- 18 жел. 2017 00:00
- 241
Шығыс Қазақстанда медицина саласының IT мамандарын дайындамақ
Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде отандық цифрлық медицинаны дамытып жатыр, деп оқу орнының баспасөз қызметі хабарлайды.
Келесі жылдан бастап оқу орнында бағдарламалық жасақтамаға, сервистік қызмет көрсетуге, жөндеуге мамандандырылған, сондай-ақ медициналық құрылғы өндірушілермен (рентген, УДЗ, томографтар және т.б.) бірге жұмыс істесетін инженер-медтехниктер дайындалатын болады.
Бүгінде еліміздегі ешқандай оқу орнында мұндай мамандар дайындалмайтыны аталып өтілді. ШҚМТУ проректоры шақырған Клаусталь техникалық университетінің профессоры (ГФР) түсіндіріп өткендей, мұндай шешім «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында қабылданған.
IT-дәрігерлер 2 бағыт бойынша оқытылмақ: медтехника және телемедицина. Жаңа мамандарға ШҚМТУ оқытушылары, Беларусь Республикасы мен Аустрия елдерінен шақырылған мамандар сабақ беретін болады.
«Қазақстанда инженер-медтехниктер өте тапшы. Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың IT мамандықтарын меңгеріп шыққан түлектердің осы салада жұмыс істеуі үшін шетелдерде қайта оқып келіп жатқанын білеміз. Енді жастардың Қазақстанда осы сала бойынша білім алуына мүмкіндік туды», - деп атап өтті профессор Талант Рыспаев.