Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Сорлы қазақ
Сорлы қазақ жаны алқымға тығылып,
Қара күн кеп, тіккен туы жығылып,
Алға баспай, барлық ісі кер кетіп,
Нәр тата алмай, күшсіз, әлсіз бүгіліп,
Оқу-білім жақындатпай, жолатпай,
Қырын қарап, қазақ ісін ұнатпай,
Пыр-пыр ұйықтап сорлы қазақ тек жатыр,
Қанды жаспен екі көзін шылатпай.
Қозғал, қазақ, білім іздер кез келді,
Қылыш алып “надандық” саған кезенді.
Шетке лақтыр, тымақтай алып, елден қу
Ертелі-кеш басыңа мініп езгенді!
Кітап әпер, оқысын, балаң қолына,
Малды аяма оқу – білім жолына.
Өнер алып басқалармен қатар бол,
Қосыл бірдей адамзаттың тобына!
Байғұс қазақ бас көтеріп тұрар ма?
Көңілі түсіп, білімге мойын бұрар ма?
Күні туып, оңынан – Күн, солдан – Ай,
Оқуменен жайнатып дүкен құрар ма?


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама