Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Тәуелсіздіктің 25 жылдығы: Қазақ географиялық қоғамы 108 күннің ішінде Қазақстанның барлық аймақтарын аралап шығады

Қазақ географиялық қоғамы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай экспедицияға шықпақ.

Бұл туралы аталған қоғамның Фейсбуктегі парақшасында хабарланды.

«Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына және тұңғыш қазақ географы Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына арналған экспедиция өз бастауын еліміздің екі негізгі қалаларынан алады. Астана күні, 6 шілдеде, экспедиция жолға шығып, 108 күннің ішінде Қазақстанның барлық аймақтарын аралап, елордаға қайтып оралады. 108 деп - тектен-текке алып тұрғанымыз жоқ! Өйткені біз 108 сағаттың ішінде Оңтүстік полюсті де бағындырып, Гиннестің рекордтар кітабына енгендіктен, осы санның ерекшелігін жалғастырмақпыз!

Біз Астанадан Ақтоғайға, содан кейін Қарқаралыға және Семейге барамыз. Семей қаласында экспедиция екі бағдар бойынша бөлініп кетеді. Бірінші топ Алматы облысына барып, сол жақтан бүкіл Қазақстан арқылы өтсе, екінші бағыт Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын атап өту мақсатында Омбыға барып, Санкт-Петербург, Минск, Самара, Орынбор, Мәскеу арқылы жүріп өтеді. Кейін екі бағыт Астанада тағы да бірге кездеспек», делінген хабарламада.

Жобаны Қазақ географиялық қоғамы, Хабар телеарнасы және Арша Медиа ұйымдастырып отыр. 


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама