Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Шілік шежіресі

Озықбай Қалбибі Жүсіпжанқызы
ОҚО, Отырар ауданы, Шілік ауылы
М.Шаханов атындағы жалпы орта мектеп
«Қазақ тілі» мен «қазақ әдебиеті» пәнінің мұғалімі

(«Әскери археология және этнография» бағыты бойынша)

 «Шілік» (Salix  cinerea) – тал  туысына  жататын  алабота  туысының  түрі. Биіктігі: 1 – 5м-ге дейін шыбық  тәрізді (қамыс тәріздес) жіңішке  сұр  текті  бұтақтары  бар. Жапырақтары аударылған  жұмыртқа  тәрізді үстіңгі жағы қоңыр жасыл, астыңғы жағы күлгін сұр түсті. Мамырда  гүлдейді, гүлі  ұсақ, көп  гүлді. Гүл сырғасы  жапырағынан  бұрын  дамиды. Оңтүстік облысындағы Түркістан өңіріндегі өзендердің жағалауларында, аралас өскен ағаштардың ішінде, шабындықтарда  кездеседі.

Шілік  тал туысына жататын шөп  атауына  тоқталып, негізгі  тақырыпты  өрбіткелі отырмын. «Шілік» шежіресі осы тал туысына жақын шөп атымен тығыз байланысты деген ел аузында қалған әңгімелер дерегі. Яғни, көптеген топонимдер  тәрізді «Шілік» атауы да  жергілікті  ботаникалық  жағдай мен жағырафиялық  белдерге  байланысты.

Көне  әфсаналарға құлақ салар болсақ:

– Ерте, ерте, ертеде, осы  маңда  қалың  тал  туысты  Шілік  шөбі  ну  орманды  алқапқа  толы  болған  деседі. Ал, ол  шөптің  бұл  аралықта өсу  себебі, қазіргі  «Ескі  Шілік» орны,  бір  замандарда  бүгінгі  «Бөген»мен «Шаян» өзендерінен  бастау  алған, арнасы асқан  көл  болып, уақыт  өте, арнасы  тартылып, оның  орнында  кішігірім  көлдер  мен   көлшіктер  қалған  тұрақ мекені делінеді.Иә,оның дәл солай болғанына көз жеткізуге болады.Өйткені, осы қос өзен мен Арыс сағасы көктем мезгілінде әлі күнге дейін арнасынан асып-тасқанда Ескі Шілік пен «Тоғыз жолдың  темір торабы» атанған «Темір» теміржол станциясы аралығын  аққу-қаз қонатын көл пайда болады.Шымкент-Шауілдір-Түркістан бағытымен салынған «Жібек жолы» асфальті бойымен өткен жолаушылар түрлі құс қонып, у да шу болып жатқан көл көрінісін бір тамашаламай өтпейді.

Ертеректегі айдын-шалхар тасыған   көлден  қалған  қазіргі    «Шошқа  көл»көлі  мен  соның  маңына  жақын  орналасқан  өзге  де  кіші  көлшіктер шакғын балық шаруашылығын дамыту бағытында жұмыс жүргізеді. Атап  өтер  болсақ:

                     Көлдері:  Шошқа көл, Аяқ көл, Құм көл;

                     Өзендері: Бөген өзені, Шаян өзені, Сүйінбай өзені;

                     Тоғандары: Кәрі  тоған, Бала тоған;

                     Құдықтары: Көлқұдық, Найманбай құдық;

                     Кендері: Құнанның кені, Сегізсай  сарыала кені.

Бөген өзені мен Шаян өзені ертеректегі кезеңдей арнасынан асып халыққа зардабын тигізбес үшін, үлкен-кіші бірнеше су қоймалары салынған.Бұл су қоймаларын жаздың шіліңгір аптабында егін шаруашылығына пайдаланады. Ал, егер де осы су қоймалары кенеттен су апатын әкелсе, бірнеше ауыл емес, бірнеше аудан көлемін  жойқын шығынға ұшыратары сөзсіз.

Өзен-көл атауларынан бұрын тоқталған «Шілік» дерегін  тыңдай  келе,  әфсана  негіздері «мүмкін» деген  пікір пайда  болады. Өйткені, тал туысты Шілік шөбі  негізінен  ботаникалық  жағынан  зерттеу  негізінде  алабота туысы  болғанымен, қазіргі Шілік өңірінде қалың  өсетін «Қамыс» тал  туысты  шөбіне  қатты  ұқсаған  деген де сөздер бар. Ал, мұнда халық қалай  шоғырланды  дер болсақ,  ол туралы  да  бірнеше  вариантты  әңгімелерді  кездестіре  аламыз.

Марқұм  шежіреші  Есжанов  Дүрманның (1931-2015ж.ж.) деректеріне  сүйенсек, осыдан  200-250 жылдай бұрын (яғни, 1750-1800ж.ж.) Қоқан хандығының қызметкері  Тұрғанбай датқаның ұйымдастыруымен  Арқа – Сыр  бойы  қазақтарын  (негізінен  қыпшақтар) отырықшы етпек ниеттен бүгінгі Шілік елді мекені пайда болған. Шежіреші Есжанов Дүрманның тарихи материалдары мен деректері 2010-2011 жылдары аудандық «Отырар алқабы» газетінің  әр санында жарияланып отырды.

Шілік  туралы марқұм  Өтемісов  Асқардың(1919-1986ж.ж.)  аузынан  қалған  тағы да  бір төмендегідей    әфсанаға   тоқсалып өтсек. Өтемісов Асқар Ұлы Отан соғысының ардагері, өз заманының әфсана-шежірешісі.

«Ақтабан  шұбырынды   жылдары  [тарихтан  мәлім «Ақтабан шұбырынды, алқакөл  сұлама» айтылады мұнда] Арқадан  ашыққан  Қыпшақтар Тәшкенге  жер аудара көшіп жан сақтаған. Уақыт өте келе, Тәшкенттегі ханның  қолбасшысы  Қыпшақ  сардары  халық  көп  шоғырланған  базарға барып «Кім қыпшақ?» деп  жария салыпты. Осы сөзді естіген Тұрғанбай  «Мен  қыпшақ!» деп, сардар  қасына  барыпты дей келе, әңгіме одан әрі былай  өрбиді. Сардар  қыпшақтардан  жиылған  біраз жұртқа барар жердің  бағытын суреттей, жолға салыпты. Сол жұрт бүгінгі  «Шілік»  жеріне  келіп  шоғырланып, қалың  шілікті ішін  паналап, сол  кездегі  Қоқан  хандығы мен Түркістан билеушілерінен көз  таса  болыпты.

Қай – қайсысын алып қарасақ  та, Тұрғанбай керемет ұйымдастырушы –лығымен халықты отырықшы етпек үшін Тәшкенттен егін салып, үй тұрғызу  үшін  11 сарт  әкелген. Сол  сарттардың  үрімбұтағы  бүгінде  Шілікте  әлі де  өмір сүреді, біразы Түркістан маңындағы өзбек ағайындар тұрақтанған Ихан елді мекенін  сағалап  кеткен.

Бұл  мекендегі  әрбір  арықтар  атауы  осы  Тұрғанбаймен байланысты. 150 жыл  бұрын  ел  ортасынан (бел ортасынан) қазылған  арық «Бел  арық» делінсе,  «Сор  арық»  елге  әкелген  сорымен (қасіретімен) осылай аталған. «Сор арыққа»  мал  құрбан  еткен  немесе  адам   өлімі  болып  тұрған. «Мәкібай  арық»  та  өзі  атап  тұрғандай  адам  есімімен  аталған  десе, «Саңғыл  арық»  Қоңырат  руының  ішіндегі  Саңғыл  атасының   азаматтары «Шіліктік»  ағайындары  секілді  елдерін  суландырмақ  мақсатта «Сор  арық»  аяғынан  арық  қазып(бірақ су шықпаған,орны сақалған),  содан  осылай  аталған  деседі.

Қалай  болғанда  да, «Шілік»  елді  мекені   сулы  жер, нулы жер  және  сол  су  аралығында  төрт  түлікке  бай  әрі  егіншілікке,  отырықшылыққа  бейім  ел  болған. Сулы  алқаптарының  дерегіндей  болған  арық  арналары  мен  тартылған  өзен сағаналары әлі  күнге  дейін  өз  шежірелерінің  ізін  білдіріп  жатса, төрт  түлік туралы «Тентек Жүсіп» немесе «Жүсіп төре» есімімен қатысты  төмендегідей  аңыздар  бар.

Жүсіп төре – Тұрғанбайдан   кейін  шашырап  кеткен  елдің  басын  қайта  біріктіріп,  халық бірлігін қолға алған  кейінгі ұрпақтарына  көп  жағынан  беймәлім  тұлға. Марқұм  Асқар  Өтемісұлының  дерегіне  сүйенсек [ел аузынан], Жүсіп  төре   Тұрғанбай датқаның  оң  қолы  болған. Сол  кездегі  ел  билігінің  тәртібімен  әр  ру  арасында   төрелік  еткен  хан  тұқымы  атанған «төрелер» болған  деседі. Сондай төренің бірі  Жүсіп төреге дейін  Кенесарының  бауыры  Садық  төре  болса (бұл кісіні  басқа деректер расқа шығарады), кейін  Черняевтің  «Ұлы  жүз  жерін  Қоқан  хандығынан  тазарту  туралы  патша  жарлығынан  кейін» отряды Оңтүстікті  Қоқандықтардан  тазартқанда  Садық  төренің  де  Шоқан  қолында (Шоқан  Уәлиханов сол  отрядты  жергілікті  тіл мен  мәдениетті  білгендіктен  жолбасшы  болған)  қаза  тапқанын  көркем  шығармалар  мен  кейбір  тарихи  мәліметтерден  білеміз.

  Тұрғанбай датқаның  елді  көтеруімен  халыққа  дізесі  батқан  Қоқандықтарға  жасаған көтерілісі«Шілік  оқиғасы»  немесе «Шілік көтерілісі» деп  аталынады. Сол  кездегі  еткен  «теріс  пиғылы» үшін Тұрғанбай  өлім  жазасымен  жазаланғаннан  кейін  әрине  патша  рұқсатымен  болған  төре  билігін  жалғастыруға  бірі біліп, бірі біле  бермейтін «Жүсіп  төренің»    шындығында да  «Шілік шежіресіне» неге  есімі енбеске.

Жүсіп  төре  кейбір  деректерде «Тентек  Жүсіп» – деп те аталады. Ал, ол  «Тентек       Жүсіп», сол Тұрғанбайдың  елге кейін оралған Иманжүсіпі болатын деседі.

Десе де, «Шілік» шежіресіне қатысты  «Тентек Жүсіп» немесе «Жүсіп төре» есімі  терең  зерттелуді  қажет  етеді. Осыбір  беймәлім  адам  туралы  аңызға  тоқталып  өтсек:

Ертеде  Шіліктіктер  көбіне  түйе  түлігін  өсірген  көрінеді. Себебі, тоғыз жол  торабындағы  Шіліктен  өтетін  керуендерге  бұл  түліктің  сұранысы  көп  болған. Яғни, түйе  жүк  артуға  тиімділігімен  қатар,  шөлге  бейімділігімен де  бизнес  көзі  болған.

Осы  түйені   ұры-қары  ала-алмаған  деседі. Өйткені, Тентек  Жүсіп    ақбурасына  мініп, садақ  тартқанда, мал  ұрлаған  дұшпанның  өзіне  емес, дәл  алдына (жүрер жол үстіне) барып  қадалады  екен. Бұдан  қорыққан  көптеген  қорқаулар  қорыққандарынан  атынан  түсіп  қалған[ел аузынан]. Осы  тұста  ескерер жайт, Иманжүсіпті  «садақ емес, мылтық  ататын  мерген болған» -  дейді   кейбір  қариялар көзі. Яғни, «Тентек Жүсіп» пен «Иман Жүсіп» екі бөлек тұлға деп қарауға  сыяды.

Тағы  бір  деректе, Қыстың  көзі  қырауда, көк  мұз  қатқан  шақта  Арыс  өзені  үстімен  мал  әкетіп  бара  жатқан  ұрылар  артынан  Тентек  Жүсіп  жалғыз  шығыпты  деседі. Сонда шошынған  дұшпан  алдындағы  түлікті  тастай, мұз  үстімен  қашпақ  болып,  көк  сүңгі  жұқалық  етіп, ойылып  түсіпті[ел аузынан]  деседі. Бұл  әфсаналар  бекер  айтылмаса  керекті.

Әр  сөздің зердесіне  бүгінгі  рушылдық  көзбен  қарамай,  терең  бой  бергеніміз  дұрыс. Осы  әңгімелерді  айтып  жүрген  аталарымыздың  өзі  Иманжүсіп   Құтпанұлы  келген  кездің  өзі  Кеңес  үкіметінің   орнап, халық кәмпескеге ұшыраған ашаршылықтың  тұсы  екендігін  ескерсе, елде бұл кезде төрт  түлік  түгілі, ішер ас  болмай, ел  қырылып, Тәшкенге  азық  үшін[«Ақтабан Шұбырындыдан кейін,ХХ ғ.басы], жер  асқан  шақ  болатын. Тағы  атап  өтер  жайт, кеңес  кезінде  малы  барлар  ел  асып  кеткен   немесе   аталар  айтпақшы «кәмпескеге» ұшыраған  еді. Ендеше, «Тентек Жүсіп» немесе «Жүсіп төре» кім? Иманжүсіптің Шіліктік ағайынға келген кезінде елде ашаршылық болып жатқан кез екенін ескерсек, екі Жүсіп екі бөлек екеніне көзіміз жете алады. Тарихты  саралай келе, 1750-1900 жыл аралығына  дейін  Тұрғанбайдан соң  кезегі  жеткен  талай ел  азаматтары  елбасы бола  алды  десек ,150 жыл бір емес, бірнеше адамға  билік етер  тұс. Соғыс пен жаугершілікке  толы  тарих  белесінде  бір азаматтың  «ұзақ жыл  бақытты  ғұмыр  кешіп, билік  етті»- деуіміз  ертегіге де  сыймас.

Сонымен, «Жүсіп төре» мен «Иман Жүсіп» туралы төмендегідей дәлелдер арқылы екі тұлға екендгін нақтылауға болады:

1.     Жүсіп төре – ел іші төрт түлікке кенелген шақта өмір сүрген және әскери қолданған қаруы «садақ»(жебе,адырна);

2.     Иман Жүсіп – ел іші ашаршылққа ұшырағанда(жұт кезі) Көкшеден ата жұртына келген және қолданған әскери қаруы «шиті мылтық»(аңшы мылтығы).

    Көне  деректерде  «Шілік»  тоғыз  жолдың  торабында  орналасқан  қала  тәрізді  қалашық  болған. Оның  дәлелі,  көне  медіресе  орыны (бүгінгі  жаңа  «Меңлібай  баба  мешіті» орыны)  мен  кеңес  кезеңдеріне  дейінгі  аралықта  өмір 

сүрген   ел  аузындағы  «қайнаған  базар  сөрелері». Отырар  мұражайына  әкетілген   дар  ағашы  мен   су  диірменінің  тасы және де Есжан атаның «Зығыр майын» шығарған  ағаш ұстындар    да  бүгінгі күнге  дейін  аңыз  болып  айтылып  келеді. Дар  ағашына  ұрлық-қарлық  еткендер  мезетінде  үкімсіз  өлім  жазасына  кесілген  деген  де  әңгімелер бар. 

 «Шілік»  осы  Тұрғанбай  бастаған  отырықшы  халыққа  дейін  де  «Шілік» болып  аталған  деген  дерек көп.

Бөген  өзенінің  оң  жағын  Ұлы  жүз,  Қоңырат  рулары   жаз  мезгілдері   жайлау  ретінде  жайлаған.Өзі  көл  жағасы  болғандықтан  да  құнарлылығымен   көзге  түсіп  қана  қоймай  әрі  қалың  өсімталдығымен  әрі  мал  азығы  болған  Шілік  шөбінің  атауымен  «Шілік»  атанған.     

Ортағасырлық  қала  орыны  бүгінде  «Бұзықтөбе» деп  аталады. Ол қазіргі  Ақтөбе  ауыл  округінің солтүстік  шығысына  қарай  1,5 км. жерде. 6-7ғ. қалаға айналған Бұзықтөбе тек 10 ғ. жазбаларда ғана осы атаумен кездессе,  Ортағасырлық  ғалым  Мұттахар  әл-Мақсидидің   шығармаларында  қала  ірі  сауда  орталығы  ретінде  14-15ғ. аты  шығып, сол кездері Шілік  атауымен  аталған [«Отырар энциклопедиясы» 135 бет,1947ж. Археол. зерт. жетек. А.Н.Бернштамның жазбасынан]. Бұдан  түйер  ой  17-18ғ. дейін де,  Бөген  өзенінен  бастау  алатын  көл  жағалай  орныққан   14-15ғ. қаланың  Шілік  атануы  бекер  емес. Себебі,  бүгінгі  Ескі  Шілік  сол   көлдің  орнында  орналасқан. Яғни, араға үш ғасыр сала өз тұрғындарымен Шілікке орныққан Тұрғанбай  сол кездегі тартылған көл орнына тұрақтаған десек болады. Қандай жағдайда да,    18-19 ғасырдағы «Шіліктен» де  бұрын  бұл   мекенде  тыныс-тіршілік  болғандығы айқын. Яғни, «Шілік» өз  шежіресін  тас  дәуірінен  бастап, бүгінге  дейін  жеткізердей  деректер  көзі  тек  әфсаналарда  ғана  емес,  ғылыми  зерттеу  нәтижелерінде[«Отырар энциклопедиясы»135 бет, 1970ж.Отырар археол.эксп.(жетек.: Қ.Ақышев) де бар.

Ерте  «Шілік»  дәуіріне  жатуы  мүмкін  деген  «Бұзық»  кейін  бұзылған  қала  орны  болғандықтан «Бұзық» атауын  алған, ал кезінде  «Отырар» қаласының   азығы мен  қару-жарағын  дайындаған  мекен[«Отырар энциклопедиясы»136 бет],  көл  жағасындағы  ну  алқапты  шілік шөбінің  атауымен  «Шілік» атанған деген    қорытындыға  тоқтала  аламыз. Сонымен  қатар,  мұнда  «негізгі  күш  орналасқан»  деген пікірді  марқұм   Өтемісов   Асқар(Екінші Дүниежүзілік Ұлы Отан соғысының ардагері)  айтып  кеткен  деседі.  Ол қарияның  дәлелі, Отырар   негізгі  жауды  арнасы  асқан, буырқанған  Дария  жақ бетінен    күтпеген (Арыс  өзенін  қоспағанда),  жазық  далалы   беттен  күткен, сондықтан  да, солтүстігіне  Түркістан  қорған  болса, шығысында  Бұзық  қорған  болған  деген (екеуінің  аралығында  ол  ғасырларда  жау  өте  алмас  қазіргі  Ескі  Шілік  орнындағы  көл  жатқан  деседі). Бұл,  кез  келген  ғылыми  теория  тоқтала  алатындай   пікір. Өйткені, Отырардың  бір  кездері  Қазақ  елінің  ордасы  болғандығын  ескеру  қажет  секілді. Сонымен қатар, Бұзық  сол  кездегі  жаудың  дәл  қағбасына  салынған. Өйткені,  негізгі жау  осы  Шығыс  беттен  келген. Қалмақ, Жоңғар, Моңғол (Шыңғысхан) соның дәлелі.Өйткені «Бұзықтөбе» тұрағын зерттеу кезінде оның табанынан 6-7 ғ.ғ.бастау алып,15ғасырға дейін өмір сүрген.1947жылы зерттеу жүргізген А.Н.Беренштам мен 1970жылы зерттеуді жалғастырған Қ.Ақышевтардың зерттеуінен Бұзықтөбе шахристан және рабат бөліктерінен тұратын үлкен қала орны екендігін білеміз. Осы зерттеу барысында қаланық солтүстік жақ қабырғасының ені 12 м. ал оңтүстік бет қабырғасының ені 10 метр деп көрсетілген. Бұдан түйер түйін қала қабырғалары жаудан  келген соққыны қайтару негізде тұрғызылғаны анықталады.Және де осы екі зерттеушінің де осы қала табанынан 35×19×12,43×18×16,5, 40×18×13 көлеміндегі тандыр тәрізді түтін шығаратын құбыры бар қабырғалы құрылыс орындарын тапқандығы нақтыланған.Осының өзі қалада қару жасайтын пешердің болғандығын нақтылайды десек болады.Өйткені аталған қабырғалардың бәрі де тандыр тәрізді көтеріліп, жоғарғы жақтарына көлденен түтін шығаратын мұржалар орныққан. Мұндай үлкен көлемдегі тандырларда тек қару-жарақ қана дайындалады демесек, нан жабабын тандырлар көлемі осынша үлкен болмайтындығын көне тарихи қазба орындарынан білеміз. Осы жерде «қару-жарақты неден дайындауы мүмкін?» деген сұрақ туындаса, оған академик Х.Алпысбаевтың зерттеуін негіз ете аламыз.

Жоғарыда  келтірілген зерттеулер нәтижесінен   «Шілік»  мекенін  мекендеген   тұрғылықты  халық , тек  14-15ғ.-ға немесе 17-18ғ.-ға  ғана  тән  деуге  болмайды, себебі, 1974ж. Оңтүстік Қазақстан  кешенді  ареологиялық  экспед. Тас  дәуіріндегі  өмір  сүрген  адамдар  тұрағын  кездестіріп, ол  жерден 89 дана  қола  бұйым, 2 қырғыш, 25 пышақпен  қатар  шақпақтас, кварцит, халцедон  мен  қыш  ыдыстар  теріп  алған. Х.Алпысбаевтың зерттеуімен  жүргізілген  бұл  мекен  неолит пен  ерте  қола  дәуірінде  мекендеген  адамдар  деп  «Шаян  алқабының ежелгі тарихы туралы  сүбелі  еңбектер» атты  деректерде  мәлімет  етіп  берілген.                                                                            

Бұл  мәліметтер  ғылыми  деректерден  алынып  отыр, бұдан  түйеріміз, Шілік  елді  мекенін  17-18ғ. адамдары  ғана  отырықшылыққа  айналмағандығы.6-7ғасырлардан бастап  отырықшылық тыныс кешкен қала орындары болғандығы дәлелденеді. Және де ол қалада қару-жарақ жасалған дей аламыз. Келтірілген   жазба  деректер көзі  осыны  дәлелдейді.Бұдан түйеріміз, Бұзықтөбе орны ,яғни 14-15ғ.ғ.ларда және одан да ертеректе өмір сүрген Шілік [Ортағасырлық  ғалым  Мұттахар  әл-Мақсидидің   шығармаларында  осылай кездеседі] Отырар қамалының  жау шапқыншылығынан қорғайтын негізгі қағбасы болған дей аламыз. Бұған Өтемісов Зұлыпхар атамыз зерделеп айтқан жағырафиялық деректер де [6-15ғ.ғ. дейінгі  топонимдік көзқарас бойынша]дәлел болады.

Сонымен  оңтүстігінен  Сырдария мен Арыс  қорған болған Отырарға солтүстігінен Түркістан, шығысынан  Бұзық немесе Шілік  қорған бола алды дей аламыз. Ал Түркістан мен Бұзық немесе Шілік аралығын  үлкен көл жалғап жатқандығына көз жеткіземіз.

Қыпшақ  рулары  келіп  мекен  еткен  Шілік  елді  мекені  18-19ғ. Тұрғанбайдың  ұйытқысымен   көркейіп,  орыс-қазақ  мектебіне  дейін  ашылып, білім  мен  ғылымға  кең  көңіл  бөле  білген. Шілік  медресесінен  11 қары  шыққан. Ендеше, бұл кезеңді тарих  бетіне  «18-19ғ. Шілік  шежіресі» дегініміз  дұрысырақ. Бұдан  тайсақ, тарихқа  қиянат  болады. Енді, сол 18-19ғ. тарихын  жасаған Тұрғанбай кім?

Тұрғанбай датқаның өзі  сауатты  да, көзі  ашық  адам  болғанымен қатар, осының  дәлеліндей  боларлық  халық  арасында  «Тұрғанбай  датқа  орыс  патшайымына  хат  жолдаған»  деген де  аңыздар  кездеседі.  Көзі  қарақ  азамат жергілікті  халықты  көтеріліске  көтерген(орыс патшайымының салымымен қатар жергілікті хан,бектердің салымы да халықты ашындырған тұс болатын). Бұл  көтеріліс «Шілік  оқиғасы» деп  аталған. Қоқан  бегі  Құдиярдан  жеңіліс  көрген  елдің  датқасын – Тұрғанбайды  өлтірген  деген  пікір  бар. Тұрғанбай датқаның  өлімі  туралы  да  екі  жақты  дерек  бар.

1. Тұрғанбай  датқаға  Құдияр  ыстық  су  құйып  өлтірген;

2. Тұрғанбай  датқаны  Құдиярмен  бірігіп  Тұрғанбайға  сатқындық  көрсеткен     Түркістан  билеушісі  алдап  шақырып, қазыққа  отырғызып  өлтірген.

Тұрғанбай датқаның халқы  үшін  еткен  қызметінің  аңызға  толы  беттері   ғана  бізге  дерек  емес, оның  көзіндей  болған   қос  арық  Макібай  мен  Беларығы  және  көне  сауда  орыны  болған  ескі  мешіті  мен  медіресе  орындарының  әлі  күнге  дейін  көзімен  көрген  қариялардың ертегісі емес,  көргені  ретінде  айтылып, бүгінгі  ұрпақ  құлағына  жетуі.

Жерінде жайылған төрт  түлік  малына  ұры-қары  жолай  алмаған  деседі. Өйткені, қолға  түскені  дарға  тартылған.

Тұрғанбай  датқа  көшіп-қонудан  пайда  жоқтығын  түсініп, өз  заманында озық  ойлы  тірліктер  атқарған  халық  жанашыры.

Үй  салу, егін  салу, мешіт  салып,  медіресе  ашу, орыс-қазақ  метебін  тұрғызуы, тірлік берекесі  үшін  дар  ағашын  тұрғызуы  мен  тоғыз жол  торабындағы  халқының  экономикалық  мұқтажын  шешу  үшін  сауда  орталығын  тұрғызып  қана  қомай, оны  жүйелі  жүргізуі, алыс-жақынмен  ішкі-сыртқы  саясатты  ұстана, майда  кәсіпорындар  ашып (зығыр майы, жуа майы  шығарылған)  [«Есжан  ата  жуазы» кітабынан, А.Жұмашев.] «Отырар мұражайында» Есжан ата жуазы көрмеге қойылған, бірнеше шайхана мен  су  диірмендері  жұмыс  істеген. Бейбіт  күн  кешкен  халқына  қорған  бола  білуі   ертегіде  кездесетін  Жаманның (Аязби) немесе Ы.Алтынсариннің «Қыпшақ Сейітқұл» әңгімесіндегі Сейітқұл кейіпіндей.

Осы  деректерді  жинақтай  түйсек, Тұрғанбай  көшпенді  қазақ Арқасынан  емес,  сауда-саттық  мекені, отырықшы ел ортасы  Тәшкенттен  келген  деген  дұрыс  тәрізді. Өйткені, Тұрғанбай  бұл  істі  бастамас  бұрын, бәрін көріп, көңілге түйген. Сарттың  там  салып, егін егіп, халқына  пайда  тигізерін білген.Мұсылмангершілікті  мешіт  үйі  мен  сауат  орыны  медіресесімен  танытқан  Тәшкент  шахарының  тынысы  18-19ғ.-дағы Шіліктен де  сезілетіндей. Бұхардан  арнайы  ілім  адамдарын  алдырып, қарылар  дайындауы  да  осы  пікірді  растай  түседі. Бүгінгі таңда сол кездері бабалары медресе имамы болған қожалар ұрпағы Жаңа Шілік елінің тұрғыны. Шілік медресесінің соңғы қарысы –Мұхитдин Алдияров  кеңес үкіметінің қуғын-сүргініне ұшыраған жан. Орысша-арабша сауатты Мұхитдин ата  кеңестік төңкерісен соң сауатылығымен көзге түсіп, аудандық және облыстық   ел басқару ісіне араласқан. Соңынан «халық жауы» атанып, жер аударылып, 1959 жылы ғана ақталған.Бүгінгі таңда Жаңа Шілік елді мекенінде осы атаның атында мешіт үйі халыққа қызмет етуде.

Тұрғанбай  датқаның  қыпшақтарды   Шілікке  әкеліп   халықты  қоныстандыруы   осылай  болған  десек,  ал  Шіліктік  тұрғындар  оған  дейін де, 14-15ғ. болған, олар бүгінгі  «Бұзықтөбе» орнындағы  қалашық дей аламыз. Ал, ол  жерде  мекен  еткендер  қазақтың  қай  жүзі, қай  руы  болса да  «қырықрулы  болған» деуге  келеді. Өйткені, сол  кездегі   қазақ  даласына  билігін   жүргізген   Моғолстан  мемлекеті  қазақтың  бар  руын  араластыра  мекендеткені  тарихтан  мәлім. Бұған «Бабырнама» тaрихнамасы  куә.

Тұрғанбайдың   ұлы  Құтпан   жаугершілік  мезгілде  анасынан  айырылып, жат  қолында  тәрбиеленсе, оның  ұлы  Иманжүсіп  сері  атанған  әнші, сазгер, ақынжанды, балуан  да  батылжанды, шындық  туын  көтере  білген   қазақтың  біртуар  ұлы болды. Ол  орыс  империясына шыншылдығымен  қарсы   тұрып,  қуғын-сүргінге  сол  кезде  ғана  түсіп  қоймай,  оның  көзі  ашық,  орысша-қазақша  сауаттылығы  өзінің   шыншыл  мінезіне   қызыл  әскер  кезінде  де  кері әсер  беріп, оның да  қуғынына  түсіп, өзі  мекен  еткен  Көкшелік  ел-жұртына  реніш  білдіріп,  бабасы  мекен  еткен  елге  оралды.Иманжүсіп ел арасына келгенде де «қазақтың өз туы болуы керек» екендігін айтып жүрген.

Иманжүсіптің  Шілік  халқына  келу  кезеңі  1921-33 жылдардағы  ашаршылықпен  тұспа-тұс  келген. Елге  жаны  ашыған  ол   қасына  бірнеше  азаматты  ертіп, Тәшкентке  барып,  астық  жеткізіп, ел-жұртын  ашаршылықтан  аман  сақтап  қалған. Бірақ, Иманжүсіп  осындай бір  сапарда  астыққа  көз  салған  аш  қорқаулардың  тұзағына  кездесіп,  ақтық  қаны  қалғанша  күресіп, қаза  болады.

 Бүгінгі таңда Шіліктікер өз тарихын кейінгі ұрпаққа насихаттап қана қоймай, жастарға салауат үшін Тұрғанбай датқа атынан Жаңа Шілік елді мекенінде даңғыл атын және Иман Жүсіп Құтпанұлы атынан көше берген. Және де, туған жердің тарихын түлетуде  меценат Серікжан Сейітжанов Жаңа Шілік елді мекеніне «Үшата» ескерткіш монументін тұрғызды.

Қазақ  халқына  танымал  Иманжүсіптей  азамат  қана  емес, бұл  Шілікте   дүние  жүзі  таныған, қазақтың  тұңғыш   чемпионы  атанған  Қажымұқан  Мұңайтпасовтың  да  жер    басып,  мекен  еткен, өмір  сүрген  жері. Қажымұқанның  бабасының  жерленген  топырағы  осы  өңір  болғандықтан [«Алтыбастың  мазарына  Қажымұқанның атасы Ернақ (Ержан) жерленген» деген дерек «Есжан  атаның  жуазы» кітабынан, А.Жұмашев],ол  да  өз  кезегінде  елге  оралып,  ІІ  дүние жүзілік  Ұлы  Отан  соғысы  өткен  жылдарды  осы  жерде  өткеріп,  өз  қаржысымен  тікұшақ  жасатады. Өмірінің  соңын  қазіргі   Темірлан   елді  мекенінде  өткеріп,  сол жерде  жерленген.

Қажымұқанның  сол  жерге  көшіп  кетуін  әркім  әрқалай   атйтады. 

1) Ағайындарына  ренжіп  кетті  десе;

2) –  Қартайдым, еліме  ренішім  жоқ, бірақ өлсем топырағым  тоғыз  жолдың   торабындағы   Қарааспаннан  (қазіргі Темірлан) бұйырсын- деп   көшкен  екен  деседі.

Қалай  болса   да,  қазақ  халқының   ірі  тұлғасы  Қажымұан  бұл  жерде  мекен  етуі  бүгінгі  ұрпақ  үшін  мақтаныш.

Шілік  халқы  өткен өмірінен  Тұрғанбай  датқа  мен  Иманжүсіпті немесе  күш  атасы  Қажымұқанды  ғана  мақтаныш  етпейді, Тұрғанбай  датқа  заманында  қазақтың  соңғы  ханы  Кенесарының  бауыры  Садық  сұлтан  билігіне  қараған   деп те  мақтанышпен  айтады, сонымен  қатар  бұл  жерден қажылыққа  сапар  шегіп  Мекке  үйін  танығандар  саны да  көп, атап өтер  болсақ, Найманбай қажы, Тілеубай қажы, Меңлібай қажы, т.б.

1917ж. аласапыран  бұл  елге  де  жетті. «Бір  қызыл  көрпенің  астында  бәріміз  жатады екенбіз» деген   әңгімені  естіген  байлар  мен  кейбір  кедейлер  [марқұм А.Өтемісовтың аузынан қалған әңгіме] ел 13-14 келген  қыздарын  тұрмысқа  беріп, өздері  Алатау  мен  Памирді  асып  өтіп, шетке  қашқан.Тек елге тынышық орнағанда ғана оралғандар бар.

«Шілік шежіресі»тек 6-7ғасырлар мен 14-15ғасырлар ақтаңдағынан үн қатпайды, қазіргі тәуелсіздікке қол жеткізген егемендігімде де өзтынысын жалғастыруда. «Кешегі тарих, ертеңге өнеге» дей, Шілік әфсанасы туралы ұрпақтарына айтып жеткізетін аталарымыз бен аналарымыз барда, тарих беті ешқашан өшпейді.

«Шілік» елді мекені 1969 жылғы жойқын тасқын салдарынан екі ауыл болып бөліне жайғасқан. Қазіргі таңда «Ескі Шілік» және «Жаңа Шілік» болып аталатын бұл екі елді мекенде 3 мыңға жуық халық мекен етеді. Орталығы «Жаңа Шілік».

 

«Шілік»  шежіресі  туралы  жазылған  кітаптар мен мақалалар:

1. «Жалын» журналы,  «Шілік көтерілісі», 1989ж.№6.

2. «Тағлым»,   А.Мұсаев

3. «Есжан атаның жуазы» А.Жұмашев

4.  «Шежірелі Шілігім»,   Қ.Озықбай.

«Отырар алқабы», 2001ж, ақпан  айы.

5. «Шілік  шежіресі» туралы, Д.Есжанов,

«Отырар алқабы», 2005-06ж.ж.

6. «Қазақ тарихы» журналы. «Шілік тарихы»,

А.Құрақбаева, 2006ж.№2 т.б.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. Мұсабаев А. «Тағлым»

2. Отырар энцеклопедиясы

3.  Есжанов Д. «Шілік  шежіресі» туралы, «Отырар алқабы», 2005-06ж.ж.

4. Құрақбаева А. «Қазақ тарихы» журналы. «Шілік тарихы», 2006ж.№2 т.б.

5. Шежіреші, марқұм Асқар Өтемісовтің ауыз әңгімесінен

6. Есжанов Дүрман қарияның жазбаларынан

7. АББ «Ғылыми жоюалар» байқауының жүлдегері Дулатов Жанболаттың ғылыми ізденісінен


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама