- 18 жел. 2019 00:00
- 227
Тәуелсіздік – тұғырым!
Еліңнің ұлы болсаң, Еліңе жаның ашыса, азаматтық намысын болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып – көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!
Н.Назарбаев
Тəуелсіздік-қасиетті, киелі ұғым. Ол ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы аңсаған арманы, үміті мен сенімі. Ол-азаттықтың алтын арқауы, елдігіміздің мызғымас тұғыры.
Кешегі Желтоқсанның ызғарында намысты ту етіп көтерген қазақ жастары тотолитарлық режимге қарсы шығып, ақ мұзда алау жаққаны биік рухтың, елжандылықтың жарқын көрінісі. Тəуелсіздікке жол ашқан ұлт-азаттық көтерілістің соңғы серпіні болды десек қателеспеспіз. Осылайша, Көкбөрідей киесі бар, көк түріктей иесі бар қазақ халқының сағы сынбады, бағы жанды. Тағдырымызға тəубе!
Небір қилы заманды, «тар жол тайғақ кешуді» басынан өткерген қазақ халқына Алланың мейірі түсіп, Егеменді ел атандық! 1991 жылы 16-желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тəуелсіздігі туралы» конституциялық Заңы қабылданғанына да, міне, биыл-28 жыл толмақ. Осынау жылдар аясында еңсеміз биіктеп, рухымыз шалқи түсті. Төрткүл дүниеге «қазақ» деген ұлт, «Қазақстан» деген мемлекет танылды, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді. Шекарамыз айқындалып, жеріміз түгенделді.
Қазіргі таңда Тәуелсіздік — барлығымыз үшін ерекше қасиетті күн. Бірліктің, ынтымақтастық пен татулықтың күні. Мемлекетіміздің тәуелсіздігі — ең алдымен халқымыздың бақыты. Сондықтан бүгінгі күні халқымыз өткеннен қалған тарихи өнегені, отансүйгіштікті, ұлтына деген махаббатты жоғалтпай, әрі қарай жастардың патриоттық сезіміне енгізуге ерекше көңіл бөлуі керек деп ойлаймын.
Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі мезгіл ішінде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі, көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығы Президентіміздің жүргізіп отырған парасатты көреген саясатының нәтижесі.
Қазақстан – қазақ халқының ата-баба мекені, ежелгі қонысы. Еліміз өлшеусіз табиғат байлығымен ғана емес, ең алдымен сан түрлі ұлттардан құралған халқымен ерекше екенін ұмытпаған абзал. Бүгінгі бейбіт те шуақты күндерді бағалай отырып, жаңа биіктерде ұмтылу – біздің буынның бағыты болуы тиіс. Еліміздің рухы күннен – күнге көтеріліп келеді. Жалпы біз үшін тәуелсіздік – Ту, тәуелсіздік - ауа, жер - су, тәуелсіздік ел дәулеті болып табылады Тәуелсіздіктің арқасында елдігімізге құт қонып, ырыс үйіріліп, ортаға үлкен сыбаға түсіп тұр.
Қорыта келе айтарым, Қазақстан ертең күн шыға қауызы ашылып, сосын жан - жағына әдемілік, сұлулық сыйлайтын исі жұпар гүлдердей жайнап, құлпырып кетеріне осы елдің азаматы ретінде мен кәміл сенемін. Ендігі ұрпақтың мақсаты мол біліммен қаруланып, кең - байтақ жерімізді теріс пиғылды басқыншылардан қорғау. Талай жерде құрсақта жатып, құрбан болып кете жаздаған тәуелсіздігімізді пәле жаладан аман сақтайық, ғұмыры ұзақ болғай. Ынтымағымыз жарасқан, бірліктегі ел бола берейік. Бұл мен сияқты мыңдаған қазақ халқының тілегі. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!
Тәуелсіздік алу – бұл тек бастапқы қадам. Отанымыздың болашағы біздің қолымызда. Егер әрқайсымыз жанымыздың бір бөлігін елімізге берсек, республикамыз одан әрі дами береді! Еліміздегі бүкіл ұлттар біріксе, жолымызда кездесетін барлық қиындықтарды жеңіп шығамыз!
Ақтөбе облысы Хромтау ауданы
Қарлау БМ мұғалімі
Мухамбеткалиев Думан