Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 7 сағат бұрын)
Тәуекел

Көк сарайдың қақ төрінде бойын тік ұстап қасқайып отырған қапсағай денелі, кең маңдайы жарқырап ашық жүзі ойға шомған, Ыдырыс ад-Дәулі Рустани Сұлтан алдына келіп жығылған екі жаушыға назар да салған жоқ. Ол көптен бері өз ойымен өзі болып үнсіз қалған. Қабылдауында отырған уәзірлері мен сарай қызметкерлері томсырайып көздерін сарайдың еденінен алмай бас­тарын төмен салып кетіпті.

— Тұрыңдар! — деп бұйырды Ыдырыс Сұлтан. — Әл-Фараби қайда?..

Орындарынан атып тұрған жаушы жігіттер Сұлтанның не дегенін толық ести алмай қалып еді. Бес күн, бес түн ат ауыстырып шабудан талмаған қос жаушы әбден шаршап-шалдыққан болатын. Олардың «біз білмедік» дегеннен басқа айтар жауаптары жоқ екенін аңғарған Сұлтанның егде тартқан уәзірі ілгері жылжып:

— Мен сөйлейін, Сұлтан... — деді.

— Саған да кезек келер, — деді Сұлтан оған жақтырмай қарап.

— Сөйле жаушы!..

— Ұстаз үйінде, мәртебелі Сұлтан!..

— Неге менің алдымда емес?..

— Оны білмедік!? — деді орта жастағы алпауыт жаушы жігіт.

— Кім біледі?..

Ешкім үндеген жоқ.

— Әл-Фараби менің шақыруыма не жауап берді?.. Соны айтыңдар... — Сұлтан дауысын көтерді.

Жаушылар тағы да үнсіз қалған.

— Алтынмен аптап, күміспен күптеймін, тек менің сұлтандығымның байрағының астында болсын дегенімді дұрыстап жеткіздіңдер ме?.. — деді Сұлтан.

— Жеткіздік, Сұлтан ием.

— Сонда Ұстаз не деді?..

Жаушы жігіт жауап қата алмай бөгеле берді.

— Сөйле! — деп бұйырды Сұлтан. Даусында енді зіл бар еді.

— Мені парсы да, йахуди де, араб та, өзімнің түркі тектес сұлтандарым да байрақтарының астына шақырған. Бармадым. Мен ешқашан ешкімнің байрағының астына тығылып жан сақтауды ойлаған емеспін. Сұлтанның ниетіне алғысымды жеткізіңдер. Тәңір разы болсын!.. Ұстаздың айтқан сөзі осы Сұлтан ием... — деп бөгелді жаушы жігіт.

— Сыйымды қабыл алды ма?..

— Алтыныңызды кері қайтарды. — Жаушы жігіт өгіз терісінен тігілген қомақты жол дорбаны иығынан алып жерге қойды.

— Алтыннан неге бас тартты?!. — Сұлтанның дауысы енді ызғарлы шықты.

Жаушылар үнсіз.

— Сөйле!.. Жаушы, сөйле!..

Сөз ұстаған алпауыт жаушы жігіт тайсалмас­тан:

— Бостандық ақшаға сатылмайды... — деді Ұстаз, Сұлтан ием…

— Бостандықпен ол не істемек сонда?..

— Тәңірі сүйген адам ақшаға да, билікке де қызықпайды, — деді Ұстаз.

— Енді неге қызығады?

— Ешнәрсеге... Тек Тәңірге жалбарынып жан суғарады деді.

— Маған тағы не сәлем айтты?.. — Ыдырыс Сұлтанның ақшыл жүзі түнеріңкі тарта берген.

Жаушы жігіт жөткірініп алып, байсалды даусымен сөз бастады. Бұл терең сөз еді. Терең сөзді жеткізуге ерікті көңіл һәм ер жүрек керек еді.

— Сұлтанға мына сөзімді жеткізіңдер — деді ұлы Ұстаз Сұлтан ием… — деп бөгелді жаушы жігіт. — Өмірімнің көбі өтіп, азы қалған тұста, қиырға көшіп, жалғыздық деген жалмауызға жалбарынып жапа-жалғыз жатып өмірімнің мәні болған еңбектерімді аяқтамақпын. Тәңірден соны ті­легем. Тәңірім тілеуімді берер тұста, күндік тір­лі­гіңе бір дирхемді жеткізсең тілеуіңді берейін, деді. Мен келістім. Тәңірім тілеуімді берді. Ыдырыс Сұлтанның сөз төркінін ұғатынын ма­ған жазған хатынан таныдым. Ал керісінше, сө­зім­ді ұқпаса, — жаушы жігіт бөгеле берді. — Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн Узлаг әл-Фараби әт-Түрки үшін Тәңірден тілеу тілесін! Сұлтаның менің айтқанымды істесе Тәңір оған да жол сілтер. Сұлтанның ісін баянды қылуын Тәңірден мен де тілеп жүрермін. Осы сөзімді жеткізіңдер. Қалғаны Тәңірдің қолында. Сұлтанның ықыласында.

Жаушы жігіт басын төмен салды.

— Бара беріңдер!.. — деді Сұлтан. Екі жаушы жігіт шегінген күйде есікке беттеді. Сарбаздар соңдарынан ерді. Ақылшы, кеңесші уәзірлері Сұлтанның бұйрығын күтіп бөгелген еді, Сұлтан оларға да қолын сермеді.

Кең сарайда Сұлтан жалғыз қалған. Әл-Фарабидің жауабы Сұлтанды тығырыққа әкеп тіреп тастап еді. Әкесі Бекзат Сұлтан әл-Фараби­дің «Мемлекет басшысының нақыл сөздері» деген кітабын басына жастап оқығанын көзімен көрді. Әкесі әл-Фарабиді ардақ тұтты. Бірақ ұзақ ғұмырында Ұстазбен бірде-бір рет дастарқандас  бола алмапты. Сол өмірінің өкініші болып өтті. Әл-Фарабидей ғұламаға қоятын сұрақтарым көп деуші еді. Ол кезде жас Сұлтанның жанын еш сұрақ қинамайтын. Ал кәзір бұны да жауабы жоқ көп сұрақтар қинайды. Ұзақ түндерді ұйқысыз өткізеді. Терең өзеннің ағысына қарап күн кешеді. Қалың ормандай сұрақтар жанына бұғалық болып бұралған, жанды жеген. Тәнді әлсіреткен. Сонан да ұлы Ұстаздың қасында болуын қалаған Ыдырыс Сұлтан Ұстаздың басына еңсесі биік үй салдырып, жай-күйін жөндеп ерекше ырысты жағдай түзегісі келген еді. Ыдырыс Сұлтан Шығыстың ұлы Ұстазын әркім де қасында ұстағысы келетінін білетін. Со­лар­дың алдын алғысы келген. Бірақ ол кө­ріпкел ниеті болар емес. Уақыт-теңізде еркін жү­зуді қалаған әл-Фараби басына байлық емес, бос­тандық тілепті, ат басындай алтынды емес, жез­ден соғылған дирхемді таңдапты. Бір күніме бір дирхем жетеді дейді. Соны қанағат тұтам дей­ді. Бұл қасиеті тәуекел еді. Тәңірге табынған адамның сөзі еді. Тәңірдей бұ дүниенің де, о дүниенің де ризығын қатар тілеген иманды сөз болатын. Тәңір оған тілеуін беріпті. Ана-жердің құшағынан патшалар кеткенде, олардың алтын, күміс табақтары қоса кетеді. Өкінішке қарай, патшалар өздерін өлмейтіндей, алтын көзелері де мәңгі қолдарынан түспейтіндей көрінеді. Көңіл қартаймайды деген осы. Бұл Ана-жерде билік еткен барлық патшалардың басынан өтер трагедия болатын. Олар бұл дүниеде мәңгі Тәңір ғана екенін естерінен шығарады. Адам-пенде мұхит толқынында көпіршіген көбік қана. Ол көбік су бетіне көтеріледі де, лезде суға тұншығып жоғалады. Қас-қағым сәттік қана, фәни тірлік. Қуанышы келте, қайғысы қалың тағдыр-тірлік. Адам-көбіктің өмірі бір ғана келте жолға сыяды. Ол міне: Туды. Сүйді. Өлді. Он үш қаріп. Қан қы­зыл құмның бетінде қалған құмырсқа табан қыс­қа жол. Қан қызыл құмда өрекпіген жел тұрса құ­мырсқа табан жолдың елесі де қалмайды. Қан-қызыл құм жұтқан алып кеңістік үнсіз. Ыдырыс Сұлтан Шығыс Ұстазының «Ақыл мен ғылым кіта­бын» оқыған. Адам үшін басты құндылық Ақыл мен Тәңір деп жазған сөзін жүрегіне ұялат­қан. Соңғы кезде Араб аспанының астында ұлы Ұстаз­дың терең ойларын оқыр, оны жүрегіне жет­кізіп ұғар кісі бар ма екен? деген ойға жиі бері­летіні бар...

Ертеде Адам-пенде пайғамбарларды пір тұ­татын еді. Бара-бара пенде пайғамбарларды сый­лаудан да қалды. Өйткені олардың сөздері бі­реуге жан берсе, біреуді от боп өртеп түсіретін пай­ғамбарлар дәуірі таусылған соң-ақ жер бетіне нағыз ойшылдар мен нағыз ақындар көтерілді. Ал дәл қазір жер бетін жалған пайғамбарлар, жал­ған ойшылдар, жалған ақындар жайлап алған. На­ғыз пайғамбарлар, ойшылдар, ақындар ұмыт қалды. Дүние қалай-қалай шайқалады құдай-ау!. Ондайда пенде әлекке түседі. Ойшыл сабыр сақ­тайды.

Сол сабыр сақтайтындардың бірі — әл-Фараби. Тәңірге табынған, ақыл иесі Адамды құрметтеген ұлы Ұстаз. Ал дәл қазір жалған пайғамбарлардың, жалған ойшылдардың, жалған ақындардың заманы екеніне Ыдырыс Сұлтанның көзі анық жеткен. Сонан да жалғыздық жанын жеген әл-Фарабиды қасына ұстап бауырына басқысы келген. Бірақ, ол ойы іске аспайтынына көзі енді анық жетіп отыр. Шығыстың ұлы Ұстазының қалауы Бостандық болыпты.

Байлық емес, билік емес, Бостандық.

Байлық та — зындан.

Билік те — зындан.

Адамға керегі Еркіндік екен. Сол ғана ма?.. Ана-жерде пенде өзіне не керегін білмей-ақ өтер-ау?!.

Байлық пен билікке тұншығу азабын байың да, патшаң да көрге түсер тұста ғана пайымдар. Адам нені болса да кеш ұғады-ау, — деп ойлады Сұлтан.

Ыдырыс Сұлтан ғұлама ғалымның жан тебі­р­е­нісін ұқты. Дәл таныды.

Өзі де толғанды.

Қайғылы ойға берілді.

Ұйқысыз түн өткізді.

Таңертең сарай адамдарын түгелдей алдына шақыртты.

— Шығыс ұстазы әл-Фараби бостандықты қаласа, біз адамгершілікті таңдайық. Ұлы Ұстаз әр күніме бір дирхем жұмсаймын депті. Ал біз, Ұстаздың бір дирхемі ешқашан таусылмасы үшін дұға оқиық. Ғалым әл-Фараби менің тілегімді қа­был алмады. Реніш жоқ. Ал біз ғалымның таң­дауын құрметпен қабыл алайық. Өйткені ға­лым Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тар­хан ибн Узлаг әл-Фараби әт-Түрки Шығыс ғылымының алауын әлемге асқақтатқан ұлы тұлға. Ол маған терең білімімен һәм қайыспас қайсар мінезімен ұнады. Оған кеше сіздердің де көздеріңіз жетті. Солай ма?..

— Жетті!.. Жетті! Жетті!.. десті сарай білгіш­те­рі.

— Ұлы Ұстазды араб халифатында ұнатпайтын қалың орта бар.

— Бар... Бар... Жетеді... Дұрыс!.. Дұрыс!..

— Не үшін екенін білемісіздер?!.

— Жоқ. Біз білмейміз...

— Сіз айтыңыз!.. Сіз айтыңыз!.. Сіз айтыңыз!...

— Әл-Фараби өз өмірінде адамның бақытқа жету жолдарын талмай іздеуден қайтқан емес. О дүниеде бақыт болса көрер, бірақ адам Ана-жердің үстінде бақытты болуы керек. Ғалымның көксегені адам бақыты. Бұл ғажайып адамгерлік ұмтылыс. Ыдырыс Сұлтанның ақиқатқа толы ойларын жұрт ұйып тыңдауда.

Олар Сұлтанның ойлы сөздерін тосқан.

— Тәңір Ана-жерге пайғамбарларды жіберудей жіберді. Бірақ біздер оларды көре алмайтын, сезе ал­майтын мақұлықпыз. Біз саңырау, мылқау, со­қырмыз ғой... Атымыз бен түйеміз бәйгеден кел­се қуанамыз. Бүкіл сахараның халқын шулатып той жасаймыз. Біздің еңбек істейтін күні­міз­ден той тойлайтын күндеріміз көп. Тау­сыл­майтын той. Той өткен соң-ақ — таусылмайтын өкпе.

Таусылмайтын қызғаныш. Таусылмайтын араздық қалың өрттей қаулай жөнеледі Ұяттан қан-қызыл құм қызарады. Бүгін Араб халифаты дағдарыс үстінде. Шығыста ауруын жасырған өледі деген сөз бар, сонан да біз қашанда ақиқатқа асығуымыз керек. Ақиқат шабан қозғалатыны туралы да ұлы Ұстаз бізді ескерткенін ұмытпайық. Әл-Фараби тірі тұрғанда Шығыс мәдениетінің оты өшпейді. Әлемді жаратқан Тәңірге һәм адам ақы­лына сенуді бізге сеніп тапсырған ұлы Ұстаз­ды құрмет тұтайық! Бүгін Шығысты әлемге та­нытатын жалғыз ғана тұлға бар, ол — әл-Фараби. Тәңір соны қолдасын! Бізге дауа тауфық берсін. Тәңір­ден ұзақ ғұмыр тілемейік. Ол ессіздік болар. Тәңір сені күнәләрің үшін ұмытып ұзақ жолда жал­ғыз қалдырса азап шекпеймісің? Олай болса, Тәңір­дің бізді ұмытпауын тілейік. Тәңір біздің ру­хы­мызды уақытында өзіне қайтарсын. Ал біз Шы­ғыс даналарының еңбектерінің мәңгі жасауын тілейік.

Жеті күн өткен соң жаушы жігіттер Ыдырыс Сұлтанның отты сөзін Дамаскіге жеткізді.

Отыз жеті күн өткен соң Дамаскіден шыққан атақ­ты саудагер Әбу Мәлік керуені Әбу Насыр әл-Фарабидің сөзін түйенің қомына, аттың жалына жауып, шешеннің тіліне орап, бүкіл араб са­харасына, парсы тауларына, үнді орманына, қы­тай жазығына, ұлы Ұстаздың Отаны Дешті-Қыпшақ даласына жеткізді. Сол сөз міне!

Құс қанаты майырылмауға, адам ақылы тоз­бауға жазсын! Ғұламасын, Ерін, өжет ұлдары мен қыздарын қадірлеген ұлт ешқашан Ана-жер­дің төсінен жоғалып құрып кетпеуге жазсын! Атамекеннің болашағын терең ойлап, Отаны үшін жанын садақаға салған Асылдары түге­сіл­месін! Патшалар азбауға, әулиелер алжымауға, қызметкерлер баукеспе ұрыларға айналмауға жазсын! Мен елімді де сүйдім. Жерімді де сүйдім. Отаннан қымбат дүние жоқ. Отан Адам жанынан да қымбат екен. Сонан да туған елдің түтіні түзу ұшуы үшін, қас батырлар Отанның бақытын көздеп ары мен намысы үшін жандарын қиған.

Туған Отырарын есіне түсіріп, көңілі қобал­жы­ды. Көкейін тескен зарлы жыр жолдары тө­гілді. Сол жыр міне!..

Қашықтасың, туған жер — қалың елім,

Небір жүйрік болдырып жырау деген.

Шаршадым мен, қанатым талды менің,

Шаңыт жолға сарылып қарауменен.

Кері оралмай жылдарым жатыр ағып,

Қасіреттің жасына көз жуынар.

О, жаратқан, көп неткен ақымағың,

Құм сықылды тез ысып, тез суынар.

Зиялы аз бір тұтам тіршілікте,

Әкімдікке күллісі жүгіреді.

Көкірекпен сезініп, күрсінші көп,

Жаным менің түршігіп, түңіледі.

Жер жаһанды арабтың қан қызыл құмындай сыр­ғанаған жалған сөз билеп бара жатты. Адал­дың аузына құм құйылды, арамның араны ашылды. Адал арамға, арам адалға теңелді.

Аспан айналып жерге түсті.

Күн тұтылды.

Жер-Ана күңіренді.

Жанар таулар атқылады.

Теңіз жағасынан асып-тасқан топан су Ана-жерді жұтып жатты.

Тәңір ғана үндеген жоқ.

Мен де үнсізбін.

Тәңір Ана-жерге қайтып пайғамбарлар түсірмейді. Пенде соқырға, саңырауға, мылқауға айналып болған. Ана-жерге Тәңір енді өзінің ақ туын түсіреді. Соқыр көретін, саңырау ести­тін, мылқау сөйлейтін болады. Ағарған ақ аспан­ның қақ төріндегі аппақ күн қан қызыл құм­мен шағылысады. Аппақ күннің астында тас тал­қан болған қызыл тақыр көлбей жатыр. Сол қан қызыл тақыр үстінде үнсіздік орнаған. Сол қан қызыл тақырды таптап маңғаз түйе керу­ені қозғалады. Олар асқақ түрік ғалымының құн­сыз еңбектерін Бағдаттан алып Египеттің, Сирия­ның, Палестинаның, Константинопольдің, Испания­ның, Ливияның, Эфиопияның кітапханаларына апара жатыр. Енді Шығыстың кітап сақтайтын бар­лық қоймаларында бұл қолжазбалар құрметпен сақ­­талатын болады. Ана-жер тіріде, данышпанда­ры жоғалмайды. Кәдімгі адамдардың игілікті, ра­хымды істері де, жер бетінен жоғалып кетпейді.

Жүрегіңді Тәңірдің сөзімен суғар да, Тәңірмен бірге болуға ұмтыл. Ана-жердің қасиет-қадірін таны, Ана-жер тірегің екенін ұқ!

Әл-Фараби бабамның ұлы еңбектері елінің есінде мәңгі сақталсын, һәм ұрпақтан ұрпаққа қасиетті сөздері қазақ ұлтының өлмес белгісіндей санада бекуге жазсын!

Ал Тәңірім тәрбиелеген Адам ұлы Әбу Насыр Мухаммад ибн Мухаммед ибн Тархан ибн Узлак әл-Фараби әт-Турки мәңгі ғұлама!

Сен соны жадыңнан шығарып алып жүрме, қазақ ұланы. Алпыс сегіз жыл бойы қара жерді таптап жүріп, бүгін ғана ұлы Ұстаздың терең ойла­рына бойлай еніп жаны жадыраған, замандар тол­қынында бабамыздың сөздерінің мәні мен мә­нісінің шатасып кетпеуін, әр кесек ойының қал­тарысына сәуле түсіріп, сол ойды анық ұғуға жан салып Ұстаздың рухына барша мейіріммен бас иген.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама