Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Шыныаяқты төңкеру

- Әкемнің үш ағасы болған, - дейді апасы. - Бұларды Оразбайдың төрт ұлы дейді екен. Кеулімжай, Әміржай, Мамырбай, Қоңырбай. Әкем Қоңырбай солардың ең кішісі ғой. Ол уақытта ініні аға тәрбиелеп отырады. Іні ағаның бетіне қарсы келмейді. Әкемнің ағалары мінездері салмақты, бос, әулекі сөзді жақтырта бермейтін кісілер болған. Өздері дінге сауатты, соның ілімін білетін жандар болған. Тек әкем ғана бұл жолды ұстанбаған. Өйткені заманның беті де өзгеріп кеткен ғой. Өзінің қоғамының жұмысына араласып кеткен кісі.

Ол кезде әкемнің әлі аяқтана қоймаған жас жігіт кезі екен. Өздері осыны айтып күлісіп отыратын. Ағаларына еріп ел аралап жүреді. Ол уақытта атпен жүріп аралайды ғой. Қазақта қызы бар үйге түссе, сол үйдің қызының әдебіне де қарай отыратын көрінеді. Соған орай, қыздың әке-шешесі де қыздарына айтып қоятын болса керек, үйге қонақ келіп жатса, әдепті көрін деп. Бірде сондай бір үйге түсе қалғанда, әлгі үйдің қызы әкемдерге шай құйып беріпті. Сөйтсе, ол жерде салт-сананы қатаң сақтап отырады ма, шай ішіліп болғаннан кейін, шыныаяқ төңкеріліп қою керек екен. Әкем соны ескермеген ғой. Енді ол кезде әкемнің жас жігіт кезі, ағаларынан бұрын шайын ішіп болып, кесесінің бетін алақанымен жауып, болдым дегендей ишарат танытады. Сөйтсе, қыз әкемнің алдындағы кесесін алып, шай құйып ұсыныпты. Өйткені шыныаяқ төңкерілген жоқ қой. Қыз соны ескеріп отыр. Әкем қыздың қылығына аң-таң болады. Қыз байқамай қалды ма деп, тағы да шайын
ішіп болып, кесесінің бетін алақанымен жауып, болдым дегендей ишарат танытса, қыз әкемнің алдындағы кесесін лып еткізіп алып, тағы да шай құйып ұсынған ғой. Содан әкемді күлкі қысады, қыз өзіне қайта-қайта шай құя бергесін. Дастарқанның басында қабағы қату ағалары отыр. Сондай жерде адамды күлкі қысқан деген қандай қиын. "Бар, шық далаға!" деген ғой ағалары. Сөйтіп інілерін сыртқа шығарып жіберіпті. Содан ана үйден аттанып кетіп, ауыл сыртына шыға бергенде, аттарының басын тартып тұрып, інілерін ортаға алыпты:

"Әй, сенің бағанағы күлкің не?! Сенде бір жігіт адамның әдебі деген бола ма? Дастарқанның басында қыз бала отыр. Жігіт адам деген қыз баланың көзінше ретсіз сөйлеп, ретсіз күле ме екен? Оның үстіне дастарқанның мәдениеті деген болмай ма?" - депті.

Содан әкем ағаларынан қысылғаннан шынын айтқан ғой. Сөйтсе, ағалары даланы жаңғырықтырып, інілерінің қылығына өздері ішек-сілелері қатып күліп жатқан көрінеді:

"Өй, сен шыныаяқты төңкеруді ескермеген екенсің ғой. Бұл жерде қыз баланың ісі дұрыс. Өзі бір салт-сананы сақтап отыратын, әдебі бар қыз бала екен", - депті.

- Қазақтың дастарқаны бай болады, өзінің ас ішу мәдениеті болады, үлкеннің өз орны болады, кішінің өз орны болады. Қазақтың тәлімі сол дастарқанның басында беріліп отырған халық, - дейді апасы.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама