tengrinews.kz
- 19 мам. 2026 02:00
- 22
Талдықорғанда 20 жастағы студентті пышақтап өлтірді
Талдықорғанда 20 жастағы студентті пышақтап өлтірген жантүршігерлік оқиға болды. Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Марқұм Жангір Нұрланұлы 7 мамыр күні кешке достарымен бірге футбол көруге кеткен. Үй иесінің айтуынша, сол жерде шамамен он шақты адам болған, оның ішінде 17 жастағы мектеп оқушысы да бар.
Шиеленіскен жанжал
Кейіннен жастар арасында жанжал туындап, олар далаға шыққан. Алайда, жанжал қайта жалғасып, мектеп оқушысы Жангірді қайта шақырып алып, алты рет пышақтап салған. Алған жарақаттарынан жігіт сол жерде көз жұмды.
Анасының айтуынша
Қайғылы оқиғаға аз уақыт қалғанда анасы ұлымен бейнебайланыс арқылы сөйлескенін айтты. Оның айтуынша, Жангірдің көңіл-күйі жақсы болып, әзілдесіп, кейін қайта хабарласатынын айтқан.
Тергеу басталды
Қазіргі уақытта бұл іс бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сараптамалар тағайындалып, заттай дәлелдемелер алынып, жанжалға қатысушылар жауапқа тартылуда. Қайтыс болған азаматтың отбасы әділ тергеу мен кінәлінің жазалануын талап етіп отыр.
Күдікті ұсталды
Жетісу облыстық Полиция департаментінен хабарлағандай, қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды.
«Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жан-жақты және объективті тергеу жүргізілуде. Қажетті тергеу және процессуалдық іс-шаралар кешені орындалуда. Тергеудің барысы облыстық Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында. Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етілмейді», - деп мәлімдеді ведомство.