Жас өмір
(пьеса)
3 актылы, 6 картиналы пьеса
ҚАТЫНАСУШЫЛАР:
Балжан-баласы майданда өлген кемпір.
Назым Оразбаева-оның келіні, институттың соңғы курсында оқиды.
Шәріп Жақыпов-хирург, Назымның сүйген жігіті.
Жібек Мұратбекова-Назыммен бірге оқиды.
Күлше Күнпейісова-бұл да бірге оқиды.
Ораз Сапаров бұл да бірге оқиды.
Құрмаш Есенов-бұл да солармен бірге оқиды, өлең жазады.
Кәшкен Жайсақов-бұл да бірге оқиды, өлең жазады.
Иван Иванович Садовский-институттың қарт профессоры, марксизм-ленинизм негіздері пәнінен оқытушы, Балжанмен көрші.
Қадір Адырбеков-факультет деканы. Дәрігер, сестра, студенттер.
Оқиға педагогикалық бір институтта болады. Осындағы студенттердің бәрі институтты бітіретіндер, тіл-әдебиет факультетінікі.
БІРІНШІ АКТ
БІРІНШІ КАРТИНА
Жаз айы. Таңертеңгі уақыт, Студенттер жатақханасы. Сахнада бір бөлме. Бөлме ішінде үш төсек. Терезе ашулы. Сахнаның түп жағы бау-бақша. Мәуелеген ағаштар, шешек атқан гүлдер. Әріректе оқу корпусы көрініп тұрады. Терезе алдында, сырттағы орындықта Құрмаш емтиханға дайындалып отыр. Бөлме ішінде, өз төсегінің жанында ойлы пішінмен Кәшкен өлең жазып отыр. Ораз төсектің үстінде жастығын биік салып шалқасынан жатыр, қолында кітап. Ол да емтиханға әзірленуде, жанына орындық үстіне кітаптарды үйіп қойған. Сырттағы Құрмаш та, іштегі екеуі де өзді-өзімен болып, ешнәрсені аңғармайды.
Кәшкен (Қолымен қимыл жасап, көзін жұмып, теңселе отырып, ойланып, ыңылдап та қояды. Кенет). Ораз!.. Ей, Ораз!
Ораз. Немене?
Кәшкен. Дүниеге бір өлең келіп қалды.
Ораз. Келсе қайт дейсің!
Кәшкен. Тыңда, оқимын.
Ораз. Бәсе, манадан бері сарнамай не ғып отыр деп едім. (Маңызданып.) Жілігі татитын өлең бе? Әлде...
Кәшкен (сөзін бөліп). Жаман өлең жазғанымды қашан көрдің?
Ораз. Жаман өлеңіңді оқи-оқи жалықтық, қой. Шын жақсы болса, тыңдауға болады.
Кәшкен. Ой, қыңыр сорлы!.. Қырсықтанбай, тыңдасаңшы... Құрмаш, сен де тыңда! (Құрмаштың төсегі бос тұрғанын аңғарып.) Мынау қашан тұрып кеткен... (Терезеге көзі түсіп.) А... Құрмаш, кел мұнда!
Құрмаш (сырттан). Шай ма? Жоқ, мен кешірек ішемін, өздерің іше беріңдер.
Кәшкен. Жaй емес, өлең!
Ораз (мысқылдай). Тез, тез! Дүниеге өлең келіп қалыпты.
Кәшкен. Тезірек тыңдаңдар, өлеңмен миларың жаңарсын.
Құрмаш (жымиып). Жақсы! (Бөлмеге кіреді.)
Кәшкен. Достарым, бұл өлеңнің аты «Арман».
Ораз. Оһо!
Кәшкен (оқиды).
Тұлпармын өршеленіп өрге басқан,
Жолымда тамұқ тұрса, қорқып-саспан...
Оpaз. Трафарет!..
Құрмаш (қолын көтеріп). Тс...
Кәшкен. Әй, дұрыс тыңда! (оқиды.)
Қонса деп ақындықтың ақ сайтаны,
Қиялым арман еткен бала жастан.
Жеткенше дегеніме асығамын,
Өкінбен осы жолда ғапыл бассам.
Жерімнің ашылмаған қазнасындай,
Басымда талай-талай жатыр дастан...
Ораз. Жігітім, бұл арада тым көкіп кетіпсің.
Кәшкен (көзін алартып). Толғана жазсам-күңіренді дейсіңдер, серпіле жазсам-көкідің дейсіндер, сендердің бабыңды қалай табуға болады.
Құрмаш. Ораз дейін, бөгеме, оқысын.
Кәшкен (оқиды):
Жаным өр
Алатаудың асқарындай...
Ораз (килігіп). Бір шумақ өлең жазсаң, Алатаудың шоқтығына жармасасың, етекке қашан түсер екенсің.
Кәшкен (Құрмашқа). Қой деші мынаған. Әйтпесе, мен оқымаймын.
Ораз. Оқымағаныңның өзі жақсы...
Кешкен. Өзі ойлана білмейтін жан өзгенің жүрек толқынын қайдан ұқсын. Адам басындағы бишаралық қой бұл да бір.
Ораз (сықақтап). Олақ ойдан шолақ өлең туады.
Ақынымыз өзі ғана ұғады...
Ұйқасқанның бәрі өлең бола беретін болса, міне, бұл да өлең ғой.
Құрмаш. Ораз, қойшы жарқыным! (Кәшкенге.) Өзім оқиын. (Кәшкен өлеңді Құрмашқа береді. Ол ішінен оқи бастайды. Ораз да қосарланып, ішінен оқып тұрады.)
Ораз. Алатаудан бастап, XX ғасырды түгел сүзіп өтіп, XIX ғасырға асып кетіпті ғой ақынымыз... Қайтып оралса жарады желеңдегі жұрт таптаған соқпақ та, сор да осында екен!
Кәшкен. Тың жолды сен саларсың!
Ораз. Тыңға тарта алмасаң, үн шығарып қажеті не. Соқпақпен екінің бірі жүре алады.
Кәшкен. Шынайы сезім жетілмеген сорлы болса, асылдан да ләззат алмайсың. Өзіңе ұнамаған өлеңге өзге атынан үкім айтпа. Келіспейді ол... Құрмаш, неге үндемейсің? Мен, сенің пікіріңді естігелі тұрмын. Ораз бен өлең ежелден ауыл үй қонбаған, оны өзің білесің.
Құрмаш. Ораз сөзінде біраз дұрыстық та бар ма деп қаламын. Өлеңді, шынында да, біз тым жалпы жазамыз. Әдемі сөз қуып жүріп, ой-пікірімізді жинақтай алмай, шашыратын аламыз.
Кәшкен (сөзін бөліп). Өсиет айту саған да әлі ертерек!
Құрмаш. Өсиет емес, кеңесу. Көңіліңе ауыр алсаң, қояйын.
Ораз. Бұған мақтамасаң жақпайсың.
Кәшкен. Мақтайтын нәрсе болса, тартынудың не керегі бар! Барды жоқ деп безектеу салт болып кеткен... Сендерше, өлеңді қалай жазу керек? Дайын тұрған үлгі болса, құйыңдаршы басыма. Алайын да, жақсы өлең жазайын. Рас айтам, пе мені ұғыныңдар, не маған ұқтырыңдар!..
Құрмаш. Ұғынғымыз да, ұқтырғымыз да келеді. Сол үшін де жүз шайысамыз. Бірақ, бұл бір күннің ісі емес қой.
Кәшкен. Сен маған өлеңім жөнінде айтшы.
Ораз. Өлеңің жөнінде айтылды ғой.
Кәшкен. Не айтылды?
Ораз. Өлең емес, әркімнің ізін қуған сүрлеу делінді ғой.
Кәшкен. Сүрлеу деген шығыпты. Қазақ оқушылары сенің миыңның қатпарында жатқан жаңалығыңа іңкәр болып отырған жоқ. Оған жыр бер...
Ораз. Дұрыс. Бірақ жақсы жыр бер.
Кәшкен (кекетіп). Жақсы жыр бер! Жақсы деген не екенін түсінесің бе өзің?
Ораз. Жоқ, түсінбеймін.
Кәшкен. Біліп қой жақсы деген ұғым-әркім дүниені өзінше түсініп, өзінше ұғады... Мәселен, саған жаман көрінген нәрсе маған жақсы болып ұғылуы әбден заңды, білдің бе?.. Мен жырды әдейі оңайлатып, фольклор ізімен әдейі құйылта жазамын. Әйтпесе түсінбейді сенің оқушың.
Ораз. Өтірік, жала!
Құрмаш. Меніңше ақынның міндеті-әлі де болса кібіртіктеп, заман ағымына ере алмай жатқан кейбір шабан ойдың қатарында қалмай, поэзияны дәуірдің шығандап шыққан сатысына жеткізу болу керек қой.
Бір студент кіреді.
Студент. Жайсақов бар ма? Декан шақырады.
Кәшкен. Қайбір жақсылық дейсің. (Кетеді.)
Ораз. Бұл Кәшкен шашты ағартады екен.
Құрмаш. Сен де кейде жөнсіз кетесің. Сөзіңнің бәрі түрпідей.
Ораз. Кәшкен сен жөнінде дұрыс айтады. Сенің білетінің өсиет. Маңғаздана сөйлеп, майпаздайсың да отырасың.
Құрмаш (күліп). Енді қайт дейсің?
Ораз. Сен күлме... Не істейміз мына Кәшкенге? Өлең, өлең деп даурығып жүріп, институтты бітіре алмауға қалды ғой бұл. (Шам сөніп, қайта жанады. Кәшкен кіреді.)
Кәшкен (ашулы). Солай еді деңдер... Білемін Назымға кімдердің дем беріп жүргенін...
Ораз. Өй, неменеге тұтанып келдің?
Кәшкен. Сендер мені көре алмайсыңдар. Сондықтан ылғи ізімді бағасыңдар.
Құрмаш. Ойланбай айтып тұрсың, Кәшкен!
Кәшкен (зілді). Жақсы!.. Таудай пәле төнсе де көріп алдым. (Келіп тумбочканы ашады. Ақша іздеп қалтасын қарайды. Таба алмайды.) Нан әкелмепсіңдер ғой ешқайсың. (Сәл ыңғайсызданып.) Құрмаш, ұсағың бар ма? (Құрмаш ақша береді. Кәшкен кетеді.)
Құрмаш. Бұл бізге неге шамданады?
Ораз. Сабақ оқымайды, консультацияға қатыспайды деп айтып кеше деканға айтқан. Қадір ағай өзіне біраз шүйілгені болу керек... Өзі бұрын мұндай емес сияқты еді, осы биыл өлеңдері газет, журналдарда шыға бастағаннан бері бұзылды.
Құрмаш. Еңбек деген ыстық нәрсе, Ораз. Ол үшін кінәлауға болмайды.
Ораз. Тағы өсиет! Шынын айтсам, саған түсінбеймін мен. Ақын дейін десем, өлеңің еш жерге басылмайды, ақын емес дейін десем, қолың босап кетсе-өлең жазасың. (Күліп.) Сенен гөрі беті айқын Кәшкенімнің өзі жақсы.
Құрмаш. Ақындық ауыр жүк қой, Ораз. Асыл ой, мол білім, қанатты сезім, асқар ақылдан еркін, еркелей шығатын жүрек сөзі, шынайы өмір сөзі ғой ол. Бұл сөз қинала, толғана, өлеңнің ауыр азабына қайыспай, иықты біржола тосқанда айтылмақ. Бірден айтам, оңай айтам деу арзан қиял, бос үміт... (Беріле ойға батып.) Поэзия! Тамаша өлең! Инемен құдық қазғандай өте қиын бұл еңбектің құшағына кіру қайдан оңайға түссін! Өлеңді ұқпайтындар, оның қадірін кетіруші ақынсымақтар ғана мұны арзан кәсіп көреді. Қиын ғой, достым, ақындық жолы!..
Ораз (күліп). Сен екеуіңнің араңда жынданбай жүрген мына мен мықты екенмін. Ақындықты бірің олай, бірің бұлай сүйрейсің... Жетті дауларың, тым болмаса, мына емтихан біткенше қоя тұрыңдаршы... (Есік қағылады.)
Ораз Кіріңіз.
/Назым кіреді./
Құрмаш. Назым-ау, мұнша неге кешіктің? Сені күтіп әлі ешқайда шыға алмай отырмыз.
Назым. Апам байғұсқа айналақтап қалдым. Дерті күн сайын меңдеп, хәлі ауырлап барады.
Құрмаш. Дәрігерлер не дейді?
Назым. Бауырында тас бар дейді. Операция жасауға жүрегінен қорқады. Қашанғыдан бұрын бишараның өмірі өксіп болды.
Қолындағы нанды аузына бұралап тығып Кәшкен кіреді.
Кәшкен (Назымға). А, староста жолдас, арызың дарыпты! Декан сүйегімнен өтерлік сөз айтып жіберді. Сендердің арқаңда комсомол жиналысының талқысына да түсетін болыппын. Ал, енді айызың қанды ма?
Назым. Міне, осының жаман, Кәшкен. Сені мұқатайық деп жүрген ешқайсымыз жоқ. Барлығымыздың тілейтініміз де бір сенің қамың
Кәшкен. Шыққан екен қамқоршым! Сабаққа дайындалмайды, күні-түні өлең жазумен жүреді, айтсақ тыңдамайды деп деканға сілейте жамандап алып, монтансиды екенсіңдер...
Ораз (килігіп). Жә, жә! Болды! Жазықсыз адамға орынсыз неге ұрынасың! Деканға да айтқан, комсомол жиылысында қарауды да ұсынған мына мен! Онсыз сенің оңға басар түрің жоқ. Қашанғы сен үшін қызара бермекпіз?..
Кәшкен. Аяқтарына мына мен оралғы болып жүрмін бе? О, ғажап!..
Ораз. Иә. Мына сен! Сен!.. Шын ар намысың болса, «құйрықтан» құтыл!
Назым (сағатына қарап тықыршып. Құрмашқа ымдайды). Уақыт өтіп барады.
Құрмаш (басын изеп). Жүр, кеттік. (Оразға.) Біз анда боламыз, келерсің екеуің. (Кетеді.)
Ораз (Кәшкенге). Әй, кетпейсің бе?
Кәшкен. Оқи бер, өзің!
Ораз (көзін алартып). Сөзін!
Кәшкен. Менде осы қандай ақыларың бар?..
Ораз. Кеудеңе босқа нан піспесін! Сабақ оқы! Білім ал!
Кәшкен. Мен білімді сенен үйренбеймін.
Ораз. Керек болса, үйренерсің.
Кәшкен. Сен ғұрлы бірдеңе білемін.
Ораз. Нағыз бітірер жылы малтығып жүріп неменеге өңештейсің деймін мен саған?!
Кәшкен. Білім, сеніңше, не ол? Білім студенттің зачет книжкасына жазылған «жақсы» деген баға деп ойлайсың ғой сен. Чепуха. Білім, ол – кең өріс, жалпақ дүние! Горький мен Абай мектеп кермей де білім алған. Пушкин мен Белинский сен сияқты беске оқымай-ақ, дүниеге өз сөзін айтқан! Шекспир мен Сервантес өмірден тоқи жүріп те, көркем сөзден сұлу сарай соққан!..
Ораз. Онда сен де оқыма! Кет институттан біржола!
Кәшкен. Әңгіме беталды оқуда емес, тоқуда. Кітапта айтылғанның бәрін сен сияқты жаттап алған білім болмайды. Ол да бір, қорытылмаған қорғасын да бір! Өзің айтшы, сен ғой күн-түні бас көтермей сан кітап оқисың. Бірақ, не пайда, соның бәрі ешбір хабар-ошарсыз су аяғы құрдымға барып жоқ болып жатыр. Мен ондай білімді алғым да келмейді. Алмаймын да! Мен білім тұл болмасын деймін!
Ораз. Басыңда қорытылып жатқан алтының болса, неге көрсетпей жүрсің?
Кәшкен. Көрсетіп жүрмін, көре біл! Оқы еңбектерімді...
Ораз. Оқығам. Бірін емес, бәрін де оқығам. Алтын іздеп, жез тапқам!
Кәшкен. Ой-пікірі тобығына келе алмай жүріп, сынаған сыңаржақ, надан сыншыдан сақтасын! (Қыза сөйлеп.) Қазақ әдебиетіне мөлдір толқын әкелген «Дәрігер» атты жақсы поэмам да көзіне ілінбейді, ә?!
Ораз. Түу, саған дауа жоқ екен! (Кетеді.)
Кәшкен (жалғыз). Жаман деген баға менің өміріме паспорт болмақ па. Жоқ, ақынның паспорты-өлеңі. Жырдың күні батпаса, ақынның өмірі де суалмақшы емес. Ендеше... (Есік қағылады.)
Кәшкен (есікке қарамай). Мен мұндамын, келе бер! (Күлше кіреді.)
Күлше. Сен, әлі кеткен жоқсың ба?
Кәшкен. Мен сені күтіп отырмын ғой, бота көзім.
Күлше. Иә, күтіп отырған шығарсың, құдай ұрып, сабақ оқығың келмей отыр да.
Кәшкен. Жоқ, Күлше, шынымды айтайын, бір өлеңді туа алмай, толғатып отырмын.
Күлше. Не туралы өлеңің?
Кәшкен (күліп). Махаббат туралы.
Күлше (күліп). Кімге ғашық боп қалдың байғұс бала?
Кәшкен (әзілдеп). Өзім де білмеймін. Сірә, саған ғашықпын ғой деймін.
Күлше (ойнақылықпен). Махаббатпен ойнама, Кәшкен, отына күйерсің!
Кәшкен. Қызық екенсің ғой, Күлше, мен деген күюші ме едім.
Күлше (томсырайып). Сен қалжыңдайсың-ау, Кәшкен. Сүйіспеншілік басқа түспесін де, басқа түссе...
Кәшкен. Немене, өзің, баяғының ғашықтарынша күреспейсің ғой... Тегі сен қызды құдай ұрған ғой.
Күлше. Қой әрі, соған да нанып қалдың ба, сенде Стендальдың «Қызыл мен қара» атты романы болушы еді. Маған бір-екі күнге бере тұршы!
Кәшкен. Бір рет оқып ең ғой. (Кітапты. берді.)
Күлше. Тағы бір қарап шыққым келеді. Сабақты оқи-оқи жалығып кеттім.
Кәшкен (бетіне қарап). Бауырым қалай десең, олай де, өзің бүгін әйтеуір көңілсізсің.
Күлше. Оны қайдан білдің?
Кәшкен. Басқаны білмесек те қыз жанын білеміз, бауырым.
Күлше. Дұрыс.
Кәшкен. Дұрыс болса, кәне шыныңды айт.
Күлше. Сыр жасырмас досым едің. Айтайын... Жоқ ұяламын.
Кәшкен. Менен ұяласың ба?
Күлше. Бір түрлі ыңғайсыз көрем... Матильданың басындағы күйді есіңе түсірші... Мен де бейне сондаймын.
Кәшкен. Жюльен кім? Реналь кім?
Күлше. Жюльенді сен білмейсің, бір дәрігер. Реналь-өзіміздің Назым!
Кәшкен. Түсінбеймін, не айтып тұрғаныңа.
Күлше. Жігітім соған ауып кетті. Енді түсінікті ме?
Кәшкен. Сенің жігітіңді Назым өзіне қаратып алған! Солай ғой?
Күлше. Білмеймін, шым-шытырық...
Кәшкен. О сұмдық, ұяты қайда, бұлардың? Бірге оқып жүрген тату-тәтті сырлас құрбылар. Не боп кеткен! Түк ұқпаймын! (Күлшеге қадалып.) Осы сен, шын айтып тұрсың ба?
Күлше. Ойпыр-ай, сен де қайта-қайта ежіктей береді екенсің.
Кәшкен. Анау жігіт те бір оңбаған екен! Қара біреуді аққұла әбігерге салып, арбап жүргенін.
Күлше. Арбап жүрген жоқ. Алғалы жүр.
Кәшкен. Кімді, Назымды ма?
Күлше. Иә, Назымды.
Кәшкен. Бос сөз ғой.
Күлше. Түк те бос сөз емес. Институтты бітірген күні қосылуға уәделесіп та қойған көрінеді.
Кәшкен. Шешеме айтқан жоқ қой.
Күлше. Неге айтсын. Кезінде бір-ақ білсін дейтін шығар.
Кәшкен. Түу, нағыз пасықтық екен бұл! Адам тағдыры, адам өмірі ойыншық па, бұларға!.. Өлмелі кемпірді, тым болмаса, еліне көшіріп салмай, жұртында қалдырмақ па!.. Ым... Өзге мінін көргіш әулиеге біз де бірдеңе айта алады екенбіз... (Пауза.) Кідіре тұр, Күлше! Көзінің еті өскен өзімшілдікке сот құрамын, әділет сотын құрамын! (Асыға шығып кетеді. Есік қағып Жібек кіреді.)
Жібек. Мә кілт. Мен сабақ оқуға кеттім.
Күлше. Кідіре тұр... Сөйлесетін сөз бар.
Жібек. Әлі баяғы жыр ма! Бұрап қойған күй сандықтай әрдайым бір әуенді айта бермей, қойсаңшы!
Күлше. Күй өзгермейді, үдейді, Жібек!
Жібек (бетіне тесіле қарап). Бұл не деген сөз? Біреудің бақытына ара түсу ме?
Күлше. Жоқ! Өз бақытымды қорғаймын!.. Көзінің еті некем жігітке өз намысын қыздың қалай қорғайтынын көрсетеді.
Жібек. Бұл айтып тұрғаның баланың сөзі. Намысты сарапқа салмас бұрын қорғар болар.
Күлше. Өзің айтшы, Жібек, ойлаппын ба мен мұны?!
Жібек. Ойламасаң енді ойлан. Орынсыз күйме. Сен сүйген екен деп, ол сүймеді... Амал бар ма, бекі... Сезім қатып қалған тас емес, сүйе білсең, суына да біл! Шу шығарып, ар төгуде не абырой бар?
Күлше. Қыз да адам ғой, шын жүрекпен сүйген жаны қолдан шығып бара жатса, үн шығармай қалай отырмақ!
Жібек. Қанша қатты үн шығарсаң да, жүректің қалауын бұза алмайсың.
Күлше. «0, тәңірі! Сүйсе суи білмейтін, отты жүрек неге бердің сен маған?» дейтін Лермонтовтың қай геройы еді осы?.. Мен де қазір бейне сол сияқтымын...
Жібек. Қойшы, Күлшетай, болар іс болған соң, қайтесің сонша егіліп!
Күлше. Ақыл айту оңай-ақ қой! Басыңа түссе көрер ем...
Кәшкен, Ораз, Құрмаш, Назым кіреді.
Құрмаш (Ораздың жиналмай қалған төсегіне көзі түсіп, қыздардан ыңғайсызданады. Теріс қарайды). Төсегін жиып жүрсе, несі кетеді екен мұның!
Жібек (әзілдеп). Ерте оянып, кеш тұрыпсыңдар. (Төсекті жөндейді.)
Құрмаш (бетіне күлімсірей қарап, басын иіп). Айыптымыз. (Оразға.) Төсекке аунауды қашан қояр екенсің, сен.
Ораз. Керек болса, аунай беретін шығармыз. (Кәшкенге.) Ал, сөйле! Жан дүниеңді қаптаған қандай өрт екен?!
Кәшкен. Тоқташы шаужайламай, тым болмаса, ентігімді басайын.
Жібек. (Назымға). Бұл не жұмбақ?
Назым. Білмеймін. Сабақ оқып отырған жерімізден қояр да қоймай алып келді. Жан дүниемді өрт қаптады. Айтар сұмдық жаманатым бар дейді.
Жібек. Ол не, Кәшкен?
Кәшкен (даусын нәштеп). Жақсылыққа бастамайды бұл қылық!
Ораз. Талай дал-құлды көріп ем, бірақ мұндай түрін кездестіріп отырғаным осы!
Жібек. Неменені жұмбақтап тұрсың, ашып айтшы.
Кәшкен. Шеш, Назым, жұмбағымды, сұрап тұр ғой мына жұрт!
Назым (таңданып). Не айтып тұрғаныңа түсінбеймін.
Кәшкен. Сөйле, Күлше!
Күлше (ыңғайсызданып). Қойшы, Кәшкен! Мұның не? Бала болғанбысың?!
Кәшкен. Немене қайғыңды бірге оқитын жолдастарыңнан жасырайын деп пе едің...
Күлше. Туу, қызық екенсің ғой, өзің! Сені мұндай деп кім ойлаған...
Кәшкен. Немене, жүрегің дауаламай ма? Жазған құлда шаршау бар ма, Кәшкен өзі-ақ баяндайды. (Назымға.) Сұрағым бар саған.
Назым. Сұра!
Кәшкен. Кімсің сен?
Ораз. Осы не айтып тұр?
Кәшкен. Істеп жүрген ісіңді есіңе алшы!
Назым. Ойланып сөйле, тым асқақтап барасың.
Кәшкен. Төсек тартып, әл үстінде жатқан ақ шашты ауру анада ауыр тағдыр бар, ол миыңа кіре ме?! Аңқау, албырт құрбыда саған деген наза бар. Ол миыңа кіре ме?! Нәпсі бар да, төзім бар, ар бар да, адамгершілік бар! Ол миыңа кіре ме?! Егер миыңа кірсе, айтшы жұрттың алдында! (Назым бетін басып шығып кетеді. Қалғандары әртүрлі күйде едәуір үнсіз тұрады. Әсіресе, Құрмаш үнсіз тістеніп, іштей күйінуде болады.)
Жібек. Кәшкен, мұның барып тұрған тұрпайылық!..
Ораз. Ақын емес, бишара екенсің ғой өзің!
Жібек. Бір ағашқа біткен бұтақтар да өсе-өсе діңгегінен алыстап, өз алдына бой салып, өмір сүреді ғой. Адам солғұрлым болмағаны ма, еспей өшің қалатын. Бұл тәлімің-қай тәлім?!
Күлше. Өзінікі де жөнсіз ғой.
Жібек. Қой, Күлше! Сен араласатын ештеңе жоқ!
Күлше. Мен дұрыстығын айтамын.
Жібек. Осының бәрі сенің кінәң.
Күлше. Немене... Менен көргің келе ме?
Жібек. Иә, сенен көрем.
Күлше (ашулы). Ұмытпа осы сөзіңді! (Тез-тез басып шығып кетеді.)
Құрмаш. Кәшкен, бұл қалай болды? Жұрттың бәрін әлекке салдық қой.
Кәшкен. Әлектенбей дәйек жоқ. Ой түседі де, ағынан жарылады. Сахна бітті, біз кеттік. (Күлімсіреп шығып кетеді.)
Құрмаш (ойда). Не істейміз? Айтсаңдаршы!
Ораз. Ұшқыннан өрт шығатынын мен баяғыда білгем! Олай болмай жүріп, өршітіп алған!
Құрмаш. Мен емес, өршіткен сен! Қит етсе намысына тілдей жөнелесің. Ашына-ашына міне өзіңді де, өзгені дей салды. Ешбір сөзіңді тыңдар ма енді ол... Ойпырмай, бәрі де бұрын Назым байғұсқа ауыр тиетін болды-ау! Комсомол жиналысына салуды қоя тұру керек еді...
0раз. Сөз емес. Жұрт талқысын көрмей, Кәшкен түзелмейді. Әсіресе жаңағы оңбағандығы үшін бар ма, талай талқыға түсіремін мен оны.
Құрмаш. Ойланбай бет алды арындай берме! Иван Ивановичпен ақылдасу керек.
Ораз. Міне, мұныңа құлақ асуға болады.
Құрмаш. Кеттік, олай болса...
ЕКІНШІ КАРТИНА
Институт алды. Кәшкен. Ол есік алдына келеді.
Кәшкен (ішке кірмей кідіріп). Осы жұрт айтты айтпады, өзі не болар екен? Төрт жыл оқып келіп, ақыр шенінде шоңқиып отырып қалу деген былайынша қарағанда да келімді іс емес-ау: «Мынау диплом ала алмады» деп көрінген сұқтанбай ма саған. «Қайтсем екен, ә? Басқасын о ғып, бұ ғып, бірдеңе етуге болар еді... Ал, орыс тіліне басты сындырып көп отыру керек... (Ойланып). Одан тапсырмай ғой мемлекеттік емтиханға екі бастан жібермейді... (Студенттердің даусы естіледі.) Әй, мейлі!.. (Қолын бір сілтеп, келген көзі қайтадан шығып кетеді.)
Шымылдық ашылады. Институт аудиториясы. Тіл-әдебиет факультетінің оқу бітіретін соңғы курс студенттері. Ішінде тек Кәшкен жоқ. Қарт профессор институт оқытушысы Иван Иванович Садовский консультация сабағын аяқтап біткен кез.
Иван Иванович. Басқа сұрақтарың жоқ па?
І студент. Халықаралық жағдай туралы да сұрала ма? Иван Иванович. Саясатты білмесек, қалай болады, өзің айтшы!
I студент. Әрине, білу керек.
Иван Иванович. Менің де ойым сол... Енді кімде бар?.. Жоқ қой?.. Онда таралық. (Студенттер орындарынан тұра қоймайды. Профессор әрқайсысының бетіне қарап күлімсіреп.) Немене, кеткілерің келмей ме? (Күлшеге.) Лекция біткенше асығып отыратын сен де бүгін күндегідей асықпайсың ғой, Күнпейісова? Ұғып тұрмын, шәкірттерім, бәрін де ұғып тұрмын. Төрт жыл еткен еңбектің жемісін орар алдында толқу деген табиғи нәрсе! Бірақ толқу, жауапкершілікті сезу ғана аз. Еңбек үстіне еңбек ету керек.
II студент. Сәтсіз сұраққа сүрініп қалмасақ...
Иван Иванович. Шын білгенге сәтсіздік жоқ, шәкіртім.
Ораз. Сіз жас кезіңізде жақсы оқыған боларсыз, Иван Иванович?
Иван Иванович (күлімсіреп). Сенің әрқашан да осындай бір оғаш сұрақтарың жүреді.
Сапаров. Сабақ тақырыбына тікелей қатысы болмаса да, жауап берейін. (Даусын өзгертіп.) Иә, мен жаман оқымадым. Бірақ, қазіргі сен сияқты арнаулы степендия ала алмадым. Қанағаттандың ба?..
Құрмаш (күліп). Мүмкін, сіз Сапаров сияқты барлық пәннен үздік оқи алмаған шығарсыз?
Иван Иванович. Оқуын оқыдым. Әйткенмен, тағдыр солай болды. Менің аталарым ақсүйек қауымынан шықпаған, қарапайым адамдар еді. Солардың «тексіздігі» бағымды байлады... (Күрсініп.) Қазір сол бір жастық шақ есіме түссе, неткен бақытсыз еді деймін. Иә, уақытты оздырмайық. Естеріне мынаны саламын: егер бір мәселе түсініксіз болса, қай уақытта болса да, маған келіп сұрап алудан арланбаңдар. Мұнда болмаса, үйге келіңдер! Әйтеуір білетін болыңдар!
Студенттер тарайды. Құрмаш пен Ораз бөлініп қалады.
Ораз. Біз сізбен ақылдасайық деп едік, Иван Иванович.
Иван Иванович. А, жақсы, айта ғой.
Ораз. Кәшкен Жайсақов жайында еді.
Құрмаш. Және көршіңіз Назым Оразбаева туралы да сөйлессек деп едік.
Иван Иванович. Өте жақсы!
Құрмаш. Назым арамыздағы өте бір аяулы жолдасымыз ғой. Оның қазіргі хәлі арқамызға аяздай батады. Тұрмысқа шыққалы жүргенін енесі естіп, әбігерге түсіп жатқан көрінеді. Ескінің қазақтарындағы келін деген ұғым бұл күнде де толық жойылып болмаған ғой... Өзі ауру, әрі кәрі кемпірге түсіндіру де қиын...
Иван Иванович. Мен таңертең кіріп шыққанымда тыныш еді.
Құрмаш. Жаңа ғана естіпті.
Иван Иванович. Бұл, міне, қиын мәселе. Ол сені мен менің қалауыммен оп-оңай шешіле салмайды. Тамыры тереңде, ескі мен жаңаның қақтығысында жатыр... Мен де аяймын Назымды... Енесі де маған қымбат адам. Тату көршім, сендерден бұрын оқыған сүйікті шәкіртімнің анасы... Бір жөнін табуымыз керек.
Ораз. Біріміз серілік құрып оқымаймыз, екіншіміз жеке бастың, үй ішінің қайғысымен әуре боламыз... Мұның аяғы көңілсіз күйге апаратыны сөзсіз. Анау Жайсақов деген сабақ оқуды қойып, адасумен жүр. Бар бітіретіні күні-түні өлең жасады. Айтсаң, бетіңнен алады. Бүгін декан екінші рет шақырып алып, ақыл етіп те, ұрсып та айтқан еді. Сонда да, ем қонбапты. Көріп отырсыз консультацияға да келген жоқ.
/Декан кіреді./
Декан. Иван Иванович, шәкірттеріңіз жиылмаған ба?
Иван Иванович. Жоқ, жиылды. Сабақты бітіріп те қойдық.
Декан. Солай ма?.. Менің сізбен сөйлесуім керек еді.
Құрмаш (профессорға). Иван Иванович, біз кетейік пе?
Иван Иванович. Кейін сөйлесерміз. (Құрмаш пен Ораз кетеді.)
Декан. Сіз студент Жайсақов жөнінде қалай ойлайсыз? Институтты бітіре ала ма?
Иван Иванович. Бітіруге тиіс деп ойлаймын.
Декан. Екі пәннен борышты екенін білесіз бе?
Иван Иванович. Білемін.
Декан. Оны қашан тапсырмақ?.. Мен шынымды айтайын, сізге ренжудемін.
Иван Иванович. Не үшін?
Декан. Сіз оны тым еркелетіп жібердіңіз, қит етсе, ара түсесіз оған.
Иван Иванович. Қымбатты Қадыр Адирбекович, мен ешуақытта оған ара түскен емеспін. Рас, талантын дамытуы үшін демейтінім, керекті жерінде арқадан қағатыным бар...
Декан. Міне, сонымыз жаман ғой... Көзіңізге айтайын, сіз, Иван Иванович, тым көңілшексіз, жұмсақсыз.
Иван Иванович (күлімсіреп). Ал, сіз тым қаталсыз.
Декан. Қымбатты профессор, адам тәрбиелеуде онсыз болмайды.
Декан. Қымбатты профессор, адам тәрбиелеуде онсыз сіздікі менімше, бір жақты қаталдық.
Декан. Ал мен өзім олай деп ойламаймын. Өзіңіз сияқты студенттерімді мен де жақсы көремін. Жақсы көргендіктен де, оларға қатал болғым келеді, өйткені, олардың алдында алынбаған талай қамал жатыр. Ол қамалды жастай шыңдалған білімді, қажырлы, алғыр адам ғана ала алатынын білесіз. Егер бүгін бірінің қасына, бірінің қабағына қарап, алақанға салып өсірсек, ондай адамдар ертең өмір күресінің алдыңғы сапында бола алмайды...
Иван Иванович. Дұрыс айтасыз, дұрыс айтасыз. Дауым жоқ. Ал, бірақ, адам тәрбиелеу дегеніміз сіз айтқан бір ғана қаталдық қана болмаса керек. Бұл тұтас жатқан, бойына талай өнерді жиған педагогикалық күрделі механизм деп қарасақ дұрыс болар. Педагог қатал да, жұмсақ та бола білу шарт. Әке орнына әке, шеше орнына шеше болуға да тура келеді. Айтыңызшы ,әр шәкірттің өзіндік дара қасиетін, бойындағы осал жағын білмей, қалай тәрбиелей алмақпыз оларды?.. Айтайық, Жайсақов басындағы қайшылық неде? Білесіз бе?
Декан. Ол ақынмын деп дандайсып кеткен...
Иван Иванович. Қара нөсер құярда, аспан әлемімде қандай құбылыс болатынын білесіз бе? Нажағай ойнап, қара бұлт дөңбекшіп ,жел ішін тарта булығып, сұрапыл бір дауыл соғады. Сонан соң барып нөсер құяды. Жайсақов та қазір сол секілді. Ол сіз айтқандай, әлі ақын емес. Ақын болу жолында жанымен толғанып, не істерге білмей, жауар бұлттай түнеруде... Ақындық оңай тумайды. Ол үлкен қиыншылықпен, ауыр азаппен келеді. Көңілді әр саққа жүгіртіп, әбігерге де салады. Мұндай арпалыс үстінде жас адамда толқу, адасу болмай тұрмайды. Ол өз өнерін еркін игере алмай, айналаның бәріне бір түрлі қызғанышпен қарайды. Мұны сіз бен біз жақсы түсінуге тиіспіз.
Декан (жымиып). Олай болса, сіз ақындықтың тууы деген трактат жазғайсыз.
Иван Иванович. Сіз күлесіз бе?.. Жоқ, қате ұғынбаңыз. Мен сізге жалпы ақындық туралы рецепт ұсынып тұрғаным жоқ. Іштей булығып, біліммен, ойлы үлкен арнамен ешбір шусыз-ақ келетін ақындық та болатынын мен жақсы білемін. Ол туралы сөз басқа...
(Ораз асығыс кіріп келеді.)
Ораз. Кәшкен, қайдасың? (Екі ұстазын көріп, ақырып тұрып қалады.)
Иван Иванович. Не болды?
Ораз (сасқалақтап). Жай еді... Сол осында кетті деп еді...
Декан. Жай ма?
Ораз (қолындағы газетті ұсынып). Сілейтіп салыпты, әбден сілейтіпті.
Иван Иванович. Қалайша?
Ораз. Поэмасын іске алғысыз етіп, сын жазыпты.
Декан (профессорға). Міне, сізге ақындықтың тууы!.. ( Кетеді.)
Иван Иванович. Сынды кім жазған дейсің?
Орал. Жақыпов, дәрігер-хирург Жақыпов.
Иван Иванович. Жақыпов! Қай Жақыпов?
Ораз (күмілжіп). Өзіміздің әлгінде ғана әңгіме еткен...
Иван Иванович. Иә, иә, есіме түсті. Ораз, Жайсақовты іздеп, тез тап та, маған жібер. Мен осында боламын. (Ораз, Иван Иванович айнала жүреді. Парталарға ойлана қарайды. Күлімсірейді.) Балапандар түлеп ұшады. Ертең тағы да жаңа толқын келеді. Мен сабақты қайтадан бастаймын.) Жайсақов, Жайсақов, сен мазалайсың мені. Жас адасса бір сәрі, сақал-шашы ағарған мен сияқты ақбас шал адасса, масқара ғой бұл!.. (Кәшкен келеді.)
Кәшкен. Иван Иванович, рұқсат па?
Иван Иванович. Кел. (Кәшкен кірген соң.) Сабаққа неге келмедің?
Кәшкен. Бір жұмыспен кешігіп қалдым.
Иван Иванович. Сенің жұмысың оқу емес пе?
Кәшкен. Оқып жүрмін!
Иван Иванович. Отыр... Мұнда отыр. (Кәшкен отырады.) Емтиханға дайындығың қалай?
Кәшкен. Мәз емес.
Иван Иванович. Неге мәз емес?
Кәшкен. Оқуға жағдай жоқ. Күнде жиылыс, күнде егес.
Иван Иванович. Кешегіден басқа соңғы уақытта ешқандай жиылыс болған жоқ сияқты еді ғой.
Кәшкен. Декан күніне он шақырса, директор жиырма шақырады. Жиылыс деп білемін, соның бәрін.
Иван Иванович. Әдепсіз болма!.. Солардың бәрібір сенің қамың үшін әбігер боп жүргенін түсінуің керек. Сен бірімізді емес, бәрімізді әурелеудесің.
Кәшкен. Түсінбей тұрмын, Иван Иванович.
Иван Иванович. Осы істеп жүргенің не сенің?
Кәшкен. Не істедім?
Иван Иванович. Не істедім! Қамыңды ойлаған жолдастарыңнан безіп болғансың...
Кәшкен. Жолдастан безген емен. Шынында, жолдас та жоқ менде.
Иван Иванович. Жолдас көп сенде.
Кәшкен. Көре алмай жүрмін.
Иван Иванович. Сөз таластырма менімен...
Кәшкен. Мынау ма жолдастықтары? (Газет ұсынады.)
Иван Иванович. Білемін.
Кәшкен. (өзіне). Өзіміздің желаяқтардың бірі ғой жеткізіп үлгірген (Профессорға.) Жүзінде күлкі, жүрегінде у сақтаған жолдассымақтардың маған қарсы жасап отырған әрекеті бұл. Әдебиеттен хабарсыз, дәрігер қайдан сын жазсын!
Иван Иванович. Тоқта, шырақ! Шүбәлі ойға ере берсең, бәрімізден безуің де ғажап емес. Бірақ, біз сені өзімізден бездіріп, құрдымға батырып отыра алмаймыз... Әңгімені сыннан бастайық. Қане, оқышы.
Кәшкен (оқиды)... «Дәрігер» деп ат қойғанын қайтелік. Жас ақын тақырыбын игере алмапты... Оқиғаның сиқына көз жіберіңіз. Совет дәрігері адам өмірін ұзартудың амалын іздейді. Мұны Америкаға барып табады. Сонда тәжірибені өзіне жасаймын деп өледі. Оған автор аза тартып:
Қайран ер, қайран боздақ, тапты қаза,
Шегеді жас қыршынға ақын аза!
Тәңрінің жазбағанын табамын деп,
Әлде сен тарттың ба екен содан жаза! –
дейді. Көріп отырсыздар ма, шығарманың геройы саясаттан лаққан, отансыз біреу де, авторы орта ғасырдың мистиктері сияқты жоққа табынып, көрер көзге адасады»... (Бөгеледі.) Оқи берейін бе?
Иван Иванович. Оқы!
Кәшкен (оқиды). «Әрі идеясыз, әрі олақ жазылған бұл поэма жастарымызды жасық, күйрек болып өсуге үндейді.» (Газеттен басын көтеріп.) Міне, осылай болып кете береді.
Иван Иванович. Сен жаңа жаны ашыр жолдасым жоқ деп едің. Ол сөзіңнің негізсіз айтылғанын мына сынның өзі-ақ айқын көрсетіп тұр. Бұл шын достың қолынан шыққан. Кемшілігіңді, қатеңді дәл көрсетіп берген. Бұл сыннан мен де сен жөніндегі өз қатемді ұғып тұрмын. Поэзия міндетін түсінбей, теріс бағыт алғансың. Біз мұны ағғармай қалғанбыз. Шығарма халқымыз үшін қызмет етпесе-неменеге керек?!
Кәшкен. Иван Иванович!
Иван Иванович. Сен бұған мойында. Сынаған жолдастарыңа да, сын жазған Жақыповқа да алғыс айт! Табыс солармен.
Кәшкен. Атамаңыз, Иван Иванович. Мен сіз ойлағандай бала емеспін... Кім дос, кім қас екенін де танимын...
Иван Иванович. Тани алмай тұрсың... (Студент келеді.)
Студент. Иван Иванович, сізді директор шақырады.
Иван Иванович. Қазір... (Студент кетеді.) Балалық ойды тастау керек! Өзгеге де, өзіңе де әділ бола біл. Айтылған сынның бәрін теріске жорып, одан үркуге болмайды. Өсуді тілесең, сынға құшақ жай, дұрыс қабылда... (Ойланып.) Сын-бейне тасқын су. Тамыры терең бойлаған мәуелі бәйтеректерді шайқалта, ырғалта түсіп, берік нығап, бойын шалған кір-қоқысты шайып әкетеді де, көк бойлап еркіндеп өсуіне мол қорек қалдырады. Сондықтан да, өзіне сенімді жас бәйтерек әрдайым да тасқынға құшағын жаяды, одан сусындап, гүл-гүл жайнап, жапырақтары желкілдеп, толқын атады. Ал, тамырын құрт шалған осал терек үрейлене қорқады. Өйткені, оның шама-шарқы өзіне аян. Су түбімен қопарып жығып кетсе, қайтып басын көтере алмай, біржола қурап қалады. Көк шыбықтай өрімтал сен сияқты алғыр жас кәрі терекше морт сынса не болғаны. Осыны өзің ақылыңа салып, ойлап көрші... Директор да сенін қамың үшін мені шақырып отыр. Мен оларға емтиханды Есеновпен, Сапаровпен, Мұратбековамен бірігіп дайындалатыныңды айтамын. (Кетеді.)
Кәшкен (жалғыз). Сын тасқын су дейді. Жақсы айта білесің, қартым! Ойыңды тұспалдап, шебер жеткізесің... Мен де дүниеге өз сөзімді айтқым келеді, асыл өлеңмен айтқым келеді. Осыны менің жолдастарым түсінбейді. Мен осыған күйінем... Өзімше жақсы шықты деген поэмам сәтсіздікке ұшырады. Қатыгез дәрігер қанжарын салды. Жақсы, айқасып көрейік. Мүмкін, мені де жеңерсің... Фу, басым мең-зең! Не оқығым, не жазғым келмейді... (Пауза.) Соңғы кезде жолдастарым мені жек көріп бара жатқан секілді. Неге бұлай! Не жаздым. Неге жақпаймын соларға?..
ШЫМЫЛДЫҚ
ЕКІНШІ АКТ
ҮШІНШІ КАРТИНА
Кешкі уақыт. Батар күннің шапағы қызыл арай нұр тартып, айналаны әсемдікке бөлеп тұр. Балжан мен профессор Садовскийдің көк-жасыл өсімдіктерге бөленген көк ауласы. Оң жақта Балжан кемпірдің үйі. Оның сахнада көрініп тұрған екі үлкен терезесі шалқасынан ашулы. Сол жақта профессордың үйі. Залдағыларға оның есігі көрініп тұрады. Шымылдық ашылғанда профессордың үйінен бір-екілеп кетіп жатқан студенттер көрінеді. Бұл консультация алып жүргендер. Назым өз үйінің жанындағы жуан терек түбіндегі орындықта Жібек екеуі қазақ әдебиетінен мемлекеттік емтиханға даярланып отыр.
Назым (басын көтеріп). Әр шумақты қайталап оқыған сайын тереңдеп, оның жанын ұғына беретін сияқтысың. Неткен түнсіз терең ой!.. Абайды біз бұрын жете түсінбейді екенбіз ғой, Жібек.
Жібек. Ол рас. Абай біз білім алып, есейіп өскен сайын жаңара береді, жасара береді. Пушкин мен Абай сияқты ұлы ақындар адам баласы ұрпағының мәңгі замандасы.
Назым. Абайдың ұлылығын бір сөзбен дәлелде десе, сен не деп жауап берер едің, Жібек? Комиссия бұлай деп сұрауы да мүмкін ғой.
Жібек (Назымға күлімсірей қарап). Қызық, сұрақ, бірақ, бұрын ойланбаған сұрағым... Өзің не дер ең?
Назым. Мен сөзді Абайдың өзіне берер едім:
Адамның кейбір кездері
Көңілде алаң басылса,
Тәңрінің берген өнері
Көк бұлттан ашылса.
Сылдырлап өңкей келісім,
Тас бұлақтың суындай,
Кірлеген жүрек өзі ішін
Тұра алмас әсте жуынбай.
Тәңрінің күні жарқырап,
Ұйқыдан көңіл ашар көз
Қуатты ойдан бас құрап,
Еркеленіп шығар сөз.
Жібек.
Сонда ақын белін буынып
Алды-артына қаранар,
Дүние кірін жуынып
Көрініп ойға сөз салар.
Қыранша қарап қырымға
Мұң мен зарды қолға алар,
Кектеніп надан зұлымға
Шиыршық атар, толғанар.
Әділет пен ақылға
Сынатып көрген-білгенін.
Білдірер алыс, жақынға
Солардың сөйле дегенін.
Ызалы жүрек, долы қол,
Улы сия, ащы тіл.
Не жазып кетсе, жайы сол,
Жек көрсеңдер өзің біл.
Назым. Не бәрі жеті шумақ өлеңде бүкіл Абай жатыр.
Жібек. Ақындықтың гимні... Қандай терең! Қандай көркем! Әр сөзін ойлануға тура келеді... (Сахнаға екі студент шығады. Назым орнынан тұрып, үйінің терезесінен қарайды.)
I-студент (сахнаға қарап). Тезірек жүр. Сағат тура сегіз болыпты.
II-студент. Сенің сағатың ылғи алда жүреді. Тіпті де сегіз болған жоқ. (Екеуі де профессордың үйіне кіреді).
Назым (қайтып келіп). Басын да көтермеген. Теріс қараған күйінде әлі жатыр.
Жібек. Неменесіне айта қойды екен деймін...
Назым. Ол айтайын демепті, естіді деген оймен аңғармай айтып салыпты.
Жібек. Жүрген жері әбігер...
Назым. Қайтесің, мінез ғой. (Пауза.) Ойға кетсем көзіме жас келеді. Мен келгелі дүниеге 24-ақ жыл болыпты. Оның да көбі балалық өмір. Осы аз өмірімде мен не көрдім? Оқу оқыдым, білім қудым. Дүниеге келгелі бар бітіргенім осы ғана. Қалай дейсің, Жібек-ау! Аз емес пе тым? Жар сүйіп ем, тағдыр оны да көпсінді. Міне, бүгін жан жарымның қаза тапқанына екі жыл... (Пауза.) Қайран дос! Бұлай болады деп өңіміз түгіл түсімізде ойладық па екен! (Даусын баяулатып.) Майданда жүріп жазған хаттарында «Әлі-ақ жеңіспен ораламыз. Асыға күт, сәулем!» деген сөздерді әрдайым айтатын еді. Осы сөзден оның лүпілдеп соққан ыстық жүрегінің дүрсілі, жылы лебі сезілгендей, өнебойым шымырлап, көкірегіме бүкіл әлем сыйғандай, бір кең тыныс пайда болатын... Сол жардың аман келгенін бір көрсем деген арманым, қандай тәтті еді! Қандай тірек еді!.. Амал қанша, жаманат хабар тәтті үміт пен қылаусыз ниетті біржола қиып кетті. Ескі үміт үзіліп, жаңа үміттің кемесіне түстім. Амалсыз түстім. Өмірімді өшірмеу үшін түстім. Мұндай қиын өзгерісті кәрі ана түсінбеуі де мүмкін ғой... Бірақ, құрбыларым түсінуі керек емес пе еді. Неге кінәлайды мені?
Жібек. Мұңаймашы, Назым! Сені ешкім де кінәламайды. Мүмкін де емес кінәлауға.
Назым. Кәшкен сөзін естідің ғой өз құлағыңмен? Ол ақын адам. Қалтарыссыз, қулықсыз, ақ көңіл адам. Айтса шынын, өз ойындағысын айтады. Басқа құрбыларым да мен туралы жаман ойда шығар. Оны мен қайдан білейін.
Жібек. Біз жаңа заман адамымыз. Біздің ұғымымыз да жаңа. Осы жаңа ұғымымызды кейбір ескі ұғымның шырмауында жүргендерге батыл ұсынуымыз керек. Біз бұған тартыншақтап қалуға тиіс емеспіз.
Назым. Мен мұны білемін де, түсінемін де, Жібек... Бірақ, әр нәрсенің өз өлшемі, өз шегі бар. Менің басымдағы қазіргі жағдай қиын... Ақ шашты ауру енемді, асыл жарымыңды аяйсың, аяймын... Қатты аяймын. (Профессордың үйінен студенттер шығады. Сахнаның түп жағына кетеді.)
Назым (сағатына қарап). Шәріптің де келем деген мезгілі болып қалыпты ғой.
Жібек. Онда мен кетейін.
Назым. Мен сені ұзатып салайын.
Жібек. Қайтесің ұзатып.
Назым. Жоқ, ұзатайын. (Күлімсіреп қолтығынан алып.) Жігітің болайын.
Жібек (күліп). Сендей жігіттен ешбір қыз бойын аулақ салар ма!
Назым. Қыз болу қандай жақсы!
Жібек (күліп). Жігітім, қалай-қалай тиесің жүрекке!
Назым. Шын айтам. Кейде сол бір дәурен еске түседі. Қызыға қарайсың. Амал не, орамалын алыстан бұлғап, алдаусыратып кете барады...
Жібек (әзілдеп). Жас басынан жанын қарттықтың қырауы шалған сендей жігіт ұнамайды маған.
Назым (жадырап). Шұғыл кеттің деген соң алыстан орағытпақ болған түрім ғой. Олақ шықса, қойдым. Тегі, менен оңған кавалер шығатын түрі жоқ, орнымды Құрмашқа берсем бе деймін!
Жібек (наздана күліп). Тентек болма, Назым!.. (Екеуі де кетеді.)
Сахнаға Кәшкен шығады. Профессордың есігінің алдына бара бергенде Құрмаш қарсы келеді.
Құрмаш. Кірмей неғып тұрсың, Кәшкен?
Кәшкен (жымиып). Екі бірдей соққыға жығылып, есеңгіреп қалыппын.
Құрмаш. Қандай соққы?
Кәшкен. Қандай соққы?! Поэмадан құладық. (Сұқ қолын көтеріп.) Бір! Комсомол жиналысында ащы терді арқадан сығып берді. (Сұқ қолын көтеріп.) Екі! Бір басқа жететін шығар, шырағым.
Құрмаш. Ой, өзің жігітсің, Кәшкен! Шынымды айтайын, мен сенен жиналыстың басында бүлдіре ме деп қорқып едім, артынан түзеп әкеттің. Дұрыс болды.
Кәшкен. Не дұрыс болды?
Құрмаш. Кемшіліктеріңді мойындағаның дұрыс болды.
Кәшкен. Қашан мойындадым мен?
Құрмаш (жайдары). Қой, қой, жалтарма!.. Жігітсің деймін саған мен! (Кетеді.)
Кәшкен. Маған жігітсің дейді, жоқ нағыз жігіт сенсің, Құрмаш! Досқа қабырғаңның қайыса білетінін көрсеттің-ау жиналыста сен!.. Көзіне жас ала қандайлық толғанып сөйледі ол, ә!.. Ғажап! (Ішке кіреді.)
Сахнаға Шәріп келеді. Профессордың үйінен Күлше шығып қарсы кездеседі.
Күлше. Бүгін сені көрем деген ойымда жоқ еді... Профессордан консультация алуға келіп едім. Бір сөз сұрасам жолыңнан қалдырар ма екем?
Шәріп. Сұра!
Күлше. Маған деген жылы шырай қайда кеткен?
Шәріп. Күлше, арадағы жырымыз айтылып біткен еді ғой. Неменеге қайта-қайта жаңғырта береміз.
Күлше. Қатыгезсің, Шәріп. Аяу дегенді білемісің, сірә?
Шәріп. Аямасам бүйтпес едім.
Күлше (даусын көтеріп). Қыз жүрегін тілгілеу де аяу болғаны ма?
Шәріп. Мен сенің алдыңда қарыздармын, Күлше! Бірақ, сен ойлағандай емес, басқаша қарыздармын... Сен мені жаралы күйімде өлім аузынан алып шықтың. Әмір бердің. Сен болмасаң, мүмкін, ел жүзін көре алмаған да болар едім. Бұл жақсылығыңды ұмытсам, барып тұрған оңбағандық болар еді... Майдандас досым болдың аз күн. Бір бірімізге аға мен қарындастай үйреніп, етене болып кеттік. Кейін хат алысып, хат та жазыстық. Амандықты, саулықты айттық. Осының бәрі жат нәрсе ме еді біз үшін? Ешбір жаттығы жоқ еді. Аға едік, қарындас едік, дос едік, жолдас едік. Шынымды айтайын, осыларды басқаша түсініп, өзіңше жорамал жасап жүргеніңді кейін бір-ақ білдім... Жақсы, жүрек күйі солай-ақ соққан шығар. Кінәламайын. Ал, менің де өз қалауым бар емес пе. Осыны сенің де түсінуің керек еді ғой.
Күлше. Сөз деген бір сұлу кесте. Шеге білсе, бәрі орынды, бәрі оңды... Бірақ сырқау жүрек сұлу сөзбен емделмейді. (Даусы. дірілдеп.) Сезімді, сүйген сезімді табаныңа бастың...
Шәріп. Не істе дейсің, Күлше-ау, маған. Біз екі түрлі адамбыз. Ұғымымыз да, ойымыз да бір бірімізге мүлде ұқсамайды. Сен үшін мен тым қартпын, мен үшін сен тым жассың. Сен гүлге құмар бұлбұлдай әсемшіл, аңсампаз, тәтті ойдың, нәзік сезімнің адамысың. Мен болсам, тым қарапайым жанмын. Бар сұлулықты қарапайым еңбегімнен іздеп, соған-ақ тояттай саламын... Сол аядай жанымды түсінетін, өзінін де аядай жанын албырт толқынсыз жалған жалынсыз айнымас жүректен ұсынатын өмірлік серік, өзекті достық іздеймін. Үй болу, семья құру үшін бұл табиғи да тілек, өйткені бір үйдегі екі жүрек екі түрлі соқса, достыққа орын қалмайды. Ол ерте ме, кеш пе, қиюы қашып қажиды. Мұны сендей албырт жас елегісі келмегенмен мен сияқты егделер ұмыта алмайды.
Күлше. Қайран дүние! Қыз басыңды төмен иіп, алдына келсең жігіт деген осыны айтады... Арзан пұл, айнымалы жан көреді. (Назым келеді. Күлше Назымды көзімен атып кете барады.)
Шәріп. Қалай боп жатыр жағдайың?
Назым. Нашар. Арамыздағы достықты енем естіп шала бүлініп жатыр.
Шәріп. (Назымды құшағына тартып.) Қойшы мұңаймашы! Кемпір байғұс қанша тулар дейсің. Түсінеді ғой әлі-ақ...
Назым. Қайдам!
Шәріп. Бәрі де реттеледі. Тек өзің жадырашы. Сен ренжісең, берекем қашады... Ұмытшы бәрін! (Сүйеді.)
Назым (сәл жадырап). Өмір деген қызық екен ғой, Шәріп. Бұрын өзімді топшысынан үзіліп түскен жаралы құстай сезінуші едім. Енді, міне, қайта қанаттанғандаймын... Жүрек жарасын емдеушім! Қуанышым!.. Жаным!!! (Профессордың үйінен Кәшкен шығады. Назымдардың жанына келеді, басын бір жағына қисайтып, екі қолын қалтасына салып, маңыздана тоқтап тұрады.)
Кәшкен (әлден уақыттан кейін). Назым мына кісі кім?
Назым (абыржып). Танысып қойыңдар.
Шәріп (қолын беріп). Жақыпов.
Кәшкен (қолын беріп). Сізді енді таныдым, сыншы жезде. Кәшкен Жайсақов деген жаман ақын мына біз боламыз.
Шәріп (күліп). Ақындық-мұрат іс. Бірақ, оған «жаман» деген сөз қосылса жүдеу тартады да, таңсық болмай қалады.
Кәшкен. Маяковский өлең оқып тұрғанда залдан біреу: Маяковский поэзияда өлімтік. Енді одан ешнәрсе күтуге болмайды, деп айқайлапты. Сонда отты ақын бөгелместен күлімсірей сөйлеп: мені өлімтік дейді, ал, өлімтік сасып тұрған оның өзі деген екен. Сол айтқандай: жаман ақын деп паспорт жазған сіз болыпсыз да, ол әміріңізді орындамай жүрген мына біз көрінеміз.
Шәріп. Әзілді жайлап бастап, анайы сілтеп кеттіңіз, інім! Мұнша таусыларлық сіздің жеке басыңыз жөнінде ештеңе демесем керек.
Назым (тықыршып). Жарайды, қойыңдар!
Кәшкен. Сен тоқтай тұр, Назым. (Шәріпке.) Ақынның жеке басы-оның шығармасы. Шығармаға айтылған етек басты арзан сындар ақын арына атқан оқпен тең. Егер оғыңыз нысанаға тимей жатса, ол өз олақтығыңыз. Құр дәрілеп атса да, мылтық даусын шығаруға жаны құмарлар болады. Ондайдың парқы да аз.
Шәріп. Сіз маған әдемілей сөйлесеңіз де, арзан ойдан аспай қойдыңыз. Шынымды айтайын, өлеңнің биігіне қол созған адамнан мұндай сөзді күтпеген едім. Етекте тұрып жоғарыдан қарамақ боласыз. Сынды түрпідей көресіз. Несі теріс, несі оң оны айта алмайсыз. Дәлеліңіз жоқ. Асаулықпен қабат осалдық та бірге жүр. Мүмкін,. сыным олақ шығар, солай болған күнде де, айтылғанның бәрі бос сөз деп дәлелсіз байбалам салу жол ма? Ол іштей жуасып, сырттай айбат шегу, інім.
Кәшкен. Сөзі майда, діні қатты адамдарды жаратпаушы едім. Келісе алмаспыз сізбен... Мен отпен ойнаған көзсіз көбелектей аңқау қыз емеспін, соны ғана есіңізге саламын. Серпінім қаттырақ болса, өкінбеңіз!
Шәріп. Ойбой, інім, мұндай да өнерің бар ма еді. Жақсы, күтіп алдым, құлататын тауыңды. (Іштен терезе алдына төсектен тұрған бойы Балжан келеді. Үнсіз сазарып қарап тұрады.)
Кәшкен. Жас қыздың көз жасы, ақ шашты ауру ананың азасы үшін айқасармыз сізбен... (Жүгіре жөнеледі. Балжан тәлтіректей басып мыналарға жақындайды.)
Назым (аңғарып). Апатай! (Сүйемек болады. Балжан қолын сілтейді.)
Балжан. Жуыма, жуыма маңыма! Не бетіңмен сөйлейсің! Жуыма.
Назым. Жазығым не, апатай? Сай сүйегім сырқырап кетті ғой!
Балжан (тістеніп). Солай ма екен?! Мен жетісіп тұрған шығармын...
Шәріп. Шеше...
Балжан (сөзін бөліп). Шешеден садаға кет!.. Жоғал үйімнің маңынан, көрінбе көзіме!.. Осы қалада басқа қыз, қатын құрып қалды ма?! Нең бар еді менің келінімде! (Айқайлап.) Уа, қайсың барсың? Көзімнің тірісінде талады... (Үйінен профессор шығады. Балжанның қасына келеді.)
Иван Иванович. Сізге не болған? Сабыр етіңіз! Сіз сияқты ақылды адамға лайық па осы?
Балжан. Нем қалды енді, құрдас-ау, нем қалды?! Мақтаулы шәкіртіңнің істеп отырғаны мынау. Шынымен-ақ мені тастап, күңірентіп кетпек пе?.. Қайтып қалам қуыс үйде жападан-жалғыз?! (Тізерлеп отырып қалады. Назым сүйейді.)
Иван Иванович. Көпті көрген көне досым, сабыр ет! Ашуыңды бас. Ақыл шақыр... Ұзақ жүрген біздің жол кәрілік деген құрдымға тіреліп тұрса, жас адамның алдында ашылмаған жол, алынбаған бел жатыр. Соған қарай ұмтылған от жалынды жастықтың жолын қырқам деу ақылға сыя ма? Өзің ойлашы... Аналық мейірім емес, асқан қаталдық болмай ма бұл!
Балжан (әлсіз дауыспен, сөзін үзіп айтады). Сонау бір айырылысар күні: «Назым, апаңды ренжіте көрме, сүйеу бол!»-деп қиыла тілек еткендей, ойлы пішінмен тіл қатты ол мынаған. Өн бойым балқып, мейрімді қандыра сүймек болып, мен құшағымды жая бердім... Әттең, мауқымды баса алмады. Құшағымда аялдап тұра алмай, күлімсірей жұбатып, вагонға кіріп кетті балам. Қозғалған отарба жүрісін бірте-бірте шапшаңдатып, демде алыстап, көз ұшынан ғайып болғанша, жолына телміре қарап мен тұрдым. Көп тұрдым... Сол ауыр шақ басымнан қазір ғана өткендей боп, ащы күй өзегімді жарып, лаңға салып тұр, құрдас...
Иван Иванович. Әлі-ақ түсінісеміз, ұғынысамыз! (Назымға.) Үйге апарайық. (Екеуі сүйемелеп орнынан тұрғызады.)
Балжан (үзіп сөйлейді). Бұл шіркінді жанымдай жақсы көруші едім. Жалғызымның көзі еді ғой бұл... Төл қозымдай жұп жазбай жүрген қайран күндерің!.. (Аналар үйге кіреді.)
Иван Иванович (іште). Назым, бізді оңаша қалдыршы. (Назым қайтып шығады.)
Назым. Көне өмірдің кенже қалған ойымен ұғынысу неткен қиын еді, Шәріп! Жақсы ниет, жақсы ойыңды түсінбеуі бір сәрі, ескі ұғымда қалған көнетоз жүректен жан ауырар қатал үкім айтады. Өзгеменен санаспай, өз ойының тар ұясын өмірге өлшем етеді. Алдақашан озық кеткен жаңа заман ғұрпын да тарынын қауызындай сол тар ұғымға сыйғызбақ болады. Қайтерсің!.. Өз қолыңды өзің кесе алмайсың. Басқа да емес, жатса-тұрса бір сенің қамыңды ойлап, бір сенің шыққан тауын биік болса екен деп, ақ көңілден тілейтін асыл ана жаныңды ұға алмай, ауыр наз артады, кінә қояды. Ананы сыйлайтын адал жүрегіңді алдына жайып салайын десең, ескі заманға құйған салт-санадан шыға алмай, оң ісіңді теріске жориды. Қайтпекпін!.. Өздігінен түсінер ол жоқ. Айтшы не істеймін? (Профессор жүгіріп шығады.)
Назым (шошынып). Ойпыр-ай, не болды?
Иван Иванович. Телефонға... (Жүгірген бойы өз үйіне кетеді, Назым дереу үйіне кіреді. (Шәріп аң-таң тұрып қалады.)
Шәріп. Не боп барады?!
ТӨРТІНШІ КАРТИНА
Аурухана. Операция бөлмесінің алдыңғы үйі мен келушілер күтетін орын. Бөлмеде телефон. Шәріп пен бір дәрігер сөйлей кіреді. Олар халат киіп, операция жасауға әзірленеді.
Дәрігер. Шәріп Жакупович, бұл операция абырой әпермейді. Бекер тәуекел етесіз. Аурумен жақсылап таныстым. Операция жасауды хәлі көтермейді.
Шәріп. Білемін... Не айтқыңыз келеді?
Дәрігер. Күте тұру қажет. Мүмкін, хәлі жақсарса операцияны содан кейін ойлармыз.
Шәріп. Мүмкін емес. Аурудың демі санаулы. Әрбір минут қымбат!
Дәрігер (басын шайқап). Профессорға тағы да телефон соғып көрейінші. (Трубканы қолға алып,) 2-28. (Телефон жауап бермейді.) Қап!.. (Шәріпке.) Әлі де айтамын, аңдысын байқау қажет. Сіз алды болжамай тұрсыз... Мен мұны сізге тәжірибелі дәрігер ретінде ғана емес, дос ретінде де айтып тұрмын. Біреулердің ертең қастық етті деп жүрмесін кім біледі... Сақтанғаныңыз теріс болмайды.
Шәріп (түсін суытып). Көңіліңізге келмесін, бұл айтып тұрғаныңыз естір құлаққа ерсі...
Дәрігер. Мен сіз үшін, сіздің қамыңыз үшін айтамын... (Шәріп операция бөлмесіне қарай жүреді.) Сіз өмір тәжірибеңіз аз, жас дәрігерсіз. Сіз...
Шәріп. Тоқтатыңыз бұл әңгімені!
Дәрігер (иығын көтеріп). Қалауыңыз білсін. (Операция бөлмесіне кіреді.)
Шәріп (ере түсіп тоқтайды. Ойда). Жүрек тоқтайды... Адам өледі... Дәрігерге сенген таудай үміт құлайды... Кінәлы Жақыпов жауап беруге тура келеді... Қат-қабат қатар... (Пауза.) Сөз бе екен сол да! Қауіпсіз ауру, тәуекелсіз сәтті қашан көрді, дәрігер?.. (Операция бөлмесіне кіре бергенде, келушілер. Арадағы есік ашық. Артынша Кәшкен кіреді. Шәріп пен Назым оны аңғармайды.)
Назым (қиналған пішінде). Сақтап қала көр өмірін!
Шәріп (салқын). Оған құдіретім жетсе... (Кіріп кетеді.)
Назым. Жазған ана жазықсыз балаңа қарғыс айтқам күйіңде өткенің бе дүниеден?! Тым болмаса, тілдесе алмай қалам ба? (Орындыққа отыра кетеді. Кәшкен есіркеген пішінмен едәуір қарап тұрады.)
Кәшкен (бойын жиып). Анау қатыгез дәрігерден қорқамын.
Назым (басын көтеріп). Неге қорқасың, Кәшкен?
Кәшкен. Жазым етеді.
Назым. Қате айтасың, Кәшкен. (Ентігіп Күлше келеді.)
Кәшкен. Ау, абайла! Жолыңда мына біз тұрмыз, баса-көктеп қайда барасың?
Күлше. Шәріп қайда?
Кәшкен (жаратпай, есікті көрсетіп). Анда!..
Күлше (Назымға). Шешем қалай?
Назым. Білмеймін.
Күлше. Операция жасайтын болды деді ме?
Назым. Иә...
Күлше (Кәшкенге). Кім жасайды екен?
Кәшкен. Жақыпов.
(Пауза.)
Күлше. Сәтін салса... (Бөгеліп.) Қиын операция ғой бұл, ә, Кәшкен?
Кәшкен. Е, қайдан білейін мен! Хирург болып көрді деймісің.
Күлше. Сен маған неге ашуланасың, Кәшкен?
Кәшкен. Кісі жаны кейіп отырса, орынсыз нәрселерді сұрайсың.
Күлше. Иә, шешем байғұсқа бұл бір қатерлі сын болды... (Ойланып.)... Шәріпке де сын... Солай емес пе, Кәшкен?
Кәшкен. Солай, солай!
Күлше. Егер жаман айтпай, жақсы жоқ, шешем олай-бұлай боп кетсе, Шәріп жауап береді ғой, ә? Қалай дейсің?
Кәшкен (кейіп). Жауап беріп қана қоймайды. Сотталады!!
Күлше (шошып). Сұмдық-ай! Айтпа ондай жаман сөзді!
Кәшкен. Немене жаның аши ма?!
Күлше (басын изеп). Адамды жамандыққа қиюға бола ма? Кәшкен, о не дегенің?..
(Ораздың даусы естіледі.)
Кәшкен. Әй осы біреу де, әнеугі жиналыс осыған теліп, білгенін оқисың, дегеннен бері бұл ожар тіпті дамыл беруді қойды. Оқимыз деп күні-түні сүйрейді де жүреді. Қазір тағы дедектетеді. Әбден елер болдым!.. (Назым күлімсірейді.) (Ораз, Құрмаш, Жібек кіреді).
Жібек (Назымға). Не болды?
Назым. Белгісіз. Операция жасап жатыр.
Ораз. Операция жасап жатқан кім екен?
Назым. Шәріп. (Бәрі елеңдейді.)
Ораз. Шәріп дейсің бе?
Кәшкен (көзін ежірейтіп, иегін көтеріп). Иә, Шәріп!
Ораз. Шәріп болса іс бітті.
Кәшкен (сұқ қолын көкірегіне кезеп). Оны мына мен де айтып отырмын.
Ораз. Сен оны айтқан жоқсың, айта да алмайсың!..
Кәшкен (ұғып). Ә, оптимистік көзқарас!.. Сенім білдіріп тұр екенсің ғой. Лайым солай болсын...
Ораз. Солай болады да!.. Әй, сен қазір осыдан шыққан соң, кетіп қалып жүрме! Тура жатақханаға тартамыз.
Кәшкен. Білемін. (алдыңғы бөлмеге әлгі дәрігер шығады.)
Назым (күтушілер залынан). Ағатай қалай болып жатыр, айтыңызшы! (Бәрі де есік алдына топталады.)
Дәрігер (сасқалақтап). Кіруге болмайды! (Телефон трубкасын алады.) 2-28... Профессор ма? Иә, иә, маған профессорды шақырыңыз... Ефим Борисович, бұл мен ғой... Шұғыл көмегіңіз керек болып тұр. Адам өліп барады... (Назым сылқ етіп отыра кетеді. Бәрі әр түрлі әлпетте, елеңдеп, сілейіп тұрып қалады.) Мүмкін болса, тезірек... Фу!.. Сол бір маскүнем итті баяғыда қуып жіберуіңіз керек еді! Менің машинамның да болмауын қараңызшы, бүгін шоферға демалыс беріп қойып едім... Жоқ, жоқ, күтіңіз! Машина табамыз!.. Рахмет!.. (Трубканы іледі де, қайтадан басқа бір номермен сөйлеседі.) Зоя, профессор Борисовтың үйіне машина жібер! Тез барсын, бір минут та кідірмесін! (Қайтадан операция бөліміне кетеді.)
(Профессор Садовский кіреді.)
Иван Иванович. (Абыржуды аңғарып). Иә?
Құрмаш (мұңайған пішінмен). Хәлі қиын көрінеді!..
Назым. Үміт үзілді... (Көзінен жасы мөлдірейді.)
Иван Иванович (Назымның шашын сипап). Сауығады, медицинаға сенемін.
Ораз. Адам 150 жасқа дейін өмір сүруге тиіс дейді ғылым. Іс жүзінде тым болмаса, жүзге де жетпей өліп жатқанымыз.
Құрмаш. Атом қуатын тапқан ғылым жұдырықтай жүректі мезгілсіз тоқтатпаудың емін таба алмауы, шынында, қынжыларлық іс қой...
Иван Иванович. Бәрі де кезінде табылады, шәкірттерім. (Дәрігер қайта шығады.)
Дәрігер. (Трубканы алып.) 2-28... Рахмет! Ефим Борисович, машина әлі барған жоқ па?.. Осы қазір баруға тиіс... Жоқ, операция аяқталған. Бірақ жүрек, жүрек болмай тұр... Қалай дейсіз?
Іштен сестра жүгіріп шығады.
Сестра. Жүрек мүлде соқпай қойды.
Дәрігер (телефонда). Жүрек соғуды тоқтатты... Иә, иә үшінші сатылы шоктың нағыз өзі. Адреналинды тура жүрек етіне жіберу керек дейсіз бе? Жақсы. (Трубканы іліп, ішке кетеді. Назым қинала түседі.)
Кәшкен. Бәрі де бітті...
Ораз (мойнын темен түсіріп). Иә, жүрек тоқтаған соң, үміттің біржола үзілгені!
Иван Иванович. Операция үстінде жүрек тоқтау деген бола беретін іс.
Кәшкен. Иван Иванович, шок деген немене ол?
Иван Иванович. Наркоз әсерінен тыныс жолы бітіп, жүрек талықсып тоқтап қалады. Шок дегеніміз сол.
Кәшкен. Жүрек, тоқтаған соң, одан кейін қандай өмір болуы мүмкін?..
Иван Иванович. Одан кейін де адамда 5-6 минуттік өмір бар. Егер осы аз минутта жүректі соқтыра алса, өмір қайта оралады.
Құрмаш (күрсініп). Алты минуттік өмір! Ойпырай! Таудай үмітті үзіп, енді сағымдай бұлдыр, болымсыз бес-алты минутке көз сүземіз!..
Пауза. Ерсілі-қарсылы жүріс. Іштен Шәріп пен әлгі дәрігер шығады. Екеуі де есіктен шыға, ауыздағы үйге халаттарын, беттерін байлаған ақ шүберектерін шешеді. Әбден терлеген. Күту залында отырғандар соларға қарай ұмтылады.
Дәрігер (есікке төнген күтушілерге). Жүрек соқты. Өмір оралды... Операцияның сәті келді.
Иван Иванович. Айттым ғой сендерге, дәл осылай болады деп. (Шәріп пен дәрігер тысқа беттейді. Жұрт жамырай ереді. Өзара сүйсінгендері байқалады. Кәшкен де ере түсіп, тұрып қалады.)
Кәшкен (Күлшеге). Әй, Күлше, мынау дәрігер дегенің нағыз тамаша адам екен ғой.
(Шам сөніп, қайта жанады. Палата, төсекте Балжан жатыр, қасында сестра отыр.)
Сестра. Сіз өліп тірілдіңіз.
Балжан. Өлген адам қайтып тірілмейді, қызым.
Сестра. Кәдімгідей сіз өлдіңіз, жүрегіңіз соқпай қалды. Бәріміз де қатты састық. Хирург не істерін білмей, есі шықты. Сен үшін жаман қиналды. Мен, тіпті, аяп кеттім. Сіздің жүрегіңіз соққанда оның қуанғанын көрсеңіз... Сіздің басыңызды ауыртайын, әйтеуір, тірі қалдыңыз... Балаларыңыздың қорыққанын көрмедіңіз ғой. Әсіресе, аққұба қызыңыз шала бүлінді. Ол бірнеше рет келіп, жолықтыр деп жалынды! Мен рұқсат жоқ десем де болмайды, «жолықтыр да жолықтыр». Басқа сөз жоқ...
Балжан (күрсініп). Жаным Назым!
Сестра. Сол үлкен қызыңыз ба? (Балжан үндемейді.) Балаларыңыз қандай көп, шеше?
Балжан. Иә, қызым, балаларым көп екен...
Сестра (таңданып). Әлде, немерелеріңіз бе?
Балжан (көңілі бұзылады). Иә, иә, немерем де, шөберем де, балам да...
Сестра (бетіне үңіліп). Көзіңізде жас бар ғой, неге жылайсыз, шеше?
Балжан. Жай, әшейін. Кемпірдің қуанса да, қайғырса да көзінде жасы дайын тұратын әдеті емес пе, қызым.
Сестра. Менің де өзіңіздей шешем бар. Ол кісі де кейде қарадан қарап отырып, көзіне жас алады.
Балжан. Шешең бақытты ма?
Сестра. Әрине, бақытты. Ауылдың үлкен-кішісі ол кісіні құрметтейді, төбелеріне көтереді.
Балжан. Сенен басқа ержеткен баласы бар ма?
Сестра. Екі ағам бар еді. Үлкені Отан соғысында қаза тапты.
Балжан. Келіншегі бар ма еді?
Сестра. Бар болатын.
Балжан. Ол қайда қазір?
Сестра. Өзіміздің ауылда.
Балжан. Үйлеріңде ме?
Сестра. Жоқ. Ерге шықты.
Балжан (мүдіріп). Ерге шықты дейсің бе! Әжең байғұсқа ауыр тиген екен ғой.
Сестра. Алғашқы естігенде жылады. Содан кейін: «Балам, бақытты бол» деп батасын беріп, қызындай қолынан ұзатты.
Балжан (ойланып). Жақсы адам ба еді жеңгең?
Сестра. Атамаңыз! Өте ақылды адам!
Балжан (күрсініп). О, тоба-ай!
Сестра (терезеден қарап). Аққұба қызыңыз келе жатыр. Әрине, бүгін жолықтыруға болады. (Орнынан тұрады.)
Балжан (сәл серпіліп). Сүйте көр, балам! (Сестра кетеді.) Келші, жалғызымның көзі. Сағындым ғой сені... Маңдайыңнан иіскейін, мауқымды басайын!..
Назым кіріп келіп Балжанды құшақтай алады.
Шымылдық
ҮШІНШІ АКТ
БЕСІНШІ КАРТИНА
Институт. Үлкен аудиторияның алдыңғы бөлмесі. Аржағындағы аудиторияда қазақ әдебиетінен алғашқы емтихан жүріп жатыр. Жұртқа ол көрінбейді. Тек есігі қана көрінеді. Осы есік алдында тіл-әдебиет факультетінің институт бітіретін бір топ студенті тұр. Біреулері отыр. Бұлардың арасында Құрмаш, Назым, Жібек бар. Олар есіктен қашығырақ жерде отыр. Студенттер тықыршуда. Кейбіреуі есіктен сығалайды, тыңдайды. Бір студент көзін жұмып, екі ортан қолын түйістіріп тұр. Әрқайсысы әр түрлі әрекет үстінде. Бір студент алдындағы қалың дәптерге үңіліп, бас алмайды. Енді бірі көзін жұмып алып, басты жоғары кекшитіп аузы жыбыр-жыбыр етеді, іштей жаттауда.
I студент. Бес алатын болсам, тақ ет! Бес алатын болсам тақ ет! (Ортан саусақтары түйіспейді.) Төрт алатын болсам... (Түйіспейді.) Үш алатын болсам... (Түйіспейді.) Екі алатын болсам... (Ортан саусақтары түйіседі.) Түу құрып қалсын!..
II студент. Әй, не болды?
I студент. Мен құлайды екенмін... Көрдің бе? (Екі орта саусағын түйістіріп.) Екі алатын болсам тағы да тақ ет!.. (Саусақтары түйіспейді.) Өй мынау алжып кетті.
II студент (күліп). Саусағың емес алжып тұрған өзің ғой. (Ол екі саусағын көзін жұмбастан әдейі жайлап түйістіріп.) Отлично алатын болсам, түйіс... (Түйістіреді.) Көрдің бе?
I студент. Ол болмайды.
II студент. Болғанда осы болсын. Саусағыңа сенбе. (Басын нұқып.) Мынаған сен! Ұқтың ба?
Құрмаш (тықыршып). Әлгілер қайда жүр?
Жібек. Емтиханды жұрттың артынан тапсыратын Кәшкеннің әдеті емес пе! Ораз да соның ыңғайымен жүрген болар.
Құрмаш. Қалай ойлайсың, Жібек, Кәшкен өткізе алар ма екен?
Жібек. Кім білсін.
Құрмаш (Назымға). Сен қалай ойлайсың, Назым?
Назым. Осы жолы жаман дайындалмаған сияқты ғой, өткізер!
Құрмаш. Өткізсе екен сол!
Жібек. Бұдан сүрінбесін де, бұдан сүрінсе, ондай күйгелек адам, кейінгі емтихандарға дайындала алмайды... Ұнжырғасы біржола түсіп кетеді.
Назым. Оның рас.
Құрмаш. Кімге оңай тиеді дейсің, төрт жыл оқып келіп отырып қалу.
Назым. Басқа бере көрмесін де.
Құрмаш (әзілдеп). Қорқасың ба, Назым?
Назым. Қорқамын. Жақсы дайындала алмаған сияқтымын.
Жібек. Бәріміздің де жүрегіміз май ішкендей. Кім білсін, масқара боламыз ба!..
Құрмаш (ойланып). Рас!
Назым (күліп). Қойыңдаршы зәрені ала бермей. Не де болса кезінде көрерміз. Қазірден үрейленіп, дегбірімізді қашырсақ, комиссия алдында аузымызды да аша алмаспыз.
Жібек. Неге екенін білмеймін, бүгін көңіліме бір алаң пайда боп тұр. Әлденеге елеңдей беремін... Бұрынғы емтихандарда өмірі бүйтіп көрген емес едім.
Назым. Өйткені, бүгінгі күн басқаша... Біз өмірімізге, келешегімізге емтихан беріп тұрғамыз жоқ па...
Кәшкен (кіріп келіп). Қате! Біз келешегімізге емтихан бергелі тұрғанымыз жоқ. Белгілі бір сабақтан институт комиссиясына емтихан бергелі тұрмыз. Мұнда үлкен айырма бар. Келешекте елге пайдалы адам болу үшін бүгін қазақ әдебиетінен жақсы яки өте жақсы деген баға алу шарт емес.
Жібек. Білу шарт.
Кәшкен. Дұрыс айтасың, білу шарт.
Жібек. Білу үшін оқу шарт.
Кәшкен. Оқу да шарт, тоқу да шарт! Бәрі шарт.
Назым. Сол оқығаныңды да, тоқығаныңды да емтихан сарапқа салады. Емтихан жай нәрсе, былайша білсем болғаны деп айта беруге болады... Тіпті, сәтті сұраққа кезігіп, мұндайда бас сауғалап қалуға да болады. Бірақ, шын білу мұның бәрі де емес. Емтихан ол-әр студенттің келешек алдындағы жауапкершілігін, ең алдымен, оны іштей ұғуы, іштей есеп беруі, білгенін сарапқа салып шығуы деп білемін. (Ораз кіреді.)
Ораз (Кәшкенге). Мен сені іздеп жүрсем... Таң атқалы қайда болдың?
Кәшкеи. Сабақты бірігіп оқуға міндетті болсам да, қашам, қайда барғаным туралы сенің алдыңда есеп беруге міндетті емес шығармын.
Ораз. Ал, сұрамай-ақ қойдым... (Есіктен сығалап тұрған студентке.) Өңешіңді созып, неменеге сығалайсың?
Студент. Тым болмаса қойылып жатқан сұрақтарды естиік те.
Ораз. Естігеннен не түседі?
Студент. Қиын ба екен дегенім ғой.
Кәшкен (бір шетке барып, көзін жұмып оқып жаттап отырған студентке). Сен немене, құран оқып отырмайсың?.. (Анау өзімен өзі болып үндей қоймайды.) Студент дейді мұны!..
Студент. Не?
Кәшкен. Оқи бер, оқи бер аятыңды!
Студент. Аят, ол не?..
Кәшкен. Ол мына сенің талмауың. (Оның қолындағы алба-жұлба болған дәптерді жұлып алады.)
Студент. Неменеге күлесің, сенің де жетістіріп жүргенің белгілі ғой... Бері әкел!
Кәшкен. Сорлының сөзін... Мә, киіз кітабың... (Әрі кетеді, шеттеп барып отырады. Басын шалқайтып, бір аяғын тізесінің үстіне салып, аяғының басын қозғап, ойлы пішінмен сөзге араласпай, өзімен өзі болады.)
(Іштен бір студент шығады. Ашылған есік сығалап тұрған студенттің басына соғылады.)
Ораз (есікке соғылған студентке). Өңешіңді сонша кең созып ең, өзіңе де сол керек... (Шыққан студент өте көңілді. Студенттер қоршап, тұс-тұстан сұрақ жаудырады.)
I студент. Қане, қалай болды?
II студент. Не сұрады?
III студент. Қалай сұрады?
IV студент. Құтылдың ба әйтеуір?
Студент. Қайсына жауап беремін... Тоқ етерін айтқанда (бармағын көрсетіп.) во! (Кете бастайды. Студенттер жамырай ереді. Өзара сөйлесіп бара жатады.)
Кәшкен (басқалардан бөлек). Жайшылықта көп нәрсе білетін сияқтанушы едім. Дәл қазір басымда ештеңе жоқ тәрізді. Тіпті, өлеңдер де қашып кеткен. Өлең ей, өлең!.. Сенен де көрген абыройым шамалы. Дәрігердің сынына үйірме жиылысында біреуі қарсы болсайшы. «Дұрыс та, дұрыс» деп даурықпады ма түгел... Бұрын көрсе қайда қалды екен солар? Біреулер, шулап өре түрегелетін осы бір әдет қашан қалар екен? (Күлше кіреді).
Күлше (Кәшкеннің жанына келіп.) Күт десем, қарамай қалғаның не?
Кәшкен. Көшеде ойға шомып жалғыз жүруді жаратамын ғой мен, Күлше-ау!.. Кешір, бауырым.
Күлше. Сенің ойға шомбайтын күнің болсайшы бір.
Кәшкен. Иә, солай! Мен ойды жаратамын, сен ойланбай тұрып, әрекет етуді жаратасың.
Менің ойым елең тудырады деймін, әрекетің өкініш тудырады...
Күлше. ЬІм... Сен де мені табалайын дедің бе?
Кәшкен. Табалау емес, шыным. Білесің ғой өзің, ойыма келгенді ірке алмайтынымды...
Күлше. Бұл ақылыңды бұрын айтсаң, қайда қалдың...
Кәшкен. Қызықсың-ау, Күлше, тентекке ақыл түстен кейін келетінін білмейсің бе!.. (Іштен тағы бір студент шығады. Студенттер оны да ортаға алады.)
I студент. Қалай болды, достым?
Шыққан студент (ашулы). Не қалайы-мұсатыры бар.
II студент. Құлаған ғой тәрізі.
III студент. Қандай сұрақтан құладың?
Шыққан студент. Ой қойыңдаршы. Білмеймін! (Кетеді.)
Ораз (бірінші студентке). Есік күзеткеніңе көп болды, неге кірмейсің?
І студент (II студентке). Кірсейші!
II студент. Өзің немді бітіріп тұрсың?
I студент (күйбежектеп). Кірсем кірейінші. (Артына қарайлап.) Маған келген билеттегі сұрақтарды бірдеңе ғып шыққандардан жазып жіберермін. Жауабын реттегейсіңдер. (Кіріп кетеді.)
Ораз. Фу, бүйтіп көрген күнің құрсын!
Жібек. Өйтіп алған бағасы да бар болсын. (Ораз, Құрмаш, Жібек, Назымдар өзара күбірлесіп сөйлесумен болады. Іштен тағы бір студент шығады.)
Ораз (Кәшкеннің жанына келіп). Екі орын босады. Кәне, ақын, тәуекел деп енді мен кірейін. Менен соң сен кір! (Кәшкен үнсіз орнынан тұрады да, Оразға еріп кіріп кетеді.)
Күлше (шетте). Кәшкен де менен бойын аулақ сала бастаған. Не болар екен мұның аяғы?
Жібек (қасына келіп). Сен не айтып отырсың?
Күлше. Менің де білгім, бақытты өмір сүргім, жақсы адам болғым келеді, Жібек. Сол үшін де әрекет етем... Не пиғылым жақпайды сендерге, неге шетке қағасыңдар?! Айтшы, ұғындыршы!
Жібек. Сені шетке қаққан адам жоқ. Ол сенің өз ойың. Адам өмірді дұрыс ұға алмай, адасып бара жатса, өз ортасының ұғымы бұрынғыдан бөлек көрініп, оғаш тарта бастайды. Қашан өз қатесін ұғып, қайтып үйірін тапқанша, ол адам өзін де, өзгені де жақтырмай, наразы болады да жүреді...
Құрмаш (екі қыздың қасына келіп). Ендігі кезек сендердікі.
Жібек (наздана қарап). Біз әзірміз.
Құрмаш (ол да күлімсіреп көзін қадап). О, дүние десеңші, өн бойыма бір тамаша нұр құйылды ғой!
Жібек. Ол қандай нұр?
Құрмаш. Көз нұры. (Жібек күледі.)
Назым (әзілдеп). Қандай көздің нұры?!
Құрмаш (жауаптан тартынып). «Көзіңнен айналайын жаутаңдаған...» Қандай тамаша өлең деймін! Осы бір жолдын, өзінде бүкіл бір қыздың өмірі жатқан жоқ па?..
Назым (күлімсіреп). Қай қыздың?
Құрмаш. Қай қыз дерің барма... Әйтеуір бір қыздың...
Назым. Әрине, жүрек сөзін көзден ұға алатын қыз туралы айтылған өлең болар...
Құрмаш. Мүмкін... (Бір студент шығады, мыналар қарсы ұмтылады.)
I студент. Не, не болды?
Шыққан студент. Әлі білмеймін... Төрті болатын шығар.
II студент. Жақсы деген баға алсақ өкінбес ек өзіміз.
I студент. Кешіктің ғой, көп сұрады ма?
Шыққан студент. Көп сұрады. Қай қайдағы жоқты сұрайды.
III студент. Бет алыстары тым қатты десеңші.
Шыққан студент. Атама!
III студент. Апырай-ә! Шоңқимасақ не қылсын!.. Иван Иванович қалай? (Қолымен қылыш жасап.) Бұрынғыша былай... састырмай... демей ме?
Шыққан студент. Жоқ, бұрынғыдай емес. Қатайып кеткен. Сұрақты үсті-үстіне қойып отырғанның бірі сол.
III студент. Тотидық десеңші. (Шыққан студент кетеді.)
II студент (есіктен сығалап). Ораз жауап беріп болыпты. Жай отыр... Екі көзі Кәшкенде. Ол басын сипалай береді, Тегі, жауап бере алмай тұр-ау деймін.
Жібек. Арзанда құн бола ма?
Күлше (ойланып.) Иә, арзанда құн жоқ...
Құрмаш. Осыдан шығысымен шешемнің халін біліп қалмақшы... (Кәшкен шығады. Аяғын маңыздана басып, үндей қоймайды.)
Жібек. Жақсылық па, жарқыным?
Құрмаш. Иә?..
Күлше. Қулап қалдың ба? (Ораз шығады.)
Кәшкен. Өй, жағыңа жылан жұмыртқаласын!..
Ораз. Уһ, дүние бір жаңа сатыға, көтерілді-ау!..
АЛТЫНШЫ КАРТИНА
Балжан мен профессор үйінің ауласы. Алма ағаштары гүл тастап, мәуелеп тұр. Жеміс піскен. Егілген гүлдер. Екі үйдің арасындағы көк-жасыл алаңға столдар қойылған. Столдар үстінде беті жабулы түрлі тағамдар, бөтелкелер. Балжан столды тәртіпке келтіріп жүр.
Балжан. Міне, оқуын да бітірді. Мен де дерттен айықтым. Қиыспас келінмен ажырасар күн де жетті. (Пауза.) Бала орнына бала болған адамнан айрылу қандай қиын ең! Өмірімнің базары тарағалы тұрғандай көңілім қобалжып, ойласам басым мәңгіреді. (Жібек шығады.)
Жібек. Сіз шаршап қаласыз, мен реттейін...
Балжан. Жібекжан, бір нәрсе сұрасам, айтар ма едің?
Жібек. Айтқанда қандай! Сұраңыз, шеше.
Балжан. Отыршы мына жерге. (Отырады.) Қалай деп ойлайсың, Назым шынымен-ақ мені тастап кетер ме екен? (Жібек үндемейді.) Неге үндемейсің?
Жібек. Бұл сұрағыңыздың жауабына қиналып отырмын.
Балжан. Жақсы, қиналмай-ақ қой, балам. (Үнсіз отырып қалады. Дабыр естіледі.) Балалар да келе бастады. Үйге барып оны-мұныны реттемесем болмас. (Кетеді. Күлше келеді.)
Жібек. Сен қыз, тез келемін дегенің қайда? Неге осынша кешіктің?
Күлше. Айтарын айтсам да, бетімнен отым шығып, ұяла, ұяла әрең келдім... Жазғыра көрмеңдерші, жаным! Бәрін де ұғынғандаймын қазір... Мүмкін, ұғу да аз шығар... Аз дедің бе, Жібек?
Жібек. Мен ештеңе дегенім жоқ.
Күлше. Бетіне қарауға да жүзім шыдамайды. (Ораз бен Құрмаш шығады, қыздарды аңғармайды.)
Құрмаш (айналаға сүйсіне қарап). Қандай гүл-гүл жайнап кеткен! Табиғат та ерекше әсемдікке бөленген.
Ораз. Ақынбысың деген, дүниеге жаңа келген адамдай бейқам болып тұрған түрін. (Күліп.) Институтты бітіріп, көңілді бір тындырдың. Айналаның бәрі көзіңе күндегіден өзгеше көрініп тұрғаны содан болмасын?!
Құрмаш. Жоқ, табиғат бір тамаша нәрсе ғой, Ораз! Мұның өміріне терең бойлап, сырына қана білсең, талай қызыққа батасың. Мына түрлі түсті гүлді қарашы! Не деген ғажайып өмір! Не деген әсемдік! «Кер мені, ұқ мені!» деп әрқайсысы күлім қағып тұрған жоқ па..
Ораз. Табиғат! Гүл. Сөз бе екен сол да! Сұлулықты гүлден іздеме! Мына менен ізде!
Құрмаш. Сұлулықты іздемеу керек. Жанмен ұғып, көре білу керек. (Жібек орнынан тұрып жақындайды.)
Жібек. Гүл біткеннің бәрі бірдей жақсы бола ма екен?
Ораз. Ал, гүл құмар жігіт, жауап бер!
Құрмаш. Жоқ, Жібек! Оның да жақсы, жаманы болады. (Бір қызыл гүлді алып.) Мәселен, мынау ең жақсы гүл. (Ұсынады. Жібек алып иіскейді.)
Жібек. Исі тамаша екен!
Ораз. Исі тамаша болса, қолдан түсірме!
Жібек. Сүйтейін бе?
Құрмаш. Көкірекке тағып алса мүлде келіседі. (Өз қолымен Жібектің көкірегіндегі төс қалтасына қыстырады. Назым келеді.)
Назым. Қыз көкірегіне қызыл гүл қоныпты ғой. Кімнің жүрегі десем екен мұны?
Ораз. Қыз қалтасында менің жүрегім жүрмейтіні өзіңе мәлім ғой. Демек, түсінікті шығар.
Жібек (жымиып). Бұл құрғырдың мәні болушы ма еді?
Назым. Қыз кезімізде солай сияқты еді. Енді ұмытып та қалыппын. (Бәрі күледі.)
Жібек. Бәрің де бүгін әзілшіл болып кетіпсіңдер ғой.
Назым (байсалды пішінмен). Сыйласқан орынды әзілге не жетсін. Сағынамыз ғой әлі бір-бірімізді.
Ораз. Басқаннан көрі, әсіресе, Кәшкенді сағынамын ғой деймін. Мен барған мектептен ондай ақын табыла қояды дейсің бе.
Назым. Күл-күлме, Кәшкен жаман жолдас па. Оның да сағындыратын жақсы қылықтары бар. (Кәшкен кіреді.)
Ораз. Міне, мықтының өзі де келді.
Кәшкен. О достар, достар! Сендердің қадірлерің енді шыға бастады ғой!.. Ай, құдай біледі, сендерсіз мен жүре алатынын, тегі. Ішім пысып, өліп қалатын шығармын...
Ораз. Әсіресе, мені сағынарсың, бәлем!
Кәшкен. Қой, сені сағынушы ма едім мен!.. (Құшақтап сілкілейді.) Ойласам, күлкім келеді. Қандай албырт, қандай аңқау едік!.. Не істемедік біз...
Ораз. Әсіресе Күлше мен сен ғой...
Кәшкен. Біз шырық бұзсақ, сендер жөнге салдыңдар. Осының өзі бір тамаша өмір емес пе! Әйтседе, Назым, сенен кешірім сұрауға тиіспін.
Назым. Қой, Кәшкен, ол не дегенің? Достық ниетпен айтылған артық-кемді сөз үшін кінәласып жатқанымыз келіспес. Өткен ісімізден әрқайсымыз да азды-көпті сабақ алдық. Соның өзі қайда жатыр.
Кәшкен. Айтқандай, есім шығып жүріп ұмытып кетіппін ғой, шешемнің көңілі шат па? Өзің ешнәрсе дедің бе?
Назым. Не дейін, ауруханадан шыққанының өзі кеше ғана... (Басқа студенттер келеді.)
Ораз. Жігіттер мен қыздар, столға жақындаңдар!.. Отырыңдар. (Жұрт отырыса бастайды.) Күлше, сен неге отырмайсың? (Күлше отырады. Профессор, декан кіреді. Студенттер орнынан турады.)
Иван Иванович. Отырыңдар, шәкірттерім, құттықтаймын бәріңді де! (Отырады. Балжан кіреді.)
Балжан. Амансыңдар ма, балаларым?
Иван Иванович (Балжанға). Кілең жастың ортасында отырған қандай жақсы, ә? Шыныңды айтшы, жасарып кеткен жоқсың ба? Тағы да бір қарап өтші мына жас азаматтарды.. Отыз жыл бойы осындай адамдардың арасында біте қайнап келемін. Бойдағы барды осылардың жүрегіне егудемін. Ал, бұлар да менің қарт жүрегіме жаңа күй, жаңа күш құйды. Мен үйретушімін, әрі үйренушімін.
Декан. Сіз, Иван Иванович, бәріміздің ойымыздағы сөзді орындадыңыз. Жас өмір біздің қай-қайсымызға да болса, көп нәрсені үйреткенін бәріміз де мақтанышпен айта аламыз...