Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Тыңдағылар

ӘТТЕҢ...

...Күн суық еді. Қарлы жауын себелеп құйып тұрды. Жұмыстан шаршап шығып, оның үстіне бір іспен ұзақ отырып шұғылданып көп талыға қатты ұйқыға кеткен Ваня Подольский, кенет шошып оянды. Ол алғашқыда өзінің қайда жатқанын болжай алмай, біраз ойланып қалды. Көрпесі су-су, өзі әбден тоңған, ұйқылы көзімен жан-жағына қарады. Қап-қараңғы тұңғиық дала. Дәнеңе көрінбейді, ешбір дыбыс та сезілмейді. Күндіз еңбек музыкасын бір тынбастан саябырсыз таратып баққан алқап ұйқыға кеткен. Ваня ақырын қозғалды. Іңірде шатырда жатқаны есінде. Өзінің далаға қалай шығып қалғанына таңданды.

Қандай күш мұны далаға шығарды? Ол қолымен айналасын қармана бастады да, ұйқылы көзімен шатырдың іргесінен сыртқа шығып қалғанын енді ұғып, күліп жіберді. Жалма-жан көрпесін көтере, атып тұрып шатырдың есігінен ішке кірді.

— Бұл кім? — деді бір дауыс.

— Мен. Подольский.

— Не ғып жүрсің?

Ваня болған оқиғаны айтуға ыңғайсызданды да:

— Жай, — дей салды.

Дауыстаған адам сіріңке шақты.

— Көрпеңе жол болсын?..

Бұл совхоздың бас механигі Владимир Кузьмич Афанасенко еді.

Ваня үндеместен, орнына келіп қисайды.

— Білемін, білемін, — деді Афанасенко, — ондай оқиға кеше түнде менде де болған...

Екеуі де күлді.

Ваня бұл түні қайтып ұйықтай алмады. Мұздаған денесін жылытпақ болып қасында жатқан көршісіне тығыла түсіп, көзін де жұмды. Бірақ бұл да көмектеспеді. Басына неше түрлі ойлар келіп, екі жағына кезек дөңбекшумен жатты. Мана ұйқы қысып тез ұмытқан, жанын түршіктірген қолайсыз оқиға енді қайтадан есіне түсіп, көз алдына көңілсіз картина жайылды...

Осыдан екі-үш күн бұрын совхоз комсомолецтерінің жиналысы өткізілді. Осында мұны комитетке секретарь етіп сайлады. Жиналыс соңында бастауыш партия ұйымының секретары Каленич оны алып қалып:

— Ал Подольский жолдас, іске кіріс. Совхоздағы негізгі күш те, жүмысшылардың көпшілігі де жастар. Алда соларға сүйеніп, солармен жұмыс істейтін боламыз. Сондықтан комсомол ұйымына артылатын міндет те зор. Сендер жұмысты жақсы істесеңдер, міндет орындалады. Нашар істесеңдер, жұмыс ақсайды. Осы есінде болсын.

Сол жұмыс бірінші күні-ақ ақсады.

Көктемнің қарасуығы жаңа келгендерді қусырып жіберді. Вагоншаларға жұрт сыймады. Ал шатырлар пана болып жарытпады. Оның үстіне бір жағынан тамақ та мазалады. Өмірі жан баспаған тұлдыр далада асхана, нан пісіретін орындар салып алу мен жүмысшыларды азық-түлікпен жабдықтаудың өзі де үлкен қиындыққа түсті. Кейде ақ боран соғып, кейде қарлы жауынға айналып, құбылып тұрған көктем айында жолсыз түкпірге ауданнан, облыстан азық-түлік, құрал-жабдық жеткізу әбден- ақ әбігерледі. Жас коллективтің алдында: «жұмысты ең алдымен неден бастаймыз?» — деген сұрақ тұрды. Мұның жауабы қысқа болды.

— Үй саламыз...

Үй салмас бұрын әуелі паналайтын жер үйлер орнату қажет еді. Бұл жұмысқа алғашқы күндері жұрттың бәрі жұмылдырылды Механизаторлар да, жай жұмысшылар да, кеңсе қызметкерлері де қолдарына күрек- сайман алып жабыла жер қазды.

Міне, осы жұмыста кейбіреулерден ши шықты.

Кеше екі жігіт жұмысқа шықпады. Оларға Подольский өзі келді.

— Бұларың қалай?

— Бұл сол. Біз мұнда жер қазуға келгеніміз жоқ.

— Не, не?

— Мен радиспін.

— Мен тракториспін...

— Өз мамандығымызды берсін. Совхоз басшыларының бұл істеп отырғаны қылмыс. Біз тура Москваның өзіне жазамыз. Кадрды бұлай пайдалану деген барып тұрған төрешілдік, немқұрайды қараушылық. Бұл, айта берсең адамды қорлау...

— Жә, жетті, — деді Подольский түсін суытып, әшейінде бір түрлі мөлдіреп тұратын сүйкімді көкшіл көзі от шашып, қаймыжықтай жұқа еріндері онан сайын жымырылып, көрінбей кетті де, бозғыл бетіне күп- күрең қан ойнап шыға келді. — Кімге керек мұндай құрғақ демагогия? Дәл қазір мамандық таңдап жататын уақыт па? Қайда адам көбірек керек болса, сонда барып жұмыс істеу қажет боп тұрған жоқ па?..

— Жарайды, секретарь, үгітке тоқпыз...

— Мен үгіттеп тұрғаным жоқ. Мен шынымды айтып тұрмын. Совхоздың іргесін салып, техникамен толық жабдықталғанша басқа қауырт жұмыста бола тұрмасқа шара жоқ. Осыны ұғу керек. Сендер басқадан артықсыңдар ма, неге қарамайсыңдар, әне, анау адамдарға. Онда неше түрлі маман жүр. Ал, олар сендер сияқты құрғақ заң соғып, қиындықтан бас тартып отырған жоқ, белшеден саз кешіп, жұмыста жүр.

Осыны айтты да, жер үй орнатып жатқан адамдарға Подольский қадала ұзақ қарап тұрды. Ту далада жаңа өмір жасауға жан-тәнімен берілген сол тамаша адамдардың ынтымағына мыналар да бір көз тіксінші, мүмкін, ой түсер деп ол әдейі назар аударды. Алайда, жан сала қимылдаған еңбек ерлердің ісі әлгі екеуіне титімдей де әсер етпеді. «Бізге өз мамандығымыз керек», — дегеннен жазбады олар.

Подольский үгіттеп те, ренжіп те, жауапкершілікті өздеріне арта тілек етіп те көріп еді, онысынан ештеңе енбеді. Лажы таусылды, ешқандай ықпал жасай алмады. Мұнысына қатты қынжылып, өзіне ыза да болды. Ақырында: «Кешкі сағат 8 де Комитетке келіңдер. Сендермен сонда сөйлесеміз», дегенді ғана ескертіп, іштей күйініп, іштей булықты.

Айтылған уақытқа бұлар келмеді. Комитет мүшелері күтіп- күтіп, үйлеріне тарады. Подольский комсомолецтердің есеп карточкасын реттеп, олар кеткен соң да ұзақ отырды.

Бір кезде есік жақтан тықыр естілді. Күндізгі радиспін дейтін жігіт келді, ішіп алған, қып-қызыл...

— Иә, Горшков, Комитетке неге келмедің? Жолдасың қайда?

— Неменеге келеміз?

— Сен комсомолецсің ғой, оны білемісің?

— Болсам қайт дейсің?

— Сендейді комсомол тәртіпке шақырады.

— Тәртіпке шақырғанда, не істейсің?

Осы сияқты кикілжің сөздермен Горшков іліп-шалып, адамша сөйлесуге илікпей қойды. Подольский оған даусын көтере: «Сен өзің қайда өскен, қайда тәрбиеленген жансың?.. Мұндай тон мойындықты, тұрпайылықты саған кім үйретті? Комсомолец деген» дей бастап еді. Анау сөзін бөліп:

— Не. соны айтшы, — деп шап етіп, беттен алды.

— Маған ба, маған керегі, — деді Подольский оның көзіне көзін қадай сұстанып, — сендейлерге комсомолдық ардақты атты кірлетпей...

Анау тағы да киіп кетті.

— Қорқыттың сен мені!.. Комсомолдан шығармақ екенсің ғой, Ал шығара ғой.

Подольский оның көзіне тағы бір қадала қарап, ішкі дүниесін барлады. Бұл адамнан ешқандай жан толқыны сезілмейді. Ұялу, қиналу, күйіну дегеннің лебі де жоқ, дүлей кескінде, қатыгезденіп, мелшиіп тұрды.

Секретарь шошынғандай, өңі бұзылып сала берді. Алдында комсомолец емес, әлдеқандай адам пішінді, жиренішті бірдеңе тұрғандай, өне бойы шымыр-шымыр етті.

Бұдан кейін ауызға сөз де түспеді. Жиренішті жан көз алдынан кеткенше асықты.

— Кет! — деді бір айтқан сөзі...

...Осы бір адамсымақ Подольскийдің дәл қазір көз алдына кеп тұрып алды. Оның сол бір сазарған сұмпайы тұрысы қанын қайнатып, тоңған денесін онан сайын тітіркендірді. «Мұндай да арсыздар болады екен-ау» деп ойлады ол. — Кім жіберді екен мұнда?..» Мұндайды ол өмір бойы бірінші рет көруі еді...

— Ваня, сен әлі ұйықтаған жоқсың ба? — деді Афанасенко оның дөңбекшіп жатқанын сезіп.

— Ұйқым келмейді, Кузьмич.

— Сүйген қызыңды сағынып жатырсың ғой, ә? Әй, жастық жастық!..

Афанасенко Подольскийден небары тоғыз жас қана үлкен, 1925 жылы туған жас жігіт болса да, үй- семьясы барлықтан ба, Подольскийлер алдында өзін «қарт» есептейтін. Мінезінің байсалдылығы ма, әлде егделікті, ағалықты, ақылшылықты көрсететін бойында бір ерекше қасиеті барлықтан ба, совхоздағы үлкен де, кіші де оған ізетпен «сіз» деп сөйлейтін де, ылғи Кузьмич деп атайтын. Мұнда бір өзімсінгендік, жақындық, жақсы көргендік сезілетін еді. Сол Кузьмич Ваняға да қадірлі аға еді.

— Ол да бар, — деді Ваня күрсініп.

— Әлі хат жоқ, па?

— Жоқ.

— Шынында да қиын екен, достым...

Ваняның күрсінетін жөні бар-ды. Донбастан өзі тіленіп, осында, тыңға аттанарда сүйген қызы Надямен кездесе алмады. Қазақстанға бұларды облыс орталығы — Сталино қаласынан аттандырды. Сонымен өзі мен Надя тұрған станцияға бұлар жолдан соғуға тура келді. Сталинодан Надяға телеграмма берді, бірақ Надя қарсы алмады. Алдынан шыққан жолдастары оның неге келмей қалғанын білмеді. Жүрегімен жүрегім жалғасты деген жан жақыны, ең аяулы адамы алыс жолға шығармай, қайырлы сапар тілеместен хабарсыз қалуы жігіттің жанына қатты батты. Бұл оған өте түсініксіз жұмбақ еді. Ізгі махаббат, тәтті армандар лезде ұмыт болғандай, қыз осы бір ғана ісімен сүйген жігітінің көңіліне ұмытылмас қаяу салды. Туған жерден жігітіміз мұңайып аттанды да, туған жерге алғашқы хатты мұңайып жазды. Оның үстіне сол бір хаты жауапсыз, әлі күнге хабар-ошарсыз кетіп барады...

— Өмір деген қиын екен, Кузьмич, — деді Ваня ақырын күрсініп.

— Е, Ваня, Ваня! Қиыншылықтың бәрі де уақытша нәрсе...

— Жоқ, мен мұндағы тұрмысымды айтпаймын... жалпы, — деді де, Ваня бөгеліп қалды.

— Үй де саламыз. Надядан да хат аламыз. Оны тыңға шақыратын да боламыз. Ваня! Саспа, достым.

Кузьмичтің даусынан бейне жас баланы уатып отырғандай бір әлди сезілді. Бұған Подольский ішінен ренжіді... Мен бір рақат іздеп келгендей мұнысы қай уату?.. Надямнан жақсылық хабар жетсе суық шатырың да, сызды жер үйің де маған зәулім сарайдай көрінер еді. Әттең!..

ПАРТОРГ

Горшковтың оқиғасын Подольский ертеңіне Каленичке айтуға келді. Каленич жаңа ғана біткен, іші әлі сырланбаған суық кеңсенің бір бөлмесінде көнетоз малақайын баса киіп, шылымды үсті-үстіне сорып, тұнжырап отыр екен. Өні жұқа, қабағы қатыңқы осы жүдеу адамның мінезін Подольский тек соңғы күндері ғана аңғара, біле бастаған еді. Шынын айтқанда, бұл алғашқы күндері оған іштей ренжіп те жүрді. Тұйық, ашылып сөйлемейді, жарқылдап күлмейді, өзін ылғи жабырқау адамша томаға-тұйық ұстайды. Подольскийдің ұғымында: парторг ақжарқын, халыққа жұғымды, өте көңілді адам болуға тиіс сияқты көрінетін. Ал парторг дегеніміз де адам екенін, олардың да әрқайсысында өзіндік мінез, өзіндік даралық болатынын Ваня есепке алмайтын. Рас, партия өкілі екен, ол басқадан ұстаздық қасиетімен жоғары тұруға тиіс. Жұртша сезініп, қарапайым жұртша тіршілік ету деген онда болмасқа керек...

Каленичтің мінезіне Подольский жүре келе түсінді, дәлірек айтсақ, үйренді. Осы көп сөйлемейтін, тұйық адам жұмысшыларға, әсіресе, коммунистерге көп ұзамай- ақ ұнады. Қайда барса да, оған деген бір құрмет байқалады. Оның бойындағы қасиетті де Подольский енді көре бастады. Бұл адам үндемей жүрсе де (керек жерінде, әрине, үндейді), істі тындыра жүреді. Подольский оның аңғарғыштығына, сезгіштігіне таң қалады, қайда кемшілік болса, әлдеқандай іс орнына келмей жатса, басқадан бұрын оған үндемей жүріп соның көзі түседі. Әсіресе, адамдар мүддесіне дегенде жанды салып жібереді... Оның үстіне бұл адам өмірі екі сөйлемейді. Айтса, орындайды. Басқалардан да соны талап етеді. Әрі әділ, әрі турашыл мінезі де қызықтырады. Ешкімнің ажарына, мансабына қарамайды, кемшілігін бетіне айтады да, дұрыстықты сілтейді... Подольскийдің ұғымымен айтқанда бұл тұйық адамға осы қасиеттерінің өзі-ақ құрмет әкелген еді...

Сол сырмінез бола бастаған қадірлі адамының алдына кеп, Подольский бөгеліп қалды. Оның іштей қатты күйініп отырғанын көрді. Мұны ол тартқан шылымынан байқады. Ашуланғанда, жұмыстан бір ақау тауып, ренжігенде яки біреуге қатты кейігенде малақайын баса киіп, шылымды үсті-үстіне тартатын Каленичтің әдеті еді...

Бірдеңе айтқысы келіп бөгеліп тұрған Подольскийге ол өзі бұрылып:

— Немене, Ваня? — деді.

Подольский өткен түнгі оқиғаны айтты.

— Иә, енді не істеу керек деп ойлайсың? — деді ол мұның өзіне қадалып.

— Сізбен ақылдаса келдім... Меніңше, оны комсомолдан шығару керек қой деймін.

— Неменесін шығарасың, — деді ол суық жымиып, — ол деген комсомолец не екен? Біреулердің ашық, ауыздығымен билетті қолына кездейсоқ түсіріп алған бір сұм ғой... ұқтың ба? Дереу өмір тарихымен таныс. Кім болған? Не істеген? Біл. Маған содан кейін кел. Сөз, іс сиқына қарағанда бұл жастайынан теріс жолға түскен, қылмысқа үйренген, тіршілігі лас, бізге кездейсоқ тап болған жат элемент. Әдетте, мұндай тарихи ұлы істе жолбикелер де кездеседі. Оларды кезінде көріп, кезінде әшкерелеп отырмаса болмайды. Сау организмге ондайлар у себеді...

— Тез тайдыру керек қой...

— Тайдыруды қоя тұр. Айттым ғой әуелі біл, кім екен? Қолданатын шарамызды да оның кім болғаны шешеді...

Бұдан кейін Каленич Подольскийге әр комсомолецті жеке- жеке зерттеп, біліп отыру, олардың келген ұйымымен хат жазысып, пікірлесіп тұру қажеттігін, ал бірақ комитет мұндай жұмыспен шұғылданбай отырғанын, алда бұл мәселе ұмытылмауын ескертті.

Подольский кеткен соң да Каленичтің аузы шылымнан босамады. Денсаулығы нашарлығына қарамастан, шылым өзіне өте зиян екенін біле тұра, осындай кейігенде, күйінгенде, ол амалсыз папиросқа жүгіретін. Мұны өзінің бір үлкен кемшілігіне санайтын... Бұл, шынында да солай еді..

Ол бүгін жоғары мекемелердің біріне кейіп, түтігіп отыр. Бұған себеп болған жұмысшы комитетінің председателі Федор Петрович Мартыненко. Жаңа коллектив құруда комсомол ұйымы мен кәсіпшілер одағы, бастауыш партия ұйымына, дирекцияға үлкен тірек болатынын есепке ала отырып, бұл ұйымдардың дереу іске кірісуін талап еткен. Комсомол ұйымы ептеп қозғала бастаған сияқты. Ал кәсіпшілер одағының совхозда бар-жоғы әлі сезілмейді. Осыны аңғарған Каленич соңғы күндері Мартыненконың өз басын зерттеуді колға алды. Оның ұққаны мынау болды: бұл кәсіпшілер одағының жұмысы деген не екенін білмейтін, өте олақ қызметкер. Бұл бірақ, әлдеқалай біреу емес, партиямыздың шақыруына жауап ретінде орталық мекемелердің бір жіберген «қайраткер» болатын. Осындай жауапты жұмысқа бұл сияқты іс білмейтін, кәсіподағы жұмысымен таныс емес жолдасты жібере салуы, сайып келгенде, Сентябрь Пленумінің қаулысына, тын көтеру, жаңадан совхоз құру мәселесіне орталықтағы кейбір жолдастардың өзі немқұрайды қараушылығынан туған жауапсыздық еді. Каленич, міне, осыған күйінді. «Осындай жауапсыздық қашан құрыр екен?! Пәлендей маман бөлдік деп шетке қағылғандарды жібере салу жойылмай, біз селолық жердің мәдениетін көтере алармыз ба?»

Мартыненко келді. Ол кеше жиналыс өткізуге егіс басындағы трактористерге кеткен. Каленич, міне, соны күтіп отырған.

— Федор Петрович, қалай, бригадаларда жиналыс өткіздіңіз бе?

— Жоқ, өткізе алмадым.

— Неге?

— Адам жиналмады...

Мартыненконың бұл екінші рет сәтсіз қайтып оралуы еді. Өткен жолы да осындай сылтау айтып, егін басына бір түнеп қайтып келген.

Каленичке ой келді. Бұл өзі кәсіподақтарының жұмысына олақ болғанымен былайынша байсалды, ар-ұяты бар адам.

Оның үстіне маман, агроном. Жұмыста көз бояушы деуге де болмайды. Ал одан жұмысты қаншама құр талап еткенмен ештеңе өнетін түрі жоқ. Мұнда бір себеп бар. Бұл себепті қалайда білу қажет. Осылайша ұйғарған Каленич оған мынаны айтты:

— Жақсы, Федор Петрович, сіз бүгін жиналыста сөйлейтін сөзіңізге дайындалыңыз. Ертең егіс басына екеуміз барамыз.

Ертеңіне бригадаларға, айтқанындай- ақ екеуі келді.

Жұрт жиналды, жиналыс басталды. Амал бар ма, Мартыненкоға сөйлеуге тура келді. Каленич өзі ойлаған мақсатына жетті. Оның неге жиналыс өткізбейтіннің себебіне енді қанды. Бақса, бұл жолдас кәсіподақтың жұмысынан ештеңе білмейтіндігі былай тұрсын, тіпті ең аяғы жиналысты қалай өткізу, қалай басқару керектігінен де хабары аз екен. Осыдан барып, жиналыс өткізуге, жұрт алдына шығып сөйлеуге жүрегі дауаламай, қарадан қарап жүріп қысылатын болған. Мұны айтуға арланған...

Бір күні ол бірінші рет топ алдына сөйлеп, жиналысты басқарды. Бірте-бірте кәдімгідей еркін сезініп, өзін бұрынғыдан едәуір пысық ұстады. Бұл оқиғадан кейін Каленич оны совхоз басшыларының бір отырысында қатты қорғады. Оны босату керек дегенде ол қарсы болды. «Үйретеміз, тәрбиелейміз» деді ол. Үйрету, тәрбиелеудің басы жаңағы еді.

Комсомол комитеті жөнінде Каленич қателескен еді. Жалпы алғанда, комитет жұмыс істей бастағанмен, бірақ. нағыз өз дәрежесінде қызмет атқарудан әлі алыс еді. Бұл секретарьдың тәжірибесіздігінен немесе оның бұл жұмысты қосымша қызмет ретінде атқарғандығынан ғана емес, мұның одан басқа да елеулі себебі бар-ды.

Комитеттің құрамын сайларда Каленич те қатысты. Комсомолецтер құрамға өздері білетін, қолынан іс келеді деген жолдастарды ұсынып жатты. Сонымен қатар ісі, мінез-құлқы әлі таныс емес, тек сөзі, жүріс-тұрысы пысық кейбір комсомолецтерге де сенім көрсетілді. Сөзге ұста пысықтың бәрі іскер бола бермейтінін, атақ құмар, мансапқор кейбір қулар сондайда сұлу сөзімен көрініп қалуға тырысатынын жастар сезе бермесе де, Каленичтің білуі ықтималды. Бірақ білгенмен басқа лажы болмады. Үндемегендердің ішінде не жатқанын аңғару қиын еді, сондықтан еті тірі, жүріс-тұрысы ширақ деген біреулер комитеттің құрамына етті. Мұндайдың кандидатурасын Каленич те қостап, ұйымдастыру комитетіне өз пікірін білдірді. Партия ұйымының өкілі құптаған соң комсомолецтер бір ауыздан қостап әкетті.

Білмеудің салдары кейін білінді. Комитетке өткендердің ішінде тек сылдыраған сөзге ғана ұста, іске олақ, айқайға, даурығуға құмар, көзге түсуді, жұмыс істеген түр көрсетіп, босқа жүруді жақсы көретін берекесіз жалған белсенділер кездесті. Алғашқы бір мәжілісте- ақ бұл аңғарылып қалды. Мәселе шешуде комитет мүшелерінде бірлік болмады. Бірінің пікіріне екіншісі қарсы шығып, құлақ аспады. Мұның аяғы комитеттің беделін түсіруге бет алды...

Бұл жағдайды бірінші аңғарып, бірінші дауыс көтерген қатардағы комсомолецтер болды. Олар жиналыстарда комитеттің жұмысын сынға алып, жеке мүшелерінің басындағы «кеселді» батыл көрсетіп, батыл емдеді. Ақырында комитеттен мұндайдың бір-екеуін кетіруге дейін мәселе қойылды... Комсомолецтердің талабы орындалды. Комитет мүшелері іріктелді.

БАЕВ

Совхозда барлық салада жұмыс қызды. Әр жақты, үртіс істің қарқынын суытып алмау мақсатымен совхоз басшылары міндетті бөліп алысты. Директор Балдин жалпы басшылық үстіне ең басты участокты — құрылыс материалдарын алдырумен шұғылданды. Ал құрылыс салуды басқарысу құрылыс инженері Ржовқа тапсырылды. Бас агроном Тупалов жермен, егіспен, Афанасенко техникамен айналысты.

Бұл күндері совхоз орнаған алқаптың көрінісі де өзгерген еді. Әсіресе, дала жаңа бір келбет тауып, бұрынғы ақтаңдақ бозғылт жондар орнына желді күнгі теңіз беті сияқты толқи бұйраланған қап-қара, тұп-тұтас жойқын кеңістік пайда болды. Бұл қара бұйра кеңістік күн сайын аумағын үлкейтіп, Новосибир облысының шекарасына қарай созылып кетті. Бір жерден емес, әр жерден соқа тиіп, осылай қанат жайған егістік келешек байлықты елестетіп, тың көтеруші ерлердің өз еңбегіне деген сенімін күшейтті.

Сол көтерілген тыңға көз тастап, көңілді бір пішінмен адымдай басып келе жатқан Тупалов, кенет, қабақ шытып, кілт тоқтады. Бұл кілең комсомол жастардан жақында ғана құрылған 4 бригаданың жыртып жүрген участогі болатын.

Басқаларында жұмыс әлдеқашан қызса да, бұл бригаданың егістегі тарихы жаңа ғана басталған еді. Алғашқыда тракторлар толық жеткізіліп үлгермегендіктен бұл бригаданың мүшелері бұған дейін үй салумен айналысып келген. Павлодардан таяуда трактор алып қайтқам соң ғана олар тыңға бірінші рет соқа салды...

— Баев, бері кел, — деді Тупалов бригадирді шақырып...

Аласа бойлы, жағы сопақтау келген, кейін қайырған қоңыр шашы әжім түскен соң маңдайынан, екі самайынан алыстап кеткен, келте мұрын, қара торы жас жігіт аяғын асықпай басып агрономның қасына келді.

— Мұнша саяз жыртуға бола ма? Неменеге керек бұл? деп Тупалов жыртылған жерден көз алмай кейістік білдірді.

— Соқа алмай жатыр, Иван Никитович.

Бригадирдің даусында ыңғайсызданғандық болса да, үні күйбеңсіз нық шықты.

— Міне, қызық. Соқа алмады деп жерді құр айғыздап шығу керек пе. Көтереді екенбіз тынды!..

— Жер айғыздалмайды, тілінеді! — деді Баев, сөз саптауына қарағанда айтуында әлдеқалай зіл бар-ау деп қалар едіңіз. Ал, расында, ондайдан зәредей де белгі жоқ-ты. Өзімен-өзі сөйлесіп тұрған адамдай баппен, сеніммен ол мұны ойланып айтты.

Тупалов Баев сырына едәуір қанық-ты. Оның трактористік өнерін өзі біледі, ал адамгершілігі, еңбек сүйгіштігі, ұйымдастырғыштығы, тәртіптілігі жер үй қазуда, үй салуда айқын көрінген. Бұл бастаған трактористер алғашқы қиын күнде керемет төзімділік көрсеткен, бірен-саран тайсақтағандарға ықпал жасап, еңбекте ұйтқы болған. Сондай саналы адамның жұмысынан ақау табылуы Тупаловқа бір жағынан ауыр тисе, екінші жағынан оның жаңағы қорғасындай салмақты сөзін естіп ойланып қалды.

— Жұмысымыз өз көңілімізге де қонбай жатыр. Таяу күнде бір өзгерістер жасармыз деп ойлаймыз, — деді Басв өз ойлағанын келте қайырыл.

— Уақыт өтіп барады, Баев...

Агроном бұдан кейін үндеместен ілгері кетті. Тағы да мін табар ма екен, деген адамша Баев одан көпке дейін көз алмай, ұзақ тұрды. Тупалов қайтып бұрылмады. Баев одан көз алмаған күйі трактористерге қарай аяндады.

Иван Петрович Баев жасы әлі отызға жетпесе де, көргені, білгені, бастан кешіргені көп, еңбекте, өмірде әбден ысылған алғыр жігіт еді. Оның бұл қасиеттері сыр- мінез адамды былай қойып, бірінші көрген, бейтаныс адамның өзіне де бірден аңғарылар еді. Бұл адаммен тез үйлесетін, ақжарқын, кішіпейіл жан. Одан әңгіме тыңдаудың өзі сондай қызықты. Егер дәмдес боп, сөйлесе қалсаңыз, талай қызық әңгімеге қандырады және тыңдаушысының көңіл күйін ұға отырып айтады.

Сізді қызықтырмайтын жайлардан аттап, түйінді оқиғадан керегін ойып алады. Оның үстіне әңгіме қызықты болсын деп орынсыз әсірелемей, аспай-саспай, көкейіңізге қондыра жай ғана баппен баяндайды.

Осындай сабырлы, ойлы озық жігіттің жеке өмірінде көп қайғылы жайлар бар еді. Әкесі Отан соғысында қаза болды, үй іші соғыс жылдарында фашист басқыншылардың уақытша тепкісіне түсіп, күйзелді. Бірақ ер солдатты бұл да жасытпады. Біртіндеп сол қайғылар ұмытылды. Бір ғана, бір ғана қайғы ұмытылмай келеді. Бұл бөбек қайғысы, жар қайғысы. 1951 жылы Баев жар сүйді, үйленді. Кейін нәресте көрді... Бірақ бұл қуаныш ұзаққа бармады. Сүйісіп қосылған адамымен аралары біртіндеп суып, аяғы ажырасумен тынды.

— Неліктен бұлай болды? — деген сұраққа Баев ойлана, қинала отырып жауап береді.

— Бұл қиын сұрақ. Мұндайда кісі өзін кінәлымын деп есептемейді. Бақытсыз семьядағы бақытсыздықтың басқаға жете, ұғыла бермейтін түрлі-түрлі себептері болады. Оны қазбалап, «мен солай едім, ол бұлай болып шықты» деп кінәны сергіте аударып жатудың да реті жоқ. Тыңдаушы сенің өз аузыңнан естіп отырғандықтан, мұндайға онша илана да бермейді... Сондықтан қалай деу керек?.. Кім білсін, мүмкін, Семья құра алмаған кінә менде шығар?.. Мүмкін... Әйтеуір төзіп болмас ауыр жағдайға, таусылмас кикілжің, кірбің қарым- қатынасқа ұшырауым анық... Бәрін де, бәрін де бүлдірген әйелімнің өгей шешесі. Алғашқы шатақ та содан туды. Арамызға от та соның қырсығынан түсті. Бұл өзі ұзақ жыр... Көңілсіз жыр...

Жайшылықта әңгіме айтқандай мұртынан жымия бір күліп қойып, я бір мақалмен, я бір тапқыр сөзбен әңгімесін тұздықтай отыратын әдетін бұзып, ол бұл сәт тұнжырап төмен қарайды. Ылғи күлкі байқалып тұратын дөңгелек қоңыр көздерінің аясына қайғы толып, едәуір үнсіз отырып қалады. Өкінішті қайғы мен сағыныш жүрегін қосыла езе түскендей ауыр күрсінеді.

— Әйеліңіз жазықсыз болса, қайта қосылу керек қой.

—- Мен сондай тілеймін. Ол көнбейді... шешесі көндірмейді...

Сіз өмірі көрмеген, білмеген алыстағы, сонау Молдавиядағы бейтаныс жарға ренжисіз. Мынадай тамаша адамды жүдетіп, жастар жүрегін ұқпайтын өзімшіл, қатыгез, надан шешенің шылауында кетуі, сәбиді әкеден, әкені сәбиден бөлуі, өзінің де, мұның да қуанышын, бақытын аяққа басуы жөн бе еді. Ерінен ағаттық болса, бір жолға кешуі керек емес пе еді!..

Далада өмірді жаңадан жасап жатқан, жардың сәбидің, ұрпақтың жақсы өмір сүруі үшін қиындыққа көніп, тың қопарған ердің, үлкен жүректі азаматтың жайған құшағына қайта оралу қорлық болғаны ма!.. Алыстағы жар, ойландың ба сен мұны? Енді бір ойланып көрші!.. Өкпе, наздарды осы бір үлкен сезім қалай ұмыттырмас екен?! Бір кездегі шоғы мол ыстық жүрек қайтып тұтанбас екен!.. Егер, егер, сүйгенің рас болса, сөз жоқ, сөз жоқ, тұтанады!..

Баев қоста демалып жатқан тракторист Гриша Тофанға келді. Ол өзімен Молдавиядан бірге келген, алғашқы рет тракторды осыдан оқып үйренген, әрі шәкірті, әрі ең бір жақсы көретін, қадірлейтін жолдасы еді. Гриша ұйықтап жатты. Баев оған үңіліп сәл қарап тұрды да, аяғын еппен ұшынан басып кейін шегінді. Түнімен тың көтеріп, әлгі әзірде ғана қайтқан досын оятуға ол аяды. Не істерге білмей, бригадир сол бетінде біраз тұрып қалды.

Дала жұмысы басталғаннан бері одан тыныштық қашып еді. Бұл трактор жұмысында, оқытушылық қызметінде өмірі сағы сынған немесе соңына қолайсыз сөз еріп көрген жан емес-ті. Оқытушылық қызметте үлгілі, трактористік жұмыста үздік еді. Сол Баев, талай рет трактор бригадасын бастап көрген тәжірибелі Баев, тыңға соқа салған күннен бастап күйінен жаңылды, кібіртікке түсті. Ол бастаған бригада берілген тапсырманы орындамайды. Тупалов айтқандай: арагідік айғыздау да бар. Осыларды көре, ұға жүріп, бригадада жұмысты жолға қоя алмай отырғаны оның арқасына өткір қамшыдай тиіп, жанын осиды... Неге жұмыс өрбімейді? Техникадан ба дейін десе, онысы мүлде көңілге қонбайды. Қуаты мол су жаңа тамаша машиналар... оған шүбә келтірудің өзі ұят. Адамдардан ба?.. Бұған да ауыз бармайды. Көбі өзі білетін, бірге қызмет істеген, тыңға бірге келген сырмінез трактористер... Рас, жұмысы көңілге қонбайтын, ісінен сөзі көп, өкпешіл, бастықтарды сыртынан жазғырғыш, «ананы ұқпайды, мынаны ұқпайды» деп аяқ басса наразылық айтып күңкілдеп жүретін. Бірақ өз қолдарынан ештеңе келе бермейтін «білгіштер» де жоқ емес. Көңілі түссе, жұмысты жапыра істеп, көңілі түспесе, қырсауланып қалатын бірен-саран жігіттер де есте. Іске ықласты, білуге құштар, бірақ тракторға еркін машықтанбаған Витя Дучак сияқты жас тракторист те бар...

Осындай алуан түрлі адамдар коллективін бұрын таныс емес жаңа жағдайда, жаңа жерде басқарып, салған беттен шырқатып әкету қанша тәжірибелі десек те, Баевқа оңай тимеген еді. Ол күні-түні дамыл таппай әбігерге түсті. Барлық уақытын егіс басында өткізеді. Бригада мүшелеріне тынбай жүріп ақыл да береді, жұмысты олардан талап та етеді, кейде жеке трактористерге қолма-қол көмектесіп те жібереді. Соның бәрі өзі ойлағанындай жеміс бермейді. Шұбалан жүріс, іркіс- тіркіс сабылыс, іс орнына келмеген өнімсіздік азаймай отырғаны сезіледі.

Баев мұның себептерін өзінше ұғынған да тәрізді. Таныс емес жаңа жағдайда, жас коллективте жұмыс бір арнаға түспей, еңбек тәртібі қалыптасқан дағдыға келе алмай, бірде олай, бірде бұлай ауытқумен жүргендей. Осыны тез арада жүйеге салу үшін шебер басшылық, ұйымдастырушылық қабілет керек. Бұл қабілет бір ғана онда емес, оның көмекшісінде де болуы қажет. Трактористермен қоян-қолтық араласатын, бригадир белгілеген күнбе-күнгі жұмысты қолма-қол басқаратын, жүзеге асыратын, әрбір трактористен жұмысты сағат сайын талап ететін, коллектив мүшелерін саналы тәртіпке тәрбиелейтін ең алдымен бригадирдің көмекшісі болмақ қой. Баевтың байқауынша көмекшісінің бұл міндетін атқаруы былай тұрсын, басқару жұмысында бұған ешқандай себі тимей келеді. Жүруін жүреді, аралауын аралайды. Бірақ тындыратыны шамалы. Бос әбігер, бос жүріс. Бұл бірдеңені тапсырса, орнына келтірмейді... Оған сенген жұмыстары ертеңіне орындалмай қалады. Баев оған ренжиді, кейиді. Қатты да, ақырым да айтады. Ол ұялған да болады. Бірақ, жеміссіз ұялыс.

Ол былайынша жаман маман емес, тракторды жақсы біледі. Бірақ, басқаруға, ұйымдастыруға келгенде ісі көңілдегі жерден шықпайды. Оның үстіне мінезі де тым жұмсақ, көңілшек, босаң, талап ету дегенді одан сирек көресіз.

Сонымен бұл адам ұйымдастыру, басқару жұмысынан іс жүзінде шет қалды. Оның орнына Баев қосарланып өзі жүреді. Бұл оның көп уақытын алып, нақты шұғылдануына тиісті көп мәселелеріне мойнын бұрғызбай, аяқ-қолын жіпсіз байлайды. Сөйтіп жүргенде уақыт зымырап өте береді.

— Жақсы, іскер көмекші керек!..

Ары одан осыны талап етеді. Осыған іштей қулай беріліп, көмекші сұрауым керек деп ұйғарса да, әлденендей ой түсіп, бөгеледі. «Мұным сонда қалай болғаны? Неге көмекшіге ғана шұқшиямын? Мына мен қайда қаламын? Өзімнің дәрменсіздігімді біреуге жауып, бәріне де сол кінәлы деуге қандай қақым бар? Қалай дегенмен де бригадаға шұғыл өзгеріс қажет. Бұдан әрі төзуге болмайды. Қап, Гришаның оянбауын қарашы! Онымен ақыл қосу керек еді. Мүмкін...»

Кузьмичтің даусы құлағына шалынды да, Иван Петрович бойын жиып алды...

НЕГЕ БҰЛАЙ?

Құрылыс жұмысының жоспары артығымен орындалып жатса да, жұмысшыларды үймен жабдықтау совхозда ең. бір қиын мәселе боп алды. Мұнын бір себебі бар еді. Совхоздың орталық тұрағы алғашқыда 350 адамға есептелген-ді. Құрылыс та, азық-түлік те, басқа да керек жабдықтар осыған сәйкес жоспарланып, іс, тіршілік көлемі шағын ғана болып белгіленген еді.

Далада орнап жатқан жаңа өмір бұл меженің шеңберіне сыймады. Ол өз заңымен келді... Әуелде жеке басы ғана келгендер біраз жайғасқан соң, семьяларын алдырды, кейбір салт бастылар тұрмыс құрап, үйлі-күйлі бола бастады. Ал, енді біреулер баста уақытша көмекке келіп, артынан совхоздың тұрғыны болып осында тұрып қалды. Осындай түрлі себеппен жаңа орнап жатқан қалашықта адамдар саны аз уақытта мыңға сілтеп кетті.

— Бұл — басында ойланбаған, ескерілмеген қиыншылық әкелді. Үй жетпеу былай тұрсын, азық-түлік тапшылығы, әсіресе, нан тапшылығы барған сайын қатты сезілетінді шығарды.

Совхоз басшылары бас қосып, бұл мәселені талқыға салды, ойласты. Бұдан туатын қиыншылықтарды да көрді. Соның, бәрін өлшеп, салмақтап көргеннен кейін олар өз тіршілігінің қазіргі бет алысы, құлашы дұрыс, ал қиыншылықтар уақытша нәрсе деп санады. Олар мынандай қорытындыға келді: ешкімді кері қайырмаймыз. Семьясын алдыртамын дегендерге қарсы болмау былай тұрсын, қайта қолма-қол көмектесеміз. Бізге сол алдырғаны дұрыс. Жұмысшылардың семьясы көбеюі қорқыныш емес, қуаныш. Олай болса, барлық күшті үй қиыншылығын жеңуге жұмсайық. Ал азық-түлік, қосымша құрылыс материалдарын алу мәселесін тиісті орындардан сұрайық талап етейік...

Совхоз басшыларының ойлағанынан мәселе әлдеқайда қиын болып шықты. Облыстың совхоздарды азық-түлікпен жабдықтайтын мекемелері олардың бұл талаптарына қарсы дау айтып, «заңға сыймайтын іс» деп қарады. Ал совхоз басшылары да қарап қалмай оларға өз дәлелдерін кесе-көлденең тартып, талаптарын орындауды тағатсыз тілеп бақты. Ақырында облыс мекемелері «бұрын белгіленген норманы көбейту біздің қолымыздан келмейді» дегенді айтып, өздерің жауапкершіліктен арашалады. Бұдан ештеңе өнбесін білген соң совхоздағы жолдастар облыстық басшылық орындарға арыз етті.

Солардың тікелей араласуымен ғана азық-түлік тапшылығын біртіндеп жеңе бастады.

Ал құрылыс материалы жағынан совхоз дәл мұндай қиындыққа ұшырамаса да, қолда бар мүмкіншілікті пайдалануда, үй салу ісінің қарқынын күшейтуде тағы сүрінді. Шағын коллективке есептеліп белгіленген құрылыс жоспары артығымен орындалып жатыр деген күр аты болмаса, үй салу қарқыны іс жүзінде совхозда тұрмыс мүддесі тілеп отырған пакты талаптан көш кейін қалды. Бұған ең бірінші кінәлі совхоз емес, үй салушы подрядчиктер еді. Совхозда құрылыс салу жұмысы н жаз түсісімен көршілес Новосибир облысынан келген подрядчиктер қолына алды. Олар совхозбен шартқа отырды. Совхоз материалмен, қажетті жұмысшы күшімен жабдықтайды. Аналар совхоздың көмегіне сүйене отырып үй салады.

Көп ұзамай-ақ мұның бір үлкен қолайсыз жағы байқалды. Бұл порядчиктер өз алдына мекеме. Олар совхозға, совхоз қарасты ауданға яки облысқа жұмыс жағынан да, қоғам ұйымдары тарапынан да бағынышты емес, тек өзі келген облыстағы тиісті орындарға ғана бағынады. Сондықтан үйдің иесі совхоз болса да, құрылыс ісіне совхоз қол сұғуға, олардан жұмыс талап ете алмады. Тек шартта көрсетілген жайларды сырттай талап етумен ғана тынуға амалсыз мәжбүр болды. Бұл қиыншылықтар құрылыс жұмысы ойдағыдай жүріп жатқан жағдайда сезілер ме еді, жоқ па, ол өз алдына әңгіме. Ал мына жағдайда, құрылыс жұмысы олқылықта отырғанда, мұның сезілмеуі тіпті мүмкін болмады.

Құрылыс бастығы Хорошов қолынан іс келмейтін, маскүнем біреу болып шықты да, діңкені құртты. Ол құрылысшылар коллективы басқара алмады. Күшті дұрыс бөлуді, олардан іс талап етуді білмеді. Жұмыс жүйесіз, тәртіпсіз жүргізілді. Бір үйдің іргесі қаланып, енді бір үйдің орны қазылып барып тұрып қала берсе, екінші бір үйдің төбесі жабылмай, үшінші үйдің терезесі салынбай, ылғи осындай шала жұмыс көбейді. Еденіне тақтай төселмегендіктен немесе пеш орнатылмағандықтан, терезеге әйнек қойылмағандықтан, бітіп тұрған көп үйлердің өзі іске қосылмай, тұрып қалды.

Арқаларына үй мұқтаждығы батқан осы жағдайларды көзімен көріп отырған совхоз коллективі іштері қазандай қайнағаны болмаса, ештеңе істей алмады. Хорошов бұлардың сөзіне құлақ аспады. Бірдеңе дей бастаса: «Сендер маған әмір ете алмайсыңдар. Менің өз мекемем, өз қожам бар. Мен солардың алдында, Новосибир партия ұйымы алдында жауап беремін», — деп айғайлап шыға келді. Ол жалғыз Новосибир партия ұйымының алдында ғана емес, бүкіл халық алдында, жер үйде жатқан совет адамдары алдында жауапты екенін ұқпады. Бірнеше күн бойы «басы ауырып» жұмысқа шықпау оған әдетке айналды. Кейін, тіпті, оның шекесі қызармай жүретін күндер сирек кездесетін болды. Қысқасы не керек, мұндай «басшылықтың» аяғы совхозда жағдайды тұйыққа әкеп тіреді. Оның жолсыздығы, дәрменсіздігі, ұсқынсыз жайында совхоз ғана емес, аудандық партия комитеті де Новосибир обкомына жазды. Бірақ одан тиісті қортынды жуық арада шыға қоймады. Сонымен Хорошов бұрынғысынша жылы орнында жүріп жатты.

Осындай қиын кезде мұнда Қазақ ССР совхоздар министрінің бір орынбасары келе қалды. Совхоздағылар қатты қуанды. Ертеректе осы сияқты басшы жолдастардың бірі болып, жергілікті нақты жағдаймен танысып шыққан соң, совхозға бір қатар материалдық көмек көрсеткен еді. Үлкен бастықтардың осындай көмегіне ептеп үйрене бастағандықтан ба. әлде қиыншылық арқаға батқандықтан ба, совхоз басшылары министрдің орынбасарына жағдайларын айтып, бір қатар тілектер білдірді. Әсіресе, құрылыс жөнінде көмектесуді сұрады.

Министрдің орынбасары анау жолдастай емес, олардың өтінішін өзгеше тыңдады. Ол қабағын түйіп:

Әлдеріне қарамай, құлашты тым сілтеп жібергенсіздер. Үй-күй жетпей жатқанда семьяларды алдырудың әзірше қажеті қанша еді? —- деді де, айналасындағылардың бәрінің жүзіне кезекпен қарап өтті. — Айтыңдаршы, осынша құлаштау не үшін керек болды? Не зорлады?

Каленич оған:

— Тұрмыс мүддесі зорлады... — дей бастап еді. Министрдің орынбасары оның сөзін бөлді.

— Үй салынбай жағып неге ғана семьяның келуіне рұқсат етесіңдер?.. Неменеге сендіңдер? Жақсы, алдырған екенсіңдер үй тауып беріңдер! Баста бірдеңені ойлаған боларсыздар...

Каленич министрдің орынбасарымен сөзге келіп қалды:

— Орынбасар жолдас, сіз кешіріңіз, біз бүгінше ғана өмір сүргіміз келмейді. Біз ертең үшін тіршілік еткіміз келеді. Есіңізде болсын, біздің адамдар мұнда бір түнеп кету үшін келмеген. Түпкілікті тұруға келген... Жұмысшылардың сол ниетін қостамасқа, совхозда олардың тұрақтануын қазірден бастап ойламасқа біздің шарамыз жоқ. Семьясыз адам — тұрақты коллективте уақытша мүше. Семьясы бір жақта, өзі екінші жақта жүрген тұрмыс ұзаққа бармайды. Ертең ол, бәрібір, семьясына кетпей тұрмайды. Біз бүгін үй жоқ деп семьясын алдыруға қарсы болсақ, қысқа қарай совхозда кім қалады?.. Ал семьямен тұру деген — біржолата мықтап орнықты деген сөз. Демек, ол тұрақты жұмысшы, коллективтің тұрақты мүшесі.

Каленичтің сөзіне сәл бөгелді ме, әлде басқа нәрсе ойлап тұрды ма, министрдің орынбасары бұл әңгімеге қайтып тереңдемей, жалпы жұмыстағы кемшіліктерді айтып және бір нұсқаулар беріп, совхоз басшыларының тиегін «біраз бұрап» алды да, пәлен деп нақты ештеңе шешпестен, жөніне кетті.

Ол кеткен соң Каленичке ой келді. Ол командировкаға келетіндер, өкілдер туралы ойлайды. Оның есіне КПСС Орталық Комитетінен келген бір қатар жолдастар түсті. Бұлардың келуі совхозда жаңа беталыс тудырды. Олар көп мәселені қолма-қол шешіп берді, жұмыстағы кемшіліктерді тез көріп, оны жөндеудің жолдарын айтты, ақыл қосып, нақты іс істеуге үйретті. Міне, бұл нағыз өкілдер, керекті өкілдер. Мұндайлардың келуін асыға күтесің... Мұндай өкілдер келсе, бір адым алға басасың.

Оның көз алдынан екінші бір өкілдер өтті. Әдейі арнап алыстан келеді, аралайды, көреді, тілек айтсаң, блокнотқа жазып алады. Сол бетімен кейін аттанады. Қайтып оралмайды? Қандай көмек көрсетті? Не тындырды?.. Айту қиын. Бұл да ештеңе емес-ау, «талап ете» келетін, бірақ ештеңенің мәніне қанбай, жергілікті өмірді зерттемей, құр көріп шыққанға, соғып өткенге мәз, пәлендей совхозда болдым деп айтып жүруге ғана келгендей «жорық» жасап өте шығатындар да бар-ау...

Совхоз құрылғаннан бергі аз уақытта осындайлардың талайын көріпті ол. Мұнда біреу емес, екі жүз сегіз өкіл болып кетіпті. Оның ішінде Москвадан да, Алматыдан да, Павлодардан да, Михайлов ауданынан да келген жаңағы сияқты «қонақ өкілдер» де бар. Осылар командировкада жүргені үшін мемлекеттің мыңдаған сом қаржысын шығарады. Оның үстіне, жүздеген километрге мінілетін машина, жағылатын жанармай, тағысын тағы толып жатқан қосымша шығындарды қайтесіз... Осындай шығынның кейін рухани жағынан болса да, орны толса, өкінбес едің. Іс жүзінде олай болмайды. Өкіл келеді, оны-мұны сұраған болады, адамдарды жұмысынан бөледі, бір қонады, екі қонады, кетеді. Бұл келісімен ортақ іске келтіріп жатқан пайдасы да жоқ. Мұның өзі кейбір мекемелердің командировкаға арналған қаржыны жыл аяғына дейін әйтеуір қалай да жұмсау үшін әшейін біреулерді көңілі ауған жаққа жібере салуынан туатын нәрсе емес пе екен?..

Каленич ойлаған осындай пайдасыз өкілдердің біріне мен осы совхозда ойда жоқта кездестім. Ол үлкен орыннан, БЛКЖО Орталық Комитетінен келді. Бұл жолдас Павлодардан облыстық комитетінің «Газигін» алып, 250 — 300 километр жердегі Михаилов ауданын аралауға шықты. Оның негізгі міндеті — тың жерге көшіп келген бір семьялардың қал- жайымен танысу еді. Мұндай семьяның бірі осы біз әңгіме етіп отырған XIX партсъезд атындағы совхозда тұратын. Осы семьямен көзбе-көз сөйлесуді әрі тыңдағы комсомол- жастардың жағдайымен танысуды мақсат етіп, ол совхозға жол тартты.

— Жағдай қалай? — деді ол совхозға келіп алып.

— Жағдай мақтарлық емес, — деді Подольский.

— Атап айтқанда?..

Подольский басы қайырылған істерді тізіп жатпай жұмыстағы негізгі кемшіліктерді баяндады. Осыны өкіл жолдас блокнотқа түгел жазып алды да, біраз «ақыл» айтты.

— Жастар арасында ішімдікке жол бермеу керек. Күресті күшейтулерің керек...

— Секретарьдің күткені бұл емес еді. Жұқа ернін жымыра күлімсіреді де, ол:

— Жақсы, күресейік, — деді.

Анадай жерде отырған Каленич те мырс етіп күліп жіберді. Өкіл жолдас мұны елемеді. Кенет, өзінің қарны ашқаны есіне түсті.

— Асхана мәселесі қалай?

— Тұрақты асхана бітпей жатыр. Уақытша асхана...

— Көрейікші.

Ол Подольскийді және басқа комсомолецтерді ертіп асханаға келді. Бұл түскі ас дайындап жатқан кез еді. Залда бір асхана қызметшісі жүрді.

— Бұл қалай, жұмыс істемейсіздер ме? — деді өкіл, әлгі әйелге дауыс ырғағынан ірілікті аңғартып.

Оның бұлай келуі әлгі әйелге ұнамады білем, өкілдің бетіне адырая қарады да:

— Біз жұмыс істейміз, істеп те жатырмыз. Мүмкін, ештеңе істемейтін өзің шығарсың, — деді де бұрылып кетті.

Өкілдің үні өшті. Машинаға отырып алып ол Михайловкаға ызғытты, айналасындағылармен қоштасуды да ұмытып кетті. Оны айтасыз, өзінің келген жұмысын да «есінен шығарды». Әдейі жолығуға түу алыстан іздеп келген семьяға кірместен, хал-жайын өз көзімен көрместен кетіп отырды. Оның барлық жердегі ісі осы болса, шынында да, мұндай командировкаға өкінуге тұрарлық еді. Ол сонда әркімнен сұрап жазып алған мәлімет жиып қана Москваға баратын болғаны ғой...

Айтты, айтпады, осы пайдасыз өкілдер жайын мықтап ойласу керек- ау!..

ТАСҚЫН

Басқалардың жеке мекемелердің көмегіне ғана сеніп, өздігінен талпынбай отыра беруіне болмайтынын совхоз коллектив! алғашқы күндердің өзінде-ақ ұғынған еді. Олар совхоз жұмысымен байланысты аудандық, облыстық жеке мекемелерден тиісті керегін талап ете жүріп, өз қолдарынан келетін мүмкіншілікті кең пайдалануды ұйымдастырып бақты. Азық- түлік, баспана жөніндегі алғашқы беттегі киын жағдайды жеңуге, ең болмағанда біраз жеңілдетуге күш салды. Бұл ретте өзіне арнап жеке үй салушылардың бастамасы қызу қолданды. Оларға қолда бар мүмкіншіліктің бәрі жасалды. Мұндай құрылыспен шұғылданушыларға 90 мың сом қарыз берілді, құрылыс материалдары босатылды.

Жұмыстың соңында, демалыс күндерінде жаңа орнап жатқан қалашықтың батыс жақ шеткейінде ғажайып бір жұмыс қызып, қатарынан бірнеше үй ірге көтерді. Тұтаса басталған бұл құрылыстың аумағы құлашын мол сілтеп, бір километрге дейін созылып кетті. Сөйтіп, тәртіппен қаз-қатар жалғаса салынған жеке меншікті үйлер қаптады. Аз уақыт ішінде небәрі төрт-бес айда совхоздың тікелей көмегімен 52 семья өздеріне осылайша үй салып алды. Сол үйлер қаланың шеткейдегі бір кварталы сияқтанып қиғаштала келіп, негізгі құрылысқа қанаттасты.

Азық-түлік тапшылығын жеңуді де совхоз коллективі жақсы ойластырды. Әр семьяға көктемде участок бөлінді. Бұл участоктар совхоздың күшімен жыртылып берілді. Осы жыртылған участоктарын әрбір жұмысшы семья өте ұқыппен пайдаланып, өздеріне керекті картоп, капуста сияқты дақылдар екті. Осылайша еңбек еткен 130-дай семья, еккен дақылдарынан күздігүні мол өнім алып, қыстық азық-түлікпен қамсызданды.

Жеке бастың тіршілігі үшін ғана емес, коллектив мүшелері орталық мүддеге де бойда бар өнері мен күшін қиды. Не нәрсе бірінші кезекте қажет болса, соны дереу қолға алып, тындырып отыру мұнда салтқа айналды. Күн жылынып, жаз түсісімен поселкенің шығысында лезде стадион орнады. Батысында келешек жылдың қамы үшін болашақ көлдің орны қазылды. Совхозда үй саны көбейіп, жарыққа деген мүдде туғанда, Қараев бастаған электр монтерлар небәрі бірнеше күннің ішінде бүкіл поселкені Ильич шамымен нұрландырды. Тыңға егілген астықты жинауға жұмылған кезде, 5 жабық қырман дайын боп тұра қалды.

Саналы енбектің бұл сияқты мысалы көп еді. Алайда, талап- мұқтаждың көлемі үлкендігі сондай: бір іс орындалса, артынша екінші, үшінші іс жалғаса туып, жаңа қоныстың барлық қажеті бірден өтелу деген оңай болмады. Сондықтан күрес қызған үстіне қыза түсуге тиіс болды.

...Қыстан хабар білінді. Қоңыр күз қарлы- жауынды суыққа ауысып, жер үйлерден жылу қашты. Уақытша салынған суық асханада тамақ ішкен жұмысшылардың, жайы совхоздың, үлкенін де, кішісін де түгел мазалады. Хорошовпен жанжалдың үлкені де енді басталды. Совхоз басшылары шұғыл мәжіліс шақырып, Хорошовпен ресми сөйлесуді көздеді. Бірақ, Хорошов бұл мәжіліске өзі келмей, бір қатардағы қызметкерін жіберді. Совхоздағылар оның қатысуын, құрылыста туып отырған қолайсыз жағдайлардың себебін айтуды, келешекте не ойлайтыны туралы баяндауын талап етті. Бірақ, олар қаншама күтсе де, Хорошов төбесін көрсетпеді. Шынында, көрсетуге онда бет те жоқ, еді, айтар себеп те аз еді. Сондықтан көзге түспей «құтылуды» мақұл көрді.

Мәжілісте пікір екіге жарылды. Бірінші пікір мынаны ұсынды: «Хорошовқа сеніп отыра берудің күні біржолата бітті... Ертеңнен бастап, Хорошов басқарған подрядчиктерден жұмысты совхоз өз қолына алсын да, бұдан былайғы жерде құрылыс жұмысын өзі басқарып, өзі жүргізсін...»

Екінші пікір: «Дәл қазіргі қыс келіп қалған қысылтаяңда былай ету іске пайда келтірмейді» — дегенді ескертті. — «Ол қазіргі азды-көпті жүріп жатқан барлық құрылыс жұмысын жиып тастап, қайтадан, тыңнан бастау болады. Мұның өзі дәл қазір біздің зиянымызға шығады. Демек, Хорошовпен біржола қоштасайық, оның жұмысына өзімен келісе отырып, батыл араласайық. Неменеге баса көңіл аудару керек, қай күшті қалай бөлу керек, қай құрылысты бірінші кезекке қою керек? Соны ретке келтіріп, құрылыс жұмысының барысын жаңаша құрайық. Ол үшін Хорошовқа ақылшы болатын адам бөлу қажет...»

Бұл пікірді бірінші ұсынған Каленич болды. Сайып келгенде жұрт осы пікірді қолдады. Сонымен совхоздағы негізгі күшті топтастырып, құрылыс жұмысын тәулік бойына тоқтаусыз жүргізу, Хорошовтың қасында отырып алып оған түртпек салу, ақылшы болу, соның атынан команда беру Ржовқа тапсырылды.

Ржов дереу іске кірісті. Ол ең алдымен асхананы бітіруді қарастырды... Іске ынталы, тек бағыттауды, нұсқауды, басқаруды күткен, бұған дейін өндіріп еңбек етуге мүмкіндік ала алмай, қолдары жіпсіз байланып келген қатардағы құрылысшылар жұмысқа қуана кірісіп кетті. Күнде үні бір шығып, бір өшіп тұратын электрлі ара да осы күннен бастап ызыңы күні- түні бір тынбай зырыл қақты.

Таудан таси аққан ерке өзен жолында бір бөгетке килігіп тұрып қалса, артынан оны бұзып еткендегі ағысы сұмдық ғажайып болатыны естеріңізде ме? Құрылысшылардың іске жұмыла кіріскен қимылы, бөгеліп тұрып қалып, лап берген дәл сол тасқынды елестетті.

Асқақтай аққан ерке өзенді жаңа арнаға бағыттай алмай, қайта жолына бөгет болған Хорошов сияқты басқарушысымақтар қандай жаман! Бүкіл ағынды баяулатып тастамай ма ондайлар. Бәрінен де біздің кейбір жергілікті ұйымдарымыздың осындайлардың қолынан іс келмейтінін, халық сеніміне сай емес, кездейсоқ қызметкер екенін көрсе де, көрмегенге салынып, орынсыз төзуі яки сүйемелдеуі, қатардағы жолдастардың сөзіне, дабылына құлақ аспауы, үндемей қоюы өкінішті!..

Тек жоғарыдан ғана емес, төменнен естілген жаңғырыққа да дереу құлақ түріп, кезінде тиісті қортынды шығарып отырсақ әр істе әрқашанда сөзсіз ұтқан болар едік- ау. Хорошовтар онда рольсіз актерша сахнада ұзақ жүре алмас еді ғой...

КОМИТЕТ ТАЛҚЫСЫ

Подольский түнгі сағат он бірде оралды. Өзімен бірге жататын жолдастарының бір-екеуі ұйықтап қалыпты, қалған үшеуі әлі келмеген... Кенерелерін жаңбыр езіп, едені сызданып, жер үйдің іші тіпті бұрынғысынан да көңілсіз тартып тұр еді. Әбден үйренгендіктен бе, әлде анау-мынауды елемейтін ежелгі көңілділігінен бе, мұның бірі де оның қаперіне кірмеді. Мұрынды жарып тұрған сыз исі де онша көп мазаламады. Ол бүгін ерекше көңілді еді. Таң атқаннан бері бірнеше жолдасын жаңа үйге көшірісті. Бұларға да үйдің құлағы көрініп қалды. Енді біраз күнде 70 адамдық тамаша жатақхана бітеді. Содан соң жер үймен біржола қоштасады...

Ол койкасына отырды. Қабырғадан ойылып жасалған сәре үстінде жатқан он шақты кітаптың біреуін қолына алып қарай бастады. Бұл партия тарихы еді. Совхоздағы жұмысшы қызметкерлер түгел оқуға тартылған-ды. Біреулер кешкі мектепке қатысады, біреулер үйірмеде оқиды, енді біреулер өздігінен білімдерін көтереді. Қысқасы, әркім білім дәрежесіне, шама- шарқына қарай білім көтерудің жоғарыда аталған түрлерінің біреуін өз еркімен таңдап алған.

Үйірмеде оқитындар мен өздігінен дайындалушылар арасында жұмыс жап-жақсы басталып отырса да, кешкі мектепке оқитындар жөнінде мұны айту қиын еді. Түу баста көп жастар оқуға жазылса да, алғашқы сабақтарға солардың көбі келмей немесе бірде қатысып, бірде қатыспай қойды. Осы жағдай алдымен партия ұйымын мазалады.

— Подольский жолдас, кешкі мектептегі- жағдай қалай? Жастар сабаққа түгел қатыса ма? — деді Каленич оған.

— Онша мақтарлық емес, Петр Ефановпч.

— Неге?

— Жұмыстан шаршап шығады. Тегі көбі ерінетін болу керек.

Кешкі мектепте сабақ күн сайын жүретін. Мұның өзі, шынында, ауырлау екені рас еді. Бұл жайды Каленич түу баста-ақ сезген. Аптасына үш яки төрт рет оқытып, ең болмаса бір-екі күнді бос болатын етсе, әлдеқайда қолайлы әрі тиімділігін ескертіп, ол мектеп директорымен ақылдасып та көрген. Бірақ, жоғарғы оқу орындарының инструкциясында осылай белгіленгендіктен, бұдан сиретуге мектептің қақысы жоқтығын айтып, директор бұл ұсынысты қабылдай алмаған.

— Бір класты бір жарым жыл оқыса да, оқудың сапалы болуын, жұмысшылардың жаппай білім алуын оқу орындары ойласуы керек қой. Баяғыда бір белгіленген тәртіппен отыра беруге бола ма. Нақты жағдаймен есептесу керек емес пе! — деп, Каленич директорға ой сала, оқу орындарына реніш білдірді.

Дәл қазір ол Подольскийге талап арта сөйледі.

— Жұмыс істеген адамның бәрі де шаршайды. Ол ашық мәселе. Алайда, шаршадым деп білім көтермей өмірден артта қалып қоюға болмайды ғой... Жастар арасында бұл жайында үгіт- түсінік жұмысын жүргізу қажет. Ал сен, турасын айту керек, бұл мәселеге жете көңіл бөлмей, шұғылданбай жүрсің...

— Қол тие бермейді, кенде тіпті үлгірмеймін... Сондықтан кей жұмысты кейінге қалдыра тұруға тура келіп қалады.

— Есінде болсын, Ваня, мына жұмысты бүгін істейін, ана жұмысты ертеңге қалдырайын деген ойдан арыл! Бұл барып тұрған қате. Адамдар арасындағы жұмыстың бүгіні мен ертеңі болмайды. Жұмыстың түрі мен қыры қанша көп болса, оның әрқайсысы соншалық тұтас өрістеуді, кезек күтпеуді тілеп отырады. Оның үстіне тек өзің ғана жүрмей, комитеттің басқа мүшелерін де іске жеге білу қажет. Онсыз ештеңе тындырмайсың... Ұйымдастыру керек... үлгіру керек.

Иә, үлгіру керек... осыны ойласа, Подольский өзінен өзі ыңғайсызданады, өз бойынан бір кемшіліктерді көргендей болады. Былайша алғыр, жалқаулығы да жоқ, ешқашан ерінбейді. Ұзақ күнге бір дамыл да таппайды, талай жерді аралап, талай жастармен сөйлеседі. Бірақ сүйтіп жүрсе де, көп жұмыстар бітпей, солармен айналысуға уақыт жетпей қалады. Оны айтасыз, оның мезгілімен тамақ ішуге де қолы тимейтін кездері болады... Каленичке қараса, олай емес. Жүріс-тұрысы ауыр, жай қимылдайтын бұл адам асықпайды, саспайды. Бұл сияқты ертеден кешке дейін жүре де бермейді. Соған қарамастан, ол бәрін де үлгіреді. Лекция да дайындайды, кітап та оқиды, адамдардан жұмысты да талап етеді... Мұның сыры неде екен? — деп ойлайды Подольский. Оны ұғынғың келсе, қайраткердің, насихатшының қызметін, сырын, қоғамдық күрестің заңын, айла-тәсілін біл дегенге тіреледі он. Мұны қалай білуге болады? Үңіл, бозғыл көк кітапқа! Жаңа қоғам құрудағы партиямыздың күрес тарихын, бай тәжірибесін, адам тәрбиелеудің жолын, міне, саған сол үйретеді.

Бұрын партия тарихын оқығанда оған бұл ой келе бермейтін. Онда партиямыздың өткендегі тарихы баяндалатын сияқты сезілуші еді. Енді бұл тарих басқаша оқылатын боп барады. Одан кешегіні емес, бүгінгіні де, ертеңгіні де көреді. Сан алуан, қилы, қиын жағдайда адамдар арасында жұмыс істеуге, адамдарға жөн сілтеуге, бастауға үйрететін де бірінші құрал осы боп алғандай. Сондықтан қолы босап кетсе, қалам-қағазын алып, осы бір көкшіл кітапқа — партия тарихына үңіледі...

Бүгін де, міне, сол әдеті бойынша оқуға кірісті... «Большевиктер партиясы ауыл шаруашылығын коллективтендіру жолындағы күрестерде» деген тақырыпты дәптеріне жазып қойды. Осы бетті ашқанда, арасынан сыртына әр әріптері маржандай тізіліп жазылған көк конверт шықты. Ол конвертті қолына ұстап күлімсіреді де, оң жағында тұрған бір кітаптың арасына салды. Сөйтті де, конвертті қайтадан қолына алды, ішіндегі хатты оқыды, тағы күлімсіреді.

Бұл соның сан рет оқыған хаты еді. Басқа кітаптарының арасында осы хатты жазған адамның қолынан шыққан тағы да бірнеше хат жатыр. Бірақ солардың бәрінен де оған осы хат ерекше ыстық. Өйткені бұл хат — қуаныш хабар жеткізген алғашқы хат. Мұның Сталиноға кеткенін естіп, сол арадан шығарып, өз қаласына дейін бірге еріп келуді ұйғарған Надя да артынша көп ұзамай сонда аттанып еді. Бірақ жолы болмаған. Ол онда барғанда, Подольскийлер бері қарай жүріп кеткен. Жолығыса алмаудың барлық себебі сол ғана болатын. Мұны білмеген Ваня бостан-бос қайғырып, орынсыз ренжіп жүр еді...

Ваня, үйдемісің? — деген дауысқа Подольский жалт қарады. Бұл облыстық комсомол комитетінің осында келіп бастауыш ұйымға көмектесіп жүрген қызметкері еді.

— Немене, Коля? — деді Подольский орнынан ұшып тұрып. Обком қызметкері:

— Кеңсенің жанында төбелес... — дей беріп еді анау жарыса:

— Кімдер? — деп далаға беттеді...

Совхозда бірлі-жарым ұрыс, жанжал деген арагідік сезіліп тұрса да, нағыз қызыл шеке төбелес сирек оқиға болатын. Тек алғашқы кездерде мұндай бірер оқиға болған. Бірақ, бүкіл коллектив ондайларға қарсы үн көтеріп, аясыз күрес ашқан, тыйған. Коллективтен жырыла шыққан тек Горшков еді, Каленичтің тапсыруымен комсомол комитеті оның өмірбаянын, кім болғанын, не істегенін тексеріп жүргенде, ол оңбаған жұмысқа шықпағаны былай тұрсын, екінші рет кешірместей қылмыс істеді.

Мұны көріп совхоздың басшылары шұғыл шара қолдануды мақұл тауып, бұзықты коллективтен аластаған...

Содан бері тыныштық еді. Мына оқиға құлаққа мүлде жағымсыз естілді.

Төбелесті шығарған Богатырев деген комсомолец болатын. Ол арақты ішіп- ішіп, өлердей мас болып көшеге шығады да, көрінгенге тиіседі. Содан барып жанжал туады. Бір жігіттің етіне дақ салады...

... Комсомол комитеті ертеңіне Богатыревтың ісін қарады.

Богатырев ішкеніне өкініш білдіріп, айыбын мойнына ала сөйледі.

— Богатырев, есіңде ме, осындай оқиға сенде анада бір болған, — деді Подольский, — сонда да осы сөзіңді айтып, ішпеуге уәде бергенсің. Комитет сенің соныңды ескеріп, бір жолға көшкен. Бірақ сен сөзіңде тұрмадың. Бүгін сенімен басқаша сөйлесуге тура келеді...

Богатырев ештеңе дей алмай төмен қарады.

— Сен жайшылықта биязы жігітсің. Ішсең болды өзгеріп, іздейтінің жанжал болады. Сен осыныңды білесің бе? — деді Коля.

— Білемін, — деді ол міңгірлеп.

— Білсең, неге ішесің?..

Ішпейін деп ем, болмады, зорлады...

— Кімдер?..

— Қасымдағы жолдастарым.

— Сол да сөз бе екен. Біреу айтты екен деп іше беруге бола ма?..

— Қалай ішпессің.. Қатынбысың? — деп күліп, намысыма тиді. Шыдамадым. Бір бастаған соң әрине, аржағында өзім де...

Ол тамағына бірдеңе тұрып қалғандай аржағын айта алмай бөгелді де, ұзын мойнын төмен иіп, басын салбыратып жіберді.

Менің есіме кейбір жастар арасында орын алған арақ ішу жайындағы бір теріс ұғым түсіп кетті. Маскүнемдікке салыну деген біздің тұрмысымызға сіңген нәрсе емес екені белгілі. Бұл ескі қайыршылық заманнан қалған тұрмыстағы көне сарқыншақ қой. Осы сарқыншақ бірен-саран кәрілеріміздің бойына ескі өмірден жұқса, жеке жағдайдағы емі қиын, асқынған дертке айналса, ал жастар арасындағы ішімдіктің сыры мүлде басқа: бұл албырттықтың кейбір семьядағы теріс тәрбиенің, араққа деген теріс ұғымның, қоғамдық орындарда күрестің аздығының жемісі. Жасыратыны жоқ. Жастар арасында соңғы кездерде арақ ішу мін, айып деп ұғылуы былай тұрсын, қайта мақтанышқа айналды. «Қызықтағанға, ішкенге не жетсін» деген сияқты кей жерде әумесерлік, дарақылық тарады. Арақ ішу осылай мақтанышты іске айналғандықтан, қалталы, сері жігіттер ресторанға бару, байлығын, өнерін көрсетіп, жолдастарын «отырғызу» әдет боп кетті. Мұның аяғы араққа деген әуестікті күшейтіп, көрінген жерде топталып ішу, ішкенін білдіріп, көшеде лепіріп жүру — бойға жарасымды, табиғи нәрсе ретінде тұрмысқа жұқалап кіріп, қалыңдай бастады. Жас жігітке ішпеу, немесе аз ішу айып боп ұғылып, ондайларды жөні келсе, тәлкек ету де заңды құбылысқа айналды. Богатыревқа «қатынбысың» дегенде, міне, осындай теріс ұғымнан туғаны даусыз еді.

Егер бізде мас бола арақ ішу, қоғамдық орында жанжал шығару, сүйген қызына ішіп келу нағыз барып тұрған надандық екенін өзіміздің күнбе-күнгі тұрмысымызда, қарым-қатынасымызда, ұғым- көзқарасымызда айқын аңғарын отырсақ, біздің советтік моральға, этикамызға жат бұл сияқты жеке қылықтарға ашына, жирене қарасақ, ондайларды көзге шыққан сүйелдей әйгілесек ажуаласақ — маскүнемдік, бұзақылық бізде біржолата жойылады. Ол үшін ең алдымен араққа деген қазіргі кейбір ұғымды өзгерту қажет. Мас бола ішу мақтаныш болудан қалып, ұят іске айналсын, тұрмысымызда мейлінше, сөкет саналатындығы әрбір адамға еркін жетіп отырсын. Қоғамдық ұйымдар осы жолда белсене қызмет етсін...

Совхоз комсомол комитетінің бюросы өзінің мәжілісінде, Міне, осыны нысана етті, Богатыревтың санасына және осыны жеткізгендей болды:

— Богатырев, сен өзіңді ғана емес, осында келген бәрімізді, бүкіл донбастықтарды масқараладың. Соны түсінемісің? Донбастықтар туралы жаман сөз естіген жерін бар ма? Естіген жоқсың ғой!.. Біз осында аттанарда тыңға барамыз деген арыз 1500-ге жетіп еді. Солардан бес жүз адам ғана таңдалып алынғаны есінде ме? Сол бес жүздің бірі мына сенсің!.. Неге келдің, не үшін жіберді? Арақ ішіп бүлдірсін деп жіберді ме?..

Подольский оның бетіне қадала қарады.

— Не істедің сен?..

Бұдан кейін комитет мүшелері Богатыревтың Донбастағы ауру шешесін еске алды. Оған үлкен әсер еткен оқиға да осы арадан келіп туды.

— Жап-жас жігітсін. Бірақ сенде адамгершілік жоқ па деп қорқамын. Ауру шешен сені ойлап, жатса-тұрса есінде сақтайды, аңсайды. Сен болсаң, тапқаныңды араққа салып, коллективті жирендіріп, азып жүрсің. Сенде ар болса, ақыл болса, араққа шашқан ақшаңды ауру анаға жіберер едің. Осында келгелі оған бір тиын ақша салған жоқсың. Қайдан білсін, балам ақша жібереді, көмектеседі деп ол байғұс күтіп жүр ғой...

Облыстық комсомол комитетінің қызметкері ұсыныс жасады:

— Богатыревтың осы қылығының бәрін айтып, шешесіне хат жазу керек. Білсін баласынын оңбағандығын...

Богатырев мұны естіп жаны шығып кете жаздады. Жарғақ құлағына дейін қып-қызыл болып:

— Өтінемін, жазбаңыздар. Ауру байғұс қайғыдан өледі ғой!.. Бұдан былай қарай татпайын арақ. Сеніңіздер! Сынаңыздар... Егер, енді аузыма алғанымды көрсеңіздер, бетіме түкіріңіздер... Сұраймын, жазбаңыздар!..

Комитет мүшелері біріне-бірі қарады.

— Богатырев өзінің жиренішті ісін ұғып, шын күйінді, мұндай дерттен сауығуға, қайтып жұмысқа уәде берді, комсомолдық сөзін берді. Сондықтан бір жолға кешіріп, анасына жазбайық деген менде ұсыныс бар, — деді Подольский. — Бұған қалай қарайсыздар?..

Көпшілік дауыс Подольскийдің ұсынысын қостады...

ЖАСТАР ҮНІ

Совхоз жастарының асыға күткен арманы да жүзеге асты. Мектептің дәл жанынан ұзақ уақыт салынып, бітпей келген клуб та төбесі жабылып, терезелері қойылып, кәдімгі үй түріне келді. Тек ішін сырлау, төбесін шатырлау жұмысы ғана қалды. Бірақ, оған қарап жатпай-ақ, клубты біттіге есептеп, көркемөнершілер сол күннің кешінде- ақ, концерт беріп салды. Кеш болса, қайда барарға білмей, екеу-екеу қолтықтасып, үй-үйдің арасында ерсілі-қарсылы, ешқайда сыймай қоятын жастар бүгіннен бастап ол хәлден құтылды.

Клубпен жалғаса, бірнеше ірі құрылыс жүзеге асты. Сәнді, салтанатты магазин сапқа қосылды. Ең алдымен ұзақ сағындырған асхананың жыры аяқталды. Бірден алпыс шақты адам қатар отыра қап тамақ ішіп шығатын жағдайға қол жетті. Жетпіс адамдық зәулім жатақхана да бітуге жуықтап, жер үйде жатқан жеке басты жастарды қуандыра бастады. Жаз бойы салынған толып жатқан тұрғын үйлердің қатарына қызыл кірпіштен тағы да көп пәтерлі екі үлкен үй қосылды.

Мұның бәрі совхозда құрылыс жағдайын едәуір жеңілдеткендей сезілді. Бірақ соған қарамастан, тағы да бір жайлар ойлаған адамның жүрегін май ішкендей кілкіте берді. Мұны бірінші ойлап, мазасыздана бастаған 4-трактор бригадасының мүшелері болды.

Олар алғашқы кібіртіктен бірте-бірте құтылып, еңбек майданында кең арнаға түскен-ді. Бригадирдің олақ көмекшісі ауыстырылып, қолынан келетін жұмысқа жіберілген. Көмекшілікке басқа бригададан комсомолец Илья Стою келген. Мұнын үстіне бригадада еңбек тәртібін бұзушы кейбіреулер көпшілік талқысына түсіп, бір бүйірге тарту, шашау шығу дегендерге қарсы күрес күшейген.

Ақырында біртіндеп іске машықтану, коллективтік ынтымақ қалыптасу келіп туды, қатаң тәртіп орнады. Содан соң бірте- бірте еңбек өнімі де артып, бригада берілгем тапсырманы орындау былай тұрсын, келе-келе асыра орындауға шықты. Сол сол-ақ екен, мұндағы комсомолец- жастар барған сайын құлашты сілтеді де отырды. Тың көтеруде де, егін жинауда да олар совхоз бойынша алда болды. Көшпелі қызыл туды да солар жеңіп алды. Құрмет тақтасынан да солардың фамилиясы ай сайын түспеді.

Міне, еңбек майданындағы беталыс осылай болғандықтан, Баев керемет көңілді еді. Алғашқы сәтсіздігі де алдақашан ұмытылған. Көңіл дегеніңіз орныққан. Тек жалғыз ғана «әттеңі» бар-ды. Ұзақ түндерде тек сол ғана күрсіндіреді. Ол алыстағы әйелі мен кішкентай баласын ойлайды. Табысуды тілеп әйеліне хат жазған. Ал бірақ, жардан жауап жоқ... Кім біледі, сол бір сырлы хат жолда шығар?.. Не деп келер екен? Лүпілдеген жүректі қуанта ма, яки мұз ғып қатыра ма? Білер ме еді, оның да жүрегінің соғысын! Әлде, тіпті, бұл өзі біткен жыр ма? Жоқ, бұл орынсыз шүбә. Жалғыз бұл дейсің бе, ол да сағынған болар... Сағынбау деген мүмкін емес қой...

Осылайша қаншама сағынса да, ер жігіт қайғыға берілмей, достарының арасында өзін көңілді ұстады. Қол босап кетсе, барлығы бас қосып Гришаның үйіне жиылады. Гриша да, оның әйелі Надя да достарын қуана қарсы алып, дастарқанын кең жаяды. Иван Петрович бір жымың етіп мұртынан күліп қойып, әңгімеге кіріседі. Содан соң-ақ, күлкі басталады. Қашан көрсең де олар осылай думандатады да жатады.

Күздің қарасуығы біліне бастасымен Иван Петрович та, оның тракторист достары да әлденеге мазасызданып, бір түйткіл сұраққа душар болды. Қыс болса жақындады. Тон дегеніңіз енді қата бастайды. Дала жұмысы былайша аяқталады. Тракторлар тоқтайды. Жөндеу жұмысы басталады «Міне қызық! Жөндеу жұмысы басталады дейді! Бұл жұмыс сонда қайда жүргізілмек? Сақылдаған қызыл шұнақ аязда, түтеген сұрапыл боранда, панасыз мынадай ашық далада жүргізілмек пе? Айтуға оңай шығар. Бір тетігін бұрап көр. Қолыңды қарып түссін. Ондай жағдайда қай бір сапалы жөндес болмақ!..

Көңілге түйткіл салып, 4-бригаданы мазалаған міне, осы жағдай еді. Адамдарды үймен жабдықтаудың қамында жүріп, трактор паркін жасауға совхоздың мұршасы келмеді. Енді не істеу керек? Бұл жағдайда техника келесі көктемді сапалы жөндеусіз қарсы алады. Биыл ол үш мың гектар тың көтерудің орнына совхозда он төрт мың бес жүз гектар көтеріліп батырса, бұл ең алдымен сол техниканың арқасы емес не... Дұрыстап жөнделмеген тракторлармен не бітіресің? Осыны совхоз басшылары қалай деп ойлайды екен?..

Жұмысқа мін тағу, сын айту оңай. Совхоз басшылары сен байқаған бұл жағдайды көрмей отыр деймісің? Қазір мойын бұруға мұрша бар ма, амалдары құрып отырған жоқ па? Шын мықты болсаң, совхоздың бүгінгі халіне сөзіңмен емес, ісіңмен болыс...

Баевтардың алдында осы мақсат тұрды. Осыдан кейін олар тамаша іс бастады. Барлық бос уақытты, демалыс күндерді олар жөндеу мастерскаясын салуға арнады. Совхозға салмақ артпай, бұған керекті құрылыс материалдарына дейін олар өздері тапты. Шым ойды, шөп тасыды, ағаш жеткізді. Осылардан қысқы жағдайда қысылып, қымтырылмай, жөндеу жұмысын ойдағыдай жүргізетін жып-жылы мастерская тұрғызды.

Комсомол- жастардың бұл бастамасын совхоздағы қоғам ұйымдары іле қолдап, көтеріп әкете алмады. Басқа бригадаларда мастерская салумен ешкім шұғылдана қоймады. Нағыз қолдап әкететін, механизаторлар арасында жаппай қозғалысқа айналдырып жіберетін бұл іс: «Баевтар ерледі. Міне, бұлары жігіттік» деген сияқты құр ғана сүйсінген мақтау сөздер айтылудан әрі ұзамады.

Әшейінде сезгіш, мұндай істерге дұрыс мән бергіш Каленич те, механизаторларды тікелей басқарып отырған Афанасенко да, жар құлағы жайшылықта жастыққа тимейтін Подольский де осы жолы суырылып шыға қоймай, әлденеге шабандап қалды... Ал Балдин болса демалысқа кеткен-ді...

Мен бұл совхозда кейін бола алмадым. Сондықтан жастардың бастамасы немей тынғанын, шынымды айтсам, білмедім. Қалай дейсіздер? Сол бір тамаша бастама кішкентай бастаудан аққан бұлақ суындай өрбімей, шынымен-ақ, сол қалпында қалды ма екен? Әлде аз іркілістен кейін сондай талай бастаулардың қайнар көзі аршылып, тұс-тұстан жылымдап ағып жалғаса кеп бір арнаға тоғысып, үлкен өзенге айналды ма екен? Иә, сөз жоқ үлкен өзенге айналуға тиіс. Басқаша болуы мүмкін емес...

XIX партсъезд атындағы совхоздың адамдарын есіме алсам, көз алдыма Баевтар келеді де, соларға қызыға үңілемін. Бұлардан соларды көремін. Мінезі, түрі, жасы, мамандығы, ұлты — алуан түрлі, бірақ мақсаты бір осы адамдардың бәрінен ортақ бір қасиет танылады. Олар маған бейне бір адам сияқты боп елестейді. Мұндай ынтымақшыл адамдардың ілгерілей беретініне сайып келгенде күмәнданбайсың.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама