Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 апта бұрын)
Батырдың сауыт-сайманы

Саржала — XVIII ғасырдың аяғында өмір сүрген, атағы елге кең тараған, игілік-шарапаты жарлы-жақыбайға мол дарыған, әйгілі халық батырларының бірі.

Саржала батыр мал жинап, дәулет асырып, байлықты мақсат етпеген. «Байлық — мұрат емес, жоқтық — ұят емес» деген қағиданы ұстанып, өмірін, қайрат-қабілетін қара халықтың дұшпандарымен күрес жолына жұмсаған адам.

Саржала батырдың үш баласы болған, бірақ бұлардың ішінде асқан қайрат иесі, ақыл-парасаты кең, халық ұлы атанардай, әкесінің жолын қуардай ешкім болмаған.

Саржала батыр сексеннен асып, тоқсанға жақындағанда: «Апырм-ай, Тәңірім өзіме теңдес бір ұл бермеді-ау, өмір бойы ұстаған мақсат-мүддемді кім жалғастырар екен! Мына сауыт-сайманым шіріп далада қалар ма екен?» — деп қалың ойға батып жүреді.

Бір күні жолдас-жораларымен ат үстінде келе жатып, шағылда қаперсіз ойнап жүрген көп баланың үстінен шығады. Қару-жарақтарын асынып суыт жүрген, сатырлап қыр астынан қапелімде шыға келген батырлар балалардың зәресін ұшырып, қатты қорқытады. Қорыққан балалар тым-тырақай қаша жөнеледі. Тек бір бала ғана тұрған орнынан қозғалмай, бұқа болып өкіріп, топ алдында келе жатқан Саржала батырдың атының басына топырақ шаша бастайды. Бұндайды бұрын-соңды көрмеген батырдың арғымағы да, басқа аттылар да бұрылып кетеді.

Анадай жерге барып атының басын тежеп Саржала батыр: «Апырм-ай, мына баладан ерен бір қасиет байқағандай болдым-ау. Осы баланың үйін сұраңдаршы, солай қарай ат басын бұрайық», — дейді серіктеріне.

Баладан үйін сұрап батырлар сонда барып түседі. Бұл үй Тайман ақсақалдың шаңырағы болып шығады. Жаңағы батырлардың атын үркіткен Тайманның төрт баласының бірі исатай екен. Тайман ақсақал келген батырларды жібермей, ас-суын беріп, барынша қонақ етеді, әңгіме-дүкен құрады. Сонда Саржала батыр Тайманға:

— Ас-суыңызға Алла риза болсын, сіздің үйге қонақ болайық деп келген жоқпыз, мына балаңыз үшін келдім, — деп манадан бері қонақтардан көзін алмай отырған шалдың исатай дейтін баласын нұсқап көрсетеді. Сосын үстіндегі сауыт-сайманын шешіп, керегенің басына іліп:

— «Тура биде туған жоқ» деген бар. Өз балаларым ренжи қоймас. Менің сауыт-сайманыма өскенде осы бала — Исатайжан ие болар, — деп, қолын жайып батасын беріп, Саржала батыр жүріп кеткен екен.

Оқуға кеңес береміз:

Жылқының торысы көп пе, төбелі көп пе? (І нұсқа)

Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)

Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама