Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 апта бұрын)
Тарихи құндылыққа бай орда - «Ғылым Ордасы»

Орындаған: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ химия факультетінің 1-курс студенті Ақжолқызы Айзат
Жетекшісі: Дүйсембаева Назира Бәкірқызы

Ұлттық тарихымызды, ата-бабаларымыздың өмірінен сыр шерткен тарихы және жас ұрпаққа рухани көзқарас қалыптастыратын тарихи орын ол - музей. Қазіргі таңда халықтың ұлттық санасы оянып, тарихқа жаңа көзқараспен қарап келе жатқанын біз байқаймыз. Өткенге құрметпен қарап, келешектің қамын ойлау - көпшіліктің парызы. Қазіргі таңда халқымыздың өмірін көрсетіп, баяндайтын көптеген музейлер бар. Олардың ішіндегі біздің, яғни қазақ ғылымының тарихынан сыр шертетін Алматы қаласында орналасқан «Ғылым ордасының» музейлері. Бұл музей халыққа 2010 жылдан бастап қызмет етіп келеді. «Ғылым ордасы» музейлерінің мақсаты: Қазақстан Республикасының ғылыми мұрасын жинақтап, оны сақтап, осы тарихты насихаттап, жан-жақты зерттеу және одан әрі дамуына жағдай жасау; ғылыми кітапханалық-ақпараттық кітаптар мен ғылыми құжаттар қорын қалыптастыру.

Ғимаратта Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетіне қарасты гуманитарлы және жаратылыстану бағытындағы 10 ғылыми-зерттеу институты, «Академик Қ.И.Сәтбаевтың мемориалдық музейі»,  «Ғылым ордасының» ғылым музейлері мен  5,5 млн кітап қоры бар «Орталық ғылыми кітапхана» орналасқан. Ғимарат бір кварталды алып жатыр, қазіргі кезде күрделі жөндеу жүргізілу үстінде екен. Алдыңғы кіреберіс есігі Шевченко көшесінің бойында тұр, оған қарама-қарсы бетте қазақ ағартушыларыyың бірегейі Ш.Ш.Уәлихановтың биік ескерткіші орналасқан.

«Ғылым ордасы» музейлері – жан-жақты ғылыми салалардың құпия-сырларына толы мекеме.  Онда «Табиғат музейі», «Археология музейі», «Сирек кездесетін кітаптар музейі» және біз экспозициясымен танысқан «Қазақстан ғылымының тарихы музейі» жұмыс істейді. Ал басқа музейлер жөндеу жұмыстарына байланысты жабық екен. Қазақстан ғылымының тарихы музейіне келушілер Әл-Фараби, Ж.Баласағұни, М.Қашғари және т.б ортағасырлық ойшылдардың өмірі, қызметі мен ғылыми мұраларымен таныса алады. Сондай-ақ музейдің бірінші экспозициялық залында қазақ ғылымының қайнар көздері болып табылатын ортағасырлық кезеңнен бастап кеңестік дәуірге дейінгі аралықтағы ұлы тұлғаларымыз бен тарихи оқиғалар туралы мәліметтермен бар. Әсіресе, елімізге танымал А.Құнанбайұлы, Ы.Алтынсарин, Ш.Уәлиханов және т.б ағартушы ғалымдардың, ақын-жазушылардың сол кезеңдегі қазақтың тұрмысы, тарихы, мәдениеті, дәстүрі туралы материалдар ала аламыз.

Қазақстанның кеңестек кезеңдегі ғылымының дамуын көрсететін екінші экспозициялық залда қазақ ғылымының дамуына көптеген өз үлестерін қосқан ғалымдарымыздың өмірі мен қызметін көрсететін өздері ұстаған жәдігерлердің куәсі болдық. Музейдің ерекшелігі  ХХ ғасырдағы белгілі ұлт зиялылары еңбектерінің түпнұсқасын көруге болады. Залда Қазақ ұлттық ғылым академиясын құрған, металлогения мектебінің негізін қалаған академик Қ.И.Сәтбаевқа арналған витрина ерекше көзге көрінді. Бұл витринада ҚазССР Ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтбаевтың еңбек қызметтері және ел экономикасына, ғылымға қосқан үлесімен танысуға болады. Сонымен қатар еліміздің ғылымының даму жолында ерекше орны бар академиктер М.Әуезов, Ә.Бектұров, Ә.Марғұлан, І.Кеңесбаев, К.Ақышев сынды т.б. атақты ғалымдарымыздың жеке заттары тұр. Қазақ ұлттық ғылым академиясының макеті бар.

Музейдің үшінші залы тәуелсіз Қазақстанның ғылымының жетістіктері көрсетілген. Ол жерде еліміздің жаратылыстану, техникалық, қоғамдық ғылымдар саласының тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері көрсетілген. Ондағы біз көңіл қойып қараған Қазақстанның қазба байлықтары мен жетістіктерінің картасы. Картада еліміздегі ғылым жетістіктер, қазба байлықтары, ғылыми мекемелері орналасқаны жерлер арнайы белгілермен көрсетілген.

Жалпы «Ғылым ордасы» Қазақстан ғылымының  тарихы музейін біз группамызбен барып, тамашалап, тарихқа және ғылымға деген жаңа көзқарастарды аштық деп айта аламын. Осы музей арқылы жастарға тарихты басқаша қырынан танып білуге, сезінуге мүмкіндік болады деп санаймын. Бір мақалада барлығын айтып жеткізу мүмкін емес, сондықтан барып көзбен көрген дұрыс деп санаймын.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама