмтылған Қазақстан

... Қара жерде қылтыңы жоқ бір елміз,
Әрі биік, әрі кеңбіз, тереңбіз.
Әніміз бар асқақ жалау сықылды,
Көтерілсе - тік көтерер жұртымды.
Біз дүниеге мәңгілікке келгенбіз.

Қасым Аманжолов

Мен - кеңпейіл, көңілі дархан әрі әлем халқы ержүрек деп таныған қазақ қызымын. Сан ғасыр адамзат баласын бауырына басқан ұлы дала перзенті де мен боламын. Қазақ қызы ретінде өз елімді, өз жерімді ардақ тұтып, мақтан етемін.Тәуелсіздік алған сәттен бастап біздің халқымыз Қазақстанның ұлы тарихын жаңа жетістіктерімен және табысты қайта құрылымдалуларымен тамаша жалғастырып келеді. Жарасымды да жасампаз саясаттың нәтижесінде біз әлемдік прогреске қол жеткізіп, айналаға түгел танылдық. Бір ту астына біріккен ел азаматтары егемен Қазақстанның игілігі жолында еңбек табыстары мен алға қойылған мақсаттардың ойдағыдай орындалуына аянбай тер төкті. Мұның барлығына мың мәрте шүкіршілік ете отырып, жаңа заманның жаңа басталғанын да ескеруіміз керек. Сондықтан түгендейтін де, тыңнан іздейтініміз де жетерлік. Сәл ғана өзімізге сын көзбен қарайық. Бабаларымыз арман еткен тәуелсіздікке қалай қол жеткіздік? Сан ғасыр аңсап, армандап қол жеткен тәуелсіздік бұқара халқымыз арасында түгелдей шынайы рухани серпіліс туғыза алып отыр ма? Бүгінгі тәуелсіздігіміз тұғырлы болу үшін алда әлі не істеуіміз қажет?

1991 жылы егеменді Қазақстан алғаш рет әлем аренасына тәуелсіз ел ретінде қадам басты. Отарлық езгісіне төзбей, азаттыққа  ұмтылған қазақ халқы соңғы екі ғасырда екі жүзден аса ұлт-азаттық көтерілістерді бастан өткерді. Толарсақтан саз кешкен кемеңгер де батыр бабаларымыз баянды ғұмырын ат ауыздығымен алыса жүріп, бостандық үшін арпалысып өткізді. Дегенмен осы текетірестің соңғы нүктесі тек 1986 жылы ғана қойылды.

1986 жылдың 17-18 жұлдызы аралығында бір топ қазақ жастары еліміздің шын жанашырлары, патриоттары ретінде бейбіт шеруге шығып, еліміздің болашағына деген алаңдаушылықтарын, тәуелсіздікке деген жалынды құлшыныстарын әлемге паш етті. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ». Өзге дегенде өзегін жұлып беруге әзір мәрт те жомарт, төбесі шошайған біреу көрінсе, «қырықтың бірі - қыдыр» деп, бары мен нарын қонағасыға шалатын ақкөңіл, тіріде ешкімге есесін жібермейтін намысқой халықтың күрделі де иірімі көп сан қырлы мінезін ұғыну кездейсоқ бәдәуилерге қиын еді. Сондықтан болар алмағайып күндері «ұлтшыл атанамын-ау» деп қаймықпастан «Мен-қазақпын!» деп айдай әлемге жар салып, жалындай білген қазақ жастарын аяусыз ұрып-соғып, жалған жала жауып, қаралап, күшпен басып, жаншыды. Осы оқиға, желтоқсан айы бізге қаншалықты қуаныш сыйласа, соншалықты қайғы-қасірет алып келді. Әлі күнге 1986 жылдың ызғарлы айын еске алсақ, тұла бойымыз тітіркенеді, қанымыз ойнап, намысымыз тулайды. Дегенмен бұл  оқиға қазақ еліндегі, қазақ жеріндегі және Еуразия құрлығындағы демократиялық жаңа өзгерістердің  көшбасшысы болды.

Төрткүл дүниенің жаңаруына жол ашқан осы бір серпілістен соң бұғаудан бұлқына шыққан қазақ елі 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі жөнінде Конституциялық заң қабылдады. Бұл қуанышты сәтті халқымыз көкжиектен шыққан күндей асыға күткен болатын...

1992 жылы 2 наурызда БҰҰ Бас Ассамблеясының 46-сессиясында Қазақстан Республикасын БҰҰ-ға мүшелікке алу жөніндегі қарарға қол қойылды. Өзінің достастық пейілін таныта отырып еліміз әлемдегі қауіпсіздік пен бейбітшілік мәселесіне белсенді қолдау көрсетіп отырды.

1999 жылдың қаңтарынан бастап елімізде Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының  орталығы Алматы қаласында тұрақты түрде жұмыс жасай бастады. Осы орайда Қазақстан  бұрынғы кеңестік елдердің алды болып, 2010-2011 жылдар аралығында осы ұйымға төрағалық ету мүмкіндігіне ие болды. Бұл бір жағынан, тәуелсіз елімізді мойындау болса, екінші жағынан, Қазақстанның халықаралық беделінің өскендігін көрсетті.

2011 жылдың айтулы оқиғасы – VII қысқы Азиада ойындарының қазақ жерінде салтанат құруы.  Батыс пен Шығысты жалғаған ұлан-ғайыр қазақ даласындағы дүбірлі дода Астана мен Алматы қалаларында қатар өткізілді. Еліміздің абыройын асқақтатар мұндай байрақты бәсекелерде жерлестеріміз барын салып, намысты қолдан бермеді. Спортшыларымыз тәуелсіздік жылдарында бірнеше рет жеңіске жетіп, әлем сахнасында Көк Туымызды желбіретіп, Гимнімізді шырқады.

Қазақстан - 1997 жылдан бастап Халықаралық көрмелер бюросына мүше  және «EXPO» көрмесіне 2005 жылдан бері қатысып келеді. 2017 жылы Бүкіләлемдік «EXPO» халықаралық көрменің менің жерімде өтуі – зор мақтаныш...

«Қаз тұрып, қадам басқан тәуелсіздік сәбилік тұсауын өміршең уақытқа келтірген кезден бастап, осынау жиырма сегіз жылдың бедерінде айшылық жерді алты рет аттаған алып секілді, дәуір жолын мығым ұстап, тізгінін мығым қаға білдік» - деп  Елбасымыз айтқандай, Қазақстан бүгінде еңсесі биік, кемел мемлекетке айналды. Бір кездері асқақ армандай көрінген «Қазақстан-2030» стратегиялық даму бағдарламасы да тәуелсіз мемлекетіміздің әл-ауқатын одан әрі арттыра түсіп, халқымыз үшін алға бастар сара жолға айналды.

Тәуелсіздік  әрбір мемлекеттің атрибуты десек, ал бостандық, азаттық пен еркіндік - сол мемлекеттің әрбір мүшесінің асқақ арманы мен өмір сүру салты. Осы қасиетті ұғымдар үшін сан ғасыр арпалысқан халқымыз береке-бірлігін, тұтастығын сақтай білді. Жұбан ақын жырлағандай, біз расында, «мың өліп, мың тірілдік». Соған қарамастан, жасымадық, жасқанбадық. Анығы, бізді жасыта, жасқанта алмады.  Жиырма сегіз жыл ішінде халқымыздың ұлттық санасы жаңғырды және ежелден келе жатқан тарихын ақиқат шыңына шығарып, рухани байлығымыз артты. Сондықтан тәуелсіздік  мерекесі -  күллі Қазақстан халқы үшін  өткенге деген тағзым мен болашаққа деген  сенім  мерекесі.

«Аманатын бабамның,

Ақтаған күн - мына күн.

Ақ пейілін даланың,

Сақтаған күн - мына күн.

Азаттыққа ұмтылып,

Айқасқан күн - мына күн»-деп жас ақын Н.Бағдатұлы жырлағандай, бұл күн - қазақ халқының қайта дүниеге келіп, егемен ел іргетасы қаланған күн. Әр қазақтың жүрегінде үміт пен сенім ұялатқан рухы асқақ айтулы күн - Тәуелсіздік күні.  Бұл күні біз кеудемізді ерекше шаттық кернеп, жағаға соққан толқындай ғаламат күй кешеміз, қуанып ұлан-асыр той жасаймыз. Ұлттың мерейін асырар ұлық мерекені тойлау біздің, тәуелсіз елдің ұрпақтарының, маңдайына жазылыпты. Тәуелсіздік жасай берсін! Мәңгілік ел жасай берсін!       


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама