Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 9 сағат бұрын)
Сырым мен Тұрмамбет би (ІІ нұсқа)

Бір күні Сырымның келе жатқанын көріп, күтініп тұрған құдағилары көз көрім жерден алдынан шығады, құдағи ханым тәжім етіп сәлем беріп, Сырымның атының шылбырынан ұстап, ордаға қарай жетектей бергенде, Сырым:

— Құдағи! Кішкене сабыр етіңіз, сіз, ана басыңыздағы тақияңызды алыңызшы, — депті. Құдағи басынан тақиясын алған соң, мына бұрымыңыздың бір талын жұлыңызшы, — депті. Құдағи бас киімін алып бұрымынан бір тал шашын жұлып алыпты, сонда Сырым айтыпты:

— Ал, құдағи, сіз де шашыңызды жалғыз талдап жұла беріңіз, мен де атымның жалын бір талдап жұла берейін. Қашан сіздің басыңыздағы шаш пен менің атымның жалы таусылады, сонда ғана мен сіздікіне барып қонақ боламын, — депті. Ханым шылбырды қоя береді. Сырым да жөніне жүре береді. Осылайша, хан мен Сырымның араздықтары басылмай, дүрдараз болып жүреді. Бір жыл өтеді, екі жыл өтеді, хан мен Сырымды татуластыруға ешкімнің де жүрегі дауламайды, батылы бармайды.

Билер әрі-бері ойланып, ақылын таба алмайды. Сырымға еңкей дейін десе, хан Сырымды айдатып жібереді. Ханға еңкей дейін десе, қорқады. Сөйтіп жүргенде, шеркеш Тұрмамбет би екеуіңді татуластырамын деп ханды да, Сырымды да бір төбенің басына шақырады. Сырым да, хан да өз жолдастарымен белгілі мерзімде төбенің басына келіп, екі бөлек отырысады. Сонда Тұрмамбет қолында таяғы бар топтың арасынан олай бір, бұлай бір қайталап төмен қарап, қалай сөз бастаудың ретін таппай, сенделіп жүріпті де қойыпты. Тамағын кенеп Сырымның қасына келіп би тоқтай бергенде, Сырым тұрып:

— Ей, Тұреке, мүмкін боса, сізден сұрайтын екі ауыз сөзім бар, — депті. Тұрмамбет:

— Е, Сырым батыр, сұраңыз, — дейді. Сонда Сырым:

— Бірінші, жалғыз атты жолаушы елге қона ма? Жоқ болмаса, көл ұшқан құсқа қона ма? Жоқ болмаса, жалғыз атты жолаушыға ел қона ма? — деп сұрапты. Тұрмамбет:

— Жалғыз атты жолаушы елге қонады, — депті. Сырым сонда «төреңе бас» депті. Сонан соң Сырым:

— Екінші сұрауым, ұшқан құс көлге қона ма? Жоқ болмаса, көл ұшқан құсқа қона ма? — депті. Сонда би:

— Сырым батыр, ұшқан құс көлге қонады ғой! — депті. Сырым тағы «төреге бас» дегенде, онсыз да ызаланып жарылғалы отырған Нұралы хан бір топ нөкерлерімен жиыннан тұра жөнелді. Бүкіл халық Сырымның қасында қалады. Біраз ақылдасып, халық та тарасып, аттарына мінеді. Тұрмамбет бір-екі жолдастарымен кетіп бара жатады. Күн ыстық екен, көлденең бір шаң көрінеді. Байқаса, шауып келе жатқан Нұралылар екен. Үзеңгі тірей тұра қалысыпты. Нұралы тұрып:

— Ей, Нұралы, сен осы сөзді неге таянып сөйлеп тұрсың, таянып тұрғаның сенің отыз ұлың ба? Ханның өз балалары он сегіз екен, малшы-еншілестерімен отыз болса керек. Сен қайдан білдің, бәлки, сен қырық ұлдыға жолығарсың, болмаса бір қылдыға жолығарсың, — дейді. Нұралы ештеңе айтпастан, атының басын бұрып тағы да шаба жөнеліпті.

Оқуға кеңес береміз:

Сырым батырдың шешендік сөздері

Сырымға анасының айтқаны (I нұсқа)

Байбақты Сырым батырдың әкесінің атын Дат деп қоюдың сыры?


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама