Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 сағат бұрын)
«Таза Қазақстан»: Түркістан облысының әкімі тұрғындармен бірге ағаш отырғызды

Түркістан облысында жаппай көктемгі ағаш егу дәстүрі басталды. 1 наурыз күні Бекзат шағынауданындағы саябақта өткен экологиялық шараға облыс әкімі Нұралхан Көшеров, құқық қорғау органдарының басшылары, мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйымдар, белсенді жастар мен еріктілер қатысты.

Іс-шара «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында ұйымдастырылып, қоршаған ортаны қорғау, аймақты көгалдандыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында өткізілді. Түркістан қаласында осы күні 1500-ден астам адам қатысып, 5 мыңнан аса көшет отырғызылды. Көшеттердің басым бөлігі терек, қарағаш және үйеңкі болды.

Өңір басшысы Нұралхан Көшеров экологиялық іс-шараның маңыздылығын атап өтті:
"Баршаңызды Алғыс айту күнімен және қасиетті Рамазан айының келуімен құттықтаймын. Өңірімізде «Таза Қазақстан» бағдарламасы қарқынды жүзеге асырылуда. Әр тұрғын өз үйін, ауласын, көшесін таза ұстаса, қоғам да тазарады. Сондықтан қоршаған ортаны бірге қорғауымыз керек. «Бекзат» шағынауданында саябақ салу туралы тұрғындардың өтініші болған, бүгін сол саябақты көгалдандыру жұмыстары басталды. Барлығымыз «Таза Қазақстан» акциясына үлес қосайық," – деді ол.

Акция барысында жергілікті өнерпаздар концерттік бағдарлама ұсынып, тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Көгалдандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.

Экологиялық бастамаға қолдау

Түркістан облысында экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында ағаш отырғызу дәстүрі жыл сайын жүргізіледі. Биыл да көгалдандыру жұмыстары күшейтіліп, қаланы жасыл желекке айналдыру көзделуде. Бұл бастама ауаның сапасын жақсартып, өңірдің экологиялық жағдайына оң әсерін тигізеді.

Тұрғындар мен белсенділердің қолдауымен жүзеге асқан бұл іс-шара Түркістанды көгалдандыруға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама