- 16 қаң. 2016 00:00
- 226
Шымкентте екі мектеп директоры ашық конкурспен тағайындалды
Шымкентте екі мектеп директоры ашық конкурспен тағайындалды. Мектеп директорларын тағайындау ісі қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың тікелей қадағалауында.
Білім ұясының басшыларын ашық конкурс арқылы іріктеу туралы ойын қала басшысы тамыз кеңесінде айтқан болатын. Осыған орай Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен еінші рет қалалық білім бөліміне қарасты №118 Көкбұлақ жалпы орта мектебі мен №71 жалпы орта мектебі директорларының бос лауазымдық қызметіне ашық конкурс өткізілді.
Алғашқы сынақ бойынша облыс орталығындағы екі білім ұясы басшылығына үміткерлер таңдалды. Үміткерлерді директорлық қызметке тағайындаудың жаңаша үрдісі, ең алдымен, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін таптырмас тәсіл.
Тағы бір оңтайлы тұсы – директорлық лауазымға өз ісінің білгірлері ғана таңдалып алынады. Мұндай тәжірибе түстікте тұңғыш рет қолданылып отыр. Комиссия мүшелері мұндай сүзгіден өтіп барып тағайындалған директор кадр сапасына жеңіл-желпі қарамайтынын айтып өтті.
Мектеп директорлығына үміткер
Алғашқы сын бойынша №71 жалпы орта мектебінің басшылық лауазымынан 6 үміткер комиссия қабылдауына қатысты. Солардың ішінен мектеп директорлығы лауазымына Орынбай Қамысбаев лайық деп танылды.
Ал №118 жалпы орта мектебін басқаруға 2 үміткер келіп, біліктілігі, басшылық қабілеті жағынан Әбу Қалмұрат Әбенұлы осы лауазымға лайық деп танылды.
Үміткерлердің жеке-жеке Қазақстан Республикасының заңдарын қаншалықты білетіні, құқықтық нормативтік құжаттар, ұжымды басқарудағы, оқу әдістемелік процесін жақсарту жолындағы біліктілігі сарапқа салынды.
Қала әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұған дейін мектеп директорлары білім басқармасының ұйғарымымен ғана тағайындалатын. Шаһар басшысы алдағы уақытта қаладағы мектептердің барлығына бақылау жүйесін енгізетінін жеткізді.
http://www.otyrar.kz