Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 сағат бұрын)
Талғарда полиция ұстаған азаматты аты-жөні жоқ зираттан тапты

Талғарда полицияның ұстауында болған 27 жастағы азаматтың қайтыс болғаны туралы оның туыстары бір айдан кейін білген. Олардың айтуынша, ер адамды полиция қысым көрсетіп, өз-өзіне қол салуға итермелеген. Мәйіті аты-жөні белгісіз зиратқа жерленген.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жақынынан айырылған ананың шағымы

Марқұмның анасы Гүлнар Момынованың айтуынша, 27 жастағы ұлы Ғалымжан желтоқсанның аяғында жоғалып кеткен. Туыстары бірден іздеу жариялағанымен, нәтиже болмаған. Бір айдан соң анасына ұлының қайтыс болғаны хабарланған.

«Жұбайым ұлымыз үйге оралмағанын хабарлады. Мен Түркістаннан келдім. Барлық достарын хабарласып, полицияға жүгіндім. Белгілі болғандай, ұлым интернетте бір қызбен танысқан. Бірақ ол қыз емес, 14 жастағы жасөспірім болып шықты. Олар тек хат алмасыпты», - дейді анасы.

Марқұмның соңғы хаты

Туыстарының айтуынша, Ғалымжанға кәмелетке толмағанға жыныстық қатынасқа зорлық жасады деген айып тағылған. Алайда, өзіне қол салар алдында жазған хатында ол бұл туралы ештеңе айтпаған.

«Ұлым соңғы хатында Талғар қаласының полицейлері оны ұстағанын жазған. Ал учаскеде оның басына қап кигізіп, соққыға жыққан дейді. Ол хатында өзіне қандай қысым көрсетілгенін жазған», - дейді анасы.

Полицияның жауабы

Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Талғар тұрғыны 27 жастағы ер адамды кәмелетке толмағанға жыныстық сипаттағы әрекеттер жасады деп айыптаған. Құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғап, күдіктіге сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

«Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу барысында мессенджерлердегі хат алмасулар мен істің мән-жайын анықтауға қатысты басқа да мәліметтер зерттелді. Күдіктінің туыстары полиция қызметкерлерінің ықтимал заңсыз әрекеттері туралы айтқан дәлелдері де тексеріліп, заңда белгіленген тәртіппен қаралатын болады», - деп хабарлады Алматы облыстық ПД.

Алматы қалалық полиция басқармасында да қызметтік тексеріс басталды. Олар қызметкерлер жерлеу кезінде қателік жіберген болуы мүмкін дегенді жоққа шығармайды.

«Егер Жетісу аудандық полиция басқармасы қызметкерлерінің заңбұзушылық белгілері анықталса, ҚР заңнамасына сәйкес шаралар қабылданады. Әрине, жаза да болады. Марқұмның туыстарының үнін түсінеміз. Мұндай жағдайлар мүлдем орын алмауы тиіс», - деді Алматы қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Жаңалықтар

Жарнама