Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Ел ақындарының айтысы

I

Бұл айтыс өткен дәуірдің ақындарының ақындық түрін көрсетеді. Және сол дәуір адамдарының толық санасының қандай екенін көрсетеді. Тіршіліктің, тұрмыстың өзгеруімен ақындардың ақындық түрі де өзгереді. Құлық-санасы да өзгереді.

Бұл екі ақын әрқайсысы өз елін мақтап, бірінің елін бірі жамандайды. Жамандауы да, мақтауы да өздерінің замандарына, дәуірлеріне үйлеседі. Қазіргі дәуірдің ел ақындары осыларша айтысса, жамандап, мақтайтын заттары басқаша болады.

Ол дәуірдің ақындарының, мәселен, осы айтысқан Құлмамбет пен Майкөттің мақтан қылған нәрселерінің кейбіреулерін қазіргі ел ақындары мақтан қылмауы мүмкін. Мәселен: «жарты Мекке деуші еді жерімді, Әзірет Сұлтан белімді, үш пайғамбар туған жер, кіндік кірін жуған жер» деп мақтануды, ауылдың қазіргі оқымаған ақындарының өзі мақтаншылық қылмайды және ол дәуірдің ақындары жамандайтын заттардың кейбіреулерін қазіргі ел ақындары жамандамауы мүмкін. Мәселен, осы айтыстағы: «егін саласың, қыздарың малдың боғын жинайды...» деп жамандаған тәрізді өлеңдерді қазіргі ауылдың оқымаған, шала оқыған надан ақындарының өзі айтпайды. Бұл тіршіліктің, тарихтың заңы. Өткен дәуірлерде Құлмамбет пен Майкөт шыққан жерлерден қазірде шыққан ақындар бар.

Мәселен: тама — Мұсаев Байтілеуұлы, Үйсік Қарақожа, тама — Мизанбай.

Бұлар да тап сол Құлмамбет пен Майкөттің шыққан аудандарынан осы үстіміздегі дәуірде шыққан ақындар. Және бұлардың да тап сол Құлмамбет пен Майкөт тәрізді қазіргі бірінің елін бірі жамандап, әрқайсысы өз елдерін мақтап айтысқандары бар. Бұлардың айтысқандары да қазір менің қолымда.

Екі дәуірдің ақындарының бір ел, бір жер туралы өзді-өздерінің айтысқандарын салыстырып қарағанда — жоғарғы менің айтқанымды дәлелдейді.

Біз де оны жұрттың алдына тартамыз.

ҚҰЛМАМБЕТ, МАЙКӨТ АҚЫНДАРДЫҢ АЙТЫСҚАНЫ

Құлмамбет
...Тоқтатшы, Майкөт, сөзіңді,
Ояйын сенің көзіңді.
Мен де айтайын кеміңді,
Басайын сенің деміңді,
Жамандама елімді,
Неге мақтай бересің,
Ақымақ шіркін, еліңді.
Мен де барып көргемін,
Қаратау деген жерінді.
Қаратаудың қазағы
Арылмаған азабы,
Ертеменен тұрысқан,
Шалғынмен белін буысқан,
Жауырыны құрысқан,
Шеке тамыры тырысқан.
Бидайығын егін деп,
Орып алып тегін деп,
Қалдырмай масақ тердік деп,
Балалардың ырзығын
От басынан бердің деп,
Жауырыны құрысқан.
Аспандағы торғаймен,
Кесек атып ұрысқан.
Бір-бір атын желдіктеп,
Өзі келген қатыннан
«Көкбөрі сұрай келдік» деп,
Ол Көкбөріні бермесе,
— Қазамыз жетіп өлдік, — деп,
— Ана ауылға бардық, — деп,
Жүкті қатын бар үйден,
Жаңа бір серкеш алдық деп,
Ол серкешті ап қашып,
Мына ауылға әкеп салдық» — дегі,
Көкбөріні сөйтіп алады,
Аударыла шабады,
Көк шапанның етегі
Аттың сауырын жабады.
Аты ұшқыры Көкбөріні ап,
Шабаны артта қалады.
Олар да қуып жетпек боп,
Атына қамшы салады.
Қызын кұдай ұрғаны, -
Қатынша шашын бұрғаны.
Ертеменен дедектеп,
Тышқан малдың көтіне
Етегін тосып тұрғаны,
Қатының құдай ұрғаны,
Зере менен сырғаны —
Қыздарынша тағам деп
Құлақ мұрнын жырғаны.
Еркегін құдай ұрғаны,
Бұзықтық ылғи қылғаны,
Бозаға тойып мас болса,
Көңілі сонда тынғаны.
Көзінің алды іріндеп,
Адамның түсі жоқ,
Айтасың жалған «пірім» деп,
Құдаймен, пірмен ісін жоқ.
Тамының артын шөмейткен,
Нан мен етін көбейткен.
Қаса кедей болмаса,
Еліңнің байы неге өйткен?
Адамыңның түсі жоқ.
Құдайға жағар ісі жоқ.
Қозы жауырын, қурай бұт,
Алыса кетсе күші жоқ.
Қатыны семіз, ері арық.
Өмірі өтер шер жарып.
Несін мұның мақтайсың,
Қуарған топырақ жері арық
Көкектен басқа құсы жоқ.
Көкбектен басқа шөбі жоқ,
Қымыз ішіп уыздай
Толықсып жатқан кісі жоқ.
Майкөт:
Құлан аяқ Құлмамбет!
Төбеңнен ұрсын құдірет,
Көктен ұрсын әзірет.
Жамандама елімді —
Мен де айтайын кемінді.
Жарты Мекке дейді екен.
Әзірет Сұлтан жерімді.
Меккелігін айтайын:
Үш пайғамбар туылған.
Кіндік қаны жуылған.
Құрулы тұрған қазаны,
Айтулы тұрған азаны.
Сексен сегіз мық Шадияр,
Тоқсан тоғыз мың машайық,
Жүз жиырма мың пайғамбар —
Отан қылған жер еді.
Құлан аяқ, Құлмамбет!
Албан да Суан екі атаң,
Қай жерде қалған мазары?
Аса, Талас — екі өзен
Ат бауырынан саз болған,
Үйрек ұшып, қаз қонған,
Балдырғанды жегенде,
Баланың көңілі мәз болған.
Ей, ант ұрған Құлмамбет,
Ақылын неден аз болған!
Қаратауды сұрасаң –
Алмасы бар аяқтай,
Жуасы бар таяқтай,
Балдырғаны білектей,
Өрігі бар жүректей.
Бәріңді де бақпай ма, —
Бір қырманым жүдетпей?
Жау жұмыры құмандай,
Жесе, көңіл тынғандай, —
Аталы жерді жамандап —
Неден де болдың қу маңдай?!

II

«Жаңа мектеп» журналының 4-ші номерінде Майкөт ақын мен Құлмамбет ақынның айтысқанын жазып едік, бұл екі ақын өткен дәуірдің ақындары еді. Айтысқанда екеуі: бірінің елін бірі жамандаған, әрқайсысы өз елін мақтаған. Осы күнде де ел арасында ақындардың айтысы бар. Мәселен, сол Майкөт ақын мен Құлмамбеттердің елдерінің қазіргі ақындары да айтысып жүр. Бұлардың да әрқайсысы өз елдерін мақтайды. Бұл екі дәуірдің ақындарының айтыстарын салыстырып қарасаңыз, сөздерінде едәуір айырма бар.

Тұрмыс тоқтаусыз қозғалып, өзгере бермек. Тұрмыспен бірге адамның да құлқы, салт-санасы өзгере бермек. Бір ел, бір жер туралы екі дәуірдің ақындарының айтысқандарын салыстырып қарасаңыз, сол тұрмыстың өзгеруімен бірге адамның құлық, салт-санасының өзгергенін айқын көресіз. Міне, Құлмамбет пен Майкөт ақындардың кейінгі інілері Мұсаев ақын мен Қарақожа ақынның айтысқандарын оқушының алдына тарттым.

ҮЙСІН ҚАРАҚОЖА АҚЫННЫҢ АРҒЫНҒА, ТАМАҒА ТИІП АЙТҚАН ӨЛЕҢІ

Хат жаздым Кіші жүздің жорғасына,
Тілі епті, қолы жүйрік молдасына,
Халқына ығламнама қып берсеңіз —
Қағаздың көзінді сан формасына.
Бір жерде отырасың жиырма үйден,
Көн шоқай, шолақ қылып киім киген.
Қайтпайсың аман-есен ендігі жыл
Жеріңе мекен қылып биыл келген.
Тұз тасып, күз келген соң түйе тізіп,
Бейнетқор ел екенсің тиын көрі ең.
Төрт адам бір серкешке жан береді.
Қоймайсың мал табылса, қиын жер деп.
Сенбейсің жар бермесе, ауыз сөзге,
Шыға ма мұндай өрнек сиымды елден.
Түйеге мінесіздер кіре беріп,
Орысша ноқы дейсің түре келіп;
Көзтүрткі көрінгенге болыпсыздар,
Бағытсыз өз бетімен жүре беріп.
Қалады үйде жесір қатындарың,
Бүлінер астық іздеп жақындарың,
Көкпарға зат шабамын атым терлеп,
Ат арық, айтып па едің жылқы бер деп,
Әр үйдің бір-бір арғын малайы бар,
Қолым бос көкпарымды қылам ермек.
Бозбала, қыз жиырма-отыз көкпар шапқан
Басынан атамыздан қалған өрнек.
Көкпары әлі шері оның еді,
Қай пенде көкпар шаппай қойып еді.
Қаратау қашаннан-ақ ата пірің,
Шұбырған аш-арығың тойып еді.
Шеркештей жұттан қалған қотыр арғын,
Кетті ме қағысуға ойың енді,
Арғынды біз айтамыз жауынгер деп,
Далаға — үйсін қорқақ, ауылға — ер деп,
Ебі бар мал табатын іні екенсің,
Сонда да барған жоқпыз сауын бер деп.
Арқаның сары қымыз, етін тастап,
Мұнда кеп қылдыңыздар қауынды ермек.
Жығылған күледі деген сүрінгенге,
Безесің ұрлық десе піріңнен де.
Арғыным, батырлығың қайда кетті,
Сабаңыз жыңғылды алып ілінгенде.
Көлеңдер адам өліп ас бергенде,
Нан салып, малын сойып, бас бергенге.
Кез келіп тоқ уақытта күлкі қыпсың,
Жеуші едің әр нәрсені аш келгенде.
Қонақпен мін тағыпсың ботқасына-ай,
Көңілін осы сөзбен тоқтасын-ай,
Арқадан қонақ іздеп «Мерке» кетіп,
Апты айсыз көрмеуші едің от басын-ай,
Сондағы іздегенің тары қонақ,
Сандалып жүруші едің coған бола-ақ.
Өзіңе келер сөзді ойламайсың,
Кіші жүз басынан-ақ ісің олақ.
Арпаны кезіп жүріп тары алушы ең;
Тұзыңды екі беріп жары алушы ең;
Қайнатқан қонақ кезе бір үй көрсең,
Қарғадай қызыл көрген уәде алушы ең.
Қаспағымен тұрады қазандарың,
Сұғады қолын жумай адамдарың.
Қақпақ жоқ, қазанында есік ашық,
Сорпаның ит ішеді қалғандарың.
Бер дейсің ертеңіне сорпаны алып,
Ішесің төртеу ара ортаға алып.
Қып-қызыл жүн-жұрқамен толтырасың,
Ит ішіп қалса-дағы орталанып.
Қыл түгіл жібересің жүнді жұтып,
Аяқты аш ішпейсің таза тұтып.
Жалғанның күпірлікпен сөзіне еріп,
Шариғат қақтың ісін кетпе ұмытып,
Жастықтан көгересің бастарыңды,
Орысша жалбыратып шаштарыңды.
Айырмай адал менен арам асты,
Бекерше өткізбеңіз жастарыңды.
Үш жүздің қатар жатқан баласымыз,
Біріккен арылған жоқ аласымыз.
Арғынның ақуалынан сөз жазалық.
Даналар сынға салып, қарасаңыз.
Ат қойды Ұлы жүз деп біздің жұртқа,
Орта жүз күншығыста, жатыр сыртта,
Баласы Кіші жүздің алып жүгін,
Кем емес қатарынан мал байлыққа.
Ел едік алып жегі жеті болыс,
Шу қыстан, Арқа жайлап, алдың қоныс.
Кешегі Николайдың заманында,
Бұл елге қатынаушы ең еміс-еміс.
Қамшың қалса жылқы алдың барымтаға,
Адыралық көп болады осындай іс.
Барымтасы бір жылқының мыңға барды,
Найманмен жүгі де жоқ бітім тыныс.

АРҚАЛЫҚ АРҒЫН ІШІНДЕГІ ТАМА МҰСАЕВ АҚЫННЫҢ АЙТҚАНЫ

Үйсіннің ақынына жаздым хатты,
Жалғаннан жазған сөзін жаман батты.
Жалғаншылық табиғат шала-пая
Жаламенен жапсырдың жаман атты.
Егерде шын сөзді жазған болсаң,
Болар ед тыңдағанға сөзің тәтті.
Шын айтқанда шеніме келмес едің,
Өтірік жала сөзің қалжыратты.
Тапсаң сөздің негізін жазбайсың ба?
Баладай осының не, бұтты-шатты.
Ошақты Ұлы жүзбін демей-ақ қой.
Айтпасаң қара тауда көп дулатты.
Арғынның ақсақалы дулаттан кеп,
Жайынан Шежіренің сөз сұрапты.
«Бірнеме бірнемеден» деп айтыпты
Ошақты үй ішімен екі тапты»
Көп жерде ат та болған, ас та болған,
Әбиір ақша отауын, тама жапты.
Арғынның ас бересін ресім қылып,
Бұл күнде талай үйсін үлгі апты.
Топшыңды бір қаққаннан қиратар ем,
Көңіл алаң болып жүрмін екі жақты.
Әдеппен байқап сөзді бір айтпайсың.
Баладай ұрсамын ба сен ақымақты,
Баласың өзің де уақ, сөзің де уақ
Әдегі надан сөзді уақ қылмақ:
Өтірік шағып-шағып сөз айтасың,
Осынша жетісесің неден тым-ақ.
Шыбындай желге қарап елірдің бе?
Әшейін боп тұрғанға бір күн шуақ,
Арғындар төртеу ара сорпа ішед деп,
Біреуінен біреуі қарыз сұрап.
Осы әдет тап сендерде болған әдет,
Азырақ ойлансайшы үйсін шырақ.
Мәнісін төрт қасықтың таратайын,
Сырттағы сыншыларым, салшы құлақ.
Көзге түртіп, көзіне көрсетейін,
Кетсе де ашулаңдым аспан құлап.
Ілгері ол Ақмола қаласы еді,
Елі Орта жүз, Кіші жүз баласы еді.
Мың-мыңнан жылқы айдаған, жал шайнаған,
Жұмысы сен көрмеген тамаша еді.
Дәм жемеген ет пенен майдан басқа,
Сусынына қымыз бен шайдан басқа;
Байларға қонақ келіп қонар болса,
Құлын менен соймаған тайдан басқа.
Солардың алды отыздан союшы еді,
Тұздамай, көптігінен қоюшы еді,
Маяда бірен-саран Үйсін барса,
Құлыңды қой орнына союшы еді.
Көже мен қарнын созған кең бүйендер,
Бір табақ ет жеген соң қоюшы еді.
Көкейін көже тескен кейбіреуі,
Бір асам май жей алмай қоюшы еді.
Арғынның осы қылған ірілігі,
Таласта үйсін кезін оюшы еді.
Орта жүз біз қоңсылас елде жатқан,
Етіне нан салмаушы ед тәңір атқан.
Коңсылас болғаннан соң үйсіндермен,
Тама да нан мен етін қамырлатқан.
Етін жеп болғаннан соң бір тостаған,
Сорпаны ауыз тиген бір үйлі жан;
Егерде осыларым бекер болса,
Сұраңыз Ұлы жүзде қариядан.
Үштен артық ұрттамас арам астай,
Қарын созу көңілге жарамастай.
Сіздердей бір аяғын ішпеуші еді,
Тамаққа бұдан былай қарамастай.
Сұрашы біздің елді көрінгеннен,
Сен байғұс білмеген соң араласпай.
Тамалар төртеу ара сорпа ішед деп
Өтірік айтып қалай қара басты-ай.
Қасықпен ішу де әдет біздерде жоқ,
Сөзінің бәрі жатыр шамаласпай.
Сен депсің шара алдында төртеу ара,
Сорпа ма, я көже ме қасық дара.
Арғындар өн мен түстей түсінбей жүр,
Бозадан салқын жоқ па? ей, бейшара.
Сіздерден төртеу ара үйренген бе?
Болмаса, бірде жарым қоңсы тама,
Барғанға сондай сұмдық үйреттің-ау,
Тағдырдың жазуына бар ма шара.
Ақиқат бұл жазғаным сөздің шыны,
Аштықтан кеткенінде адам сұры.
Бір қазан су ішеді тобықтай ет,
Азырақ бұзылыпты судың түрі.
Сорпа деп екі аяқтан ішкен үйсін
Көріп ем уалла-ығлам, жылан жылы,
Есіңнен кетпей соны айтқансың ғой,
Болмаса мастығыңның бұ да бірі.
Арғындар етті азғантай асад депсің,
Сөзіңнің бәрі порас құрдан құры,
Шын жазса өлең де үлгі болар,
Отказать қора қожа жазған жыры.
Айтыпсың мекенің мен жерің жоқ деп,
Етексіз киімі ұзын елің жоқ деп,
Түлкібай Құрағалы-ақ жолдарында,
Шошайтқан сексеуілмен көрің жоқ деп.
Арқаның сен көрмеген саздары бар,
Қаңқылдап үйрек өткен қаздары бар.
Тоңатын суық та емес, ыстық та емес,
Жәннаттың саясындай жаздары бар.
Күмбез қып неше жерден айшық қылған,
Әр таптың қорым қылған мазары бар.
Қаңғырып сондай жанды бір көретін.
Әруаққа тілі тиген жазалылар.
Көшемен біздерде жоқ, жолда қалған,
Шуда өліп мазар болған қазалылар.
Осы да жеңілетін жерің еді,
Қайда өліп, қайда қалмас aжaлдылap.
Шуым да артық арқасыз «Таласыңнан»,
Сөзің қой! Көтіңді қыс тамасынған
Көрпеңді аяғыңа шақтап көсіл,
Пайда ілінбес құр бекер таласыңнан.
Істесек «шу» таластан кем болмайды,
Шуменен ешбір жерің тең болмайды,
Жаз бойы күнге күйіп, торғай қуып,
Отыз пұт бидай алсаң үнем болмайды.

ҮЙСІН ҚАРАҚОЖА

Тентекті көп сүйейді адамдарың.
Сонан соң көтерілді надандарың
Біріңді бірің келіп шауып алдың,
Олардың ойламастан обалдарын.
Егін салып, етін жеп жатуына.
Паналы суы бар жер таба алмадың.
Ақыры әрбір жерге тез-тез болып
Әрқайсың әр туысқанды сағаладың,
Көшіп кеп араластың арамызға,
Қарыны кесірінен нанға тоймай,
Жеткіздің қанша запал баламызға.
Арғындар сәске болмай оянбайды.
Ішеді судан кейін жасап шайды.
Кесесі кісі басы жетпей қалса,
Басқаға жан-жағында бұрылмайды.
Тұрады сорпа көрсе ішкісі кеп,
Нәжістен жиренбейді құсқысы кеп;
Байлаулы бір ауылда ат көрінсе,
Келеді желе андап түскісі кеп.
Келе сала түседі кідірмейді.
Ентелеңдеп келеді жүгірмейді.
Екеу ара бір аяқ сорпа берсе,
Мен ішейін саған да берер дейді.
Баруға жақын жерде базары жоқ,
Мешіт пен айтылулы азаны жоқ.
Қайда болса қалады сол арада,
Белгілі біздің жұрттай мазары жоқ.
Айтайын Ұлы жүзден кем жерінді,
Дінге сұст, шариғатқа кем жерінді,
Иман айтып көмбейсің жаназалап,
Осқырып қорасаннан өлгеніңді.

TAMA МҰСАЕВ

Келеміз мал семіртіп Арқа жайлап,
Қыламыз бір ай қызмет атан сайлап.
Көпірден олай-былай өткен кезде
Тұрасың соқса екен деп я құдайлап.
Біз де өзіндей шаршайтын адам ек деп,
Шәріге барсаң жекелер ала кет деп.
Бір қап тары, бірер қап қонағым бар
Түйеңе құдай үшін сала кет деп.
Бәріміз қазақ деген салтымыз бар,
Санасақ алты миллион халқымыз бар.
Әр жерде облысқа бөлінгенде,
Аспаннан жердей бөлек парқымыз бар.
Орынбор, Омбы, Семей әр орында
Қазақтың шын негізі біз порымда.
Сөз, тамақ, киім, әдет, мінез, құлық,
Отырыс, тұрыс, әлім дін жолында.
Үкімет деп айтады қазақ халқы,
Жалпақ тілмен сөйле деп бәрің жалпы,
Әрқайсың өз тілінде сөйлесіңдер,
Кетпесін өзбек, ноғай болып қалпы.
Кіші жүз, Алшын тама атам еді.
Нұра, Есіл, Сарысу отан еді.
Қыс болса Шуды қыстап, Арқа жайлап,
Ежелден ата қоныс мекен еді.
Кешегі Абылайдың заманында
Бір шеті үйсін тарап жатар еді.
Білесің өздерің де ежелден-ақ
Он есе қысы сізден қатаң еді,
Муапық ауасына киім кимек,
Кітапта осы сөзде мақал еді.
Кен қоныш, киіз байпақ, түлкі тымақ
Кимесе үсінуге шатақ еді.
Егерде бұл киіммен Үйсін барса,
Бір жерде боғыменен қатар еді.
Ғайры дін мағри мағрифатлы Халықтар көп,
Арамза надандықта жер менен көк.
Бұлардың бәрін болжар адам болсаң,
Айтпас ең сен киімді сен солай деп.
Үлкен-ақ жүдететін мінді айтыпсың,
Онымен қоймай тағы мінді айтыпсың.
Құшыр, қыраш, зекет деп алдап алар,
Там салған мешіт қылып жынды айтыпсың.
Таласта молдалар көп алдап жүрген
Тәңірге жазып жанын жалдап жүрген.
Мешітке зекет қыраш беріңдер деп,
Хайыздап арамырақ молда aп жүрген.
Сыншылар бұған құлақ салып тыңдар,
Соғым деген бір әдет халықтың бар.
Әркімдер өздерінің барын сойса,
Біреуінен біреуі арық шығар.
Сендей көп қонақ көже сене тұғын,
Қатықсыз ақ ішуге көнетұғын.
Қатықсыз көп ішем деп кейбіреуі
Көктемде көзі іріңдеп өлетұғын.
Мықтағаны соғымға соямын деп
Кәрі ешкіге қауынды беретұғын.
Хабарланбай қалсын деп ана ауылдар,
Бауыздау қанын жерге көметұғын.
Біреуің өтірік деп айтыңдаршы
Көз жоқ па? Біз бұларды көретұғын.

1926 жыл


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама