Алғашқы айлар
(повесть)
БІРІНШІ БӨЛІМ
«Бұл жақта күн қандай салқын! Алматы ғой қазір күйіп тұрған болар» деп ойлады мектеп директорын күткен Жақыпбек ашық терезеден тысқа көз жібере отырып.
Колхоз деревнясы жым-жырт. Қыбыр еткен жан жоқ. Аймағын көк-жасыл төбелер қоршаған шағын село күн нұрына шомылып, күреңденеді. Терезеден көрінген жасыл белестер көк теңіздегі толқын тербеген кемедей бірде алыстап, бірде жақындап, ырғалғандай болады. Бар ынтасымен сол аймаққа тесіле қарап қалған Жақыпбектің көңілін сонау бір мүйістегі үйдің бұрышынан жүгіріп шыққан екі бала бөлді. Олар барын сала безек қағып, мектепке қарай зымырап келеді.
Бұлардікі жай жарыс емес, бірін-бірі қуып келе жатқанын Жақыпбек енді аңғарды. Өйткені алда келе жатқан бұйра шаш соңындағы, бой жағынан қалыңырақ, өткір көзді қараның өкшелеп қалғанын сезіп жалтаққа басты.
Ол, тегінде құтылмасын білді ме қалай, мектепке тақай беріп арсалақтап күліп, құлай кетті. «Қуғыншы» ай-шайға қарамастан, оны келген бетте умаштай бастады.
— Ә, қоямысың, бәлем!..
Біресе «қойдым», біресе «қоймаймын» деп сықылықтап күліп, жер тепкілеп бұйра шаш жатыр.
— Жалын, жаныңның барында!..
— Қойыңдар! — деп дауыстады Жақыпбек терезеден басын сыртқа шығарып.
Ойын қызығына берілген балалар кенет тынып, дауыс қайдан шықты дегендей аң-таң болып, бастарын жерден жұлып алды. Сол шақ, директор кабинетінде, ашық терезе алдында тұрған, бұрын көрмеген, бейтаныс жас жігітке екеуінің де көзі бірден қадала кетті.
— Мұғалімдердің біреуі ме деп шошып қалсам, басқа жерден келген біреу екен ғой, — деп сыбырлады бұйра шаш жолдасына, осы жатысы өзіне ұнағандай орнынан да қозғалмастан.
Екі баланың үлкен деп міз бақпауы Жақыпбектің де қытығына тиді.
— Қой дедім ғой мен сендерге. Неғылған тілазар баласыңдар?
— Біз саған неғылдық? — деді манадан бері бұйра шашты бүргіштеп жатқан одан ересектеуі орнынан ұшып тұрып.
Оның тұрпайы сөзі Жақыпбекке тіпті ұнамады.
— Мен сенің құрдасың емеспін, ең алдымен сіз деп сөйле, екіншіден, өзің бері кел!
Оның бұл сөзіне бала мән бермеді.
— Тұр, Сейтен! — деп ол құс төсекте жатқандай тақырда рақаттана аунаған жолдасына бұрылды.
Бұйра шаш орнынан ұшып тұрды.
— Екеуің де бері келіңдер!
— Бізді қайтесің? — деді қара сирақ.
— Қайда оқисыңдар?
— Оны қайтесің?
— Керегі бар.
Әңгімеге енді бұйра шаш араласты.
— Біз осында оқимыз.
— Олай болса, мен сендерге келген мұғаліммін...
Екі бала нанарын да, нанбасын да білмей, тосырқап тұрып қалды да, артынша қара сирағы тағы да тұрпайы мінез көрсетіп: «сен нанып тұрсың ба, әшейін айтады», деп бұйра шашқа қарады.
— Әйда, кеттік!
Екеуі жүгіріп ала жөнелді.
«Бұл неғылған бейбастақ балалар? Өздерінің әке-шешесі қайда екен?» — деп ойлады Жақыпбек. «Адам тәрбиелеуді оңай деме. Алуан түрлі бала бар. Солардың бәрінен азамат өсіріп шығару — ең қиын өнер» дейтін еді оның қарт оқытушысы, жаңағы екі баланың қылығы сол сөзді ауылға келмей жатып-ақ есіне салды.
Кабинетке жасы елу бес-алпыстар шамасында, самайына ақ кірген, бурыл шашты, бет терісі қалың, көзі шегірлеу, орта бойлы адам кірді.
— Қадыров, — деді ол қолын созып.
Жақыпбек күткен мектеп директоры осы кісі болатын.
— Әділбеков.
— Мені көп күтіп қалдыңыз ба?
— Жоқ, келіп түскен бетім осы.
Мектеп директоры күдері әңгімені бипаздап, «сіз, біз» деп жатпады. Жақыпбектің жастығына қарады ма, әлде өзімсінді ме, немесе, өзінің ежелгі әдеті солай ма, бірден «сен» деп сөйледі.
— Аудандық оқу бөліміндегі жігіттер сен туралы хабарлаған... Педагогика институтын бітірген боларсың?..
— Я, бітірген едім, — деді Жақыпбек селқостау жауап беріп. Ол жасы үлкен болса да, директордың танысып-біліспей жатып «сен» деп сөйлегенін көңіліне ауыр алып қалды.
Директор Жақыпбек жайын көп сұрап қазбалап жатқан жоқ, жұмыс бабын айта бастады.
— Жағдайымыз мақтарлық емес, шырақ. Мектебіміз бұрын бастауыш еді, осы биыл жетіжылдық боп қайта құрылды. Мұғалімдердің кейбірі өзін сияқты жаңадан келіп жатыр. Оларға пәтер де жетіспейді. Өзі, шынын айту керек, қиын боп тұр.
— Колхоз бар емес пе?..
— Мектебімізді жөндеп берді. Сонысына рақмет. Басқа көмекті колхоздан күтпеймін де...
Күдерінің мектеп пен колхоз арасына жік қоя сөйлеуі Жақыпбекке жат естілді.
— Сіздің сөзіңізді қалай түсіну керек? Колхоз мектептен бойын аулақ сала ма, әлде мектеп колхозға жуысқысы келмей ме?
— Мектеп колхоз көмегіне қашан да ділгер ғой, ал, колхоз мектеп көмегін не қылсын.
— Меніңше, колхоздың да мектепсіз күні жоқ...
— Осы сөзіңді колхоз бастығы Есенбекке айтсаң...
— Ол, сондай түсінбейтін адам ба?
— Түсінбейтін адам деуге болмас... Бірақ, мектепке мейірі оңайлықпен түсе қоймайтын бір әдеті бар.
Дерін десе де, осы айтқанын артынан өзі орынсыз көрді ме, әлде бұл жайында сөз қозғағысы келмеді ме, директор әңгіменің бетін дереу басқа жаққа бұрды.
— Жә, ол өз алдына әңгіме, сені орналастыруым керек қой. Соны ойластырайықшы... Тегінде, пәтер табылғанша, біздің үйде бола тұрарсың. Директордың әзірге одан басқа дайын пәтері жоқ.
Ол есік алдына барып: «Бану» деп дауыстады.
Манадан бері директордың шақыруын күтіп, әдейі кідіріп тұрғандай, көзі ойнақшыған, аққұба, талдырмаш қыз сып етіп кіріп келді.
Жүріс-тұрысында балаларға тән ерекше бір шапшаңдық, ойнақылық бар осы қыз күтпеген жерде өзін тым парықсыз ұстайтынын аңғартып та алды: ол кіре беріп, бөгде адамды көріп кілт тоқтады және өзінің ұршықша үйірілген шапшаң қимылынан ұялағансып, дереу төмен қарай қойды. Мұнысы табиғатына біткен жайдарылыққа мүлдем келіспей, қолдан жасалған әрі бұрынғы ауыл қыздарына тән орынсыз сыпайылық болып шықты да, кіріп келген беттегі әлгі бір сүйкімділік атымен жоғалып кетті.
Небәрі бірер секундтің ішінде болған бұл үнсіз құбылыстарға Жақыпбек сын көзімен қараса, ал Күдері тіпті бұл жайларды аңғарған да жоқ.
— Биолог Бектұрсынова қарындас, — деді Жақыпбекке таныстырып, — біздің мектепте бұл қарындас та бірінші рет сабақ бергелі отыр. Бұрын көршілес «Мәдениет» колхозында оқытушы еді. Мектебіміз үлкеюімен байланысты осында ауыстырылды.
Енді ол Бануға бұрылды.
— Мына кісі болашақ завучіміз...
Төмен қарап тұрған Бану басын сәл елеусіз жоғары көтеріп қап, Жақыпбекке көз қырын тастап жіберді. Әлгіден бері екі қабақтың астына кезек-кезек тығылып, әрлі-берлі ойнақшып тұрған мөлдір қара көз аясы кеңіп қалғанда, өз отын еріксіз жалт еткізді де, қайтадан төмен аунап кетіп жоқ болды. Бірақ соның өзінде жай кетпей, Жақыпбектің бет пішінін қарашығына қондырып ала кетті.
— Мен үй жаққа барып, мына жігітті орналастырып келейін. Сен осында отыра тұр. Ауданнан телефон соғып қалуы мүмкін, — деді Күдері оған.
— Үйге бару қашпас. Мен әуелі мектеппен танысайын. Бану қарындас маған, мүмкін, кластарды көрсетер, — деді Жақыпбек.
Қыз да енді алғашқы беттегі кібіртіктен құтылып, «жүріңіз, аға, көрсетейін» деп жайнаң қағып, үйіріліп қоя берді. «Мұғалімдік өнері қандайын өзі білсін, әйтеуір, пысық екен» деп ойлады Жақыпбек оның сөз әлпетінен, жүріс-тұрысынан байлау жасап.
Жақыпбек қызды қалап тұрған соң «мен көрсетейін» деген артық ізетті Күдері де жасап жатпады. Ол:
— Сендер, олай болса, класқа кіріп шығыңдар, үйге сонсоң барармыз, — деді де, алдында жайылып жатқан қағаздарды реттеуге кірісті.
Кластарға-Жақыпбектің көңілі толмады. Іші-тысы ақталып, тәртіпке келтірілгенімен пәлендей көз тартпайды, көңілсіз боп көрінеді. Бірінде емес, бәрінде де бірдеңе жетпей тұрған тәрізді. Бірақ, сол жетпей тұрған не екенін Жақыпбек ойлап таба алмады.
— Кластарымыз сізге ұнамады ғой деймін шамасы, — деді Бану ерні ерніне жұқпай күле сөйлеп.
— Оны қайдан білдіңіз? — деді Жақыпбек те күлімсіреп.
— Бет пішініңіз, әсіресе, көзіңіз айтып тұр.
— Олай болса, көзімнің сыр жасыра білмегені ғой, — деп Жақыпбек күліп жіберді.
— Көздің қасиеті де, осалдығы да сол сыр жасыра білмейтіндігінде ғой.
Жап-жаңа ғана ескі ауыл қызынша кісі алдында өзін қайда қоярға білмей именіп, дұрыс амандасудың да жөнін таппай мүсәпірсіп тұрған Банудың мына әзілі жалпы тілмарлау болса да, Жақыпбекке ұнап кетті. «Қарай гөр өзін» деді ішінен ол.
Бұлар ең шеттегі класқа келіп кірді.
— Кең бөлме, әттең парталары ескі, — деді Жақыпбек. Содан кейін отырып көрді де, — тым аласа емес пе, — деп Бануға қарады.
— Бұрын төртінші кластың балаларына арналған парта ғой. Әйткенмен, 5 — 6-кластар үшін аласалық етпес деп ойлаймыз.
Кенет, Жақыпбектің көзіне алдындағы партаның ашпасына пышақпен ойып жазылған екі сөз шалынды. «Сапар Баймұратов» деді ол дауысын шығарып.
Бану оның бетіне жалт қарады.
— Сіз бірдеңе дедіңіз бе?
— Мына жазуды оқып отырмын.
— Ондай жазу мұнда да бар екен, — деді Бану қатардағы партаның ашпасына үңіліп.
— Сейтен Жанғабылов, — деді Жақыпбек әлгіден де гөрі сөлекет ойылған жазуды оқып. — Таныс есім.
— Сіздің білуіңіз мүмкін емес. Бұл екеуі де кішкентай балалар...
— Өздерінің әке-шешесі бар ма екен?
— Сапардың әкесі бар. Колхоздың завхозы. Сейтеннің шешесі бар, оқу үйін басқарады.
— Қалай оқиды екен, ол жағын білмейсіз бе? — деп сұрады Жақыпбек, дәуде болса, жаңағы екі тентексің ғой деп ойлап.
— Неге білмеймін. Мұндағы бастауыш мектепті бітіріп, былтырғы оқу жылында біздің «Мәдениетте» менің класымда оқыды бұл екеуі... Осылар үшін педсоветте талай таяқ та жедім, не сабақ оқымайды, не тіл алмайды, ой, бір тәртіпсіз балалар. Әсіресе, Сапар дегені шатақ. Бәрін бүлдіретін де сол.
— Жалпы бұл екеуі жақсы бала болмады ғой.
— Жақсыңыз не, оңбаған балалар.
— Ал класыңыздағы өзге балалар ше?
— Олардың бәрі де жақсы.
Жақыпбек қызға қадала қарап, кішкене ойланып тұрды да, жайлап сөзге кірісті. Жаңа ғана көзінде ойнаған күлкінің ізі де осы минутта жоқ болып, реңі байсалдылықты аңғартты.
— Жоқ, Бану қарындас, «жақсы» бала, «жаман» бала деген пікірге қосылғым келмейді.
— Несін дауласамыз, оны сізге өмір өзі-ақ әлі көрсетер...
— Оған сөз бар дейсіз бе... Ал бірақ жалпы белгілі мына жайды сіз де ұмытпаңыз: туысынан жаман адам болмайды, адамды жақсы ететін де, жаман ететін де көп жағдайда тәрбие демей ме біздің педагогика. Егер сіз бен біз дұрыс тәрбиелей білсек, «жаман бала» деген ұғым ізсіз жоғалатыны талас тудыра қояр ма екен...
— Кінә, өзіңізде дейсіз ғой...
— Кінә жалғыз ғана сізде болмауы да мүмкін...
— Солай ма? — деді Бану күлімсіреп. — Несі бар, «жаман» деген сөзді өмірден жою үшін бұдан былай бәріміз де сізден үйренетін боламыз.
— Мұныңыз орынсыз шенеу, ал мені дұрыс түсінуіңізді сұрар едім: мен білгенім болса үйретуге де, білмегенімді үйренуге де әзір адаммын...
2
Күдері мен Жақыпбек қайнап тұрған әзір шай үстіне келді.
Ашаң жүзді, бет әжімі көп, өңі қуаң тартқан, еңкіш қара кемпір «сәлеметсіз бе, шеше» деген Жақыпбекке көзін сығырайта қарады да ернінің ұшын болар-болмас қыбырлатып: «шүкір» деп күбір еткізіп шайын реттей бастады.
— Әсимажан қайда? Шай ішпейтін бе еді? — деді Күдері.
— Көл жаққа барам деп кеткен...
Айналасына малдас құрып отыратын жатаған дөңгелек столдың төр жағынан Жақыпбек, оған таяу үй иесі Күдері, есік жаққа таман самауырдың қасына Тойтық отырды.
— Кемпір-ау, ащы суың жоқ па еді?
— Бар болса, аяп отыр деймісің!
— Онда шайыңды қоюырақ құй!
Жақыпбек әдеттегісінен шайды кәп ішті. Біріншіден, қайта-қайта «жеп іш!» деп отырған үй иесінің көңілін қимай, бірер кесе ішіп қоя қоюды ыңғайсыз көрсе, екіншіден, бәйбішенің картоп араластырған ащы қуырдағы біраздан кейін оны сусатып, суға құнықтырды. Сөйтсе де, ол да, оған серіктесіп отырған Күдері де шешейге ілесе алмай, ақырында, кеселерін төңкерді. Кемпір олармен көп жұмысы да болған жоқ дастарқанды өзіне қарай жиып алды да, шайды жалғыз сімірді. Және ішкен сайын маңдайы жіпсіп, әлгідей емес, қабағы да жазыла түсті. Ептеп әңгіме де шыға бастады:
— Бойымда бір кетпей жүрген жел бар. Шай ішіп терлемесем, денем құрыстап жатып қалам... үш-төрт күннен бері шай болмай, әбігерім шықты Тек шал кеше ғана ауданнан алып келген шаймен жан шақырып отырмын.
— Шайды көп ішкен зиян ғой, шеше!
— Неге зиян болсын, шырағым, шай деген дәрі емес пе.
Кемпір кеседегі шайын сораптап бір ұрттап алды да, Жақыпбекке өзінше біліктілік көрсете, мысқылмен қарады.
— Шайдан өлген қазақтың моласын көрмедім, балам...
Шай жайында кемпірдің көне заманнан келе жатқан өз ұғымы барын, оған өзге пікірді оп-оңай түсіндіре қою қиын екенін, сондықтан жаңағы айтқаны аңғалдық боп шыққанын Жақыпбек енді ғана аңғарып, бұл туралы әңгімені созбай, қоя қойды. Бірақ, оның есесіне, қара кемпір шай жайына қайта оралып соқты.
— Шай қадірін білмеуіңе қарағанда, әке-шеше қолынан ерте кеткен бала боларсың деп шамалаймын.
— Иә, әке-шешеден ерте қол үздім.
— Неғып қол үздің?
— Әкем алты жасымда, шешем сегіз жасымда қайтыс болды...
Тойтық аузына апара берген кесесін дереу тартып алып, жерге қоя салды. Бұлардың арасындағы әңгімеге манадан құлақ аспай, өз бетінше бейтарап отырған Күдері де Жақыпбекке жалт қарады.
— Ойпырай, ата-анадан тіптен жас қалған екенсің, шырағым... Ет жақын, туыс дегеннен ешкімің бар ма?
— Туыс көп қой, шеше...
— Бірге туған ба, жама ағайын ба?
— Бірге туған да ешкімім жоқ, жама ағайын дегендерді де біле бермеймін. Менің туысым — осы өздеріңіз сияқты өзіміздің адамдар.
— Әлбетте, ер азаматтың бұл күнде бір-біріне бөтендігі жоқ қой...
Жақыпбектің өмірбаяны әзірше қысқа еді. Оның балалық шағы Шымкенттің детдомында өтті. Жастық шағының алғашқы кезеңдері Алматыдағы педагогикалық институтта басталды да, жалғасы, міне, осы ауылдан келіп шығып отыр. Бірнеше жыл бойы алған білімі де өз жемісін енді бере бастамақ... өмір кітабының ең елеулі беттері де, міне, осы ауылдан ашылмақ.
Осы қып-қысқа өмір тарихты естіп болған Тойтық оған онша қанағаттанбағандай:
— Үй-жамағатың бар болар? — деген бір сұрақтың басын қылтитты.
— Жоқ, жалғыз басым.
— Сен оны-мұны сұрап мазасын ала бермей, Жақыпбекке тыныштық бер. Жатып дем алсын, — деді Күдері орнынан қозғалып.
— Иә, иә маған қарама, шырағым, дем ал, жол соғып шаршаған боларсың, — деп Тойтық та ерімен тез райласты.
Жақыпбек өзінің шаршамағанын, колхозды аралағысы келіп отырғанын білдіріп еді, Күдері оған:
— Қазір жұрттың бәрі егін басында, ешкімді таппайсың, құр босқа әуре боласың, — дегенді айтып, төргі үйге барып біраз дамылдап алуды ұсынды.
Шынын айтқанда, Алматыдан шыққалы Жақыпбекте маза жоқ еді. Жүрегі алып-ұшып, өз-өзінен тынышсызданады. Біресе, артында қалып бара жатқан сүйікті институты есіне түседі, біресе бет алған сапарын, әлі көрмеген, ішіне кірмеген, әзірше жұмбақ болашақ мектебін ойлайды. Бұл қандай мектеп? Қандай коллектив мұны қарсы алмақ? Қандай адамдармен ол дәмдес болмақ? — Міне осы сияқты ойлар оны ұйқымен араз еткен.
Осы ой мұнда келген соң тіпті көбейіп кетті. Өзімен істес болатын мұғалімдерді, оқушыларды көргісі келеді, ауыл өмірімен, колхозшылармен таныссам, көп нәрселерді көріп, біліп ала қойсам деп асығады. Соның үшін де Күдерінің ұсынысын қабылдамай, ол ауылды аралап шығуға бекінді.
Сонымен Күдері мектепке, Жақыпбек колхозға бет алды.
Жақыпбек сол күні ымырт жабылып, қас қарайғанша колхозды ауылды аралаумен болды. Клубты, оқу үйін, колхозшылардың пәтерін көрді. Әр түрлі балаларға кездесті. Олардың кейі бұған жатырқап назар аударса, енді біреулері таңдана қарайды, қайсы бірі күлімсірей қарайды, бағзы біреулері мұны байқамаған пішінмен үнсіз өтіп те кетті. Тіпті, кейбір балалар әуелі байыппен сәлемдесіп, содан кейін одан үлкен адамдарша жөн сұрап, естиярлық қалып білдіріп те қалды... Ол қанша бала кездестірсе әр қайсысынан басқада жоқ бір ерекшелік көріп қалғандай болды. Бұрын өз бойында онша байқалмайтын бұл сезімталдық ендігі қызмет бабынан туып отырғанын Жақыпбек күлімсірей еске алды.
ЬІмырт түсуі Жақыпбектің көңілін одан сайын шалқытты. Күбір сөз, күлкі, машина гудогы, мотор даусы біріне-бірі жалғасып, күндіз тынып тұрған колхоз қаласы гуілдеп қоя берді. Бұл гуіл өзімен бірге ауылға көрік те ала келді. Томсарып тұрып, кенет күліп жібергендей жаңағы бір әзірде ғана қоңыр тартқан әр үйдің терезесінен енді электр шамы да жарқырай бастады.
Жақыпбек таныс емес үйлерге түнделетіп барып жүруді орынсыз көрді, ал, колхоз кеңсесіне кіріп председательге жолықсам ба екен деп бір оқталып тұрды да, кенет ой түсіп, оны да кейінге қалдырды.
Қазір ол алғашқы күннің әсеріне елтіп, пәтеріне асқан бір көңілділікпен келе жатыр. Ауылдың болашақ өмірі, болашақтың жазушысы, инженері, дәрігері, агрономы, ғалымы... күндіз өзі көрген әр үйде қалып жатыр. Бұл соларды аралап, сәуле түскен әр терезеге қызыға көз тастап, асықпай аяңдайды. Әр үйде қалып жатқан кішкентай адамдарда тез үңілуді тілеп тұрған ғажайып сыр бардай, артына жалтақ-жалтақ қарай береді.
Бұл келгенде Әсима төргі үйде стол басында кітап оқып отыр екен, мұны көріп, ол орнынан тұрды.
— Отыра беріңіз.
Қыз жеңілтектік жасап ауыз үйге тұра жөнелмей, амандасқаннан кейін орнына қайта отырды. Жақыпбек әңгімені «оқып отырғаныңыз қандай кітап?» дегеннен бастасам ба екен деп бір ойлады да, бірақ онысын әйел көрсе, бірдеңе айтып қалуға құмар пысықсынған қылжақбас жігіттерде болатын арзан қалжың көріп, жай ғана жөн сұрасқанды қалады.
— Қайда оқисыз, қарындасым?
— Алматыда оқимын.
— Онда қай институтта оқисыз?
— Университетте оқимын.
Осындай келте сұрақтармен ол: қыздың журналистика бөлімін алдағы оқу жылында бітіргелі жүргенін, үйіне каникулға келіп жатқанын білді. «Бұл арада демалысыңыз қалай өтіп жатыр?» «Жаман емес» деген сияқтылар жалғаса келіп, әңгіме Алматы жайына, студенттік өмір жайына ойысты. Осыдан кейін екеуі де шешіле сөйлесіп кетті.
Жақыпбек әдетте бірбеткей, мінезі тікшіл, ойлағанын беті-жүзін бар демей, тіке айтып тастайтын қызу қанды жігіт еді және едәуір қызбалығы да болатын. Сонысына қарамастан, адамға жұғымды еді. Керекті жерінде өз бойынан байсалдылық та, ізет те таба білетін. Оның үстіне, басқаның қасиетін, адамгершілік сипатын тез аңғарып, сол жайында өзінше тез байлау жасайтын. Тосын көзге шалынбай қалды-ау деген елеусіз құбылыстарды да кейде салған жерден қалтқысыз ұғып, сол адам туралы жасы, я жаман деген түйінді ойда қалатын. Сөйтіп, қанша адаммен дәмдес, істес болса, солардың әрқайсысы жөнінде арнаулы пікірі болатын. Ал, іс жүзінде бұл әдеті біреуді не тез ұнатуға, немесе алғашқы бетте-ақ бойын аулақ ұстауға итермелейтінін оның өзі аңғара бермейтін еді.
Осы әдеті бойынша геройымыз Әсимаға да қоңырсалқын қарамай, оның ішкі дүниесіне үңіле, зер сала отырды. Қыздың сөз саптауы, әрі салмақты мінезі, адамға деген ілтипаты, ең аяғы, тұғырға қонған қаршығадай бой сылап, жып-жинақы отырысының өзі оның сын көзін жақсы ойға бұрды. Ол қыздың сыртқы келбет мүсініне де ұрлап көз тастап шықты. Әсима пәлендей сұлу емес еді. Бірақ онда адамды өзіне тартатын бір сүйкімділік бар-ды. Осы сүйкімділік Жақыпбекке де бірден байқалды. Кең, жазық маңдайлы, күлкісі аз, бірақ нұры мол қара көздері ақылды, ойлы адамды аңғартса, аздап жүдеу тартқанмен қаны тарамаған, сәл ғана тотыққан беті, сәби шырайлас жүзі тез сүйінгіш, яки тез күйінгіш күйгелек жанды емес, сабырлы, салмақты бітімді аңғартады.
Әңгімелері аяқталып, қыз ауыз үйге беттегенде Жақыпбектің көзі оның сырт тұлғасына да бір қадалып қалды. Орта бойлы, екі иығы тіп-тік, толықша денеге гүлді крепдешиннен тігілген шолақ жеңді, дөңгелек, ашық жағалы әдемі көйлек мейлінше келісіп, етек жағы ақырын басқан аяқтан суси қозғалып, шам сәулесімен гүлдері бірде айқындалып, бірде бірінің үстіне бірі ағып түсіп, сөне қалған жұлдыздай болып толқып барады. Есік алдына барып сәл кідіргенде аяғы түп-түзу, ток балтырлы, көйлегі түстес, көкшіл, биік өкше туфли киген сол сүйкімді қыз бейне бір қолдан құйған мүсінге ұқсап кетті.
«Мен осы қызды ұнатып қалғаннан саумын ба» ден жымиды жігітіміз...
3
Бірі жаңада келген, бірі демалыстан қайтып оралған мұғалімдер директордың кабинетінде бас қосып, өткен-кеткенді. жаңа мектепте жаңа бастағалы отырған оқу жайын әңгімелеп, дуылдасып отырды. Бейтаныс коллективке жаңа келгенін жасап, бой тартып қорғаншақтамай, олардың әңгімесіне Жақыпбек те қызу араласуға, кейбір жайларды сөз арасында біліп алуға ұмтылды. Ретті жерінде сұрап қалып, кейде өзі де әлденендей пікір айтып, бойын еркін ұстады. Оның мұнысы біреулерге жағып, біреулерге жақпай қалды. «Мынаның келмей жатып пысықсуы жаман екен, ағаш белсенділеу біреу болмаса не қылсын» деп ойлады жаратпағандар. «Шірену, сыздау, бой бағу жоқ адаммен араласуға құштар екен, жаман жігіт болмас» деп жорыды ұнатқандар.
Осы соңғы ойда болғандардың бірі — физика мұғалімі, екі жылдық мұғалімдер институтын былтыр ғана бітірген, мектепте әрі аға вожатый Байсал Сұлтанбеков еді. Ал, Бану болса, әбден риза еді. Жақыпбектің сөзі, жүріс-тұрысы, ең аяғы адамға қарасына дейін оған сүйкімді көрініп, бұл адаммен істес болуды ол қуанышқа санады.
Жаңа келген оқу меңгерушісі туралы ешқандай байлау жасамаған орыс тілінің мұғалімі Елизавета Сергеевна Дорофеева ғана болды. Ол бұл адамға мөлдір көк көзінің қиығын бірер рет тастағаны болмаса, оған пәлендей ілтипат та көрсетпеді, ал, бірақ селқос та қарамады. Өзін жай бір салқын тәуелсіз қалыпта ұстады.
— Елизавета Сергеевна, кластарды көрдіңіз бе, түгел қайтадан сырлаттым, — деді Күдері, демалыстан кеше ғана оралған қарт мұғалимаға өз жаңалығын мақтана хабарлап.
— Иә, иә, көрдім.
— Колхоз бастығына байбалам салып жүріп отын да түсірттіріп алдым. Тек пәтер үй демесеңіздер басқаға көңілім жай...
— Сол көңіл жай болмай тұр-ау, Күдеке, — деді бір орында тағат таппай, манадан бір отырып, бір тұрып жүрген Бай¬сал күрсініп.
— Баяғы масақ жию ма тағы?.. Немене, балалар бүгін де бармай қойды ма?
Колхозға көмектесу мақсатында оқушы балалардан масақ бригадасы құрылған еді де, бұл жұмысты басқару Байсалға тапсырылған болатын. Әңгіме, міне, осы көмек жайында еді.
— Масақтың да бір жөні болар-ау. Мені келе жатқан оқу жылы қорқытады...
— Елден ала бөтен сенің басына не күн туды? — деді Бану күлімсірей күңк етіп.
— Не биологиядан, не физикадан, не басқадан көрнекі құрал жоғын білемісің? Немене балаларға тәжірибе жүзінде түк көрсетпей, құр кітап жаттатпақпысың?
— Әрине, — деді Күдері. — Байсал сөзінің біраз жаны бар Бұрынғы бастауыш мектепке қарағанда ендігі жерде жұмыс көлемі де, жауапкершілік те едәуір артатыны даусыз. Мектебіміздің үлкеюі жаңа міндеттер әкеледі. Дегенмен біз, мына өздерің бар, ептеп білімді кадрлар да қосылып жатыр (сені айтып отырмын дегендей Жақыпбекке бір қарап қойды), қиындықты жеңеміз ғой деймін. Солай емес пе, Елизавета Сергеевна?
— Басшылар бастай білсе, бұқара қостауға әрқашан да әзір ғой, Күдері Кадирович, — деп жымиды Дорофеева.
— Дұрыс, дұрыс, — деді Күдері бас шұлғып.
Коридордан дүрсіл естілді.
— Бұл не дүбір? — деді Күдері Байсалға.
— Балалар ғой кластарын көріп жүрген.
— Бар айтшы, кетсін, едендер кеуіп болмаған, бүлдіреді.
Байсал тысқа беттеді.
— Балалардың колхозға көмегі биыл сондай нашар көрінеді, — деді Елизавета Сергеевна баяу дауыспен. — Осыны ойласқан жөн болар еді, Күдері Қадирович. Жұмыс істегені, колхоз шаруашылығымен танысқаны олардың өзіне де жақсы ғой...
Күдері күле сөйледі.
— Пайдалы, пайдасызын балалар не қылсын. Бұл балалар деген қызық халық емес пе. Ұрсып та айтасың, ақыл қылып та айтасың, сенің алдыңнан бәрін де тындыратындай болып кетеді де, шыға беріп ұмытады. Не істейсің... Мен сіздерге бірдеңе айтайын, балалар былай тұрсын, осы күнгі ауыл жастарының бар ғой, жұмысқа көбінің мойындары жар бермейді. Бәрінің де әкім болғысы кеп тұрады. Осыны байқайсыздар ма?
— Бұл, әрине, мақтаныш емес, — деді Елизавета Сергеевна. — Егер ауылдағы қазіргі өмір шындығы дәл сіз айтқандай десек, бұған ең бірінші кінәлі де осы отырған өздеріміз болып шығамыз...
— Себебі?
— Себебі өзінен-өзі түсінікті. Азаматты әуел баста еңбекке үйрететін кім? Мектеп. Біздер, мұғалімдер. Олай болса жас буынды еңбек сүюге баули алмай жүргеніміз. Біз, ауыл мұғалімдері, өз міндетімізді бір жақты ғана түсініп келдік пе деп ойлаймын. Өйтпеген жағдайда, ауыл тіршілігін жанындай сүйетін еңбекші ауыл азаматы жетпейді дегенді айта бермес едік қой.
Байсал қайтып оралды да, Күдерінің назары соған ауды.
— Байсал, балалар колхозға көмектесе алмай жүр ме?
— Әрқалай, ақсақал. Кей күні ұйымдасқан түрде... Кейде бірін де ұстай алмай қаласың.
— Неге бұлай? — деді Жақыпбек.
— Қалай деп айтуға? — Байсал иығын көтерді. — Тәртіп нашар.
— Неге нашар? — деді тағы да Жақыпбек.
«Неге нашар? Осындай да сұрақ бола ма екен? — деп ойлады Байсал шу дегенде ұнатып қалған адамының мынасына қарны ашып. — Бала дегенді білмейсің-ау, сірә, өзің?.. Әйтпесе бұлай демес едің...»
Байсалдың бұл ойын ұға қойған адамша Жақыпбек сұрағын қайтып жаңғыртпады.
— Тәртіпті жолға қоюға болмай ма екен? — деді Бану.
— Қойсаң, осындасың ғой.
Есік тарс ашылды да, отырғандар түгел жалт қарасты. Мойны төмен иілген, арық біреу сұрақ белгісі сияқтанып имиіп кіріп келді. Бұл тарих пәнінің оқытушысы Жауынбаев еді.
— Немене, Батырбай? — деді Күдері.
— Үлгі атаңа нәлет завхоз бүгін тағы алдады. Күні бойы күте-күте ит болдым... Ақыры бермеді көлігін...
— Жарайды, бір жөні болар. Бері кел! Таныс мына жігітпен.
Батырбай суда жүзген түйеше бір бүйірлей жүріп келіп Жақыпбекке қолын селқос түрде, былқ еткізіп ұстата салды.
— Мына нәлет бүйте беретін болса, Күдеке, үйім, оллаһи, бітпей қалатын түрі бар. Сіз бірдеңе деңізші... мұғалімдерге көмектесуге колхоз міндетті екенін, завхозы құрысын, ең алдымен ана әлгі бастығына ұқтырсаңыз... Ойнамасын біздің нервымызбен...
Келешек жұмыс жайында жап-жақсы басталып келе жатқан әңгімені Жауынбаевтың бұзып жібергеніне Жақыпбек іштей қатты ренжіді.
— Байсал, екеуміз ауыл аралап қайтсақ қайтеді? — деді ол тысқа шығып.
— Жүріңіз.
— Сен менің тәртіп неге нашар? — деген сұрағымды жаңа жаратпай қалдың, — деді Жақыпбек жолшыбай. — Мен сенен шын ниетіммен сұраған едім...
— Ал мен оныңызға, расымды айтсам, жауап бере алмас едім...
— Өзің ойлашы, ендеше осыған жауап табуымыз қажет емес пе...
...Екеуі ұзақ аралады. Алғашқы күндегідей емес, бұл жолы жанында ауылдың өз адамы болғандықтан, Жақыпбек бөгелмей, жеке колхозшылардың үйіне кірді, әңгімелесті, тұрмыстарымен танысты.
Міне, бұлар колхоз кеңсесінің сыртын ала, қыстақтың орта тұсындағы дөңеске көтерілді. Күндіз осы арадан бүкіл қыстақ алақанның аясында көрінетін. Ал қазір бұл теңіз ортасындағы арал сияқтанып, қарауытып қалған да, айналасы, бүкіл ойпат электр шамымен жалт-жұлт етіп күміс сәулеге көмілген.
— . Қандай тамаша! — деді Жақыпбек жан-жағына жалтақтап. — Құдды қала! Тек бау-бақшасы жоқ...
— Қаламен салыстыра бастасаңыз, жоқтарды көбейтіп аласыз, — деді Байсал. — Сондықтан оны еске түсірмеңіз...
— Ау, бұл қайсыларың? — деді алдарынан бір дауыс.
— Біз ғой, Жақа, — деді Байсал күзетші шалдың даусын бірден танып.
Бұлар склад алдына келді.
Аппақ сақалы беліне түскен, бет-аузын жүн басқан кішкентай қара шал күлімсіреген сығыр көзін шам сәулесінде одан сайын сығырайта:
— Мына баланы танымадық па? — деп Жақыпбекке үңілді.
Байсал Жақыпбек жайын қысқаша баяндады.
— Мұғалімдердің көбейгенінен қорқамын, — деді шал басын шайқап.
— Ата, неге олай дейсіз?
— Мұғалім дегендер колхозда адам қалдырмайтын болды. Оқытады, оқытады. Оқып алады да, балаларымыз үлкен қалаларға таяды. Өздерің айтыңдаршы, бүйте берсе, мына біз өлген соң колхозда жұмысты кім істейді?
— Жақа, қам жемеңіз, сіз өлгеннен кейін де күн көреміз — деді Байсал қуақылана күліп.
— Ой, жаман неменің әзілінің түрін қара. Атаңның басына күлемісің? Қанекей, мына балаға жүгінейік. Өтірік пе менің айтқаным? Осы ауылдан кемінде 20-30 бала сыртта үлкен қалаларда оқуда жүр. Көр де тұр, оқуы біткен соң, соның біреуі қайтып оралар ма екен. Ең ақыры әлгі менің боқмұрын немерем де «ақын боламын, Алматыға барып соның оқуын оқимын» деп күнде мазамызды алады... Бұл не!..
— Елімізге білімді, жоғары білімді адам керек, Жақа! — деді Байсал күлкіден тыйылып.
— А, немене, колхоз не, ол ел емес пе! Оған оқыған адамдар керегі жоқ па? Сөз емес, айтқаның қонбайды миыма, — деп Жақия қолын сілтеді.
Шал сөзі Жақыпбекке қозғау салды. Ауылда оқыған жастар азайып бара жатқаны бір есептен рас та сияқты. Бұл оны жыл сайын каникулда болғанда, көріп те жүргендей... Ендеше бұл неліктен? Оқыған адамдарға ауылдық жерде орын жоқ па?.. Неге мұнда тұрақтамайды? Оқып алған соң неге өз аулынан өзі безеді? Мұның себебі не?..
Осы сұрақ ауыл тіршілігіне үңілген сайын Жақыпбектің қыр соңынан қалмай, зорая берді. Қайда барса да: «Жастар білім алады. Білім алса-ақ, колхоз ұмытылады, қалаға кетеді.
Неге бұлай? Неге бұлай?» деген сұрақ әманда алдынан шығады. Колхоздың барлық тіршілігі де осыны дәлелдегеннен. Оған қоса, ауыл өмірі оған мынандай бір көңілсіздікті аңғартты. Оқушы жастар ауыл мүддесіне ықылассыз. Жұмысқа қыры жоқ. Ат ерттеу, арба жегу, мал азықтандыру сияқты күнделікті жай жұмыстардың өзіне олар олақ. Бұған олар арланбайды. Мұның нешеме мысалын ол аз күнде көріп те үлгірді.
Жақыпбектен маза кетті. Шытырман қиын істің ортасына келіп түскендей оқытушылық жұмыстың нағыз салмағын шын мағынасында жаңа ғана сезінгендей болды. «Ауыл сүйген азамат тәрбиелеу керек» дейді-ау қарт оқытушы. Міне, міне, осы мәселеге үңіле түсу керек...
4
Председатель мінезсіз, мектепке көңіл бөле бермейді деген Күдері сөзі ойында қалып, оған жолығу үшін нақты іспен баруды көздегендіктен де, Жақыпбек колхоз кеңсесіне келуге онша асықпай, әуелі ауылдың, оның ішінде мектептің жайымен танысуды, міне, осылайша бірінші мақсат етті. Сол ойын жүзеге асыру ниетімен жалпы жай-жағдаймен едәуір танысып болып, колхоз басшыларына жолығуға сонсоң барып кірісті.
Ол ең әуелі парторгтың кабинетіне келді. Күндіз егін басына кеткен секретарь қайтып оралмапты. Жақыпбек секретарды күтіп уақыт оздырмай, колхоз председателінің кабинетіне бет қойды.
— Мен мұғаліммін, — деді Жақыпбек кабинетте, жападан-жалғыз, шот қағып отырған, орта жастағы шомбал қара кісіге өзін таныстырып.
Отырған адам мұның бетіне көзілдірігін екі саусағымен жоғары көтеріп, астынан көзін сүзе қарады да, бөгде адам екенін көріп орнынан ұшып тұрды.
— Отырыңыз!
— Менің сізде жұмысым бар еді, — деді Жақыпбек.
— Менде дейсіз бе? — деді анау таңданған пішінмен.
— Иә, сізде. Мектеп жайында сөйлеспек едім.
— Осы өзіміздің мектептенсіз бе? Бұрын көрмеген баламсыз... Тегі, сізге басқарма керек шығар...
Жақыпбек манадан бері колхоз председателі осы ғой деген ойда болатын. Мұның басқа екенін енді біліп;
— Сіз кім боласыз? — деп сұрады.
— Мен завхозбын.
— Сапардың әкесі екенсіз ғой?
— Иә, иә, Сапардың әкесімін.
«Келмей жатып оны қайдан біліп қалдың?» дегендей Жақыпбектің бетіне ол көзін жыпылықтатып таңдана қарады;
Кеңсеге Байсал Сұлтанбеков кірді де, завхоз да, Жақыпбек те соған бұрылды.
— Сіз келіп те қалған екенсіз ғой? — деді ол Жақыпбекке. Мұны айтқанда оның кертпеш танауы делдиіп, үстіңгі ернінің ұшы сүйірленіп, ұп-уақ, жіп-жиі тістері түгел көрініп, ауызы мүлде үлкейіп кетті.
Жақыпбек кешке колхоз басшыларына жолығатынын Байсалға таңертең ескертіп: «сен де кел» деген еді.
— Тоғыз деп келіспедік пе. Қазір онға кетіп барады, — деді ол қол сағатына қарап.
— Иә, мен аздап кешігіп қалыппын... Жеткенімізше сол болды...
Бұл оның егін басынан келіп тұрған беті еді.
Завхоз әңгіменің беті өзінен ауғанын көріп иығына түскен таудай жүктен құтылғандай болып, көзілдірігінің астынан екі мұғалімге бір қарап өтті де, шоттың жүздікте тұрған тасын жайлап жылжытып, ежелгі өгіз аяңына қайта кірісті.
— Ал бүгінгі жұмыстарың қалай болды? — деп сұрады Жақыпбек Байсалдан.
— Мәз емес. Кей оқушылар жұмысқа келмей қалды. Мандытып ештеңе істей алмадық. Колхозшылардан да әбден ұят болды...
Осы кезде есік жақтан:
— Ұяламыз деймісің? — деген бір жуан дауыс шықты.
Жақыпбек те, Байсал да жалт қарасты. Басына қара шұғадан тігілген шошақ қалпақ, үстіне тік жағалы ақ көйлек, оның сыртына ақ жолағы бар қоңыр пиджак киген солдат етікті, алып денелі, кең иықты, сұңғақ бойлы, еңгезердей біреу кіріп келеді екен.
— Колхоз председатель — деді Сұлтанбеков сыбырлап.
Жақыпбек орнынан тұрып, оған қолын ұсынды. Председатель аяғын мығым басып келіп сәлемдесті де, Байсалға: «Ұялғандарың бекер-ау деймін. Әйтпесе, бір ширар едіңдер ғой» деп төрге беттеді.
Завхоз ауданның ақпар сұрағанын айтып, орнын асыға босатты да, есікке қарай ойысты. Председатель үнсіз бас изеді де, Баймұрат кеткен соң:
— Аудан жан алқымға алып, астық бастыруды бітір деп жатыр. Сендер болсаң мынау, осындайда дұрыстап қол ұшын да бермейсіңдер! — деп тағы да Сұлтанбековты жазғыра сөйледі.
— Балалар ғой. Ойлаған жерден шыға бермейді, — деді Байсал кінәлі адамдай желкесін қасып.
— Тәрбиешісі оңбағанда, шәкірті қайдан оңсын! «Бер, берден» басқаны біле ме бұлар...
Председательдің. мына сөзі Жақыпбекке шаншудай қадала кетті. Жанына батыра бірдеңе айтып салғысы келіп-ақ еді, қапелімде аузына ондай зәрлі сөз де түсе қоймады.
Сұлтанбеков тықыршып:
— Есеке, мына кісі біздің оқу жұмысын басқарушымыз... — деп Жақыпбекті бастыққа асыға таныстырды.
— А, солай ма? «Бер» дейсің ғой, сен де, — деп Есенбек ауыр денесін шұғыл бұрып Жақыпбекке ала көзімен қарады.
Бетін, бар, жүзің барды білмейтін, ойлағанын айтып салатын және өйтпесе көңілі көншімейтін Жақыпбектің әдеті еді. Бұл арада ол мінез жақсылыққа бастамайтынын білсе де, бұрын әр түрлі адамдармен істес болмағанын, ысылмағанын көрсетіп, шыдай алмай жігітіміз күрт кетті.
— Бер демеймін, ал деймін! — деді ол түтігіп.
Оның сөзі Есенбекке шаншудай қадалды білем:
— Әкел, алайын, — деді ол қыңырланып.
— Алғыңыз келсе, менімен адамша сөйлесіңіз!
— Ал, сөйлестік, — деді председатель көзін мысқылды жүзбен сығырайта, столға бір шынтақтай қисайып.
Жақыпбек лап еткен ашуын дереу кейінге сырып, аптықпай, алқынбай байыппен сөйледі.
— Мен осында сізден аталы сөз естимін, ақыл аламын деп келіп едім. Ол үмітім акталмады, танысып-біліспей жатып, қызыл тілдің найзасын өңменімнен қадалттыңыз...
— Оһо, мені түзегелі келген екенсің ғой.
— Ондай қажасты қайтеміз. Сіз бен біз бала емеспіз ғой... — деп Жақыпбек түсі сұрлана председательге бір қарап қойды.
— Иә, айтып бол...
— Мұндай жағдайда не айтуға болады? Бұдан гөрі басқарақ жағдайда сөйлесетін боламыз да... Тек бір ғана нәрсені құлағыңызға сала кетейін: мектеп — колхоздың өгей баласы емес. Ол сіз қаласаңыз да, қаламасаңыз да өмір сүреді. Сізге жақса да, жақпаса да ауылға білім егеді. Өзінің анасы — халықтан ол қол үзе алмайды. Қош болыңыз!..
Жақыпбек осыны айтты да, есік жаққа бұрылды.
— Тоқта, жігітім,- — деді Есенбек орнынан көтеріліп, — сен мені ауыр-ауыр сөздермен сыйладың да, келген жұмысыңды айтпастан, жақсының бойына лайықсыз жеңілтектік көрсетіп, тұра жөнелдің. Мұның келіспес. Отыр. Әңгімемізді аяқтайық.
Оның кенеттен шыққан мына байсалдылығы Жақыпбекті селт еткізді. Сонда да ол сыр бермей, қайсарлыққа салына сөйледі:
— Тыңдата алмаймын ба деп қорқамын.
— Ол өзіңе байланысты. Құлаққа жағар дәмді сөз бар да, құлақты сарсытар татымсыз сөз бар. Сенікі соның қайсысы екенін естіп көреміз.
Келген минутта тұрпайылықтан басқаны байқатпаған адамның лезде мінездің екінші қырын алға тартуы Жақыпбекті таңдандырып, бұл қаражаяу болмады дегенді оған еріксіз ойлатты да, өзінің асыра сілтеп алғанына өкінді.
— Тәкаппар болған жақсы. Ал, бірақ, жалған намыстың сойылын соққан қайсарлық ешбір пайда бермейді, інім.
— Мен қайсарлығым ұстап тұрған жоқ, сізден бетім қайтып қалды.
— Ал, шынымды айтайын, сен маған ұнап қалдың. Ыстық қанды, шапшаң мінезің, ұстамсыздығың үшін ұнаған жоқсың жаныңда жалын, бойыңда мол намыс, іске деген ынта бар екен. Сол үшін ұнадың. Мен өзім де сондайды жақсы көретін, беймаза адаммын.
Осында көп нәрсе үйретемін деп келген геройымыз дәл осы бір минутта мынау адам алдында өзін ақылшы емес, шәкірт ролінде сезініп, сасқанынан орындыққа үнсіз отыра кетті. Ол әлгіде ғана айтқан кейбір артық сөздері үшін қысылып, бір қызарып, бір сұрланып, көз қиығын Сұлтанбековке тастап, бар тапқаны, столды саусақтарымен шерте берді. Байсал да бұған күлімсірей қарады.
Есенбек бипаздай сөйледі.
— Мектеп жалғыз сенікі ғана деп жүр ме едің? Қателесесің, жігітім! Бала өсірген ата-ана мектепті жек көреді, оны өзінен бөліп, ала көзбен қарайды дегенге кім иланады? Әңгіме басқада жатыр... Көңіліне келсе де айтайын, сондағы басшылық жұмысқа көңілім толмайды. Көп ақаулықтар аңғарамын. Амал нешік, іш қазандай қайнайды, педагог емеспін, білмеймін... Рас, былайша қарасаң, директорларың жаман адам емес, бірақ өздігінен ұмтылу, талпыну дегенді білмейді. Бар тапқаны колхозға алақанын жаяды да отырады. Колхоз онсыз да қолынан келген көмекті аямайды... Немене, ашуың басылды ма?
Ол мұны күліп айтты.
Жақыпбек Есенбек пен Байсалға кезек-кезек қарап, не айтарға білмей аңырды. Аузына басқа сөз түспей, орнынан ұшып тұрды да:
— Артық айтсам, кешіріңіз, отағасы, — деп председательдің оң қолын екі бірдей уысына алып, сүйсіне қысты.
...Тез шекісіп, тез ұғысқан олар негізгі әңгімелеріне көшті. Жақыпбек колхозды ауылдан өзі аңғарған жайларды түгел баяндап шықты да, Байсал екеуінің ойға алып келген ұсынысын айтты.
— Біз, мұғалімдер, ауыл мәдениетін көтеруді өз қолымызға алғымыз келеді. Бұл алдымен мектепті жаңа сатыға көтеруден басталатын болады. Сізден сұрайтынымыз — бізге сүйеу болыңыз, қажетті жерінде көмектесіңіз, ақыл қосыңыз. Нені ойға алып отырмыз? Қандай шараларды жүзеге асырғымыз келеді? Оны кеңірек ойластырармыз. Бұл жолы сізден кеңес естігелі ғана келдік.
— Қазір саған не айта аламын? Мен де ойланайын. Жолдастармен ақылдасайын. Байсал шырағым, парторг осында ма екен? Шақыра қойшы.
— Мен ол кісіде болып ем, кеңсесіне келмепті, — деді Жақыпбек.
— Онда бұл әңгімені соның келуіне қараттық. Әзірше айтатыным: ниеттерің ұнайды. Ол, әлбетте, аз. Бізге бүгінгі таңда техниканың жайын білетін, егін салудың, мал бағудың сырларына жетік, білімді адамдар керек бола бастады. Мектебіміз бізге осындай адамдар тәрбиелеп берсе екен. Бұл біздің күнбе-күн жүрегімізді сыздатып отырған мәселе. Егер колхозшылардың мүддесімен есептескілерің келсе, осы тілегімізге құлақ қойыңдар. Мұнсыз тіршілігіміз бұдан былай қиынға айналады... Білімсіз аяқ баса алмайтын күн туып келеді.
— ... Кіммен сөйлессең де, ауыл мүддесін алдыңа кесе көлденең тартады, — деді Жақыпбек Байсалға былай шыққан соң. — Мұғалім болу қиындаған!
— Меніңше, бұл бұрыннан қиын өнер ғой, — деді Байсал.
— Жоқ, Байсал, әсіресе, қазіргі уақытта ерекше қиындаған сияқты. Өйткені, талап үлкейіп кеткен. Соны байқайсың ба?..
— Ол рас.
— Осы талаптарды орындау үшін біз не істеуіміз керек, Байсал, ә?
— Балаға білім беру дегеніміз өмірдің өз қазанынан қайнап шықсын. Біз, міне, осыған жетуіміз керек.
— Мұныңа, шынымды айтайын, түсінгенім жоқ...
— Қалай айтуды мен өзім де білмеймін...
— Ендеше піспеген ой.
— Мүмкін...
— Басты сындыру керек осы ойға...
Байсал үндемелі. Жақыпбек те бұдан соң едәуір жер үнсіз келді де:
Байсал, осы сенің кімің бар? — деп сұрады.
— Мұнда ешкімім де жоқ.
— Сүйген қызың да жоқ па?
— Жоқ.
— Ол әзір еш жерде де жоқ, — деді Байсал мырс күліп, — Ал өзіңізден бұл жайды сұрауға бола ма?
— Мен де өзіңдей... Жоқ жоқ... Менің жағдайым сенен гөрі сәл басқарақ...
5
Күн едәуір көтеріліп қалған кез болса да, терезесі терістік жақтағы тапал үйдің іші қаракөлеңке, бұрыштары қарауытып күңгірт көрінеді. Төр алдында, қоңыр бөстек үстінде екі қолын екі жаққа созып жіберіп Сапар шалқасынан түсіп ұйықтап жатыр.
— Ау, батыр, тұр енді, — деді Баймұрат завхоз, баласына төніп.
Сапар бір қозғалып түсті де, ұйқылы көзімен теріс айналды.
Осы ояна алмай жатыр ма деген адамша Баймұрат баласын қатты жұлқыды:
— Мен конторға барам. Аш ұйқыңды!
Балада үн жоқ.
— Менен бірдеңе көрейін демесең, тұр шапшаң! — деді Баймұрат қаһарына мініп.
Талай естіп, «айналайынымен» бірдей болып кеткен, артында зіл жоқ бұл қоқанлоқы сөз баланың қаперіне кіріп те шықпады. Ол көзін ашып әкесіне бір қарады да, үнсіз бұртиып, қайтадан көзін жұмды.
— Мезгілінде ұйықтамайды да, бірдеңе бітіргенсіп тұрмайды бұл шіркін!
Мұнысынан ештеңе шықпайтынын көрген Баймұрат:
— Бүгін сабағың басталады ғой. Соған бармаушы ма едің, — деп әлгідей емес, күбіжікке басып, жауапкершіліктің салмағын баланың өзіне арта сөйледі..
— Әлі ерте, — деді бала еріншектікпен тіл қатып.
— Қайдағы ерте, сегіз болды.
— Тұрайын, не бересің? — деді манадан бері ұйқының құшағында жатыр деген Сапарымыз көзін жалт еткізіп ашып алып.
— Не берейін мен саған?
— Көгершін алатын ақша бер.
«Ақша» деген сөз естілгенде Баймұраттың түсі бұзылып, жүзіне ызғар сыздап шыға келді де:
— Өй, қанжауғыр, ақша дегені несі? Өшір үніңді, — деп зекіді.
Түнергені болмаса, жауары жоқ әке мінезінің сыры өзіне мәлім Сапар:
— Ақша бермесең, тұрмаймын, — деп әдейі қасарды.
Баймұрат бұдан әрі қарыса алмады. Әдетте, ол құлаққа жат бейпіл сөздерді «жомарттықпен» өлшеусіз көп жұмсап лекітіп алатын да, онысына өзі парық бермей, тез ұмытатын Егер осындай әбден тұтанды деген шағының өзінде баласы жыламсырай бастаса, дереу райдан қайтып, оның көңілін табуға асығатын. Шешеден жастай қалып, осындай көңілшек әкенің бауырында беті қағылмай ескен Сапар өз қалағанының бәріне оны бәйек ететініне әбден көзі жетіп, еркелікке салынып алған. Қит етсе, «ақы» сұрап әбігерлейді. Әкесі оның бұл мінезін тыюдың орнына, өршітіп, әмірін екі етпейді. Өзінің сол дағдылы осалдығымен ол бұл жолы да тез «жеңілді».
— Ақылы бар, тұрады өзі, — деп баласына жалына-жалбарына отырып, оны еркелете арқаға қақты.
— Алдамай-ақ қой, бәрібір, ақша бермесең тұрмаймын!
Басқа назының бәрін көтеріп алуға әзір, бірақ ақшаға келгенде қиналатын завхоз не істерін білмей, бір қызарып, бір сұрланып, баланы жасқандырмақ болып ашу шақырып та көріп еді, одан ештеңе өнбеді. Әкесінің, тулап алысқа бара алмайтынын айқын аңғарып, іштей мырс-мырс күліп жатқан Сапар оңайлықпен берілмеді. Ол міз бақпай бұрынғысынан бетер бедірейді. Мысы құрыған Баймұрат басқа лаж таппай.
— Әй, қанжауғыр-ай, ал! — деп үш теңгелікті лақтырып тастады.
— Бұл аз!
— Қап, мынаны-ай, ә!..
Ол біраз қинала толқып тұрды да, ішкі қалтасын ақтарып, орамалға шиыршықтап оралған бір буда ақшаны сапырылыстырып, әрең дегенде үш сом тауып, балаға тағы лақтырды.
Сапар ақшаны шап беріп қағып алды да, сықылықтап күліп орнынан тұрды.
— Тамағыңды іш те, сабаққа бар, күшік, — деп завхоз да рақаттана күлді.
— Алақай! Қазір көгершін алам. Содан кейін сабаққа барам, — деп жайраңдаған Сапар, қолын жумастан, үлкен бір таба нанды алып, ауызға бұралап тыға бастады.
— Есікті жап та, кілтті маңдайшаға қалдырып кет.
— Жарайды, білем...
Жолы болған Сапар ішіне «ел қондырып» алған соң үйден шығып, досы Сейтендікіне қарай бет алды. «Бұл маған көгершінін алты сомға берер ме екен» деп ойлады ол жолшыбай.
Сейтен үйінде жоқ болып шықты. Есігі жабық тұр. «Бұл мектепке кеткен болды ғой» деп енді ол солай жүрді.
Мектеп маңы қаптаған адам. Біреу кіріп, біреу шығып. сапырылысып жатыр. Балалармен аралас үлкендер де жүр. Көптің тасқынына араласып, Сапар да ішке кірді.
Шын думан мектептің ішінде екен. Самсаған балалардан көз сүрінеді. Мектеп табалдырығынан жаңа аттаған жеті жасар бөбектер әлденені жатырқағандай, аяқтарын еппен басып, еріп келген әжесіне, я әкесіне тығыла ұйлығады, дауыстарын да ақырын шығарып, жасқана сөйлеседі. Ал, ересек балалар залды бастарына көтере даурыға сөйлеп, аяқтарын нық басады... Бұл дүрмектің ішінен Сапар іздеген досын көре алмады. Ол қайда болды екен» деп қайтадан есік жаққа көз салып еді, бұрышта оқшау тұрған, өзімен бірге оқитын Бектайды көрді.
— Сен Сейтенді көрдің бе? — деді ол Бектайдың қасына келді.
— Сен жақсы келдің, — деді анау мұның сұрағанына жауап берудің орнына қуанып.
— Мені қайтпекші едің?
— Ақырын, абайла, құлағыңды бері әкел, — деді Бектай сыбырлап.
Сапар құлағын тосты.
— Әдебиеттен жаңа мұғалім келгенін білемісің?
— Білемін.
— Өзің көрдің бе?
«Көргенді айтасың, біз Сейтен екеуміз оның кім екенін білмей, мазақ еткенбіз» деп қала жаздап Сапар өзін әрең тоқтатты да:
— Көргенмін — дей салды.
— Оқу жұмысын да сол басқаратынын естіп пе едің?
— Оны да естігем.
— Естісең сол, — деді Бектай дегбірсізденіп.
— Немене сол, — деді Сапар оның не айтып тұрғанына түсінбей.
Өзі қатал, өзі тәртіпті жақсы көреді дейді, титтей тәртіпсіздік көрсе, төзбейді дейді.
— Осының бәрін сен қайдан ести бересің?
— Бану тәтем айтты.
— Ә, мейлі... Сен мені неге іздегеніңді айтшы, — деді Сапар мұғалім жайындағы әңгімені тыңдауға селқостық білдіріп.
— Біздің класс қашанғы жаман бола бермек... Алғашқы бетте, тым болмаса, оның көзіне тәртіпті класс болып көрінуіміз керек. Өйтпеген күнде, бізге абырой жоқ, білдің бе?
— Сен-ақ тәртіпті бол, — деді Сапар теріс айналып, — Сейтенді көрген жоқсың ба?
— Сейтен көлге қармақ салам деп кеткен. Маған жүр деп еді, бармағам...
Мына хабар Сапардың құлағын елең еткізді. Оның кел басында өткен күні қолы жеткен бір олжасы бар еді. «Сонымды біліп қойды ма, бұл неғып таң атпай қармақ сала қойды» деген жаман ой келіп, ол барлық сыры ашылғалы тұрғандай жүгіре жөнелді.
— Сен барма, қазір оның өзі де келеді.
Сапар тыңдаған жоқ. Бектай ол кеткен соң өз ойына оралып: «Бұл мұндайға түсінбейді. Әттең, Жарқын келсе», деді тықыршып.
6
Қонырау соғылды. Шу лезде сиреп, залда тыныштық орнады. Мұғалімдер оқу бөлімінен шығып, класқа тарап жатты. 6 «а» класының есігінен басын қылтитып, жалт-жалт қарап тұрған Бектай кабинеттен шыққан Жақыпбек пен Күдеріні көріп:
— Тсс! Келе жатыр, — деп хабарлады класқа, — бәрің де қазір менің командамды тыңдаңдар!
— Сен бе командир?..
— Шуламаңдар, келіп қалды!
Класқа мұғалім мен директор кірді.
— Орындарыңнан тұрыңдар! — деп команда берді Бектай.
Балалардың көпшілігі ол айтпай-ақ орындарынан тұрып та үлгірген еді.
— Сәлеметсіздер ма, балалар?.. Отырыңдар!
Оқушылар орындарына отырды. Тек Бектай ғана тақта қасында, командир алдындағы солдатша екі қолын төмен салбыратып жіберіп, үнсіз мелшиіп тұр. Жаңа мұғалімді таныстырып директор да кетті. Бірақ, Бектайдың қозғалар түрі жоқ.
— Сен неге отырмайсың? — деді Жақыпбек тасасында тұрған Бектайға бұрылып.
— Мен кезекші едім. Рапорт беруге рұқсат етіңіз, — деп Бектай сасқалақтап сөйлей бастады. — Класта жиырма төрт оқушы сабаққа қатысуға тиісті болса, соның жиырма екісі келіп отыр. Сапар Баймұратов пен Әйтен Жапалов жоқ.
— Жақыпбек оған отыр деп ишарат білдірді де:
— Барлық мұғалімге осылай рапорт бересіңдер ме? — деп сұрады.
— Рапорт физкультура сабағының оқытушысына ғана беріледі, — деді балалар жамырасып.
— Тыныштық сақтаңдар! Мен кезекшіден сұрап тұрмын.
— Орнына жаңа ғана отырып үлгірген Бектай ұшып тұрып:
— Біз басқа класқа үлгі көрсеткіміз келеді, — деді.
— Ол жақсы ниет... Ал, рапорт жөнінде мынаған келісейік бұдан былай келмегендерді кезекші рапортсыз-ақ айтатын болсын.
Рапорт беруді қайдан шығарып жүр, — деп сыбырлады біреу.
— Ойлап тапқаны ғой өзінің.
Класта күбір басталды. Бәрі де Бектайға кіжінеді. Бұл жайды Бектай жақсы сезіп, тағат таба алмай, жан-жағына жалтақ-жалтақ қарайды. Бірде көз қиығы Сейтенге түсіп еді, ал «сені ме» дегендей көзін алартып жұдырығын түйді.
Жақыпбек бұл жолы «тыныштық сақтандар» демей, балалардың күбірді қоюын үнсіз тұрып күтті. Оның класс ішін жағалай аралап, әрлі-берлі қыдырып тұрған ойлы көзі әр оқушының көзімен кездесіп, дәл саған қарап тұрмын дегенді айтпай сездірді. Мұғалім көзімен үнсіз тілдескен әр көз иесі күбірді қойып, біртіндеп тынып жатты да, аздан соң бүкіл класс тыныштыққа бөленді.
— Балалар, маған сабақ бастауға рұқсат етіңдер! — деді Жақыпбек.
Манадан бері көзбен ғана тілдескен оқушылар оның «рұқсат етіңдер» дегенін естігенде «жаңылып айтып қалды ма», әлде класта өздеріңді ұстай білмейді екенсіңдер дегенді бетке басып, әдейі айтып тұр ма деп ойлап, мұғалімді білсек деген таңсық пайда болды.
Осындай тыныштық үстінде есік сықырлады. Басқаны ұмытып, мұғалімнің ауызын баққан балалар дәл сол секунд тыныштық қалыптан жаңылып кетті де, бар назар солай ауды.
— Кіруге бола ма, ағай? — деді Әйтен есіктен басын қылтитып.
— Жоқ, болмайды! — деді де, Жақыпбек өзі барып есікті жауып алды.
Балалар үн-түнсіз, бірімен-бірі көз қиығымен тілдесіп, шашау қимыл жасамауды қарастырды.
— Бүгін танысамыз, әңгімелесеміз, — деді мұғалім есік жақтан қайта оралып. Содан соң тізімге қарап, шәкірттерімен біртіндеп таныса бастады.
Әлден уақыттан кейін есік жақтан тағы да болымсыз тысыр естілді. Класс көңілі-тағы сол жаққа ауды. Сықырсыз ақырын ашылған есікке жабыса бір иықтап Сапар кіріп келе жатты.
— Сен қайда барасың? — деді мұғалім оған.
Сапар жауап қатпастан, сып етіп ішке кірді де, салып ұрып артқы партадағы Сейтеннің жанынан бір-ақ шықты.
Жақыпбек баланың ыңғайын жақсы таныды. Бірдеңе десе-ақ от шыққалы тұрғанын да сезді. Бірақ, тентектің мына қылығын ескерусіз қалдырып, аңғармағанға салыну мүмкін емес еді. Мұндай бейбастақтыққа келген күннен бастап жол берсем, класта саналы тәртіп орнатуым былай тұрсын, балалар ертең басыма секірмей ме!.. — деген ой билеп, қайткенде де өз дегенін болдыруға бекінді.
— Сен бері кел! — деді ол Сапарға тесірейіп.
Бала бедірейіп жауап қатпады. Жақыпбектің өн бойын ашу қысып, құлағына дейін қып -қызыл болып, түтігіп қоя берді. Оның әрбір қимылын, бет өзгерісін мүлт жібермей, үнсіз бағып отырған балалар қатты булығып сыртқа шығып келе жатқан жойқын күшті аңғарғандай болып, біріне-бірі бұрылуға да батпай, үлкен бір жағдайсыз іс күтіп, іштерінен тынды. Мұғалім ыңғайын жақсы ұққан Сапар да тіресіп отыра алмай, аяғын жайлап басып алға шықты.
— Шық дереу! — деп Жақыпбек есікті нұсқады оған.
Бала есікке жете берді де, кілт тоқтады. Бұл не істер екен дегендей бар ынталарын сала қараған оқушылар қыбыр етпей қатып қалды. Жап-жаңа мүләйімсіп тұрған Сапар қауырт бұрылып, сол қолымен есікті ашып жіберді де, мырс етіп күліп, шыға жөнелді.
Манадан бері қыл үстінде, дыбыссыз, сарыла бақылап отырған балалар да оқыс қозғалып, күліп жіберді. Бұл күлкіні орта белінен үзіп, тыйып тастауға мұғалімнің құдіреті дәл сол минутта жетпеді. Өзінен ұстазға тән кең өрістілікті емес, осалдықты, лап етпе ашуды, орынсыз ұрыншақтықты аңғарғандай болып, сағы сына қатты налыды ол. Онысын оқушыларға сездіріп алмайын деп, жүзіне жиылған ашудың ызғарын қуып, жайлы жаздай жылы шырай орнатуға тырысып, жадырай сөйледі.
— Иә, балалар, демалыс қалай, көңілді өтті ме? — Оның бірінші сұрағаны осы болды.
Оқушылар үндемеді.
Жақыпбек алдындағы журналды кейін сырып тастады да, шәкірттерді көзімен барлай сөйледі.
— Мәселен, кім не істегенін әңгімелесе... басқамыз тыңдасақ. Кәне, кімнің айтқысы келеді?
Бұған да ешкім тіленбеді. Әңгіме мұнымен де өрістемесін көрген соң Жақыпбек енді жекелеп сұрауға кетті.
— Бектай, мүмкін, сен әңгімелерсің?
— Құлағына дейін қызарып, Бектай сасқалақтап орнынан ұшып тұрды.
— Нені, ағай?
— Демалыста не істедің? Қандай қызық көрдің?
Бектай көзін қайта қайта жыпылықтатып, не айтарға білмей, абдырап тұрып қалды.
— Сен қысылма. Бектай... жазғы саяхатта болдың ба?
— Жоқ.
— Сендерде туған өлкені зерттейтін жорық ұйымдастырылмады ма?
— Білмеймін.
— Қалайша білмейсің? Ұйымдастырылды ма, балалар?
— Ұйымдастырылған жоқ — деді балалар тұс-тұстан.
— Сонымен жазғы демалысты үйде өткізген болдың ғой?
— Иә, — деді Бектай.
— Мұнда қандай қызық көрдің? Мүмкін, соны айтарсың... Колхозда деймін.
— Колхозда да ештеңе көргем жоқ. Көлге түстік, балық ауладық. Басқа түк те... Иә, аздап жұмыс істедік, масақ тердік.
— Фермаларда, таяу МТС-та болған шығарсыңдар?
— Жоқ ағай, мен онда барғаным жоқ. Онда ешкім де болған жоқ...
— Неге өтірік айтасың, мен болдым, — деді арт жақтан бір бала.
— Иә, Кәмал? — деді Жақыпбек барлық зейінін соған аударып.
— Фермада болдым. Қозы бақтым, атама көмектестім.
— Ойбой, онда сен қырған екенсің! — деген дауыс қатарынан күңк ете түсіп еді, балалар мырс етіп күліп жіберді.
— Неге күлесіңдер? — деді Жақыпбек. — Өте тамаша болған!
— Ағай, мал баққанға немесіне мақтанады?..
— Немене, сеніңше, мал бағу оңай ма? Әлде... — Жақыпбек бала аузына сөз салғысы келмей, сұрағын аяқтамай іркіп қалды...
— Мал баққанның несі қызық...
— Айта бер, айта бер...
— Кешке дейін жалғыз өзің далада жүресің. Ойнайтын да ешкім жоқ...
— Кәмал, сен қалай ойлайсың?
— Әрине, іш пысатыны рас. Бірақ, мен болмасам, атама кім көмектеседі?..
— Ақылды жауап, — деп қостады Жақыпбек Кәмалды. Алайда мұғалімнің бұл мақтауы да өзге балаларға онша әсер етпеді, Кәмал ісіне қызығушылар аз сезілді.
— Кәмал сияқты өздерің тіленіп колхозға көмектескендерің қол көтеріңдерші.
— Үш, төрт, бес, — деді мұғалім күбірлеп. Ол балаларға арнай сөйледі. — Аз, өте аз. Ата-ананың кәсібін қадірлемеу, өз мекенің — колхозға көмектеспеу, колхоз тіршілігіне салқын қарау — қатты өкіндіретін іс екен, балалар...
Ол бұл арада тамаша сөздермен жас буынның қоғамдық мүддеге деген сезімін оттай лаулатқысы келіп-ақ еді, бірақ, бала жүрегіне жетерлік әрі ұғымды, әрі қарапайым, әрі әсерлі отты сөз таба алмай, жалаң үгіт айтып кеткен сияқтанды. Шіркін-ай, сөз өнері осындайда керек екен ғой!..
«Балалар колхоз шаруашылығына беріле қызықпайды, оның мүддесіне кейі тіпті селқос қарайды. Еңбек мақтаныш болу деген мықтап салтқа айналмай келеді. Міне, біздің жұмыстағы олқылықты осыдан іздеңіз. Бұл олқылықтың орнын толтыру шарасы менің яки сіздің немесе басқа бір мұғалімнің талпынуымен ғана жүзеге аса алмақшы емес. Ол аз. Бұл бүкіл мектеп тіршілігінің жаңа бағыт алуын тілейді. Екінші сөзбен айтсақ оны қазіргі өмір мүддесінен туған талапқа орай басқару қажет болады» деген еді Елизавета Сергеевна өткен жолы бір әңгімесінде.
Қарт мұғалима айтқан жайлардың өмір шындығы екеніне Жақыпбек көзі күн сайын жете бастаған. Міне, алғашқы сабақ осыны тіпті тереңдете түсті. Колхоз жайындағы әңгімеге балалардың құлағы түрілмейді, назары аумайды, одан романтика көрмейді. Қайта Кәмал сияқты балаларға «қозы баққан да өнер болып па» деп күде қарайды.
Осы жайларды қанша түсіне тұрса да, Жақыпбек енді алғашқы беттегідей емес, біраз сабыр етті. Өйткені, колхоз тіршілігінен алшақтықтың зиянын бір әңгімеде ұғындырып, оқушылардың миына бірден сіңіре қою ақылға сыймайтын іс сияқтанды да, өзінің әлгі бір ойын ұшқарылық деп бағалады. Жоқ қарт мұғалима айтқан ауыл мектебіндегі олқылықты бірер сабақта жоя қою мүмкін емес, мектептегі барлық оқу-тәрбие жұмысына, әр мұғалімнің әрбір сабағына жас буынды колхозды сүюге баулу деген желі болып тартылуы қажет.
Жақыпбектің көңілге түйгені, міне, осы болды. Сондықтан да ол балалардың бетін қақпай, олардың сырына қана түсуді ойлап, өздері әбден шешіліп сөйлесін дегенді көздеді.
Ол мұны қаншама тілесе де, әңгіменің бұл жолы сәті түспеді: көңілсіз басталып, әрі қарай өрістемей, келте қайырылып үзіле берді.
Арқауы оралмаған әңгімені жіптестіремін деп ол да тәуір-ақ әрекеттенді. Бірақ, ештеңе шықпады. Балалар әңгімеге қызыға үйірілмеді, тартына сөйледі, жадырап сыр шертпеді.
Дәл мұндай «кездейсоқ» оқиғаға ұшырап сүрінем деген Жақыпбектің ойына кіріп те шықпаған еді. Мынау оқиға оның от.жігерін құм еткендей, ренжіс тудырды. Балаларға не айтарын білмей, тұйыққа тіреліп, қатты қысылды. Бұл қыспақтан тек қоңырау даусы ғана оны арашалап алып қалғандай болды...
— Міне, бұл нағыз қатал мұғалім, — деді Бектай тамсанып.
— Қатал түгі де жоқ, кәдімгі өзіміз көріп жүрген мұғалім. Бірі біздің өзімізден, — деді колхоз председателінің баласы Жарқын оған қарсы шығып.
Ештеңе көрмегендей, жап-жаңа келіп тұрған адамша класқа арсалақтап Сапар кірді. Одан кейін аяғын ептеп басып қорғана Әйтен келді.
— Бәрін бүлдірген осылар.
— Кім? — деді Сапар басын кекшитіп.
— Сенсің! — деді Жарқын одан тайсалмай.
— Мен не қылдым, төбеңе құй қаздым ба?
— Тәртіп бұздың, кластың абыройын түсірдің!
— Сапар оның сөзіне қайтып құлақ қоймастан, Сейтенге бұрылды.
— Сен неге үндемейсің? Әлі де бас сауғалап отырмысың?
— Бас сауғалап не қылдым?
— Бас сауғаламасаң, әлгіде маған еріп, кластан неге шығып кетпейсің? Не көрсек те, бірге көреміз деген достық серт қайда?
— Ол менің есіме келмепті.
— Ой өтірікші!
— Тапқан екенсің арзан достықты! Өзіңмен тұрмай, Сейтенді де қоса орға жыққың келеді, ә? — деді Жарқын тепсініп.
— Ал, сеніңше, досты қысылшаң жерде жалғыз қалдырып кете беру керек екен ғой!
— Онда әңгіме басқа. Дәл бұл арада ешқандай серік іздер жөнің жоқ. Өйткені, ісің теріс. Мен Сейтен болсам, саған осыны айтар едім.
— Мен ешкімнен сөз үйренбеймін, — деді Сейтен мұрнын шүйіріп.
— Сен екеуің де достық дегеннің не екенін білмейсіңдер!
— Білмейтін біз бе? — деді ана екеуі қосарланып.
— Білмейсіңдер!..
— Тсс... мұғалім келеді, — деді сақ құлақ Бектай есіктен сығалап.
Балалар дүрліге өз орындарына отыра-отыра қалысты.
— Мен сені іздеймін деп сабақтан қалып қойдым... Қайда болдың? — деді Сапар Сейтенге күбірлеп.
— Қармақ салдым...
— Не көрдің, не білдің?
— Түк те көргенім жоқ — деді .Сейтен Сапардың бетіне қарап.
— Ендеше тісіңнен шығарма, қызыққа кенелдірем. Жалғыз-ақ бір емес, екі көгершінді тегін бересің!
— Ол не қызық?
— Кейін білесің.
7
Мектептен көңілсіз қайтқан Жақыпбек әлденеге мазасызданады. Тосын бір жайсыз сезімдер пайда болған. «Сөз жоқ қате жібердім» деген ой бастан шықпайды. «Қандай қате?» Дәл мұны кесіп айта алмайды. «Әлде Сапарды кластан қуғаным теріс пе, әлде сабақ бастай білмедім бе» деген шүбәні кезек-кезек салмақтап көрсе де, безбеннің екі басы бірін-бірі баспай, тең түсе береді. Тегінде, екі бірдей сәтсіздік біріне-бірі тығыз байланысты тәрізді. Сапармен жанжалдаспаса, әңгіме, мүмкін, қызықты да болар ма еді, қайтер еді... Мұғаліміміз деп сәби құшағын жайған оқушылар өздерінің кішкентай жүректерінің түбіндегі қылаусыз сырларын ағытқан да болар еді-ау! «Менен оқыс мінез көріп, суынып, сақтанып қалуы да ғажап емес». «Әлде, — деп ойлады Жақыпбек, — менің қателеспеуім де мүмкін. Тентекті тәртіпке шақыру бірінші парыз. Ендеше, дәл бүгінгі ісіммен оқушыларға көп ой қалдырған болуым да ықтимал». «Жігітім, мұның өзіңді жұбату, — дейді жүректің терең түбінен бір сыншыл сезім бас көтеріп, — класс бір жақ, сен бір жақ болып, екі ойға жарылып отырғандарыңды қайтып жасыра аласың. Педагогикаға бас қойсаң, ешбір оқушының ойы сенен селкеу шықпауы керек еді ғой. Олай болды ма, өзің ойлашы! Педагогтік олақтық деген бұдан артық қандай болады!..»
Жақыпбек бұған мүдіреді. Қалай салмақтап көрсе де, бір қателіктің барлығы айқын сияқтанады да тұрады.
Мұндайда ойдың бір жасап қалатыны қандай. Әлгіден де өршіп қабындап, біріне-бірі сабақтала жалғасып, ренішті ой бірте-бірте кейінге сырылып, оның орнын жаңа ойлар — тәтті ойлар басып, туындап жатты. Бұрынғыларының үстіне өткен шақтары, Алматыдағы оқып жүрген кездері қосылды. Бірге оқыған жолдастары, үйірмелердегі, жиналыстардағы айтыс-даулар, түрлі таластар, кешкі серуендер — бірінен соң бірі көлбеңдеп, қызықтырып, алыстатып алып барады.
Солардың жуан ортасында, бәрінен де жаңа, бәрінен де жақын болып осыдан алты күн бұрын ғана Алматыға аттанған Әсима тұр. Алғашқыда ұнатып қалған сезім қызбен таныса, сөйлесе келе ұлғайып, сүйіспеншілікке соққан еді де, Жақыпбек Әсимаға аттанар алдында бұл ойының шет жағасын сездіріп те қалған.
— Әсима, — деді ол қоштасып тұрып, — біз бір-бірімізбен көп сырлас бола алмадық. Аз сырластық та, аз білістік. Аяқтамай ой, айтылмай көп сөз де қалды. Сол үшін де әттең деген бір өкінішпен қалып барамын. Қаласаңыз, хат алысып, хат жазысып тұралық деген қолқам бар. Оған не дейсіз?
Қыз тіс жарып пәлен демеді. Жақыпбек қыздың сол бір минуттағы не ойлағанын аңғарғысы келіп оның жүзіне қарап. Алайда, одан еш нәрсе ұға алмады. Ұялғансып орынсыз қылымсу, яки ашық болғансып бірдеңелерді ибасыз асығыс айта салу сияқты дөрекі батылдықтың немесе жалған ұялшақтықтың бірінің де белгісі бетке шықпаған. Ағыны білінбейтін дариядай сыры көп реңі тұңғиық жатыр.
— Неге үндемейсіз? Әлде менікі орынсыз тілек пе?.. Олай болса, кешіріңіз! — деді қыздың ылғи өзін суық ұстап, паңдана бергеніне Жақыпбек те тәкаппарлық көрсетіп.
— Мен сізді айыпқа бұйырып тұрғаным жоқ... Әдетте, хат жазуға тыйым салынбайды ғой...
Әсиманың осы бір сәттегі реңі, әсіресе, бір жалт етіп барып, жаутаң еткен көз жанары жігіт бойында бас көтере қалған тәкаппарлықты селдей шайып, жоқ етіп жібергендей болды. Кісі тартқыш қарасудың үйірімді шымырындай әлденендей толқындар сырттай тынып жатқан сияқтанса да, жігіттің кең кеудесінде қазандай қайнап, сапырылысып кетті. Үміт сезімі жалт етіп қайта оралды:
— Хат жазуды тыймағаныңызбен жауабыңызды қимай жүрмесеңіз...
— Жазып көріңіз — деді Әсима күлімсіреп.
Жақыпбек қызға екінші рет қолын ұсынды.
— Жаңа қоштастық қой, — деді Әсима.
Оның даусынан болмашы бір діріл сезілді. Бұл күлкінің дірілі ме, немесе сүйген жүректің дірілі ме, ажырату қиын еді.
— Артық болмас, тағы да бір қоштасайық. Достарша қоштасайық.
Әсима оң қолын үнсіз созды. Жігіт қыздың жұп-жұмсақ, ыстық уысын алғашқыдай емес, бұл жолы қаттырақ қысты. Қыздың салалы, сүйріктей саусақтары да, жүректің соғысындай дір етіп, ширақ қысылғандай болды.
«Жақын адаммен қоштасудағы қиыспастық белгісіндей қысу ма, әлде, маған солай көрінді ме екен» деген ойда қалды Жақыпбек...
Сол қызды, міне, ол көңілімен ғана емес, көзімен де көріп отыр. Манадан бері оның екі көзі тұсында ілулі тұрған суретке қадалуда болатын. Дәл қазір еңсесін көтеріп, суретке мойнын соза көз жіберді. Сурет бейне Әсиманың өзіндей болып; күлімсіреген пішінмен ол да бұдан көз алмай, қадала қарап қалған...
Жақыпбек жастыққа бір шынтақтап қисайып, жақсы ниетпен бар назарын салып, ұзақ, үнсіз жатып көзі талғанша қарады. Сурет талған көздің сағымында бұлдырап, жам біткендей қозғалып, ашық, айқын көңілден өз жүрегінің қалауын бүкпесіз баян етіп: «Мен сені сүйемін», деп тұрғандай өмірі ұмытылмас бір тәтті сезімге бөледі.
Жігітіміз бұдан кейін жата алмай тұрып кетті де, колхоз партия ұйымының секретарь! Керейге келді.
Керей Өтешев осы маңда туып-өскен, жас жағынан қырықты алқымдаған орта бойлы қарасұр жігіт еді. Жүзі ашаңдықтан тосын көзге әлдеқайда жас көрінетін. Оның үстіне істегі мол жігері де, әзілқой, ақжарқын мінезі де жастық шақтың жалынын аңғартып, қырықты тіпті ауызға алғызбайтын.
Оның өмір жолы Жақыпбекке қарағанда әрі бай, әрі өзгеше еді. Ол мектеп табалдырығын тұнғыш рет 1921 жылы, он бір жасында аттап, 1928 жылы 7-класты бітірісімен Қарағандыда салынып жатқан темір жол құрылысына өзі тіленіп кетті. Мұнда бірер жыл жұмысшы болып істеп, артынан басшы жұмыстарға жоғарылатылды. Құрылыс комсомол ұйымының секретарлығына сайланды. Осы құрылыста жүріп ол партияға өтті. Кейін партия жұмысына ауыстырылды. Сол қызметте жүргенде қаһарлы 1941 жыл келді...
Бұл айтылған тарихи қысқа мерзімде ол талай ұлы істерге араласты. Жер бөлісіне қатысты, байларды конфескелесті, бес-жылдықтардың ұранын көтеріп, социалистік еңбек майданының екпіндісі болды, ақыры азаттық армияның қатарында ұлы жорыққа қатысып, Берлиннен бір-ақ оралды.
Бір жұмыстан соң бір жұмыс күткен және соларды барлық жан-тәнімен атқару қасиетті борышым деп ұққан Керей жоғары мектепке түсіп оқи алмай, соңғы уақытқа дейін білімін өздігінен көтерумен келді де, тек 1946 жылы Алматыдағы партия мектебіне түсуге мүмкіншілік тапты. Сол мектепті бітірісімен партия оны осында жіберді. Мектеп қабырғасында көп оқи алмаса да, жастайынан сан алуан жұмыста болып, тұрмыстан үйренуінің арқасында Керей әбден ысылып алған, білімді іскер адам еді.
Онымен алғашқы пікірлескенде-ақ бұл жайларды Жақыпбек жақсы аңғарған. Оның ақылшы бола алатынын көрген. Бұл келісінде Керейдің секретарь болғандығы ғана үшін емес, міне осы жағын ескеріп, ақылдасу ниетімен келіп отыр.
Керей бұрынғы әдетінше Жақыпбекті бұл жолы да көңілді қарсы алды.
— Иә мұғалім жолдас, жұмыс қалай болып жатыр?
— Мәз емес.
— Неге мәз емес?
— Жас буынға бүгінгі өміріміз тілеген дәрежеде білім беруге біздің қазіргі мектептің қабілеті жетпей отырған сияқты.
— Мүмкін... Ал, қабілеті қайтсе жетеді?
— Барлық оқу-тәрбие жұмысын бүтіндей қайта құру қажет...
— Атап айтқанда?
— Уақыт ауыл мектебінің жұмысын жаңа арнаға салуды тілейді.
— Ол қандай арна?
— Мектепте оқушыларға біз беретін білімнің негізі тіршілікпен қабысуды көздейтін кез жеткендігін өмірдің өзі-ақ аңғартып отыр. Мен көп оқушылармен әңгімелестім. Білімдерін барлап көрдім. Өткен сабақтарынан сұрасаң олар тақ еткізіп айтып береді. Ал соны тұрмыспен байланыстыра бастасаң, тосырқап, біз мұны өткеміз жоққа басады.
Кітаптан, мұғалімдердің айтқанынан ғана біліп, нағыз өмірді көзбен көрмеген болар.
Дұрыс айтасыз.
Демек, бірінші міндет — мектепті колхоз тіршілігімен, ұштастыру қажет дейсің ғой. Жақсы. Ал сонда мектепте оқу-тәрбие жұмысын бұл жаңа арнаға қалай салу керек?
Міне, өзіңізбен осыны ақылдасуға келдім.
Нақты ойың, ұсынысың бар ма?
Жақыпбек ауыл тіршілігін көруден туған алғашқы пікірін айта бастады.
Керей Жақыпбектің сөзін бөлмей, тыңдап шықты да, оған мынадай кеңес берді.
Ең алдымен мектепті асықпай зертте. Оның жұмысындағы негізгі кемшілік не екен? Соны аш. Бұл кемшілікті жою үшін нендей шара қолдану қажеттігін содан соң барып ұсын.
Ол орнынан тұрып, алдында отырған Жақыпбектің сол жақ иығына оң алақанын төседі де, сөзін жалғады.
— Мәселе педсоветке қойылатын болсын. Оған колхозшы активтер де қатыссын.
— Мұнымыз қалай болады? — деді Жақынбек, жай адамдар қатыстыратын, педсовет жалпы жиналыс емес қой дегенді ескертіп.
— Мектеп пен өмірді жалғастыру деген осындайдан да басталады. Колхозшы мен мұғалім бір мақсаттың күйін бірігіп толғаса жаман ба?
Жақыпбек үндемеді.
— Келістік пе? — деді Керей.
Келісуін келістік-ау... Мен бір рет сүрініп едім, екінші рет сүрінбес не екенмін, — деді Жақыпбек темен қарап.
Керей әңгіменің жай-жапсарын сұрай бастады. Жақыпбек класта болған оқиғаны баяндады.
— Оқа емес. Ондай-ондай болады. Өмірге шәкірттерді араластырамыз деп отырмыз ғой, бұл саған сол өмірге алдымен өзің аралас дегенді айтады. Ал, біз екінші рет сүрінуге сені жібере қоймаспыз. Көмектесе алармыз деп ойлаймын...
Керей сәл ойланып қалды да, Жақыпбекке қайта бұрылды.
— Мұндайда тәжірибелі мұғалімдермен кеңесіп, солардың ақылын тыңдаған жөн. Сен, шамасы, ешкімге айтпаған боларсың.
— Айтқаным жоқ.
— Білмегенді сұраудан арланбау керек...
— Мен арланғандықтан емес...
— Түсінем... Осында бәрімізге де ақылшы бір адам бар. Ол — орыс тілі мұғалімі Елизавета Сергеевна. Мұндайда онымен ақылдасып отыру, әсіресе, саған өте қажет. Ол тәжірибесі көп, ақылды, ойлы адам. Бұл маңда ол сабақ бермеген мектеп, одан оқымаған жастар кем де кем. Біз бәріміз де алғашқы рет соның алдынан тәлім алдық... Ол кісіні мен жаңа клубта көрдім. Ерінбесең соға кет.
— Жақыпбек парторгтың кабинетінен көңілді шықты. Қарт мұғалиманы ол клубта бір топ колхозшының ортасында кездестірді:
— Менің бұрынғы шәкірттеріммен танысыңыз, — деп қарт мұғалима айналасын қоршаған жігіттерді мегзеді.
— Жақыпбек бәріне де қол беріп амандасып, жағалай танысып шықты.
— Осы жігіттердің бәрі де шәкірттеріңіз, ә?
— Жақыпбек мұны таңданған адамша айтты.
— Бәрі де шәкіртім.
— Бәрі де осында оқыған ғой?
— Иә бәрі де алғашқыда осында, одан кейін «Мәдениет», өз қолымызда өскен балалар.
— Жақыпбек әзілдей сөйледі.
— Елизавета Сергеевна, сіз бала дейсіз, менің көріп тұрғаным алдым қырыққа аяқ басқан жігіттер...
— Әрқайсысының бала күндегі мінезі, қылығы есімде қалғандықтан ба, осылардың бәрі де маған бала сияқты болып көрінеді-деді қарт мұғалима.
— Мен сияқты тентектермен талай майдандасқан күндерді Елизавета Сергеевна қайдан ұмытсын, — деді Сәтен деген колхозшы жігіт жайдары пішінмен сөзге араласып.
— Шынында да, тентек-ақ едің-ау, — деді мұғалима оның балалық шағын еске түсіріп.
— Тектігін кейін қойып па еді? — деді Жақыпбек бір жағынан әзілдей, екінші жағынан білгісі келген адамша.
— Қоймасына шарасы бар ма, — деді мұғалима күліп. Әй, балалық-ай, деймін-ау. Енді ойласам, отқа түсер көбелектен титтей де айырмамыз жоқ екен. Қауіп-қатер, оң теріс дегендерді білмейсің ғой онда.
— Ол сенің балалық шағың шығар. Мәселен, мына мен олай өскем жоқ — дей беріп еді бір қараторы жігіт. Сәтен оның сөзін бөліп:
— Сен «ә» дегенде шешеңнің аузынан осы қалпыңмен түсе қоймапсың ғой, — деп күлкіге айналдырды.
— Шын айтам. Қорқу, ұялу, имену дегенді жастай-ақ жақсы білдім мен.
— Жарық дүниеге тумай жатып-ақ данышпан бола келген екенсің ғой.
— Бұлар қалжыңға айналдырады, біреу шынын айтса...
— Ал, мен қорқақ едім. Бірақ, мынау батыр екен деп айтып деп әдейі батырсынып, сотқарланатынмын, — деді енді біреуі.
— Мен ше, мен аяғымды аңдап басатын едім, — деді тағы біреуі.
— Шешең марқұм көп сабап, жасқаншақ болып өсіп ең, жұртқа соныңды көкіп тұрсың ғой, — деп оны бір жолдасы сөзбен бастырмалатты.
— Тұрғандардың бәрі күлді.
Жігіттердің балалық шақтарын еске алған әзіл әңгімелерін Жақыпбек педагогше тыңдап, сөз төркініне педагогше үңілді. Қарап тұрса, осылардың қай-қайсысының болса да, омырауы ордендер мен медальдарға сыймайды. Асқар таудай ерліктің асыл белгісі тегіндікпен келмегенін ол жақсы түсінеді... Қара жаяу жігіттер емес, өнегелі ұядан түлеп ұшқан қыран жігіттер ғой бұл тұрғандар! Солар ұшқан ұя — осы мектеп, осы ауыл. Солардың алғашқы ұстазы — мына тұрған буырыл шашты мұғалима. Ағарған әрбір тал шашы бос кетпеген. «Менің балаларым» деп тамаша өмірін мақтанышпен жинақтай айтып тұрған қандай бақытты бұл адам! О, шіркін десейші, өмірінен өмір туындап, мәңгі қуармас бәйтеректей көк өрім бұтағын кең жайып жатқан бұл адамның не арманы бар екен!..
Жігіттердің әзілін бастауға себепші боп, енді міне осындай ой түсіп, соған тереңдей қалған Жақыпбекке Елизавета Сергеевна:
— Сіз әзілді өзіңіз бастап тұрып тез жалығып, жым болғаныңыз қалай? — деді күліп.
Жақыпбек сергіді:
— Сіздің шәкірттер емес, шын бала мен екенмін деген ойға қалып тұрмын, Елизавета Сергеевна.
— Неге олай дейсіз?
— Себебі бар...
— Ұстаздың шәкірт болғаны келіспейді, — деді Сәтен қағытып.
— Қате айтасыз, құрбым, шын ұстаз бір жағынан ұстаздық етсе, екінші жағынан шәкірт. Егер мені ұстаз деп түсінсеңіз, шәкірт болуымнан үрікпеңіз.
— Менің сізбен ақылдасайын деген шаруам бар еді, — деді қарт мұғалимаға Жақыпбек әңгіменің серіле бастағанын пайдаланып.
— Жүріңіз, онда үйге барайық.
8
Оларға есікті кішкентай қыз бала ашты. Елизавета Сергеевнаның осы маңайда отыз жылға тарта уақыт үздіксіз сабақ беріп келе жатқанын, ері — Василий Николаевич Дорофеев Отан соғысы майданында 1942 жылы қаза тапқанын, ержеткен баласы Александр Москва университетінде оқитынын, қазір мұнда кенжесі екеуі тұратынын Жақыпбек бұдан бұрын естіген еді. Сондықтан бұл қыз баланын кім екенін ол бірден ұқты.
— Атың кім? — деді ол сәбидің қолын ұстап.
— Наташа, — деді қыз бала үлкен адамдай байыппен ап-анық сөйлеп.
Жақыпбек оны арқасынан қақты.
— Хат келген жоқ па? — деп сұрады Елизавета Сергеевна қызынан.
— Келген жоқ!
— Хат жазушы әлі ауданнан қайтпаған болды ғой. Әйтпесе, ендігі оқса керек еді» деп ойлады қарт мұғалима.
— Жақыпбек Адилбекович, отырыңыз! — деп Елизавета Сергеевна оған орындық ұсынды да, өзі төргі бөлменің шамын жақты. Мұның мәнісі Наташаға айтылмай-ақ ұғылды. Ол ешбір бөгелместен сонда кіріп кетті.
— Елизавета Сергеевна мен Жақыпбек ауыз үйде қалды. Терезесі түстік жаққа қараған кең, таза бөлме шам жарығымен күндізгідей жайнап тұр. Пәлендей асыл жиһаздар болмаса да, төсек-орын әдемілеп жиналған ақшыл сырлы кереует, тұсқа ұсталған қызыл -көк айшықты, түкті көне кілем, терезеге тұтылған тоқыма перде, бұрыштағы дөңгелек столдың тұсындағы pетімен қойылған түрлі суреттер, қызыл, қызыл-көк жіппен кестелеген кестелі орамал-шүберектер, стол үстінде тұрған түрлі флакон, шыны -шөлмектер — бөлмені көзге әдемі көрсетеді. Әсіресе, сары, ақ, қызыл-сары, шымқай қызыл гүлдердің үлкен шоғы бірден назар аударады. Сентябрьдің күнінде, солтүстікте гүлдер қураған кезде басқа үйден көрінбеген осы бір заттың өзі үй иесінің ұқыпты адам екенін айтпай-ақ байқатады. Ол шын гүл ме, әлде қағаздан жасалған жасанды гүл ме, алысырақ отырған Жақыпбек оны айқын ажырата алмаса да, үй иесіне іштей риза! Бұл ғана ма, Жақыпбек тағы бір нәрсені кезіктіріп отыр. Ол — үйдің едені. Күрең сырмен сырланған тақтай еден қала үйлерін еске түсірді.
Осылардың бәрін көңілмен де, көзбен де шола отырып, Жақыпбек өз әңгімесіне кірісті де, класта болған барлық оқиғаны қалдырмай айтты. «Кәнекей, қателігім неде?» — деп сөзін сұрақпен бітіріп, қарт мұғалимаға, көмек күте, өзі шеше алмаған жұмбағын шешіп береді деген зор үмітпен қарады ол.
— Мұныңызға деректі шешу айту киын, — деді Елизавета Сергеевна жүзіне бір болмашы жымиюдың нышаны пайда болып.
— Сіз өмір университетінен өткен адамсыз. Ұзақ жылға созылған педагогтік өміріңіздің ащысы мен тұщысынан бірдей алып түйген мол тәжірибе жатыр... Сізге қатемді көрсетеді, түзеуімен көмектеседі деп келіп отырмын.
— Әр бала бірін-бірі қайталамас қандай дара болса, омы тәрбиелеу жолында тап болған әрбір көңілсіз оқиғада да сондай ерекше сыр жататынын білмейсіз бе!.. Біріне-бірі үйлесетін адам жүрегінің кілтін тауып, қолда ұстаудан қиын өнер бар деп білмеймін мен. Ал, қиынның қыры да, сыры да көп.
Оған дайын жауап іздей көрмеңіз. Өзіңіз іздеп табыңыз. Тәжірибе, міне, осыны айтады.
— Тәжірибе емес, мұныңыз теория боп кетті, — деп Жақыпбек күлімсіреді.
— Тәжірибе мен теория егіз болса, мен қайтпекпін.
— Мен сіз айтқандардың бәріне де түсінемін. Өнерпаздық ой, талап, іс болмай, сүйген кәсібімнің күншуақ шыңына өрлеймін деп ойлаған да жан емеспін. Мен бұл жолға барымды саламын. Керек болса, өмірімді сарп етуге де әзірмін. Бұл менің арманым. Қиялмен емес, ісіммен, қуанышты, жемісті жарқын еңбекпен жетемін деген арманым... Мен сізге ауыр жүктен тайсалып, оңайға жүгіргендіктен келгенім жоқ... Алғашқы сәтсіздігімнің кейбір сырын ұғындырар, талпынған ойымды дұрыстыққа мегзер деп келгенмін. Сіз қалай дегенде де бұл жөнінде бірдеңе деуге тиістісіз...
Қарт мұғалима Жақыпбекке ойлы көзімен біраз қарап отырды да, өз сөзін жаңа арнаға сала бастады.
— Сіздің талабыңыз орынды-ақ. Ал, мен кластағы қатеңізді ойласам да, таба алмай отырмын, Бәрі де заңды, орынды тәрізді. Әр жазушы сияқты, әр педагогтің де сабақ беруде өз стилі болады. Стиліңізден де пәлендей оғаш тұрған түрпілік көрмеймін... Менің шамалауымша, сіздің қатеңіз мынау ғой деймін... Ал, мұның өзі көбіміздің басымызда бар қателік. Біз балаға бала деп қараймыз да, артынан өзіміз соның зардабын тартамыз. Рас, бала — сөз жоқ, бала. Оның өз бойына тән жақсылы-жаманды қасиеті бар. Бұл даусыз. Бірақ, «мен үлкенмін, ақылдымын, сен кішісің — ақылсызсың» деген ұғыммен өзің тым биікке қойып, көпті көргендікке салыппын, шәкірттерді өнермен алам, ақылгөй сөзіме еліктіріп, өз соңымнан ертемін деп үміттену алдамыш ой, ағат ниет екенін аңғара бермейміз. Сіз балалар салған жерден маған еріп кетпеді, шешіліп сөйлеспеді, бұл менің мұғалімдік өнерімнің аздығы деп өзіңізге кінә артасыз. Ал, мен: бұл өнерсіздігіңізден туған сәтсіздік емес, балалар жөніндегі теріс ұғымыңыздан туған қате дер едім... Егер сіз өзіңіз айтқандай шебер мұғалім болсаңыз, балаларды келмей жатып соңыңыздан ертіп әкеткен болар едім деп ойлайсыз ба? Жоқ қателесесіз!.. Олар сізді бұрын білмейтін, танымайтын балалар. Танымағанына бала, сіз ойлағандай, өнерлі екен деп елігіп үйіріліп түсе қалмайды және үйренбеген адамына тосыннан-тосын шешіліп сыр айта да бермейді. Ол өзі жақсы білген, жақсы көрген, сенген адамына ғана сырын айтады. Көрген-білгенін, ой-арманын тек сол жақын адамына жеткізуге асығады... Олай болса, мұғалім ең алдымен, балаға өзін, өзінің дос екенін таныта білуге ұмтылуы керек. Ал, балаға өзіңнің дос екеніңді ұқтыру, өнегесі болып алу-ең қиын іс...
Міне, міне, сіз маған үлкен ой салдыңыз. Айтқандарыңыз, ұсақ, елеусіз деген нәрселерден елеулі іс туатынына көзімді, көп жаңа ойларға мегзегенін көрмейсіз бе. Көп, көп, рақмет, — деп Жақыпбек қатты риза болғандығын білдірді.
— Бүгін ғана алған әліппесінің ішіндегі суреттерге қарап, манадан бері төргі бөлмеде жалғыз отырған Наташа жалығып, кетті ме, қалай, анасының қасына келді.
— Бұл кісі соғыста болған ба? Менің папамды білмей ме?- деп сыбырлады ол.
— Жоқ, білмейді... Ал, сен бүгін тәртіп бұздың қызым.
— Мамасының не жөнінде айтып отырғанын ұққан Наташа:
— Білмеймін, менің бүгін ұйқым келмейді. Бәрібір, менің жатуым керек, — деді де, қайтадан төргі бөлмеге ұйықтауға кетті.
— Жатса-тұрса есінен әкесі кетпейді, күнде келеді деп күтіп жүргені байғұс бала, — деп қарт мұғалима Жақыпбекке қарап ақырын күрсінді.
— Елизавета Сергеевна, — деп дауыстады біреу терезе алдына келіп.
— Бұл кім?
— Менмін...
— Келді! — деп қарт мұғалима қуанғаннан есікке жүгірді.
— «Ауданнан кеп тұрғаным осы. Бір жиналысты күтіп кеш шықтық. Үйге де бармастан, тура сізге келдім» деген дауыс естілді Жақыпбекке.
— Сен бүгін келмес деп қорқып едім, жарадың!
— Сізге әдейі уәде берген соң, тағат таппадым...
— Көп-көп рақмет! Қатты қуанттың мені!
Қарт мұғалима бөлмеге бірнеше хат, телеграмма алып кірді.
— Осының бәрі бір өзіңізге ме? — деді Жақыпбек шынымен таңдана.
— Көп пе?
— Әрине, көп.
— Бүгін бір ерекше күн. Хатты асыға күтуімнің де, оның көп келетін де жөні бар.
— Ол көзілдірігін киіп, телеграммалар мен хаттарды кезегімен аша бастады.
— Туған күніңіз бе еді?
— Жоқ, мен үшін одан да қадірлі күн.
— Адамның жеке басында туған күннен басқа тағы да қандай мереке болатынын ойластырып, есіне түсіре алмаған Жақыпбек Елизавета Сергеевнаға шынын айтты.
— Туған күннен басқа дәстүрлі мерекені мен біле алмай отырмын. Менің өз басымда одан артық мерекем жоқ.
— Олай болса, мына хаттардың бірін оқиын. Содан кейін оңай түсінесіз.
Мұғалима хаттың амандық-саулықты сұраған кіріспесін қалдырып, әріректен түсіп оқыды.
...Еліміздің батысында соғыс өрті лапылдап өршіп, жыртқыш жау орыстың қарт қаласы Киевті қанға бояп, таптап өтіп, алып Москваға ұмтылған сұрапыл күндер еске түседі. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» деген отты уранмен тастай түйілген халқымыздың қимылы еске түседі. Кең байтақ Отанның кішкентай түкпірі — өзіміздің сол күндердегі ауыл еске түседі. Біз, бір топ жастар, жеті жылдықты сол күндерде бітіргенімізді ұмытпаған боларсыз. «Сендер ақ үрпек балапанша жаңа ғана қанаттандыңдар. Нағыз білім де, жарқын келешек те алда. Соған талмай талпыныңдар» деген сөзіңізді де ұмытпаған боларсыз. Сіздің жақсы тілегіңізді әрқайсымыз әр тұсқа жүрегіміздің терең түкпірінде сақтап әкетпедік пе... Міне — соған сегіз жыл!.. Егер ұмытсаңыз сол күнгі топ болып түскен ескерткіш суреттің сыртына қарай қойыңыз. Қарадыңыз ба, түсті ме есіңізге...»
Елизавета Сергеевна орнынан тұрды да, столдың тартпасынан бір сурет алып, Жақыпбекке берді.
— Сыртындағы жазуды оқыңыз.
— Сурет сыртына мынадай сөз жазылған еді:
«Қымбатты шәкіртім! Сен мектеп бітіріп, жас түлектей қияға, өмір қиясына көтеріліп барасың. Сенің қазіргі қаһарлы, келешектегі жарқын өміріңнен үлкен үміт күтем! Аналық ыстық сезіммен ардақты атыңды жүрегімде қасиетпен сақтаймын. Қарт оқытушыңды сен де ұмытпа!.. Осыдан сегіз жыл өткеннен кейін (сол кезде сен институтты бітіруге тиіссің ғой), 1949 жылы, 1 сентябрь күні өзіңнің қайда жүргеніңді, кім болғаныңды жақында болсаң ауызша, алыста болсаң — хатпен хабарла!»
Дорофеева Елизавета Сергеевна.
1941 жыл, 15 июль, Абай атындағы жеті жылдық мектеп.
— Ел басына ауыр күн туған, 1941 қатерлі жылы мектеп бітірген шәкірттеріме арнап едім мұны. Міне, көрдіңіз бе, сол уәделі күн де келіп қалыпты... Енді түсіндіңіз бе мен үшін ерекше күн екенін?..
Шамасы, сізден оқып шыққан шәкірттер өзінің кім болғанын хабарлауға келіскен күніңіз болды ғой бұл.
Дұрыс айтасыз... Осы хатты жазып отырған шәкіртім қазір Балқашта инженер. Мына бір шәкіртім Қарағандыдан жазады, шахтер. Мынау Алматыдан келген телеграммалар...
Мүмкін, мен білетін біреулер кездесіп қалар деген оймен Жақыпбек Алматыдан деген телеграммалардың адресіне көз қиығын салып еді, шынында да, бір таныс фамилия ұшыраса кетті.
Бұл Әсимадан келген телеграмма еді...
Сүйген қызы ойына түсіп, әрі қарт мұғалиманың жеміс беріп көктеп жатқан еңбегі алыстағы армандай қызықтырып, Жақыпбек Елизавета Сергеевнаға ойлана отырып, тіл қатты.
Туған күннен де қадірлі, елеулі күн осылай басталды деңіз...
9
Жақыпбек бүгін тіпті ерте оянып, жібек пижамасын кие салып тысқа шықса, таң жаңа ғана сыз беріп келеді екен. Қоңыр аспан көкшіл тартып, айқындалып, жұлдыздар сиреп қалыпты. Түн қараңғысы басқан шығыстағы белестер де бой көтеріп, қарауыта бастаған. Оңтүстік жақ дөңестегі қырманға үйілген астық маялары да қылаң беріп, көзге шалынады. Ауыл жанындағы айдын көл де ұйқысынан оянғандай беті таңдайлана болмашы жыбырлап, сынаптай жалтырап көрінеді.
Ауыл адамдары аяқтарын ширақ басып, еңбек майданына тұс-тұстан ағылып барады. Мөңіреген сиыр, үрген ит, дабырлаған адам, гүрілдеген машина дауыстары біріне-бірі ұштасып, азанғы тымық ауаны жаңғырта, алысқа кетіп жатыр.
Айналаға бір рет көз жіберіп етті де, Жақыпбек гимнастикаға кірісті. Таза ауада кең кеудесін кере дем алып, бұлшық еттерін ойнатып, әрлі-берлі керіле, шиыршық атқан оған анадай жерде сиыр сауып отырған Тойтық таңдана қарады: «Ой, тоба-ай», азаннан тұрып алып өзін-өзі осынша неге азапқа салады екен!..
Үйде, түнде жастыққа басы кеш тисе де, ерте оянып, көзін бір ашып, бір жұмып Күдері жатыр. Жігіттік белестен кәрілікке асып, ұйқысы қаша бастаған ол, Жақыпбектің түнде екі жағына кезек аударылып дөңбекшіп, ұйықтай алмай шыққанын сезген-ді. «Бұл неге мазасызданды? Тойтық бірдеме деп ренжітіп алды ма?» деген ой келіп, көңілшек басы тағат тауып жата алмай, тысқа ол да шықты.
— Неге мұнша ерте тұрдың? — деді ол Жақыпбектің қасына келіп.
— Ерте емес қой, ақсақал.
— Қайдан ерте болмасын, тегі әдеттенгенсің ғой.
— Ол жағы да бар. Оқып жүргенімізде бұдан да ерте тұратын кездеріміз болатын...
Шынында да, Жақыпбек көбіне сабақты ылғи ерте тұрып алып оқитын. Бұл оның әдетіне айналып кеткендігі сондай, тіпті, сабақ оқымаған күндердің өзінде де ол елең-алаңда төсектен тұрып кететін. Бүгін сол дағдылы әдетінен де ертерек тұрды. Мұның өзінше себебі де бар еді: алғашқы сабақ сәтсіз болды. Оқу жұмысын басқарушы деп аталғанымен әлі бұл салада ешқандай жұмыс та істей алған жоқ. Ал, ауыл өміріне үңілсе, бұл басқарысып отырған мектеп көңілге қобалжу салады. Ауыл тіршілігі қарыштап ілгері кеткен, мектеп бір орында қалып қойған. Ортаның осы өскен тілегіне сәйкес мектепте әлде не істеу керек сияқты. Бірақ не істеу керек? Жұмысты неден бастау керек? Бұған мүдіреді.
Бұл жайға қанған Күдері езу тартты.
— Қайран, жастық шіркін-ай, не ойлатпайсың!
— Неге олай дейсіз?
— Жастық шақта, адам тәтті арманға қандай құмар. Сен де сол жастықтың буымен мектеп деген ұғымның өзін де бүтіндей жаңғыртып жіберсек дейсің ғой...
— Жоқ, өзіңіз ойлаңызшы, ауыл тіршілігі айтып жеткізгісіз жаңа сатыға өрлеп кеткен. Ал мектеп болса, баяғы бір белгілі сарыннан ұзап ешқайда бармаған. Ол сол қалпында қашанғы қала бермек? Бүйте берсе әрі-беріден соң біздің ауылымызға өзі бөгет болмай ма?..
Күдері Жақыпбектің бұл сөзіне жөнді құлақ қоймай селқос тыңдады. «Қиялдаған жақсы -ақ, тек соның өмірмен қабыссын, әйтпесе босқа әбігерлейді» деп сөздерін мұрнының астынан шығара бір күбір етті де, үйге кіріп кетті.
«Бұл не деген парықсыз жан? Қинала толғанбай, ыстығына күйіп, суығына тоңбай, алдына биік мақсат коймай, қалайша бүйтіп қызмет істеуге болады? Түсінбеймін!» деп ойлады Жақыпбек.
Мектепке де ол бүгін осы көңілсіз оймен келді. Оның кабинеттегі қоңыр шкафқа көзі түсуі мұң екен, қабағы бұрынғысынан жаман жабылып кетті: кеше үй сыпырушыға өзі осы шкаф жайында әдейілеп тапсырма берген еді. Амал қанша, онысы орындалмаған. Дәл кешегі шаң басқан қалпында, сұры қашқан қоңыр шкаф жүдеу тартып әлі тұр. Айналасы жинақты тұрмаса көңілі көншімейтін және басы артық еш нәрсе болмай әр заттың өз орнында болуын ұнататын оның әдеті еді. Кабинет ішінің тап-таза боп, жайнап тұрмағанына кәдімгідей көңілі алаңдап, тізе бүкпестен, коридорға шықты да, еден сыпырып жүрген әйелдің қасына барды.
— Жеңгей, шаң сүртетін шүберегіңіз бар ма?
— Әйел Жақыпбектің бетіне таңдана қарады.
— Оны қайтесіз?
— Шкаф сүртуге керек еді.
— Бетім-ау, ол не дегеніңіз, мен сүртем ғой.
— Сіз сүртпейтін көрінесіз.
Кластардың еденін жуам деп қолым тимеп еді, — деп үй сыпырушы ақтала сөйлеп, өз кінәсін өтемек болып, дереу іске кірісті. Ол шкафтың үстіндегі, айналасындағы тозаңды дымқыл шүберекпен тәптіштеп сүрткеннен кейін стол маңын, бұрыш-бұрышты көзімен жіті сүзіп шықты. «Енді қылау жоқ шығар» дегендей сенімді пішінмен Жақыпбекке бұрылып:
— Қайным, екінші рет мұндай салақтық болмайды, — деп шығып кетті.
Әуелде салақтық жасаса да, үй сыпырушының өз кемшілігін тез аңғарып, ұяла мойындауы, сөзге құлақ қойғыштығы Жақыпбекке бірден әсер етті. «Міне, бұл жақсы қасиет» деп ойлады ол. Әйтсе де, сүйсіну ұзаққа бармады, тағы бір оқиға көлденеңнен кез болып, қабағы оның қайта жабылды. Бұл ренжіс тарихтан сабақ беруші Жауынбаевтың алқам-салқам болып келуінен туып кетті. Кабинетке шу деп кіргеннен-ақ Жақыпбек одан көзін алмай, бас-аяғына дамылсыз қарап, әлдене айтқысы келгендей оқтала түсіп, тоқтала берді. Әрқашан да мойнын төмен салбыратып, екі иығын жоғары шығарып, қонақтаған құстай бұйығып, адам бетіне тура қарамай, құнысып отыратын Батырбай Жақыпбектің қарағыштай бергенін сезді білем, өзінен-өзі ыңғайсызданып, көзін бір жерге тоқтатпай жыпылыққа басты.
— Кешіріңіз, Жауынбаев жолдас, сіздің үй-жамағатыңыз бар ғой, ә?
— Келініңіз бар.
Елудің ішіндегі адамның жап-жас Жақыпбекке «келінің» дегеніне отырған мұғалімдер ду күлісті. Батырбай жұрттың неге күлгенін алғашқы кезде ұқпаса да, артынан сезіп:
— Жасы кіші болса да, жолы үлкен болған соң айтам да, оған несін күлесіңдер, — деп қалды.
— Кеше бір нәрсені сіздің есіңізге салғам едім. Ескермепсіз, — деді Жақыпбек оған.
— Сіздің маған не дегеніңіз есімде жоқ.
— Мен сізге тура айтпасам да, құлақ қағыс етіп едім. Аңғармаған болдыңыз ғой.
Анау үндемеді.
Жақыпбек орнынан тұрып, Жауынбаевтың қасына келді де, басқалар естімесін дегендей күбір етіп:
— Үсті-басыңызға көңіл бөлгеніңіз жөн болар еді, — деді.
— Үсті-басыма не болыпты? — деді мінезі шәлкес Батырбай шамданып.
— Сіз көңіліңізге алмаңыз, Жауынбаев жолдас, жағаңыз кір, әрі галстук байламапсыз! Бұл қалпыңызбен класқа кіру қолайсыз ғой.
Өзі туралы біреу бірдеңе айтса, дереу тынысы тарылып, қаны қайнап қоя беретін Батырбайдың бойындағы бір ем қонбас ауруы еді. Жақыпбектің достық көңілмен айтқан жаңағы сөзін де ол кеселмен қабылдап, «маған әдейі тиісу, абыройымды төгу» деп жорыды.
— Көйлекті күнде ауыстыратын киімге бай емеспін, шырақ... — деді ол әдейі жанжал іздегендей тұлданып.
Жақыпбек бұған да дауыс көтермеді:
— Бармен базар етіп, үсті таза ұстауға болады ғой.
— Не қылар дейсің, осы қалпымызбен де сабақ беріп келгенбіз.
Батырбайдың өрши түскен мына қиястығы манадан бері өзін азар ұстап отырған Жақыпбектің сабырына шоқ тастады. Бетіне ашудың қаны соғып:
— Бұрын беріп келсеңіз, бұдан былай бермейтін боласыз. Ұқтыңыз ба? — деді ол зілмен.
Жауынбаевтың үні өшті. Ешкім тіс жарып еш нәрсе демей, кабинет ішінде бір аңыру пайда болды. Мұндай бұйрық райға құлақтары үйренбеген мұғалімдерге жаңа келген әріптестің сөзі тосын боп естілді. Тыныштықты Жақыпбек өзі бұзды.
— Егер адам тәрбиелеуді шын ойласаңыз, жөн сөзге шамданбай, өзіңізді тәртіпке салыңыз!
Батырбай үнсіз сазарып біраз отырды да, кепкасын қолына алып шыға жөнелді. Сол бетінде ол күйіп-пісіп Күдеріге барды.
— Ақсақал-ау, мына завучын бас жарып, көз шығарып барады. Мектепті казармаға айналдырмақ... Көп алдында бас салып тілдеп, аптарихамды түсірді.
Біріне бірі байланыссыз, ұғымсыз айтылған Батырбай сөзіне еркін түсіне алмаған Күдері мән-жайды өзі сұрап барып әрең қанды. Ол Жақыпбекті шақыртып алды.
— Жауынбаев жолдас саған ренжіп келіп отыр.
— Бұл жолдасқа мен де қатты ренжідім.
Күдері Батырбайға бұрылды.
— Жарайды, бүгіннен соң көйлегіңді дұрыстап киіп кел.
Мұны ол күлкілі пішінмен әзілге шаптырып айтты. Мұғалімдердің жүріс-тұрысына, сыртқы пішініне директордың мән бермей, әңгімені жеңіл-желпіге айналдыруына Жақыпбек іштей наразы болды. Онысын жасырған жоқ.
— Бұл ойыншық мәселе емес, өте маңызды мәселе, әңгіме Жауынбаев жолдастың көйлегінде емес, мұғалімнің мәдениетінде болып отыр. Егер біздің мұғалімдеріміз өзін қалай болса солай ұстап, класқа барып мәдениет жөнінде уағыз айтса, кім тыңдамақ. Балаға ондай желбуаз сөздің қандай құны болмақ?!
— Оның былайынша дұрыс...
Күдері Батырбайға кете бер деп ымдады.
— Біздер, талап әрі орынды, әрі орындалатын болсын деп үйретпейміз бе? Сен тым қатты кеткенсің. Айқай-шу көтермей-ақ өзіне оңаша айтуға болатын еді ғой. Солай емес пе?
— Айттым, елемеді.
— Елемеді деп мұғалімнің беделін түсіру қалай болады.
— Беделді қолдан жасауға болмайды. Шын бедел бар да, жалған бедел бар. Бұл екеуінің арасына қашан да шек қойылады. Сіз маған сол жалған беделді ұсынып отырсыз. Ал, жалған бедел жақсы атақ әпермейді. Мен сіз айтқандай, мұғалімнің беделін түсірдім демеймін. Қайта беделін көтерудің амалын қарастырдым деп білемін...
— Болмашы нәрселерге түс суытпай ұғыса жұмыс істегеніміз дұрыс болар...
— Менің мұғалімге қойған орынды талабымды болмашы нәрсе деп соның өз көзінше аяқасты өткеніңізге мен наразымын...
Кабинетке демігіп завхоз кіріп келді. Ол сәлемдесуді асығып жүріп ұмытып кетті ме, әлде өзінің әдеті ме, Күдерінің алдына төніп:
— Құртатын болды ғой, бұл тегі... Сірә, шара қолданыла ма, жоқ па? — деп таусыла сөйлеп отыра кетті.
— Жай ма?
— Төрт күн болды, колхоздың қайығы жоқ...
Жайсыз бірдеңе болған екен деп ойлап қалған Күдері де, Жақыпбек те шыдай алмай күліп жіберді.
— Оны бізге не қыл дейсіз?
— Не қыл дейін, таптырып беріңіздер. Ұрым — сіздердің жұмысшыларыңыз. Түнде өз көзіммен көрдім. Қараңғыны пайдаланып ұстатпай кетті.
Баймұрат айтып тұрған жоғалған қайықтың тарихына оның, өз баласы Сапар ортақ еді.
Сапардың сүйетін екі нәрсесі бар-ды. Біріншісі — көгершін ұшыру да, екіншісі — көл бетінде қайықпен жүзу болатын. Алғашқысы оңай болса да, соңғысына қолы көп жете бермейтін. Өйткені, колхоз меншігіндегі 3 — 4 қайық ересек адамдардан босамайтын, босай қалған күннің өзінде баласынып ешкім оғам бере қоймайтын. Бүйтіп жүріп қайыққа қолы емін-еркін жетпесін біліп, Сапар не де болса, басқаша бір тірлік істеуге кіріскен. Ол бірінші сентябрьге қараған түні ала-көлеңкемен тұрып алып, ешкімнің көзіне шалынбай, көлге келген. Көл жағасында байлаулы тұрған үш қайықтың біреуін шешіп алған да, қамыс арасына апарып жасырып, содан соң ештеңе көрмеген кісідей үйіне келіп тып-тыныш жатып қалған. Оның Сейтенге айтамын деп қос көгершінге сатқан қызығы да, алғашқыда одан қызғанамын деп сабақтан қалып қоюының себебі де осы болатын.
Сейтенді қасына алып, сол қайықпен екі-үш күн сайран салған Сапар кеше қызығының шет-жағасын Бектайға да сездіріп, одан да бір қармақ, бір көгершіндік ақша қағып алды. Ымырт жабыла оған келмек болып уәде берді. Сол уәдесі бойынша Сейтен екеуі қас қарайған кезде Бектайдың үйіне бет қойды. Аула ішінде жылтырап жанған шам көрінді. Шамның жанында Банудың шешесі Ақық пен Күдерінің кемпірі Тойтық шай ішіп отыр екен.
— Ешқайда бармайсың. Баймұраттың тентек баласына ерем деп өзің мүлде жаман болып барасың, — деген Ақық бәйбішенің даусын естіп, мыналар тоқтай қалды.
— Бүгінше ғана, әжетай...
— Қайда барасың жеті түнде?..
— Бір жерге барам да келем.
Ақық шешей дауысын көтеруді қойып, жайлап сөйледі.
— Ақылсыз болма, балам, әжеңнің тілін ал, ерме оған, сені ол көргенсіздікке үйретеді... Одан да төргі үйге бар да, сабағыңды оқы.
Бектай не істерін білмей, жыламсырап үйге кіріп кетті.
— Ой, жасық! — деді Сапар күбірлеп.
— Мұндай бейбастақ баланы кім көрген, — деді Ақық шайын ұрттап қойып, — Бектайжанға күні-түні дамыл бермейтін болды.
— Сапар өз аты аталған сайын демін ішіне тартып тыңдады.
— Әңгімені қоздырғысы келді білем, манадан бері шайды үнсіз сіміріп отырған Тойтық та сөзге араласты.
— Әй дейтін әже қой дейтін қожа жоқ болған соң сүйтеді де оның әкесін сен жақсы білмейсің ғой, көңілшек, елпілдеген бір бишара. Одан балаға қандай тәлім болады.
— Несие сөзге жоқ Ақық Тойтыққа «солай ма» деп те емеурін жасамастан, өз пікірін томаға-тұйық қалдырып, басқа бір жайларды айтып кетті. Бірақ бір желпінсе ұзаққа сілтейтін Тойтық сөз тізгінін өз қолынан шығарғысы келмеді, қалаған тақырыбына қайтып соқты.
— Бала тәрбиесі қиын ғой. Қызымыз есін біліп, ержетсе де қалай боп қалды деп осы күнге дейін мазасызданып жүреміз.
— Мазасызданып қайтеміз. Оқыттық, тәрбиеледік, өсірдік,өлерін білмесе, ендігі обалдары өздеріне. Біз солардың соңынан күзетіп жүреміз бе.
— Тойтық бұған мақтаныш сезім көрсетті.
Шүкіршілік етемін. Өзім жаман болсам да, қызым тең құрбыларынан кем қалған жоқ. Оның оқып жүрген мектебі ілімнің ең сарқылар жері деседі ғой...
— Оқыған жасқа білімнің есігі кең ашылды ғой бұл заманда, — деп сонау алыста ізсіз, бұлдыр болып қалған өзінің жастық шағын еске түсіргендей, Ақық ақырын күрсінді.
— Банудың оқуы біздің Әсималарға қарағанда аз болса керек,-деп Тойтық-бір жағынан сұрағансып, екінші жағынан қызының білімі жоғары екенін анғартып өтті.
— Ағасы тірі болғанда оқитын еді ғой жаным, — деп Ақық шешей майданда қаза тапқан баласын (Бектайдың әкесін) есіне ала мұңая сөйледі.
Өз қызының білімі артықтығын Ақыққа аңғартқан соң Тойтық бұл жөніндегі әңгімені созбады.
— Жаңа Әсимажаннан хат алдық. Сыры бар хат. «...Өзі оқыған болса да, үй іші өмірден кенже қалған, жайсыз екен демесін. Қолдарыңда жатқан адам алдында өздеріңді жинақы ұстаңдар» депті. Ұғып отырсың ба, Ақық ақылдым менің жұқалай айтып, бәрін жеткізіп отыр.
Ақыққа қыз сөзінен пәлендей сезікті ештеңе аңғарылмайды. Тойтық айтқандай басқа мағына да ұғылмайды. Астарсыз кәдімгі тура айтылған сөз, танысы алдында өз үйі үшін ұялғысы келмеген адамның айтатын табиғи сөзі.
Тойтық Ақықтың жауап қатпағанына мойымады.
— Қалай деп ойлайсың, Жақыпбек жақсы бала емес пе? Ақылды, әдепті, қыздай сызылып тұрады. Өзі жалғызбасты көрінеді, — деп бір қойды.
Тойтық сөзі ойға түрткі болды. Бұл ойы «қандай адамға кез болар екен менің Бануым» дегеннен басталып оның келешегін кеңінен шолып кетті. Тұрмысқа шығады, өз алдына үй болады, мүмкін, сонда Тойтықтың қызы оқып жүрген айтулы мектепке ол да түсер. Жоқ, бұл мүмкін емес, деп ойлады содан соң ол, — балалы-шағалы болмай ма, қайтып оқысын. Осы ой алғашқыда жайсыз боп білініп, Ақықты мазаласа да, артынан тәтті шырынға айналып, көрмек сезім жоқ болды. «Бөбек, жас иіс қандай тәтті, қандай қызық! Оқымаса оқымасын, құдай ылайымда соған жеткізсін!»
Күтпеген жерден туып кеткен осындай ойын әрі қолапайсыз, әрі күлкілі көріп Ақық: «Алжығанмын ғой тегі әлдеқайдағы бір ойлар түскенін қарашы» деп еді, айтылғанның бәрін де білгісі келіп тұратын Тойтық осы жолы бұл сөзді қазбаламады. Ол өзі де қызы жайында бір тәтті қиялдың құшағында еді, аңғармады.
Екі кемпір осылайша әңгімелесіп отырғанда Сапар мен Сейтен орындарынан жайлап тұрып кетті де, терезе алдына барды.
— Бектай, әй Бектай!
Бектай терезе алдына келді.
— Жүр, тез! — деп сыбырлады Сапар.
— Әжем ұрсады!
— Терезеден шығып кет, әжең білмейді.
Бектай батылы бармай, біраз күйбіжіктеп тұрып еді, аналар жеме-жемге алып, болмады.
...Үшеуі оңтүстікке қарап тартты.
— Шыныңды айтшы, — деді Бектай Сапарға жолшыбай, — жаңа мұғалімнен ығып жүретін болыпсың ғой өзің.
— Тапқан екенсің қорқақты, мен сендер деймісің.
Әнеугі достық жайында айтқанын Сапар тағы да бетке баса ма деп ойлап, Сейтен «қой» дегенді сездіріп Бектайдың жеңінен тартыл қалды. Олар поселке сыртындағы көлге келді. Жағалауы ойдым-ойдым қамысты, орталығы жалаңаш дөңгелек көл ай жарығымен жалтырап, мөлдіреп жатыр. Айналадағы әсемдік: жасыл жағалау, бұйра басты төбелер, жақпар-жақпар жартастар түн қараңғысын айқара жамылып, күндізгі күллі сұлу көркін жасырып, мелшиіп қалған.
Сапар жолдастарына бұрылды.
— Шешініңдер!
— Шешініп не қыламыз? — деп сұрады Бектай.
— Анау қамысқа дейін жүзіп барамыз.
— Жоқ, су суық. Мен түспеймін.
— Сен ше? — деп Сапар Сейтенге қарады.
Оның да жүні жығылып, мойнына су құйылып тұрғанды.
Әйткенмен, түспеймін десе, Сапардың қоян жүрексің дегелі тұрғанынан именіп, сыр бермей бақты.
— Мен дайынмын!
Қанша батылданып айтамын десе де, оның даусы тітіреп шықты.
Дайын болсаң, шешін!
— Сейтен амалсыз күйбіжікке басты.
Бұрын мұндайда өз артықшылығын көрсетпесе көңілі көншімейтін Сапар тап осы арада қасарыспады.
— Жарайды, үрейлерің ұшпай-ақ қойсын, мен сендерді әдейі сынайын деп айтып едім. Өзім-ақ барамын, — деді де, шешініп көлге қойып кетті ол.
— Ишша-ай, — деді Бектай суық суға өзі түскендей болып денесі түршігіп.
— Сапар кеудесін көтеріп, екі қарын кере, кезек-кезек құлаш сілтеп, қалың шоқ қамысқа қарай тартып барады. Мына екеуі жағада одан көз алмай, үнсіз, дыбыссыз, телміре қарап қалған. Қарасы барған сайын кішірейе мұнартып, Сапар бірте-бірте алыстап кетті.
Қайда барады ей бұл? — деді Бектай әлден уақыттан кейін Сейтенге тіл қатып. Қайық әкеледі... Ол не қылған қайық?.. Жаңа шоқ қамысқа кіріп жоқ болған Сапар осы кезде айдында қараң ете түсті. Ол қайықпен шықты.
— Қане, менің киімімді әперіңдер де, өздерің дереу отырыңдар, — деп Сапар қайықты жағаға тіреді.
— Ана екеуі киімді ала-сала қайыққа қонды.
— Тісіңнен шығушы болмасын! Күн сайын түнде бір мезгіл сырғытып тұрамыз, — деді Сапар Бектайға қарап.
— Ол қалай? Тек бүгінше ғана емес пе? Ертең орнына қоймаймыз ба? — деді Бектай.
— Тығып қоймасаң қолыңа күнде-күнде қайық түсе бере ме.
— Ой, бұл ұрлық болады, жарамайды!..
— Жарамаса, түс, — деді Сапар оған шұқшия төне қалып. Бектай сасайын деді. Оның аузына түскен сөз «Апама айтам» болды.
— Апаңа айтасың ба, жоқ па? — деді Сапар суға лақтырғалы тұрған адамша оны ту сыртынан қапсыра құшақтап.
Бектайдың даусы қысылып шықты.
— Айтпаймын!
— Пионерлік сөзім де!
— Шын пионерлік сөзім!
— Ендеше, бопты. — деп Сапар сақ-сақ күліп, енді жағдайды түсіндірді.
— Кеме капитаны, екі бастан, менмін. Сен Сейтен екеуің жауынгер көмекшімсіңдер... Көмеміздің жолы — мынау аралық болады. Анау орталықтағы ашық алаңға жақындамауымыз керек. Ол ара өте қауіпті. Көзге түсіп қалуымыз мүмкін. Ұқтың ба?
— Ұқтым!
— Ұқсаң, рульге отыр. Сапарымызды бастаймыз. Дыбыс шықпасын! Суды шалпылдату болмасын! Үнсіз жылжып отырып, қамыс арасымен түстіктен шығамыз. Одан соң кейін қайтамыз. Бүгінгі жорық сонымен аяқталады.
Қайық сырғып келіп қалың қамысқа тірелді. Бұл түстіктегі жағалау еді.
— Мерзімді жерге жеттік. Кемені кейін бұр, — деп команда берді Сапар.
Қайық кілт бұрылып, ортаға қарай жөнелді.
— Әй, тоқтаңдар! — деген дауыс шықты осы кезде.
— Тез, тез! — деп сыбырлады Сапар ескішті дереу өз қолына алып.
— Завуч! — деді Сапар күбірлеп.
— Жоқ, ол емес, сенің көкең сияқты, — деді Сейтен.
— Жоқ, сол!
— Әй...
Содан кейінгі сөзді балалар естімеді, естуге мұршалары да келмеді. Ай-шайға қарамастан үшеуі үш жақтан есіп, қамыстың тасасына кіріп жоқ болды.
— Біз екенімізді таныған болар? — деді Бектай үрейленіп.
— Меніңше, таныған жоқ, — деді Сапар.
— Егер білсе, масқара болдық! — деді Сейтен...
* * *
— ...Анық біздің оқушылар алған болса қайық ертең қолыңызға тиеді, — деді Жақыпбек.
«Сіз не айтасыз» дегендей Баймұрат Күдеріге бұрылды.
— Иә, ешқандай қам жеме, қайта бер. Біз таптыртып береміз.
— Таптыртып береміз дейміз, алған бала айта қойса жарады ғой, — деді Күдері завхоз кеткен соң Жақыпбекке өзінен-өзі шүбәланып.
— Айтуға тиіс.
Жақыпбек 6 «а» класының табалдырығынан аттағанда, қайық оқиғасын тағы бір есіне түсіріп, завхоз айтқан үшеуі, мүмкін, осы класта отырмағанын кім білсін дегендей, әр баланың жүзіне көз тастап, ойлана қарап өтті. Жүз де, көз де еш нәрсе айтпады. Барлық көз қарсы қадалмай, жасқана жалтарып, төмен қарап қала берді.
Содан кейін бұл ойы: «мүмкін, басқа кластың балалары ма екен» деген шүбәлі оймен алмасты. Әйткенмен қайық жөнінде сұрауды дұрыс көрді.
— Мен сендерден бір нәрсе сұрамақшымын...
Балалар «ол не екен» дегендей ынтыға құлақ түрді.
— Үш бала колхоздың қайығын жасырып, орнына қоймай келеді. Міне, бүгін төрт күн. Сол кім? Көргендерің бар ма? Егер балалық етіп алып, айтпай жүргендер болса, мойындауы қажет.
Кім орнынан қозғалар екен дегендей, ол класта отырғандарға үміттене көз тікті. Ешкім селт етпеді.
— Неге үндемейсіңдер?
— Білмейміз, әйтпесе айтар едік» дегендей қара көздер жаутаңдап, мұғалімге қиыла қарайды. Сол көп толқынға Сейтен мен Бектай көздері де тоғысып, бүккен сырды білдірмей жасырынады. Бірақ, сендер жасырғанмен мен жасыра алмаймын дегендей екеуінің де жүректері дүрс-дүрс соғады. Екеуі де қатты қысылып, партамен парта болып, айналасына да бұрылуға батылы бармай, есі шықты.
Сапар хәлі бұлардан да ауыр еді. Ол қанша сыр бермей сазарғанымен, екі көзін әлсін-әлсін жыпылықтатып, қиын қыспақта қалғандай ауыр қиналысқа түскен-ді. Оған: «Мен деп айтып салсам ба екен» деген бір ой келіп кетті де, мұның аяғы тағы жанжалға соғады ғой, бүлдіріп алармын деп тоқталып қалды.
«Жақсы, сабақ бастаймын. Көрсеңдер яки сезсеңдер, айтарсыңдар», деген Жақыпбек сөзі еңсесін түсіріп, төбелерінен зіл боп басқан ауыр жүкті үшеуінен де сырып тастағандай болып, бойларын жеңілдетіп жіберді.
Жақыпбек бүгін 6-класқа арналған әдебиет оқу кітабы бойынша сабақ өткізуге тиісті еді. Бірақ, олай етпей, программада көрсетілмеген, Егорка деген бала туралы жазылған бір әңгімені оқып талдауды ұйғарды. Оның оқуы балаларға қатты, әсер етті. Оқыған емес, өзі көргенін баяндап отырғандай, өте ұғымды болды. Егорка қайырлап қалған жайынды көріп үлкендерге хабарлайды, бәрі жиылып балықты ұстайды. Үлкендер мол үлесті балаға ұсынады. Ол алмай, колхоздың асханасына береді. Баланың социалистік ортақ мүддеге деген көзқарасын, коллективке деген сүйіспеншілігін, саналы қуанышын шебер толғайтын осы қысқа әңгіме класта отырған балаларға түгел дерлік ұнады. Жас бүлдіршіндер одан өз бейнелерін көрді. Оның орнында болсақ, біз де сүйтер едік деген сезім көбінің-ақ басына келді.
Жақыпбек әңгімені талдауға балаларды түгел қатыстыруды көздеді. Мұнысы өте сәтті болып шықты. Сөз болып отырған жағдай таныс мәселе, үйреншікті оқиға болғандықтан әрі шындық көңілде сайрап тұрғандықтан, балалар талқыға қызу араласып, әрқайсысы өз пікірін айтып бакты. Олар біріне-бірі сұрау қойып, қыза-қыза таласқа көшіп, қысылып -қымтырылмай, ойдағыларын еркін ағытты. Манадан бері талқыға араласпай, енжар тыңдап отырған Сапар да бір сөздің иінінде өз пікірін айтып салды. Егорканың ісі бәрімізге өнеге деген Жарқынға ол қарсы шықты. Өнеге ерлікте, ал мұнда ешқандай ерлік жоқ деді ол. Сапар десе жұлдызы қарсы Жарқын сабаққа одан әлдеқайда озық еді. Өзінен осал Сапарды жекпе-жекке өзі тіленіп ұрынғанына ол рақаттанып кетті.
— Егер бір үлкен олжаға кенелсең, сен қайтер едің? Өзің алар ма едің, колхозға берер ме едің! Әуелі осыған жауап берші, — деді ол Сапардың нәзік жеріне жармасып.
Егеске жаны құмар Сапар берілмей:
— Сен өзің қайтер едің? — деп қарсы сұрақ қойды оған.
— Мен, әрине, колхозға берер едім.
Сұраққа дереу Жақыпбек араласты.
— Өзің алмай, не үшін колхозға бересің, осыны аша кет, Жарқын.
Жарқын күмілжіп қалды. Мұны көріп Әйтен қолын көтерді...
— Ал, айта ғой...
— Жалғыз Жарқында болғанның кімге пайдасы бар. Ал, колхозда болса, бәрімізге ортақ.
— Әйтен дұрыс айтады. Колхоздың қоры көбейе берсе, біздің тұрмысымыз жақсара береді. Солай емес пе?
— Солай, солай, — деп балалар шу ете түсті.
Сөз араласып, Жарқынның сұрағынан оңай құтылып кеттім деп отырған Сапардың жолы болмады. Жарқын оған қайтып оралды:
— Сен жауаптан тартынба, шыныңды айт!
— Класс түгел Сапарға қарады.
— Сен, әрине, өзің алар едің, — деп сыбырлады жанында отырған Сейтен оған.
— Сапар қысылайын деді. Жалтаруға болмады. Онысын Сейтен сезіп отыр. Мұғалімнен именгеніңнен сен өтірік айттың деп ол шыға сала күлуі хақ. Осыны ойлаған ол:
— Мен өзім алар едім, — деді.
Балалар ду күлісті. Оларға бұл сөз мүлде сөкет болып көрінді. Біреулер: «дүниеқұмар», енді біреулер: «сараң», «санасыз» мысқылдайды. Ақырын айтылған барлық сөз Сапарға ап айқын естіліп, шаншудай қадалып барады. Бұрын класта балалар арасында, өзін өзгеше биік санайтын оның дәл осы арада бірінші рет сағы сынды. Егескен Жарқын бой теңестіру былай тұрсын, оған жоғарыдан қарап, менсінбей әлгіден де тосын сұрақтарға жығып, жұрт көзіне жексұрын етіп сықақтайды. Оны қостап басқалар да мұны ажуалайды. Оларға мұның ниеті оғаш, ерсі, сөлекет көрінеді. Класта мен, қожамын деп бір өзін мыңға балап жүрген оның көзге шыққан сүйелдей жеке қалуы бойына үлкен мін болып, намысқа тиді. Күтпеген жерде батылдығын көрсетемін деп, осалдығын аңғартты. Оған серік те аз боп шықты. Досы Сейтен де қызарып, ештеңе дей алмай, айналаға қорғана жалтақтайды. Ал, Бектай екі көзі жыпылықтап, әлденеге өкінгендей, көңілсіз, солғын, мүсәпірсіп қалған. Ал, анау мұғалім ғой айызы қанып отыр!
Осы сияқты неше түрлі ызалы ойлар келіп, не істерін білмей, іштей булығып отырған Сапарға арашашы да сол мұғалім болды.
— Сендер күлмеңдер, — деді ол балаларға, — Сапар ыңғайсыз болса да, шынын айтты. Ал, шындықты тайсалмай айту да ерлік. Рас, ол біздің өмірдің тамаша сырларын жете ұға алмай келген. Оқа емес, әлі-ақ түсінеді, бізше ойлайтын болады, кемшілігін де жояды. Ол емделетін дерт. Ал, қорқақтық, екі жүзділік ем қонбайтын қауіпті ауру — міне, солар...
— Мен қорқақ болсам, өтірік айта салған болар едім. Онда тіпті жалғызсырамас та едім! Бірақ, мен оны өз бойыма ар көрмедім бе! Соны бағалаған мынау мұғалім қандай әділ идам! — деді Сапар мектептен шыққан соң Сейтен мен Бектайға.
— Олар үндемеді.
— Неге үндемейсіңдер?
— Жоқ, біз түк те батыр емеспіз. Мұғалім оны білмейді, — деді Бектай.
— Бізін кім? — деді оған Сапар қадалып.
— Біздер, мына мен, сен...
— Сен, әрине, түк те батыр емессің, ол белгілі.
— Сен де батыр емессің!
Біреуге қарсы келуге жоқ Бектайдың мына сөзі Сапарға да, Сейтенге де төтеннен пайда болған батылдық болып көрінеді.
— Қане, дәлелдеші! — деді Сапар тепсініп.
— Колхоздың қайығын ұрлаймыз. Мұғалім сұраса үндемейміз... Шын батыр болсаң соны неге айтпадың?
Ана екеуі біріне-бірі қарады.
11
Қайық оқиғасы былайша елеусіз, ауыл өмірі үшін ешқандай мәні болмағанымен, бір шеті тәрбиемен ұштасып жатқандықтан, Жақыпбек бұған сәл нәрсе деп қарай алмады. Қайық деп аталғаны болмаса, расында әңгіме басқада еді. Арзанның ақауы көп. Қит етсе, қиюы қашып, оңай бүлінеді. Жақыпбекті мазалайтын да осы сезім: міне, тәрбиеден ақау білінді. Бір емес, үш шәкірттен ши шығып, коллективтен жырылып отыр, көргендерін айтпайды, адалдық дегенді ұмытады, бар сенімді де желге жібереді. Оның үстіне, бұл колхоз мүлкіне, қоғамдық мүлікке ауыл баласы арасында саналы көзқарас жоқтығының анық бір айғағындай. Колхоз мүлкі екенін, онсыз тіршілігі жоғын ұқпайтыны бір сәрі, тіпті оның мүддесін аяққа басады, мүлкін шашады... Мұндайлар ертеңгі колхоздың несі болар ма... Қайық ұсақ болғанымен, бұл қылық ұсақ емес. Бұдан бір қортынды шығармаса мектеп тіршілігінде елеусіз боп білінген, зорая берсе, аяғы насырға шабатын қылықты елемеу болып шығар еді.
Жақыпбек бұл оқиғаға міне осылайша қарап, ұсақ істен ірі қортынды шығарғысы келеді. Ақыры ол жеке мұғалімдермен ақылдасуды ұйғарып, сабақ соңында Елизавета Сергеевнаның, Банудың, Байсалдың бұл мәселе туралы пікірін тыңдады.
— Бұл оқиғаға байланысты барлық класта отряд жиынын өткізсек, — деді Байсал.
Оның бұл ойына Бану қарсы болды.
— Жиын өткізудің меніңше қажеті аз. Онымыз орынсыз даурығу болады.
Жақыпбек Елизавета Сергеевнаға қарады.
— Сіз қалай ойлайсыз?
— Мен Байсалдың пікірін жақтар едім. Сөз жоқ, сенің айтып отырғандарыңның көңілге қонатын жағы бар, — деп Бануға бұрылды, — балаларды топтап, бәрін жазғыру, бүкіл коллективке шүбә келтіру, әрине, теріс тәлім. Біз олай егуге тиіс емеспіз...
Ендеше жиынның қажеті не?: — деді Бану көзін бір төңкеріп жіберіп қиығымен қарт мұғалимаға қарап.
— Жиынның қажет болатыны сол: мұнда Байсал айтқандай қайыққа байланысты мәселе тікелей қаралмайды...
— Енді не қаралады?
— Бұл жиынның бүгінгі бір ғана оқиғаға байланысты өтуі тәрбие тар мағынада үстірт қарау болар еді. Ол жалпы адалдыққа арналуы керек.
— А, мұндай жиынға мен де қарсы емеспін, — деді Бану тез келісіп.
Олай болса, дайындыққа кірісіңіздер, — деді Жақыпбек жалғыз-ақ мынау есте болсын: тек тыңдаушы ғана болмай, әрбір пионердің белсене қатысуы қатты ойластырылсын.
Қайыққа байланысты мәселе әзірше осымен тынды да әңгіме басқа жұмыс жайына ауды.
Балалар үйірмесі жайында не ойлап жатырсыздар? Осындай қол боста соны да бір сөйлесіп алайықшы, — деді Жақыпбек. — Бектұрсынова жолдас, әуелі сізден естісек...
— Менің қасымда барлық бала жас мичуриншілер үйірмесіне жазылды. Бүгін алғашқы рет жиылып, ағаштың адамға пайдасы жайында әңгімелесеміз, — деді Бану өзінің қолға алған жұмысын қысқа баяндап.
Үйірме балалардың ермегі ғана болып жүрмесін. Одан тиісті жеміс көретін болайық. Мәселен, айтайық, әр оқушы бес-алтыдан ағаш егіп, соны өздері күтіп өсіретін болса, қандай жақсы.
— Оны да ойластырып көреміз.
— Егер бұлай етсек, балаларды еңбекке, өнерге үйретеміз, әрі биология пәнін қызыға оқуға, табиғатты сүюге, зерттеуге баулимыз. Ол ғана ма, аз жылдан кейін мектебіміз бауға бөленеді... Пионер жолдас, сенің жұмысың қалай? — деп, Жақыпбек күлімсіреп Байсалға бұрылды.
Жақыпбектің бұл арада мұғалімдік жұмысты емес, вожатыйлық жұмысты талап етіп отырғанын «пионер жолдас» деген сөзінен аңғарып, Байсал өз жауабын бірден сол тілекке орайластырды.
— Біздің жұмыс та жаман басталған жоқ. Әнші де, домбырашы да, биші де, тақпақшы да көбейіп тұр. Кейбір оқушылар екі үйірмеге бірден қатысамыз деп қандай қылды. Мен оларға: — бір үйірмеге қатыссаң да жетеді. Әйтпесе, сабақ оқуына бөгет болады деп әрең көндірдім.
— Үйірме уақытты көп алып кетіп, сабаққа пайдасы емес, зияны тиіп жүрмесін...
— Ә, оны ескереміз...
Колхозшы жастардың ынтасы қалай?
Сұрамаңыз! Әр кешті ойын-сауықсыз өткізбейміз. Тек білге музыка аспаптарын көбейтуге, шағын пьесалар табуға көмектес деп күнде келеді.
— Жалғыз көркемөнер ғана емес, дойбы, шахмат сияқты басқа да өнермен шұғылданамын деушілерге де көңіл бел...
— Маған қоятын қандай талабыңыз бар? — деді Елизавета Сергеевна мап-майда бір сүйкімді дауыспен тамағын кенеп.
— Біздің балалар орыс тіліне қалай өзі?
— Бұл тіл олардың екінші ана тілі боп келе жатқанын аңғарам.
— Жасаңыз, Елизавета Сергеевна, лайымда солай болсын!..
Жақыпбек музыка аспаптары жанында және басқа да бірқатар мәселелерді шешпек болып, колхоз басшыларына келді де, әуелі Керейге кірді.
Ол колхоз күзетшісі Жақия қартпен әңгімелесіп отыр екен.
— Жақанды танисың ғой? — деді ол Жақыпбекке қарап.
— Танығанда қандай!
— Менің сенде немерем оқиды.
— Білем, білем, Әйтен ғой.
— Соған көз қырыңды көбірек сал, балам... Өлең жазатын бір әдет тауын алды. Екі сөздің басын құрап ұйқастырып, үйге келсе, шатады да жатады. Сабағын оқысып, сол өлеңін әзірше қойғызшы.
— Жақа-ау, ақын болғаны жаман ба екен? — деді Керей күліп.
— Соныкі қайбір ақындық дейсің. Әшейін, әуесқойлық та, одан да алаңсыз сабағын оқығаны тиімді.
— Оқысын, өлең өнеріне де ұмтылсын. Одан да тыймайық. Қайта қолдан келсе, көмектесейік, — деді Жақыпбек.
— Өнер тұтса жақсы ғой. Өсе келе «қой, болды» боп жүрмесе... Олай дейтін себебім біздің қазақ қолынан келсін, келмесін елең шығаруға құмар-ақ. Бәрі ақын ба, әйтпесе, өлеңді оңай кәсіп көре ме, ұқпай-ақ қойдым. Менің де жас шағымда біраз қойыртпақтағаным бар.
— Оныңыздан ештеңе шықпады ма? — деп сұрады Жақыпбек күліп.
— Ол жағын өзін де көріп отырсың ғой, тегі Жақия деген ақынды естімеген боларсың..
Қарт сөзіне біраз күлісіп алғаннан кейін Керей жұмыс жайлы әңгімеге көшті.
Жақаң мынадай бір тілек айтып отыр: біз елімізде болған жаңалықтарды радиоприемниктен әрдайым естіп отырамыз. Ал өз колхозымызда күн сайын не болып жатқанын, кімнің қандай табысқа жеткенін кеңсеге келіп әдейі сұрап тұрмасақ біле бермейміз дейді. Ақсақалдың бұл талабы меніңше өте орынды. Колхозда радиоторабы жұмыс істейтін мезгіл, шынында да жеткен сияқты.
— Сіздің ар жағын қария өзі жалғады.
Кейде біреуді іздесеңдер де кісі жіберіп, әуре болып жатқандарың. Сондайда, әй Жақия, кеңсеге кел, жұмыс бар деп радиомен бір рет жар сала қойсаңдар, жетіп келмейміз бе...
Иегінен бастап жақ сүйегін түгел қамти, құлағына дейін тұтаса өскен ұзын ақ сақалын қолымен бір сипап қойып отырған ақжарқын қарияға Жақыпбек көз алмастан, қайта-қайта қараумен болды.
«Адамның жанынан сырлы, адамның жанынан жұмбақ не бар екен? Үстірт қарасаң, ештеңе аңғарыла бермейді. Ал, үңіле кетсең, теңіздей терең бір ғажап! Тұңғиығына сүңги түсіп, қызығына кенеле бересің... кейде асыл іздеп, шылаулы тарғыл тасына кезігесің, кейде ойламаған жерден керемет қазына табасың. Адам, неткен кереметсің сен!..»
Қарияның бетіне үңілгенде Жақыпбекке осы ой келді. Ол бұл ауылмен дәмдес болғаннан бері, оқығанды былай қойып, оқымаған қарапайым адамдардан да көп сыр аңғарып, талай ақылды сөздер естіп, көңілге түюмен, ойына ой қосумен келеді... Ауыл біртұтас алып дене де, әр адам соның өз орны, өз қызметі бар жанды мүшесіндей ұғылады оған. Соның бірі мына отырған қарт тәрізді. Бұл адамның мақсат-арманы жеке бастың болымсыз өзімшіл тілегін аттап өтіп, ортақ мүддеге араласып кеткен. Жатса-тұрса, ойлағаны коллектив жайы болған, жасы қартайса да, біздің ғасырдың ортасына жаны жасарып жеткен осы қарт сыры көңілді толқындатып, шашау шықпас ниет бар, ынтымақ, бірлік бар колхозды ауыл адамының шынайы қасиетін алға тартады. Шын керемет. совет адамы, бір сенде ғана дегенді, геройымыз іштей сан мәртебе қайталап, ойынан шырын жұтқандай рақаттана отырып тіл қатты.
— Тілегіңіз орындалады, қария. Радиоторабын іске қосуды қолға аламыз! Бұл біздің оқушылардың да қолынан келеді.
— Естіп отырсыз ба, Жақа, жастар қолға алса, бітті деп есептей беріңіз.
— Әп бәрекелді, сүйтіңдер, шырақтарым.
Корей назарын Жақыпбекке аударды.
Ал, енді сенің шаруаңды тыңдайық.
Менікі бұрын өзіңізге айтылған таныс мәселелер ғой.
— Дұрыс, оны бастыққа кіріп сөйлесейік. Ал, өзіңнің педсоветің қалай болып жатыр?
— Педсоветте қойылатын мәселені зерттеген боп жатырмыз. Осы таяуда өткіземіз.
— Сілте құлашты... Жақа, сіздің бізде басқа бұйымтайыңыз жоқ қой?..
— Жоқ, әшейін жай кіріп шығайын және жаңағыны айтайын деп келгенім ғой.
Клубқа барып тұрасыз ба? — деді Жақыпбек қартқа.
— Анда-санда барамын. Клубтарың онша қызықтырмайды.
— Клубты жастар өз қолдарына алып отыр. Бұдан былай көңілсіз болмас деп ойлаймыз. Барып тұрыңыз, — деді Керей оған.
— Дойбышылардың жарысын өткіземіз. Оған қатысыңыз.
— Е, бұларыңа араласып көруге болады.
— Олай болса, Байсалға жазылыңыз.
— Ә, жазылайын, шырағым...
Есенбек Керей мен Жақыпбекті өте сирек кездесетін бір асқан жайдарылықпен қарсы алды.
— Ал, немен қуантасың бізді? — деді Жақыпбекке.
— Қуантам ба, жоқ па, әйтеуір бер дегелі келдім, — деді Жақыпбек алғашқы кездескенде айтқан Есенбектің өз сөзін әзіл ретінде еске түсіріп.
— Өй, көп жасағыр, ұмытпайтын жігіт екенсің, — деп Есенбек сылқ-сылқ күлді.
— Жақыпбек «берге» сараң, «алға» жомарт жігіт қой. Аузы айтқаны болмаса, ала бермейді. Мұның сол бір қасиеті бар. Оны өзіңіз де аңғара бастаған боларсыз, — деді Керей күліп.
— Аңғарғанда мен аңғарайын.
— Маған көпшікті қалыңырақ, қойып жібердіңіздер. Бірақ, мен бұл жолы алмай кетпейтін шығармын.
— Көмейіңде бірдеңе тұр ғой, — деді Есенбек оның бетіне күлімсірей қарап.
— Тұрғаны рас.
Әңгіме әзілден іс жайына ойысты. Сөзді Керей бастады.
— Жігіттер өнерпаз оқушылардан ұлт оркестрін құрғысы келеді. Сізден бір емеуірін естіп, соның дайындығына кірісіп те қойыпты...
— Музыка аспаптары керек дейсің ғой.
— Әлбетте.
— Одан басқа не тілек бар?
— Колхоз кітапханасының жайын да ақылдассақ деп едік.
— Кітап алуға қаржы керек дейсің ғой. Тағы қандай тілек бар.
— Керек көп қой. Әзірше ең қажетті айт деңіз. Бұл жігіттер үйге де жарып отырған жоқ.
Ұзақ сонарға салуды білмейтін Есенбек тоқ етерін айтты.
Алғашқы тілектеріңді орындауға мүмкіншілік табармыз, пәтер мәселесіне әзір уәде бере алмаймын. Рас, мектеп үйін қайта салуға, оның жанынан мұғалімдерге арнап он пәтерлік үй тұрғызуға жоба жасау құрылысшыларға тапсырылады. Басқарманың кезектегі мәжілісінде сол мәселені талқылаймыз. Әзірше айтатыным осы ғана.
— Енді бір тілек айтуға рұқсат етіңіз, — деді Жақыпбек.
— Бір емес, он тілек айтуыңа болады.
— Алдағы аптада колхозыңыздың келешегі жайында оқушыларға әңгіме айтып беруіңізді сұраймыз.
— Оны мына секретарь айтсын, — деп Есенбек Керейді нұсқады.
— Мен айтатын да мәселе табылады. Әңгіме өткізуді алдымен әдейі сізден бастағымыз келіп отыр. Колхоз шаруашылығын оқушыларға кең көлемде таныстыруға ауылдың барлық интеллигенті, активисі қатыстырылады, деп басында Өзіңізбен отырып келістік қой. Сіз сол келісімді бұзбайтын болыңыз.
— Құп, оған да келісейік.
— Ауыл интеллигенциясына арналған мектептің сабағын ертең бастағалы отырмыз. Оған келуіңіз керек.
— Тегі, дамыл беретін түрлерің жоқ қой!
— Иә, тыныштық болады деп ойламаңыз, — деді Жақыпбек әзілдеп.
12
Әуелде қуанған Бектай қазір мұңайып отыр. Оның мектепте әлденендей жұмысқа араласпаса яки бірдеңелерді өзінше тындырып жүрмесе, көңілі көншімейтін әдеті бар-ды. Пионер жиындарында, сауық кештерде ол үндемей қалу деген сирек кездесер еді. Бірақ осы белсенділігінен оның бір осал жағы да қалыспайтын. Бұл оның дегбірсіздігі. Ол осы кемшілігінің тақсіретін тартып-ақ жүр. Сөйлесе бүлдіреді, сахнада өнер көрсетсе. жаңылады, жаңа бір қадам баспақ болса сүрінеді. Бір жақсысы, бұған ол мұңая да бермейді. Рас, мұндайда делдиген жұп-жұқа жарғақ құлағы қып-қызыл боп шыға келеді де, бадырақ көзін дамылсыз жыпылықтатып, үркек бұзауша остиып тұрып қап, не істерге білмей алғашқыда абдырайды. Әйтсе де, мұнысы бірер минуттың ғана ісі. Артынша бұл сезімнен тез босап, әлгі сәтсіздігін тез ұмытады.
Осындай жаңғалақтығына қарамастан, Бектай өте зирек бала еді. Оқығанын, әсіресе естігенін ұмытпайтын. Сабақты да жақсы оқитын. Оның осы қасиеттерін бағалап, класс пионерлері кеше оны отряд советінің председателі етіп сайлады.
Бұл, әрине, Бектайдың жанына жағып кетті. Үйіне барысымен ол отрядтың алдағы уақыттағы жұмысы жайын ойластырып, өзінше жоспар да құрды, совет мүшелерінің дереу мәжілісін өткізуді де қарастырды.
Бектайды көңілсіз ойға қалдырған аға вожатый Байсалдың бүгінгі тапсырмасы. Ол бұған адалдық туралы өтетін жиынды хабарлаған. Осыған отрядтың жақсы дайындалуын, совет председателінің бұл жиында өнеге көрсетуге тиістігін ескерткен.
— Сен өзің, — деген оған Байсал, жиынға қалай дайындалуды, не оқуды айтып болып, — «Пионер сөзі» деген тақырыпқа әзірлен. Онда пионердің шынайы қасиеттерін айтатын бол. Сонымен қатар өз отрядындағы жеке пионердің басындағы кемшіліктерді де сына.
Алғашқыда бұл оған оп-оңай орындай қоятын тапсырма болып көрінсе де, ойлана келе оны қиынға бастап кетті. Алдынан, құрып қалғыр, әлгі бір қайық оқиғасы шықты. Адалдық жөнінде ол қайтіп әңгіме айтпақ кімді сынамақ? Шынтуайтқа келсе, әңгімені әуелі өзінен бастауы керек қой.
Жиынның қиыншылығы, міне, осында жатты. Оны мұңайтқан да, міне, осы алғашқы жиын.
Амалы бар ма, іске кірісу қажет. Осындай жайсыз күйде отырған оған біресе Сапар, біресе Сейтен, біресе Әйтен жөнсіз сұрақтар қойып, орынсыз қажайды.
— Адалдық жайында сен не айтасың ей? — деп сыбырлайды Сейтен кішкентай мұрнын тампита жымиып.
— Әй, осы сенің сөйлемей қалатын күнің бола ма? — дейді Сапар өзінше паңдана мысқылдап.
— Өлеңмен дайындалуға бола ма? — дейді Әйтен бір орында отыра алмай, біресе Бектайдың он жағына, біресе сол жағына шығып.
Балалар Әйтен сұрағына ду күлісіп те алды. Біреулері:
— Сен енді бәрін қойып, өлеңмен баяндама жасамақ болдың ба? — деп қағытып та жатыр.
Оған құлақ қояр Әйтен көрінбейді.
— Шын айтам, өлең оқуға болады ғой, ол, деп Бектайдан көзін алмайды.
— Неге болмасын...
— Жиында өлең оқу — ол қайдан шыққан жаңалық? — деп Сапар кие жөнелді.
— Қолыңнан келсе, сен де жаз.
— Жүрсем-ау, сен құсап шатпақтап!..
— Әйтен, бәлемнің өзіне бір өлең шығарып қатыршы.
— Шығарып көрсің!..
— Ал шығарам, не қыласын?
— Байқа, қоңқақ мұрның жалпайып кетер!..
— Ерегістірме!..
— Әйтен деймін, сілейт өлеңмен.
— Құр кеудеге салатынын да қосып жібер...
Класс ішін жаңғырықтыра, біресе жамырай даурығысып, біресе ду-ду күлісіп отырған бұлардың үстіне Жақыпбек кіріп келді.
— Бұл не дау?
— Жиынға дайындық жасап жатырмыз, — деді Әйтен орнынан лып етіп ұшып тұрып.
— А, солай ма? — деді Жақыпбек жымиып, — олай болса, мен бөгет жасамайын.
Ол мұғалімдер бөлмесіне бет алды.
— Жақыпбек, маған кіре кетші, — деді Күдері оны өз кабинетінің алдында тоқтатып.
Ішке кірген бетте директор өз орнына отырмастан, сөзін түрегеп тұрып бастады.
— Мынаны өзін, алып қайта қарашы, — деп бірінші тоқсанға жасалған оқу планын стол үстінен алып Жақыпбекке ұсынды ол.
— Мұның несін қайта қараймын?
— Біраз өзгерістер жасасаң...
— Қандай өзгерістер дейсіз?
— Сенің колхозға экскурсиям көбейіп кеткен.
— Небәрі үш-ақ экскурсия ғой...
— Оқу программасы онсыз да ауыр екенін білесін...
— Ақсақал-ау, экскурсияның бәрі де сабақтан тыс уақытқа белгіленген ғой.
— Қашанға белгіленсе де, оқушылардың бәрібір уақытын болады ғой, солай емес пе?
— Уақытын алсын, алмасын оларға білім беруіміз керек шығар.
— Оқушы фермаға барып, сиыр сауғанды көргенде, қанша білім алп қояды деп ойлайсың? — Күдері қалын бетін тыржита бір күліп қойды.
— Мектепті ауыл өміріне жақындатудың тиімді жолын таба алмай жүргенде, экскурсия сияқты болымсыз шаралардың өзіне бұлай қарауыңыз маған түсініксіз.
— Оңашада бетіне айтайын, сенде «өзім білемін» дейтін бір жаман әдет бар екен. Оны қою керек, жігітім.
— Мінің тіпті көп болар, ақталмаймын. Бірақ мені өне бойы бүйтіп қомсына бермей, адасып бара жатсам, ақ жарқын көңілден ақылыңызды айтып, дұрыс бірдеңе ұсына алсам, шын ниетіңізбен сөзімді тыңдауыңыз керек емес пе.
— Сен дәмді пікір айтып, мен тыңдамай қойған жерім болды ма? Неге мұндай орынсыз кінә тағасын?
— Мұғалімнің мәдениеті, беделі жөнінде заңды талап қоям, мән бермей, сөзімді аяқ асты етесіз. Оқудың сапасын арттыруды ойласайық десем, оған тағы да күле қарайсыз. Мұның атын не дейміз?..
Есіктен кіріп келе жатқан Батырбайды көрді де, Жақыпбек кілт тоқтап қалды.
— Жарайды, кейін сөйлесерміз, — деді Күдері де бұл әңгімені созғысы келмей.
Жақыпбек кідірместен шығып кетті.
— Байқаймын, мені қойып, сізге де ауыз салған ғой тегі — деді Батырбай.
— Не керек сондай шалдуар сөз!
— Ал қойдық...
Батырбай мен Күдерінің туған жері — Батыс Қазақстан облысының бір ауданынан еді. Баста бірін-бірі онша жақсы білмесе де, осында келгеннен кейін семьялары қатты араласып, туыстай боп кеткен-ді. Жерлестікке ерекше мән беретін надан Батырбай Күдерінің директорлығы үшін емес, осы «ағалығы» үшін қадірлеп, аға ретінде оған тағзым ететін. Күдері мұндай сезімдерге өз басы онша құлай берілмесе де, біреудің бәйек болғанын, бетіне келмегенін ұнататын еді, оның мұнысына Батырбайдың «бауырмалдығы» дөп келіп, екеуінің шек-қарыны әбден араласып кеткен-ді. Өзінен сөз асыруға жоқ Батырбайдың Күдерінің жеки айтқан сөзіне шамданбай, мойын ұсына қоюының түпкі төркіні де міне осы жерлестікте болатын.
Өзінің ырқына Күдерінің кене бермейтінін де, көп жағдайда Тойтықты араластырып, сол арқылы сөзін сан рет өткізіп те оның көргені бар-ды. Сондықтан, Күдеріге яки өзіне әлденендей қауіп төнді деп ұғатын болса, ол дереу Тойтыққа мойын бұратын да, Күдеріге соны салатын. Күдері тым парықсыз болса, Тойтық тым сабырсыз еді. Ол мұндайды құлағы шалды-ақ түймедейдің өзін түйедей көріп, дүниенің бәрін суалтып өзіне де, Күдеріге де маза бермей, қай-қайдағы пәлені төбеге төндіріп, сарнап қоя беретін. «Жеңгесінің» бұл «қасиетін» бағалайтын Батырбай Жақыпбек пен Күдері арасында болған бүгінгі әңгімені де кідіріссіз жеткізіп тынды. Мұндайға мән бергіш кәрі жеңгей де мол ермек тапты.
13
Жақыпбек пәтеріне кештетіп оралды. Ол ауыз үйге кірісімен-ақ Тойтықтан күндегіден бөлек, әлдеқандай тосын суықтық аңғарды. Мұның келгенін жаратпағандай, томсара қарады. Жақыпбек төргі бөлмеге үнсіз етті де, тамақ ішуге де қайтып бармастан, едәуір уақыт ойланып отырып қалды: «Неге бұлай?..»
Неге екені белгісіз, көңілсіз бір ойлар қаптады. Студенттік тұрмысты, жатақхананы аңсады. Аш бол, тоқ бол, өз қойқаңда, өз жолдастарың ортасында жатқан қандай рахат! Ешкімнен қымсынбайсың, ешкімнің қас-қабағына қарап, қорғанып жүрмейсің. Еркінсің, әрі көңілдісің. Бар ма — қылдай бөліп Жейсің! Жоқ па — опық жемейсің. Бәрі де желеусіз, адал ниет, адал қарым-қатынас...
Енді мынау Тойтық, кемпірдің қабағы да көңілге түйткіл алып, кәдімгідей алаңдатады...
Жақыпбек көңілсіз ойлардан серпілгісі кеп, Майн Ридтің романдарының бірін алып оқуға кірісті. Бірақ, кейде аңғалдыққа, кейде жалаң «қызық» қуалап кететін шытырман оқиғалы кітап оны мүлде тартпады. Бәрі алдын ала әдейі қолдан жасап қойылғандай болып, өмірден алыстап, мүлде қызықтырмай, ішін пыстырды. Кітапты содан кейін орнына қойды да, Горькийдің жинағын қолға алды. Ұлы жазушының шығармаларында ол оқымағаны кемде-кем еді. Соған қарамастан, пьесаларына, әңгімелеріне көз жүгіртіп, қарай бастады. Маин Ридтің қалың романындағы желбуаз, нанымсыз оқиғалар демде ұмытылып, нағыз өмір басталды да, адам деген ардақты есімді мадақ ететін от жүректі қарапайым геройлар көз алдынан тізіліп: өмір ләззаты жарқын келешек жолындағы ізгі күресте деп жар салып, өтіп жатты. «Алексей Максимович, нағыз азаматша өмір сүруді ешбір жазушы сендей үйрете алмас-ау» деді ол, бойын кітаптан тараған бір жойқын ағын билеп.
Кітап қызығымен отырғанда уақыт зымырап өтіп. сағат түнгі он бірді соқты. Жақыпбек кітап оқуды тоқтатып, тағы да үй иелерін есіне алды. «Бұлардың маған ренжір не жөні бар?» деп ойлап, ол есік жаққа қарап еді, босағада сүйеулі тұрған тоғыз пернелі домбыраны көзі шалды. Сол шақ қоңыр дауыспен ыңылдап өлең айтқысы келіп кетті де, домбыраны алып, күйге келтірді. Бірақ, үй иелері ұйқыға кіріскенде, жалғыз отырып алып, ән айтуды орынсыз көрді де, өзі білетін «Қарабас» күйін шертті. Күйдің басы тербеле ырғалып, жайлы, баяу ырғақпен бірте-бірте қанатын жазып шалқи ағытылса да, пернесі аздық еткендіктен бе, қалай, бес саусақ домбыраның сағасына барғанда, күйдің кең тынысы тарылғандай, бебеулей берді. Ол пернелерді әрлі-берлі сырғытып көріп еді, онымен де күй тынысы кеңімей, алғашқы тұтыққан күйкі сарыннан жазбады. «Күйде келмей ме, немесе мен мұндай домбыраны білмеймін бе» деп енді ол жайлап қана ән тартуға кірісті.
Домбыраның шегіне ең алдымен «Сағындырған сәулем-ай» оралды. Оны бір-екі рет қайталап тартқаннан кейін «.Сырымбет», «Жылқылы банды» шертті. Бұлардан соң тағы бір ән тартпақ болып «Теріс қақпайға» салып еді, онысы оралып келіп «Сағындырған, сәулем-айға» қайтып соқты. Пернеде шашыраған үндердің басын қосып, «Сәулем -айды» енді шабытпен безілдетті. Домбыраның бойын қуалап бір әдемі ызың кетті. Ол ызың «Сағындырған, сәулем-ай» дегенді анық айтып, құлақтан кіріп, жүрекке бойлап сіңіп жатқан тәрізденді. Әшейінде еленбейтін осы әннің бүгін неліктен бүйтіп сезімге ұрғанына Жақыпбек өзі де таңданды... Ән сазы барған сайын жүрекке тұнып, Әсиманы еске салып: «Маған хат жазуды ұмытып отырған жоқсың ба?» дегендей болып қыз көз алдында күлімсіреп тұрып алды.
Күндіз бірнеше рет оқыған Әсима хатын тағы да қолына алып, оған ойлана қадалып қалды. Хаттан ол сүйіспеншіліктің лебін іздейді. Әйтсе де, бұл жайында тікелей айтылған ештеңе таппағандықтан, әр сөздің екінші мағынасына үңіліп, сезім толқындарын барлайды. Бірақ, қанша үміттеніп, әр сөзді қыз махаббатының алғашқы қарлығашына баласа да, сыр сезімінен ондай ыстық леп айқын сезілмейді. «...Менің қарттарым ескіден қалған сарқыншақтан арылмаған көне адамдар. Олардың ұғымдарында да бізге үйлеспейтін жайлар көп. Кейде олар бала сияқты аңқау да, ал кейде тастай қатал. Бір тұрып, бірге жұмыс істеп араласқан соң, мінез, ұғым айырмасы да жіктеліп, бой көрсетуі де заңды құбылыс қой... Сондай бір қабақ шытатын шақтарда тез суынып, олардан бойыңызды аулақ салмай, тірегі болыңыз... Мүмкін, бұл қиынға да соғар. Қайтесіз, төзесіз де...»
Қыз «қайтесіз, төзесіз де...» деген сезді күлімсіреп отырып жазған сияқты. Бұл сөзден досқа айтылар наз, өзімсінген жұмсақ әзіл, келешекте жалғасатын тағдырға ниет қойған үміт те жалт етіп көрініп қалғандай болып кетеді... Жорамалы болмаса, бұған да оның көзі анық жетпей, жақсы ниетінен туған көңілім ғана ма деп ойлайды да, шүбә келтіреді.
Бұл да ештеңе емес-ау. Қыз шын сүйген болса, кейін жүрек сырын ашық жазар еді ғой. Оның артып отырған қолқасын айтсайшы! Үй ішімен қырғи қабақ болатынын күні бұрын біліп алғандай, сен солардың қалауын тап деуін көрмейсің бе. Амал қанша, қыздың бұл қолқасы орындалар түрі жоқ. Мұның алғашқы белгілері әлден-ақ аңғарылып отыр. Ал, бүйте берсе, ертеңгі күні қыздың үй ішімен атқұйрығын біржолата кесумен тынбасына Жақыпбек сене алмайды.
Не деп жазу керек қызға? Тілегің орындалмайды, оған үй ішің кінәлы деп бар айыпты кемпір-шалға тағып, ақталуы керек пе? Әлде. бұл мәселе жайында үндемей қоя тұрып, әзірше ақысын аңдау керек пе? Ол да, бұл да көкейіне қонбайды. Сыр мінез адам болса, тез-ақ ұғысар еді. Тосын болғаны қандай қиын!
Осындай бір екі ұшты ойда отырғанда оның назарын тыста, терезе алдынан шыққан жіңішке дауыс бөлді.
— Ағай, кіруге бола ма?
— Кел, кел!
Бұл Бектай еді. Ол ұйықтап жатқандар оянып кетпесін дегендей, ауыз үйдің есігін еппен ашып кіріп, аяғын ұшынан басып, төргі бөлмеге өтті.
— Иә, отыр!
— Менің сізге айтатыным бар, — деді Бектай жасқана сөйлеп. Оның жүрегі лүпілдеп, сөзін айта алмай, қорғанып тұрғаны аңғарылды.
— Сен саспа!
— Mен... мен... жаман бала болдым.
Бектай сөзін осылай сасқалақтап бастады да, артынан қайық жөніндегі оқиғаны баяндады.
— Осыны класс алдында айтқаныңда қандай жақсы болатын еді, — деді Жақыпбек.
— Менің айтуыма болмады ғой.
— Неге?
— Пионерлік сөз беріп қойдым ғой... Сізге де амалсыз келдім... Жолдастарыма берген уәдемді бұздым... Мүмкін, сіз оларға айтпассыз...
— Оларға мен емес, сен өзің айтуың керек.
— Не деп?
— Мұғалімге айттым де.
— Берген сертің қайда десе, ме деймін?
— Сен қателіктен серт бердің. Оны түзеуге міндетті едің... Түзедің, орынсыз берілген қасиетті сертіңді қайтып алдың. Әдетте,пионерлік серт лас іс үшін берілмейді, соны түсіндір оларға!
— Мұны өзім де түсінбедім... Мені азғырды, алдады, қорқытты.
— Оқа емес. Сен қатеңді кеш те болса мойындадың. Мұның пионерге тән қасиет... Енді сол ағаттығыңды түзеуің керек.
— Қалай түзеймін?
— Жолдастарыңның алдында айтатын бол!
— Ұялмай не деп айтам?
— Сол ұялғаныңды жолдастарыңа айтып, жалғыз менен емес, солардан кешірім сұра. Ана екеуі де сүйтетін болсын...
— Бектай желкесін қасыды.
— Сейтен көнгенмен, Сапар көнбейді ғой маған.
— Көндір! Үшеуің де айтатын болыңдар!
Жиын есіне түскенде, бетінен оты шықса да, мұғалімнің сөзіне көнбесіне Бектайдың шарасы болмады. Енді ол әже алдындағы абыройын сақтауды өтінді.
— Әжеме айтпайсыз ғой, ә? — деді жалтақтап ол.
— Айтпаймын... Бірақ, екінші рет әжеңді де, мені де алдама!
— Мен ұялып, жасқанып айта алмадым...
— Мен оныңа түсініп отырмын. Ал, бірақ, қолмен істегенді мойынмен көтеруден жалтару жаман қасиет. Осы бастан ондайдан аулақ бол! Бойға үйір болған дерттен өсе келе арылу қиын соғады.
— Мен енді қайтып Сапарға ермейтін боламын.
— Жоқ, оның жарамайды. Сен де, мен де, басқа да бойымызды аулақ салсақ, оған кім көмектеседі. Біз оған көмектесуіміз керек. Кемшілігіне көзін жеткізіп, өзіміздің қатарымызға қосуымыз керек. Бұл жолда ұрсуға да, намысына тиюге де болады, алайда арамыздан аластауға болмайды. Ол да өзіміздей адам, өзіміздің коллективтің, мүшесі, жолдасымыз, жақынымыз... Сен пионерлік намысыңды, отрядыңның намысын солайша, оны сапқа қосып қорғауың керек.
Тез берілгіш, тез айнығыш, тез әсерленгіш Бектай келерінде енді ісі қайтып оңға баспастай таусылып келсе, кетерінде көп нәрсені ұққандай болып, үйден айқын міндет алып шықты. Оның тысырымен Тойтық оянды. «Мына жүгірмек жеті түнде неғып жүр» деп күңк етіп, ол Күдеріге бұрылып еді, тәтті ұйқының құшағына кірген Күдері қыбыр етпеді. Содан соң, төргі үйдің жартылай ашық қалған есігінен сығалап: «бұл не істеп отыр екен» деген адамша Тойтық көз қиығын Жақыпбекке тікті. Қызынын тұстағы ілулі суретінің алдында, ұяң шашы бұйралана ұйпаланып, қаны аз қағылез жүзі шақшиған шам жарығынан одан сайын қуқылданып, кең маңдайын сол қолымен анда-санда сипап қойып, қағазға үңіліп отырған Жақыпбек оған күндегіден басқаша, бөгде адам болып көрінді де: түнде де ұйқы бермейтін болды ғой түге» деп даусын естірте дүңк етіп, тарс еткізіп есікті жауып алды.
Бектай шыққан бетінде Сейтен мен Сапарға барды. Болған «жиғаны айтты. Сейтен үрейі ұшып сасып қалды да, Сапар ызаланып, Бектайға сұстана қарады. Бірақ, қараңғы түн оның ашулы жүзін өзінің қара пердесімен көлегейлеп, Бектайға байқатпады.
— Мен ешкімнен кешірім сұрай алмаймын! — деді Сапар әлден уақыттан кейін.
— Неге сұрамайсың? Қорқамысың? — деді Бектай.
— Қорықпаймын... Бірақ сұрамаймын...
— Оны өзін біл, ал, біз Сейтен екеуміз жиын алдында кешірім сұраймыз.
Сейтен бұған пәлен демеді. Оның мұнысы келісудің белгісі екенін Бектай да, Сапар да айтпай-ақ сезді.
Қайтып бұл жайында сөз қозғалмады. Балалар үйлеріне тарады.
Сапар түнімен дөңбекшіді. Бұрын қанша парықсыз болса да бұл жолы ойланбасқа болмады. Байқап отырса, жолдастары арасындағы бұрынғы «дәуірлеуі» былай тұрсын, солардың соңында елеусізденіп қалып бара жатқан секілденеді. Кешегі сабақ үстінде болған оқиға осыны айқын аңғартты. Үзілісте де, сабақ соңында да, балалар оған мысқылмен күлімсірей қарап, бұдан өз бойларын аулақ ұстайтындықтарын да танытты. Мұның белгісі бүгін де аңғарылды. Бүкіл класс Әйтенді көтермелеп, бұған сөз бермей, тежеу салды. Бұл күйінде енді біраз күнде аяғын алшақ басқан бұрынғы еркіндік, еркеліктен жұрдай болып, серіксіз жалғыз қалмақ түрі бар. Ең жақын достары Сейтен мен Бектай да бөгде мінез көрсетті. Бұдан былай мұны қостамайтындарын сездіріп те кетті.
Осының бәрі шетке қағылудай болып көрініп, парықсыз, алаңғасар бала амалсыз ойға көмілді...
Ертеңіне де ол мектепке өте көңілсіз келді. Сабақ үстінде ешкіммен тіл қатыспай, бұрын болмаған бір жабырқаңқы мінез көрсетіп, томсарған күйінде үнсіз отырды.
Соңғы сабақ Банудікі еді. Сол бітісімен класқа Жақыпбек пен Байсал кірді. Бектай мен Сейтен еңселерін төмен салып аяқтарын кірбің басып алға шықты. Бұларға не болған дегендей, барлық оқушылар оларға таңдана қарады. Жақыпбек көз қиығымен Сапарды барлады. Ол басын тұқыра, тұнжырай төмен қарап, орнынан тапжылмады. Оның бұл отырысы Жақыпбекті тықыршыта бастады...
Бектай мен Сейтен көп алдына барып тұрса да, алғашқы сәт ештеңе айта алмай аңырып қалды да, отырғандардың бәрі солардың аузына қарай, класс бірер минут үнсіз тынды. Тұра беруге дәті шыдамады білем, Бектай тамағын кенеп сөзге кірісті.
— Біз білместік өттік...
Осы кезде бір ноян күш желкесінен жоғары тартып қалғандай, Сапар орнынан ұшып тұрды. Ол даусы дірілдеп:
— Олар жазықсыз. Қайықты алған мен! — деді.
Осыған жалғаса Жарқынның ауызынан: «ей, ұятсыз!» деген сөз де ере шықты.
Жақыпбек Жарқынға қабағын түйе оқыс бұрылды.
14
Біздің тұрмыста сөзден қартамыс не бар екен. Адам адам болғалы талай ғасыр өтіп, талай өмір сарқылса да, сөз ұзақ жасап келеді. Ол ескі заман мен жаңа заманды жалғастырып бізге жетті. Бізбен келешекті жалғастырып, коммунизм дүниесіне кетеді.
Адам сияқты, сөзде де әралуан тағдыр бар. Ол да баста сәби боп туады, ер жетеді, қартаяды, кейде қартайып барып қайта жасарады, кейде тұрмыста болған өзгеріске ілесе алмай, кейін бірте-бірте солғындап, қағажуда қалып, жаңа сөзге жол береді, немесе тың мағына тауып жаңғырып, жаңаша ұғымға ие болады...
Ойлап отырсақ қазақта осындай көп жасаған кәрі сөздердің ішінде «ауыл» деген атаудың орны ерекше сияқты. Ол сан ғасырды кешіп келіп, бізге қартайып жетті де, қайта жасарды және ескі жұртын тез тоздырып, ескі ұғымнан тез қол үзіп, жаңа дүниенің төріне етті.
Осы жаңа ауыл геройымызға көп сыр анғартып қана қоймай, көп арман тудырып, «атым көне болса да, күйім жаңаны» айтып, ер талапқа бастады. Оның педсоветте жасаған баяндамасының негізгі түйіні, міне, сол ауылдың келешек қамына арналды.
— Кереймен келіскеннен кейін бұл баяндамаға ол барып сала әзірленген еді де, жаны қалаған жұмыстың қызығына шомған: Жазғандары ауыл мектебінің бейне келешек жарқын өміріндей елестеп, шабыт та бітірді. Көк блокнотын алдына жайып, өзінің де, ауыл адамдарының ойларын да салмақтап түйіндей отырып, тұрмыс мүддесінің тереңіне бойлады...
Жалғыз ауыл адамы ғана ма? Бұл баяндамаға совет педагогикасының өкілдері де ортақ еді! Оқыған, білген жаңалықтарды жинақтап, әр гүлден нәр алып, бал салған арадай ол өзінің өнерпаздық ойын саралап жұмсады. Әсіресе, профессор ұстазын инабатпен еске алып, оған мың мәртебе алғыс айтты. Қарт ұстаз бұған білім беріп қана қоймай, іскерлікке, ұқыптылыққа баулып, болашақ оқытушы, ғылыми қызметкерге өз ой-өрісін өрістету жолында не керектің бәрін зердесіне құя білген еді. Оқыған әдебиетті қалай пайдалану керектігін де үйреткен ол. Сол тәлімнің жемісін Жақыпбек бірінші рет осы баяндама үстінде татты. Ол алдындағы қатар-қатар жайылған қолдан түптелген, үлкенді-кішілі папкалардан өзіне керегін тапты.
Бұл папкалардың өзінше тарихы бар еді. Жақыпбек бұлармен төрт жылдан бері жолдас боп алған. Мұндай папкалармен дос болуды алғашқы рет сол қарт ұстазының үйінен бастаған. Профессор әрбір газетті, журналды, ғылыми вестникті, кітапшаларды, түрлі тақырыптағы лекцияларды әрдайым еді данадан алатын да, ондағы материалдарды тақырып-тақырыпқа бөліп, әрқайсысын арнауды папкаға күнбе-күн тігіп отыратын. Мұның өзі ғылыммен шұғылданған зерттеушіге өте қолайлы жағдай туғызар еді. Зерттеп жүрген мәселеңде қандай жаңалықтар ашылды? Кім қай кезде, қандай пікір айтқан? Мақала авторларының арасында қандай қайшылық бар? Бір папкаға тәртібімен қаттап тігілгендіктен, мұның бәрі де айнадан көрінгендей сайрап тұрады және әлгі авторлардың бұл мәселе жөнінде жыл сайын көзқарасында қандай өзгерістер болғаны да бірден көзге шалынады.
Өздігінен ізденген адамға бұл өте тиімді әдіс екенін көрген Жақыпбек әдебиет жинап, оларды жоғарыда көрсетілген әдіспен саралап сақтауды әдетке айналдырған. Оның ішінде тіл, әдебиет, педагогика, психология мәселелеріне көбірек зер салып, солар жөніндегі жаңалықтарды ерінбей, құнттап, зерттеп жинастырған.
Оның көңілін бұл жолы қатты бөлген ауыл мектебі жайындағы материалдар болды. Бұл жөнінде одақтық педагогикалық баспасөз бетінде көтерілген соңғы жылдардағы айтыстар, педагогтардың ұсыныстары, озық мектептердің тәжірибелері арнаулы папкада тиісті тәртібімен сақталған. Аса қажетті дегендерінің асты да сызылған. Тұсына немесе бөлек қағазға өз ойлары жазылған. Осы мәселеге арналған сан алуан пікірлер бейне бір жинақтай, әбігерсіз, бір папкадан табылуы оның жұмысын көп оңайлатқан еді...
Сөйтіп дайындалған баяндамасын ол, міне, жұрт талқысына ұсынып, бір арнаға құятын екі саланы әңгіме етіп тұр. Бірінші сала — мектеп. Екінші сала — колхоз. Мектепке адам тәрбиелеу негізгі міндет екеніне үңілген баяндамашы екінші салаға соқпай кете де алмады. Бүгінгі ауылдың тіршілігінде білімнің мол көзі барын аңғармау, колхоздың машинасы, электрі, бау-бақшасы, фермасы, бай табиғаты білімнің сарқылмас бұлағы екеніне үңілмеу мүмкін емес еді. Амал нешік, ауыл мектебі өмірдің ішінде отырып, жаңалықтан көбіне сырт қалып келгені, онда оқыған балалар ауыл тұрмысын жақсы біле бермейтіні де тұрмыста кездесіп жүрген факты болатын. Демек, оқу-тәрбие жұмысын жақсартудың жолдарын ауыл өміріне араласудан іздеу, мұғалімдерге қойылатын талап та осымен ұштасуы өте қажет еді. Міне сол үшін де, Жақыпбек әрбір ауыл мұғалімі жалпы білімін, педагогтік шеберлігін арттырумен бірге, ауыл шаруашылығын да жақсы білетін болсын деген талапты ұсынды.
Біз ауыл мәдениетін көтеруге, ауылдың келешегі жолында қызмет етуге жіберілген адамдармыз. Оның ертеңгі күніне көз тікпей отыра алмаймыз. Бұған дейін біздің колхозшыларымыздың көбі тәжірибеге ғана сүйеніп еңбек етсе, ендігі жерде ол өлшем аз соғады. Ауылдың әр азаматы зоологияны, агрономияны, ботаниканы, химия мен физиканы білуді өмір қазірдің өзінде алға тартып отыр. Мал бағу да, егін салу да қара күшті көп тілейтін қара дүрсін қалыптан ғылымға айналып келе жатқаны кімге аян емес. Олай болса, біздің міндет келешек ауыл азаматын тәрбиелеумен ғана тынбайды, бүгінгі колхозшыны да ертеңгі күннің тілегіне сай әзірлеуді қолға алуды қоса қамтиды.
Жақыпбектің ойынша бұл жұмыс — жалпы ауыл адамының білімін көтеруден басталуға тиіс, сөз түйіні колхозшыларды жаппай оқытуды ұйымдастырайық, интеллигенция үшін арнаулы мектеп ашайық, әр мұғалімнің ауыл шаруашылығы ғылымынан хабары болуын ойласайық дегенге келіп тірелді...
Жақыпбектің педсоветте мектептің ішкі өмірін көбірек сөз етудің орнына оқу-тәрбие жұмысын колхозбен байланыстыра айтуын Күдері орынсыз көріп, ұнатпады. Педсоветке колхозшы активистерді қатыстыру керек дегеннің өзі-ақ шүу дегеннен оған жат естілген еді. Сондықтан, бұл ұсынысқа кезінде қарсы да болған. Ал, мұның өзі Жақыпбектен емес, Керейден тараған пікір екенін біліп, Күдері оған да өз ойын айтқан. Әйтсе де парторг сөз болғалы отырған мәселе колхоз бен мектепке бірдей қатысты болғандықтан, мұндай бас қосып пікірлесуден қажетті жерінде үрікпеу керек екенін, қайта ортақ іске пайда келтіретінін аңғартып, ақыры көндірген-ді.
Енді бұлай бас қосудан пәлендей өрескелдік көрмесе де, баяндамада айтылған кейбір пікірлерден педагогикаға жатпайтын теріс көзқарас тапқандай болып, Күдері өте тықыршып отыр. Жақыпбек баяндамасын аяқтасымен, өз ұққандарын анықтап алмақ болып оған сұрақ жаудырды.
— Мектепті сен айтқандай колхоз өміріне бейімдеуді қолға алсақ, қазіргі оқу программасына өзгеріс кіргізу қажет болмай ма? Мұны қалай шешу керек деп ойлайсың?
— Біз программаны көбіне сағатпен ғана өлшеп, онда көрсетілген жайларды өз тарапымыздан өнер жұмсап, дамытпай көлдік дер едім... Біздің мектептің тәжірибесі осыны айтып отыр. Бізге, мінеки, осы жағын ойлау қажет. Ал, тіпті, программаны өзгерту қажет екен, нақты тәжірибемізге сүйене отырып, тиісті орындарға ұсыныс кіргізуден де тартынатын жөн жоқ.
Күдері жұрт жарыс сөзге шықпас бұрын: «Жақыпбек қателесіп отыр» дегенді айқын аңғартпақ болып, педсоветке өзінше дұрыс бағыт беруді көздеп, мынандай ескерту жасады:
— Сөйлейтін жолдастардың есіне сала кететін мынадай топ бар... Әрине, баяндамашының колхозшылардың білімін арттыру жайындағы ұсынысы теріс емес. Бұл бұрын да сөз болып жүрген мәселе. Ал, оның екінші қозғап отырған мәселесі бұрын-соңды мектеп тарихында болмаған, қисынсыз ұсыныс екенін айтуға тиістіміз. Әйтпейінше мектепті ауылшаруашылық техникумында айналдыратын боламыз. Көрдіңіздер ме, әңгіменің аяғы қайда барып соғатынын... Мектеп — барлық жерде мектеп. Ол балаға мал бағуды, трактор жүргізуді, монтер болуды үйретуге міндетті емес, ғылымның әліппесін танытуға міндетті. Оның үстіне, он төрт жасар баладан колхозшы жасап шығарам деу ақылға да сыймайды ғой, жаным-ау... Ұзын сөздің қысқасы: мектепті колхозға телиміз, болашақ колхозшы есіреміз деп балаларды сабақтан шыққан соң фермаға, МТС-қа, электр станциясына күнде-күнде безектетіп жүру дегеннен аулақ болған жөн... Осы жағын жас кадрға ұқтыра айтыңыздар...
— Оқушыларды күн сайын колхоз жұмысына салу дегенді мен де ұсынып отырғам жоқ, — деді Жақыпбек, — әңгіме программада көрсетілген уақыттар, тәжірибе сабақтары жөнінде болып отыр... Әрі мынаны да ескеру керек: біз жұмысқа қыры жоқ ақсаусақ адамдар тәрбиелемейміз. Еңбек ете білетін, өзінің шыққан ұясы — колхозын жанындай жақсы көріп, қадірлейтін, оның намысын қорғайтын саналы азамат тәрбиелеуге тиістіміз.
Жақыпбек бұдан соң Күдерінің негізгі пікірлеріне қолма-қол жауап бере кету қажет боп қалғанын ескеріп, бұған жұрт назарын дәл қазір аударуды мақұл көрді.
— Мектепті техникумға айналдыру керек деген талаптан мен аулақпын. Біріншіден, жолдастардың есіне осыны саламын. Екіншіден, оқушы бала агроном, я зоотехник болсын, басқаны жиып қойып, соны үйретейік дегенді де ұсынғам жоқ ұсынбаймын да. Мен мүмкіншілігі болғанша, оқу программасын колхоз өмірінің тіршілігімен байланыстырып жүзеге асыру қажет деп отырмын. Колхоз баласы электрді де, механиканы да, зоологияны да, ботаниканы да кітаптан ғана үйренбей, өз колхозынан көзбен көріп үйренсін деймін, Бұдан қорқудың ешбір жөні жоқ. Біз бұл арада мынаны да ескеруіміз керек: бүгінгі он төрт жасар бала бұдан отыз-қырық жыл бұрынғы бала емес, тіпті оны айтасыз, он-он бес жыл бұрынғы да бала емес. Қазіргі ауыл баласы — жаңа бала... Білім дегеніміз өмір ғой... Сол өмірдің көбін ендігі бала анасынан туып, көзін ашқаннан үзбей көріп, көзі қанып, біліммен бірге жасап келеді. Қазір техникамен ауыл баласы дос болып алды. Енді оларға машинаның сырты таңсық емес, іші, тетігі таңсық. Мұны ұғу біз ойлағандай онша қиынға да соқпайды. Мұны мектеп қана үйретпейді, өмірдің өзі де күнбе-күн қоса үйретеді. Біз осыны есепке алмайтын сияқтымыз. Ал, мұны есепке алу өте қажет. Бұдан былайғы ауылымыздың дамуы — осыған тікелей байланысты болып отырғанда, әрбір қойшыға, әрбір сиыршыға, әрбір егіншіге техника, ауылшаруашылығы саласындағы ғылымның негізін білу шарт болып отырғанда, қара дүрсін, ескі тәжірибеге сүйенген жабайы әдістің күні, қазірдің өзінде өтуге айналып отырғанда — мұны ұмытар жөніміз жоқ. Егер мұны ұмытсақ — ауылдың келешегін ұмытқанымыз... Болашақ колхозшыны жастайынан баулып өсіру дегеніміздің де төркіні осы мақсаттан келіп туады...
«Кімдікі жөн?»
Күдері мен Жақыпбек таласы осы сұрақты алға тартты.
Күдері місешіл, Жақыпбек жаңашыл дейік. Сонда мұныкі қай жаңалық? Аты жаңалық па? Заты жаңалық па? Жаңа өмір тудырған ерекше сипаты көп, соқпағы мол совет педагогикасы жаңалықты қанша тілесе, осы жаңашылдыққа деген жауапкершілікті де сонша керек ететіні анық. Мәжілісте отырғандардың байқауынша жаңашыл Жақыпбек тыңға сілтеп отыр. Оның жаңалығы ауыл мұғалімдерінің тұрмысына ғана емес, ондағы бүкіл оқу-тәрбие жұмысына елеулі өзгеріс енгізуді көздейді. Ең алдымен қазіргі қолданылып жүрген оқу программасын қайта қарау керек болады. Өйткені, жаңа белге көтерілген өнерлі, техникалы ауылдың тіршілігімен жеті жылдық білім алатын оқушы жеткіншекті толық таныстырып, теория жөнінде ғана емес, тұрмыс жүзінде де мол хабардар етіп шығаруда ауыл мектебіне арналған қазіргі оқу программасы едәуір мөлшерде тарлық етеді. Онда жоғары техникалы, колхоз өндірісі есепке алынбаған, биологиялық, физикалық, химиялық фактыларды, құбылыстарды білдіру ғана нысана етілген. Егер жетіжылдық мектепті бітірушілер колхоздың электр станциясынан да, бау-бақшасынан да, зоотехникасынан да, трактор, комбайннан да едәуір көлемде хабардар болып шықсын деген талап қойылатын болса, онда, сөз жоқ, программаға бірқатар өзгерістер, қосымшалар кіру қажет.
Ал, сонда дәл осы талапты ауылдың жетіжылдық мектебіне қою орынды ма, жоқ па? Бұл да терең ойланатын пікір. Рас, бұл талап ауылдың қазіргі тұрмыс мүддесіне үйлеседі. Он төрт жасар колхозшы өзін қоршаған өмірді өз дәулетінің сыр-сипатын білуі, сол жаңа өмірді жасаушылардың тобында болуы қажет, ол болашақта ғалым болсын, жазушы болсын, қысқасы, кім болса ол болсын, бір жағынан колхозшы, колхоз қайраткері екені даусыз. Ауылда жеті жылдық білім міндетті борышқа айналып отырғанда, қала мен ауылдың айырмасы бірте-бірте жойылып келе жатқанда, мәселеге осылай қараудың, толғана ой жүгіртудің жөні әбден-ақ бар...
Құп, бұл солай-ақ болсын. Оқу программасына қазіргі колхоз өмірі тілеп отырған талапқа сәйкес өзгеріс те жасалсын. Сонда мұнымыз педагогиканың заңына сыя ма? Он төрт жасар баланың ой өрісіне мұнша талап сай келе ме? Ол қабылдай ала ма? Бұл сұрақты да аттап кетуге болмас еді.
«Кімдікі жөн?» деген сұрақтың, міне, осындай салмағы бар-ды.
Осы сұраққа байланысты екінші бір аңғарылған нәрсе: Жақыпбек пен Күдері педагогтік көзқарас жөнінен ғана емес, жалпы ұғым жағынан да аралары алшақ еді. Күдері барды місе тұтып, ойпатта күйбең қақса, Жақыпбек ілгері ұмтылып, ұшар биікке құлаш созады. Оның бұл бет алысы «айға шапқан арыстандай» мектепті мерт етеді деп біріншісі күдікпен қарап, жолына тосқауыл болғысы келсе, екіншісі бұл тосқауылға бой бермей, дегенін іске асыруға өршеленеді...
«Кімдікі жөн?» деген сұраққа үңілгендерге бұл да аңғарылды.
Бөлме іші үнсіз тынып, ғажайып бір тыныштық туа қалды. Әркім ақ ойға кеткен. Пікір айту әрі жауапты, әрі қиын сияқты. Сол ойға кеткен жұртқа «сөйлеңдер» дегендей Жақыпбек те, Күдері де дамылсыз қарағыштап, жалтақтап отыр.
Бұрын мұндайда жұрт алдына суырылып шықпайтын Батырбайға батылдық бітті. Ол қайта-қайта тамсанып, мұрнын қайта-қайта тартып, орнынан тұрды. Кейігенде яки жүрексінгенде бет пішіні өзгеріп, оң езуі ұртына барып қайтып, барып қайтып жыбырлап, дамыл таппайтын бір дағдысы бар еді, сонысы бұл жолы тіпті қатты білінді. Және мұнысының үстіне ерін, мұрын дегендер тынымсыз қозғалып, екі қастың арасындағы сай -сай әжімдер де тереңдеп, бүкіл бас терісі жиырылып кетті.
Мен, әлгі, мына Әділбеков туралы айтам, — деп бастады ол сөзін, — шырағым, сен өзің әлі жассың, бірақ, соңына қарамай, басқаға көп ақыл үйретпек боласың. Бірдеме айтайық десек, тіптен бар ғой, сескенеміз. Әлгі, мына бүгін айтып отырғаның да, оллақи миға қонбайды. Ол жайында Күдекең тіпті әдемі айтты. Оған, әлгі, осы отырған ешқайсымыз әй ештеңе қоса алмаспыз. Ең дұрыс әлгі, осы жаңалығыңды қоя тұрсаң...
«Қалай дейсіңдер, менің осым дұрыс емес не?» дегендей екі иығының арасына төмен тұқыртып алған басын сәл көтеріп ол айналасында отырғандарға жалтақтады. Бірақ, оның сөзін құптаған ешкім сезілмеді...
Жалтақтағаны болмаса, сөзін тыңдап отыр ма, жоқ па, Батырбай бұл құбылысты барлаудан аман еді. Сөзінің өзгеге әсер ету-етпеуін бұл өзі өмірі ойластырған да, ол жөнінде қам жеген де жан емес. Сонысына басып, бұл жолы да айналасында отырғандарды ұмытып, қай-қайдағыны айтып, аздан кейін лаға бастады. Залдан:
— Нақты мәселе жөнінде айтсаң...
— Уақытты үнемдесек, — деген сөздер естілді.
Осының өзі-ақ белгілі желі жоқ, үзік-үзік, құрақ ойларды септестіріп тұрған Батырбай шешеңді сұлата жығып кетті. Ол күйбеңдеп біраз тұрды да, бірдеме деп міңгірлеп, сөзін ақырында аяқсыз қалдырды.
Қызу сөйлеген Байсал болды. Ол Жақыпбектің пікірін түгел қостай келіп, көп мәселеде одан да әрі сілтеді.
— Әрқашан да дұрысты дұрыс, бұрысты бұрыс деуіміз керек қой. Әділбеков жолдастың ұсынысы бастан-аяқ орынды. Оның орынды болатын себебі — өмір мүддесіне негізделген. Біздің бүгінгі ауылымыздың жаңа қарқынмен, жаңаша дамып отырғаны ақиқат па? Ақиқат. Біздің педагогикамыз да, методикамыз да осыған ілесе алмай артта қалып қойғаны рас па? Рас. Қазіргі программа жөнінде де дәл соны айтуға бола ма? Болады. Мәселен, физиканы оқытуда техникалы ауылдың мүддесі программада жете ескерілген бе? Ескерілмеген. Біздер мұны әр сабақ сайын сезіп жүрміз бе? Сезіп жүрміз. Айтайық қазіргі программа бойынша физика ғылымының соңғы жаңалықтарын оқушыларға таныстыруға мүмкіндік бар ма? Жоқ. Бұлардың орнына кейбір ескірген, немесе екінші қатардағы мәселелер программада орын алып кеткен бе? Кеткен. Лаборатория сабағына уақыт аз бөлінген бе? Аз бөлінген. Ендеше мұны айтуда, нақты ұсыныс жасауда қандай сөкеттік бар? Жақсы, бұл да өз алдына дейік, осы біздің өзімізге бірдемелерді істеуге, сірә, бола ма? Егер болса, тырбанудан неге қайтамыз? Кітапта жазылғанды үйретумен ғана қанағаттану енді болмайды. Біз бүгінгі тілекке ұштастыра жаңаша оқытуға міндеттіміз...
...Жаңаша оқытуымыз керек деген пікір сөйлеуші мұғалімдердің ортақ ойына айналып, ауыл мектебін жаңа арнаға бұру деген ой барған сайын айқындала берді, айқындала берді.
«Тым болмаса, аптасына бір рет лекция тыңдап отырсақ екен дейді бригадир Сәтен. «Клубта жиі-жиі ойын көргіміз келеді» дейді-екінші бір колхозшы. «Ана кітап неге жоқ, мына кітап неге жоқ, деп жұрт есімізді шығарады. Осы жағын да бір ойластырсаңыздар» дейді Нұржамал. «Біз болсақ қартайып келеміз. Орнымызды басатын ертеңгі колхозшыны мектептен күтетініміз ұмытылмасын» дейді Есенбек.
Біреулер бау-бақша ісін, енді біреулер электр, радио өнерін үйренуді тілейді. Осы сияқты тұжырымды ой пікірден колхозды ауыл өмірінің жүрек соғысы аңғарылды. Соның бәрінен мектепке, мұғалімдерге деген талаптың салмағы ерекше сезілді.
Педсоветтің бұл бет алысы Күдеріге үрей салды: «Колхозшыларды қойшы, тіпті мұғалімдердің көбі Жақыпбектің әсіре қызыл жаңалығына сырттай елігіп, адасып барады. Сіз түземесеңіз мерт боламыз» дегенді аңғартып, Күдері Елизавета Сергеевнаға қиыла қарап, лебіз күтті.
Дау-жанжалды қаламаса да, мұндайда Елизавета Сергеевна үнсіз қалуға тиіс емес еді, және ол пікір айтса, өзін тыңдата да, сыйлата да алатын. Күдерінің сондай құрмет иесіне дәл қазір үңілуі заңды да еді.
Оның ақсары жүзінде ешқандай кейістіктің яки Күдеріше шыжалақтаудың нышаны атымен жоқ. Май күніндей жадыраңқы, нұрлы. Аспан түстес, бірақ тұнық мөлдірі біраз кеміп, аласында сарғыш дақтар көбейе бастаған көкшіл көздері көңілдірікті аңғартып, қадалған жеріне сәуле төгіп тұрғандай, жарқырай, жайнай түскен.
Директор суалып отырғанда, әріптес ескі досының бұлайша қуануының мәні қалай? Мектеп қамы жанын ауыртпайтын болғаны ма? Әлде Жақыпбек сияқты жас мұғалімдерді әбден сөйлетіп алып, логикасы болаттай бұлтартпас дәлелді сөздермен төбеден бір-ақ ұрмақ болып, өз күшіне өзі сенгендіктен қысылмай, әдейі еркін отыр ма?
Күдері қанша ойласа да түсіне алмады. Тіпті ол Елизавета Сергеевнаның сөзін өз аузынан естіп те алғашқыда нанбағандай аң-таң болып, бүк түскен күйде отырып қалды. Қаншама қабылдамайын басқаша ұғайын десе де, ескі досының сөздері ол ырқына көнбей, құлағына жат естіле берді.
— ...Мен қуанам, мынау отырған жас достарға қарап қуанам. Бұлар бізге жаңа толқын әкелгенін байқамауға бола ма! Мектебімізден жаңа бір леп еспей ме! Соны байқайсыздар ма?.. Жоқ, құрметтім, Күдері Кадирович, бұл жаңа лепке көз жұма қарауға правомыз жоқ. Көне ойымызға жаңа ой араласқанын мойындап, талантты жастар, біз сендермен бірге дегенді қуана айтуға тиіспіз...
«Жоқ, жоқ, жетер, Елизавета Сергеевна! Естігенім жоқ, естігім де келмейді!..» Ескі досының сөздеріне іштей осы қарсылықты білдіріп, екі жағын таянып, төмен шұқшиып Күдері қалды. Жалғыз-ақ бар айтқаны мынау болды:
— Сіз бен біздің жасымызды бұлайша жеңілтектік көрсету дегенге өз құлағыммен естімесем сенбеген болар едім. Амал қанша... Тіпті, қалай ойласам да, сіздің бойға қондыра алмаймын...
— Ой, ой... Қандай өзімшіл едіңіз, а!..
...Пікірлер бір арнаға құйылып, ауыл мектебінің жұмысына өзгеріс енгізу деген ой жеңіп тынды. Бұған қарсы көтерілген Күдері, Батырбай пікірлері толқын ықтырған салындыдай, тасқын ойлардың ығында ескерілмей қалқып қалды.
Жұрт қалауы жинақталып, педсоветтің үніне айналды да, қаулы болып қабылданды.
Күдері ұзақ жүріп, жолы болмаған аңшыдай педсоветтен еңсесі түсіп, қабағы жабылып, үйіне көңілсіз қайтты: «Осы бала не істегелі жүр, ә?..»
ЕКІНШІ БӨЛІМ
1
«Жазылмаған жаңа дәптер, бүгін сенің бетіңді ашам. Ендігі сөз сенен басталады. Алайда, алғашқы жазар ісіме көңілім толып отырған жоқ. Ойымнан енерім кем соғып, көңілсіздеу жайлардан бастадың, күнделігім!..»
Бұл бірінші сабақ басталған күні жазылған күнделіктің кіріспесі еді. Енді қарап отырса, жазылған сөздер көбейіп, қалың қара дәптердің бірінші беті едәуір алыста қалған. Жақыпбек парақтап ашып, жазғандарына көз жүгіртіп көріп еді, сәтсіздікті ғана емес, қуанышты аңғартқан күндер де кездесе бастады. Сол күндердің әзірге ең бір елеулісі соңғы педсовет еді.
Бұл педсовет оны жаңа белге көтерді. Күдерінің қарсылықтарын естігенде, «осының аяғы қалай болар екен? Менікі құр әурешілік боп шықпаса не қылсын» деген бір ой есіне келе кеткені бар еді. Мұның өзі коллектив сырын жете білмеуден туа қалған-ды. Артынан, педсоветтің барысында «қайтып осылай үстірт ойладым екен» деп ол өзін-өзі жазғырған.
Расында, жаңалық іздеген ой бір мұныкі ғана емес, ортақ боп шықты. Мейлі бұл, мейлі өзге біреу айтсын, әйтеуір ауыл мектебінің бағыты, ондағы коллектив ыңғайы тың арнаға бет алып бара жатқанын, бүгінгі күннің мүддесі дәл осыны тілеп отырғанын педсовет айқын көрсетіп берді. Өзін сол бүкіл коллектив ойын бейнелеушінің бірі екенін сезініп, мықты таяныш тапқанына, бұл таяныш оны адастырмайтынына, әрқашан да дұрыстықты меңзейтініне көзі жетіп, қуанды. «Коллективке жаңа ой ұсын.
— Ол сені ыстық құшағына қысып, ойыңа ой қосып, ілгері бастап әкетеді. Тек, тырбана біл, тырбана біл, достым!..»
Қара дәптердің беттеріне жазылған сөздер әзірге осылай аяқталған еді...
— Беріле оқуыңызға қарағанда бір қызық нәрсе болды ғой, — деген дауысқа Жақыпбек жалт қараса, Бану қасына кеп күлімсіреп тұр екен. Ол абыржып:
— Жоқ әшейін, — деп дәптерін жаба салды.
— Неге сонша қысылдыңыз?
— Қысылудан аман едім, білмеймін...
— Жоқ, жасырдыңыз...
— Оқуыңа болады. Күнделік дәптер.
Күнделігіне нендей сөздер жазады екен? Білер ме еді, деп құмартқанымен оқуға ұялып және кабинетке Елизавета Сергеевнаның кіргенін көріп, ол «ә, солай ма?» дей салды да, жұмыс жайындағы әңгімеге кірісіп кетті:
— Елизавета Сергеевна, жақсы келдіңіз. Ұмытпай тұрып сұрайыншы: 6-а класында, кеше сіздің сабақтан кейін Баймұратов құлағына дейін қызарып, көп уақыт тынши алмады. Сұрасам, айтпайды, не болып еді?
Қарт мұғалима ойланын қалды. Ешқандай төтенше құбылыс болмаған, сабақ әдеттегідей «тыныш» өткен.
— Біле алмадым. Мәселен, мен тарапынан еш нәрсе айтылған жоқ, — деді Елизавета Сергеевна таңданып.
— Ендеше оған не болды екен?
— Басқа балалар не дейді?
— Қайсысынан сұрасам да, «білмейміз» деп күлімсіреп төмен қарайды.
Елизавета Сергеевнаның сабағында Сапардың Бану айтып отырған көңілсіздігі байқалмаған. Не болса да, тегінде менің сабағымнан туған ғой? — деп ойлана отырып, тәжірибелі мұғалима болмашы бір құбылысқа назар тікті.
Ол ежелгі әдетінше жаңа сабақ бастамай тұрып, өткен материалды еске түсіру, пысықтау мақсатымен оқушылардан жекелей сұрай бастаған. Кезек"Сапарға да келгені бар. Ол бұрынғысына қарағанда тәп-тәуір жауап берген. Мұғалима шәкірттің сабаққа ынта қойып келе жатқанын аңғарып, іштей оған риза да болып қалған.
Мұнан басқа не болды? Тіпті, ешқандай көңіл аударарлық оқиға болған жоқ... Ойлана түсіңізші, Елизавета Сергеевна!.. Сапар сұраққа бөгеле, бірде дұрыс, бірде теріс жауап беріп тұрғанда, Жарқынның қолын қайта-қайта көтеріп, тықыршып отырғанын білесіз бе? Иә, ол да есте. Ал мұнда не тұр?.. Тағы да әрі қарай үңіліңізші. Сапар жауап беріп тұрғанда, Жарқынның күліп жіберіп, кішкентай алақанымен аузы-мұрнын қоса басып, төмен тұқырая қойғанын аңғармап па едіңіз?.. Жоқ, жоқ, аңғардыңыз. Әуелі Жарқынға. содан кейін бүкіл класқа үнсіз қарап өттіңіз де, Сапар айтқан бір сөзді өзіңіз әдейі қайталап, түзеп айттыңыз: «Бөлшой» емес, «большой... Сапар, тағы бір айтшы. Тағы, тағы... Жақсы, отыр» дедіңіз.
Осы сөз сіз кеткен соң Сапарға желім боп жабысты. Коридорға шығып алып Жарқын: «бөлшой, бері кел» деп оны келемеждей бастап елі, күллі балалар шуылдасып, залды басына көтерді. Сөйтіп жазған Сапар ойда жоқта «бөлшой» деген ат тауып алды Орысшаға тілі әлі онша көп сынбаған, сабақты нашар оқитын Сапар бұған қатты намыстанып, Жарқынды түтіп жеп қойғысы келсе де, лажын таба алмай, құлақ, шекесіне дейін қызарып әбден ашуға булығып біткенді. Келесі сабақта, Бану класқа жаңа кіре бергенде Жарқын Сапарға: «Бөлшой, хал қалай» деп жазып, бір жаяу почтаны жөнелтіп жіберген...
Бану Сапардың неге ашуланғанын міне, енді біліп, шек-сілесі қата күлді.
— Әй, балалық-ай!..
— Орыс тіліне тіпті нашар ма? — деп сұрады Жақыпбек.
— Басқа сабақтарға қарағанда қайта орыс тілін жақсырақ біледі деуге болады. Әйтсе де жазуға, ережеге әзірше әлсіздеу, жеке сөздердің екпінін де дұрыс сақтай білмейді. Бұл, әрине жүре жойылатын кемшілік. Баймұратовтың бұл кемшіліктерден арылуға қабілеті жетеді,- — деп Елизавета Сергеевна оқушысын жақсы, жаман жақтарын безбендей отырып мінездеді.
Елизавета Сергеевнаның бұл айтып отырғандарының шынында да жаны бар еді. Сапар орыс тілінен құр алақан болмайтын. Сөйлесуге, әсіресе, бейпіл сөзге келгенде аузы аузына жұқпай, үсті-үстіне бұрқыратып жіберетін. Жеке сөздер қате айтылып, екпіндер бір буыннан екінші буынға аунай түсіп, жалғаулар шалыс келіп жатса да, ол өз ойын түптеп келгенде кәдімгідей ұғындырып беретін. Алайда, соған қарамастан, Жарқынның бұған күлерлік орны бар еді. Бұл өзі орыс тілін таза сөйлейтін, жазғанда көп қате де жібермейтін. Ол сөйлегенде Сапардікі сияқты тілі дөрекі емес, бір түрлі жатық, тыңдауға да сондай келісті естілетін. Бұған Сапар іштей қызығушы еді.
— Жарқын тым мақтаншақ боп барады. Бұл бала жайында ойласу керек, — деді Жақыпбек.
— Ойласатын одан да зорырақ мәселе бар, — деді Бану.
— Ондайың болса айта отырмаймысың, — деп Жақыпбек әзілдеп қойды.
— Мектепті жаңа арнаға саламыз деп қой педсоветте қаулы алдық. Бірақ мен сол қаулымыз қағаз жүзінде қалып қоя ма деп қорқамын. Олай дейтінім, басқаны білмеймін: мен өзім ендігі жерде балаларды қалайша оқыту керектігін білмеймін.
— Бұрын қалай оқытсаң, қазір де солай оқытасың, педсовет революция жаса демеген шығар, Бану қарындас.
— Сіз менің сөзімді дұрыс ұқпадыңыз. Мені қинайтын мына мәселе: мен, мына, биологпін, солай ғой. Ал, осы мен биология пәнін өмірге жақындату үшін нақты не істеуім керек?
— Соны айтыңызшы!
— Бәсе, не істеуің керек? Оны алдымен өзін айтуға тиіссің.
— Мен не айта аламын? Түк айтуыма болмайды. Өйткені жаңаша оқытарлық бізде жағдай, он екі де бір нұсқа жоқ. Тым құрыса мектеп жанында участок болса екен-ау. Жалғыз экскурсиямен алысқа бара алармыз ба?..
Онысы рас. Экскурсия да, колхоз өмірінен мысал алынып, жақсы түсіндірілген, жақсы оқытылған сабақ та оқушыға дәл ойлағандай білім бере қояды деп көңілді тоққа санау қиын. Терең білім беру мұнымен ғана шешілетін болса, онда ойлап бас ауыртатын да ештеме жоқ. Өйткені бұл бұрыннан мектеп өмірінде қалыптасқан, бар тәжірибе. Мектепті ауыл өміріне жақындату дегеніміз, тегінде, бұдан гөрі басқарақ болса керек.
Жақыпбектің ұғымында биолог болсын я физик болсын, кім болса ол болсын — шындап білім беруді жүзеге асырамын десе, ол бәрінен де бұрын, бүгінгі ғылымның, техниканың жаңалықтарын елестете алатын, физиканың, химияның, биологияның жақсы жабдықталған арнаулы кабинеттері болуын ойлауға тиіс. Бұл да аз. Колхозда өнетін мәдени дақылдардың барлық түрі мектеп жанында өспейінше, оқушы соларды өз көздерімен көріп, өз қолдарымен егіп, өз өнерлерін жұмсап, жемісін татпайынша әр жақты білім беру жүзеге аспайды. Ал, бұл жағдай мұндағы мектепте әзірге жоқ. Кабинеттер бір күнде жабдықталып, мектеп бауы бір күнде барлық өсімдікке тола қалмайды. Бұл айлардың, жылдардың ісі... Сонда қалай болғаны?..
Банудың талабы, міне, осындай қиыншылықтан туып отыр.
— Елизавета Сергеевна, бұл жайында сіз не айтасыз? — деп Жақыпбек өзі шеше алмай, тәжірибелі мұғалімге салмақ артты.
— Менімше, ауыл өміріне биологиядан жақын тұрған пән жоқ. Бұл пәнді үйретуге мүмкіншілік те көп. Менің қымбаттым, сен орынсыз абыржисың, — деді ол Бануға.
— Биология кабинеті жаңа құралып жатса, я зоологиялық мүйіс, я бау-бақша деген атымен жоқ болса, қайтып мен бұл пәнді өмірге жақындатпақпын? Елизавета Сергеевна, сіз, міне, маған осыны айтыңызшы, — деп Бану ентелей түсті.
— Өзің ойлашы, қымбаттым, жоқ деп отыра беруімізге бола ма?
— Қарап жатқамыз жоқ қой, Елизавета Сергеевна...
Банудың сұрағына Елизавета Сергеевнадан нақты жауап бола қоймағанына Жақыпбек шыдап отыра алмай, өзін мазалаған ойдың ырқына жығылып:
— Банудың дәл бүгін таңда не істеу керектігі жайында қойып отырған мәселесі өте орынды сияқты, — деді ол. — Айтты-айтпады, әзірше ие істеуіміз керек?..
Бұл ойдың ар жағын дереу Бану іліп әкетті.
— Әлде мектепте бүгінгі өмір талабына сәйкес білім беруді жүзеге асыруға әзірге тиісті жағдай жоқ деп, оны биылша жылы жауып қоя тұрмақпыз ба?..
— Күні кеше ғана колхоз өндірісіне арқа сүйейміз деп педсоветте келіспедік пе...
— Келісуін келістік қой...
— Келіссек, сол ойымызды биыл жүзеге асыра беретін боламыз...
Елизавета Сергеевнаның не айтқалы отырғанын Жақыпбек те, Бану да аңғара алмай, оның бетіне балаша жалтақтап, үнсіз тынып қалды.
— Сен биология кабинеті жоқ дейсің, қымбаттым, дәл жанымызда тұрған тамаша кабинетті көрмейсің. Колхоз басшыларымен келісіп, осындағы хата лабораторияны бұл мақсатқа пайдалануға болмай ма? Немесе колхоздың фермаларын алыңыз... Бұларды да зоология мүйісіне айналдырып жіберсе қайтер еді...
Ойдың сілемі білінсе-ақ ар жағын өзі жіптестіріп, жалған әкетуге Жақыпбектей қабілетті адам сирек кездесер еді. Ол тәжірибелі мұғалиманың ойын тез пайымдады.
— Міне, саған, биолог жолдас, тамаша кабинет! Хата лабораториядан өсімдікке бай мүйісті іздесең, табар ма екенсің?..
— Елизавета Сергеевна, мұныңыз тамаша пікір болды, — деп Бану да қостай жөнелді. — Биылдың лажы табылды...
— Сіздер мені қостамай тұра тұрыңыздар. Мұның ыңғайсыз жақтары да бар. Оны да ойласайық...
— Ойласуға, пікірге пікір қоса беруге әрқашан да болады... Ал, бірақ, сіздің ұсынысыңыз өте бағалы екендігіне шек келтіріп жатудың ешбір жөні жоқ. Бұл пікіріңіз көп ойдың көзін ашып салды. Колхоз өндірісі — екінші мектеп болудың сіз бізге тура жолын тауып бердіңіз...
— Сіз мені орынсыз мақтап барасыз. Ал, директор біздің бұл пікірімізбен келіспеуі де мүмкін.
— Елизавета Сергеевна дұрыс айтады, Күдері ағай, көріп тұрыңыз, қарсы болады.
Қарсы болмайды, келіседі. Егер келіспей бара жатса, көндіреміз! — деді Жақыпбек.
Оның даусы сенімді, нық естілді.
2
Кітапханашы Нұржамал егін басынан оралған Есенбектің кеңсеге кідірместен, торы жорғаны шайқалтып, өтіп бара жатқанын терезеден көзі шалып тысқа жүгіріп шықты.
— Мен сізді таң атқалы күтіп отыр ем. Мүмкін болса, мойыныңызды бұра кетсеңіз...
— Соншама асығыс жұмыс па?
— Жақыпбек мұғалім мына қағазға сіз тағы да қол қойып береді деп еді.
Оның председательге ұсынып тұрған қағазы облыстағы «кітап саудасы» бөліміне колхоз атынан жазылған қатынас болатын. Онда колхоз кітапханасына бас-аяғы бес жүзге тарта кітап сұралған, олардың атына, авторына, қай кітап, қанша данадан керектігіне дейін көрсетілген-ді. Мұндай қатынас әуелі ауданға жазылған еді. Бірақ, ауданда жоғарыда көрсетілген кітаптардың көбі болмай шықты. Осыдан кейін Жақыпбек пен Керей ақылдасып, Нұржамалды тікелей облыс орталығының өзіне жіберуді ұйғарысқан.
— Сонымен, облыстың тура өзіне тарттың ба? — деді Есенбек қағазға қол қойып тұрып.
— Нем кетіпті, барып қайтам.
— Құр барып қайтпа, алып қайт!
— Берсе, алам ғой.
— Алыстан келгеніңді айтып, басшыларына жолық, көп ұялшақтай бермей, пысығырақ бол! Әйтпесе, одан да құралақан келуің ғажап емес. Жақсы кітаптардың қолдан қолға тимейтінін білесің ғой.
— Әдейі барған соң, құр қайта қоймаспын.
Осы кезде клубтың алдынан Баймұрат көрінді де, Есенбектің назары соған ауды.
— Ау, жарқыным, бері келші, — деп дауыстады, содан кейін ол Нұржамалға бұрылды.
— Ал, жолың болсын!..
Баймұрат пен Сәтен қалаға барып, қуатты радиотораптың аппаратын және толып жатқан музыка аспаптарын алып қайтқан болатын. Соларды бүгін реттеп завхоздың клубтан шығып келе жатқан беті осы еді. Тегінде бастықтың осы жайында сұрағысы келген болар деп ойлап, Баймұрат тындырған ісін асыға баяндай бастады.
— Бірақ, Есенбектің оны шақырған себебі мүлдем басқа, болып шықты.
— Сені кеше сабаққа қатыспады деп мұғалімдерің шағым айтып кетті. Ол қалай?
— Жұмыс көп... Қол тимейді.
— Немене, басқамыз, қол бос, еріккендіктен оқып жүрміз бе?
— Сіздердің жөндеріңіз басқа. Бұрын оқыған адамсыздар. Ал, маған сабақ оқу деген көп қол байлау. Нансаңыз жұмыс істеуден қалдым. Бар уақытым кітап пен дәптерге үңілумен кететін түрі бар. Задында, мені қинамасаңыздар да болады ғой.
— Оқығың келмей ме?
— Қара танимын, шот қаға білемін, есебімді ешкімге жібермеймін. Жетпей ме... Тіптен қартайғанда мені оқы деп қинаудың өзі орынсыз...
— Енді неше жыл өмір сүрем деп ойлайсың?
— Кім білсін, елуден асып кеттік қой.
— Жиырма, отыз жылдан кемге келіспессің.
— Әрине, маған салса, енді бір қырыққа да қарсы болмас ем ғой.
— Көрдің бе, әлі де қырық жыл өмір сүргін келеді. Ал, қырық жылда ауылдың қандай дәрежеде болатынын ойлайсың ба?.. Қара тану былай тұрсын, ол кезде колхозда институт бітіріп қана қызмет істеуге тура келер. Соны да ескер...
— Баймұрат желкесін қасыды.
— Бұдан былай сабақтан қалушы болма.
Есенбек торының басын кері бұрды да, мектепке бет түзеді. Бұл кез күн кешкірген, алтыншы кластарда сабақ аяқталған мезгіл еді. Есенбек директордың кабинетіне беттеп бара жатып жолшыбай Дабырды естіп, бір бөлменің есігін аңғармай ашып қалды.
— Есеке, кіріңіз! — деген дауыс іле шықты.
— Мен байқаусызда тәртіпсіздік жасап, сабақтарыңды бөліп жібердім бе? — деді Есенбек ішке кіріп.
— Жоқ, сабағымыз біткен...
Мұндайда өзгеден бұрын қимылдайтын, өзі бірінші қатардың есік жағында отырған Бектай күбір етіп:
— Бұл үйірме сабағы, — деді.
Оның арт жағында отырған Әйтен «сөйлеме» дегендей оны бүйірден түртіп қалды. Бектай бір селк етті де, жым болды.
— Есеке, жақсы келдіңіз. Бір қызу мәселені талқылап жатыр едік, — деді Байсал.
— Менің де тыңдауыма бола ма?
— Тыңдауды айтасыз, сізбен ақылдаспақшы едік...
Председатель Бектайдың қасына келіп отырды. Оның зор денесі партаға оңайлықпен сыймай, аласа отырғыштан екі тізесі жоғары сопайып шығып, арқасы кептеліп қалғанын байқай қойған балалар бір-біріне көз жүгіртісіп, өзара жымиысып алды.
— Біздің осында отырған үйірме мүшелері — бәрі де радио өнерімен әуестенушілер, — деді Байсал Есенбекке таныстырып,-бұлар детекторлы радиоқабылдағыш жасап шығарған еді. Жаңа соны сынап көрдік. Таяудағы қалалардан жақсы қабылдады. Алайда, біздің жас шеберлер бұл істеріне өздері қанағаттанбай отыр. Колхозымызда электр қуаты бар, детекторлы қабылдағыштың бізге қажеті не, одан гөрі тиімдірегімен шұғылдансақ дегенді айтады.
— Дұрыс талап...
— Ал лампалы қабылдағыш та колхоздың ішкі өміріне қолайсыз. Тоқ етерін айтқанда, біздің балалар колхозда радиотрансляциялық торап болуын қалайды... Анада бұл жайында бір айтқан сөзіңіз де бар еді, — деп Байсал әңгіменің аяғын председательдің өзіне артты.
— Е, оны да қолдан жасамайсыңдар ма? — деді председатель әдейі аңғал пішін көрсетіп.
— Аппаратын жасау қиын ғой, Есеке! Егер сол болса, ар жағын біздің үйірме мүшелерінің өздері-ақ дамытып әкетер еді.
— Солай ма?. — деді Есенбек қуланып, — МГСРТУ-100 қалай болар еді?
— Тамаша болар еді, — деді Байсал күліп.
— Олай болса қазір клубқа бар да, іздеген радиоторабының аппаратын қабылдап ал!
— Рас айтасыз ба?
— Рас болмағанда.
— Қуанғаннан балалар уралап жіберді.
— Байсал енді шұғыл істелетін жұмыстарын атады.
— Балалар, — деді ол, — колхоз радиоторабын осында, физика кабинетіне орнатамыз. Дұрыс па? Содан соң ертеңнен бастап, барлық колхозшылар үйін радиоландыруға кірісеміз. Бұған қалай қарайсыңдар?
— Дұрыс, Дұрыс.
— Біз әзірміз, — деп оқушылар құптап әкетті.
— Председатель орнынан көтерілді:
— Жүр, Байсал, директорларыңа кірейік.
— Есенбек пен Байсал көңілсіз әңгіменің үстінен шықты.
Шырақ осы істеп жүргенің менің көңіліме қонбайды. Оны әнеугі педсоветте де айтқам. Бірақ, лаж не, әзірге менің теріс, сенікі он болып тұр. Қайтем, көпке топырақ шашамын ба? Істей бер ойыңа келгеніңді. Мектепті жауып, балаларды біржолата сиыр қорада оқытам десең де еркің. Жалғыз-ақ мынаны ұқ: мектеп — өндіріс орны емес. Ол жаңалығыңа талғап-талғап қарайды. Түбі айтпады деме, осының тақсіретін бір тартамыз...
Осындай зілді зілді сөздер шығарып, райсыздық білдіруіне апарғанда, Күдері әбден таусылып, бітеу жараға іштей жұқарып болғанға ұқсайды. Жақыпбек те оның ыңғайын танып, көп қажай бермейін дегендей елпілдеп:
— Ақсақал, маған орынсыз ренжисіз, осынын бәрі коллективтің ырқымен болып жатқан жоқ па, — деп күмілжиді.
— Немене, осы сендердің дауларын бітпейді? — деді Есенбек.
— Екі қазақ бас қосқан жерде дау жүретінін білмейсің бе? — деді Күдері өзінше әзілдеген болып.
— Сенің дауыңа да қазақ, кінәлі... Қарашы сөзінің түрін.
— Түйенің танитыны жапырақ деп, мен десе, дүрсе қоя беретін әдетің ғой сенің...
— Бұл директорларың алпысқа жетпей алжып болған, — деді Есенбек Жақыпбекке қарап күліп, — мұның сөзіне ойша парық бермей, жұмысты батыл жүргізе беріңдер.
— Әй, Есенбек, сенің мұның қай тәлімің? Жастар сыйламасын дегенің бе?
— Одан қорықпа. Кәрі біз болмасақ, жастар сыйлай да, сыйлата да білетін сияқтанады ғой.
— Күдері сырттай әзілмен қағысқансыса да, іштей жаратпай қап, орынсыз томсарды.
— Жарайды, қойдым, қабағың түсіп кеткен екен. Сен көксоққан қалжыңды да көтере алмай ашуланып масқара қыларсың.
— Сен көсе, өзіңнің шадыр мінезіңді маған таңба, — деп Күдері де есесін жібермей, сөзбен шымшып қалды.
— Сақалды құл жарытпас деп сенің иегіне біткен бес тал қылшығыңнан кімге пайда бар...
Қағытқан әзілдерін қызықтап тыңдап, Жақыпбек пен Байсал бұлардың сөзін бөлмеді.
— Пайда бар ма, жоқ, па, оны қайтесің, қане, өзің келген шаруаңды айтшы. Не ғып мектепшіл болып кеттің? — деді.
— Бұған не деуге болады. Келмесем ғой келмеді деп жазғырар еді. Келсем тағы жақпаймын... Жақыпбек шырағым, осының бабын тауып жүрген сендер мықты екенсіңдер...
Есенбек өз фамилиясын қатты қадірлейтін, оны кір шалмауын жақсы көретін адам еді. Сондықтан бала тәрбиесіне өте көңіл бөлетін. Оның мектепке келген бүгінгі жұмысы да осы тәрбиеге, жалғыз ұлы Жарқынға байланысты болатын. Баласы қалай оқиды? Ол жағы әкеге аянды. Бұған байқалмай жүрген нендей кемшілігі бар? Неден сақтандыруға тура келеді, осыны мұғалімдерінен білмекші еді.
— Жарқынды несіп сұрайсың. Ол бір жақсысы сен емес, мектебіміздегі ең үлгілі, озық оқушылардың бірі, — деді Күдері.
— Сендер қалай ойлайсыңдар? — деп Есенбек Жақыпбек пен Байсалдан да пікір күтті.
— Күдекең дұрыс айтады. Ол біздің мақтанышымыз, — деді Байсал.
— Озық оқушы екені рас, — деді Жақыпбек, — бірақ кемшілігі де бар. Менің байқауымша Жарқын тым өзімшіл, мақтаншақ болып барады. Мұны да әке құлағына салу артықшылық етпейді.
— Онысы әкесіне тартқаны ғой, — деді Күдері әзіл мен мысқылды араластыра.
Фамилиясына дақ түсе бастаудың бұл бір бет ашарындай сезіліп, Есенбек көңілін демде кірбің шалды. Мұрттары тікірейіп, жақ терілері бүртіктеніп, көзінен от шашырап, әдеттегі жайдарылық та жым-жылас жойылып кетті.
— Сіз ешқандай қапа болмаңыз, — деді оған Жақыпбек, — мен сізге мүлде елеусіз, бірақ, қазір көрмесек, түбі үлкен мін боп қалатын жағымсыз қасиетті әдейі сақтандыра, дардай етіп айтып отырмын. Демек менікі бала үстінен әкеге шағым емес, мінездеме... Осыны жақсылап түсініп алыңыз. Балаңызға ештеңе демеңіз...
3
Таңертеңнен бері қабағын түйіп тұрған аспан әлемі бұрынғысынан да тұнжырап, шығыстан соққан жел күшейіп алыпты. Көкті торлаған әрі сәл бозғылт тартқан өркеш-өркеш қарақошқыл бұлттар қоюланып, қаңбақша көшкен қарқынын баяулатыпты да, аспан асқарынан едәуір төмендей, жерге төне, батысқа қарай ойысуға шыққан. Бірақ көшпелі ұшпа бұлт емес, арты да, қабаты да қалың, ұзақ уақытқа торлаған бұлт тәрізді. Қалың бұлт қанша жосыла көшкенімен, шығыс жақ көкжиек одан босар түрі көрінбейді. Жер мен көк тұтасып кеткен. Бір тайпа бұлт жоғары көтерілсе, екіншісі оның орнын толастамай, қою қара-қоңыр түтіндей шұбатылып, үртіс шығып атылып жатыр. Ал батыс жақ сол бұлттарды өзіне, көкжиекке жинап жатқандай қап-қара боп түтігіп тұр.
Аспан аясын Жақыпбек желді күнгі теңіздің бетіне ұқсатты. Бұл оның пионер кезінде «Артекке» барып жүріп, Қара теңізде кешкен саяхаттарын есіне түсірді. Сонда теңіз қара-қошқыл тартып, бұйра толқындары астан кестен болып жағалауды соғып, нақ осындай сапырылысып жатқаны бар-ды. Көп қызықтарды балалықпен еркін аңғара алмаған әсем Қырымға енді бір барып қайтар ма еді деген ойлар келіп, жазғы демалысын, болашақ үй тұрмысын есіне алды...
Бұл ой мектеп участогіне жеткенше ілесіп келді де, жұмысқа араласысымен ізін суытып, ұмыт болды.
Мектеп маңында мұғалімдер мен оқушылар екі топқа бөліп алып, бірі жер қазып, екіншісі бұрын қазылып қойған шұңқырға көшет қадап жатты. Есенбек сонда келді.
- Мектепті бауға бөлепсіңдер ғой, — деді ол Жақыпбекке миығынан күліп.
— -Бауға бөлемесек те, болашақ баудың алғашқы шыбығын қададық.
— Көшеттерің жете ме?
— Жетуге тиіс.
Председатель қадалған көшеттерді аралап көре бастады. Ол мектеп терезесі тұсынан жиырма-отыз қадамдай өтіп барып кілт тоқтап, басын шайқады.
— Емендердің арасы тым жақын болып кеткен. Бұл биіктеген сайын бұтағын бүйірге жайып, аумағын шығара өсетін шаш екенін есепке алмағансыңдар. Бірнеше жылдан кейін емендерің бірінің есуіне бір бөгет жасайды.
— Бану, мұнда кел, — деп дауыстады Жақыпбек.
— Бану келді.
— Биолог жолдас-ау, сен не қарағансың, председатель жұмысымыздан ақау тауып тұр.
— Алдындағы шыбықтарға қарап Бану сөз болып тұрған жайды бірден аңғарды.
— Мұнда терек пен қайың өсірілуге тиісті еді. Емен егіп қойыпты ғой балалар.
— Баланың ісі шала деген, байқамаса болмайды, — деп Есенбек тамағын кенеп, қою қара мұртын бір сипап қойды.
— Батырбай аға, мен сізге сеніп ем, — деп Бану тарих мұғаліміне ыңғайсыздана қарап, кінәлі адамдай көзін төмен алып қашты.
Ырың-жырыңы, лауы көп құр әбігершілік сияқты көрінсе де. колхоз, мектеп болып қолға алып ұйымдастырылғаннан кейін мағына тауып, бірте-бірте үйреншікті іске айналып келе жатты. Жақыпбекті бұл да қуандырды.
Ынтадан талап, талаптан мақсат туындап, геройымыз жастықтың мұқалмас отты қайратына мінді. Ол келгендегідей емес, алып-ұшқан, бір жүдеп, бір оңалған толқымалы көңілі орнығып берік сенімге ие болды...
Бірақ, адам өміріндегі екінші өзек — жеке бас тіршілігінде ол дәл мұндай қарыштай алмай, мүдіріп, кірбің қабақтың от басы тіршілігінің елеусіз ескі бөгетіне сүрінген еді. Сүйген қызынын әке-шешесі жүз шайыстан кейін, ескішіл томырық мінезге басып, ашылып сөйлесуді де қойып алды. Тіпті, кемпірден «үй тар» деген кейбір күңкіл де шыға бастады. Осыларды аңғарғаннан кейін Жақыпбек пәтер іздеп, ақыры Банудың үйіне орналасты. Содан соң, болған жайды баяндап, «басқа пәтерге шықтым» деп Әсимаға хат жазып жіберген. Қыздан содан бері хат жоқ. Не деп жауап келер екен деп Жақыпбек жүрегі бір жағынан күпті де, екінші жағынан кемпір-шалмен ортақ тіл таба алмағанына қынжылғандай болады.
Ешқандай кінәсы болмаса да ар-намысына дақ бұл оқиға, осының салдарынан туып өршігелі тұрған Әсимамен арадағы қазірдің өзінде алыстай бастаған достықтың бұлдыр тағдыры жігітті қатты мазаласа да, қамы мен түр-тармағы көп әлеуметтік қызмет зор аумағымен кесе-көлденең тұрып, жеке бастың күңгірт тартқан қоңыр көшін тасада қалдырып, өзінің күнгей қызығына тартатын да, өзгені уақытша да болса ұмыттыратын. Оның жайдары қабағының түйілмейтін де себебі, міне, осында еді.
Жақыпбекті іштей ұнатып, өзінің ең. жақын адамындай жақсы ниетпен қадірлей жүріп, одан көзін бір алмайтын Бану жігіт жанының түкпірінде булығып жатқан жеке бас сырын барлай алмаса да, қызмет бабындағы тәтті күйді өзгеден ерекше аңғарып, жүрекпен түсінген. Мектепте болсын, немесе осындай жұмыс үстінде болсын, оған өз назарын жиі-жиі тастап, тоймай қарайтын. Қараған сайын жігіт жүрекке жылы тиіп, қыз жанын әлдебір жұмбақ сырға толтыратын. Неге екені белгісіз, оның әр ісі, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзіне дейін сүйкімді көрініп, қыз көңілін сол бір жылы лебімен желпіп, білдірмей мазалап, тыным бермейтін. Алғашқыда сыйлаудан, сүйсінуден басталған сыпайы сезім, келе-келе сол күйінен жаңылып, жаңағыдай тынымсыз қалауы бар, сыры жұмбақ күйге ойысқан.
Осындай белгісіз бір күш тыным бермегендіктен бе, Бану Жақыпбекпен лебіздесуді соңғы күндері өте ұнатып тұратын болған. Сол әдеті бойынша бүгін де еңбек рақатына жүзген жігітке бір қалт берісте әлдене айтпақ болып күлімсірей қарап қалған-ды. Дәл осы кезде: «Сен бұл арадан кет!» деген Жарқынның даусы естіліп, қыздың да, Жақыпбектің де, оқушылардың да назары солай ауды.
— Не жанжал, Бану, сен сол жақта болшы! — деді Жақыпбек.
Бану Батырбай бастап ағаш отырғызып жүрген балаларға келді.
— Жарқын, сен неге айқайладың? — деді Бану.
— Мынау Сапар жұмыс істетпейді.
— Әй, сен мұғалімге өтірік шағыстырма! Мықты болсаң, менімен жарысқа түс дегеннен басқа, жұмыс істетпей мен саған не қылдым, — деді Сапар Жарқын сөзін жоққа шығарып.
— Жанжалды қойыңдар!
— Қолынан жұмыс келмеген соң тілі мен жағына сүйенеді.
Сапардың мына сөзі Жарқынның намысына тиді.
— Сен ғұрлы жұмыс істей білемін!..
— Кел, екеуміз қатар түсіп шұңқыр қазысайық...
— Сөз екен, сенімен бәсекелесіп жүрсем-ау...
— Әне, батылың жетпейді...
— Кел ендеше! — деді Жарқын Сапар сөзіне шыдай алмай.
— Қойыңдар, балалар!
— Апатай, бөгемеңіз! Мен екі шұңқыр қазғанда бұл бір де шұңқыр қаза алмайды, — деп өтініш еткендей Сапар Бануға қиыла қарады.
Батырбайға да желік пайда болды.
— Қазса қазсын, екеуінің де күшін көрейік! — деп, ол Бануға тоқтау салды.
Жарқын күрек салған жерге екі метрдей жақындап келіп, Сапар да тұра қалды.
— Әй, өзің ағаш пен ағаштың арасы осынша жақын болғанын қайда көрдің енді үш метрдей шегін, — деді Жарқын.
Сапар бұған қарсылық білдірместен Жарқын меңзеген тұсқа барды.
Екеуі де қауырт қимылдады. Және екеуінен екі түрлі қалып байқалды. Жарқын асығыс қимылдаса да, көп жұлқынбай қазған топырақты шұңқырдың сол жағына ғана тастап, байыптылық көрсетті. Ал, Сапар олай етпеді, топырақты кез келген тұсқа лақтырып, асыға сілтеді. Мұны көрген Бану оған ақыл берді.
— Қазған топырақтарыңды шашпа, әзірше сол жағыңа таста, сол тереңдегенсін оң жағыңа лақтыр! Соңыра ағаш отырғызғанда бұл екеуін алмастырып төгу керек болады.
— Өзі, жас мичуриншілер үйірмесіне қатысып жүріп, ағашты қалай егуді осы уақытқа дейін білмейді екен ғой, — деп сыбырлады Әйтен Бектайға. Осынысын мазақтап өлең шығарайын ба өзіңе?
Бар ынтасы ана екеуіне ауған Бектай оның сөзін тыңдамай:
— Қоя тұршы, дей салды.
— Жоқ айтшы, шығарайын ба, жоқ па?
— Не?...
— Өлең?...
— Әйтеннің қит етсе, өлеңін ала жүгіретіні Бектайға да, басқаларға да, әбден үйреншікті болып алған сыр еді. «Өлең» дегеннен-ақ ол ар жағын ұға қойып:
— Әй қойшы, сенің-ақ өлеңің бітпейді екен, — деп теріс айналып кетті.
Әйтен бұған мойыған да, ренжіген де жоқ. Бір езуін болымсыз қисайтып, жымиған күйде тұрып қалды.
Ақыры, шұңқырды Сапар бұрын қазып бітірді. Ол енді екіншісіне кірісуге ыңғайланып еді, Бану тоқтатын, дайын шұңқырларға көшет отырғызып жүрген екінші топқа көмектес дегенді айтты.
Сапар солай кетіп бар жатып, Жарқынға бұрылды да, төніп келіп тілін шығарды. Әрі қалып қойғанына намыстанып, әрі оның сықағына төзе алмай, Жарқын бір күрек топырақты Сапардың үстіне шашым жіберді.
— Әй, өзіңе не керек, — деп Сапар кілт тоқтады. Осы кезде Жақыпбек те бұлардың қасына келді.
— Бар енді, тез, — деп Бану Сапарды асықтырды. Сапар Жарқынға ұрынуды тілеп тұрса да, мұғалімдерден именіп, амалсыз кетті.
— Мұндай тәртіпсіздік етпес болар, — деді Жақыпбек Сапар кеткен соң Жарқынға.
— Өзі ыза қып қоймайды...
Жақыпбек өткір қара көзін балаға қадап тұрып басын шайқады.
Бұл қылығын мұғалімнің ұнатпағанын айқын аңғарған Жарқын құлағына дейін қызарып, «сөкеттік етсек кешіріңіз» дегендей ұялған кескінмен оның әмірін үнсіз күтті.
— Сен Сапармен табыс, кешірім сұра, — деді Жақыпбек.
Мұғалімнен мына сөз естілгенде Жарқын шошып кеткендей болып тітіреніп, «кешірім сұрайтын сонша ол кім еді» деген сойқан бұрқ етті. Жақыпбек оның дәл осы ойының үстінен түскендей, бала мінезіндегі түрпілікті салмағы ауыр зілді сөзбен тежеді.
— Шәкірттен шәкірт артық та, ардақты да емес, мұғалім үшін олардың ала-құласы жоқ, ісің теріс екен... мойындайсың. Кешірім де сұрайсың!.. Өзін жолдасынан жоғары ұстайтын, менменсіген, мақтаншақ шәкіртке мұғалім міне осыны айтады. Айтып қана қоймайды, тәртіпке шақырады...
Өзінің жақсы қасиеттерін басқаның да аңғаруын көп құнттайтын Жарқын, мұғалім таққан ауыр кінәға наразылық білдірейін десе де, батылы бармай, өзінен-өзі апшысы қуырылды. Бұл сүйікті оқытушысынан бір әділетсіздікті көргендей көңілі өксіп, мұнысын көзіне мөлт етіп келіп қалған жаспен білдірді.
Жақыпбек райдан қайтпады. Ол жақсы шәкірті Жарқыннан «менмендікке» бастап келе жатқан жағымсыз мінезді жиі сезе бастаған. Әнеугі Сапарға айтқан оқыс сөзі де, оны «бөлшой» деп мазақ еткені де есінде... Сабақ үстінде болсын, пионер жиындарында болсын, Жарқын өз басының қасиетін өзгеден ерекше дара көрсетуге тырысып, «мен айтам», «мен білемін» деп бойын озық ұстап бағатынды да шығарған. Кейде, мұғалім сабақ сұрағанда, басқалар білмей қалса, кезекті өзі алып, жаны рақат таба жауап беретін. Мұғалімдер де оны көтермелеп, директор, завуч немесе аудандық оқу бөлімінен өкілдер сабаққа қатысқан жауапты кездерде кластың абыройын соған артатын. Мұндайда сабақ бірінші болып содан сұралады. Осындай кездерді аңсап күтетін Жарқын сабаққа әрдайым жақсы әзірленіп, үйінен қапысыз боп келеді. Класта бөгде біреу болды-ақ, өзінің топқа түсетінін анық біліп алған оған «кластың мақтанышы менмін» деген бір асқақ сенім де пайда болған.
Осының бәрі алғашқыда өте заңды басталып, заңды болып көрінсе де, келе-келе басқа бір қолайсыз шекке шауып, баланың коллектившіл, жолдасшыл сәби сезімі жетілудің орнына, «мен» деген дарашыл сезім туып, бас көтере бастаған-ды. Бұл жайды Жақыпбек сол кластың жетекшісі Бануға, жеке мұғалімдерге және әкесіне айтып, оларды қатты сақтандырумен ғана тынбай, өзі де Жарқынға деген қарым-қатысын өзгертіп, «мен айтам» деп қолын көтеріп тіленіп отырса да, оны елемегенсіп, басқа баланы таңдап, «менмендікті» тежеуге алған. Сонда да баланы дұрыс жолға шұғыл бұрудың сәті түспей жүруші еді. Жарқынға оқыс мінезі үстінде жаны тебіренерлік, ашына ойға батарлық, ішкі дүниесіне төңкеріс жасарлық жүк артуды көздейтін. Міне сондай оқыстық дәл қазір бой көрсетіп отырғандай болды да, Жақыпбек өз дегенін батыл ұсынуды, баланы теріс мінезден шұғыл өзгеріске бастауды ойға алды.
Бала өз кінәсін мойындай қоймағанымен, сүйікті оқытушысына неліктен жақпай қалғанын ұғып тұр. Әйтсе де, Сапардан кешірім сұрауды өзіне мін көреді. Міне осы сезім оны он саққа жүгіртіп, қанша көне қалайын десе де бөгей береді. Қинала-қинала тұрып:
— Сіздің көңіліңіз үшін-ақ кешірім сұрайын, — деді ол амалсыздан.
— Жоқ, менің көңілім үшін татуласқаныңның ешбір қажеті жоқ! Қате түсінбе мені. Менің сендерден күтетінім — мүлде басқа тілек. Мен сендерден адал совет азаматын тәрбиелегім келеді. Біріне-бірі шын жолдастықпен қарайтын, бірі сүрінсе, екіншісі таяныш болатын, міндерін батыл бетке айтысып, адал достықпен өмір сүретін, қоғамшыл, коллектившілдіктен туатын шынайы сезімге тәрбиелегім келеді. «Өзім ғана» көзге түссем екен деп дарашыл ниетке салынып, сырты жылтырап іштей екіге жарылып өмір сүруден опа іздемеймін. Мен ондай өмірді білмеймін! Менің шәкірттерім де ондай лас өмірді білмесе екен деймін... Татуласқың келмейді екен, татуласпа. Зорламаймын!..
Осыны айтты да, Жақыпбек жүріп кетті. Өзін бар жағынан өнегелі ұстауға ұмтылатын Жарқын мұғалімнен естілген ренжіс сөзге қатты қынжылып, екі бетінің ұшына қан тепті. «Екі0ге жарылып өмір сүруден опа жоқ» деген сөз құлағында шыңылдап, көпке дейін кетпей тұрып алды. Сол шыңыл: «ойлан, шырақ» дегендей балалардың шуымен, күректің шынылымен ұштасып, бір шұңқырдан екінші шұңқырға зорая жетіп, өктем естіліп, ұласып кеткен тәрізденді...
4
Күздің қара суығы түскен. Жер бетін жапқан қалың боз қырау күн көк төбеден көтерілгелі едәуір уақыт болса да, әлі ерімей жатыр. Үй мұржаларынан шаншыла шыққан қою түтін көкке біраз бойлап-бойлап кетеді де, алыстап барып жоғалады. Әрдайым күн сәулесіне шағылысып, діріл қағып, тынымсыз қозғалыста жататын айдын көл де бетін жапқан жұп -жұқа көкшіл мұзға тұншығып, қыбырсыз, қимылсыз, меңіреу тартып тынып қалған.
Көлдің шығыс жағын ала салынған колхоз селосы ойпаттан бірте-бірте көтеріле-көтеріле келіп, бұйра басты жал-жал төбеге иек арта тоқтайды. Бір топ бала (ішінде ересектер де бар) сол таусыла беріс төскейдегі ең шеткі биік ақ үйге қарай дабырлай сөйлесіп келеді.
— Анаң қараңдар, әлі бітпепті.
— Бағаналардың басында өрмелеп жүр.
— Көмектесейік!
— Біздің қанша шаруамыз бар, өздері бітірсін...
— Оң қолын маңдайына тосып, қақпасының алдында манадан сығырая қарап тұрған Жақия қарт бұлардың алдын кес-кестеп, соларға ере кетті.
— Іске сәт, балалар.
— Ата, біз біттік.
— Біттік?..
— Неге таңданасыз?
— Тым тез екен.
Соңғы күндері ауыл адамдары барлық үйге радиосетін апаруды қолға алған еді. Бұл жұмысты негізінен жүргізген 6,7-класс оқушылары болатын. Бүгін, жексенбіні пайдаланып оқушылар таң сәріден тұрып, соңғы қалған бір аз ғана жұмысты бітіріп тастамақ болып екіге жарыла, іске кіріскен. Соның Байсал бастаған тобы жұмысын аяқтап, қайтып келе жатқан беті еді бұл.
Балаларға онша иланбай, қарттың сұрағыштай бергенін байқап, артта Сәтенмен әңгімелесіп келе жатқан Байсал:
— Жаңа, біздің балалар қолға алса, іс осылай тез бітеді, — деді.
— Бітуін бітер... Тек баланын ісі қашан да шала болушы еді...
— Сіз, Жақа, біздің балаларды жақсы білмейді екенсіз...
— Ә, мүмкін... Әйткенмен... Өнерпаз деген балаларыңның бірі біздің Әйтен ғой... Солай емес пе?..
— Сол Әйтеніңіз, егер шындап сөйлесіп көрсеңіз, сіздің өзіңізге талай нәрсе үйрете алады... Ойнамаңыз бүгінгі баламен, Жақа!
Жақия бұдан әрі сөз таластырмай, алғашқы сұрағына қайырылды.
— Құп, сонда бұларың қашан сөйлейді?
— Осы бүгін, қазір...
Қарттың ойына ағаш таяқты ат қып мінген балалық, шағы түсіп кетті ме, қалай:
— Тағы да шынымды айтайын, осыларың күр әншейін асығыс жар салу бола ма деп қорқа берем... — деді жас жағынан сол бір кездегі өзіңдей, бүгінгі балалардың мына сияқты елеулі істі тындырады дегенге шұбәланып.
— Әлі сенбей тұр Жақаң, — деп Байсал Сәтенге қарап жымың етті.
— Сыр бердің, шалым! — деді Сәтен.
— Ой, жолың болғырлар, неге күлесіңдер?
— Күлсең, кәріге күл деген ғой, Жақа...
Ақ үйге жеткен соң әңгіме де үзілді. Жақыпбек пен Бану бастаған топ та сонда келді. Сейтен мен Сапар барлық жұмысты өздері тындырғандай, топтан оғашталып, Жарқын мен Әйтендерге: «бізден қалып қойдыңдар» дегенді айқын-ақ аңғартып тұр. Мұны аңғармағандай Әйтен өзінің әдеттегі парықсыздығымен:
— Қал қалай, «бөлшой?» — деді.
— Ей, саған не жоқ? — деді Сапар жаратпай қарап.
— Соған несін намыстанады екенсің...
— Сен, сен, байқа! — деп Сапар әуелі Әйтенге қоқанлоққы көрсетіп алды да, содан соң «бәрін шығарып жүрген сен» дегендей Жарқынға көзін сүзе қарады.
— Неменеге қарайсың? — деді Жарқын.
— Мен саған «бөлшойды» көрсетемін!..
Сапардың шатақ іздеп тұрғанын байқап, Жарқын тайлығып теріс айналып кетті.
— Көрдің ғой, тайғанын, — деді Сапар Сейтенге мақтанып.
Іште үш төрт бала радиотораптың аппаратын ортаға ап, бірі жұмсақ, таза шүберекпен сүрткіштеп, екіншісі микрофонды бір орыннан екінші орынға қозғап, енді бірі еденде жатқан проводты аяғымен жайлап іргеге сырып, бөлме ішін тәртіпке келтіріп жүр. Өзге балалар аяққа оралғы болмай, аппарат маңынан кейінірек шегініп кеткен. Бәрінің көзі аппаратты тәртіптеп жүрген жолдастарында: олардың әрбір қимылынан көз алмай, болымсыз құбылыстарына дейін бағып, қызыққан күйде ауыздары ашылып қалған. Әсіресе, Әйтен мен Бектай мәз-мейрам: біріне-бірі күлімсіреп көздерін қысады.
— Сен қалай дейсің, бұған өлең жазбай қалуға болмас, — дейді Әйтен сыбырлап.
— Қайда жазасың?
— «Қазақстан пионеріне» жазам.
— Баса қойса...
— Ол баспаса, «Лениншіл жас» басады.
— Оған да жібересің бе?
— Жібермегенде. Нем кетіп барады, копировканы қабаттап саламын да, бірнеше данасын бір-ақ шығарып, барлық газет, журналға айдаймын.
Мұны айтқанда ол он, қолын сілтеп қап, ар жағында тұрған Сапарды шынтағымен қағып жіберді.
— Әй сен өзің осы жерден тайсақ деймін...
— Өй, мен байқамадым...
— Қалың көптің арасынан:
— Тынышталыңдар, — деген дауыс естіліп, балалар жым болды, бұл Байсалдың дауысы еді.
— Қазірден бастап радиоторабымыз жұмыс істей бастайды.
Бірден гүу ете түскен шапалақ даусы бөгетті бұзып кеткен тау суындай күрілдеп, бөлме ішін тебіренте шайқалтып жіберді.
— Тысқа шығуларыңды сұраймыз...
Астық бастыруды, мемлекетке тапсыруды аяқтап, қыс қамына сайланып болғандықтан, бұл колхозда жексенбілер демалыс күн боп есептелетін. Бүгін сол қолы бос болғандықтан ба қалай, мектеп маңы адамға сыймай кетті. Үлкен де, кіші де келген.
Сол жиналған жұрт мектеп маңдайшасындағы үлкен репродукторге көз тігіп, өз колхозы радиоторабының даусын естуге асығады.
— Радиоторапқа қолымыз жетті. Бұл жақсы-ақ,- Ал, мұның енді жұмысын қалай ұйымдастырмақсыңдар? — дейді Есенбек Жақыпбекке алдағы күннің қамын жеп.
— Ол жағы колхоздың мойнында ғой, — деп күлді Жақыпбек.
— Құлаққа жақпайтын сөзді айтпа!
— Ылғи жағымды сөз тауып айту деген қиын болар...
— Мен сенің тек қиынды жеңгеніңді ғана көргім келеді емес пе!
— Көпшікті тым қалың қойып жібердіңіз...
— Колхозға ауыртпалық түседі екен деп қорықпай ақ қойыңыз, — деді сөзге Бану араласып, — оның да бір жөні табылар.
— Сендер тұрғанда мен неге қорқайын.
— Жақыпбек дегендер бұл жағын да ойластырып қойған, — деді Керей.
— Өзім де солай ойлап ем.
— Үш адамнан редколлегия құрылмақ, — деді Керей.
— Олар не істейді?
— Радио передача ұйымдастырады.
— Кім-кім?
— Сәтен, Батырбай, Бану...
— Тындаңыздар, тыңдаңыздар! Сөйлеп тұрған колхоз радпоторабы! — деген дауыс естілді де, бәрі де соған құлақ түрді.
Бұл дауыс өктем шықты. Көшелерді, үйлерді жаңғырта, осы дәуір эфир толқынымен ұйтқи шарлап, ауыл аспанының аясын жаңа үйге толтырды.
5
— Сен маған жиын өткізбе дейсің бе сонымен?
— Өткіз, бірақ, бұл мәселені күн тәртібіне қоюға болмайды.
— Неге?
— Неге екенін айттым ғой.
— Бану апасы-ау, сенің ол айтқандарың, көкейіме қонбай тұр ғой, деп Байсал күле сөйледі.
— Оның мұнысы бой теңестік пе, яки мысқыл ма, әйтпесе, албырттықтан туған әншейін қалжақбастық па? Дәл мынасы деп айту қиын еді. Бірақ, мұның қайсысы болғанда да, тым орынсыз екендігін Бану оның есіне салды.
— Сен менімен әзілдесіп тұрмысың, жоқ болмаса, жұмыс жайында сөйлесіп тұрмысың? Неменеге ыржақтайсың?
— Қызықсың ғой, күлуге де болмай ма?
— Күлкінің де орны бар.
— Ал, қойдық олай болса...
Бану да ежелгі жайдарылыққа көшті.
— Келістік қой?
— Жақыпбек ағаның алдына бармай келісім жоқ.
— Жүр ендеше!..
— Мен саған бірдеңе айтайын ба, — деді Байсал коридормен келе жатып, — сен бар ғой, ашуланшақ боп барасың. Шамасы...
— Иә, шамасы...
— Біреуге ғашық боп қалғаннан саумысың?
— Саған кейіп жүрген менде ес жоқ! — деп Бану мырс етіп күліп жіберді.
— Рас айтам. Қыз дегендер қызық халық. Жүрегіне сүйіспеншіліктің ұшқыны түссе болды, кейігіш боп шыға келетіні де бар.
— Неше қыздың жүрегіне кіріп шығып ең?
— Кірмесек те, біз біле береміз ғой. Одан да шыныңды айт! Кім?
— Қызықсың ғой өзің, қай-қайдағыны шығаратының не?
— Анаң қара, қып-қызыл боп кетті өзі.
— Біліпсің...
Байсал сөзі құр долбар, әзіл болса да, Банудың бетіне қан ойнап, қызарып кеткені рас еді. «Ашуланшақ болып барасың» дейді. Онысының, шынында да, жаны бар шығар деген ой қызға сап ете түсті. Мінездің өзгергем, өзгермегенін кім білін, сезімімде бір жаңа күйлердің пайда болуы ақиқат еді. Өйткені, ұнатқан Жақыпбегінен сүйіспеншіліктің ешқандай жылы лебі аңғарылмай, қыз жүрегін торығу сияқты бір көнілсіз сезімдер торлай бастаған-ды. Бану осыным аңғарылып қалды ма деп қысылды. Ол қанша сезіктенгенмен, Байсалдың ойында ештеңе болмайтын. Мұның бәрін Жақыпбектің кабинетіне келген соң ол ұмытып та кетті.
Әңгіме 6 «а» класы жайында еді. Өткен жылы «Мәдениет» колхозындағы мектепте ең артта қалып келген бұл класс биыл да шүу дегеннен сүрініп, сыр берді. Жақыпбек өткізген алғашқы сабақтың сәті түспеуі, қайық оқиғасы, Жарқын мен Сапар арасындағы кикілжің — сайын келгенде осының бәрі бұл класта саналы тәртіп пен достық, ынтымақтың кемдігін байқатты. Мектепте оқу-тәрбие жұмысын жолға қоюды да алдымен осы кластан бастау қажеттігі анық болды. Бұл класта сабаққа шалағай дайындалу сияқты келісімсіз жайлар да әлден-ақ көрініп қалды. Бұл жайында өзгеден ерекше болып Сапар тағы да көзге түсті. Ол класс алдында өз кемшілігін мойындап, бұрынғыдай емес, сырт көзге тәртіпті бола бастаса да, сабақ оқуға келгенде мойын жар бермей, кібіртіктен шыға алмай қойғанды. Бірақ. талапты күшейткен оқытушылар одан күнбе-күн өткен сабақты сұрағыштап, тыныш тапқызбаған. Сабақ оқымай тыныштық жоғын көрген соң Сапар да бейқам қала алмай, оқуға ынта қойып кірісе бастаған-ды. Әйткенмен, бесінші класты әрең бітірген басы көп нәрселерді қанша зейін қойғанымен ұға алмай, қиыншылыққа тап болған еді
Мұны өзгеден де бұрын Жақыпбек жақсы аңғарып, оған қазірден бастап көмектесудің қолайлы жолын ойластыруды және класта саналы тәртіп орнатудың қамына кірісуді Бану мен Байсалға әдейілеп тапсырған-ды.
Бұл екеуі ақылдаса отырып, бірқатар шаралар белгілесе де, Сапарға көмектесуге келгенде араларында келіспеушілік туып қалды. Әр мұғалім Сапарға кейбір қиын деген материалдарды ғана түсіндіруге қосымша уақыт бөле отырып, негізгі салмақты баланың өзіне арту керек деген Банудың ұсынысына, Байсал қосылмайды.
— Мұғалім балаға қанша көмектесейін дегенмен, өне бойы онымен араласа алмайды. Демек, Сапар сияқты сабақтан мүлде артта қалып қойған оқушыға мұғалімнің көмегімен бірге жақсы оқитын оқушылардың да жәрдемі қажет, — дейді ол.
Бұл көмекті ол жиында сөз еткісі келеді, әрі достық жайында әңгіме қозғай отырып, Сапарға сабақ үйретуді жиын атынан біреуге әдейі тапсыруды көздейді. Өйткені, баламен бала өне бойы араласып, үйде де, түзде де бірге жүреді, бірінен-бірі сұрап алуға да именбейді, қысылып-қымтырылмайды, дейді ол.
Оның бұл ұсынысы Бануға педагогиканың заңына қайшы, өрескел оғаш болып көрінеді.
— Баланы балаға телу деген мүлде теріс әдіс екенін тұрмыс өзі көрсетті. Біреуге жастайынан иек артып өскен бала өсе келе өз бетімен талпынудан қалады. Ондайлар басына болмашы қиыншылық түссе-ақ соны жеңуге ұмтылу орнына демеу болар сыңар іздейді де, бойкүйездіктен өмір бойы арылмай өтеді. Мұны қалайша ойламайсың? — дейді Бану.
— Ойламай отырғанымды қайдан білдің?
— Ойласаң, неге жөнсіз таласасың?
— Педагогика дайын ережелердің жинағы емес, ғылым. Сен дайын ереже ұсынасың, менің оған көнгім келмейді... Балаларды міндеттеп, бірің үйрет, бірің үйрен дегенді жалпы әдіс ретінде мен де ұсынып отырғаным жоқ. Әңгіме әзірше бір ғана Баймұратов жайында болып отыр. Ол дәл қазір сырттан көмек болмайынша, қанша талап етсек те, өздігінен сабақты игеріп алып кетуге дәрмені жетпейді. Алдымен, осыны есепке алу шарт. Екіншіден, ол біреудің ауқымымен кете беретін бойкүйез бала емес, көптеп-көмектеп қатарға қоссақ ар жағында өзі де талпынып кете алады. Мұны да ұмытпау керек...
— Міне, Жақыпбекке олар осындай таласпен келіп отыр.
— Сырт көзге ұсақ көрінсе де, көп сыры бар, талас тудырып отырған бұл мәселені оның қолма-қол шешіп беруі қажет. Бір балаға сабақ үйретуді екінші балаға міндеттеу теріс әдіс екені кейінгі кездерде баспасөз бетінде сөз болғанына да ол қанық болатын. Әйткенмен, нақ Баймұратов жайында Байсалдың айтқандары құлағына кіреді. Оған дәл қазір қандай көмек көрсетуден болса да, тартынудың жөні жоқ. Бұдан кейін кеш болады. Жақыпбек мұның екінші бір тиімді жағын да он елегіне салып, шолып шықты.
— Екеуіңнің сөздеріңнен де оқу мен тәрбиені ұштастыру дегенді байқай алмай отырмын. Әрқайсысын өз алдына сала етіп алғансыңдар. Бізге бұл екеуін әрдайым қоса өру қажет... Құп, достық жайында пионер жиынын өткіздіңдер. Есенбеков пен Баймұратовты ұялттыңдар. Айтайық соңғысына сабақ үйретуді де бір балаға тапсырдыңдар. Осымен іс бітті, оқу мен тәрбиені ұштастырдық дей аласыңдар ма?..
— Коллектив талқысы тәрбие емес пе. Өз мүшесінің қамын жеу, ал, мүшесі өз коллективі алдындағы жауапкершілікті ұғу деген осындайдан басталмай ма, — деді Байсал.
— Мен бұған таласып отырмын ба, осы ойларды бір жерге әкеп түю керек деп отырғам жоқ па! Сендер әр істің өзегін тауып талмау жерін ұстаудың орнына, жалпылап отырсыңдар. Оқу мен тәрбиені өретін талмау жер қайсы? Ол Баймұратов пен Есенбековтің арасы. Класта саналы тәртіп орнатудың да жолдарын осы екеуін достастырудан іздеу керек...
— Жақыпбек бұдан кейінгі сөзін Байсалға қарап айтты.
— Мен сенің ұсынысыңды қолдаймын. Қолдағанда класта достық, ынтымақ орнату үшін қолдаймын. Жиыныңды өткіз. Баймұратовқа көмектесуді Есенбековке тапсырыңдар!
— Есенбековке дейсіз бе? — деді Байсал қайталап сұрап.
— Иә, Есенбековке тапсыру керек деймін.
Бала ұрсысады, татуласады, достасады, онда тұрған не бар? Баймұратов пен Есенбековтың арасындағы балалық кикілжіңге сіздің осынша зор мән беруіңіз, сол үшін кейбір тәуекелге баруыңыз маған түсініксіз, — деді Бану Жақыпбектің ойын құптамайтындығын білдіріп.
— Біз ісімізден мол жеміс көргіміз келсе, бір ой, бір мақсатқа өрілген, саналы тәртіпті өзек еткен, шашау шықпас дос коллектив шыңдауға тиістіміз. Баймұратов, Есенбековтер бізде әлі ондай берік коллектив жоқ екенін аңғартады. Сол үшін де коллективтің бірлігіне ақау түсірер жарқышақ білінсе, дереу көріп, қиюластыруға барды салмай болмайды. Бұл екі бала бірімен бірі араласа жүріп ұғысады. Баймұратов бірте-бірте сабақтың қызығына беріледі. Есенбеков жаңа туып келе жатқан менмендіктің уысынан босап, достықтың дәмін татады. Сонымен, класта біліне бастаған жарқышақ жамалып, достыққа жол ашылады. Менің ол екеуіне көп мән беретін себебім де осында.
— Барлық түрпі мінез бен тәртіпсіздіктің туар төркінін тауып, соған бастар жолдардың бәріне саналы тәртіппен бөгет салу қажет дейсіз ғой.
— Дұрыс айтасың, Байсал. Саналы тәртіп — біздің тіршілігіміз.
Қабырғада ілулі тұрған репродуктор тысырлады да, отырған үшеуі де тына қалды.
— Тыңдаңыздар, сөйлеп тұрған колхоздың радиоторабы. Бүгінгі жаңалықтарды береміз...
Диктор Сәтен (ол Бану екеуі кезектесіп оқитын) жуан даусын нәшіне келтіре, соңғы хабарларды оқи бастады.
«Оқу үйі клубтың жанындағы, бұрын склад болып келген екі бөлмелі үйге көшірілді. Жаңадан көп кітаптар алынды. Оқу залы бұдан былай қарай таңертеңгі оннан түнгі бірге дейін жұмыс істейді...»
Кеше басталған дойбы жарысы кеш сайын қызық боп өтуде. Жақия қарт алдына жан салмай келеді...
Осы сияқты біраз хабарлар берілгеннен кейін диктор түрлі құлақтандыруларға көшті.
«Музыка, драма үйірмесіне қатысушылардың бүгін кешкі тоғызда клубқа келуі сұралады».
«Сағат түнгі онда «Кубань қазақтары» деген күлкілі түрлі түсті кинокартина көрсетіледі».
«Колхозшылардың есіне: колхоздың электр диірмені бос тұр. Бидай тарттырып алам дегендеріңіз кешкі сегізден бастап келе берулеріңізге болады...»
«Мектеп басшыларының есіне: радио хабарын ұйымдастыратын тілшіміз Жауынбаев жолдас кеше де, бүгін де материал бермеді. Соның себебін білсеңіздер екен...»
— Жақынбек Бануға жалт қарады.
— Сіздер, немене, тапсырманы дұрыс орындамай жүрсіздер ме?
— Мен өзім уақытында барып тұрамын. Батырбай ағайдың неге бармай жүргенін білмеймін...
Кабинетке Нұржамал мен Баймұрат кірді де, ендігі назар соларға ауды.
— Мен сіздерді күткеніме міне елу минут болды, — деді Жақыпбек.
— Иә, рас, кешігіңкіреп қалдық, — деді Баймұрат сөзді мұрнының астынан шығарып. Мына Нұржамал да барам деп бөгегені ғой.
— Күттірмеген жақсы-ақ болар еді, — деп Жақыпбек болмашы езу тартты да, Нұржамалға бұрылды.
— Жұмыс қалай, жеңгей?
— Кітап көбейіп, сол жұмысты неден бастап, неден қоярымды білмей, аздап қиын боп тұрғаны...
— Түсіндім, көмектесеміз. Солай емес пе, Байсал?
— Әлбетте солай.
— Естіп отырсыз ба, жеңгей? Байсал қазір барып көмектеседі.
— Жақсы болар еді...
— Опық жемеңіз, жеңгесі. Төрт құбыласы сай үлгілі кітапхана жасаймыз, — деді Байсал қутыңдай сөйлеп, — біздің қол тиген соң солай болады.
— Отағасы, сабақ қалай боп жатыр?
— Есеп қана құлаққа кіреді, басқалары діңкені құртып жүр, —-деді Баймұрат.
— Мұғалімдеріңіз сізді жаман оқымайды деседі ғой. — Бұл сөзді Баймұраттың іші жақсы көріп қалды.
— Ал, жеңгей, сіз қалай оқып жүрсіз?
— Маған сол есеп қиын боп тұр.
— Онда есепті Байекеңнен үйреніңіз.
— Аузымен орақ орғаны болмаса, бұл шал немді білуші еді, — деп Нұржамал кабинетті мол күлкіге көмді.
Жақыпбек Баймұратты шақырған жұмысын айтты.
— Байеке, сізге біздің екпеміз бар... Әнеукүні ата-аналар жиналысында мектепке көмектесемін деген өзіңіздің уәдеңізді орындамадыңыз. Үйде балаңыз не айтса, соны істей беретін тәрбиесіз. Бұл орынсыз еркелетудің аяғы қайда апарып соғатынын білесіз бе? Егер, осылайша бетінен қақпай, осы қалпында жібере берсеңіз, балаңыз ертеңгі күні от басының қазан бұзар тентегі болады да шығады. Басқа ешкім бола алмайды... Мектеп соны ойлап тәртіп үйретеді. Сіз ол тәртіпті бұзасыз. Өзіңіз ойлаңызшы, бұл қалай болады?
— Жақыпбекжан-ау, не істе дейсің оған?
— Ыңғайына көне бермеңіз. Орынды жерінде еркелетіңіз, қарсы емеспіз, ал, орынсыз жерінде тежеп тастап отырыңыз. Осыны сізден әрдайым аңғарса, балаңыз жөнге түседі. Білесіз бе, мектепте қазір ол момын оқушының бірі, ал үйіңізде олай көрінбейді. Мектеп оның дегеніне көнбейді, сіз көнесіз. Бар шатақ, міне, осында жатыр.
— Құп, ол баланы жақсылап қолға алайын.
— Тек күш жұмсай көрмеңіз, ақыл жұмсаңыз...
Нұржамал мен Баймұрат кеткен соң, Жақыпбек Батырбайды шақыртып алды.
— Сізге жолдастар өкпе айтады, — деді ол.
— Қандай өкпе?
— Радиоға хабар ұйымдастыруды аяқсыз қалдырған көрінесіз.
— Қол тимейді.
— Қол тимейдіні сылтау ету келіспес. Жұмыс арасында-ақ тындырып тастауға болады ғой.
— Осы біз қай жағына жетеміз. Мектепте сабақ береміз, ересектерді оқытамыз, өзіміз оқимыз, оның үстіне радиоға хабар жина дейсіңдер...
— Меніңше, дұрыс ұйымдастыра білген адамға уақыт жетеді.
— Мен басқаны білмеймін, өзімнің сіңбіруге қолым тимейді. Радио дегендеріңнен мені босатсаңдар екен!
— Сізді босат, басқаны босат, сонда жұмысты кім істейді?
— .Әнеукүні парторг алдында келістік. Өзіңіз құп көріп, қабыл алдыңыз. Бүгін кеп былай дейсіз...
— Мен саған өз жайымды айттым ғой. Тапсырмаларыңды бұдан былай орындай алмаймын. Мен мақала жазуға орайсыз да адаммын. Қолымнан да келетін емес.
— Қолыңыздан келмейтін болса, айтуыңыз керек еді ғой. Тапсырма алып, үн-түнсіз жүре беруге бола ма?
— Айттым.
— Кімге айттыңыз.
— Директорға айттым.
— Бұл жұмысты сізге тапсырған директор емес, партия ұйымы ғой.
— Ол есімде болмапты.
Батырбайдың немқұрайды мына сөзі Жақыпбектің ызасын келтірді. Оны сөзбен түтіп алғысы кеп оқталса да, өзіне-өзі тоқтау салып, ашуды сабырға жеңгізді.
— Олай болса, сізбен директордың алдында сөйлесейік, — деді ол, үні булығыңқырап шығып.
...Күдерінің сөзі қысқа болды.
— Мұны жүгіртіп қайтесің, жастардың біріне тапсырсайшы, — деді ол.
Жақыпбек қарсылық білдіре бастап еді, Күдері лауазымын алға тарта, салмақты жауап қатты.
— Мен жақсы-жаман болайын, осы мектепті басқарушымын ғой. Кімді қайда пайдалануды білетін болармын...
Жақыпбек Күдерінің ыңғайын танып, онымен келісе алмасын білді де, тұнжырап шығып кетті.
— Айтқаным айтқан, — деді Батырбай — осы бастан тыймасаңыз, бұл ма, бұл түбі бәріміздің түбімізге жетеді.
Күдері тіл қатпады.
6
Жақыпбек пен Күдері арасында ұғыныспау ұшырасып қалып отырса да, ауыл мектебі бұрынғысындай емес, еңсесін жоғары салып өмірдің биігіне көтеріліп келе жатты. Бұл өрлеу мектеп коллективінің ұйымшылдығы артып, ширығуынан, колхоз өмірі — білімге өзек боп тартылуынан басталып еді.
Түнеугі педсоветтен кейін мұғалімдер колхоз өміріне араласып, колхоз шаруашылығының барлық саласын зерттеп білуге біржола көңіл қойды. Бұл араласу оқып білу арқылы ғана болмай, ортақ іске үлес қосу түрінде өрістеді. Олар әрі колхоз дәулетін гүлдендіруді, әрі ұрпақты колхозды ауылдың тамаша өмірін жақсы білуге үйретуді қолға алды.
Көршілес MТС колхоздағы хата-лаборатория, электр станциясы, радиоторабы, техникамен жабдықтала бастаған фермалар университет білімнің қайнар көзіндей боп кетті. Оқушылар физикадан, химиядан, биологиядан оқып, білгендерін колхоздың бай шаруашылығынан, көркем табиғатын көзбен көріп, ғылымның негізін тұрмыстан қоса үйренді.
Жоғарыда айтылғандар ауыл мен мектеп арасындағы бірлікті күшейтті. Тіршілік күйі бір жерден өрбіп, бір арнаға құйып, бір мақсатқа тоғысып, кең тыныс пайда болды. Осы тыныс ауыл мен мектепті біріне-бірін егіз қозыдай теліп, өзектес бір мүддеге бастап, өріс берді. Мұғалім, оқушы бала ауылдан тірек тауып ойға талшық, бойға қуат боларлық арналы өмірге, тіршілік қызығына кенелсе, ауыл мектептен келешекке бастаған жаңа лепті сезді. Осы ұштасу әр санаға іспен жетіп, іспен ұғылды да, ынтымаққа, бірлікке сайды.
Әрине, мұның бәрі ауылдағы беталыстың жалпы көрінісі еді. Ал, оның ішіне үңілсек, жалпы толқынға ере алмай, я оны тосырқап кірбің тартқан селкеулік, жаңа үнге келе алмай, ескі қалыптан ұзай алмай, кібіртіктеушілік те кездесер еді. Біз мұны, әңгіме етіп отырған мұғалімдердің арасынан-ақ кездестірген болар едік.- Жалпы коллектив тұғырдан ұласа көтеріліп, алға сілтеп кетсе де, дүрмекте қосарланып, не ілгері баспай, не ашықтан -ашық кері сүйремей, ортада, өз бағдарын болжай алмай, шөре-шереде қалғандар да табылған-ды. Соның бірі Күдері болатын. Ол ауыл тіршілігінде жандана бастаған игі жұмыстарды іші жек көрмесе де, мектепте басталған қауырт өзгеріске кейбір шүбәмен қарады. Оның ең бір басты қаупі — мектеп өзіндік сипатын жонып, ауылшаруашылығы мектебіне айналып бара жатқан тәрізденді. Қарап отырса, ауылшаруашылығы мектептің өзегіне айналған. Мұғалімдер де, оқушылар да бос уақыттарының көбін колхоз шаруашылығының алуан саласында өткізеді. Электр станциясына барады, тракторды, комбайнды талдайды, мал қораларына дейін аралап, оқушыға ат ерттеу, көлікті арбаға жегу, малды күтуге дейін үйретеді. Оған мұның бәрі әуре-сарсаңдық, мектептің алдында тұрған міндетті түсінбеушілік болып көрінеді де тұрады. Ол ол ма, тіпті кей күндері сабақ хата-лабораторияда, құс, сиыр фермаларында өтетін де жаңалық шықты. Бұған да ол қарсылығын білдіріп бақты. Бірақ көпшілік мұғалімдер оның мұнысын күстәналап, ырық берді ме!..
Күдеріні тағы бір кейітетін нәрсе жексенбілік ауылшаруашылығы мектебі. Бұл ырыс емес, сор болып басқадан бұрын оның жанын жеп, тынышын алып барады. Агротехникамен, зоотехникамен бас қатырып, азаптану не өнер. Мұғалім ауылшаруашылығын білмей де, балаларға сабақ бере алады емес не? Осыларды ойласақ, Жақыпбек бастап жүрген осы жұмыстар педагогикадан алыс жатқан, кісі күлерлік сөлекет іс болып көрініп, өзінің тізгінінен айрылып қалғанына ашына өкінгендей болады.
«Жақыпбек жас жігіт, қызба жігіт. Орынды-орынсыз болсын, жаңалыққа құмартып, ол асыра сілтеп жүр. Көп мұғалімдер осыны ұқпай дағбыртпен кетті де, алды-артын байыптап шолудан қалды. Ал, мен болсам, мектеп басшысымын. Шындығына келгенде, қателікке ең алдымен мен жауаптымын Осы ой оған батылдық бітіріп, әркімнің ыңғайына кете бермей, үн шығар дегендей ежелгі парықсыздыққа түрткі салады.
Батырбай Күдерінің үйінде отыр.
— Сіз әрі аңқаусыз, әрі момынсыз, — дейді ол Күдеріні қайрап, — Әділбеков басыңызға шығып барады. Қазір директор сіз емес, ол болуға қалды. Бірдеңе айтсаңыз, қолды бір сілтеп, тұнжырайды да шығып кетеді (ол бұл арада бүгінгі жаңа фактыны да пайдаланып қалды). Жұрттың бәрі соның дегенін істейді, сонымен ақылдасады, сіз шетке қағылып, қағажу қалып барасыз. Осыны көрмей жүрсіз бе, неге үн шығармаңыз? Бұл қай сабырлылық? Әбден таптап бітсін дегеніңіз бе? Абырой десе, абыройыңыз бар, тәжірибе десе, тәжірибеңіз бар, солардың игілігін қашан көрмексіз? Шешілсеңізші бір. Сонда кім тыңдамас екен сізді!
Бұл сөз Күдеріден де Тойтыққа тез дарып, Батырбай бықсытқан жалынды, ол от қып маздатты.
— Қайным дұрыс айтады. Одан мен де қорқайын дедім. Сырты жылтырағаны болмаса, ішінде мерез бар екен... Мен жазған соны кезінде-ақ байқай қойдым ғой. Ал, сен болсаң, сезбейсің.
Күдері жұмыс бабындағы бұл әңгімеге «сен араласпа» деп еркексіп көріп еді, Тойтық одан сайын өршіп кетті.
— Неге араласпаймын. Әбден араласамын. Маған бәрінен де қызымның ары қымбат... Онымен хат алысып тұратынын да білмеймісің.
— Алысса несі бар?
— Сөзін қара! Мазағы жаныма батады да.
— Не қылған мазақ?
— Ақықтікіне тегін кірді деп жүр ме едің? Күшік күйеу болғысы келеді дейді.
— Әй, қой ондай сөзді, — деді Күдері қолын сілтеп.
— Сен сілтеме қолыңды! Өзің білмейсің де, білгеннің тілін алмайтын сорлысың. Босқа алданбасын, одан да қызыңа осыны хабарла.
— Қой деймін аузыңа келгенді көкімей!
— Ой – бай-ай төбеңнен пәле төніп тұрса да, міз бақпайсың-ау! Сен түсіндірші, шырағым, — деп Тойтық кезекті Батырбайға берді.
— Жеңгей айтқандай, бұл ойланарлық ақуал, — деді Батырбай да данышпансып.
Сырмінез кәрі жолдасының кейде ойдан соғып жіберетінін жақсы білетін Күдері «жаңсақ әңгіме болмасын» дегендей сенбеген пішінмен Тойтыққа тесіле қарап қалды.
Немене, сенбей отырсын ба, маған аузы-мұрны қисаймай, Ақықтың өзі айтты. Енді иландың ба? — деп кемпір Күдеріні түтіп жеп қоярдай жаман көзімен атты.
Қызының тағдыры, мектеп тағдыры, өз тағдыры сортаң ойға тіреді де, өкініш зілдей салмақпен еңсесін басып Күдерінің үні өшті.
Қазір отырып хат жаз, — деп шаужайлады Тойтық. Өзімен өзі болған Күдері оның сөзін естімеген адамша міз бақпады.
Мынаның жазғысы келмесе, шырағым, сен болыс, — деп Тойтық Батырбайға қолқа салды.
Хат қиын емес қой, жеңгей, мен жазармын, мен жазбасам Күдекеңнің өзі жазар. Оның бір жөні болар. Әңгіменің үлкені қызмет бабында болып отыр ғой, — деп Батырбай сөз салмағын тағы да Күдеріге арта қойды.
Сол күні кешке Батырбайдың қолымен екі хат жөнелтілді. Бірі асығыс почтамен Алматыға жіберілді де, екінші аудандық оқу бөліміне жолданды.
7
Сапарға Жарқынның ызасы жаман өтті. Бұл оның тәлкегіне айналып барады. Қит етсе, жаман оқитынын бетіне басады. Егер бүйте беретін болса, өзінің бүкіл кластың әбден мазағына айналатыны ақиқаттай сезіледі. Жоқ , бұлай мүсәпір күйде қалуға болмайды. Жарқынды қалайда иығына шығармауы, өзінің қайта «дәуірлеуі» керек. Қайтып?
Сапарды бұл сұрақ көп ойландырды. Жұдырық көрсетуден, қоқанлоққыдан ештеңе өнбеді. Қайта барлық бала мұны күстаналап, босқа жаманатты болды.
«Бұл Жарқын осынша неге беделді?» — деп ойлады ол.
Онымен қай бала болса да санасады, оның сөзіне ешқайсысы құлақ аспай кетпейді. Ал, бұған?.. Бұл күн озған сайын оқшау қалып бара жатқан тәрізденеді. Бұл неліктен? Жарқын жақсы оқиды, бұл жаман оқиды, содан ба? Мүмкін. Олай болса, бұған неге жақсы оқымасқа? Жарқыннан мұның несі кем? Бұл ой оны мүдіртіп тастады, әлдеқандай ыңғайсыздық та пайда болды. Бәсе, неге жақсы оқымасқа?.. Неге бүкіл класта алға шықпасқа? Сонда, сонда Жарқын сияқтылар келеке етпек түгіл, мұның алдында жымдай болып жүрер еді, бұған қарсы ешбірі аузын да аша алмас еді. Мына қорлықты қарашы!..
Не істеу керек сонымен? Құр егестен ештеңе өнбейді. Тым құрыса мұны жақтайтын біреулер болса екен-ау. Неге мұны жақтамайды? Неге мұнда серік аз? Сол серік дегендер көбейер ме еді, шіркін?.. Ол бос қиял ғой. Мына қалпында дәл қазір мұны кім қадірлемек? Соңына «сотқар» деген шала байлап алды. Тәртіп бұзсын, бұзбасын, бұл араласқан жерде бір шатақ шықса-ақ, алдымен осы жазықты. Бүйтіп жүріп кімнің сағын сындырып, кімге қадірлі бола алмақ?..
Санар кәдімгідей жуасыды. Жолдастарының ыңғайына жығылуға, қыбын тауып солармен араласуға ниет қойды. Олардың және мұғалімдердің алдында өнегелі іспен көзге түсуді реті келсе, Жарқынның алдын орайтындай дәрежеге жетуді, сөйтіп, ойламаған жерде барлық назарды өзіне аударсам – ау деп қиялдады.
Бұл мақсатына жетудің әзірге бір ғана жолы бар сияқтанды. Өзгелер ойламаған бір ғажайып іс істеп, бірден бүкіл класс назарын өзіне аударуы қажет. Қандай керемет көрсетуге болады? Барлық сабақты бес саусақтай біліп алып, барлық класты аузына қаратса ғой. Жоқ, бұл бірден бола қоймайды. Оған көп уақыт керек. Ендеше, басқа қандай жол бар?
Мұндай жолды ол жас мичуриншілдік істен тапқандай болды. Үйірменің алғашқы сабақтары, үйге берілген тапсырмалар оған бір қызықты жайларды аңғартып, сыры мол, тамаша бір игі істерге душар етті. Міне, бұдан бірдеңелерді ойлап шығаруға болады...
Үйірме мүшелері үшін мынадай бір тәртіп белгіленген еді: әр оқушы өзі қалаған салада жұмыс жүргізіп, мәдени өсімдік дүниесінен тәжірибе жасайды. Осы тәжірибесін аяқтаған соң, қандай нәтижеге жеткенін үйірме мүшелері алдында баяндайды, қорытады.
Бұл сырт көзге болымсыз іс сияқтанса да, шындығында, көп енбекті, тапқырлықты, зейінділікті, төзімділікті, ұқыптылықты тілейтін әрі қызықты, әрі жауапты жұмыс еді. Өйткені, өсімдікті еккен сағаттан бастап оны баптау, күту, күн сайын бірнеше рет бақылау, көрген, сезген құбылыстарды бұлжытпай отыру қажет болар еді. Өйтпейінше өсімдіктің сырын білу, жаңалық ашу мүмкін де болмас еді. Айтайық, бір балалар күздік тұқымды яровизациялаумен шұғылданды. Олар бұл жұмысты әр түрлі мерзіммен жүргізіп, яровизацияның ,күнін азайта бермек. Осы түрлі мерзімде яровизацияланған тұқымның өсуін, өнуін бақылайды, өздері аңғарған құбылыстарды ілгергі уақытта сабақ ете отырып, кейін көктемгі егісте жаңағы яровизациядан әр мерзімде өткізгем тұқымдарын алдына бөлек-бөлек егетін болады. Осы жолмен жыл сайын яровизациялаудың мерзімін азайта отырып, күздік бидайды біржола жаздыққа айналдырады.
Сапар да, міне, осы күздік бидайды яровизациялауды, бірте бірте мұны жаздық бидайға айналдыруды өз үлесіне алған. Бұл іске алғашқыда жалпы дүрмекпен әшейін араласа салса, кейін мұғалиманың, колхоз агрономының бұл жайындағы ғылыми қызық әңгімелерін, бұрын жасалған тәжірибелерді естіп едәуір еліге бастаған. Содан өз қолымен тәжірибе жасауға кіріскен соң, әуестігі бұрынғысынан да артып, нағыз қызық жұмысқа жаңа кенелгендей болған.
Осының аяғы «жаңалық ашамын» деген ізгі ниетке әкелді. Бұл іске тынымсыз бір қызығу пайда болып, тәжірибесіне құлай берілді. Ол дамыл таппады. Қолы бос уақытының бәрін «егісіне» арнады. Қыстың ерте түскені жақсы болар ма, яровизацияны мүлде ерте бастады... Оның жұмысы әрі асығыс, әрі дабырасыз жүргізілді. Күтпеген жерде мұғалима болжағаннан да әрі сілтейін, мерзімнен ұтайын, сөйтіп, бүкіл класты ғажайып бір жайлармен таңдандырайын деп құлшынды. Ол балалармен араласуды да азайтты. Олармен тәжірибе жайында әңгіме қозғамауға, олар барда бұл жұмыстың тіпті маңына жуымауға тырысты. Өз ісін де ешкімге көрсетпеді. Кейін бұл ашқан жаңалыққа ортақтасып, Жарқын сияқты мақтаншақтар «мен ақыл бергем» демеуі үшін, не көрсе де, өз бетімен көруді, өз ақылымен болуды мақұл санады.
Осы ойы өзіне қатты ұнады: «Топ алдында үнсіз келіп бір-ақ жарқ етейін. Көрсін содан кейін менің өнерімді».
Оның бірінші ашқан «жаңалығы» яровизацияның мерзімін мейлінше азайтудан басталды. Мұғалима айтқандай 50-55 күн немесе содан біртіндеп кеміте беруді ол есептен шығарды. Егер нағыз қысқа мерзімді қалап алып, сөйтіп, арғы мерзімді 20-25-тен бастап соңын 10-15 күнге бір-ақ жеткізді. Сонымен әр түрлі мерзімде яровизацияланған күздік бидайды горшоктарға толтырды. Бұл горшоктар кішкентай екі бөлменің терезелері алдын самсап алып кетті.
Уақыт өтіп жатты. Алғашқы еккен дәндері ептеп көктеп, шыға да бастады. Бірақ, бұл көктеуден ештеңе өнбейді. Егіс өспеді. Жатып та, тұрып та бақылады, сонда да өзгерісті көре алмады. Бұл қалай? Ол яровизацияланбаған дән егілген екінші горшокқа үңілді. Ол да көктеген яровизацияланған тұқымнан өнісі тіпті бірде кем емес. Мә, саған! Яровизацияланғанымыздың артықшылығы қайда? Ол неге көзге түспейді?
Көңілі соңғы күндері едәуір өсіп, үлкен үмітпен іштей мәз болып жүрген Сапарға мына оқиға ауыр тиді. Ерінбей-жалықпай, адал-ақ еңбек сіңірді. Бар білгенін, бар өнерін аямады. Бірақ, не пайда, соның бәрі зая кетті. Жарқын сияқты білгіштердің: күтпеген, бақыламаған, қайтып жеміс көрсін»... деп табалай шыға келетініне ғой сөз жоқ. Тіпті сайып келгенде, ол да ештеңе емес-ау, бәрінен де ылғи артта қала берген жаман-ау. Қашан бұл да жұрт қатарына қосылар екен?
Сапар сәтсіздіктің себебін іздеді. Мұғалима айтқан ережеден ауыт кеткен жерім болды ма деп бір сәт соған ой жіберді. Жоқ, ондай ештеңе болмаған сияқты. Дәнді мұғалиманың сол өзі көрсеткендей: бір тәулік бойы суға салып қойды. Ол әбден ісінген соң алды да бірнеше сағат бойы жылы үйде сақтады. Осылай ету керек пе еді? Керек еді. Демек, бұл тұста ешқандай ағаттық болмағаны анық. Содан кейін ше? Содан кейін де ереже берік сақталды. Әлгі дәндері бірнеше күн бойы қар астында яровизацияланып жатты. Мұны да ол ұмытпай, күнін дұрыс есептеп жүрді. Рас, дәнді қысқа мерзімді уақытпен яровизациялады, мұндай жаңалық кіргізбесе, несіне тәжірибе жасайды.
Содан бері тынбап бақылап келеді. Яровизацияланған да, яровнзацияланбаған да дәндер көктеп, қылтиған бойымен қалды. Әрине, соңғысыныкі заңды. Ол бірінші сатыдан — яровнзациялау сатысынан өткен жоқ. Сондықтан өсуге, бас алуға тиіс емес. Ал, бұл сатыдан өткен алғашқы горшоктағы дәндердің өспеуі түсініксіз-ақ. Өзі білетін өнері жұмсалып бітіп, оның қолдап келетін барлық айла-амалы таусылған тәрізденді. Оған енді әлдеқандай бір өкініш пайда болды. Неменеге бөлектеніп, өзіммен өзім болдым екен, — деп ойлады ол, — ту баста-ақ балаларға барып, олардың жұмысын көріп, ақылдасып жүргізетін іс қой бұл... жекеленсең-ақ көретін күнің осы...
Ертеңгі күні барлық бала тәжірибенің алғашқы бір сатысын қорытады, түйіндейді. Содан соң екінші сатыға, нағыз қызық іске — көктемгі егіске әзірлік жасаудың тікелей қамына кіріседі. Өз қолдарымен яровизацияланған күздік бидайды өз қолдарымен мектеп участогіне егеді. Ал, бұл ше? Бұл алғашқы болымсыз тәжірибеден құлады. Бұған енді ондай жұмысты кім сеніп тапсырады: «Бөлшой», тағы да тасбақаға отырып қалдың ба» деп Жарқындар жар салып шулайды. Ойпырай, бұдан артық қорлық бар ма?
Сапар шыдап отыра алмады. Оқыс бұрылып тысқа қарай беттеді. Бірақ табалдырықтан аттай беріп тұрып қалды. Қарсы алдында Бануға кездесті.
— Иә, Сапар, қайда беттедің?
— Ешқайда да емес, — деп міңгірледі Сапар.
— Мен сені жолыңнан қалдырғам жоқ па?
— Жоқ, апай.
Бану өз класында оқитын балалардың үйінде болып, олардың ата-аналарымен, туған -туысқандарымен әрдайым сөйлесіп отыратын. Сол әдетімем Баймұраттың пәтеріне де бұдан жиырма шақты күн бұрын бір келіп кеткені бар-ды. Онда Сапар үйде болмаған. Ал, бірақ, үйіне сирек барғанымен, мұғалима Сапардың өзімен жиі ұшырасатын. Аптасына бір рет оған және сабақты нашар оқитын сол тәріздес тағы екі-үш балаға бос уақытта мектептің бір бөлмесінде отырып алып сабақ үйрететін. Мұғалімді сол белгілі күнде мектепте көруге үйренгендіктен бе, Сапар оның мына келісіне бір жағынан таңдана, екінші жағынан сезіктене қарап, ашылып сөйлесе алмай, сақтанған түрде аңыра берді.
Ал, шындығында, Бануда ешқандай бөтен ой жоқ-ты. Сапар үй тұрмысында қалай екен? Сабаққа дайындала ма, дайындалса қалай дайындалады екен? Басқа не істейді? Немен шұғылданады? — Міне, осы сияқты жайларды ғана білуге келген-ді.
— Неге көңілсізсің? — деп сұрады Сапардың абыржығанын сезген ол.
— Жай...
Бану терезе алдына барды.
— Мынау не нәрсе? — деді Сапарға горшоктарды көрсетіп.
— Бидай ғой, апай.
— Не бидай?
— Күздік бидай.
— Яровизацияламай еккенбісің?
— Екеуі де бар, апай.
— Қалайша? — деді Бану таңданып, — Сен бұл жұмыспен шұғылданғаныңа қанша болды, қайда жүріп яровизациялайсың?
— Мен қысқа мерзіммен яровизацияладым, апай.
— Оның қате болған, Сапар. Яровизация мерзімін бірден мұнша азайтқан соң, не шығады. Тосын жағдайға тірі организм бірден көндіге қоя ма... Бұл ұзақ мерзімнің, жылдардың жұмысы ғой.
Сапар төмен қарады.
— Тіпті толық яровизациядан өткенде де мына қалыпта, мына жағдайда күздік бидай бәрібір бас алмас еді, — деді Бану әуелі терезеге, содан соң үй ішіне жағалай көз жүгіртіп шығып.
— Неге, апай?
— Қазір күп сондай қысқа, ал үйің болса аласа, қаракөлеңке. Демек, өсімдікке жарық жетпейді. Ал, жарық болмаған жағдайда өсімдік бой жаза алмайтынын білесің ғой. Міне, осы жағын ойлауың қажет. Сен көрдің бе, Жарқын не істеген? Ол арнаулы жарық бөлме әзірлеген... Оның үстіне электр жарығын қоса түсіріп тұрмақ. Бөлме әзірлемегенмен, саған да солай етуге, өсімдікке еселеп шам жарығын түсіруге болар еді...
Тағы да Жарқын! Қайда барса да, соңынан бір қалмайды. Өзі, өзі жүрмесе, жұрт аузында аты жүреді. Қайтсе одан құлағы тыныш болады? Қашан ол бұған үлгі болудан қалып, бұл да сондай халге жетеді? Қашан? Қашан?!
Шәкірттің не ойлап тұрғанын сезгендей, Бану оны күлімсірей арқасынан қағып:
— Оқа емес, Сапар! — деді жұбатып, — Сен өкінбе, уақыт әлі көп. Яровизациялауды қайта баста. Бірақ өзінше кетпей, мен айтқандай етіп баста... және не істесең де, жолдастарыңмен ақылдасып істе. Өзім де көмектесіп тұрамын. Жақсы ма?
— Жақсы, — деді Сапар.
8
Түс ауа бастаған мезгіл. Жақыпбек сабағын бітірі,. пәтер үйіне аз уақытқа келді де, түні бойы уақытын бөлген Пуния соғыстары жайындағы материалдарды тағы да бір қарап шығуға отырды. Әуелі «Ертедегі дүние тарихына», одан соң ертедегі Рим жайындағы түрлі мақала, лекцияларға көз жіберіп, түсі қара қарындашпен белгіленген жерлерге зейін қоя үңіліп, қарастыра бастады. Ең түйінді деген пікірлерді «тарих туралы материалдар» деген дәптеріне түртіп те қойды.
Тарихпен беріле шұғылданып отырған кейпіне қарап, оны осы пәннің оқытушысы деп ойлауға болар еді. Тосын көзге дәл солай көрінер де еді. Егер сол тосын кез оны ертең, немесе арғы күні көрсе, бұл пікірінен дереу қайтып, тағы да басқаша-бір жорамал жасар еді. Ол бұл жолы не ботаникамен, физикамен немесе басқа бір пәнмен шұғылданып отырар еді. Ертеңгі Римнің тарихына нақ бүгінгі дайындалғаны сияқты, оның алдында «ботаника туралы», «физика туралы» дәптерлер жатар еді.
Мұның бәрі оның мамандығы емес, қызмет бабынан туған қосымша міндеттері екенін сіз кейін, әбден танысып барып ұғар едіңіз. Оның өз пәнін жақсы білумен қатар, басқа пәндерге де әрдайым осылай сарғайып отыруының себебін де сонда айқын түсінер едіңіз. Ол мектепте оқу жұмысын басқарушы болғандықтан, тек оқушыларға ғана емес, мұғалімдерге де ұстаздық көрсетуге тиіс. Қызмет бабындағы бұл міндетін орындауға тіл мамандығы мен әдебиетшілік жеткіліксіздігін, мектепте оқылатын барлық пәннен жақсы хабардар болуы керек екендігін оған осында келген күннің ертеңіне-ақ, тұрмыстың өзі айтқан және мұнсыз ешбір мұғалімге педагогтік басшылық ете алмайтынына көзін жеткізген. Көп уақытты, көп еңбекті керек ететін бұл қиын жұмыстан ол бас тартпай, батыл кіріскен де, мұғалімдердің сабағына өз тұсынан дайындалып баруды әдетке айналдырған. Сөйтіп, орта мектепте өтіп, кейін институтта қайталанбаған, ұмытыла бастаған көп ғылымдардың негізін тереңдей зерттеуді ол қайтадан қолға алған. Қай мұғалімнің сабағына кірсе де, өзі жақсы біліп барғандықтан, олардың сырт көзге байқалмайтын ұсақ кемшіліктеріне дейін аша отырып, талапты күшейткен. Қыруар еңбектің арқасында қол жеткен мұндай" көп жақтылық оны «білімді жігіт» деген даңққа бөлеп, беделін де арттырып әкеткен. Сондықтан оның басқаның сабағына кіруі мектепте елеулі оқиға сияқтанып кеткен-ді.
Мұғалімдер жұмысын бақылаумен қатар, бір жағынан олардың жақсы тәрбиелерін өзіне өнеге етіп, үйренуді, шеберленуді Жақыпбек есінен екі елі шығарған емес. Мұндай көңіл бөлерлік шеберліктерді педсоветте үлкен құрметпен атап, одан өзінің көп әсер алғанын, үйренгенін айтады. Басқаның еңбегіне деген бұл әділдік, әрі кішіпейілділік мұғалім жолдастарын сүйсіндіріп, «басшы болсаң, осылай бол» деген сөздер де тарай бастап еді.
Жақыпбек әрдайым дайындалып алып, мұғалімдердің сабағында болып отыратын сол әдеті бойынша, бүгін алтыншы «б» класында өтетін тарих сабағына кіруді мақұл көрді. Рим тарихына үңіліп отырғаны да сондықтан болатын.
Ол жым-жырт бөлмеде, осындай бір алаңсыз тыныштық үстінде, бар ой-зейіні кітапқа ауып отырғанда ауыз жақтағы Бану бөлмесінен құлағына кенет бір жіңішке дауыс шалынды. Дауыс шүу дегенде оқыс қатты шығып кетті де, артынша тез саябырлай қойды. Әйтсе де, сол саябырлағанның өзінде кейде зорайып, кейде бәсеңдеп, ашудан шыққан үн екендігін аңғарта, кейістікті білдіріп, қолайсыз бір оқиғаның хабаршысындай болып жетіп жатты. Алғашқы едәуір елеңдеп қалса да, ауыл арасының, от басының әңгімесі болар деген оймен кейін селқос қарап, қанша тыңдамайын десе де сөз сілемі еміс-еміс жетіп, көпке дейін оның құлағынан кетпей қойды... Бір мезгілде күбір басылды. Алдыңғы бөлмеде аз уақыт тыныштық орнады. Жақыпбек әлдекімді күткендей есік жаққа бұрылды. Дәл осы минутте есік қағып Бану кірді.
— Жай ма, Бану? деп сұрады Жақыпбек одан әлденедегі жайсыз хабар күткендей тықыршып.
— Сапар мен Жарқын төбелесіп қалыпты.
Бану сөзі төбесіне суық су құйып жібергенмен пара пар боп, Жақыпбек шошынған адамша орнынан ұшып тұрды.
Соңғы күндерде, әсіресе, отряд жиынынан кейін Жақыпбек көп нәрседен үміткер болатын. Тәртіпке мойынсұнғыш, пионерлік тапсырмадан бас тартуға жоқ Жарқын «Сапарға көмектес» дегенге лажсыз көніп, бір жағынан Жақыпбек таққан кінәны да жумақ болып: жиын алдында «Баймұратовқа сабақ үйретемін» деген уәдесін берген еді. Мұны көрген Жақыпбек іс жақсы ырымға бастады деп есептеген. Өзімшіл, өр мінезді бала өз мінін әзірше мойындай қоймаса да, бұдан былай ұғынатын болады, мұның аяғы жіңішкере келіп, Сапармен табысумен тынады, өр сенім сынып, класта біржола татулық орнайды деп шамалаған ол.
Міне, сол үміт тұл болып, іс насырға шауып отыр. Мұның аты жаңа ғана тәртіп орнай бастаған кластан тағы да ақау білінді деген сөз ғой.
Жақыпбекті шала бүліндірген бұл көңілсіз оқиға былай болған еді. «Кешірім сұра» деген Жақыпбек сөзінен кейін Жарқын Сапармен қанша мәмлеге келейін десе де, осы ниетке өзін-өзі іштей зорласа да, бір иліге алмай-ақ қойған: Мұғалім сөзін қаншама қадірлеп, қаншама ойланып қалғанымен құяр жері — мектептегі ең тәртіпсіз оқушыға бас ию сияқты көрініп, балалықтың аңғал менмендігі бүре берген. Соған қарамастан, ол отряд тапсырмасын адал орындауға бет қойған. Бірақ, Сапармен жұғысудың орайы табылмай, оған өз аяғынан бара алмай, я үйіне шақыра алмай, біраз әуре-сарсанмен жүрді. Ал, мұнысы отряд тапсырмасын аяққа басудай көрініп, пионерлік борыш оған тыным тапқызбады. Осы борыш ақыры оның өр сезімін жеңіп еді. Бүгін алтыншы «а» класында сабақ басқа кластардан бір сағат бұрын біткен-ді. Жарқын осы бос уақытты пайдаланғысы келіп және кешеуілдей беруден біржола тыйылмақ болып Сапардың қасына келіп, басқалар естіп қалмасын дегендей ақырын ғана:
— Сен қал, бірігіп, сабақ оқимыз,-деген болатын.
Сапар оның сөзін естімеген адамдай, ешбір жауап қайтармай, үнсіз отыра берді. Жарқын да қайтып еш нәрсе айтпады. Бұл аңыру оқушылар кеткеннен кейін де бірер минутке созылып, ақырында әңгімені Сапар бастады.
— Ал сөйле, — деді ол.
— Сабақ үйретем саған.
Сапар бұрынғысынша қолын, бір-ақ сілтемей, бұл жолы басқаша қыңырланды.
— Мықты болсаң, үйрете ғой!
— Шын үйренгің келсе, егеспе!
— Ал, сен бәлсінбе!
— Бәлсінген ешкім жоқ!
— Бәлсінбесең, неменеге маңызданасың?!
— Маңызданып мен саған не қылдым?
— Мұрныңды неге шүйіресің? Әкем бастық деп көкірегіңе нан піспесін. Мен ешкімге ақымды жібере қоймаспын, білдің бе?
— Басыңды жарғаным жоқ қой, не өзіңнің айтып отырғаның!
— Ой, шіркін-ай, мен саған оңайлықпен бас жарғыза қоярмын.
— Өзіңе не керек, соны айтшы! — деді Жарқын Сапардың кикілжіңінің бітер түрі көрінбеген соң.
— Менімен егесуді қоятын бол. Әйтпесе, оңдырмаймын!
— Жарқынға соңғы сөз батып кетті. Сапар егер мұны айтпаса, ол мәмлеге келгелі тұр еді. «Мен бұған еңкейейін десем, шалқаяды ғой» деп ойлады да:
Ал, қоймадым, сонда не істейсің, сен «бөлшой?» — деді тепсініп.
— Әй, не дейсің?..
— Сүйдеймін.
— Шын айтасың ба?
— Шын айтам.
Осы сөздің ауыздан шығуы мұң екен, Сапар орнынан ұшып тұрды да: «Мә саған бөлшой!» — деп Жарқынды шапалақпен жаққа салып қалды. Жан-жағына бір қарап алды да, маңында ешкім жоқ екенін көріп, Жарқын да еркін қимылдап, Сапарға жұдырықпен жауап қатты. Осы кезде басқа оқушылар келіп екеуін ажыратып жіберді.
Ойланбаған жерде көрген түстей тез басталып, тез тынған қолайсыз оқиғаның салмағын Жарқын артынан өлшеп, бір жағынан қатты ұялып, екінші жағынан от шығарған Сапар екендігін дер кезінде айтпақ болып, үйіне бармастан, тұп-тура Бануға келген еді. Жаңағы булыға сөйлеп, Жақыпбекке тыныштық бермеген де сол болатын.
Екі бала арасындағы бұл қолайсыз оқиғадан Жақыпбек педагогиканың қилы, қиын қырының біріне соғылып, тәрбиенің тағы да бір жаңа сырын аңғарғандай болды. Бұл оқиға балалар арасындағы достық, олардың өзара қарым-қатынасынан туып, сол арқылы жетілмейінше, «сен барып табыс», «сабақ үйрет» деген сияқты жалаң әмірден жеміс өнбей қалғанын байқатты.
— Бұл екі баланың ғана қатесі емес. Біздің де қателігіміз. Ең алдымен мына менің қателігім. Біз алға жақсы ниет қойсақ та, шешуіне келгенде, дәрменсіз боп шыққанбыз. Түзетуді коллектив тезінен іздеудің орнына екеуін бөлектеп, өзіміздің бұйрығымыздың әміріміздің күшіне сенгенбіз де, бүлдіргенбіз. Байқайсыз ба осыны?
— Мен басында-ақ қарсы болған едім...
Жақыпбек Бануға пәлен деместен, сағатына қарады да орнынан тұрды.
— Мен қазір тарих сабағына кіруім қажет, екі болып қалыпты. Бұл жайында содан шыққан соң кеңесейік.
9
Батырбайдың сабағына Жақыпбектің бұл екінші рет қатысуы еді. Алғашқы жолы-ақ Батырбайдың сабақ беру әдісі оны түңілдіріп шығарды. Көп жылдар оқытушы болуына қарамастан, Жауынбаев бесінші, алтыншы класқа арналған, шеті жұлма-жұлма болып тозығы жеткен тарих кітабын алдына жайып салып, балаларға бір, кітапқа бір қарап қойып, көңілсіз қоңыр дауыспен оқуға кірісті. Түйсіксіз, міңгірмен оқылғандықтан, оның сабағы ішті пыстырып, Жақыпбекті де, балаларды да әбден зеріктіріп, мезі етіп жіберді. Сөйтіп, бір сағат бойы Батырбай ойы жылт етпестен, қоңыр күздің бейуақтағы көңілсіз кешіндей күңгірт тартудан бір жазбады.
Бұл жай Жақыпбекке тосын болғанымен, оқушыларға жаңалық емес-ті. Олар Батырбай жайына қанық, сырмінез болатын. Көңіл селт егерлік сәтті олар одан күтпейтін де, өзді -өздерімен болуына қолайлы жағдай туып, арқалары босап қалатын. Кейде олар өзара сөйлесіп, жамырасып та отыратын. Батырбайдың бір «қасиетті» кітапты алдына жайып оқып тұрғанда, класпен ешбір жұмыс да болмайтын, ешкімді сөзден де тыймайтын. Бұған оның мұршасы да келмейтін. Егер балаларға қарап бірдеңе десе, оқып тұрған жерінен адасып қалып, әбігері шығатын да, қайта іздеуге тура келетін. Сондықтан ойын ешқайда шашау шығармай, бар ой-зейінін кітапқа бағыштайтын. Осындай өз басына қорғаныс іздеп жүргенде кластан жарылып басқа жақта, көш соңында қалып қоятынын ол сезе білмейтін-ді.
Жақыпбек отырғандықтан, балалар күндегідей жамыраса да, мұғалімнің оқып тұрғанына құлақ қоймайтындықтарын да жасыра алмады. Біреуі терезеге, біреуі есікке енді біреулері төмен қарап, әлденелерді ойлап, бейқам отырады. Ал, мұғалімге қарап отырғандардың өздерінікі де тыңдау емес, әшейін желеу еді. Көзінің астымен айналаға астартын барлау жүргізіп отырған Жақыпбектен бұл ұрлық та ізін жасыра алмаған.
Жақыпбек сол жолы Батырбайдың мынадай бір «қызығына да кенелді. Балалардан өткен сабақты сұрағанда, Батырбай алфавит қуып, тізімнің басынан төмен сырғыды. Бұл әлдеқалай сұрас па деп Жақыпбек көңілге түйіп отыра берді. Сабақ біткеннен кейін класс журналдарын алып қарады. Бақса, бұлай сұрас оның күндегі әдісі екен. Класс журналында тізімнің бас жағындағы фамилиялардың тұсына «4», «5» деп қойылған баға бұған күмән қалдырмады.
— Өз жұмыс стилін дайын сорапқа салу педагогтың тынысын тарылтып, қадамын қысқартады. Балалар сенің бұл тар соқпағыңды біліп алады, әр қадам сайын алдыңнан тосады, сен ойлағанды сенен бұрын барлайды. Мына алфавитпен сұрау сол шолақ өнер. Мұныңызға қарап, ертең қайсысынан сұралатынын оқушылар оңай біледі. Тек сол сұралатындары ғана орындалады да, басқалары «сұрамайдыны» медеу етіп, сабақты оқымай келеді. Көрдіңіз бе, әдісіңізді алдырсаңыз, оқушы қайтетінін. Сайып келгенде мына қойған төрт пен бесіңіз көз бояу болып шығады, — деген ол.
Батырбай бұл жолы морт сынбай, әлдеқандай сабыр тауып, үнсіз тыңдаған да, үйіне кеткен.
Жауынбаев сабағынан алғаш көрген сәтсіздікті Жақыпбек сарапқа салып, әр түрлі пікірге келген. Мүмкін, қысылғандықтан шығар, немесе сабаққа дайындала алмаған күні болар деп те жорамалдаған, сонымен, таяу арада қайта бір оралып соғуды мақұл көрген.
Сол ұйғаруы бойынша, Батырбай сабағына екінші рет қайтып оралғанда, ол, міне, осылайша келіп отыр. Батырбай бұл жолы алфавит бойынша сұрауды қойып, ең жақсы біледі деген шәкірттерге салмақ артты. Ол сұраған оқушысы жауапты жақсы берсе, Жақыпбекке көзінің астымен жымия қарап, ал, бөгеліп қалса, өзі жанама сұрақтармен демеп, бетін дұрыстыққа бұрамын деп әбігерленіп, бұрынғысындай емес, әлдеқайда сергек отырды.
Сұрап болғаннан кейін Римнің Италиядан тыс жерлерді жаулап алуы жайында сабағын бастап, оқушыларға Пуния соғыстары жайын, оның алғашқы шығу себептерін, Карфагенді Римнің жеңіп шыққанын, одан кейін Ганнибал жорығын, оның жеңісін, жеңілісін түсіндірді. Бұл жолы кітапқа да көп қарамай, программамен де есептеспей сілтеп, өз білгендерінің бәрін тізіп айтып, көп нәрсенің басын шалды. Сөйтіп, қалай да көзге көрінуге тырысып бакты. Соған қарамастан, оның білімсіз екені Жақыпбекке әбден аңғарылды. Ол оқушыларға көп түсінік бергенсісе де, оқу құралында жазылғандардан тыс еш нәрсе айта алмай, сондағы қысқа мәліметтерді шыр айнала шолумен болды. Оның өзін де терең түсінбей, «солай болыпты, былай болыпты» деген жалаң баяндау сарынымен көңілсіз әңгімелеп, тарихи оқиғалардың әлеуметтік мәнін ашпай күңгірт қалдырды. Тіпті, басқыншылық соғыстың сыры да ашылмады.
Сабақ қызықсыз еткендіктен мұғалімге сұрақ та қойылмады. Жалғыз-ақ бір бала:
— Ағай, Архимед сол заманда өмір сүрген ғой. Ол неге өлтірілді? Соны айтпадыңыз ғой, — деп сұрады.
Батырбай бұл сұраққа мүдіріп қалды да, бұрын құлағы шалған бір әңгімелерді айтып, долбарға басты.
— Құмға сызық сызып отырғанда бір мас солдат өлтіріп кетіпті деседі ғой.
— Қай елдің солдаты?
— Оның саған қажеті не? — деді Батырбай ежіктеп қоймаған балаға зеліп.
— Білгіміз келеді...
Батырбай оңай құтылмасын білген соң, сырыпсалдыға көшті.
— Архимед жайында физикадан өтесіңдер. Менің оны түсіндіріп жатуға уақытым жоқ. Айтылғандардан ұқпағандарың бар ма? Соны сұраңдар...
Әрине, бұл олақ айла Батырбайдың абыройын сақтап қала алмады. Оның өзі білмей отырғанын оқушы біткен салған жерден-ақ сезе қойды. Олар көздерінің астымен біріне-бірі қарап, кейбіреулері мырс етіп күліп те жіберді.
Жақыпбек Батырбайдың беделін қорғамақ болып сабақ біткеннен кейін оқушылардың өздеріне сұрақ қойды.
— Архимед жайында физикадан өтпедіңдер ме?
— Өттік.
— Өтсеңдер, оның қалай өлгенін білуге тиіссіңдер ғой.
— Білеміз!
— Кәне білетіндерің қолдарыңды көтеріңдерші.
Қолдары әуелі әр жерден көтеріле бастады да, көбейе-көбейе келіп, ақыр класта отырғандардың бәрі, тіпті білмейтіндері де дүрмекке еріп кетті...
Мұғалім жауап бере алмай, тұйыққа тірелген сұрақты соза беруден қашып, оның дұрыс жауабын алуға асықты да, Жақыпбек қолын сеніммен көтергем Күміс деген қызбаладан сұрады. Күміс аптыға сөйлеп жауап берді.
— Архимед гректің оқымыстысы... Пуния соғысы кезінде Сиракузыны қорғауға қатысты... Ол әлдеқалай білместіктен өлтірілген жоқ. Рим әскерінің Люций деген капитаны «Біздің жаққа шықпайсың» деп әдейі өлтіріпті...
— Дұрыс па, балалар?
— Дұрыс, дұрыс.
Батырбайдың мұғалімдік сырына Жақыпбек бұл жолы әбден қанды. Сабақтап шыққанда, одан күдерін біржолата үзіп шықты. Тәжірибесіздіктен, әлденендей жүрексінгендіктен емес, оның бойындағы кемшілік әріде, білімсіздікте, надандықта, өмірдің шаңына ілесе алмай, жылма-жыл одан өз қарасын үзіп, әбден тоқырап қалған мешеулігінде екенін білді. Ол енді бұған қандай ем қолдану керектігін ойлады. Бірақ, қанша ойласа да, Батырбай бойындағы надандық кеселі оңайлықпен ем қонбайтын асқынған ауыр дерттен сезіліп, одан түзілте берді. Ал, бұған төзе беру сау организмді жаман аурумен улай түсумен бірдей көрінді. Бұл дерттен құтылудың бір ғана жолы — Батырбайды мектептен шығару ғана сияқтанды.
— Не істейміз? — деді Бану қонырау соғылысымен кабинетіне оралған Жақыпбекке Сапар мен Жарқын жайындағы мәселені қозғап.
— Кластан одан да салмағы ауыр бір жүк арқалап шықтым, — деді Жақыпбек суық, жымиып.
— Тағы не болды?
— Жақынбек класта көргенін қысқаша баяндап шықты да:
— Осыған қандай ем бар, соны айтыңыздаршы маған, — деп Бану мен Байсалға қарады.
— Мұның, меніңше, емі жоқ,, — деді Байсал.
— Емі жоқ дейсің бе? Неліктен?
— Ештеңе білмейді, қайтіп ол сабақ береді?
— Оны оқытушылық қызметтен босатқан жөн ғой деймін. Бұған не дейсіңдер?
— Оныңыз тым асығыстық екен, — деді Бану.
— Аздап бүйрегің бұрып тұрған жоқ па?
— Осындайда орынсыз бірдеңелерді қойып қалатынын не? Дұрыстықты айту керек емес пе, — деді Бану Байсалға кейіп.
— Дұрыстығы Жақыпбек аға айтқан.
— Тәрбиелеу дегеніміз қайда қалады? Оны неге ұмытамыз?..
Батырбай жайындағы Жақыпбек пікірін естіп, Күдері де шошып кетті.
— Жиырма жыл сабақ берген тәжірибелі мұғалімді қызметтен қуу деген мектеп тарихында болмаған оқиға... Мұндай сөзді ауызыңа да алма, жігітім.
— Бар арашашы жеміссіз өткен жиырма жыл болса, оның жарасы жеңіл дер едім. Күн озып, жыл өткен сайын тамаша бақтағы Жауынбаев сияқты арамшөптің зияны да арта бермек. Сол үшін де көп жыл жамылып, пайда келтірмеген тұл ұстаздықты әшкерелеуден қорқуға болмайды, — деп Жақыпбек жайлап айтып көріп еді, Күдері бет бақтырмады. Бір ғaжабы: ол бұрын болмаған бір өктем мінез тапқан. Әдеттегі көңілшектігі, мәселе шешуге келгендегі жалтақтығы осы өктем мінездің ығында қалып, мына жаңа қасиеті суырыла шығып, өзін танытқандай боп, бірден аңғарылды. Осыны байқаған және мәмледен ештеңе өнбесін білген Жақыпбек те ежелгі дағдысымен тіке шабуылға көшті.
— Жауынбаев менің басымды жарып, көзімді шығарса, төзуге болар еді. Ал, болашақ жас азаматтың келешегін ұрлап, надандықпен тежеп жатса, қайтып төзуге болады... Мүмкін емес қой, бұл, — деп Күдеріге тесіле қарады да, даусын бұрынғысынан да көтере сөйледі. — Тарихты білмей мектеп бітіру деген не деген сұмдық! Мектеп бітірді деп ондайлардың қолына қалай біз ұялмай документ береміз?.. Көріне қылмыс жасап, келешек адам алдында қарғыс алу мұның аты. Жоқ түсініңіз! Орынсыз қорғамаңыз Жауынбаевты! Босатудың қамына кірісіңіз!..
Сөз аяғы айқайға тірелді. «Босатасыз», «босатпаймын» деген екі сөз жарыса ұшып, әңгіме келіссіз құрғақ көріспен тынды: да, Жауынбаев тағдыры әзірше таласта қалды...
Жақыпбектің күнделік дәптеріне сол күні мынадай сөздер жазылды:
«...Кейбір ап-айқын нәрсеге түсінбейтініміз жаман. Етікші етікті жаман тіксе, немесе бұзып тіксе-ақ шу көтеріледі. Егер ол бұл қылығын қоймаса, жұмыстан шығаруға дейін жазаланады. Ал, ең асыл қазына — адам тәрбиесіне жеңіл-желпі қарап, қос жүре түзеледіге салынуға қандай қақымыз бар? Әлде, адам тәрбиелеу етік тігуден оңай да, етікшіден мұғалімнің жауапкершілігі аз болғаны ма?.. Жаман етік киіледі де, тез тозады. Оның мықтады дегендегі тигізер зияны осы ғой. Ал, жаман тәрбиеден тараған зардап адам жүрегіне дерт болып шөгіп, у болып жайылады емес пе. Осыны ойланбау дегенге мен түсінбеймін.
10
Іштей Жақыпбектің құлағына Күдерінің даусы шалынды. Келісе алатын түріміз жоқ. Бұлай бола беретін болса, екеуміздің біреуміз-ақ қалуымыз керек» деген сөздер сампылдап, естіліп кіре берістегі бөлмені қойып, сыртқа кетіп жатты.
— Міне, өзі де келді. Тағы да айтам, егер менің орным керек болса, бердім осы балаға. Ал, бірақ мұғалімдер арасына іріткі салмасып. Мен отырғанда оларды тоздыра алмаймын...
Сіз үлкен басыңызбен баланын сөзін айтпаңыз. Мен мансап іздеп жүрген адам емеспін, ең болмаса, соны ұғыңыз... Ал, сіз жақсы көрген мұғалімдерді мен де жақсы көремін. Бірақ мұғалімдік атақты жамылып жүрген Жауынбаев сияқты дүмшелерді құрметтей алмаймын!.. Манағы ұсынысым ұсыныс, парторгтың алдында тағы да сонымды қуаттаймын. Мектептен оны босатудың қамына кірісіңіз...
Оның сабырсызданып, Күдеріге шап түскенін ұнатпады ма, әуелі директорды тыңдап алғысы келді ме, қалай, Керей:
Сіз сабыр етіңіз! — деп, Жақыпбекке сұсты пішінмен бір қарап қойды. Осының өзінен-ақ көп нәрсені аңғарғандай болды да, Жақыпбек сабасына түсті.
— Қадіров жолдас, ойыңызды аяқтаңыз!
— Мен мектепті басқара алмай бүлдіріп отырсам, оны айт. Әйтпесе, коммунист Әділбековті тәртіпке шақырыңдар. Сенің құлағыңа осыны салайын деп келдім.
— Сіз мұны ашумен айтып отырсыз ғой деп ойлаймын... Өйтпегенде мәселені бұлай қоятын жөн жоқ. Әділбеков жолдаста сізге көмектесуден басқа бөтен ниет болмауға тиіс. Жұмыс бабында кейбір кемшіліктеріңізді бетіңізге айтса, оған шамданбай, дұрысына құлақ асып отыруыңыз керек...
— Көрінген жерде килігіп, көрінген жерде беттен алып жатса, менде қандай абырой қалады...
— Әзірше ондай оқиға болмағаны мәлім және болмайды деп есептеймін... Орынсыз дау, жанжалды қойып, ынтымақпен жұмыс істейтін болыңыздар. Ал, Жауынбаев жайында мен ештеңе айта алмаймын. Өздеріңіз әлі де ойласыңыздар, жалғыз-ақ айтатыным: қызметтен шығару деген қиын емес, ол ешқайда қашпайды. Тәрбиелеуді көбірек ойластыру керек.
— Совет өкіметі орнағаннан бері отыздан аса жыл ішінде, мектепте жиырма жыл сабақ бергенде ештеңе үйренбеген Жауынбаевты тәрбиелеу деген өзімізді өзіміз босқа жұбату деп білемін, — деді Жақыпбек.
Жоқ, Әділбеков жолдас, қате айтасың. Біз адамды ақтық өміріне шейін тәрбиелей беруіміз керек. Сен мынаны ұмытпа: өнерлі адам аспаннан түспейді. Оны жел де айдап әкелмейді. Өзіміз баулып, өзіміз жетілдіріп алуға тиістіміз. Өз кадрларыңызға тым жоғары өлшем қойып, ығай мен сығайға жүгіре бермеңіздер. Ондайларды өздеріңіз өсіріп, өздеріңіз түзеттіңіздер. Басшылық қасиет те, міне, осында. Көзіңе айту керек. Жақыпбек, сенде бұл жағы байқалмайды.
— Талабыңыз орымды. Ал, Жауынбаев жөнінде өз пікірімде қалуға рұқсат етіңіз..
— Оны өзің біл. Бірақ, не істесең де, ойлап істегейсің. Білімсізін жаратпай, білімдісін таба алмай, құралақан қалып жүрмеңіздер...
Керей Жауынбаев жайында алдағы жерде мұндай ала ауыз пікірді қойып, бір түйінге келуді, жалпы ұсақ кикілжіңді тастауды, бұлай бола берсе, аяғы жақсылыққа бастамайтынын ескертті. Артынан ол Жақыпбекпен оңаша қалып сөйлесті.
— Тым бірбеткейсің. Күдері сияқты адаммен ортақ тіл табуға болады ғой, — деді ол.
— Қайтесіз, мінез ғой...
— Мінез ғой деп жұбатасың өзіңді, ә? — деп Жақыпбектің бетіне Керей күлімсірей қарады.
— Жоқ, жұбату емес, мұның зор кемшілік екенін жақсы білемін...
— Білгеніңнен не пайда...
Ол осыны айтты да, сал кідіріп, әлдене ойлағандай болып, сөзін қайта бастады.
— Әдетте, біз кемшілікті мойындауға арланбаймыз. Кемшілік болу дегенді табиғи нәрседей көреміз. Қалай деп ойлайсың, кемшіліксіз адам болуы мүмкін емес пе? Не үшін, неге бізде кемшілік болады? Сен педагогсың ғой, осы мәселенің төркініне ой жіберіп көргенің бар ма?.. Меніңше, адам кемшіліксіз болмайды деген ұғым ескіден миымызға сіңіп алған да, соған орынсыз пенде боп, мінімізді көре-тұра, өзімізге өзіміз жеңілдік беруге дағдыланып кеткенбіз. Соның кесірінен бойымда бір де мін қалмасыншы, түгел жояйын деген талапты өзімізге өзіміз қоя да бермейміз. Бұл біздің үлкен қатеміз ғой деймін. Егер біз ешбір заманда болмаған жаңа адам екендігіміз рас болса, жалпы адам баласына тән кемшіліктердің де бізбен қоштасуы орынды. Кемшіліксіз адам тәрбиелейтін уақыт жетті. Біздің педагогтардың осындай міндетті алға қоятын да уақыты жетті. Әрине, әңгіме ең алдымен өздеріңнің бастарыңа кеп тіреледі ғой. Оны ұғып отырған боларсың...
Керейдің мына сөзі Жақыпбекті қатты ойландырды. Азамат тәрбиелеймін дегенді нысана етсе де, өз міндетін дәл мұндай дәрежеде ойға көтерілмеген еді ол. Адам мен адам арасында темперамент жағынан үлкен айырма болғандықтан, мінез соның ұшқыны, ол өзіндік қасиеттерінен айрылмайды деп шамалап, сана-сезім, құлық қалай тәрбиеленсе, мінез де солай тәрбиеленуге тиіс екенін, тежеуге болатынын ескермей, бұған қажет деп көңіл де бөлмей келген-ді. Мұнысы енді ойлап отырса, үлкен ағаттық сияқты. Секретарь сөзінен заман әкелген үлкен жаңалықты аңғарады. Рас-ау, жаңа адамда жаңа қасиет атаулы түгел болуы қажетті де, жақсы да емес не. Саналы бол күшті бол сезімді бол ал, мінезді болуға неге талап жоқ.? Бұған нендей бөгет бар? Басқаларым келісіп жатса, мінезімнің аздаған оғаштығы ештеңе емес, деген теріс ұғым қайдан шыққан?.. Қанша ақылды болсаң да, өзіңді-өзің ұстауға құдіретің жетпеу, қадірліңе айтарыңды айтып алып, артынан сабаңа түскеннің, кешірім сұрағанның несі жақсы, несі мәдениеттілік?...
Жақыпбек тұрмысқа, санаға қоса, енді мінезге төңкеріс жасаудың, кристалдай таза адам ғана емес, шынардай мінсіз адам өсірудің дәуірі жеткенін көңілге түйіп алды да, әр жолыққан сайын осындай бір тың ойға кезіктіріп отыратын, қарсы алдындағы осынау қарапайым адамға алғыс ниетпен әрі сүйсіне, әрі қызыға қарады.
11
Жарқыннан тыныштық қашты. Ашу тарқап, өзіне-өзі келген сайын маза кетті. Манағыдай емес, енді сана да өзінше күбір тауып, есебін түгендей бастады. Шүбә кірген көңілден өсіп «не істедің сен?» деген сұрақ шықты. Бала әлденені байқаусызда бүлдіріп алғандай, өз-өзінен ыңғайсызданып, бұрын үйір болып көрмеген көңілсіздікке тап болды. Дегенмен, осының бәрі тереңнен шыққан салмақты ой емес, әлденеден именген, оқиғаның бетін қалқыған саяз ой, саяз өкініш еді. Болған оқиға ыңғайсыз-ақ сияқтанғанымен, сайып келгенде, ол өзін тіпті кінәлы деп есептемейді, «ұрынған тентектен өзімді қорғадым, оның несі сөкет» деген арқа сүйер таяныш ойға қол артып, «не істедіңнің?» жауабын жеңілдетеді.
Шынын айтқанда, оны бәрінен де бұрын екі нәрсе қинайды. Оның бірі — әкесі, екіншісі — отряд жиыны. Бұл екеуінің қайсысынан болса да, ол қатты қысылып, қатты қиналады. Әке естісе, «біздің сенімді ақтамай, абыройымызды төктің, жаман бала болдың» деп ұрсады, көңілі қалады. Отряд жиыны болса, одан да ауыр. Жолдастары алдында ісі оң болсын, теріс болсын, кінәлы ретінде тапжылмай тұрып жауап береді. Пионер үшін бұл қандай келісімсіз, қандай қиын хал! Ол ғана ма, жиында класс жетекшісі Бану да тіпті, Жақыпбектің де болуы мүмкін. Солардың бәрінің көзінше, кінәлі бұл болмаған күнде, аты аталып, ақталып тұрудың өзі қандай ұят!...
Осы екі ойдың қыспағына түскен балаға болған оқиғаны әкеге айту дегенге келгенде, батылсыздық қайда болды. Отряд жиынынан бір, әкеден екі ұялу — балаға ес тандырар, айтып жеткізгісіз ауыр соққыдай көрінді. Не де болса, жиыннан естіген сөзбен тынып, әкеме сездірмей-ақ қойсам қайтеді деген ой көңіліне қона берді. Сонымен, әкесіне айтарын да, айтпасын да білмей, ол көп ойланды, Үйіне де көпке дейін бара алмай кештетіп бір-ақ келді де, тамағын ішіп алып, сабақ оқуға отырды. Бірақ, мандытып ештеңе оқи да алмады. Көзі кітапта болса, ойы басқада болып, алаңдай берді. Содан соң сабақтың бәрін жиып қойды да, тысқа шықты. Тастай қараңғы айсыз түн тіршіліктің бәрін бауырына басып алыпты. Тек ашық аспандағы самсаған жұлдыздар мен жерде әр үйдің терезесінен жылтыраған шам сәулелері ғана көрінеді. Жарқынның көзі колхоз басқармасының кеңсесіне қадалды. «Әкем жұмыс басынан қайтпады ма екен» деген оймен қарады ол.
Жеңіл шыққан ол еті тоңазып, үйге қайтып кірді де, «Жолдастарын жаныңда» деген повесті қолға алды. Елизавета Сергеевна бір әңгімесінде осы кітаптан үзінді келтіріп, қызықтырған еді. Содан кейін Жарқын бұл кітапты тауып алып, соңғы үш күннен бері, қолы бос уақытта оқып жүрген болатын. Соны дәл осы түнде аяқтап шығу оған қажеттей көрінді. Кітаптың қызығына түскендіктен бе, немесе әкесін күткендіктен бе, оның отырысы күндегісінен бұл жолы ұзаққа созылды. Жатқаннан кейін де көпке дейін ұйықтамады. Көзін жұмса-ақ, оқығандары бейне алдында болып жатқандай еліктіріп, мұны дүрмегіне қосады. Сол дүрмекте оның көзіне бәрінен бұрын Саша пионер оттай басылады. Оның ойы кітапта әңгіме болатын басқа балалардың жайларынан көрі соған оралып соға береді. Сашаның басында болған кемшілікке үңілсе, өз бойына үңілгендей болады.
Жақыпбек айтқан, бұл іштей мойындамаған әнеугі бір тағылған кінә да анық шындыққа басып, талас тудырмайтын ақиқаттай ап-айқын көрініп, мына кітаппен үн қосқандай салмағы артып, мағынасын тереңдетті. Кітап та, ақылшы-ұстазы да өз басынан аспайтын және асуды тілемейтін өзімшілдікті айыптап, үлкен санаға қоғамшыл шынайы санаға үндейді...
Осыны бала дәл, терең ұғынып жетпесе де, өз басында әлденелер жетіспейтінін аңғарып, тіпті бұрын байқамаған енді ойлап отырса, міне бар екенін сезіп, соған налығандықты білдіретін бір жаңа қалып туғандай болды. Апыл-тапыл басқан, берік табан тірей алмайтын осы сәби оймен ол әкесінің келуін күтпей жатып, ұйқыға кетті. Сол жатқаннан ол таңертең бір-ақ оянды. Оянғанда да әлденендей қорқынышты түс көріп шошып тұрды.
Түсінде самолетке отырып, парашютпен түспекші болыпты. Бірақ жүрегі дауаламайды. Төмен еңкейіп қараса, онда бұраңдай аққан өзен жағасында су электр станциясы көрінеді. Сол ара қолында күрек сықылды үлкен қалақ темірі бар Сапар тұр. Ол табанының астындағы қолдан қазылған кең арнаға сол күрекшесін малып, айналасына су шашады. Онысы электр тогіне айналып, ұшқын боп тарайды. Жарқын өзінің самолеттен түсе алмай тұрғанын ұмытып, Сапар шашқан ұшқындарды тамашалайды. Оның түсе алмай тұрғанын Сапар сезіп, мұны ажуа еткендей болады.
Әшейінде деміңе нан пісіп, тұмсығыңды көтеруші едің. Оныңның бәрі жай екен ғой. Енді міне парашютпен секіруге батылың жетпей тұр. Мен болсам, парашютсыз-ақ құс болып ұшып етекке жетіп бір-ақ қонар едім, — дейді ол айқайлап.
Сапар өзі намысына тиіп, Жарқын ызаланса да, не істерін білмей мысы құриды.
— Көзіңді жұм да, төмен қарай ұш, — деген Сапар даусы тағы естілді.
— Бұл көзін жұмады. Екі қолын екі жаққа жайып жіберіп секіреді.
— Қорықпа, екі қолыңды қанат қып серме!
Мұны Сапар емес, әлдекімдер айқайлап айтып тұрғандай болады. Ол екі қолын ербеңдетеді. Шынында да, оған қанат біткендей болып аспан әлемінде қалықтайды. Кенет, әлденеден гүрілдеген дауыстан сескеніп, көзін ашады. Таудан оңға қарай шапшып аққан, қазандай тастарды қаңбақтай домалатқан долы өзеннің дәл үстіне төніп қалғанын көреді. Енді сәл кідірсе, сонда келіп түспек. Ол зәресі ұшып, қайтадан жоғары көтерілмек болады. Бірақ, салмағы төмен басып, көтеріле алмайды. Сол кезде қасына кіп-кішкентай, шағаладай аппақ самолет ұшып келе қалады, мұны ұшырушы Сапар екен дейді!
— Кел, бері! — дегенге қараса, сол Сапар боп көрінген ұшқыш демде басқа біреу болып кетеді... Сәлден соң бұл көрініс те ғайып болады... Самолетті жүргізіп келе жатқан енді Жарқынның өзі болып шығады.
Осындай шытырман түстер бірінен соң бірі алмасып, енді бір сәтте отряд жиынына келіп жалғасады. Бұған пионерлер тұс-тұстан сұрақ қойып, есін шығарып жатады.
— Сен не істедің? Кімді алдадың білемісің? — деп оған түсін суытып Жақыпбек төніп тұрады. Ол мұғалімнен сескеніп, кейін шегінеді.
«Кімді алдадың?» — деген дауыс енді арт жағынан да естіледі. Жалт бұрылса қабағын түйіп тұрған өзінің әкесін көреді. Бала одан сайын дегбірсізденіп: «Мен алдағам жоқ» демек болады. Бірақ, тілі күрмеліп, дауысы шықпайды.
— Сен менің балам болудан қалдың, — дейді әкесі. Бұл: «әкетай, менде жазық жоқ!» -деп жыламсырайды. Сөйтсем, есіркер деп ойлайды. Мұнысынан да ештеңе өнбейді, көзінен жас тамбайды, әке нанбайды.
— Бұл енді менің де жақсы шәкіртім бола алмайды! — дейді Жақыпбек. Ол әр сөзін салмақтап, бөліп-бөліп айтады. Оның сөзін пионерлер қағып алып, жамырай қайталайды.
Сүйікті мұғаліміне де ештеңе тауып айта алмай, күрсініп көзін жұмады, жүрегі лоқсып, басы айналады... Осындай шытырман оқиғалар тізіле береді... Жиын самолеттің ішінде өтіп жатқан болып елестейді, құлағына мотордың гүрілімен бірге: «Бұл біздің қатарымызда болуға лайықты емес!» — деген дауыстар шалынады. Дәл осы минутте тағы да Сапар пайда болып, оған «Түс, түс!» — деп тепсінеді.
Бұл оған ештеңе демей, күмілжиді. Анау тапжылмай алға басып, мұны самолеттің есігіне қарай тықсырады. Одан сескенген бұл шегіне-шегіне есікке жетіп, бір сәтте құлап бара жатқанын сезеді. «Өлдім» деген ой көп, төбе құйқасы, өн бойы шымыр-шымыр етіп тітіреніп көзін ашады... Бақса аспанда да, самолетте де емес, жүрегін астына алып, өз үйінде, өз төсегінде жатыр. Қара суға түсіп терлеп қалған. Әкесі қызметіне кетіпті.
Сапармен арада болған оқиғада өзін кінәсізбін деп есептесе де, осы түннен кейін ол бұл ойына да батыл сенуден қалып, сабаққа үлкен қауіппен келді.
Бәрінен де мектеп табалдырығын аттау қиын болды. «Қарсымнан мұғалімдердің біреуі кездесіп қалмаса екен» деп тіледі. Оқушы жолдастарынан да өз жүзін алып қашты. Ешкімнің көзіне шалынбай класқа зып берсем, қайтып қозғалмас едім деген оймен коридорға кірісімен басын төмен тұқита ентелеп, аяғын жедел басты...
— Жарқын! — деген дауыс тұла бойына қорғасын құйып жібергендей оны кілт тоқтатып, басып оңға әнтек бұрғызды. Беті ду-ду етіп, ені де бұзылып жүре берді. Қасына келген Байсалға қарай қарамай, қырындап кетті де, кірерге жер, таба алмай састы.
Осыны байқай қойғандықтан коридорда қыспайын деді ме, ойлаған жараның аузын тырнамай, жай ғана күлімсіреп:
— Амандасып жүру керек! — деді.
— Ағай кешіріңіз... Мен байқамадым.
Неге тоқтатты? Неге ізінше үндемей қалды вожатый?
Класқа кіріп алған соң Жарқын бұл жайын көп ойлады.
12
Осы бір шағын бөлме сыртынан көз тартпаса да, ішіне кірсең қызықтырады. Колхоз байлығы шалқар теңіз десек, бұл соның қайнар көзі тәріздес. Ауылға келген жаңалық әуелі осы үйге кіріп, кейін осы үйден тарайды. Бұл үй колхоз даласы мен қаласының бүгінгісін алдына жайып, ертеңгісін көзіңе елестеді. Оның сізді қызықтыратыны да міне осы қасиеті.
Бұл үйдің ішінде ешқандай жиһаз да жоқ. Бұдан самсаған орындықтар мен столдардан басқа мүлік те кездестіре алмайсыз. Мұның қазынасы — тола жазылған дәптерлерде, қабырғаға қыстырылған түрлі дақылдарда, бұрыштарда тұрған, топырақ салынған қалбырларда. Дәптерлер еңбек майданында ұштасқан ғылым мен тәжірибенің сан жылғы тарихын шертеді; дақылдар — колхозда қандай егіс пен жеміс өсетінін көрсетеді, қалбырлардағы топырақтар егіс даласының сан алуан сарын баяндайды. Сіздің көзіңіз солардың ішінде алдымен дақылдарға түседі. Бұл дақылдар алуан түрлі: ақбас бидай, қарабас бидай, тармақты бидай... Санап тауысуға болмайды. Біз білетін дақылдардың бәрі бар. Ол ғана ма, солтүстік облыстарымыздың тұрмысына әлі де сіңіп болмаған алуан текті алмалар, жемістер де тұр...
Бұл үйде колхозшылардың көп жылғы тәжірибесі, егістік жер мен дәннің қасиеті зерттеледі. Колхозға алдырылған жаңа өсімдіктер де осы үйдің жанына егіліп, осы үйде сыннан өтеді. Колхоздағы ғылыми орталық та осы үй. Ауыл адамы бұл үйді хата -лаборатория деп атайды.
Бұл үй ауыл мектебінің де үлкен таянышы. Оқушы балалар бұл үйден өсімдік дүниесінің, колхоз дәулетінің сырын ұғады. Ботаника сабағын тіршілігімізбен қабыстыруда көз қандырар, көңіл аударар керекті есімдіктердің көбі осы үйден табылады. Сол үшін биология пәнінің бұл үй тұрақты кабинеті әрі өсімдіктер дүниесінің мүйісі сияқты болып, барған сайын мектеп тіршілігінің қайнар көзіне айналып келеді.
Алтыншы « а» класын Бану бүгін де, міне, осында алып келді.
— Өткен жолы біз тұқымды егіске әзірлеу жанында әңгімелестік қой деймін, — деп бастады Бану сабағын, — қазір сонда айтылған негізгі мәселелерді еске түсірейік. Сонымен тұқымды егіске әзірлеу жұмысы дегеніміз неден басталады? Кім айтады?
«Мен айтамын» дегендер қаптап кетті. Мұғалима Сейтенге сөз берді.
— Тұқымды тазартамыз, сорттаймыз, — деді Сейтен...
— Дұрыс, дұрыс, айта бер. Қалай тазартамыз, қалай сорттаймыз?
— Оны, апай, балалардың бәрі көрді ғой. Өзіміз, әлгі, сол маңда жүрдік қой... Тіпті сол тазартқыш, сорттағыш машиналарды да өзіміз жүргіздік қой, — деп Сейтен бұларды айтып жатуды артық көретінін, өйткені, бұл тіпті үйреншікті іс екенін сездірді.
— Оқа емес, — деді Бану, — сол көргендеріңді бізге әңгімелеп бер. Не үшін сорттаймыз? Соны да айта кет.
— Егін жақсы шығу үшін тұқым керек...
— Қандай тұқым? — деді Кәмал күбірлеп, жұдырығымен оны бүйірден нұқып қалып.
— Қандай тұқым! Сөз бе екен. Жақсы тұқым, әрине...
— Жақсы тұқым дегеніміз не? Сен, асықпа, саспа...
— Жақсы тұқым дегеніміз ол, әлгі, ең ірі, ең сапалы, бұзылмаған, сау дәндер... Ол сортталып алынады. Әуелі тазартылады. Неден дейсің бе? — Кәмалға остия мойнын бұрды. — Білесін бе, егінде неше түрлілер өседі, солардың тұқымы араласып жүреді. Анау, әлі, арам шөптердің неше түрлері де болады. Міне, солардан тазарту керек. Дұрыс па?..
— Маған емес, жұртқа қарап айт, — деп Кәмал қуақылана күліп, сыбыр етті.
— Ең ірі, салмағы ауыр, бүтін дәндер әгі «Триумф» машинасынан өткізсек, бөлініп шығады. Әрине, мұның алдында, әгі, веялкадан тұқым тазартылып алынады. Солай ғой?..
— Сен «Триумф» машинасының жұмысын дұрыстап айтпадың ғой, — деді Әйтен.
— Неменесін айтамын, әгі, өздерің де талай айналдырдыңдар ғой. Сонда да айта берейін бе?.. Бұл машина тұқымды, әгі, үшке бөледі. Ең ірі дәндер бір жаққа, орташа дәндер бір бүйірге, әгі, уақ, сынған дәндер арт жаққа шүмектегенін, әлгі, бәрін де көрдіңдер. Міне, солай...
— Сонымен бұл үшке бөлінген дәндер қандай мақсатқа жұмсалады? — деді Бану.
Біріншісі нағыз саналы тұқымға, екінші, әгі, түрлі шаруашылыққа үшіншісі малға, жемге кетеді...
— Дұрыс па, балалар?
— Дұрыс, бірақ триердің жұмысын айтпай кетті.
— Ал өзің айта ғой, Әйтен.
Орнына отыра берген Сейтеннің құлағына «әгі, әгі» деген күбірлер бүкіл кластың ана шетінен де, мына шетінен де қаптай естілді. Ол алғашқыда мұны ұқпай, бұлары несі деп ойлады...
— Сен бекер сасқалақтайсың Сейтен. Жатық сөйлеуге үйрену керек, — деді Бану манадан бері оның сөзін бөлгісі келмегендіктен ендіктен «әгі» жайын енді ескертіп. — Айта бер, Әйтен...
«Триумф» машинасы іріктен шығарған бірінші сорт тұқымды сол қалпында қалдыруға болмайды... — деді Әйтен баяндама жасағалы тұрған адамдай даусын соза, көгере сөйлеп. Ол әлі нағыз саналы тұқым емес, оның ішіне салмағы жағынан ауыр болса да, кішкентай сапасыз дәндер де, кейбір арамшөптердің тұқымдары да кетіп қалады. Сондықтан бұлардан тазарту үшін триерге салып, енді түр, көлем жағынан сорттау керек...
— Дұрыс па, балалар?
— Дұрыс...
...Мұғалима рақаттана сүйсінеді. Осыларды класта сөз жүзінде ғана айтса, техниканы, агротехникалық, көп жайларды, мұндай түсіну, тақ-тақ еткізіп айтып беру екінің бірінің қолынан келе де бермес еді-ау деп ойлайды ол. Көзбен көргенге, өздері араласқанға не жетсін! Ол әрі ұғымды да, әрі қызықты да болады емес пе...
Мектеп баласы күз басынан бері тұқымды іріктеудің, тазартудың сорттаудың әрдайым басы-қасында болып келеді. Олар тұқым тазартқыш машиналардың жұмысын көздерімен көруі былай тұрсын ,өздері бұл жұмысты колхозшылармен кей жағдайда бірге атқарысты. Сондықтан ең нашар оқиды деген баланын, өзі көргенін, қолымен істегенін мүдіріссіз айтып беретініне Банудың көзі жетеді. Тұқымды сақтау, егу, бау-бақша, огород салу, тыңайтқыштарды қай егіске қалай пайдалану жайында да оқушылар іс жүзінде нақты зерттеп, өмірдің өзінен үйренді. Тұқымның өнімін тексеріп, балалар сан рет тәжірибе де жасады. Бұл жұмыстың әдетке айналғаны сондай: көп оқушылар, тіпті, өз үйлерінде де түрлі өсімдіктер егіп, қайта-қайта сыннан өткізіп, әбігерленіп жүргенін көресіз...
Бану өткен сабақты біраз пысықтап еске түсірген соң, жаңа материалдарды түсіндіруге кірісті. Ол қабырғада қатар қатар тұрған дәнді егістің бастарын қолына ала отырып, олардың әрқайсысына қысқаша жеке тоқтап, аттарын, ерекшеліктерін шолды. Қайсысының қандай жерге жақсы өсетінін, беретін өнімін сипаттады. Содан соң бұл дақылдың, барлығы осы колхозда өсірілетінін хабарлап өтті де, шет жақта оқшау тұрған бір өсімдікті қолына алып біраз бөгеліс жасады.
Балалар да мұғалиманың қолына алған дақылға қадалып, қарай қалысты Бір баста бірнеше тармақ қолдың саласындай жарыса өскен ғажайып бидай олардың назарын бірден өзіне аударды.
Жалғыз-ақ мынау ғана біздің егіс даламызда өсірілмейді,- деді Бану тармақ басты бидайды балаларға ұсынып.
— Бұл бізде неге өспейді?
— Тұқымы жоқ. Осының өзі Москвадан алдырылды...
Бану бұдан кейін тармақты бидайдың шығу тарихын шолды.
Бұл бидаймен атақты совет оқымыстысы шұғылданып жүргенін, оны өзінің, ботаника бауына егіп, жыл сайын көбейтіп келе жатқанын, қазір мұны басқа да ғылым тәжірибе орындары еге бастағанын, енді аз жылда еліміздің бірқатар жерінде бидайдың бұл жаңа түрін жаппай егіс ретінде егуге мүмкіншілік туатынын әңгімеледі.
Тармақты бидай балаларды қатты қызықтырды.
— Біз неге егіп көрмейміз?
— Алдағы көктемде бірнеше дәнін егеміз.
— Қолымызға бере ме, үйіміздің жанына егер едік, — деді Әйтен.
— Дәні аз. Бәріміз жиналып мектеп жанына егеміз!
— Мұндай егіс қандай пайдалы! — деді бір бала.
— Әрине, пайдалы. Кәдімгі жай бидайдың собығында 50-60 дән болса, мұнда 200-дей дән бар. Демек жай бидайға қарағанда өнімді ол төрт еседен артық береді деген сөз.
Бұрын балаларға бидай деген сөз өте тар мағынада үстірт ұғылатын. Бидай — бидай. Басқа онда не болмақ? Ботаниканы еткеннен бері бұл ұғым кеңейіп, бидай дегеніміз түрі, сыры көп, өз алдына шалқып жатқан кең дүние болып барады. Сол бидай дүниесі бүгінгі сабақта бұрынғысынан да іргесін алыстатып әкетті.
— Елімізде жаздық бидайдың жүз қырық түрі өсіріледі, — деп еді бір сөздің ретінде Бану, бұған балалар таң қалды.
— Ту, қандай көп!
— Бұл қайта көп емес, — деді Бану, — бір ғана күздік бидайдың түрі екі жүзден асады... Осылардың, әрқайсысында өзіндік сыр бар... Әрқайсысын өсіруге өзіндік айла-тәсіл керек: Оны өздерің көріп, кейбіріне тәжірибе де жасап жүрсіңдер...
Басқа дақылдарды былай қойғанда, бір ғана бидайдың өзі осындай сала-салаға бөлінуі, олардың сапа, өнім, тағамдық қасиеті, алуан түрлілігі адам еңбегінің нешеме түрлерін, тәсілдерін тілейтіндігі ести берген адамға таусылмайтын жыр еді. Солардың колхозда өсірілетін кейбіріне ғана мұғалима тоқталды да бәріне тереңдеу мүмкін еместігін білдірді. Мұны көрген балалар қызығы басылмағандай тамсанып, шіркін бидай атаулының жайын түгел білер ме еді деген тәтті ниеттің құшағында қалды. Бұл ниет оларды ауыл даласына үңілдіріп, оның бүгіні мен ертеңін араластырып жіберді. «Біздің даламызда егілмейтін дақыл болмауы керек» деген Есенбектің анада айтқан бір сөзі болушы еді. Осы арада келіп сол сөз де еске түсіп, өзінен-өзі ұштасып кетті.
Үңіл колхоз даласының ертеңіне, жас ұрпақ!
Көлбеген кең дала. Сол кең дала барған сайын өз кескінін өзгертіп, бетін жапқан қуқыл шөп бірте-бірте шетке қағылып жоғалып барады. Оның орнын жайқалған көк егін басып, Сарыарқа атанған сұрықсыз сары белдерде жасыл дүние орнап, іргесін кең жайып жатыр.
Сусыз тобарсып, бетіне әжім түскен кәрі жердің жасаруы басына жастық дәурен кешірмеген, дүниеге жетім боп келіп, өмірін өгейлікте өткізген, сол жердің иесі — сонау бір кездегі қазақ халқының біздің заманда қайта туғанынан аумайды. Екеуі де жастықты жаңа заманнан бастаған. Дала жаңаша гүлдейді, дала адамы жаңа өмір сүреді.
Сол даланы гүлдетуші адамдардың бірі болсаң жеткіншек, қандай сен бақыттысың!
Мұғалиманың сабағы, хата-лабораториядағы жер қазынасы — әр тыңдаушыны осы ойға жетелеп әкеледі. Ту баста осыны нысана еткен мұғалімнің өзі де ауыл өмірінің сырына беріле шомып, колхоз байлығын шежіредей шертеді...
Мұндайда өзінің жақсы ұққандығын өзгеден ерекше аңғартып отыратын Жарқын еді. Бүгін сол Жарқынымыз көзге түсуден қашып, бұға, үнсіз тыңдап қалыпты да, бойы басқалардан аласарып кетіпті. Көз алдынан кешегі шатақ кетпейді. Кім не айтар екен деп мектепке зәрезап болып келіп еді, ешкім еш нәрсе демеді. Ең ақыры оқушы жолдастары да үндемейді.
Бұл не қылған үнсіздік?.. Әлде үздік оқушы болғандықтан, мұның бір жолғы ағаттығын кешіріп, ескерусіз қалдырмақ болды ма екен?..
— Бәсе десеңші, сөйте салса қайтушы еді. Олай болса, әлгінде вожатый неге шет жағын сездірмеді?..
— Айтты-айтпады, бұл не қылған үнсіздік?..
13
Жақия қарт түнгі күзеттен қайтқалы талай уақыт өтіп кетіпті. Мұны ол көзін ашып жіберген сағатта терезеге түсіп тұрған күн сәулесінен білді. Киініп ауыз үйге шықса, Әйтенг әлдене жазын отыр екен.
— Тағы өлең бе?..
— Ым... Сабағымды оқып болып отырғаным ғой...
— Ендеше, оныңды қоя тұр. Жұмыстан балалар қайтқанша екеуміз диірменге бидай тартқызып әкеле қоялық.
— Ата, кішкентай аялдаңыз. Мен қазір бітемін, — деп Әйтен жазып отырған қағазына шұқшия түсті.
— Өлеңді жазудай-ақ жазасың. Бірақ солардың жарық көрмейтіні несі? Сен маған соны түсіндірші.
— Мен, міне, редакциядан хат алдым, — деп Әйтен тура жауапқа жуымай асыға сөйлеп кетті.
— Иә, не депті?
— Өлең көп көрінеді.
— Көп болса, көп шығар. Сен сияқтылар аз деймісің...
— Жоқ, менің өлеңім жақсы еді.
— Басылмағаны сол жақсы болғаны ғой, — деп қарт қуақылана күліп сенекке беттеді де, Әйтенді асықтыра сөйледі. — Бол, шырағым, бол! Айтпақшы, қапшықты ала шық.
Әйтен ата әмірін екі ете алмай, өлеңді қалдырып сенекке шықты. Қарт оған қапшықтың аузын ашқызып қойып, тігілген үлкен алашадан бидайды көсіп сала бастады да, әлгі әңгімесіне қайта қайырылып соқты.
— Жаңа сен өлеңіме жауап алдым дедің бе?
— Әһә...
— Қайсысына?..
— Радио туралы өлеңіме...
— Басқа өлеңдеріңе жауап келіп пе еді?
«Өлеңің нашар, басуға лайықсыз» деген сияқты жауапты редакциядан сан мәртаба алып жүрсе де, Әйтен ата алдында ұялғысы келмей:
— Ептеп алып жүрмін ғой, — деп фактыны жұқарған даусын да жіңішкертіп күбір етті.
— Ептеп те, көптеп те алмай-ақ, балам, менің тілімді алсаң, ең дұрысы сабағыңды оқыған...
— Ата, сіз қызықсыз, сабақты қашанғы оқи бермекпін.
Тіпті отыра берсем, іш пысып кетеді. Сондайда... Енді өлең жазбағанда не бітірем?
— Ішің пысады екен, колхоз шаруашылығымен айналыс. Істің жайын үйрен. Жұмысқа осы бастан көзіңді қандыр. Ертең біз өлгенде, колхозда кім жұмыс істейді? Осыны сендер сірә да бір ойлайсыңдар ма? — деп қарт қапшыққа салып тұрған бидайын тоқтатып, немересіне қарады.
— Неге ойламаймыз, әрине, ойлаймыз, — деп Әйтен де атасының ыңғайына жығылды.
— Ойланғандарың қайсы? Шаруашылықтың ешбір жайын білмейсіңдер.
— Пәлі білмейміз... ана тәжірибелерді біз не үшін жүргізіп жүр деп ойлайсыз. Соның бәрі, ата-ау, колхоздың мүддесі емес пе, — деп ол бөлмедегі түрлі өсімдіктерді нұсқады.
— Қой, айтпа маған ол ермегіңді. Кісі терезенің алдына астық егіп, диханшы бола ма екен! Мұны қазақ еріккеннен, жұмыс жоқтықтан туған әуре-сарсаң дейді.
— Жоқ, ата, бұл нағыз ғылым...
— Ғылым! Ол қай ғылым? Не қылған ғылым? Ғылымдай мірейін, өздерің колхоз шаруашылығынан, сірә, бірдеңе білесіңдер ме? Соны айтшы.
— Біз бе, біз қазір бәрін де біліп келеміз. Мектеп бізге бәрін де үйретеді...
— Уә, деген-ау!..
— Рас, рас. Біз білмейтін түк жоқ. Біз шөп жайын да, егін жайын да, мал жайын да, тіпті машина жайын да білеміз... Керек десеңіз, сізге үйретуге де болады.
— Мына маған ба? О, тоба! Сенде түйсік жоқ екен... Үйреткенің дейін, сен әуелі мынаны маған айырып берші, — деп алдындағы бидайдың бір уысын немересінің алақанына сала қойды.
Әйтен бидайды әрлі-берлі қарап, содан соң тіліне салып шайнап көрді де:
— Мұның несін айыру керек? — деді.
— Қандай бидай?
— Микроскоппен қарау керек.
— Неменемен?..
— Әйтен қайталады.
— Е, солай де? Жаныңа матроскебіңді байлан жүруің керек болды ғой.
Әйтен ата алдында мүдіріп қалуға намыстанып, бидайды тағы да айналдыра бастады.
— Әрине мұның қандай бидай екенін былайша да ажыратуы болады... Дегенмен микроскоптың жөні бөлек.
— Кәне, сол былайша-ақ айырып көрші.
— Тритикум вульгаре! — деді Әйтен бидай дәнін ойлана тістеп тұрып.
— Немене, немене деп кеттің?
— Әлгі күздік бидайды ғылымда осылай деп атайды ғой. Сіз оны білмейсіз бе?
— Жақия немересінің бетіне бажырайып қарап қалды.
— Ой, балам, мұны сен қалай білдің? Әлде біреуден естіп пе ең?
— Не еститіні бар? Өзім де білем. Күздік бидай дәні жаздық бидайдай емес, жұмсақ келеді...
— Оны сағам кім айтты?
— Біз оқыдық демедім бе. Хата-лабораторияда барлық дәнді өзіміз айырып та көрдік, сапасын да салыстырдық. Күздік бидай шаруашылыққа қолайлы, өнімі мол болғанымен сапасы жаздық бидайға қарағанда нашар екенін де білеміз... соған қарамастан бізде күздік бидайды жаздық бидайға айналдырумен шұғылдана бастаған балалар да бар...
— Жоқ, сен өзің бірдеңе біліп қалған екенсің...
— Сіз оны айтасыз, біз жаздық бидайды күзде егу арқылы дәні қатқыл", сапалы тұқым алумен де шұғылданып жүрміз. Көріңіз, мектеп маңына егіп қойдық. Бұған былай жыл сайып мектеп жайындағы өзіміздің участокта тәжірибе жасаймыз...
— Е, шырақ, ол егіндерін екі-үш жылдан кейін қайтадан өзінен-өзі жұмсақ дәнге айналып кететінін сендерге ешкім айтпаған екен.
— Біз оны да білеміз. Ал, бірақ,, бұл жайындағы басқа да әдістің бар екенін сіз, ата, өзіңіз білмейді екенсіз. Қазір қатқыл дәнді өнім алуға әбден болады. Нанбасаңыз мен сізге түсіндірейін...
— Жақия немересі алдында сүрініп:
— Түсіндірмей-ақ қой, білсең болғаны, — деп баста өзі қозғаған әңгімеден енді өзі қашты. Бір жағынан қартымыз баланың мұнысына сүйсініп: «Жаңа заман баласын біздің кезіміздегі балалықпен салыстыруға болмайды екен» дегенді ұғып, көкірегіне түйіп тұрды. Бұған дейін де немересінің пайымды көп ісін аңғара тұрса да, оған бала деп қарап келсе, бұл жолы сол ойынан біржола безіне, көп жайлардың сырына басқаша үңіліп, өзін оның алдында құр кеуде, қара жаяуға санап, жуасып қалды.
Аталы-балалы екеуі осындай бір үнсіз тына қалған минутта сенекке сын етіп Сапар кіріп келді.
— Әйтен, сені мұғалім шақырып жатыр, — болды оның бірінші сөзі.
— Қай мұғалім?
— Елизавета Сергеевна.
— Мені қайтеді екен, білмедің бе?
— Білмеймін.
— Әйтен атасына қарады.
— Жарайды, мұғалімің шақырса бар, бидайды мен өзімнің бірдеңе етермін.
— Мектепке қарай ентелей басып келе жатқан Сапар өз үйіне жеге беріп жалт бұрылды.
— Қайда кеттің?
— Үйге жүр.
— Мұғалима күтіп отыр ғой.
— Күткен ешкім де жоқ., жүр!
— Сен не айтып тұрсың өзің?
— Мен атаң жібермес деп өтірік айтқам. Сен мұғалімге емес, маған керексің.
— Өзің қызықсың ғой, немене мұнын.? — деп Әйтен аузын томпайтты.
— Сен білдің бе, — деді Сапар үйіне келген соң — Мен Жарқынды жақтан осып-осып жібердім ғой...
— Соның жарай ма екен?..
— Неге ол мақтанады, неге ол мені мазақтайды? Менен оның несі артық? Мен ол мақтаншаққа көрсетемін... — деп Сапар шүу дегенде біраз желпініп алды да, артынан саябырлай бастады, — сен мені түсінбейсің. Ылғи Жарқынды-жақтайсың. Мен, мен саған өкпеледім...
— Мен қашан жақтадым?
— Әй, «бөлшой», деп сен де маған бір рет айқайладың ғой.
— Қалжың ғой менікі.
— Ал, мейлі, өкпелемей-ақ қояйын, — деді Сапар райдан тез қайтып, — сен шын дос болсаң маған көмектес...
— Қайтіп?
— Білесің бе, мені жиынға салмақ, тентек те, бұзақы да мен болмақпын. Ал, ол болса, үлгілі, үздік оқушы боп қала бермек, сонсоң тағы менің иығыма шығып алады... Сен түсінесің бе, Әйтен, мен бұған төзе алмаймын. Мені ешкім ұқпайды... Егер мен десең Жарқынның оңбаған екенін ертең жиын алдында айтып бер.
— Ә, батырым, сасайын деген екенсің.
— .Мен бе сасатын?... Түк те олай емес. Мен жөнін айтам...Ұқпайды екенсің, кеттім...
— Тоқта!.. Жиында өзі кімдер болады екен?
— Бәрі де болады.
— Жақыпбек ағай да болар ма екен?
— Болмағанда!
— Бұл сенің мәселең дегеннің өзі әбден шатаққа айналған екен.
— Мейлі, қорқа алмадым...
Сапар бұл сөзің қаншама нық айттым десе де, даусы сәл дірілдеп, солғын шықты. Я алқымда булығып ашу тұрды, я көңілде жаңа бір үрей туды... Әйтеуір осы екеуінің біреуі шәксіз еді.
14
Пионер бөлмесіне кірген бетте Жарқынның көзіне бірінші шалынған Сапар болды. «Бұл қандан күйде екен» дегендей ол басқаға білдірмей, Сапарға қадалып қарап шықты. Ол да жалтақ-жалтақ қарап, жүдеу тартып тұр екен.
Бектай Байсалға рапорт беріп шыққаннан кейін жиынды ашық деп жариялады.
— Әңгіме пионер Жарқын Есенбеков пен Сапар Баймұратов туралы, кімнің қандай ұсынысы бар?
— Ұсыныс сол: сөз өздеріне берілсін. Не үшін шатасыпты, соны айтсын.
— Қане, қайсың айтасыңдар?
Жұрт алдында мөлиіп тұрған екі балаға барлық көз қадала қарап қалды. Жарқын даусы дірілдей шығып, тіл қатты.
— Менде ешқандай жазық жоқ. Бар жазығым — сабақ үйретем дегенім...
— Төбелес қалай басталды? Соны айтшы, — деді Бектай.
— Маған тіл тигізді. Мен тілінді тарт деп едім, жұдырығын ала жүгірді. Сонсоң мен де қарап қалмадым...
Бар ерікті балалардың өзіне беріп, үнсіз тыңдап отырған Байсал Жарқын әңгімесінің төркінін танып:
— Сен жазықсыз едің. Сапар соған қарамастан, қол тигізген болды ғой? — деп сұрақ қойды.
— Менде ешқандай жазық жоқ.
Байсал Сапарға бурылды.
— Сен қалай деп ойлайсың?
Отырғандардың бәрінің назары Жарқыннан Сапарға ойысты. Ол іштей үлкен қобалжуда еді жиынға жақсылықтан барлық үмітін үзіп келген-ді. Пионер жолдастарынан да, қатал да болса, әділ, мейірімді Жақыпбектен де, қабақ шытуды білмейтін жылы жүзді Банудан да, бала мінезді Байсалдан да, бұл жолы ол ешқандай жақсылық күтпейді, күтуім мүмкін де емес деп шамалайды, өз бейбастықтығын шегіне жеткенге, асқынып біткенге санайды. Бұрын жағымсыз іс еттім, кінәлімін деген ой басына кіріп те шықпаса, соңғы уақыттарда бұдан бірте-бірте арылып, өз кінәсін сыртқа жария етуге батылы бармаса да, іштей ұғынуға бет алғам еді. Ақыры Жарқынмен екі арада болған оқиғаға қабырғасы қайысқандай қынжылып, әрі өкініп, бұдан ақталу бос әуре дегенге де біржола табан тіреген еді. Өз ісінің терістігіне әбден көзі жеткендіктен, тіпті, кеше Әйтенге қойған тілегіне де енді ол бір түрлі өкінгендей болып тұрды. «Мұным қалай? Жарқынға жармасқанмен кінәм азая ма? Әйтен айтқандай: сасқандығым ба? Жоқ, жөн емес. Өзім істеген қылмысты өз мойныммен көтеруім керек. Оның көп шайқалып, көп толғанып келіп тоқтаған жері осы.
Мұны оның жүрегіне еккен — мұғалімі Жақыпбек. Оның ісінен ғажайып жақсы сырды адалдықты, әділдікті, турашылдықты, батылдықты көрумен келеді. Оқытушысының алғашқыда байқай алмаған, байқаса да, бағалай алмаған бұл қасиетіне енді ол қызыға қарайды. Дәл сондай болғысы келіп, оған еліктеуді ниеттенеді. Тек ниеті іске аспай өкінеді. Қаншама Жақыпбек болуға тырысса да, әлденендей себептермен беталысынан жаңылып, болмашы бұдыр оқиғаларға шырмалып қала береді. Неліктен бұлай? Оны Сапар түсіне алмайды. Оның шамалауынша ұғыну, ниеттену аз көрінеді. Мұның үстіне әлденендей қосымша күш керек тәрізді. Бұл қандай күш? Оны да айта алмайды.
— Мен өзімнің жазықты екенімді жасырмаймын, — деді ол әлден уақыттан кейін, — бар кінә менде.
Жарқын осы не айтар екен деп оған қауіптене қарап тұрған еді, енді ауыр жүгінен жеңілденгендей, күрсініп демін алды.
— Мойындауын, аз, — деді Бектай, — не үшін қол жұмсадық, себебін айт.
— Ашу қысты да, дәненені ойламадым.
— Ашу қысқан сайын жұдырығыңды ала жүгірмексің бе? — деді бір пионер.
Сапар бұған жауап бере алмай, төмен қарады.
— Әңгіме түсінікті болды, — деді Бектай, — қане, жиынға не айтасың? Қандай уәде бересің?
— Екінші рет мұндай тәртіпсіздік істемеймін!
— Содан басқа айтарың бар ма?
— Осыған уәде берем!
Сапардың уәде берем» деген сөзі Бектайды қанағаттандырмады. Қызу сөз сөйлесе, жалынды серттер беріп, көп алдында сайрап айтып шықса, Бектай жаны сонда кірер еді. Осыны ол қанша тілесе де, шешендікке, ұзақ сөзге жоқ Сапар Бектай ойлағандай ештеңе айтып жарытпады. Оның осы олақтығын Бектай бұл әлі мойындағандық емес, бос сөз деп ойлап, өзінше.ұқты.
— Уәде берем дегенің кімді қанағаттандырады?.. Шын өкінсең, айтпаймысың шешіліп.
— Сөзге Жақыпбек араласты.
— Сапар совет баласының бойына лайықсыз өте өрескел іс етті. Бұл даусыз, ол жөнінде не десек те орынды... Оны өзі де адал мойындады. Мойындап қана қойған жоқ, алда ондай болмасқа уәде беріп отыр. Бұл уәдеге жеңіл-желпі қарап, жауапты сөзді ескерусіз қалдыруға болмайды. Жолдасқа, досқа, коллективке берген уәде үлкен борыш артатынын Сапар түсінді деп білемін... Ол айтпайды, айтса орындайтыны мұғалімі маған аян, бұл оның бірге оқитын жолдастарына да аян болу керек.
— Ол осыны айтып балаларға бұрылды.
— Ол рас, білеміз, — деді Сейтен.
— Білеміз, білеміз, — десті тағы да біреулер.
— Олай болса, — деді Жақыпбек, — Сапар сөзіне сенбейтін жөн жоқ...
Жақыпбек сөзін естігенде Сапардың бойын бір ағын билеп кетті. Дүниеде одан жақын, одан дос адам жоқтай көрінді. Бұл сезім: «ол маған сенеді, мені әрі түсінеді; осыны мен білсемші, ол неткен әділ, аңғарғыш? Мен неткен дөрекі, ашық ауызбын» деп қынжылтты.
— Сонымен, — деді Бектай басқа айтылар сөз біткендей сасқалақтап, — Сапар, уәде бердің.. Солай ғой?..
— Солай, — деді Сапар.
— Бұл жөнінде кім сөйлейді?
— Менің бір сұрағым бар, — деді Бану, — мектептің абыройына дақ салған жолсыздықты толық ашып жеттік пе біз? Жоқ, жетпедік. Жарқын кінәсізбін, Сапар кінәлімін, — деді. Әңгіме әзірше осымен тынып тұр. Егер бар шындық осы болса, Сапар жазықсыздан-жазықсыз Жарқынға қалайша ұрынады? Бұл арасы түсініксіз.
— Алғашқыда төне түсіп алыстап кеткен әңгіменің қара бұлты қайта оралып, өзіне соққалы келе жатқанын байқап, Жарқын қобалжи бастады.
— Бұл жөнінде кім айтады? — деді Бектай.
— Бұл жөнінде кінәлілер өздері айтсын.
— Менде түк жазық болған жоқ. Сабақ үйретемін деп едім шамданды...
— Сен өтірік айтпа! — деді Сапар Жарқынның сөзін бөліп.
— Ал, өзің айтшы!
Сапар болған шатақтың өзін ғана айтып қоймай, оның төркінін баяндап, бар шындықты өзгертпестен, түгел жайып, салды.
— Кінәлі өзім екенімді мен жасырып тұрғаным жоқ... Ал, сен де өз айтқандарыңнан танба! — деп бітірді сөзін ол.
Бірінші болып Сейтен сөз алды.
— Мынау Жарқын бар пәлені Сапарға аударып отыр. Оның сөзіне нанбаңдар! Бұл мақтаншақ, өзінен басқа ақылды ешкім жоқтай көреді... Сен Сапар екеумізді басынғың келеді. Басына алмайсың!.. Біз сенен қалыспаймыз, білдің бе?! Сен бізге сабақ үйретпей-ақ қой! Үйрететіндер табылады. Білдің бе?! Бізде де намыс бар. Ұқтың ба? Бізді сен арқалап жүрген жоқсың. Солай ма?!
Сейтеннен кейін Әйтен қозғала бастағанын Сапар сезе қойды да, сыбырлап:
— Шындықты айт, Әйтен! — деді.
Жиындарда, жиылыстарда Әйтен өзге баладан өзгеше сөйлеуге құштар болатын, ересек адамдардың кейбір сөз саптауларына еліктеп, сөзіне соларша нақыш беремін деп те көп әуреленетін. Бұл жолы да ол сол дағдысына басты.
— Жолдастар, мәселе былай ғой: Сапар былтыр тентек еді, биыл да солай демейік. Шындығына келейік. Бізді ұстаздарымыз осыған үйретеді... Пионер Сапар соңғы кезде тәртіпті бола бастағанын бәріміз де көріп жүрміз. Класта бұрынғыдай бейбастақтық жасамайды. Сабаққа мезгілінде келеді, үйге берген тапсырманы да орындайды... Соңғы шатақ үшін бар кінәны оның басына неге үйеміз. Жарқын да кінәлы. Кінәсын ол неге мойындамайды? Менің ойымша, бұл пионердің қылығы емес...
Оқушы-пионерлер осылайша кезек-кезегімен сөйлеп, жолдастарының басындағы міндерді әрқайсысы өз шама-шарқына лайық сөздермен айтып шықты. Соның бәрінің сөзінде Сапардың жолсыздығы айтылумен бірге, Жарқынның бетіне шыныңды айтпадың деген айып шіркеу боп басылды.
Мұның бәрін Жарқын жақсы ұғып, жүдеу көңілмен тыңдап, бетінен оты шығып тұрса да, қайтып сөйлемеді. Бұл оның бірбеткейлігінен емес, бұрын мұндай талқыға түсіп көрмегендіктен, не айтарын, қалай айтарын, не деп айтарын білмей әбден есі шыққандықтан туған аңыру еді. Осы күй бір жағынан ашындырып, арқасынан ащы терін сығып алса, екіншіден, сөз құрап айтарлық басына жүйелі ой түсірмей берекесін қашырды. Ендігі оның бар күткені: «Жақыпбек аға не айтар екен» деген ғана болды. Бірақ, Жақыпбек сөйлемеді. Бұл оны одан сайын тықыршытты. Неге үндемейді? Әнеугі айтқан ақылын бұл жолы неге айтпайды? Менен әбден торығып, көңілі қалғандығы ма? Бұл қалай? Әлде әкем алдында сөйлеспек пе? Апыр-ау, сонда қалай болады? Ойланбаған жерде туған шатақтың аяғы қайда соқты, қайда соққалы тұр?..
Жиынды Байсал қорытты.
— Баймұратов пен Есенбеков басындағы кемшілікті дұрыс айттыңдар, балалар. Мен оған тоқталып, қайталап жатпаймын: бір ғана пікірді анықтап кеткім келеді. Осында сөйлеушілердің көбі Баймұратовтың бұрынғысы мен бүгінгісін салыстыра келіп, соңғы шатаққа кінәлы емес дегенді айтты, туралай осылай айтылмағанымен, сөз ыңғайы соны байқатты. Бұл пікірге қосылуға болмайды. Біз әрқашан да алға қараймыз. Жолдасымыздың мінін, я жақсылығын өткенімен өлшемей, бүгінімен, ертеңімен өлшейміз. Өткеніне қарап, жеңілдік жасау, болмайтын іс. Баймұратовтың ісін шектен асқан бей-бастықтың, қайтып білінсе, ешбір төзіп болмайтын қылық деп біліңдер...
...Жиын бітті, балалар үйлеріне кетіп жатты. Мектептен шыққаннан-ақ Сапардан қарасын үзбей, біресе ілгері кетіп, біресе кейін қалып, біресе алысырақтан қатарласып Жарқын жүрді де отырды. Ымырт қараңғысы тым қою болса да, өзін төңіректеген баланын Жарқын екенін Сапар жазбай таныды Ол да, бұл да, осылайша аңдысып, біріне-бірі көз қиығын алыстан салып, жақындап тіл қатыспай кете берді. Әлден уақыттан кейін Сейтен мен Бектай Сапарды қуып жетті.
— Сен маған ренжіме, өзара сын ретінде бірімізді-біріміз не қылмаса болмайды және отряд советінің председателі болғандықтан, турасын айтуға тиістіміз ғой, — деп Бектай келген бетте Сапарға қолын ұсынды.
— Не қыламын сенің қолыңды?
Аңқалақтап келген Бектай маңдайы тасқа соғылғандай кілт тоқтай қалды.
— Қалжыңға айтам, әкел қолыңды!
— Шын ренжімейсің бе?
Сөзге Сейтен киіп кетті.
— Мен Жарқынға дұрыс айтпадым ба, қалай дейсің сен?
— Дұрыс айттың!
— Біз енді қалай да жақсы оқитын болуымыз керек.
— Неменесі бар, оқимыз! — деді осы қолдан келмес деп күмәндануды, жасқаншақтауды білмейтін Сапар.
— Сен несі бар дейсің мен қорқамын. Қорықпа, бұдан былай үшеуміз ылғи бірігіп оқитын болайық, деді Бектай.
— Болсын...
Жарқын үйіне келген соң да жайғаса алмады. Ешкім еш нәрсе сұрамаса да өзінен-өзі сезіктеніп тынышы кетті. Тамақты да жөндеп ішпеді. Сабақ оқып та жарытпады, мойнымда өтелмеген ауыр парыз бардай бір отырып, бір тұрумен болды. Ал, ойға алғанын айтып тынудың да жөнін келтіре алмады. Рас айтпақ боп қанша оқталса да, үлкен ұят кешердей қолайсызданып, батылы бармай діңкесін құртты.
Баласының, күндегідей емес, бір түрлі көңілсіз болып отырғанын әке де аңғарған еді. Ол:
— Сенің бір жерің ауырып отыр ма? — деп сұрады.
— Жоқ, саумын, — деді баласы.
— Оның даусы сәл булығыңқырап шықты.
— Бұрын маған көргендеріңді, естігендеріңді айтып отырушы едің, бүгін оны да ұмыттың. Неге бұлай, балам?
— Мен шаршап келдім.
— Әкең шаршамайды деп ойлайсың ба, кей күндері мен де қатты шаршаймын... Сонда да сенімен әңгімелесуге ерінген емеспін. Қайта, тыңайып қалғандай боламын.
Бала үндей алмай, бөгеле берді. Мұнысы әкенің өз сырына шапқан жылы сөзіне жалған бірдемелер айтуға дәті бармай, қысылғандықтан туған бөгеліс еді. Үндемеу де қиын-ақ. Айтудың қыбын таппай онсыз да қиналып жүрген бала сырдың бетін ашпақ боп оқталды да, жылап жіберді.
— Ау, саған не болған?
— Мен айыптымын...
— Бері келші өзі, неге айыпты боласың?
Жарқын әкесін құшақтай алып, одан сайын солқылдады.
— Бұл қайдан шыққан өнер? Тый жасыңды! Немене, қылмыс істеуге батылын барғанда, айтуға батылың бармай ма?
— Мен тәртіп бұзып, жиналысқа түстім,: — Деп бала әңгімесін ортасынан бастады да, басына содан кейін оралды. Аздан соң жылауын да қойып, болған оқиғаны бұлтарыссыз баяндап шықты.
— Енді сен маған мынаны айт, — деді әңгіменің бас-аяғына қанған әке, — мұғалімнің, жолдастарының саған таққан кінәларына қалай қарайсың? Дұрыс па, әлде бұрыс па?
— Дұрыс.
— Дұрыс болса, бұл сөзіңді сол жиында достарыңның алдында неге айтпадың?
— Ұялдым...
— Жолдасыңды тілдеуге келгенде ғой ұялмадың... Мұның атын не дейміз? Өзің айтшы!
— Кешіріңіз, бір жолға, екінші бұлай етпеймін!
— Мініңді жолдастарыңнан, оқытушыңнан, әкеңнен жасырып, қайда барып адам боламын деп ойладың екен, ә? Егер сен соны кезінде айтсаң, жолдастың алдында айыбыңды да кезінде мойындар едің, көңілің де содан соң жай тапқан болар еді, Көрмеймісің, міне өзіңнен де маза кеткен... Мінің қылмысын жасырған адам қашанда іштей күйзеліске, сергелдеңге түсетінін жақсылап ұқ! Бұл саған ұмытылмас сабақ болады.
Бар лажы таусылғандай бала көзі жаутаңдап әкеге қарайды, тұйықтан шығар жол күтіп телміре қарайды. Әке де осыны сезгендей, бала келешегіне сенім білдіре сөйледі.
Сен жігерсіз де, ақылсыз да бала емессің. Мойынға алсаң, бәрі де қолыңнан келеді. Оған мен сенемін... Жалғыз-ақ бұдан былай маған көз жасыңды көрсетуші болма! Оны жолдастарың да, мұғалімің де көрмейтін болсын! Жалынып шыққан көз жасы жасықтықтың белгісі... Жасықтық пен әлсіздік жүрген жерде толқымалы тайғақ ойға да орын көп... Ағат кеттің бе жасырма шыныңды айт! Білмейсің бе, қолыңнан келмей ме, арланба, тура айт! Сонда оңасың, кері кетпей, сонда ілгері басасың өзіңе де, достарыңа да сонда ғана пайда келтіресің... Иә солай, маған мұң шағып жылама да, кешірім де сұрама, уәде де берме, өз қатеңді іспен жөнде! Жолдасыңмен табыс, мұғалімің айтқандай кешірімді содан сұра. Міне, осыған келісейік. Ал, кәзір төсегіңе бар да, ұйықта!..
Есенбек сөз таластыруды, бір айтылған пікірді қайталап жатуды қаламайтын әке еді. Оның бұл сырына баласы да қанық-ты. Сондықтан қайтып еш нәрсе деместен, Жарқын әке әмірін орындап, төсегіне қисайды да, көп ұзамай-ақ ұйықтап кетті...
15
Күн көкжиекке төніп, ұясына қонып бара жатты. Батар күннің қызыл жалынына шарпылған батыс жақ белестердің арғы іргесінен көзден ғайып болған күн орнына, қан күрең толқын ойнап шығып, алқызыл шапақ болып тарады да, көк жиек осы шапақтан пайда болған қызыл жалауын күллі батыс жаққа айқара жауып жіберді. Содан соң қызыл жалау шеттері бірте-бірте қоңыр тартып жиырыла түсті де, шығыстан жайылған түннің, қара селі басып, жоқ болды.
Ымырт түсісімен кітапхананың шамы да жанды. Манадан бері көп орындықтары бос тұрған оқу залына да адамдар тола бастады. Кітапханашы Нұржамал жеңгейдің алдына да төнушілер көбейді. Жақыпбекті де осыдан кездестірдік.
Нұржамал таяуда алынған барлық әдебиетті стол үстіне жайып, «қалағандарыңды ал» дегендей қамалап тұрғандардың аузына қарайды. Басқалар керегін өзі атаса, ауыл қарты, склад күзетшісі Жақия тізгінді кітапханашыға беріп, соның қалауына салмақ артып тұр.
— Келін, маған бір қызық кітап бер, — дейді ол. Нұржамал қартқа қандай кітап ұсынарын білмей «біреуің айтып жіберіңдерші» дегендей айналасына жалтақтайды.
Бұл жайды басқалардан көрі Жақыпбек жақсырақ аңғарып, алға таман жылжыды. Жұрт мұғалімге жарыла жол берді.
«Бағынбағандарды» оқып па едіңіз, ақсақал?
— Ол не жайында?
— Соғыс жайында?
— Соғысы құрысын, өзіміздің осы күнгі өмірді сөйлейтін қызық кітап жоқ па?
— Осы да қызық кітап. Сіз сияқты қарттың жауға қарсы ерлігін баяндайды...
— Мұғалімнің мақтап қоймағанына қарағанда бұл олқы кітап болмады ғой деп ойлаған қарт:
— Қызық болса, алайын, — деді.
Нұржамал жеңгей «Бағынбағандарды» тізімге жазып, қартқа берді де, өзін қысылшаңнан құтқарған Жақыпбекке:
— Мұғалім қайным, сізге қандай кітап керек еді? — деп басқалардан көрі оған айрықша ілтифат көрсетті.
Жақыпбек: «Мен кейінірек аламын, әуелі мына кісілерді жөнелтіңіз» — деп айналасында тұрғандарды нұсқады да, тысқа бет алған Жақия қарттың қасына барды.
— Жақа, бұрын мұндай ұзақ кітап оқып көріп пе едіңіз? — деп сұрады ол.
— Қарт мұғалімге әнтек бұрылды.
— Оқыған емеспін, бірақ тыңдағаным бар. Осы биыл немерем көсемнің өмірбаянын оқып берді, — деп есіктен шығуға оңтайланды. Жақыпбек қарттың әлденеге алаңдап тұрғанын байқап:
— Бірдеңеге асығып тұрсыз ғой?
— Асығып тұрғаным рас. Әлгі кәрі шөңге Досан шалмен ақырғы рет айқасуым керек еді... Соның желігін басу үшін клубқа бара жатырмын, — деп қарт көзін сығырайта бір күліп қойды.
Жақия дойбыдан Досаннан басқа ойыншылардың бәрін адақтап жеңіп шыққан болатын. Бүгін соңғы рет сонымен ойнауға тиіс еді.
— Біздің өнерді көрем десең жүр.
— Кітапханада бір тығыз жұмысым болып тұрғаны... Соны бітірісімен барамын, — деді Жақыпбек.
— Кел! Тек есіңде болсын, Досан шалдарың жеңіліп қалса, сенің өзіңмен оймаймын.
— Жақыпбек те дойбы, шахматты жаман ойнамайтын. Ол қартпен бір кездесіп көрсем деп жүретін. Сонысына орайы келіп тұрғандай көрініп:
— Жарыс ретінде емес, жай ойнауыма болады, — деді.
— Ойнаған соң бәс тігіп ойнау керек қой...
— Ақсақал-ау, мен сізге пар келе алам ба?
— Қорықсаң, ойнама. Өзіңе өзің сенсең ғана менімен майдандас. Әйтпесе, бөркіңді алшысынан кигізем де жіберем, — деді қарт өктем күлкіге басып.
— Жеңілсем, еш айыбы жоқ... Қазір барамын.
— Мен оған дейін Досан шалды жәумештей тұрайын, — деп Жақия ақсақал шығып кетті.
«Осы шал, шынымен-ақ жеңіп кете ме, сөзінің төркіні жаман екен» деп ойлады Жақыпбек.
Кітапхана іші біртіндеп серіліп, әлден уақыттан кейін жұрт аяғы басылды. Осыны күткен Жақыпбек Нұржамалға келген бұйымтайын айтты.
— Мен кітап алушыларды тіркеген дәптеріңізді қарап шығайын деп едім.
— Қараңыз, қайным.
Жақыпбекке керегі кімнің кітап оқитынын және қандай кітап оқитынын білу еді. Осыған қарап та ауылдың мәдени тіршілігінің беталысын, тамырының соғысын шамалайтын. Тізім жақсылықты аңғартады. Ауыл адамының көпшілігі кітапханамен жалғаса бастаған. Ол мұғалімдер мен оқушыларға жекелеп тоқтап, кім не оқитынын шолып көрді. Оның көзіне бірінші болып Жарқынның фамилиясы, оның тұсына жазылған бірнеше кітаптың аты шалынды. Тізімнің ең соңында «Жолдастарын қасыңда» кітабы тұрды... Енді ол тізімнен Сапарды іздеді.
— Баймұратов кітап алмаған ба? — деп сұрады ол Нұржамалдан, Сапар фамилиясын тізімнен кезіктіре алмай.
— Осыдан алты-жеті күн бұрын бір кітап алған...
— Нұржамал айтқан кітап «Темірқазық» екенін Жақыпбек сезді. Өйткені, бұл да оның өзі ұсынған кітап еді.
— Оқытушылар ішінен ең алдымен іздестірген адамын Жақыпбек тізімнен таппады. Онысы Батырбай болатын. Ол оқу жылы басталғаннан бері кітапханаға бас сұқпапты.
«Тәрбиелеу керек» деген Керей сөзінен кейін шынында да солақай сілтеп жібердім бе деп, ол шүбәлі ойға қалып жүруші еді. Мынау іс «өзіңдікі оң» дегенді қайта жаңғыртып, «қанша сүйегенмен бұл адамнан мұғалім шықпайды, оның орны мектеп емес» деген ойға қалдырды да, Батырбайдан біржолата үмітін үздірді. «Тәрбиелеу дегенге мен де қол қоямын. Бірақ, Жауынбаев басындағы дерт тәрбиемен ғана емделмейді. Ол қайта тәрбиелеуді тілейді. Ал, адам тәрбиелеушіні қайта тәрбиелеу дегенге келісім жоқ! Ондайлар тәрбиеленушілер маңынан кетіп, басқа бір орында өмір сүрсін! Басқа орында қайта тәрбиеленсін!.. Шешек атып жайқалып келе жатқан жас бауды ондайлардың жылы орны етуге бір күн де төзуге болмайды!»
Жақыпбек осы ойға арқа тіреп, нығайып алғандай болды. Жауынбаевты шығарып, аудандық оқу бөлімінен оның орнына жаңадан адам сұрау мәселесін ол Күдерінің, алдына қайта қоюға түйілді.
Ойға алған жұмысын бітірген соң Жақыпбек Нұржамалдан бір-екі кітап сұрап, өзі іздестіріп көріп еді, кітапханада жоқ болып шықты:
Көрдіңіз бе, жеңгей, іздеген нәрсенің, көбін әлі де таба алмаймыз. Сіз бен біз кітапхананы қалағанымыздың бәрі табылатын іргелі мәдениет орнына айналдыруға күш жұмсауымыз керек.
Нұржамал жеңгей әшейінде ауыз жаппайтын сөзуар болса да, пәлен демей, құптап бас изей берді.
Нұржамалдың Жақыпбектен именіп тұратынының әріден басталған төркіні бар еді. Алғашқы бетте бұл адам отан қалауын тауып болмас, тік мінезді, тым маттақам көрінді. Бірақ, кейін жұмыс бабында сөйлесе, араласа келе, бұл ойынан қайтып, оның сырына кәнігі бола бастады. Бұл адамның қатты айтса да, ақырын айтса да, ортақ іске пайда келтіруді көздеп, достық ниетпен айтатыны, көмектескісі келетіні ісімен көрінді. Басқаны былай қойғанда оның кітапхананы тәртіпке келтірудегі еңбегінің өзі аз болды ма?.. Ол бұл адамнан жұмыс істеуді үйренді. Жоқ, бұл ғана емес, Сейтенге тәрбие беруде де бұл адам оған аз көмектескен жоқ... Сан рет үйіне келіп ақыл бергені де ұмытылар емес.
Бүкіл ата-ана осы адамға үлкен құрметпен қарайтынын, оның сөзіне құлақ аспай кетпейтінін де Нұржамал өз көзімен күнде көріп жүр. Осының бәрін түйіндеп келгенде Жақыпбек анау-мынау адам емес, киелі адам деген сөзім Нұржамалдың көкейіне тереңдеп сіңіп алған-ды. Сөзге парықсыз, әлденелерді айта салатын Нұржамал соның үшін де Жақыпбек десе құлдық ұрып, іззет білдіріп тұратын болған. Оның жаңағы биязы мінез көрсетіп, бәйек болып тұрғаны да, міне, осыдан еді.
— Кітапханаға бір мұғалім кіріп келді.
— Мен сізді іздеп жүрмін, — деді ол Жақыпбекке.
— Жан ма?
— Ауданнан мектепті тексеруге комиссия келді. Сізді шақырып жатыр.
Клубқа барып, Жақия ақсақалмен дойбы ойнайын деп едім, сәті түспеуін қарашы, — деді Жақыпбек шынымен өкініп.
16
Директордың кабинетінде сақал-мұртын мұнтаздай қырған, ақшыл тартқан жұмсақ селдір шашын келісімді етіп жарып тараған, ашаң жүзді, аласа бойлы, егде тартқан бір кісі отырды. Өңі таймаған, аздап тотыққан қоңыр реңі, нұры таймаған көз жанары, жып-жинақы сергек отырысы бұл адамның жасы ұлғайып қалғанына қарамастан, әлі кәрілікке жеңдірмегенін, күш-жігері бойында екенін аңғартады. Тіпті, еті қашқан, сола бастаған беттің бәріне тән көңіл күйінің ізі — әжім де оның жүзінен өте аз ұшырасады. Дәл осынысына қарап. Қайғы-қуанышқа бірдей парықсыз, ойсыз, талапсыз адам ба деп те ол туралы жорамал жасауға болар еді. Бірақ, бұл жорамалдың көлеңкеге қарап пішілген тон екенін онымен сөйлесе, таныса келе онан ажыратып алар едіңіз.
Бұл өзін рухани марқайтумен бірге жастық жалынды сөндірмеуге, сол дәуренді бастан мезгілсіз тайдырмай, қуатты ойдан өрбіген шабытпен қызмет істеуге көп көңіл бөлетін, осы жолда өзін қиындыққа салып, көнбістікке шыңдайтын, сол арқылы бойына, ойына күш құйып, табиғат берген қуат-жігерді сабасынан орта түсірмей, үнемі үстеп, жетілдіріп, шиыршық атқызуға, оны кәріліктің емес, өзінің дегеніне жегуге, өрге сілтеуге ұмтылатын, қысқасы, мезгілсіз қартаймаудың, жемісті өмір сүрудің «тілін» білген адам еді: мұнысы ауырға баспай, жеңілге жүгірген аянкестіктен, ақсаусақтықтан қол жеткен қасиет емес, қиындықтан асып түсіп, ыстық-суыққа бірдей талмай шапқан көп еңбектің арқасында келген шын сыбаға еді...
Егер сіз, бір ретте жолыңыз түсіп, аудан орталығында бола қалсаңыз, Көкшетаудан келетін жолдын, қалаға кіреберісіндегі сағасында үлкен ағаш үйге көзіңіз түсер еді. Басқа үйлерден ерекшелігінен емес, жол ернеуінде жеке дара тұрғандықтан да, бұл үй сіздің назарыңызды аударады. Айтайық, бұл үйге жолыңыз қыстың көзі қырауда, ертемен түсті делік. Сол қылшылдаған аязда, аула ішіне шығып алып, етін қармен ысқылаған, ерсілі -қарсылы жүріп, дене шынықтырған осы кісіні көрер едіңіз. Бұл адаммен кәріліктің ауыл-үй қона алмай жүргенінің де себебін сонда оңай ұғынар едіңіз.
Тастай түйілген жинақылық, сергектік, сонымен қатар ұқыптылық бұл адамның киім киісінен де аңғарылады. Көне тартқан болса да, еш жеріне қылау түспеген, жаңада ғана кигендей қыры сынбаған қоңыр костюмы, кір шалмаған ақ жаңа, оған лайықталып тағылған қара галстук, барлық, сырт тұлғасы, олпы-солпысыз, бойға шақталған киімді сайлап киюді көңіл бөлгендігі — оның ұқыптылықты жарататын адам екенін танытып тұр.
Жалғыз киім киісінде ғана емес, сөйлеген сөзінде, адамға деген қарым-қатынасында, жүріс-тұрысында үлкен мәдениеттіліктің, ізеттіліктің, аңғарымпаздықтың да ізі жатыр.
Бұл кісі, биыл мұғалімдіктен инспекторлыққа ауыстырылған Мамырәлі Әбдібеков деген қарт педагог еді. Жақыпбекке хабарлаған мұғалімнің комиссия келді деп жүргені де осы кісі болатын.
Ол ауыл мектептерін аралап, мұғалімдердің сабақтарында болып, олардың кемшілік -жетістіктерінен түйін жасап, қол ұшын, ақыл көмегін беріп отыратын. Оның жолы бүгін осында түскен-ді. Бірақ, бұл жолы ол аудандық оқу бөлімі меңгерушісімен төтенше бір тапсырманы қоса ала келді. Осында жүрер алдында меңгеруші оған бір қағаз ұсынып: «Мынау Әділбековтің үстінен түскен арыз. Осыны жақсылап тексере келіңіз», — деп тапсырды.
Бұл авторы белгісіз тұйық арыз еді. Онда: Жақыпбек мұғалімдер арасында жік тудырып, директорға яғни Күдеріге қарсы әрекет жүргізіп отыр. Мұның теріс деген Жауынбаев сияқты тәжірибелі оқытушыны жазықсыздан жазықсыз сөгіп қуғынға салды. Мектепті төрешілдік жайлады, директорға бой бермей, кейбір мұғалімдерді соңынан ертіп алып ойына келген бейбастақтықтар істеліп жатыр. Мектеп тар шеңберге сығылып, оқу-тәрбие жұмысы теріс жолға бағытталып барады деген ауыр кінәлар тағылған. Бірақ, бұл тағылған кінәлардың көбі дәлелденбей, құрғақ бет тырнау сияқты болып кеткендіктен, арыз авторы қанша байбалам салса да, кісіні иландырарлық бұлтартпас шындық көмескі, солғын еді. Бұл жайлар меңгерушіге де, инспекторға да әуелден-ақ аңғарылған болатын.
Солай бола тұрса да мектеп тіршілігіне ауыр айыптар тағылып отырған бұл арызды төменнен қағылған дабыл ретінде мұқият тексеру міндет еді...
Инспектор өз жұмысын осы тексеруден бастады: ең алдымен мұғалімдермен жекелеп танысуға, олардың білімін, педагогтік өнерін, мінез-құлқын зерттеуге кірісті. Ұзақ, оңаша отырып Жақыпбекпен сөйлесті. Мектептің келешегі жөнінде оның ойын тыңдады. Содан соң мектептің ішкі жағдайына көшті. Мұны бітіріп, Жақыпбектің өз өнерін, шама-шарқын аңғартар жайларды қазбалап, әңгіменің аяғын ғылым-білім, адамгершілік мәселелеріне әкеп тоғыстырды. Осы саланың әрқайсысынан Жақыпбектің пікірін тыңдап, көп мәселеге оның көзқарасын анықтады, білімім барлады. Бұл шолулар тәрбиешінің ішкі дүниесін, білім қорын өлшер таразы сияқтанып алыстан орап, көздеген негізгі ойға сарқылды.
Осындай кең өрісті қамтыған әңгіме үстінде инспектор кейбір мәселеге төтенше шүйіліп, ол жайында Жақыпбектің пікірін қайталап сұрап отырды. Жақыпбек ауыл мектебінің беталысын баяндап, педсоветтің қаулысын көрсетті. Өз ойлағандарын ашық, батыл айтты.
Инспектор Жақыпбек сөздерін күлімсірей тыңдап, үнсіз отырды. Оған я оң, я теріс демеді. Өз тарапынан сөз де қоспады. Енді ол басқа бір жайларға ойысып, сөз арасында «басшыларыңыз қалай? Сіздің ойыңызды қолдамай ма?» — деген бір сұрақты көлденең тартты, Жақыпбек «келіспейтін пікірлеріміз болып тұрады» деп солқылдап жауап қайырды да, оның есесіне Жауынбаев жайын баса айтты. Бұл жөніндегі тартысты да қалдырмай түгел баяндады.
Мамырәлі бұған да пәлен демеді. Осы шақ кабинетке Күдері кіріп, қонақтың демалатын уақыты болғанын, ас пісіп тұрғанын еске салды. Сонымен, бәрі де пәтерлеріне демалуға кетті.
Ұзаққа созылған, әр бапқа шапқан әңгіме өз тарапынан көп пікірлерді сахнаға шығарса да, инспектор тарапынан олай болмағандығын, ол қорытып, кесіп пікір айтудан тартынып, әр нәрсені сұрағыштай бергенін Жақыпбек онша ұнатпады. Неге бұлай? Өз ойын айтпай ма? — дегенді жолшыбай еске түсірді ол. Жақыпбек асыққанымен, мұндай қорытындыға көпті көрген, өз сөзін салмақтап, қадірлей білетін қарт инспектор асықпаған еді...
Инспектордың өз ойын осындай тұйықтай бергені болмаса, жалпы әңгіменің барысында Жақыпбек оған бір жағынан риза болып шықты. Анда-санда айтқан бірер сөзімен де, қойған сан алуан сұрағымен де, сабырлы, салмақты емеурін, ілтипатымен де бұл кісі көп нәрсені білетіндігін, әсіресе, адам жүрегінің сырын ашуға ұсталығын байқатып-ақ тастаған еді.
Міне, сондықтан да, инспектордың шешіліп пікір айтпауына қарамастан, Жақыпбек оның жаңағыдай қасиеттеріне сүйсініп, пәтеріне бұл адам туралы жақсы ниетпен, қадір тұтқан сезіммен қайтты. Сыры терең, сөзге сараң инспектор күңгірт көп мәселенің бетін ашып беретіндей көрінді.
...Мамырәлі өз пікірін ұзақ тексерістен кейін, мұғалімдерді жиып алып, кетерінде айтты. Ол: мектеп — колхоз өмірімен қабысу керек дегенді өзінің толық қолдайтынын, мұның тиімділігін мектептің өз тәжірибесі де көрсетіп отырғанын білдірді. Жақыпбекке жағылған күйелердің шындықтан алыс екенін аңғартып өтті. Содан кейін мектептен өзі аңғарған кейбір кемшіліктерді сөз етті.
— Мен өзім байқаған кемшіліктерді педсоветте де, жеке жолдастардың өзіне де айтқам. Соның кейбіреуін қайталап айтайын... Мектеп жұмысының өзегі — саналы тәртіп дейміз. Сол саналы тәртіп дегеніміз өздігінен келмейтіні, үлгілі тәрбие арқылы келіп, мысқалдап орнайтыны бәрімізге аян. Әділбеков жолдастың мектепте саналы тәртіп орнатуды көздеуі, соған әрекеттенуі, бүкіл коллективтен, осыған жұмылуы орынды. Ал, директордың осы мәселеге өзі ұйтқы болудың орнына оралғы болып, ұсақ сөздерге салынып кеткені байқалды. Шынымды айтайын, Кәдіров жолдас, сіздің маған айтқан әңгімелеріңіз ұнамады. Өмірден тым кенжелеп қалғансыз... Рас, мектепке жаныңыз ашығансып, шу көтерген боласыз, бірақ нақты ісіңізде, басшылық жұмысыңызда мұныңыз аңғарылмайды. Осыны қатты ойланыңыз.
Күдері бұл сөздер айтылғанда өні бір қуарып, бір қызарып, біресе Мамырәліге, біресе Жақыпбекке қарағыштап, әлдене айтатын адам сияқтанса да, жұмған аузын ашпады. Айтар сөз де жоқ секілді. «Осы мен шынымен-ақ ұсақтап, төмен құлдилап барам ба» деген көмескі ой айтар сөздің бәрін кейінге сырып, ашық қарсылыққа да яки акталар бұлтарысқа да бастырмады. Жақыпбекпен қырғи қабақтың да, инспектор тағып отырған кінә да, Керейдің ескертулері де оған «неге бұлай? Өзіне бір терең үңіліп көрші» дегенді көкейіне қондыра берді.
Инспектор Жақыпбектің өз басына тоқталды.
— Осында Әділбековке салқын қанды емес, күйіп-піседі деген мін тағылды. Меніңше, Әділбеков жолдастағы кемшілік бұл емес. Өз жұмысының суығына тоңып, ыстығына күймеген, сәтке қуанып, сәтсіздікке күйінбеген мұғалім — ол жақсы мұғалім емес. Мұғалім ең алдымен — адам, онда сезім бар, онда сана бар, онда көңілдің күйі бар, онда мақсат-арман бар. Осыларды әлдеқайда қалтарыста сақтап, өзінің сүйсінген, сүйсінбеген сезімін білдірмеген, шын жанын жайып салмаған, салқын қанды, парықсыз, жұмбақ адам шындыққа жақын келе алмайды, тәрбиеленушімен жұғыса да, достаса да алмайды. Ондай адамның абыройы да болмайды, қадірі қашады. Мұндай сезімсіз мұғалімге бала нанбайды, сөзіне шындап құлақ та қоймайды. Шәкірт тәртіп бұзса, сабақ білмесе, мұғалім еңбегі бос кеткені. Осыған шын жаның ауырып қиналатыныңды оқушыдан жасырма! Сенің дос екенің, өз еңбегіңді қадірлейтінің, оның жақсы оқып адам болуын көздейтінің балаға сонда ғана жетеді. Сонда ғана сенің сөзің оған ой сала алады. Сезімсіз, қуаныш -күйінішсіз, тек мұғалімдік міндеттен туған ертеден қара кешке көйіткен қоңыр әуенің, айтқан ақылың, оқыған моральің тасқа сепкен дәнмен бірдей, ешқашан көктемейді...
Мамырәліге екі көзі шақырайып қарап отырған Батырбай:
— Әділбеков ұнаған екен,- — деп міңгір етті.
— Батырбаев жолдас, сіз бірдеңе дедіңіз бе? — деді Мамырәлі.
Жауап берудің орнына мәдениетсіз Батырбай басын шайқап,таңдайын қақты. Мамырәлі сөзін жалғады.
— Әрине, күйіп-пісудің шегін білу деген талап қойсақ, ол дұрыс болады. Күйіну бар да, күйреу бар. Екеуі екі түрлі құбылыс. Күйреуік сезімнің анасы — әлсіздік, өз күшіне сенбеушілік. Оны бойға жұқтыру да қаза. Күйінудің анасы үлкен сезім, саналы ой. Бұл болмаған жан күйі — толқынсыз, ырғақсыз, ішіне не құйса да талғамайтын қуыс ыдыс. Ыстық-суықты айырмайтын, елемейтін мұндай қуыс кеуделілік мұғалімге үйір болмауын Әділбеков жолдас көбімізден жақсы ойлай ма деп шамалаймын...
Инспектор болмашы нәрселерге де мән беріп, ақылдасу, кеңесу ретінде мұғалімдермен көп пікірлесті. Олардың сабақ берудегі кейбір олақтықтарына дейін қамти сөйледі. Мұның да басты геройы болып алдымен ауызға Батырбай ілінді. Бірақ оны мектептен босату керек деген пікірді инспектор ұсынбады, өз пікірін тұйық қалдырды. Жақыпбек бұл мәселені ашып алғысы келіп, өз ойын ортаға салды.
— Жауынбаев жолдасқа басқа, қолыңнан келетін кәсіпті айналдыр дегенді ашық айту қажет деп білемін. Бұған сіз қалай қарайсыз?
Инспектор келгеннен бері сөзге көп араласпай, өзі жазған арыздың аңдысын бағып, момақанси қалған Батырбай дәл осы арада шарт сынды. Өйткені, мәселе мұның мектепте болу-болмауына тіреліп қалғанын сезді. Қазір бұларға қарсы шықсам, түбінде «сынағаным үшін мені қуғынға салды» тілге таяқ болар деген ой сап ете түсті де, инспектор ойын айтпай тұрып кие жөнелу керек болды. Міне, сол үшін де ол қалай да Мамырәлімен жүз шайысып қалуды мақсат етті.
— Бір емес, екі емес, осы жігіт менің соңымнан неге қалмайды? Неге бізді іріте береді? Осы келгелі мектеп іші жік-жік, дай-дай болып бітті. Осыны сіз көрмегенсіп, білмегенсіп, жауырды жаба тоқып кете барғалы отырсыз. Сонда мұныңыз қалай болмақ? Ауданға бәрі де қаз қалпында, тып-тыныш екен, тек Жауынбаев деген біреу бар екен, соны құрту керек деп барасыз ба?
— Сіз күні бұрын таусылмаңыз. Мен не көрдім, соны айтып барамын.
— Сіз ештеңе көрген жоқсыз. Әділбеков не айтты, соны иманшарттай жаттап алып, басқамыздың сөзімізді далада қалдырдыңыз... Міне, міне, оллаһи, сөйттіңіз.
Батырбайдың мына тұрпайылығы өзгеден де бұрын Елизавета Сергеевнаға жаман әсер етті. Оның екі беті ерттей қызарып, түтігіп кетті:
— Жауынбаев жолдас, сіз қандай жауапсыз сөз айтасыз? Қайтып сіз бұған ұялмайсыз? Кәні кімнің сөзі далада қалды? Дәлелдеңізші... Айтпаңыз, ұят сөзді, айтпаңыз...
— Жауынбаев жолдас сөзіне жауап беретін болар, — деді Мамырәлі. Батырбай оған тағы да шап етті.
— Сіз мені қорқытпаңыз және сынға өйтіп қысым жасамаңыз. Әділбековпен бірігіп алып, маған ор қазбақ шығарсыз. Оны да сезгенмін... Шын жәбірлейді екенсіздер, мен енді аянбаймын. Сіздер тыңдамағанмен басқа тыңдайтын адам табылар.
— Мен емес, сіз қорқыта бастадыңыз, — деді Мамыр әлі езу тартып.
— Сен қой, — деді Жауынбаевқа Күдері.
— Кімді кім мұқатқанын көрерміз, — деп Батырбай ашудан отыра алмай булығып тұра жөнелді.
...Инспектор аттанар алдында Жақыпбекке бір ойдың шетін аңғартты.
— Директормен екеуіңіздің араңызда түрлі келіспеушілік болып келгені байқалады. Бұдан былайғы жерде бірлесіп жұмыс істей аласыздар ма, жоқ па? Осыны сіздің өз аузыңыздан естігім келеді.
— Мен бұған күманданбаймын.
— Сіз ойланыңыз, толғаныңыз. Қабырғаңызбен кеңесіңіз.
Бұрынғыша қырғи қабақ бола берсеңіздер, аяғы жақсылыққа соқпайтынына көзіңізді әбден жеткізіп айтыңыз.
— Мем мұны ойлап айтып тұрмын.
— Неменеге сүйеніп бұлай дейсіз?
— Ұғысып жұмыс істеу жайында коллектив бізге аз көмектескен жоқ. Әрқайсымыз өз ісімізден тиісті сабақ алғандай болдық... Ең басты шатақ осы Жауынбаевта болып тұр. Осыны шешуге көмектессеңіз болғаны.
— Жақсы, ол жайын ойласайық...
17
Жақыпбек инспектормен қоштасып пәтеріне келсе, столының үстінде хат жатыр екен. Әсимадан екенін көріп қуанып кетті. Алайда, бұл қуаныш ұзаққа бармады. Хатта жазылған сөздер ауыр мұңға шомдырды.
Хат тарихы қысқа еді.
Геройымыз Әсимаға жазған өз хатында еш нәрсені бүкпеді. «Әке-шешеңмен келісе алмадым» деп келіп педсоветтегі егесті де, Батырбай жайындағы жүз шайысуды да қалдырмай жазып, жүрегін тырнаған барлық сезімді, наразылықты досқа жеткізуге асығып, ақтара берді. Бұл арада бір нәрсені ескермеген еді. Хат жазып отырғаны тек мұнын досы ғана емес, сол сөз еткен адамның қызы екені, демек онда досқа деген сезіммен қабат ата-анаға деген сезім де бірге оянатыны тіпті оның есіне де келмеп еді.
Осы екі сезім қаттасып, Әсима ауыр ойға батты. Бір сәт әкені жазғырса, бір сәт Жақыпбекті жазғырды. «Қарттарды сыйлай салса несі кетуші еді. Мен сүйтіп, әке -шешеңді ренжітіп үйіңнен де кеттім, деп мақтанған адамша хат жазғаны не қылғаны деген бір ұшқары ой да басқа келіп шықты. Сонсоң-ақ, кемпір-шал қанша кінәлі болса да, мені, менің үйімді сыйлаған адам дәл бұлай етпесе керек еді, деген сезім осы ойға жалғаса кетті...
Әсима табиғатында сабырлы, пайымды жас болса да, әке-шешенің көп ісіне, мінезіне сын көзімен қарай да, аңғара да бермейтін, олардың алдында өзін әлі бала көретін. Кейде мұнысын өзі де аңғарып, осыным тым ретсіз-ау деп, болар іс болып кеткеннен кейін өкінетін де кезі болатын. Әйткенмен қалыптасқан ұғым қайта оралып соға беретін... Түптеп келгенде, ол орынды, орынсыз жерінде де әке-шеше алдында бәйек еді. Қыздың осы кемшілігі Жақыпбектің жүрекпен жазған хатын шын жүрекпен ұғуына едәуір бөгет болды.
Осындай күйзеліс үстінде отырғанда Тойтықтың атынан бір жексұрын хат келе қалды. Бұл хатқа Тойтықтан да гөрі көбірек еңбек сіңірген Батырбай елі. Онда: «Жақыпбек оңбаған адам болып шықты. Директор болуға жан-тәнін салып, әкеңнің соңына шам алып түсті. Сені де ұмытты. Бануға үйленіп Ақықтың қолына күшік күйеу болып шығып алды» деген сияқты үлкен-үлкен жайсыз хабарлар бар-ды.
Тағдыры ауыр, намысқа тиер, достық сезімге қаяу салар бұл көңілсіз хатқа Әсима ұзақ үңіліп, түсінбеген адамша қайталап оқи берді. Бірақ, қанша оқыса да: «...Әкеңнің соңына түсіп жүр... Біздің қолымыздан кетті. Ақықтың қолына күшік күйеу болып кірді» деген сөздер бір өзгермей, көзіне шоқ боп басылды да тұрды. Бұл сөзге нанарын да, нанбасын да білмей, ол едәуір уақыт іштей тынды. Бірақ, нанбасқа шарасы жоқ. Басқа айтса бір сірі, ешкімге жамандық ойламайды дейтін туған шешесі жазып отыр. Осы арасы қызды қатты ойландырды, ойлаған сайын-ақ шашымен айтқан ана сөзі шүбәнің бәрін кейінге сырып, «шындық менің сөзімде» дегенді оның жүрегіне мысқалдап сіңіріп, бірте-бірте өзіне қаратып алып барады. Шешесінің басқа кемшіліктері көп болса да, дәл мұндай мүскіндікке барып, қызына өсек тасуы мүмкін емес, деген ойға тіреліп және осы ойға пенде болып, Әсима өңге ойларын осы жолға сарп етті.
Ол екіжүзділік, өздік дегендерді ескі заман жазушыларының ескі романдарынан дана көріп, өзінің жас өмірінде мұндай кеселді кездестірген жан емес-ті. Не шара, сондай жан өшкен достық, жалған адамгершілікті амалсыз еске түсіріп, қатты қалып отыр. Бір сәт Жақыпбек жайында есте қалғандарын көз алдына әкеліп, көңілімен сол жігіттің жұмбақ жүрегіне үңілді. Оның: «Басқа жерге шықтым, қарттардың қалауын таба алмадым. Не десеңіз де, ендігісін өзіңіз біліңіз» деген сөзі де дәл қазір қызды ашудың ойлатпас күбіріне жығып беруге көмектесті.
Ол көп толғанып, көп отырды. Ол қаншама орағытып, жамандықты үсті-үстіне үйгенімен жақсылықтан жазбады. Мұрат-мақсаты айқын, көп арман арқаланған, бүкпе, бықсық ниетті білмейтін, көңілге алғанын тура айтатын, турашыл, ақжарқын асыл адам көз алдынан бір кетпей, қасқайып тұрып алды.
«Осындай жақсы адамдар да азады екен, ә» деді қыз хатты қолына қайта алып. Жап-жаңа ғана жылу алып, жіби бастаған жүрекке хат қаңтардың аязындай тиіп, қайтадан оны мұз ғып қатырды. Демде сырылып шыққан ыстық сезімнің болмашы өшуі-ақ мұң екен, оның орнына ыза мен намыстан келіп орнаған сезімсіз бүлік ой ойран салып, әлдеқайда бұқпантайлап қалған тәкаппарлықты түптен тартып алып шықты. Ашынған тәкаппарлық: «Анайы арзан жанға шынайы сезіміңді айтып, қор қылма! Шертпе жүрегіңнің сырын! Мұздай жүрекке удай сөз тауып айт!» дегендей қызды бүріп әкетті. Осыдан кейін басқа ой сарқылып, барлық ащы сөзді жігіт үстіне үйе салмақ болып, Әсима қолына қалам алды. Алғанымен не пайда, «мені айт, мені айт» деп анталап тұрған сөздер енді бастары құралмай бытырап, бірі орайласса, екіншісі орайласпай, тозғындай жөнелді. Соларды бір жерге жия алмай, өз ойын айқын, ашық, шебер жеткізуге булыққан ашу үстімде дәрмені жетпей, қыз ұзақ әбігерленді. Қайта-қайта жаным, қайта-қайта өшірді, Жазғандарының бәрі өзіне ұнамайды. Ақыры, ұзақ отырыстан кейін тапқаны мынау болды:
«Баста танысқан да, біліскен де болдық. Достықтың, махаббаттың да басын ауырттық Алайда, мұның бәрі әшейін әуре екен. Ақырында сыйласу да қолымыздан келмеді... Айыпты өзіңіз. Әке-шешемді қадірлемей аяқ асты еткеніңіз мені де қорлағаныңыз. Қош болыңыз. Әсима».
Жазарын жазса да, қызға бұл да ұнамады. Тым егіліп кеткен сияқты. Мұны да жыртып тастап қайта жазды.
«...Таныстық. Білістік... Бірақ, достасу былай тұрсын, сыйласа да білмедік. Өзі қадірлемеген жанға басқа сөз айту да артық... Хат жазып әуре болмаңыз маған... Әсима».
Қыз жазғанын қайта оқып шығып, сәл ойланып қалды да, «Әсима» дегенді өшіріп, оны «Күдерина» деп түзеді.
Жақыпбекке келген хат, міне, осы еді. Қандай жағдайда, қандай көңілмен жазылғанынан хабарсыз ол да өзінен-өзі шала бүлініп отыр. Қыз оған қандай кінә артса, бұл да оған сондай кінә артады: «Жоқ, бұл шын сүйген жанның ісі емес, егер шын сүйген адам болса, әкесімен қырғи қабақтығын да тосқауыл бола алмас еді... Наз етіп жазып, ең әрі кеткенде, жарастыруға ниет қояр еді... Ал, мынасы құланның қасынуына, мылтықтың басуын әдейі күтіп жүргендік қой» деді ол ойлап-ойлап.
Ол бір орында тағат тауып отыра алмай, бөлме ішінде ерсілі-қарсылы жүре бастады. Қобалжыған көңілі еш нәрсеге тоқырамай, көп сенделді. Кенет, өлең оқығысы келіп кетті. Оның қолына Лермонтов түсті. Ашқан бетінде:
Расстались мы, по твой портрет
Я на груди моей храню,
Как бледный призрак лучших лет
Он душу радует мою...
деген шумақ көзіне шалынды. Осынын алғашқы екі жолын даусын шығара қайталап оқып шықты.
Сылтау болса-ақ бұл бөлмеге кіруге құштар Бану оның жападан-жалғыз отырып алып, жынды адамша сарнап әлденені оқи жөнелгенін естіп есікті ашып қалды.
— Кел, Бану.
Бануға «сен» деген сөз өте жылы естіліп, қаны солмаған, сенбеген, шиедей үлбіреген жұп-жұқа ерні бір сүйкімді күлкіні бейнеледі. Ал, Жақыпбек болса, әдейі айтты ма, әйтпесе, аңғармай айтты ма, ол жөнінде сыр бермеді.
— Сіз қазір өте көңілсізсіз, — деді Бану Жақыпбектің жайшылықтағы жайдарылығын көре алмай.
— Ол рас!
— Неге олай?
— Ренжіп отырмын.
— Кімге?
— Қыздарға?
Бұрын араларында мұндай әзілдер бола бермейтіндіктен, Жақыпбектен шыққан мына сөз Бануға тосын естіліп, өзінің қандай мағынада айтылғанын аңғартпады. Ол қайталап сұрады.
— Неге ренжисіз?
Өзінің манадан бері жүрегін кернеген сөздерін дос көңілді адамға айтып, мұң тарқатуды Жақыпбек аңсап отыр еді, Бануды ең жақын досындай санап, сырын ортаға салды.
— Адамның шамадан тыс шешіле сөйлегісі, жүрек сырын қалдырмай ақтарғысы келетін бір кездері болады. Осындайда алыста жүрген досқа зарығасың. Жүрегіңді кернеп, мазалап тұрған сөздеріңді соған шертер ме еді дейсің! Бұлар көбінесе не асқан қуанышта, не үлкен қайғы үстінде болатын құбылыстар екенін аңғаратын боларсың. Мен сондай бір жүдеу көңіл үстіндемін. Бұл сырды сенен бүккім келмейді. Құрбы қыз сырын талай тыңдаған шығарсын, аға сырын да тыңдап көр... Әңгіме мынадай, — деді де оған Әсиманың хатын ұсынды.
Қыз үнсіз тесіле қарап, ойға кеткендей қара кірпіктерін дамылсыз қақтырып, «түсінбеймін» дей берді.
— Қыз деген осы екен ғой, Бану!
— Неге олай дейсіз. Мұныңыз тым асыра айтылған ауыр сөз.
— Жалпы қыздар жөнінде асып түсіп жатқанын өзім де білем, ал, жеке қыздар жөнінде дәл қазір аузыма осыдан басқа сөз түспей отыр.
— Әжем тамақ ішсін деп жатыр, — деді Бектай есіктен басын қылтитып.
Інісінің дәл осындайда дайын тұратынына ызаланған Банудың даусы да қаттырақ шығып кетті:
— Қазір барамыз!..
YШІНШІ БӨЛІМ
I
Сабақтың соңында Бану балаларға бір жақсылық айтты.
— Ертең Бурабайға саяхат жасаймыз. Кімнің барғысы келеді? Қолдарыңды көтер, — деді ол.
Балалардың бәрі де қолдарын көтерді.
— Жақсы, таңертеңгі сегізде мектепке жиналыңдар. Аздап тамақ алыңдар, қайтарда қарындарын ашады.
— Шаңғы алуға бола ма?
— Қалауларың білсін...
«Бурабайға барамыз» деген жақсы хабар отряд жиынынан бері өзіне-өзі келе алмай, көңілі жүдеп жүрген Жарқынды да қуантты. Тауға шығуға дегенге жаны құмар оның көзіне Көкшетаудың бұйра басты шоқылары елестеді. Бурабай көлінен шаңғымен көктей өтіп барып, шындарда асыр салу қандай тамаша! «Саяхатқа ғой Сапар да барады»... Ол осыны тілегендей өзінен-өзі күлімсіреді. Шынын айтқанда, бұл күндерде бұрынғысындай емес, Сапарға оның көзқарасы да өзгеріп қалған еді. Жиында барлық шындықты бүкпей айтып, бар кінәны өз мойнына алып, қандай жазаға болса да төздім дегендей көп алдында қасқиып қарап тұрғаны бұған нағыз ерлік болып көрінген. Дәл сол арада өз бойынан әлденендей осалдықты аңғарып, жалған тәкаппар сезім жуасып, шыншыл, турашыл Сапарға қызыға қараған. Осы қызыға қарас, пионер жолдастарының сынын, мұғалімнің әуелдегі сөзін растап, алға дамытып, соның бұтағындай тарап, жаңа ғана пайда боп келе жатқан өр мінезін беттен қағып тойтарып, онсыз да молайып кеткен жүгін бұрынғысынан да ауырлатқан. «Жалғыз Сапарда ғана емес, өзімде де бар» дегенге ол іштей әбден мойын ұсынып қайтқан. «Неге бүйттім» деген өкініш те үйіне сол кеш онымен ере келген. Сонымен әке сөзі жалғасып, мен-меншіл бала мінез әбден жуасыған еді. Осыларын мойындап, артынан Сапардан кешірім сұраса да, одан әрі жұғысып кете алмай, томаға -тұйық күйде қала берген. Бірақ, ол мұнымен тынғысы келмей онымен қалай да сөйлесуді, арада болған қателіктерді ұғынысуды, достасуды көңіліне түйген еді. Сол ойын қалай жүзеге асырудың жөнін таба алмай, дал болып жүрген-ді.
Соның сәті ертең түсетіндей оған бір шаттық сезім пайда болды. Кенет, әлдене ойына түсіп, ол тоқтай қалды да, Бектайдың үйіне бұрылды.
— Менің сенде шаруам бар, — деді ол Бектайға.
— Бектай көзін жыпылықтатып «не» дегендей оған қадала қарап қалды.
— Сапарда шаңғы жоқ екенін білесің ғой... Көмектеспесек болмайды...
Бұрын Сапар жайын бүйтіп ойламақ түгіл, оны аузына да алмайтын Жарқынның мына сөзін естіп Бектай таң қалғандай енді оған әнтек бұрылды.
— Менде басы артық шаңғы жоқ.
— Білесің бе, шаңғы менде екеу ғой. Біреуін берер едім.
— Бер!
— Бергенде, — деп күмілжіді Жарқын, — бір қисынсыз жері болып тұр. Ол менен алмауы мүмкін. Түсінесің ғой өзің...
— Несі бар. Олай болса, маған бер. Мен-ақ табыс етейін, — деп Бектай құлшынып түсті.
— Сүйтсең қандай жақсы болар еді.
— Қазір барайын ба?
— Қазір жүр...
...Жарқын мектепке барғанда оқушылар түгел жиналып болып, сапқа тұрып жатыр еді. Оның көзі алдымен шетте тұрған Сапарға түсті. Ол саптың орта шеніне, Сейтен мен Бектайға қарап қапты, артына бұрылмайды. Жарқын оның қасына келді. Мұны аңғармады ма, әлде әдейі көрші болғысы келмеді ме, Сапар Сейтен мен Бектайға барып қосылды.
— Мен де барсам қайтеді, — деді Әйтен аналарға, — мұнда тұрып тонайын дедім.
— Ортада от жанып тұр ма? — деп балалар мұның сөзіне ду күлді.
— Саптың шетінен ортасы жылы болады.
— Ой, тоңғақ! — деді бір бала Әйтенді ажуалап.
— Өтірік айтам, тоңғам жоқ!
— Тоңбағаның ғой, мұрның қызарып кетіпті.
— Мұрным тоңғанымен мен өзім тоңбаймын, ләлелә-ау! Ләле-лау. Аяз деген тамаша -ау!..
— Өлеңіңе болайын!..
Күн жел жоқ, тымырсық аяз еді. Суық ызғар бетті қарып, шымырлатады. Бірақ, оңтүстіктің суығындай ән бойды мұздатып, денені құрыстырып, еңсені баспайды, қайта, ширақтық бітіріп, төтенше бір күш беріп, жігер құйып тұрғандай сергітеді. Жасынан түстікте өскен Жақыпбекке де бұл аяз жайсыз тиіп тұрған жоқ. Аяз сүйген бетін уқалап жіберсе болды, демде ду-ду қызып, шымырлағаны жоқ боп кетеді...
Әрі-беріден соң суыққа бет те үйреніп кетті. Ертемен тұрып қалғанда сәл тоңази бастаған дене де, біраз жүрген соң қызып, аяз сынып, күн жайма-шуақ қалыпқа келгендей боп өн бойға жылу құйылды. Бөктер қуып, Щучьеге беттеп барып, терістікке оралатын жолға түспей, жорықшылар әдейі төтелеп, поселкенің батыс жағындағы көк төбенің ұшар басына қарай тіке тартты. Ондағы ой — Бурабай көлінің өкпе тұсынан бір-ақ шығу еді.
Көктөбе Жақыпбекке барлық сұлулықты жасырып тұрған шымылдық тәрізденді. Одан асқан соң табиғат көркіне есік ашылып, Бурабай алқабы алақанның аясында тұрғандай, қыстың күні болса да, көгере бөртіп жайнап сала берді. Алда терістік пен түстікке қарай доғаша иіліп барып, 20 километр шамасына созылған, атақты Көкшетаудың Бурабай көлі тұсындағы шатқалдары ақ қағазға қоңыр-көк бояумен салынған суреттей бөп-бөлек боп көрінеді. Таудың бергі баурайын түгел алған орманның солтүстігінде, жаңағы шатқалдардың қойнауында бетін қар басқан Бурабай көлі бозарады. Одаққа аты жайылған бұл сұлу көлді солтүстігінен бастап, батысын орағыта келіп, оңтүстігін ала айналсоқтай иіліп тау қоршап тұр да, шығысы көп театрдың жұрт отыратын залы сияқтанып ашық жатыр. Оңтүстікте Щучье қаласынан басталатын қайың, қарағай, терегі аралас қалың орман да, оның осы шығыс жағалауына жете бере селдіреп біте қалған. Мұның бәрі Көкшеге, оның етегіндегі Оқжетпес шыңына иек артқан сұлу көлдің бар әсемдігін тасаламай айқын көрсетіп, көз мейірін қандыру үшін әдейі қолдан жасалған ғажайып тамаша іс сияқты.
Саяхатшылар тақалған сайын оның сұлулығы айқындалып, көзге еркін шалына түсті. Айналадағы қалың ағашты қарақоңыр шатқалдар, дөп-дөңгелек көл орны — ақшыл ойпатты, ұшы-қиырсыз қар басқан бір түсті айдын даладан бөліп тастап, төтенше бір сәнді құбылыспен көзді басқа жаққа бұрғызбай өзіне тоқтатады. Сол әсем дүниенің күзетінде тұрғандай батыс жағалауда, қолдан орнатқан діңгектей, тіп-тік, сүп-сүйір боп, көкке шаншыла Оқжетпес шыны мені көрдің бе дегендей өз сұлулығын кесе-көлденең тартады. Күзетте тұрған асқақ көңілді, өр солдаттың алдырмас қамалындай боп Оқжетпес ту сыртынан қоршап, қыр арқасына бұлт шөккен, еңсесі жоғары Көкше көкшіл тұманмен мұнартады.
Бұрабайды бұрын көрмеген Жақыпбек кішкентай ғана түкпірге жиналған неткен осыншама ғажайып сұлулық деп таңданғандай біресе көлге, біресе оның жағасындағы ғажайып бітісі бар Сиыртас пен Шошқатасқа, біресе оңтүстік батыстағы жалбыр басты шоқыларға, біресе Оқжетпес пен Көкшеге, біресе етегіндегі курорт үйлері самсаған көлдің теріскей тұсындағы Бөлектауға телміре қарайды, жалғыз ол ғана емес, сан көріп, сан аралаған Бану мен Байсал да, оқушы балалар да сүйікті мекеннің үйреншікті сұлу тұлғасына тосын адамша тоймай қарап, тамашалайды.
Әрдайым оқыған сайын жаңа ой-пікірге жолықтыратын дана ақынның өлеңдері сияқты, Бурабай өлкесі де әр көрген сайын бұрын аңғармаған, яки ұғылмаған жаңа сұлулықтар байқалып, сарқылмас әсемдікке бөленіп құлпырады да тұрады. Ол күнде жас, күнде жаңа. Адамның ой-өрісі өсіп, есейген сайын ол осылай жаңара, гүлдене береді. Оны алғашқы көргенде қандай тамашаласаңыз, екінші, үшінші көргенде де сондай тамашалап, құмарта қарайсыз! Ол сізге табиғат сұлулығын ұғуды, социалистік мекенді сүюді үйретеді. Оның жұпар пісті ауасы көкірек сарайыңызды ашып, Отанның байтақ даласындай кең тыныс бітіреді. Бал қымызын ішіп, еркін жайлаған курортшы достар оның бұл қасиетін жақсы біледі.
Сол әсем көлдің шығыс жағалауына келіп жеткен біздің саяхатшыларымыз екіге бөлінді. Мұғалімдер бастаған негізгі топ көлдің терістік жағалауымен, курортты басып, Оқжетпеске аспақ болды да, шаңғылы бес-алты бала Бурабай көлін көктей өтіп, оларға Оқжетпес бауырында табысуға келісті.
Таулы жерде есіп, шаңғы теуіп үйренген балалар қар басқан көл бетінде желдей есіп, оқтай ағып, Оқжетпеске қарап зымырай тартты. Көптен қолына шаңғы тимей құмартқан Сапар топтан шүу дегеннен оза шығып, алдына жан салмай, құйынша бұлдырайды. Ол алғашқыда біраз жер ілесіп, өкшелеген Сейтен мен Бектайдан да қарасын үзіп, алыстап кетті. Ана екеуі ере алмасын білген соң кейде күш жұмсап ағындап, кейде екпінімен жай қалқып, бұлаң құйрыққа салды. Бір кезде ол екеуіне Жарқын келіп жетті.
— Бәрібір, Сапар маңайлатпайды! — дейді Сейтен оған айқайлап.
Жарқын қайырылып жауап қатпастан, бар пәрменімен алға ұмтылып, сырғанаған бойы ағып өтті. Оның барлық есі-дерті Сапарға қалай да жету болды.
Сапар Шошқатастың тұсынан өтіп, Бурабайдың орта шеніндегі Сиыртастың өкпе тұсына жуықтады. Дегенмен, Жарқын алда әлі де 2-3 километрдей жер жатқанынан үміттеніп қарқынын үсті-үстіне күшейтті. Манағыдай емес, аралары да жақындап келеді. Оның өкшелеп қалғанын аңғарған Сапар да барын салып, бұрынғысынан бетер зымырады.
Қым-қиғаш жарыс салған бұларды жағалаумен өрлеген балалардың да көзі шалып келеді. Бірақ, Бану мен Байсал кезектесіп айтқан Бурабай жайындағы неше түрлі хикаялардан мойынды басқа жаққа бұра алмай, әңгіме арагідік саябырлаған кезде ғана көздерін көлге қарай бір-бір жалт еткізеді.
Міне, олар курорттан да, әскери санаторийден де өтіп, облыстық комитеттің демалыс үйімен арадағы асуға ілікті. Курорт аймағына кірісімен көзден жасырынған Оқжетпес те осы арада өсіп шыға келді. Көлдің шығысында көрінгенде көзге көгілдір тартып, мұнартып шалынса, енді ол ап-айқын боп, кеуде жағынын, қар баспаған, қиып орнатқандай бірінің үстіне бірі текшеленіп қалана біткен теп-тегіс бозғылт тастары да, жалтыр шыңының қиясына жабыса өскен жалғыз-жалғыз қарағай да, ұшар басына қолдан шаншылған ағаш та анық көрінді. Аты дардай болса да, алыстан көріп болмайтын, бірақ, киелі саналатын, адамның кеудеден жоғарғы жағына ұқсайтын, кішкентай жартас — «Қыз жұмбағы» да дәл осы арадан көрініп, өзінің дүниеде бар екенін білдіріп, шағын тұлғасын ол да алға тартты:
— Оқжетпес, Оқжетпес, — деп балалар шу етті.
— Ой, тәйір-ай, оқ жетпейді дегенге мен бір сұмдық биік екен десем, түк емес қой, — деді бір бала қомсынып.
— Осы, мен түсінбеймін, — деді Күміс деген екінші бір оқушы, — неліктен бұл жер Бурабай атанған? Әжемнен сұрасам, миға қонбайтын қап-қайдағы бір ертегіні айтады.
— Осы уақытқа дейін соны да білмейсің бе? — деп Әйтен кінәлай сөйлеп Күмістің қасына келді.
— Білмеймін...
— Білмесең ол былай...
— Жарайды, сенен сұрап тұрғаным жоқ. Мен апайдан естігім келеді.
— Бұл жөнінде колға ұстатып айтар, тарихи дәл мәлімет жоқ, — деді Бану, — әйткенмен, жорамал бар. Ол жорамалға қарағанда орыстың «бор» деген сөзінен шыққан деседі...
— Міне, бұл солай, — деп Әйтен де Күміске бір қарап қойды.
— Майбалық көлі қай тұста?
— Ол мына желке жағымызда, Бөлек тау қалтарысында қалды.
— Сендер бұл көлдің қасиетін білесіңдер ме, балалар? — деді Байсал.
— Білеміз...
— Болмадың ғой, Әйтен, ал айта ғой.
— Бұл көлдің суы сол тұрған күйінде дәрі... Асқазан ауруын жойып жібереді...
— Әйтен дұрыс айтады, — деді Байсал, — бұл су Ессентуки он жетімен пара-пар түседі. Таптырмайтын мол байлық.
— Біз неге соға жүрмейміз, — деді балалар.
— Ендігі бір саяхатымызда әдейілеп барамыз, — деді Байсал.
— Апырай, бүгін көрген де жақсы еді.
— Бір күнде Бурабайдың қызығын тауысуға болмайды. Бүгін біз Оқжетпесті көріп қайтсақ та жетіп жатыр.
...Саяхатшылар ылдиға түсті.
— Біздің шаңғышыларымыз қайда кеткен? — деді бір оқушы көл бетіне көз жіберіп. Оларды ұмытып, әңгіме қызығына түскен балалар көлге енді барып көз салды. Бұл кезде көл беті ешбір қыбырсыз, тып-тыныш еді.
— Бұлар Оқжетпеске жеткен болды ғой.
— Неге көрінбейді?
— Оның бойын өрлегісі келгендер арғы қойнауында, ықтасында болады. Бер жағы түйе -тайлы тік, өрлеуге мүмкін емес.
— Айқайлаңдар!
— Әй, Сапар! Жарқын! Сейтен!..
Тау жаңғырығып, Са-апар, Жар-рқын, Сей-ей-тен, — деп азан-қазан болғанымен балалардан жауап қайтпады.
— Бұлар қайда жүр, жаным-ау?..
Бет Оқжетпеске бұрылды. Әңгіме де толастап, балалар шоғырын жазып, үлкендерді кейінге қалдыра, жүгіре басып алға кетті. Жақыпбек Байсал мен Банудан «Қыз жұмбағына» соға жүруді өтінді. Балалар «Қыз жұмбағына» бұлардан бұрын жетіп, басына бір шығып, бір түсіп, пәлендей қызық көре алмаған соң, Оқжетпестің өзіне бет қойды. Олардың соңын ала "Қыз жұмбағына» — мына үшеуі де келіп жетті... Басына шықты.
— Қызық көремін десеңіздер, мұнда келіңіздер, — деді Байсал жоғарыда тұрған Бану мен Жақыпбекке.
— Не қызық? — деп екеуі Байсалдың қасына келді.
— Мынаны көрдіңіздер ме?
Ұшар басы темен төне, иіле біткен жақпар тастың асты қуыс еді. Осы қуысқа үшеуі де үңілді, тас беті неше түрлі бояумен жазылған жазуларға сыймайды. Неше түрлі аттар, неше түрлі цифрлар ұшырасады. Соня, Борис, Наум, Бейсемдай, Дүйсен, Тәшмет, Тамара, Карапян, Петро... 1923, 1931, 1938, 1948...
Кең байтақ Отанымыздың барлық түкпірінен, барлық, жылдарда алуан азамат келіп демалғаны осы жазулардан-ақ айқын аңғарылып тұр.
— Мынау бір тамаша тарих екен, — деді Жақыпбек күлімсіреп.
— Талай жүректің сырын тыңдаған бұл бір шежіре тас қой, — деді Байсал.
— Оның да рас-ау. Осы біз тұрған жерде мынау көлге көз жібере отырып, талай жас жүректер ғой сыр шертті...
— Оған дау бар дейсіз бе?
— Сіздер тым тереңдеп барасыздар ғой, — деді Бану күліп.
— Солай ма? — деді Жақыпбек оның бетіне күлімсірей қарап. Аяз сүйген қыз беті қызара-бөртіп, күндегіден өзгеше, өте бір келісті сипап тапқан. Басқа киген аппақ қоян тымағы сол сүйкімді бетке уылжыған бейне сәби жүзіндей әдемі шырай беріп, көзге қоянның көжегіндей кіп-кішкентай етіп монтитып көрсетеді.
— Неге тесіле қарап қалдыңыз? — деді ол жаутаңдаған қара көзін Жақыпбекке мөлдіретіп. Қыздың жайшылықта Жақыпбекке ұнамайтын, даусын құбылтып сызыла сөйлейтін жасанды шолжаң әдеті де осы сәт байқалмай қалды.
— Әдемі боп кетіпсің, Бану!
— Арзан сөзге үйір болмаңыз, мұғалім!
— Шын айтам...
Сөз желісіне Байсал басқа арқау салды.
— Ой, ғажап, Оқжетпестің басында адам тұр! — деді ол. Жақыпбек пен Бану арттарына жалт бурылды.
— Бұл кім екен? Біздің оқушылардың бірі болмағай, — деді Бану шың басында селтиген қараны көріп.
— Болса қайтеді, тауға да шығып үйренсін, — деді Жақыпбек.
— Қайтып түсу қиын, мүмкін емес!..
Үшеуі де солай қарай аяқтарын асыға басты...
2
Сапарға Жарқын «Қыз жұмбағының» қасына келгенде ақыры жетіп, жағаға екеуі қатар шыққан еді.
— Бәрібір оза алған жоқсың, — деді Сапар оған.
— Озбасам да жеттім, сол жарамай ма?
Сапар қайтып жауап қатпастан, келген ізінше кейін қайтты.
— Тоқта, Сапар!
Зырғи жөнелген Сапар, «немене» дегендей артына бұрылып иегін қақты.
— Айтатын сөзім бар.
— Қазір уақыт жоқ, кейін...
Жарқын жағада тұрып қалды. Анау құйғытқан бойы Сейтен мен Бектайдың алдынан шығып, екеуінің ортасына тұра қалып, қолдарын ұстады да, ізінше жалт бұрылып, бәйгеге қосылған аттың көтермешісі сияқтанып, әй-шайға қаратпай, оларды ілгері дедектетті.
— Ой, құлаймын, ақырын», — деп Бектай безек қағады.
— Сейтен жүрексінсе де, сыр бермей үндемейді.
Бұл үшеуінің тонның ішкі бауындай үйлесіп, өзара мәз-мейрам болып келе жатқанына Жарқын бір жағынан қызыға қараса, екіншіден бұларға жұғыспаймын деп жүріп өзінің оқшау қалғанына іші күйеді. Жақсы жолдас іздеп, достық ынтымақты сағынып, алдында асыр салып келе жатқан құрбыларына ыстық құшағын жайып, ағынан жарылайын десе де, олармен жұғысып кете алмай, кінәлы жандай алыстан телміреді.
— Жарадың Жарқын, — деді жағаға шыққан Сейтен оған, — неде болса, Сапарды басып оздың ғой.
— Жоқ, мен басып оза алғаным жоқ!
— Сейтен дұрыс айтады, сен оздың, — деді Жарқын сөзіне риза болып кеткен.Сапар оған жалт қарап.
— Мазақ етпе!
— Не мазағы бар. Мен шынын айтам, енді болмағанда сен, сөз жоқ, басып озатын едің.
— Соңғылар да келіп жетті.
— Кеттік, бізді Оқжетпесте күтіңдер — деген.
— Анда, жүр!
Оқжетпестің түстігін ала бөктерлеп, батыс жақ қойнауына кіріп, балалар биігіне өрледі. Олар өрге көтерілген сайын көкке шаншылған шың аумағы тарылып, тікшілденіп, әрі найзаша сүйірленіп, жүру де қиындай берді. Жадағай қырат, біртегіс құлама, табан тірер қойтастар да азайып, бірінің үстіне бірі орнаған, қарсыз, тіп-тік, тұп-тұтас үйдей шың тастарға айналды. Әлгіден бері оңай көтерілген балалар енді еркін жылжи алмай, ұйлығып тұрып қалды.
— Бұдан әрі баруға болмайды, осы арадан күтейік, — деді Бектай.
— Неге баруға болмайды? — деді Сапар оған.
— Неге болмайтынын көріп тұрсың ғой!
— Түк емес, шығамыз!
— Мен өзім бұдан әрі бара алмаймын, — деді де Бектай бір қойтастың ығында тұрып қалды. Қалғандары аяқтарын ептеп басып, бірін-бірі демеп тағы да жоғары көтерілді. Енді бірінің үстіне бірі орнаған үйдей екі тас қана қалды. Бірақ, оған шығу өте қауіпті еді. Егер табан тайып кетсе, тірек болар ешқандай бұдыр жоқ. Осы араға келгенде Сейтеннің де жүрегі шайылды.
— Қайталық, — деді ол.
— Жарқын да, басқалар да соны қостады.
— Шырық бұзған тағы да Сапар болды.
— Сен шықпай-ақ қой, менің аяғыма баспалдақ болшы, — деді ол Сейтенге.
— Құлайсың.
— Құламаймын. Қолыңды сал мына араға.
Сейтен ұшар бастан ойға қарай құлдилаған жылғада қарай таса тірей алақанын жоғары жайды. Сапар оның алақанына шығып, төбеде күжірейіп тұрған бұдыр тастың тұмсығына жармасып, тәлтіректеп қалды да, аман-есен жоғары көтеріліп кетті. Сол кеткеннен өрмелей-өрмелей бірінші шың тастан өтіп, екінші шың тасқа, ең қиын шатқалға жетіп тоқтады.
— Мұнда қиын екен, — деді ол қарап-қарап.
— Кейін қайт!
— Төбесіне жап-жақын келіп тұрып, кейін қайтам ба!
— Ар жағына ешкім шыққан емес, білдің бе!
— Кім айтады саған оны? Шықпаса басында тұрған мынау ағаш не?
— Ол ағашты атақты бір турист қадаған, — дейді ғой.
— Өтірік. Талай адам шыққан!
— Шыққан жоқ! — деді Сейтен өршеленіп!
— Ал, шықпаса, мен шығамын, онда қайтесің, — деді Сапар шалқайып.
— Басына оқ жетпеген шыңға сен жетем деп тұрмысың...
— Оқ жетпесе, мен жетем! Келіңдер біреуің! Аяғыма тірек болыңдар!
— Ешкім қозғалмады.
— Ой, қорқақтар!
Жарқын тіл қатпастан алға шықты да, Сапар өрмелеген тарғыл тасқа қол созды. Сейтен дереу оның аяғына тірек болып тұра қалды. Анау Сапардан көрі де икемділік, ептілік көрсетіп, жеңіл көтеріліп, лезде тас басына ытқып шықты.
— Көрдің бе, мына жерден көтерілсем, ар жағы бұйым емес, — деді Сапар.
Алайда, Жарқынның демеуімен өзі айтқан қиыннан өткенімен де, арғы жағында қолға ілігер ештеңе болмай, Сапар барған жерінде тағы да бөгелді.
— Шіркін, енді бір демесең! — деді ол.
Белбеуіңді шеш те, бір шетін маған жібер, — деді Жарқын.
Сапар оның айтқанын істеді.
— Еңкей!.. Соза түс қолыңды... Тағы да... Ал мықтал!
— Қорықпа, жібермеймін!
— Жарқын белбеуден ұстап демде көтерілді.
Ана тасқа бір, мына тасқа бір көз сүзіп, шығудың жолын іздеген Сапар бір кезде сәті түсіп әлденендей мүйіске жабысып, Жарқынның алақанынан аяғын ұзатып әкетті. Содан соң -ақ қадамы оңға басып, нысана еткен ұшар биікке оңай көтерілді.
— Ура! — деді ол достарына айқайлап.
— Әй, біздің ауыл көрінбей ме, қарашы, — деді Әйтен. Оның келіп тұрған беті осы еді.
— Көрініп тұр. Сенің үйіңнің Мұржасынан түтін шығады саған ет асып жатса керек, — деп Сапар сақ-сақ күлді.
— Рас айтасың ба, ей?
— Рас айтам.
— Өтірік қой.
— Нанбасаң өзің шығып қарай ғой.
— Ал, шық та, қара, — деп балалар Әйтенді әзілдеп ортаға алды.
— Өй, құрысын, құлап өлем ғой...
— Сапар жан-жағына қарап, еңкейіп, әлденелерді қолына алды.
— Адам шықпады дейсіңдер. Талай адам фамилиясын жазыпты. Есенов, Сидоров, Ақпаев... Санап тауысар емессің... Мен де атымды жазып қалдырам. Мына бір таяқ та жатыр...: Ана қызықты қараңдар, аяқ астында «Қыз жұмбағының» басында үшеу тұр. Айқайлайын ба?
— Байқа, мұғалімдер болып жүрмесін?
— Ал, қойдым!..
— Сапар қуанышы ұзаққа созылмады. Түсуді ойлап қайта еңкейіп көрді де, төбе құйқасы шымырлап, басы айналып, көзі қарауытқандай болып, буындары дірілдеп қоя берді.
— Мен қайтып түсемін! — деді ол даусы дірілдеп.
— Айтпадым ба, мен саған, — деді Сейтен, — қозғалмай отыр. Мұғалімдер келсін!
Мұғалімдерді күту үлкен қазадай көрінді Сапарға. Лажын тапса, қазір түсіп кеткісі-ақ келеді. Амалы жоқ, төмен еңкейсе, ол ниеттен айрылып, жүрегі суылдайды.
— Менің түсуім керек: мүмкін, сен маған көмектесерсің, Жарқын?
— Оның даусынан қорқып, сасқандық айқын сезілді.
— Қозғалма, Жарқын, құлап өлесің, — деп төменде безектеп жолдастары тұр. Сапар бар демесінді Жарқыннан күтіп, көзі ұясынан шығып барады. «Жоқ, оған көмектесуім керек» дегенге Жарқын да белін бекем буынып, тәуекелге басты.
— Ал, мен кеттім саған, — деді ол Сапарға қарап.
— Бұл жолы екі белбеу жалғанды.
Толған шүберектен құп-қу болып кеткен Сапардың бетіне қан жүгірді. «Асықпа, аяғымды әуелі бір жерге мықтап тоқтатып алайын, сырғып кетіп жүрмесін, — деп ол төмен төнді. — Енді көтеріле бер».
Жарқын жайлап жоғары тырмысты. Қолы демеу алғандықтан, аяғы басқан жеріне шегендей қадалып, кәдімгідей ілгерілеп келеді. Ол жақындаған сайын Сапар «байқа, асықпа», деген сияқты сөздерді үсті-үстіне дамылсыз айтып, дегбірсізденеді.
Жарқын шың басына кісі бойындай жер қалғанда Сапарға қарады.
— Түс төмен, сал аяғыңды алақаныма!
Табаныңды мықтап тіре, сырғып кетіп жүрмейік, — деді Сапар сақтық айтып.
— Сырғымайсың!
Сапарды өзі тұрған жерге түсіріп алу онша қиынға соқпады. «Ақырет» енді басталды. Екеуі де көздерін төмен салып көріп еді, зәрелері ұшты. Ойда табан тірер ештеңе көрінбейді.
— Енді қайттік?
— Әкел белбеуіңді, — деді Жарқын. Өзінің де, Сапардың да белбеуін алып тағы да жалғап жіберді де, бір басын өзінде қалдырып, екінші басын Сапарға ұстатты.
— Көріп ал, әне бір мүйіске тірелсін аяғын!
Сапар көз қиығын аяғының астына бір салып өтті де, үнсіз төмен кетіп, ойлаған тасқа дік ете тусті. Енді Жарқынның жетуі екі талайға айналды. Белбеуді байлап кетіп бір шетінен ұстап түсірерлік бұта, бұдыр жоқ, тұлдыр тақыр. Нағыз қорқыныш та төбеге енді төнді. Бар лажы бітіп, қия тастың аяқ әрең ілігер бір бұдырында не істерін білмей аңырып тұрып қалды ол.
— Мен түсе алмаймын, — деді мұңайып.
Сапар да қиналып ауыр күрсінді.
— Аяғың менің дәл төбеме келіп тірелсе...
— Білмеймін, батылым бармайды.
Біріне-бірі жалтақ-жалтақ қарап, үнсіз телміріп, ауыр хәлді іштей ұғысып, мұңайып тұрған осы бір ауыр шақта Жақыпбек даусы құлаққа шалынды.
Екі бала әбестік істері үшін мұғалімнен қанша ұялып, сескенсе де, оның бәрін дәл сол қауіп минутында ұмытып кетті. Жаңа ғана жан қоймастай сұсты көрінген Оқжетпес те енді ол екеуіне бұйым болмай, арқаларын одан әлдеқайда биік асқар тауға тірегендей көздері шырадай жанды.
Жақыпбек келген бетінде бір кеспелтек ұзын қайынды жоғары көтеріп Жарқынға ұстатты да, белбеуді сол ағаштың басына байлатып, содан ұстатып түсіріп алды.
— Осындай да ожарлық бола ма екен? Бұл не қылғандарын, — деді ол кейіген пішінмен қабағын түйіп.
Жарқын мен Сапар темен қарады. Сүйікті мұғалімінің орынды кеюі жүзге шіркеу болса да, көңілде шың басынан алып қайтқан балапандай бір жақсы сезімдер ойнап, жүректерін сазы мол көңілді күйге бөледі. Бұл табысқан, ұғысқан, достық сезімнің басы еді.
3
Солтүстіктің қысының басталысы қызық қой. Кейде бірнеше күн бойына толас алмай қар жауады. Мұндайда, әсіресе, ауылдық жерлерде ғажайып бір көріністер пайда боп, бұрынғы ағаш, бұта, тебе, төмпешік жым-жылас жоғалады, оның орнын ұшы-қиырсыз аппақ мұнар, ақ теңіз басып дала әп-сәтте өзгеріп шыға келеді.
Көкшетау маңына қыс биыл да дәл осылай түсті. Таң ата жауған қар күні ұзаққа бір тоқтамай, күн бата бір-ақ қойды. Кешкі оқуға асыққан колхозшылар тізеден келетін көбік қарға малтығып мектепке қарай тұс-тұстан шұбады. Осы көптің бірі боп Батырбайдың әйелі Сағила кетіп бара жатты. Алайда, мұнын өзгелерден жүрісі мүлде өзге еді. Еңсесі түсіп кеткен. Тек біреудің зорлауымен амалсыз келе жатқандай, жүруінен тұруы көп болып екі аяғын омбы қардан әрең алады. Табиғатында ақжарқын, жайдары Сағиланың өзіне тән емес мына түрін көрген адам таңданар еді де: «бұған не болған?» деген сұрақ өзінен-өзі туар еді.
Әдетте, Сағила Батырбайға барлық мінез-құлқы жағынан қарама-қарсы жан болатын. Батырбай сияқты томырықтық, сөлекеттік, шытымырлық онда атымен жоқ-ты. Қабақ шыту дегенді өте сирек кездестірер едіңіз. Айналадағы көршілермен, абысын ажынмен де қандай үйлесімді ол, кіммен болса да, тез шүйіркелесіп, араласып кетеді. Оның үстіне асы дәмді, қолы әрі береке, әрі береген қасиеті тағы бар.
Жалғыз от басында ғана емес, еңбек майданында да Сағиланың қолы тиген іске «жан бітеді». Қандай жұмыс болса да, тап-тұйнақтай болып, бітіп жатады. Еңбек рухани азығына, жан рахатына айналған ол ертемен тұрып, балаларын тамақтандырып та, барлық үй шаруасын тындырып та, мезгілінде жұмысқа шығып та үлгіреді.
Осындай жақсы қасиеттерінің арқасында Сағила ауыл адамдары арасында құрметке бөленген. Оны үлкен-кіші түгел қадірлейді. Әдетте, ерлі-зайыпты Жауынбаевтар сөз бола қалса, күйеуінен оның аты ауызға бұрын түседі. Әңгіменің түр-сипаты: «Сағила айтты», «Сағиламен сөйлестік» болып келеді де, Батырбай еленбей көлеңкеде қалады. Шындығында, үй ішіндегі қожа да сол Сағиланың өзі. Мұнысы ақылдығымен алған қожалық. Ол үй берекесіне, от басының рахатына көп көңіл бөледі; дүрдараз, ұғыспаушылық сияқты көңілсіздікке жол бермейді; күйеуінің кейбір оқыс, дөң мінездерін кешіріп, ретсіз кетіп бара жатса, тежеп тастап отырады. Батырбай қаншама томырық болса да, Сағила алдында әлсіз. Әйелі шапылдап беттен алмаса да, одан именіп тұрады. Тіпті, Сағиланың бір нәрсені ұнатпағанын ол қабағынан танып та жым болады.
Ерлі зайыпты Жауынбаевтар арасындағы көптен келе жатқан осы дағды бүгін бұзылып, екеуі қатты жанжалдасты... Жанжалға себепші де, өршітуші де Батырбай еді. Ол соңғы күндерде басқа жұмыстың бәрін жиып қойып, Жақыпбектің ізін бағуға шықты. Жақыпбек не істейді, кімнің үйіне барады, кімдермен сөйлеседі. Соның бәрін сұрағыштап, тереді де жүреді. Әсіресе, Банумен араны білуге көп құмартады. Кешке мектептен шыққанда білдіртпей арттарына түсіп аңдиды, үйлерінің терезесінен сығалап, ұзақ уақыт тың тыңдайды. Бірақ қыз бен жігіттен бұл тілеген қарым-қатынас сезілмейді...
Ерінің жар-құлағы жастыққа тимей, әлденендей бір күңгірт іспен шұғылданып жүргенін Сағила да сезді. Батырбай мектепшіл де боп кетті. Кеш түссе тайып тұрады. Өмірі кітап оқып, қағаз жазбайтын әдетін қойып, түні бойы ұзақ отырып бірдеңелерді жазатынды да шығарды. Бұл да Сағилаға ой салды. Ол бұрын өзінде жоқ бір әдетке басып, күйеуінің жазғандарының бәрін одан қоймай отырып алып, оқып, істің мән-жайына сөйтіп барып түсінді. Бұл хаттар Жақыпбектің үстінен берілген шағымдар еді. Бұл шағымдардың біреуі аудандық партия комитетіне, екіншісі аудандық оқу бөліміне, енді бірнешеуі облыстағы бірнеше ұйымдарға арналған. Қазақ ССР Оқу Министрлігінің бір өзіне әр түрлі мазмұнмен, түрліше жазылған бес арыз әзірленген. Сол арыздың бәрінде: «Әділбеков мектепті бүлдіріп отыр. Моральдық жағынан бұзылған адам. Іздейтіні жік» деген сияқты боп басталып, ауыз бармас неше түрлі ластықтар тізіледі.
— Не бетіңмен осыларды жазып жүрсің? — деді Сағила ашуланып.
— Е, қызықсың ғой өзің, біреу бүлдіріп жатса, үндемей отыруым керек пе? — деп дүңк етті Батырбай. Мұнысы әйелін беттен қағу емес, өзін ақтаудың тәсілі еді.
— Мектепке шын жанын, ашыса, Әділбековтің қылмысты екенін анық білсең, неге ашық айтпайсың?
— Япырау, хатпен тиісті орынға жеткізсем, сол айтқаным емес пе?
— Олай болса, неге қолыңды қоймайсың?.. Бетін шыдамай ма? Қорқасың ба? — деп Сағила күйеуінің көзіне өз көзін қадай, төне, оның тынысын тарылта түсті.
— Түсінбейсің... Содан кейін мені тағы да қуғынға салсын дейсің ғой.
— Айтқанын рас болса, ешкім де сені қуғынға сала алмайды.
— Па, шікін-ай!..
— Өшір үніңді, жырт жазған қоқыстарыңды! Жақпа біреуге күйені!..
— Мен кімге күйе жағыппын?
— Бетсіз! Ұятсыз! Жас адамдардың атын неге күйелейсің? — деп Сағила ежелгі әдетінше өз өмірін беттегі ызбармен байсалды түрде жеткізбей, күйеуіне бұл жолы айқай-шу көтере, ашынып айтты. Бұлай етпесіне болмай да қалды. Батырбайдың мына лас ісі оның денесін түршіктіріп, қанын мүлдем қайнатып жіберді.
Батырбай да бұл жолы бірден ықпай, сөз таластырып, өзін ақтап, Жақыпбекті жамандап болмады. Әбден ызаланған Сағила орнынан атып тұрды.
— Егер жазғандарыңның көзін құртпасаң, қазір мектепке барамын. Бірін қалдырмай айтамын. Бетіңді айдай қыламын.
Әйелінің мына түрі Батырбайды шошытайын деді. Ол да орнынан ұшып тұрып, Сағиланың қолынан ұстай алды.
— Ей, жынданғанбысың? Мені біржола құртайын деп пе едің?
— Жырт, жырт!..
Осыдан басқа сөз айтпай, сазарып қатып Сағила қалды. Батырбай біраз қипақтап тұрды да, әйеліне енді бірдеңе айтуға бата алмай, барлық жазғандарын пешке апарып тығып жіберді.
— Ал, құмарыңнан шықсаң...
Сағиланың ұнжырғасын түсірген міне осы оқиға еді. Күйеуінің көп ездіктерін ол бұрын да білетін, кейбірін кешіріп те отыратын. Ал, бірақ. тап мынандай сұмдығын сезген емес-ті.
...Кенет шыққан дауыстан Сағила бойын жиып алды. Алдында Жақыпбек тұрды.
— Неге кідірдіңіз? Жүріңіз. Мен де мектепке барамын, — деді ол.
Сағила бөгеліп қалғанын енді сезіп, ілгері аттады.
— Сағатыңыз қанша? Сабаққа кешіккенім жоқ па? — деді ол өз-өзінен ыңғайсызданып.
— Кешіккен жоқсыз.
Сағила Жақыпбектің колхозда оқушыларға үлгі ететін адамдарының бірі еді. Бұл адамның қарапайым сауыншылық кәсібінің өзі жас буынға өнеге мектебі болғандай, соңғы кезде салмағы сезіле бастаған-ды. Фермадағы жұмыс тәртібі, сауыншылардың ұйымшыл еңбегі әр оқушыға барған сайын бір ой салмай қалған емес. Сиырды қолда бағу, сауу, бұзау күту, жемдеу сияқты ежелден өзгермей келе жатқан қара жұмыстардың бәрі енді электрге қол артып, жаңаша мазмұн тауып, белгілі бір ғылым боп алғандай еді. Міне, сондықтан да, ауыл баласы физиканы, биологияның құбылыстарын осы фермадан да ұғып, оған келуге әрдайым асығып тұратын болған. Бұларды құптай қарсы алып, өзінің еңбек тәжірибесін қызыға бөлісетін адамдардың бірі де осы Сағила болатын.
Сағиламен әсіресе алғашқы танысқаны, сондағы алған әсері Жақыпбектің есінен кетпейді. Бұл оқу жылының бас кезі еді. Жоғарғы класс оқушыларына арналып, сиыр фермасына экскурсия ұйымдастырылды. Колхоз шаруашылығымен таныса беру ниетімен және оқушылар қандай әсер алар екен деген оймен бұл экскурсияны бастаушылардың бірі Жақыпбектің өзі болды.
Бұлар келгенде бір топ сауыншы сиыр қораның кіре берісінде өзара даурыға сөйлесіп, әлде кімге жабыла шүйіліп жатты. Қақпадан сау етіп кіріп келген оқушыларды көріп олар әңгімелерін тыя қойды.
— Мына кісі бас сауыншы — Сағила Жауынбаева, — деді Бану оны Жақыпбекке таныстырып.
— Сіздердің әңгімелеріңізді бөліп жібердік пе? — деді Жақыпбек Сағилаға.
— Жоқ, біз кейін де сөйлесе аламыз, — деді Сағила сәл езу тартып.
Оның еріннен жоғарғы бет бейнесі құбылыссыз қалды. Мұндай күлімсірегенде ең алдымен көзі ойнап қоя беретін, әрі жиі кездесетін құбылыс бұл әйелден байқалмады. Жақыпбек осы болмашы көріністен Сағиланың дөп-дөңгелек көздерінің адамға қарағанда ішкі аясы, соның ішінде қарашығы ғана нұрланатынын, ал көздің айналасы, екі қасынын арасы теп-тегіс, жып-жылтыр боп ешбір өзгеріссіз қалғанын аңғарды. Жанары күлімдемейтіндіктен де, оның көз қиықтарына әжім деген жоламаған. Адам шырайындағы бұл құбылыс Жақыпбекке бұрын кезіктірмеген бір түрлі тосын қызық болып көрінді.
Геройымыз осы тосын құбылыстарды барлай тұрып, сөзін жалғады.
— Менің байқауымша, — деді ол, — сіздердің әңгімелеріңіз жұмыс жайында сияқтанып еді. Егер дәл солай болса, кейінге қалдырмай-ақ қазір аяқтауларыңызға да болады. Біз күте тұрайық.
— Сіз қам жемеңіз. Әшейін ішкі жұмысымыз жайлы бір нәрселер. Сіздер кеткен соң-ақ сөйлесеміз.
— Жұмыс жайы болса, тіпті біз ушін де жақсы. Оқушылар да естісін. Тәлім алатын мәселе боп шығар.
— Ондай жағдайда өзіміз де қуанған болар едік. Әңгіме соның керісінше болып тұрғаны бар емес пе... — Ол екі беті қып-қызыл, киімі алқам-салқам, тәпелтек, жұп-жуан сығыр көз келіншекті нұсқады. — Мына бір сауыншымыз еңбек тәртібін бұзып, соны жазғырып жатыр едік...
— Жарайды, қойсайшы енді, — деп жуан келіншек күңк етті. — Ендігәрі кешікпейін, болды ма?..
— Кешігіп қала қойсаң болды дер едік. Әңгіменің үлкені де өзіңе тапсырылған жұмысты жауапсыз атқарғаныңда екенін сен ұққың келмейді ғой деймін. Сиырды дұрыс саумадың. Желініңде сүт қалдырдың, бір де! Тазалық сақтамадың, екі де! Қарашы, ана алжапқышыңа. Қайтып ұялмай сиырдың желініне жақындайсың...
Семіз келіншек үндей алмай, теріс айналды. Сағила Жақыпбектерге қарап сөйледі.
— Әр кәсіптің, өз талабы, өз мәдениеті болады емес пе. Сауыншылық тазалықты, ұқыптылықты, малға жұғымдылықты керек ететінін білетін боларсыздар. Біз өзіміздің жолдасымыздан соны талап етіп жатыр едік, үстіне келіп қалдыңыздар, айыпқа бұйырмаңыздар.
Біреудің бір жақсы қасиетін яки өнерін аңғарса, сүйсініп кететін және онысын бағалап қалуға асығып тұратын әдет Жақыпбекке көптен үйір еді. Сауыншылардың мына ісі де оның сезімтал жүрегін дір еткізді.
— Жақсы тәртіп, жалғыз сауыншыларды ғана емес, барлық іс адамын еңбек мәдениетіне үйретеді. Сіздер осы кішкентай оқиғамен-ақ өздеріңіздің ізгі дәстүрлеріңізді аңғартып, біздің болашақ азаматтарымызға көп нәрсені пайымдатып тастадыңыздар, — деді ол.
Сағила Жақыпбекке қарап үнсіз жымиды да, Бануға мойын бұрды:
— Иә, қыз, мен не айтамын?
— Өз жұмыстарыңызды әңгімелеңіз. Балалар мал өсірудің жайымен таныссың.
— Біз деген сөйлеп үйренбеген, көп оқымаған, жұмыс адамымыз, не айта аламыз. Онан да керек дегендеріңді өздерің сұраңдар.
— А, құдай-ай, шаруа жайын тура басынан түсіп айта бермейсің бе, — деп күңк етті бір сауыншы.
Иә, тіпті, сөйтуіңізге де болады, — деді Бану оны қостап. Сұрақты біз жол-жөнекей берейік.
Балалар, біз сиыр бағамыз. Осылай бастасам дұрыс па? — деп Сағила Бануға қарап күлімсіреді.
— Дұрыс, дұрыс. Бөгелмеңіз, — деп Бану да көзін ойната бір күліп қойды.
— Сиыр бағатын себебіміз — біз жастай малға үйренген жандармыз. Мал бақпай отыру дегенге біздің үйренуіміз қиын. Міне, сол үшін де, мал өсіру осы тұрған бәріміздің сүйген ісіміз, — деп ол сауыншыларды көзімен шолып өтті. «Дұрыс айтады» дегендей олар да әрқайсысы өз орнында үнсіз тұрып, бас изеді. — Ал, шынында, жалғыз бізге ғана емес, бүкіл елімізде бұл өте қадірлі жұмыс. Өйткені, малсыз тіршілік жоқ. Асыл тамақ, асыл киімді де мал береді. Оны бәрің де білесіңдер. Ал, малдың да малы бар. Бірнеше сиырға төтеу болатын да мал бар, немесе не еті, не сүті жоқ, өнімсіз жануарларды да аз көріп жүргеніміз жоқ. Біз, малшы колхозшылар, сол үшін де мал өсіргенде оның аты емес, заты үшін тырбанамыз. Ойбай-ау, маған қой демейсіңдер ме, босқа уақыттарыңды алып барамын ғой, — деп Сағила миығынан күле кілт тоқтады.
— Жоқ, жоқ, бөгелмеңіз. Тамаша! — деді Жақыпбек сүйсініп.
— Сіз әдейі асыра бағалауды жақсы көреді екенсіз, қайным.
— Тіпті де олай емес, жеңеше, иланыңыз! Титтей де алаңдай көрмеңіз, айта беріңіз, айта беріңіз.
Сағила ернінің ұшына ғана күлкі жиып, басын шайқады.
— Малды дұрыс күте білу дегеннен шығады-ау... Менің жеткізе алмай тұрғанымды... Бері жүріңдер. Ана тұрған шеткі қасқа сиырға көз салыңдаршы.
Балалар жапырлай төніп, қасқа сиырға көз тікті.
— Осы сиырдың тірілей салмағы қанша болады деп ойлайсыңдар?
— Балалар біріне-бірі қарап аңырып қалды.
— Неменеге үркіп турсыңдар? Жақындаңдар. Көзбен шамалай алмасаңдар, өлшеңдер.
— Неменемен өлшейміз, апай?
— Қайда, қалай өлшейміз? Гир жоқ қой.
— Гирдің қажеті не? Былай да өлшеуге болады ғой... Әлде білмейсіңдер ме? Онда бері келіңдер.
Үш-төрт бала сиырдың қасына барды. Қалғандары да дереу жақындап иық тіресе жапырласа қалысты.
— Былай, шүйде тұсынан құйымшаққа дейін өлшеңдер. Жасқанбаңдар, жасқанбаңдар... Міне, былай... Дұрыс. Енді кеудесін орай бір өлшеп шығыңдаршы. Екеуін көбейтіңдер... одан шыққан санды екі еселеңдер де, жүзге бөліндер. Бөлдіңдер ме? Қанша болды?
— Төрт жүз алпыс! — деп шу етті балалар.
— Төрт жүз алпыс не ол?
— Килограмм шығар...
— Әлбетте, килограмм. Мінекей, көрдіңдер ме, қасқа сиырдың салмағын таптыңдар. Ал осы сиыр бір жылда қанша өнім берді деп білесіңдер? Айтайық қанша май бере алады? Қанша?..
— Отыз, қырық...
— Мә, саған!.. қырығың не? Бұл тура жаңағы өз салмағындай, жоқ, тіпті одан да көбірек май берді. Дәлін айтсам, үш жүз алпыс алты килограмм. Неге бастарыңды шайқайсыңдар? Нанбай тұрсыңдар ма?.. Әрине, мұнда танданатын ештеңе жоқ. Бұл жаңа тұқым. Оның үстіне жастайынан ерекше күтімде болған, айрықша еңбегіміз сіңген жануар.
— Апай, сонда қалай күттіңіздер? — деген сұрақты сол сәт балалар жаудырып жіберді.
— Күту, бағу, біздің өмір бойғы жұмысымыз. Оны айтып шығу мүмкін де емес және сендерге қызығы да шамалы. Тек кейбір жайларды қысқа ғана еске түсіру десеңдер, сөз басқа.
— Қасқа сиыр жайын...
— Өзім де соны айтамын. Айттым ғой, бұл сиыр бізде бұзауынан бастап өзгеше жағдайда есті. Ал бұзаудың сыры мәлім. Ол дегенің жас шағында өте кінәратшыл, нәзік келеді ғой. Тіпті екі аптаға дейін денесінің қызуы да тұрақты болмайтыны, тұрған қорасының ыстық-суықтығына қарай құбыла беретіні естерінде болар. Бұлай болған соң, әрине, сәл суық болса, дереу салқын тиеді, ауырады... Мұның аяғы белгілі... Бізге зоотехник тәжірибе ретінде бұзауды жастайынан суыққа шынықтыруға кеңес берді де, осы жануардың басын қорқа-қорқа тәуекелге байладық... Артынан білдік-ау, мұндай әдіс көп фирмаларда қолданылып жүр екен ғой... Солай ғой, Бану.
— Иә, дұрыс айтасыз.
Біз бұл бұзауды туған күннен тамағын тойғыза, ауасы таза, жарық, құрғақ, суық қорада бақтық. Сендерге өтірік, маған шын, денесінің қызуы екі-үш күннен кейін 36,4 — 36,7 болып тұрақтанып шыға келмесі бар ма. Ал, дене өз қызуын әрдайым сақтай алса болғаны, мал қандай жағдайға кезіксе де, мойымайды ғой. Ондай төзімділікке үйренген малдың, әрине, өсуі де, өнімі де бөлек болады екен...
Апай-ау, ендеше малдың бәрін жасынан солай неге күтпейміз?
— Әй, балалар-ай, кімнің күткісі келмейді дейсің... Сиыр деген жарықтықтың тамағын тойғызу оңай болып па. Тәулігіне жүз, жүз деймін-ау, жегіш жануарларға 140 килограммға дейін сапалы азық керек екендігін еске алып көріңдерші... ондай азық қайдан келеді... Әр сиырға мұндай тамақ дайындауға өне бойы күш жетіп, жағдай бола бере ме. Бірі болса, екіншісі жоқ, тапшылық бізде қазір аз ба. Жем жетпей, шеп жетпей, кей қыста сиырлар тілін тістегендей болып шығатын да кезден құтыла алмай келе жатқамыз жоқ па...
Малды бұл мүгедек жағдайдан құтқару қанша тырбанса да, жалғыз мал өсірушілердің қолынан келмейтінін, бұл мәселеге тереңірек үңіле, түбірі сабақталып әріде жатқанын, ауылда үлкен бет бұрысты, мал бағуды бүтіндей жаңа арнаға салуды тілейтінін Жақыпбек қынжыла тұрып еске алды. Шіркін-ай, барлық техниканы ауылға төгер ме еді! Білімді мамандарды қисапсыз көбейтер ме еді!.. Барлық көз, барлық назар малшыларға тігілер ме еді!..
Әңгіме жас төлді азықтандыру жайына ойысты. Бұзауды ерте отықтырудың пайдасын Сағила бұл арада әдейілеп тоқтап айтты.
— Бізде, — деді ол, — зоотехниктердің айтуынша бұзаудың асқазанын жастайынан жетілдіруге қатты көңіл бөлінеді. Асқазан тез өссе, тез жетілсе, оның ас қорытуы жақсармақ, мал тез ширап, тез есіп, жақсы оңалмақ. Ал, осы асқазанның жетілуіне жем-шөптің етер әсері күшті көрінеді...
— Сен соның бәрін тергіштегенше, өзіміздің сүтті көп алудағы ісімізді неге айтпайсың? — деп сығыр көз келіншек Сағиланы түртіп қалды.
— Ол емес-ау, ең басты мәселені — малдың қора-жайын ұмытып барасың, — деп екінші бір сауыншы да Сағила кінә артқан қалып білдіріп аузына сөз салды.
— Қызықсыңдар, қайсы бірін қамтимын. Ауыздарың бар, айтыңдар өздерің.
— Міне, бұл қатын бірдеңе десең, өзіңе бас салады, — деп сығыр көз сауыншы тез кейін шегініп кетті.
— Сөзің-ай сенің. Сыпайы сөйлеуді қашан үйренер екенсің. Тым құрыса балалардан ұялсайшы, — деп Сағила бір жағынан ыңғайсызданып, екінші жағынан әріптес жолдасына жайлап қана кейістік білдірді.
— Иә, иә, бірдеңе деп жібер, — деп екінші бір келіншек те өзгелерге көз қыса, сығыр көз сауыншыны әдейі жеме-жемге ала бастады.
— Қой әрі, мен не айтушы едім.
— Неменеге қысылатыны бар. Бәрі өзіміз... айта бер, — деді Бану да ықылас көрсетіп.
— Бетім-ау, осылардікі рас па? — деді сығыр көз келіншек сұқ қолымен бетін осқылап.
— Сүтті көп алудың шарасы туралы сөз сауыншы Соқатаеваға беріледі, — деп Сағила әдейі ресми қалыпқа көшіп, асыға жариялады.
Балалар қол соқты. Не үшін соқты? Қандай сезіммен соқты? Мұны олардың өздері де алғашқыда аңғармады. Осыны кейін ұқты ма қалай, ду еткен шапалақ, артынша су сепкендей басыла қалды.
Соқатаева не істерге білмей, әркімнің бетіне бір жалтақтап, ал кетіп қалудың лажын таппай, қатты қысылды. Амал жоқ, бірдеңе айтуға тура келді.
— Әй, қатын, сүт алудың несін айтамын? — деп ол Сағилаға бұрылды.
— Ең болмаса желінді сылау жайын айтпаймысың.
— Ойпыр-ай, мынау қиын болды-ау. Топ алдында сөйлеген пенде емес едім... Осының бәрін шығарып жүрген сен қатын, — деп ол тағы да Сағиланы жазғырып, көзін сығырайта екі езуін құлағына қарай бір апарып қайтты.
— Бол, бол! Жұртты қашанғы аузыңа қаратып тұра бермексің?
— Мен өзім былай етем, балалар, — деп ол даусын соза бастап еді, тамағына әлдене тұрып қалғандай сөзі шорт-шорт үзіліп, үні бітті. Содан соң қайта-қайта тамағын кенеп, сәл кідірді де, сөзін жалғады. — Мына жаңа бұзаулайтын сиырлар бар емес пе, соларды буаз күйінде жақсылап күтімге аламын да, желінін жақсылап сылай беремін, сылай беремін...
— Ондағы мақсат не? Соны айтпаймысың?
— Е, қызықсың, сүтті көп алу үшін сөйтеміз де...
Сауыншының тәжірибеден ұзап әрі бармасын көрген соң, сөзге Бану араласты да, бұл жұмыстың түйінін балаларға өзі түсіндіре бастады.
— Соқатаева жолдас дұрыс айтады. Сүтті көп алуда желімді сылаудың үлкен мәні бар. Малдың жүйке системасына әсер етудің, сол арқылы тиісті органдарды өзіміз қалаған мүддеге икемдеудің, соған қызмет еткізудің бұл бір түрі болып есептеледі. Мәселен, желінді сылау арқылы сүт бөлу жұмысына қатысатын органдардың қызметін күшейтеміз, солай емес пе? — деді сауыншыларға.
— Солай болу керек, мұғалима жолдас, — деп Сағила болмашы езу тартты.
Бұдан кейін әңгіме малдың қорасына ауысты. Малды түрлі ауруға шалдырмай, күйлі етіп өсіру үшін ең алдымен жылы, жарық, құрғақ, таза, кең қора қажеттігі, мұнсыз түрлі микробтар көбейетіні, малдың организмі әлсірейтіні, осыған байланысты күн сәулесі, азықтандыру, желдеткіш, канализация жұмыстарының мәні айтылды. Өсімдік дүниесі сияқты, малдың да өзіндік тіршілігі бары, өсімдікті өзің баулып, өз қалауыңмен өсіргенің тәріздес, малды да тиісті айла-тәсілмен бағып-күту қажеттігі, ең аяғы әр шөптің, әр жемнің мал организміне етер өзіндік әсері бары ұғылды. Сайып келгенде сиыр бағу, қора тазалау дегеніміздің өзі де әшейін ғана қара жұмыс емес, ғылыммен тікелей ұштасып жатқандығы балалардың санасына тереңдей сіңіп, жете түсті.
Экскурсияның соңында Жақыпбек сауыншыларға бүкіл мектеп атынан рақмет айтып, өте риза болғандықтарын және бұдан былай келіп тұратындықтарын білдірді: Сауыншылар да бұған орай жасап, жақсы ниет көрсетті.
— Сіздер бізге көп нәрсе үйреттіңіздер, — деді де Жақыпбек Сағилаға бұрылды. — Әсіресе, жеңеше, сізге деген алғысымызда шек жоқ.
— Жоқ, сіздер біздің төбемізді көкке жеткіздіңіздер...
Төбе көкке жетпесе де бұл күні ой едәуір биікке кетіп еді. Оқушылар колхоз өмірің өндірісін өздеріне сабақ деп ұғына бастап, үйрену үшін келетін болғандықтан, былайша сан рет көріп жүрген фермадан осы жолы бұрын білмеген, сезбеген көп сырлар аңғарды. Ең алдымен қарапайым адамдардан қарапайым еңбектің мәдениетін, талабын көріп, көңілдеріне түйді. Ертең осы кәсіпке өздері араласар болса: «мынаны ескеру қажет екен-ау» деген ойларды жүректерінде сақтай кетті. Бұл сезім өз ауылының тіршілігіне араласқан сайын әр жеткіншектің жүрегінде ұлғая түскен еді.
Өзіне де, шәкірттеріне де ой сала алған ауыл адамдарының бірі — Сағиланы Жақыпбек қадірлей берген, қадірлей берген.
Өз ісінің шебері, сол бір аяулы, жайдары жанның қатыңқы қабағын көріп, ол білуге асықты.
— Сіз мүлдем жабырқаусыз ғой.
Сағила да Жақыпбекті сыйлаушы еді. Жас та болса, білімі, ұғымы жағынан ағадай сезілетін. Осындай адамның достық ниеттегі жанашыр сұрағына атүсті жауап бере салуды оғаш көріп, алғашқыда мүдіріп қалды. Сол шақ басына бір батыл ойлар келіп, көкіректі сыздатқан бітеу жараны жара жаздап барып, артынан өзін-өзі әрең тоқтатты да, тілге лықсып келіп қалған сырды қайтадан тереңге сырып тастады.
— Аздап сырқаттанып, — деді Сағила сөзінің ар жағын айтпай.
— Ауырсаңыз, сабаққа несіне келе жатырсыз? Бекер еткенсіз.
— Сабақтан қалмағаным дұрыс қой.
— Ден сау болсын. Сабақ қайда қашады дейсіз?
Сағила жауап қатпады. Оның ауырмағанын, қатты ренжуінен туған жабырқау екенін Жақыпбек сезгендей де еді. Бірақ, бұдан әрі қазбалауды ретсіз көрді де, сабақ жайын әңгімелеп кетті.
...Бұл кеште Сағила жарытып сабақ та оқымады. Алгебраның есептерін шығармай барып, мұғалімнен бірінші рет сөз де естіді. Барлық сабақта да өнгенің бәрі ұмытылып оның басында: «қайтсем екен?» деген бір сұрақ қана отырды да қойды.
Сабақ соңында үйге қайтпақ болып тысқа беттеп еді, кенет, өзінен-өзі директордың кабинетіне бұрылып кетті.
Іште Күдерінің даусы қатты шығып жатты.
— Айтыңызшы, Елизавета Сергеевна, қайтып мен Жауынбаев сияқты пәлен жыл сабақ берген тәжірибелі мұғалімді Әділбековке жақпады деп мектептен қуамын?! Болмайды ғой ол!
— Егер сабақ бере алмайтын болса, білімін көтермесе, басқа не шара бар?..
— Өзіңіз ойланыңызшы, Елизавета Сергеевна, жиырма жыл сабақ беріп келіп, биыл жарамай қалды деуге бола ма? Баяғыдан бері не бітіргенбіз?
— Осыны ең алдымен сізден сұрауға рұқсат етіңіз.
— Сіз түсініңіз, Елизавета Сергеевна, мұның бәрі Әділбековтің тапқан «жаңалықтары». Мен айтсам тағы да қорғады дейді, сіз бір жолға ұғындырыңыз соған. Өтінемін...
— Ғапу етіңіз, мен бұл міндетті мойныма ала алмаймын. Өйткені, Әділбековтің талаптары дұрыс деп білемін.
— Сіз де мені қадірлеуді қойған болдыңыз ғой. Тым құрыса, достығымызға құрметтеуіңіз керек еді... Иә, Елизавета Сергеевна, сізді де түсіне бастадым... Бәріңіздің қарақтағандарыңыз Жауынбаев екеуміз болдық қой...
Есік алдына келіп тоқтаған Сағила, кенет, селт ете түсіп басын жоғары көтеріп алды. «Мен мұнда осы неге келдім? Ол сәлден соң қалғып кетіп ұйқысын ашып алған адамдай жалт бұрылды да, үйіне тартты.
4
Ішін тарта, сұрапыл қатты боран соғып тұр. Кейбір үйдің терезесінен, кей үйдің маңдайшасынан жылтыраған электр шамы болмаса, колхоз қаласы ақ қар жамылып, түн құшағына еніп мүлгіп қапты. Түтеген бораннан қыбырлаған жан, қарайған бұта көрінбейді. Жалғыз-ақ ысқырынған желден үркіп жаяу борасын үйден үй, төмпешіктен төмпешік қуып, жыландай сумаң қағып, дамылсыз кезіп жүр. Кейде ол қақпаға үйіріле соғып, сәл толастап кідіреді, кейде құтырынып, ақ шанын көкке будақтатып екінші тұстан бұрқ етеді де, күшейген желден бел алып, қайтадан ұйтқып әр үйдің әйнегін тырс-тырс қағады.
Боранның мұнысын елен қыл жатқан ешбір жанды көрмейсіз. Ол қанша құтырынса да, құрығына ештеңе іле алмай, қоқанлоққысымен ешкімді қорқыта алмай ұлиды. Бір кезде қазақ даласының әміршісі болған айбатынан айрылып, бұл күнде ол адам өмірінің жұртында бұралқы күшіктей елеусіз болып қаңғып қалғанына іші күйгендей ауылдан далаға тентіреп, егін жайдағы колхозшылар тұрғызған қалқасынға тіреліп, жолы қырқылып қулап жатыр...
Осындай көңілсіз деген түннің өзінде, сырттай мүлгіген ауылдың ішкі өмірі қазанша қайнайды. Ол боранша бірде саябырлап, бірде үдеп, мың құбылмайды, біркелкі күшті шымырмен тынымсыз, үртіс қайнайды. Сіз терезесінен жарық жылтыраған әр үйден алуан кәсіппен шұғылданған әрқилы адамды көресіз.
Біреу қағаз жазып, біреу іс тігіп отырса, біреу темір соғып, біреу машина жүргізіп тұр.
Солардың бәріне батыс жақ шеттегі электр станциясы қуат жеткізіп, денедегі барлық мүшелеріне бірдей мүлтіксіз қан құйған кінәратсыз күшті жүректей моторы тынымсыз соғады. Сол қуаттың күшімен колхоз диірмені ақ ұнды шүмектеп құйып, толассыз зырылдайды. Сол қуаттың күшімен балқыған болат темірлер колхоз ұстасынын балғасы астында қамырдай иленіп, жаншылады.
Ауыл сергек, ауыл бабында.
Есенбек өз кабинетінде бригадирлермен ертеңгі жұмыстың жайын сөз етсе, ауыз бөлмеде күллі көмекшілерін іске жегіп, бас бухгалтер колхоздың жылдық есебін шығарумен шұғылданып, шылымын дамылсыз сорып, шотын дамылсыз қағады.
Ауыл қарты Жақия склад алдында ерсілі-қарсылы жүріп, қоңыр дауыспен «Қаракесек» әнін баппен ыңылдайды...
Мектептен де осындай бір сергектікті сезесіз. Сабаққа әзірленіп отырған оқушылар әр бөлмеден кездеседі. Бір бөлмеде Жарқын, Сапар, Сейтен, Бектай, Әйтен отыр.
— Қане, Сапар, сен есімдік дүниесінің негізгі топтарын айтып шықшы, — деді Жарқын.
Сапарда бұрынғы қарысудың бірі жоқ. Жарқынның сұрағын құп алып, ойлана жауап беруге кірісе бастап еді, Әйтен киіп кетті.
— Ондай оңай сұраққа уақыт жіберудің не керегі бар...
— Дегенмен пысықтай кетейік дегенім ғой...
— Жарқын, дұрыс, пысықтаймыз, — деді Сапар.
— Ендеше жаңағы сұраққа жауап бер.
— Өсімдік әлемінде негізінен үш топ бар.
— Қандай-қандай топ?
— Төменгі сатылы түкті есімдіктер...
— Бұған қандай есімдіктер жатады?
— Саңырауқұлақ....
— Тағы қандай?
— Тағы, тағы... Әлгі...
Әйтен шыдай алмай, Сапардың аузына сөз салды:
— Бактериялар, балдыр демейсің бе?
— Сен ойлануға мүмкіндік бермейтінін не? — деп Жарқын оған кейіді.
— Екінші топ қалай деп аталады? Өзі айтсын, сен үндеме, Әйтен...
— Екінші топ па, екінші топ... Тұқымды есімдіктер.
— Бұл үшінші топ.
— Иә, иә, енді есіме түсті... Жоғары сатылы түкті есімдіктер.
— Сен ұмытпа!
«Жақсы, мен ұмытпайын» дегендей Сапар үнсіз бас изеп, төмен қарады. Мұнысында бір жағынан ыңғайсыздану да бар тәрізді. Жарқын алдында бұлай жуасу оған Оқжетпестегі оқиғадан кейін пайда болған еді. Ол Жарқынды жақсы ұғып, оның жолдас үшін қауіптің бетіне де қаймықпай қарай алатындығына көзі жетіп, сүйсініп, онымен қалтқысыз табысқан. Жарқын да өзін бұрынғыдай жоғары санамай, Сапармен жақсы үйлесіп, бұдан былай сабаққа бірігіп дайындалуды бұл жолы оны ұсынған. Сонымен, бұлар өзара түсінісіп, бұрынғы кикілжіңді ұмытып, жүре келе екеуі достасып кеткен.
— Сен бұл үш топқа қандай-қандай өсімдік жататынын әбден біліп ал, — деді Жарқын төмен қарап қалған Сапарға.
— Бұл түрге бөлу дегенге онша құлқым жоқ. Маған өзіміз араласқан, колхозда өсетін дақылдар жайынан келші. Ондап тұрып айтып берейін.
— Оған да келеміз. Әуелі мыналарды да бір рет пысықтай кетейік дегенім ғой.
— Ә, бопты.
— Сапар, алғашқы пікіріңде тұр. Рас, ең қызығы — мәдени өсімдіктерге ауысқан, — деді Кәмал.
— Мейлілерің, — деді Жарқын.
— Оған да тоқтап жатудың, менімше, қажеті жоқ, белгілі ғой, — деп Бектай шықты.
— Анау да керегі жоқ, мынау да керегі жоқ, қызық екенсіңдер!
— Бәрін де еске түсіреміз.
— Тоқтаңдар, олай болса, сендерге сұрақты мына дөдең береді, — деп Әйтен қоразданды.
— Ал, қоя ғой сұрағыңды, — деді Жарқын.
— Әңгіме алма ағашы жайында.
— Сондай да сұрақ бола ма екен.
— Сұрақ бола ма, жоқ па, қазір көресің... Ол сұрағын Сейтенге арнады.
— Алма ағашын жақсы өсіру үшін қандай тыңайтқыш қолданылады? Қане, айт!
— Азот тыңайтқышын қолданамыз, — деді Сейтен күмілжіп. Бектай орнынан ұшып тұрды:
— Дұрыс емес. Ол бұтақтардың гүл салуын өршіткені болмаса, алманы өндірмей қояды...
— Сеніңше не керек?
— Фосфор тұзы керек, — деді Бектай отыра беріп.
— Өте жақсы, отыр, Бектай!
— Сенің алдыңда түрегеліп тұрған кім бар?..
— Ә, отырған екенсің ғой... Ал, енді сендер маған мынаны айтыңдар! Барлық өсімдікке, оның ішінде алма ағашының өсуіне жалпы қандай жағдай керек?
Бұл сұраққа жауап беруге Сапар құлшынып түсті.
— Су, ауа, жылылық керек.
— Ең негізгі жағдайдың бірін айтпай тұрсын...
Бұл «негізгінің» не екенін Сапар жақсы білетін еді. Өйткені мұны білмеймін деп күздік бидайды яровизациядан өткізуде бармағын тістегенін ұмытар емес. Содан бері «негізгі» көкірегінде жатталып қалған. Жаңа, жауап бергенде, көкіректе сайрап тұрған мұны кейінге іркіп, әуелі ұмытылып, ауызға түспей қала ма деген жайларды әдейі асыға баяндалған. Бірақ мұны білмегендіктің белгісі деп ұғып, Бектай төтеден іле қосылып, алдын орап кетті.
— Жарық керек, — деді Бектай.
— Өте жақсы, отыр, Бектай.
— Түрегеп тұрған мен жоқ, ағай...
— Әй, сен отыр екенсің ғой, тағы да ұмытып кетіппін. Балалар ду күлді...
— Неге күлесіңдер? Түнде сабақтан кейін өлең жазамын деп ұйқым қанбай, аздап божырап отырмын... Сонымен жарық жөнінде түсіндіңдер ғой. Тұра былай деңдер: жарық неғұрлым көп түссе, өсімдік солғұрлым жақсы өседі. Осылай десеңдер, апайдан бес алып жатырсыңдар.
— Ол не қылған оңай бес?..
— Басқа сұраққа жауап бергеннен кейін деймін ғой... — Бұдан кейін Әйтен қутыңдай күліп, өлеңдете бастады.
Ботаника, достарым,
Бізге үлкен боп тұр сын.
Бұдан етсек сүрінбей
Қоштасамыз көңілді жарты жылмен...
— Соңғы жолыңның буыны асып кетті ғой, — деп күлді Бектай.
— Өлең келіп қалғанда буынға қарап жататын уақыт қайда...
— Ботқа! — деді Сапар мырс етіп күліп жіберіп.
— Әй, ақын, өлеңіңді қой, сабақ оқиық, — деді Жарқын...
— Қане, сонымен неменеге тоқтадық?
— Тұқым мәселесін түсінісіп алайықшы, — деді Сейтен.
— Жақсы. Тұқымды қыста қалай сақтау керек? Ал өзің айта қойшы, — деді Әйтен.
— Сондай да сұрақ көрсемші. Әрине, құрғақта сақталады.
— Егер өйтпесе ше?
— Өйтпесе ме, өйтпесе... өнім нашар болады. Неге дейсің бе? Енді, ол, әгі, түсінікті емес пе...
— «Әгі», «түсінікті емес пе» деп міңгірлей бермей, білсең жөндеп айтпайсың ба? — деп Сапар Сейтенге қадала қалды.
— Бұл білмей отыр. Сапар, өзің айтып жіберші.
— Бектай айтсын, — деді Сапар.
Манадан бері төк-төкпен әрең шыдап отырған Бектай:
Айтайын, айтайын, — деп қуанып кетті. — Тұқым неғұрлым дымқыл болса, ауадан кислородты ол солғұрлым көп жұтады. Сонсоң тез қышқылданады да, бұзылады...
— Тұқымның бұзылған, бұзылмағанын қалай айырамыз? Білгіш болсаң, соны айтшы, — деп ентелей Кәмал килікті.:.
— Оны, тіпті, оп-оңай біле салуға болады. Мәселен, әр-тұқымның өзіне тән исі бар. Демек, иіскеп кеп жіберсек болғаны. Егер тұқымнан өзге иіс шықса, бұзыла бастады, сапасы өзгерді деген сөз. Мәселен, көгерген иіс мұрын жарып тұруы мүмкін...
— Ризамын, Бектай Отыр.
— Өзіміз де отырмыз.
Әйтен тағы да ыржиып бір күліп қойды.
— Тұқымның, өнгіштігін алдын ала қалай білу керек? Оған тоқталамыз ба, балалар?
— Жоқ, — деді Сапар, — тоқталмайық. Бұған бәріміз де тәжірибе жасадық қой. Керегі не уақыт кетіріп.
— Ендігі мәселе олай болса, балалар, картоп жайында, — деді Әйтен даусын созып.
— Иә, айтпағын не?
— Айтпағым мынау әрқайсыңнан тұрғызып қойып сұраймын.
— Сен мұғалім болсаң, қырарсың.
— Мен бе, мен сабақ білмегендерді шетінен тұрғызып қойып...
Ол кілт тоқталды.
— Иә, айта бер, не істер едің?
— Мен бе, мен... әй, Сапар, неге-неге көзіңмен жейсің?! Мен сені айтып отырғаным жоқ, қой...
Ол тағы кідірді.
— Айтсайшы енді!
— Мен бе, мен ондайларды қатар тұрғызып қойып үш ауыздан өлең айтқызар едім.
— Ауыр екен жазаң — деп балалар жамырай күлді.
— Әрине, ауыр. Мына Бектайлар көзі жыпылықтап, ән айтпақ түгіл, әу деп үн шығара алмас еді.
— Әй, қызықсың ғой, мен қашан жаман оқыдым?
— Жаман оқыдың дедім бе, әшейін мысал үшін айтамын да.
— Керегі не сондай мысалдың!
— Міне, бұл соған да қызарақтап қалды. Кәмал, тұр орныңнан!
— Тұрдық, мұғалім ағай, — деп Кәмал бір жақ езуінен жылт еткізіп тілін шығарды.
— Мол өнім үшін, естіп отырсың ба, мол өнім алу үшін деймін, картоптың тұқымын қайда, қалай сақтау керек деймін мен саған? Сұрақ түсінікті ме?
— Түсінікті,ағай.
— Түсінікті болса, жауап бер, бала, деп Әйтен мұғалімдердің бірінің мақамына сала, маңғазданып, тамағын кенеп-кенеп қойды.
— Жер астында, салқын жерде сақтаймыз.
— Дәл айт, бала. Салқында ма? Суықта ма? Қандай температурада? Ғылым, бала, дәлдікті тілейді.
— Бір градус жылылықтан ноль градус суықтықта сақталғаны жақсы. Дұрыс па, ағай?
— Дұрыс... екінші сұрақ. Кәмал, неге мұндай салқында сақталады? Ғылыми дәлелде.
— Широка страна моя родная, — деп Кәмал әндете жөнелді.
— Өй, тәртіпсіз, тоқтат! Мен сенен сабақ сұрап отырмын ғой.
— Неге тәртіпсіз дейсің. Мен сабақты білмегендіктен жазамды өтеп тұрмын ғой.
— Немене жаза?
— Сабақ білмесеңдер үш ауыздан елең айтқызамын демедің бе өзің...
— Хе, хе... Ол менің есімде жоқ. Баймұратов, сен тұр.
— Отырсам, сұрамайсың ба?
— Ол тәртіпсіздік болады.
— Ал тұрмадым.
— Қой, қой тәртіп бұзба. Мына менің, яғни мұғалімінің беделін түсіресің.
— Ойбай, жаздым-жаңылдым, мұғалімеке, беделің түсе көрмесін, — деп Сапар жымың-жымың етіп, көзді бір қысып қойып орнынан тұрды. — Өзіңде, жалпы, бедел деген бар ма еді?
— Бізде ме, бізде бедел жетеді ғой... Ол жағында шаруаң болмасын. Кәмалға берілген сұраққа жауап бер.
— Мұғалім ағай, сұрағыңды еске салсаң.
— Картоптың тұқымын неге салқында сақтаймыз деймін? Білмейсің бе?
Білемін, бірақ, ән айтып, жазаланғым келіп тұр.
— Байқаймын, менің ойлап тапқан жазам жанға батпай ма деймін. Жетті, болды, — деді ол қабағын түйгенсіп қолын сілтеп, — қалжақ тоқтатылсын! Сабаққа көшейік. Солай ғой, Баймұратов.
Солай... картоп деген ылғи ауамен тыныстайды. Егер жылы жерле сақталса, ауаны жұта береді, жұта береді.
— Ал жұта берсін.
— Жұта берсе ме, жұта берсе, бойындағы крахмалын жоғалтады. Неге десең ол сол демалуға кетеді. Ал крахмалы азаюы картоптың өнгіштігін жояды.
— Жарайсың, Баймұратов, мен саған отыруға рұқсат етемін.
— Қараңдаршы, қараңдаршы, — деді Кәмал, — құдды Жауынбаев ағай болды да қалды. — Әйтен деймін, қайта салшы.
«Өнері» біреуге ұнаса бәлдену деген Әйтенде болмайтын. Ол екі иығын жоғары көтеріп, мойнын төмен иіп, қолындағы дәптерді умаштай ұстап:
— Жарайсың бала, сен ағаңды дұрыс аңғардың — дей тұрып Жауынбаевты екінші рет салды. Балалар бұған мәз-мейрам болын ду күлді. Жалғыз-ақ Бектай:
— Мұғалімге күлуге болмайды, — деп өзінше салмақтылық көрсетті.
— Күлген бе екен.
— Күлген емей немене. Бет пішініңді, даусыңды өзгертіп, сол болып сөйлейсің.
— Мен жалғыз сол ма, манадан бері барлық мұғалім болып сөйледім. Онда неге үндемедің?
— Онда мазақтамадың.
— Мұнда да мазақ жоқ. Өзі өмірде қалай болса, мен де соны істедім.
— Әй, жарайды, — деді Сапар қол сілтеп, — ашық күнде мойнына су кетіп жүретінін жасырамыз ба.
— Ол өз ісі. Мұғалім саған білім берсе, басқасында не жұмысын бар. Солай емес пе, Жарқын!
Жалтақтаған Бектай Жарқыннан құптау ала алмады да, сөзін одан әрі созбай қоя қойды.
— Сол Жауынбаевтан бар ғой, — деді Сейтен, — шынымды айтайын, мен ештеңе ұғып жүргенім жоқ. Айтқанына түсінбеймін.
— Қызық екенсің, ол кісі айтпайды ғой, — деп қағытты Кәмал.
— Енді қайтеді?
— Айтпайды, оқиды.
Класты басына көтере күлген балалар коридордан бір дабыр естіп жым болды.
Кішкентай достармен көршілес класта ересектердің оқуы жүріп жатыр. Байсал оларға есептен сабақ беріп тұр. Баймұрат тақтаға жазылған бір цифрды еркін айыра алмай, көзік жыпылықтатып, көзілдірігін саусағымен біресе жоғары секіртіп, біресе төмен басып, сығырая қарайды да, қасындағы көршісіне бұрылады...
Міне, өз кабинетінде Жақыпбек те отыр. Ол шалқасынан қайырылған қою қара шашын анда-санда қолымен бір сипап қойып, класс журналдарына үңіледі. Бұл оның күндегі кәсібі. Әр мұғалім өзі көрген, өзі байқаған, өзі бастап, өзі тындырған жұмыстарын және сонымен бірге ойға алған ұсыныстарын күнбе-күн журналға жазып отыру бұл мектепте бұлжымас ереже боп қалыптасқан еді. Әр күннің қорытындысын қағазға түсірмей ешкім үйіне де кетпейді. Олардың жазғандарымен әр кеш сайын танысу, тиісті түйін жасап отыру Жақыпбектің де әдетіне айналған борышы. Бұл жазулар әр мұғалімнің қызметін, оның сәтті, сәтсіз ісін, өсу, шеберлену жолын ғана аңғартып қоймай, әр баланың басындағы күйді де көз алдына әкеліп, мектептегі оқу-тәрбие жұмысын бейне барометрдей күнбе-күн көрсетіп, неден үйреніп, неден жирену керектігін байқатады. Жақыпбек мұғалімнің де, оқушылардың да әрекетін осыған қарап зерттеп, осыдан байлау жасайды, басшылық жұмысының бағытын да осыған қарай бұрып, әр апта сайын журналдарда айтылған пікірлерді талқылап, коллектив мүшелерімен пікір алысады.
Сол дағдысы бойынша, журналдарды оның бүгін де аудара-төңкеріп отырғанын көреміз. Бірақ, бұл жолғысы бір күнді ғана емес, оқу жылынын басынан бергі уақыттағы өзгерісті түйіндеу, өзінің де, әріптес жолдастарының да өткен жолдарын барлау мақсатымен алысты шолып, неміз жетіп, неміз жетіспей жатыр, екінші жарты жылдыққа немен келгелі отырмыз, нені ескеріп, нені ескермедік деген сияқтыларды есепке алуды көздеген отырыс еді.
Журналдар да, өткен сабақтардың, қорытындылары да оны қуандырады. Оқушылардың жақсы білім алғандығының айғағы болып «5», «4» деген цифрлар «мен мұндалап» көз тартады да, «3» сирек ұшырасып, «2» мүлде кездеспейді. Ең қауіптеніп жүрген шәкіртінің бірі — Сапар да үш пен төртке іліккенін ол қуанышпен еске түсіреді. Бұл үш пен төрттің үлкен еңбекпен келгенін де ол жақсы біледі. Оқу жылынын басында бұл цифр екіден, үштен басталып, ортасында міне үш пен төртке жетсе, қалған жартыда төртке, беске көтерілетінінен де ол үлкен үміткер. Мұнысы тек жақсы ниет қана емес, терең арнаға түсіп қалыптасып алған, мектептегі оқу-тәрбие жұмысының осындай жеміс беруге тиіс екендігіне сенеді. Мектеп шежіресі — мынау журналдар бұл сенімді үстей түскендей болады. Ол енбегі жанып, еккен жеміс бауынан алғаш рет жеміс көре бастаған бақшашыдай өзінен-өзі дегбірсізденіп, талабы мол сезіммен жаны тағат таппай, жүрегі алып ұшады... Осы ұшқыр сезімнің қанатына жармасып, бір жағынан Әсима жайындағы жүдеу ой да қалмайды. Шалқыған көңілдің әрқашан да ол алдын кесіп, осындайда қабақты амалсыз түйгізеді. Тұрпайы хатына орай етіп, барлық сырын айтып, қатты жазғырғандай кінәм қайсы, білгім келеді деп жазған хаты бүгінге дейін хабар-ошарсыз кетіп барады. Тәкаппар қыз жауап беруге де паңдана ма, әлде хаты келіп жетпей жатыр ма ол жұмбақ. Соңғы хаттың сиығына қарап, қыздан жақсы хабар да күтпейді, бар болғаны оңай ажыраған достықтың себебін білуге ынтығады.
Бұл ғана ма, Жақыпбекті Жауынбаев жайы да қатты мазалайды. Оны шығару дегенге Күдері көнбей, қарысумен келеді. Жалпы оқу-тәрбие жайында онымен бірте-бірте ортақ тіл тауып, ұғыса бастағандай болып еді, ал мына мәселе едәуір икемге келіп қалған сол араларын тағы да алыстатып жіберетін түрі бар. Бұл қазірдің өзінде көрініп қалды. Директордың әнеугі Мамырәлі келіп кеткеннен кейінгі бет алысы осыны байқатады. Жауынбаевқа шаң жуытпай ауданмен де қайта-қайта сөйлесіп, содан бері оны барын салып қорғап жүр.
Жақыпбек бір сәт: жанжалы құрсын, директордың-ақ қалауы болсын деп те көрді. Бірақ, артынан осы ойы үшін өзін өзі қатты жазғырды. «Директордың барлық еркелігін көтеруге болады. Ал, бірақ, жаңа өсіп, жайқалып келе жатқан жеміс бауына құрт түсіріп отыра беру дегенге ешқашан бара алмаспын!» деп кіжінді.
Сонымен кеше ол Жауынбаев жөнінде Күдеріге өзінің ең ақтық сөзін айтты.
— Жауынбаев туралы кикілжіңіміз жетті. Бұдан әрі асқындыра бермейік. Бұл мәселе біржола бітсін, оған енді қайтып оралмайтын болайық.
— Жоқ, жігітім, Жауынбаевты босата алмаймын! — деді Күдері. Дерт тағы да емделмеді.
5
...Тыста жел күшейіп, боран долдана..соғады. Іште көңілі шыбынсыз жаздай жадырап Бану бір тәтті ойдың шырынын жұтады. Мылқау боран тұрлау таппай, ой мен қырды түйсіксіз кезеді. Ал, қыз ойы қанша ұзап алысты шарласа да, қазығына оралып ләззат тауып аялдап, ыстық сезімге бөледі, рақат кешеді. Ой қазығы — Жақыпбек. Бұл қазыққа қайтып соғудан қыз жалықпайды. Түрлі шүбәлі сезімдерді кешкен аласапыран күн де дәл қазір артта қалған тәрізді. Қыз бұған дейін бірде жігітке жүрегімен беріліп, жанып-күйсе, бірде салт қындап, әдейі ұмытпақ болып та, суынып та көрген. Мұның бәрі үлкен өзгеріс іздеген сезімнің шын толғауы емес, жігіттің томаға-тұйықтығына күйінгендіктен туған назды жайлар еді. Сондықтан да, қыз жанының бұл толқымалы құбылыстары тереңге бойламай, тек сезімнің ойыны сияқты болып қала берген де, жас адамда жиі кездесетін елігуден, ұнатудан шығып, нағыз махаббат туған.
Жүректің осындай ауыр жүгін көтерген қыз Жақыпбектен соңғы уақыттарда жақсылыққа бастаған шұғыл өзгерісті байқағандай болды. Ол бұрынғыдай бойға жуытпас, суық сыпайылықты қойып, шешіліп сөйлесуге, өзі жайында сыр айтуға шығып, кейде жүректі келісті әзілмен шымшып, кейде тұңғиық сыр бүккен ойлы көзімен әлденендей жұмбақ сезімді байқатып, күдер үзген қызға үміт әкелді. Осы үміт бұрынғы шүбәлі ойларды да біртіндеп ұмыттырып, сенімге қол артқызды. Кеше кеште осының айғағы сияқты бір ұмытылмас оқиға да болып өтті.
Жақыпбек өзінің бөлмесінде қызбен оңаша отырып әлденендей сөздің ретінен сүйсініп: «өзің жақсы қызсың» деп балаша арқаға қаққанда, көзінің ұшқынынан бір сырлы сезім білдіргендей күлімсіреген пішінмен Бануға қадала қарап қалған. Бұл сүйіспеншілік сезімі ойнаған қарас па, әлде, әшейін сүйсінген қарас па, ол белгісіз еді. Сонда да, Жақыпбек жөнінде жақсылыққа бастаған жорамалдан басқаны ойына үйір етуге баспайтын сүйген қызға бұл қарас махаббаттың хабаршысы болып ұғылған. Сол мезетте-ақ өн бойын әлденендей суық бір нәрселер аралап бара жатқандай, шымырлатып, бұрын татып көрмеген бал сезім пайда бола қалған да, жұқа ерніне ләззат күлкісі де ойнап шыққан.
Тәтті шарапты дәмін алмай жұтып жіберіп, артынан тамсанғандай сол ерін дәл қазір де сәл ашылып, Бану күлімсірейді. Егер дәл қазір жұмысы болмаса, ол осылай ұзақ уақыт отыра беруге де бар еді. Бірақ сағаттың күндізгі он екіні соғуы бұл шырын минуттарды бөліп, орыс тілінен болатын ашық сабақты еске салды.
Ашық сабақ соңғы жылдары мектептерімізде кең қолданыла бастаса да, бұл маңдағы ауылдарда тұрмысқа онша көп сіңе қоймаған еді. Көбіне бұл дайындықсыз еткізілетін. Сондықтан педагогикалық бай тәжірибелер ортаға түспей, ашық сабақ көңілсіз өтіп, мұғалімдерді онша қызықтырмайтын, тек оқу-тәрбие жұмысын жақсартуда жоғары жақ ұсынған көп шаралардың бірі ретінде міндеттен құтылу сияқты болып қосарланып жүретін.
Жақыпбек ашық сабаққа айырықша маңыз беріп, шындап қолға алды; педагогтік шеберлікті арттырудың ең бір тиімді шараларының бірі де осы ашық сабақ деп ұқты; оның әшейін өткізе салуды мақсат етпей нағыз өнер орнына айналуын көздеді. Соның арқасында ашық сабақтар тар көлемде қалмай, мектеп аралық аренаға көтеріліп, педагогтік өнер салмақтаудың шын майданына айналып келе жатты.
Бануды тәтті ойдан бөліп алған да сол кезектегі ашық сабақтың бірі болатын.
...Мектептің кең бөлмесінде алтыншы кластың оқушыларымен қатар мұғалімдер де Елизавета Сергееваның сабағын тыңдап отыр. Тәжірибелі мұғалима оңай жол таңдап жұрт алдында сабағын қалай да кем-кемістікті аңғартпай өткізіп жіберуді көздемей, кластың күллі көрініс-кейпі түгелдей көзге түсуін ойластырып, өзінің әдеттегі сабағынша оқушылардың өткен материалдарды игеруін барлады және кемшіліктерді жіті аңғарып, әлдеқандай көңілсіз оқиғалар тууынан да қорғанбады.
Оқушылар мұғалімді қанша қадірлеп, тәртіпті болуды тілеп, сабақты ықыласпен тыңдаса да, өне бойы бір қалыптан танбайтын әбден қалыптасып алған өзгермес дайын ырғақ болуға тиіс емес екенін Елизавета Сергеевна жақсы білуші еді. Әр күнде, әр сабақта класс өз тынысын басқа-басқа сездіріп, бірде ол, бірде бұл тын құбылысын алға тарта қояды. Мәселен, бүгін бір оқушыдан тосын мінез білінсе, ертең өзге бір елеусіз баладан күтпеген қасиеттер аңғарылады. Осылай күнде жаңа сыр аңғартқан класс өмірі мұғалімді жауапкершілігі күшті міндеттен бір босатпай, ілгері сүйрейді де отырады. Егер мұғалім бұл талапқа ермей сәл кідірсе, класс тізгінінен айырылып, ақырында өзі аяқ асты боп қалар еді. Өз кәсібін Елизавета Сергеевна міне, осылай ұғатын.
Өте бір тып-тыныш, өнегелі өтуге-ақ тиісті бүгінгі осы ашық сабақта да балалық өмірге тән ойлы-қырлылық сезілмей қала алмады. Бұл алғашқы бетте-ақ аңғарыла кетті. Ойламаған жерде, Елизавета Сергеевнаның өте жақсы көретін, «қамшы салдырмайтын» оқушыларының бірі Әйтен сүрінді. Ол үйге берген тапсырманы орындамай келген еді. Онымен тұрмай, класта отырып, көршілес баладан көшіріп алғаны қоса дабыра болды. Мұны сұрақ үстінде Елизавета Сергеевна өзі біліп қойды.
Мұғалима адал, зерек, ұқыпты шәкіртінің мына ісіне қатты ренжіді.
— Әйтен, бұл жоқ әдетті қайдан таптың сен?
— Мен кеше қолым тимей...
— Не істеп едің?
— Өлең жазамын деп, ұзақ отырып қалыппын. Содан кейін апам түн боп кетті, жат деп... — Әйтен сөзін аяқтамай төмен қарап қалды.
— Біреуден көшіріп көз бояудың керегі не еді? Шыныңды айтсаң болмайтын ба еді? Мұндай жаман әдетті сенен көрмеспін деуші едім. Қателестіргенің бе.
Мұғалиманың түйілген қабағы Әйтенді де, бүкіл класты да толғандырып, ұстаздың ренжуі сұмдық бір көңілсіздік тудырып бәрін де төбеден темен басып, қарт мұғалимаға жалтақ-жалтақ қарата берді.
Кластың осы күйге түскенін көрген Елизавета Сергеевна бұдан әрі қазымырламай, қабақ шыта тұрып сабағына оралды.
Өткен сабақты пысықтап шыққан соң ол орыс тіліндегі кейбір синонимдерді жазып келіңдер деген өзінің кеше берген тапсырмасын тексере бастады.
— Баймұратов, ерлік деген сөздің қандай синонимін таптың?
Сапар орнынан тұра салып, шұбырта жөнелді.
— Отважный, храбрый, герой, богатырь, смелый... — Мұндай сөзді ол онға жеткізді.
— Жапалов, Баймұратовтың іріктеген синонимдері дұрыс па?
Әйтен лып етіп, атып тұрды:
— Дұрыс.
— Сенің қосарың бар ма?
— Бар, Елизавета Сергеевна, — деді даусы дір-дір етіп, удалый, мужественный, решительный, доблестный...
Оқушылар бірінен соң бірі өздері білетін синонимдерді тізіп, бірінің білмегенін екіншісі атап, бері де қызу араласып кетті. Осы қызу араласу жаңа сабақ басталғанда тіпті зорайып, қоңырау соғылғанша бір суынбай, оқушы біткеннің екі көзі мұғалиманың аузында болып, ұйып қалған еді...
Бұл сабақтың барысы, сондағы оқушылардың берген жауабы орыс тілі ана тілдей сүйікті әрі соның сыңарласы боп алғанын, тіпті Сапар сияқты шалағай оқушылардың өзі де бұл тілді үйреніп қалғандықтарын аңғартты.
Ұлы халықтың ұлы тілі қазақ ауылдарында ана тілмен бірдей тұрмысқа араласып, келешек жолында тарихи қызмет атқарып жатқандығын сезіну қандай қуанышты еді! Бұл тілді білген сайын ойың да, ұғымың да бір саты көтеріліп, өрістің кеңи беретіні қандай: жақсы! Сенің бабаң,- сенің әкең сөйлеген тіл көп атауларға, ұғымдарға келгенде мүдіріп құлашыңды кең жаздырмайтынын орыс тілін үйрене бастағанда білмейсің бе? Бұл тіл сені адам баласы жасап кеткен бай мұралардың кең сарайына енгізбей ме!.. Сен сол зәулім сарайдан өзің тілеген қазынаны осы тілдің көмегімен еркін жүріп таңдап аласың ғой...
Елизавета Сергеевнаның сабағынан алған жақсы әсерден осындай ойлар туындап, әрі қызыға, әрі сүйсіне тыңдап қалған Жақыпбекті дәл өкпе тұсынан шыққан бір сыбыр селт еткізді. Бұл Бану еді.
— Өте тамаша өтті!..
Жалғыз Бану ғана емес, Жақыпбек те Елизавета Сергееваның педагогикалық өнеріне елтіп, өзінің бойында жоқ көп нәрселерді қызыға аңғарып отыр еді. Бұл оның бір жолғы емес, әр жолғы алатын әсері болатын. Елизавета Сергеевнаның сабағына кірген сайын талай ұстаздық дастан ұғып, ол ылғи жаңа ойдан жаңа ойға көтерілумен келеді. Қазір ол Елизавета Сергеевнаның бойындағы педагогтік өнерді түйіндеп, оған бейне бір мінездеме беріп отырған тәрізді.
Жақыпбектің білуінше Елизавета Сергеевнаны яки қатал, яки жұмсақ мұғалім деп кесіп айту қиын. Бірде оның бойынан қаталдық аңғарылса, екінші бір жағдайда жұмсақтық байқалып, ылғи алма-кезектесіп жатады. Оқушы сабаққа дайындалмай келсе, яки класта тәртіп бұзса, Елизавета Сергеевна қатал. Ол қатты ренжіп, бұл көңілсіз оқиғаның әуелі себебін. біледі. Содан кейін оған өзінің, бүкіл кластың наразылығын жеткізеді, әрі енді қайтып қайталамастай етіп әлгі оқушыны жолдастары алдында оңдырмай ұялтып, бұл өнегесіздігін қалайда есінде қалдыратындай етеді. Бірақ мұның бәрі тұрпаны бейнеленбей, өте бір әділдікпен сыпайы түрде айтылып, талап сыпайы түрде қойылатынын жаңағы Әйтенмен арадағы оқиғаның өзі-ақ айтып тұрғандай. Шәкіртті тілдеу, орынсыз зәбірлеу, біріне олай, біріне былай қарау сияқты әдет онда атымен жоқ. Әр оқушының жаманшылығымен бірге жақсылығын да үнемі көріп, бағалап, қадірлеп және оның өз күшіне сенімін арттырап, әмәнда шындап отырғаны...
Жақыпбек күлімсірейді. Оның ойына өзінің алғашқы қадамы түседі. Ол оқушыға қаншама қатты талаптар қоюға болса да, оны жәбірлеуге, абыройын түсіруге болмайтынын, мұның өзі оқушының әрі сағын сындыратынын, әрі мұғалімге реніш тудыратынын, тәртіпті күшейтемін деп өзінің алғашқы кезде аздап тұрпайы кетіп қалып жүргендігін де осындай ашық сабақтар үстінде аңғарғанын, лып етпе сезімнен тұтанатын қаталдықты да артқа салғанын есіне алып, сол азды-көптi өткен жолын оймен ерінсіз шолып, осында келгелі өкініш бір университет өткен сияқтанады.
...Үйге қайтып бара жатып та Бану мен Жақыпбектің әңгімесі Елизавета Сергеевна туралы болды.
— Тәрбиеші міне осындай адамдардан болу керек қой; — деді Жақыпбек.
— Кейде жас бала сияқты аңғалақсыз! — деді Бану күліп.
— Солай ма?
— Солай...
— Сіз қалай десеңіз де, мен мектептен Жауынбаевтарды емес, кілең Елизавета Сергеевналарды көргім келеді де тұрады. Онсыз тәрбие біз күткен жемісті береді деп ойламаймын...
6
Күнде ерте жататын Батырбай үйінен бүгін жарық сөнбеген. Күдері кемпірімен осы үйде қонақ болып отыр. Әдетте, бірін-бірі бұлай арнап шақырыспай, аралас-құралас боп жалғасып жататын бұл екі семья күндегіден бүгін өзгешерек бас қосқан.
Соңғы күндерде, әсіресе, Керей алдындағы әңгіме мен Мамырәлі мектепте болып қайтқаннан бері Күдерінің басына талай ой келіп, талай ой кетіп те үлгіріп еді. Ол көзін жұма бермей, өзіне де, өзгеге де батыл үңілуге бет қойған. Мектепте, ауылда болып жатқан оқиғалардың бәріне де ой жүгіртіп, зер салғанда оны, әсіресе, Жақыпбектің басы өзіне көп үңілткен. Сондағы байқағаны мынау болған: Жақыпбек жайындағы шүбә да, мектептің болашағы жайындағы шүбә да дерексіз қалып, іс мұның ойлағанынан басқаша өpic тапқаны анық боп барады. Мектеп колхоз өндірісімен араласқанға шеңбері тарылу былай тұрсын, қайта салмағы артып, өзекті білім орталығына айнала түсті. Ал оқушы балалардың ой өрісі ұғымына ауыл тіршілігі үлкен әсер етіп, өмірге бейім, істің адамын -баулуға үлкен себі тигені де талассыз еді. Қазір оқушыларда колхоз өндірісіне деген ықылас та, білуге деген құштарлық та көп. Білгені де молая бастаған. Жоғарғы класс оқушылары зоотехника, агротехника жайында колхозшыларға кеңес айтуға жарап қалған. Ағаш отырғызуға, жеміс егуге келгенде колхозшылар мектепке иек артады. Электр шамы жанбай қалса да, үлкендер оқушыларға жүгіреді.
Оқушылар ғана емес, Күдерінің өз басында да елеулі өзгерістер болып жатқаны сезіледі. Ауыл шаруашылығымен танытуы басында өзі ойлағандай бас қатыру, әуре-сарсаңдық емес, су мен ауадай қажет, рухани азық болып алды. Бұл жайындағы мектеп ол ойлағаннан асып түсіп, күн сайын қияға сілтеп барады. Сеченов та, Мичурин де, Лысенко да бұған жұмбақ болудан қалып, ауыл тіршілігі ғана емес, өмір сүрудің өзекті мәселелерін түгел қозғап көкірегіне жарық нұр құйғандай тынысын кеңітіп келеді. «Көп нәрсені күнде көріп жүріп те біле, аңғара бермейді екенбіз ғой!» деп ойлайтын да әдет туды. Ойға осы орнағаннан бері Жақыпбек туралы да оған басқа көзқарас пайда бола бастады.
Әйтсе де Батырбай мәселесінде Жақыпбекпен ымыраға келе алмай-ақ қойды. «Батырбай сабақты нашарлау беретіні рас. Ал, мұндай орташа мұғалімдер аз ба екен? Олардың бәрін мектептен қуа берсек кім қалмақ? Оның үстіне тәжірибелі, ұзақ еткен еңбекті қадірлеу керек қой, жас кадр келді деп кәріні сырып тастай беруге бола ма? Бүгін Батырбайдың басына түскен күн, ертең Күдерінің басына келмесіне кім кепіл? Мына мазасыз жастың бет алысы соны байқатпай ма?»..
Оның есіне Елизавета Сергеевна түсіп, тереңдеп бара жатқан ойына толас береді. «Кәрілерге шабуыл десек, ол неге Жақыпбекті жақтайды? Батырбайды босатқан жөн дегенді Елизавета Сергеевна айтып та салмады ма? Неге бұлай? Ол бұл сырды көрмей, түсінбей жүр деуге бола ма? Оған ауыз бармайды. Ежелден сыры белгілі бұл досы өзінен кеш жерді озық көретіні бұған аян... Олай болса, Жақыпбек кәрілерге қарсы емес, тек Батырбайға... Ол ойын аяқтамай кідіріп, басын ұстап ұзақ отырады. «Осыным Батырбайды қорғау емес пе?» деп бір қалады да, артынан бұл ойын тез ұмытуға асығып, кінәні тағы да Жақыпбекке аударады. Шындығына келгенде, ашына-жайлықты, жерлестікті, жағынғанды жек көрмейтін басы, сабақ бере алмаса да, өзіне жайлы Жауынбаевтан . айырылғысы келмейтінін мойындау былай тұрсын, есіне алудан да қорқады.
Лаж не, қаншама үріксе де, Батырбай туралы бір түйінге келмей болатын түрі жоқ. Мектептегі ең қадірлейтін адамы — Елизавета Сергеевнамен де осы үшін сөзге келіп, ренжісті. Бұл бетінен таймаса ақырында дос біткеннен айырылып тек Батырбаймен қалмақ қой. Әңгіменің сиқы соған бара жатыр-ау...
Күдері ойлап-ойлап дал болды.
...Бүгін күндіз ол Батырбайды кабинетіне шақырып алып, сен басқа қызметке ауыссаң қайтеді деген ұсыныс жасады. Батырбай оның бұл пікірінен шошып, ыршып түсті.
— Мұныңыз қалай? Әділбековтің ыңғайымен кеткеніңіз бе? — деді ол.
— Сөз емес сөзді айтатынын не?
— Енді апырау, өзіңіздікі де жөн емес қой.
— Бұл менің басымнан шығып отырған әңгіме емес. Түсіну керек.
— Тым болмаса, ашып айтсаңызшы.
— Мұны ұсынып отырған аудандық оқу бөлімі. Жаңа Мамырәлі Әділбеков телефон соғып осыны айтты. Басқа қызмет береміз дейді.
— Керек емес басқа қызметі...
Батырбай шала бүлініп үйіне кетті. Олай ойлап, бұлай ойлап көрсе де, жылы орнын суытқысы келмеді. Қайткенде де қалудың лажына кірісу керек болды. Сондықтан аудан алдында қорғап алып қал демек болып, әрі асықпай отырып сөйлесуді көздеп, Күдеріні ол үйіне шақырды. Бүгінгі төтенше қонақ ету, міне, осыдан туып кетті.
Манадан бері талай әңгіме айтылды. Талай рюмка да босады. Қазір қысыр сөздер сиреп, әңгіменің беті қызмет бабына ауған.
— Сіз мені қызметтен не деп босатасыз? Сабақ бере алмады дейсіз бе?
— Ойпырай, түсінбейтін адамша қайта-қайта етектейтінің не? Аудандық оқу бөлімі осылай ұйғарып отыр деп, мана айтпады.м ба? Маған салса, сені, сірә босатармын ба?
— Сонда менің ауданға баруым керек пе?
— Баруын керек.
— Мені қорғамайсыз ба?
— Қалай қорғаймын?
— Тәжірибелі мұғаліміміздің бірі. Өз орнында қалдыр десеңіз, олар сізбен санасады ғой.
— Енді бес-алты күнде январь кенесіне жиналамыз ғой... Сонда сөйлесіп көрейін.
— Онда Әділбеков сойқан да барады ғой... Сол бүлдіріп жүрмесе...
— Ол, әрине, қарсы болады.
— Осы бір оңбағаннан-ақ өлетін болдық-ау! Тегі аудандық партия комитетінің секретары Тасболатов жолдастың өзіне шағым беріп, мұң шақпасам болмас. Бүйтіп отырып арам елерміз.
— Жарқыным, сол арызыңды қойшы, — деді Сағила ерінің ыңғайын танып, беттен қағып.
— Қызық екенсің өзің...
— Түк қызығы жоқ. Қой арызды деп мен саған баяғыда айттым ғой.
Әйелі әнеугі бір оқиғаны айтып қоя ма деп қыпылдап, Батырбай безек қақты:
— Жә, жә қой енді...
— Келіндікі дұрыс, сол арыз дегенді қоя-ақ қойшы... Тасболатов жолдасқа мен ауызша -ақ айтайын, — деді Күдері.
— Өзіңіз білесіз, мен біреудің үстінен арыз жазып, өмірі үн шығарған пенде ме едім? Мына біреу келді де, итімді шығарған жоқ па?!
Ерінің беті шімірікпестен, момақансып отырған аярлығы Сағиланы жирендіріп жіберді. Сонда да, күйеуінің өздігін айтудан өзінен-өзі тартынып, Жақыпбекті арашалаумен ғана тынды.
— Ол саған не қылды? Сүттей ақ, судай таза адамды балағаттауға ұялсайшы!
— Келін шырағым, мақтайтын адамды сен де тапқан екенсің, — деп Тойтық қызып, Батырбайдың қолтығына су бүрікті.
— Шам жарығы түбіне, ай жарығы әлемге дегендей, өзін жұртқа танытқан адам менің мақтауыма ділгер де бола қоймас. Мен тек жөнін айтамын. Сіздер болмасаңыз, оны жақсы көрмейтін осы ауылда ешбір пенде жоқ.
— Ақылды ма деуші едім, е, сен де саяз екенсің ғой, шырағым.
Сағила енді бірдеңе десе, Тойтықтың дүрсе қоя бергелі отырғанын сезіп, қаңқу шудан қашып, «осы әңгімені тый» деген ишаратпен күйеуіне алара бір қарап өтті.
Әйелінің ұнатпағанын Батырбай анық аңғарып, жым болды.
Өше қалған әңгімені Күдері де өршіткісі келмеді. Бірақ, Тойтық сөніп бара жатқан отқа қайтадан май құйып, өршітіп жіберді.
— Қайным, сен мына біздің шалды қой. Бұл өлерін білмейтін кеше. Дереу ауданға аттан. Өзіңнің де, мұның да абыройын қорға, әйтпесе, өшкелі тұрсыңдар, өшкелі тұрсыңдар!...
— Құп, болады, жеңгей. Енді менің де аянар түгім қалған жоқ, — деп Батырбай құтырынып кетті. — Барамын...
— Қайда барасың, неменеңе барасың? — деді Сағила ызаланып.
— Ауданға барып, арыз етем, құртам Әділбеков деген пәлені.
— Сенің сабақ, бере алмай, масқара болып отырғаныңа кім кінәлы?
— Кім бере алмайды сабақты? Мен бе? Кім айтты оны саған? Айтыңызшы, Күдеке! Мен сабақты бұрын жаман беріп пе едім? Түсіндірші мынаған!
— Қой, әрі ақталмай... Күйе жақпа біреуге.
— Ым, ұнағам екен саған жас жігіт...
— Ой, ұятсыз! Арсыз! Жұрттың бәрін өзіңдей лас көресің ғой...
— Келін, сабыр, — деп Күдері араға түсті.
— Мұның оңбағандығын сіз білсеңіз тебе шашыңыз тік тұрар еді. Көшіріп келдім-ау мен жазғам соның бәрін...
— Қоясын ба, жоқ па! — деп еркексіді Батырбай.
Күдері ерлі-зайыпты адамдардың кикілжіңіне не дерге білмей, ынғайсыз жайда қалды; басалқалық та айтпады. Көкірегін көңілсіздік жайлап, әлденелер орнына келмегенде қаптайтын әуре-сарсаң мұнар ой бойын езіп, ол көпке дейін үндемей тұнжырап отырды да:
— Кемпір, үйге қайтайық, — деп орнынан тұрып киіне бастады.
— Қайнаға, кідіріңіз, мынау туралы сізге айтар әңгімем бар, — деді Сағила.
Күдері сұлық тұрып қалды.
7
Бір соқса ұзаққа созылатын әдетіне басып, боран бірнеше күн бойы басылмай келіп бүгін ғана толас тапқандай болды. Бірақ, осы толас тапты дегеннің өзінде үскірік жел күшеймесе кемімей, қызыл-шұнақ аязға айналды да, Күннен мүлде жылу қашты. Ол бұлтсыз, мұнар аспанда ай сияқты мелшие қалықтағаны болмаса, қақтаған бес тиындық қара бақырға ұқсап, сәннен де, сәуледен де айрылып қалыпты.
Бірнеше күн бойы тынбай жорытқан борасын үй-үйдің арасына, көше бойына ұйлыға тұтасып, қардан аққала соғып кеткен. Бұл аққала, әсіресе, ойпаңдау жерде тұрған Күдері үйінің алдына ерекше отау тіккені байқалады. Сол аққаланы қақ жарып есік алдынан көшеге ашылған жолдың жиегіне қос ат жегілген темір табанды, әдемі жеңіл шана сырғып келіп тоқтай қалды.
Бұл шаналы январь кеңесіне барып қайтқан Күдері еді.
— Әсимажаннан хат келді, — деді Тойтық аяғының сықырымен қораны басына көтеріп, үсті-басын ақ қырау басқан Күдеріні қуанышты хабармен қарсы алып.
— Бір шай қойып жібер, кемпір, — деді Күдері Тойтықты асықтырып.
— Су қайнап тұр, шай әзір болады. Не жазды екен? Демалысында келетін болып па? Оқып жібере қойшы!
— Келген хат оқылмай қайда қашады. Әуелі мен бір жылынып, жан шақырайын да. Осы тоңып келген болар-ау деп мені де есіркесеңші; бар болғыр.
— Сен үйдесің ғой Алыста жүрген Әсимажан басы аурып, балтыры сыздап қалды ма деп мазасызданам да...
— Хат келді ме, аман...
Күдері хатты шайды алға ала отырып оқыды.
— Иә, не дейді?
— Не десін, каникулда барамын депті.
— Ой айналайын, келетін болған екен ғой. Тағы не жазады? Міңгірлемей оқысайшы дұрыстап...
Қора ішінен етік табанының аяз қысқан шықыры шулап қоя берді. Барлық суықты өзімен бірге алып келгендей, желді азынатып Батырбай кірді. Ол Күдерінің келгенін көре салып, осында жүгірген.
Бұдан үш-төрт күн бұрын Батырбай аудандық оқу бөліміне барып, орнымда қалдыр деп шағым еткен. Бірақ, онысынан ештеңе шықпаған. Ондағылар басқа қызметке ауыстырғысы келетіндігін айтқан және бірер қызмет те ұсынып көрген. Батырбай ол ұсыныстарға көнбеген. Ақырында, «басшыларыңмен отырып тағы да бір ойласып көрейік» деген екіұшты сөз естіп, көзіне үміт елестеп үйіне қайтқан. Сондағы сенгені Күдері еді. Онымен ақылдасса-ақ, ісім оңға басады деген сеніммен оралған. Сонымен, кешеден бері Күдеріні екі көзі төрт болып күтуде еді.
— Иә, ақсақал, аман барып, сау қайттыңыз ба, нендей кихматтар естідіңіз? — деді ол өз мәселесінің төбесінен бірден тура түсе қалмай, әріректен орағытып.
— Кеңес тәжірибе алысу мәселесіне арналды, өте қызық болып өтті. Жақсы-жақсы пікірлер айтылды...
— Басшылардан кімдер қатысты?
— Тасболатов жолдас болды.
— О, онда жақсы болған екен. Ол кісі сөйлеген де шығар.
— Сөйледі.
— Басқа кімдер сөйледі?
— Мамырәлі сөйледі, мұғалімдер сөйледі.
— Біздің сұржақ та сөйлеген шығар?
— Сұржағың кім?
— Кім болсын, Әділбековты айтам да.
— Сөйледі.
— Ол басқа не айтты дейсің, сөзін баяғы сіз бен менен бастаған шығар.
— Сенен бастап, сенімен тындырды, — деді Күдері мысқылдап.
— Жоқ, шын айтам.
— Ол жақсы сөйледі, жігітім. Тасболатов жолдас өз сөзінде оның пікірлеріне әдейі тоқталып, жұрттың назарын аударып өтті.
— Сөзге келсе, ол алдыма жан салушы ма еді. Бұлдыратқан ғой бейбағың. Басқаны былай қойып, тіпті, сізді де ұйытқан тәрізді.
— Сондай тұлдуар бос сөз неге керек? — деп Күдері Батырбайдың мұнысын жақтырмай, қабағын шытты.
Күдеріге қарсы келе бермейтін Батырбай оның ыңғайын танып, сөз таластырмай, манадан бері асыға күтіп отырған өз жайына ойысты.
— Мен жөнінде не тындырдыңыз?
— Сенің мәселен оңынан оралмады. Орныңа басқа адам белгілеп қойыпты.
— Ештеңе бітірмедім деңіз...
— Не бітірем, буынсыз жерге пышақ ұрғанмен бола ма... Қазір мұғалімдерге қойылатын талап та мүлдем күшейіп кетпеді ме.
— Сіздің де көмейіңіз енді түсінікті болды. Мұныңызды білгенде әнеукүні Тасболатов жолдастың өзіне біржола жолыға келетін едім ғой. Сіз ғой менің обалыма қалған.
— Жолықсаң, әлі де кеш емес, — деді Күдері ұнатпаған пішінмен.
Сөйтті де, қолындағы кесесін сусын ішкен адамша басына бір-ақ көтерді.
— Жақсы, жақсы, сіз де менен бойыңызды аулақ сала бастадыңыз ба, — деді де, Батырбай орнынан тұрып кетуге айналды.
— Қайным-ау, ол не қылғаның? Ең болмаса құюлы тұрған шайыңды ішсейші, — деп Тойтық емеуірін жасап еді, Батырбай оны да тыңдамай, есікті тарс жауып шығып кетті.
— Айналаңдағының бәріне бүйідей тиіп, өзіңе сірә бүгін, бірдеңе болған ғой.
— Кім білген бұл итті! Бағатыны пыш-пыш сөз, ойлайтыны өз пайдасы, нағыз оңбаған адам екен.
— Кімнің дос, кімнің қас екенін айырмай-ақ өтесің ғой, сен сорлы... Сонша өңменінен итерерлік байғұстың жазығы не еді?..
Күдері Тойтық сөзіне құлақ аспай, төмен қараған күйінде қалды. Оның ойына кеңесте сөйлеген Тасболатов жолдастың сөзі түсті.
«...Әр адамның балалық, жастық шағы бар. Ал, әр балалық, жастық шақтың мұғалімнен алған ұмытылмас сыбаға, сыйы бар. Бұл сыйдың аты білім мен тәрбие. Адам өседі, өзгереді, қартаяды. Бірақ, білім, тәрбие тозбайды, қартаймайды, жүректің тот баспас қазынасы боп ол ұзақ сақталады.
Сол үшін де, педагог жолдастар, сіздерге жүктелетін міндет те," сенім де асқар таудай. Кімде-кім ертеңгі күнді ойласа, ең алдымен бүгінгі баланы ойлауы керек. Өйткені, ертеңгінің басы бүгіннен басталып, ертеңнің адамы да бүгін тәрбиеленеді. Ал, кімде-кім бұл талаптың биігіне көтеріле алмаса, ол совет мектебіне жүктелген міндетті атқара алмайды. Атқару былай тұрсын, ондайлар қайта аяғымызға оралғы болады, Өздеріңіз айтыңыздаршы, бір көргеннен жазбайтын, жаңалықтың бәрін жатырқап үркіп тұратын, әрі батылсыз, әрі татымсыз бойкүйез адамдар арамызда жоқ дей алармыз ба?.. Ондайлар осы кеңесте де отыр. Мұндайлар өзінің дәрменсіздігімен тұрмайды, қолынан іс келетін, жұмысқа жаны ашитын адамдарға жұлдызы қарсы боп, шам алып соңына түседі... Мұндайларға қарсы әрдайым тартынбай, тайсалмай батыл күресіңіздер! Сіздерге әрқашан да жақ, әрқашан да тірек бар, біздің партия бар...»
Тасболатов жолдастың бұл сөздері: «Осының бәрін саған ескертіп тұрмын» дегендей өзгеден де көрі Күдеріге жаман батқан еді. Ол өзінен-өзі тынышсызданып, енді атымды атамаса жарар еді деп әрі қымсынып, жан-жағына бұрылмастан, алдындағы адамды тасалап, қауіппен бұққан.
Алайда, ол дәл қазір ойлап отырса, бұғып ешқайда құтылып кете алмаған тәрізді. Секретарьдың назары бұл жүрген барлық жерде: үйде де, мектепте де, далада да, қалада да бұған қадалып, ешқайда бұлтартпай, бірге еріп жүргендей болады. Әріптес жолдастарының талап, сыны да сол адамның назарының ұшқыны сияқтанып оның көп мінін бетіне басып, коммунистік арына зіл тастап ойын тебірентеді... Жоқ, жоқ, бұл назар ең алдымен оның өз жүрегінің түбіне барып сіңіп, мұның бар әрекетін сол өзінің ішкі дүниесінен бақылап жатқандай...
Сол толғанған жүректен: «сен адасып келдің... Таласпа бұған! Бүгінге дейінгі барлық ісін осыны айтады. Мұны мойында» деген бір күбір де естілгендей болады.
Асаулығы құйылған күштен емес, осалдықтан туып, өзінің ұсақтап бара жатқанын Күдері бұрын да сезе бастаған еді, сол бүгін тіпті қатты аңғарылғандай болып, еңсесі бұрынғыдан да төмен түсіп кетті...
Батырбайдың таусыла айтқан өкпесі де, оны ренжіттің деп тұлданған Тойтықтың ашуы да Күдеріні бұл ойдан ажырата алмады...
Клубта кешке концерт болушы еді. Байсал соған қатысушылармен алдын ала соңғы рет репетиция өткізбек болып үйден шықты да, Банудікіне бұрылды.
— Міне, біз де келдік, — деді ол.
— Сіз келсеңіз, біз дайынбыз, — деп манадан оны күтіп әзір отырған Бану орнынан тұрды.
— Жақыпбек ағай үйде жоқ па?
— Ол кісі мектепте жүр. Кейінірек барамын деген.
Қызының қаракөл жағалы, жеңіл пальтосын киіп жатқанын көріп Ақық:
— Күн суық, мына пальтоңды ки, — деп терістіктің қысына арналып тігілген драп пальтосын ала жүгірді.
— Осы тұрған клубқа дейін не қылған тоңған. Кимеймін! Ауыр.
— Қыстыгүні киім ауыр бола ма, ки!
— Тоңбаймын, апа!
— Тоңбайды, шеше, — деді Байсал да Бануды қостап.
— Тоңсаң обалың өзіңе, — деп Ақық қалды.
— Сыпайы тоңбайды, қалтырайды дегендей, сенен сыр біліне бастады ма деймін, бетің қызарып кетті, — деді Байсал былай шыққан соң күліп.
— Бет қызару сол тоңбағанның белгісі.
— Білмеймін-ау.
— Мен бірдеңе айтсам, нанбайтының жаман. Олай болса, мә, қолымды ұстап көр.
Байсал қыздың қолын ұстап көріп еді, шынында да, қыз-қыз қайнап тұр екен.
— Нандың ба?
— Нандым, бауырым, нандым. Бұл жолы ағыңнан жарылыпсың.
— Неше рет саған өтірік айтып ем?
— Өтірік айтпасаң да, сырыңды сездірмейтінің анық қой.
— Менде не сыр болады?
— Менің көзіме тура қарашы.
Бану қара көзін мөлдіретіп, Байсалдың жүзіне қадала қарай қойды.
— Махаббат тұр көзінде.
— Бәсе, осыны манадан бері не қып айтпады деп едім-ау... Кейісем махаббат, күлсем махаббат, не қылған толып кеткен махаббат, — деді Бану Байсалдың анадағы бір қалжыңын есіне алып.
— Шыныңды айтшы, дәл осы жолғы жорамалым да теріс пе?
— Бұл жолы сәуегейлік еттің.
— Ә, солай ма, онда мен өткен жолы да қателеспеген болдым... Ол кім екен, ә?
— Әй, өзің баласың, соған шынымен нанып қалдың ба? — деп Бану сиқырлы күлкіге басты.
— Қой, қой, жасырма!
— Міне, қызық ойнап айтамын деп пәлеге қалдым ғой.
— Ойын емес екенін сезіп тұр ғой біздің жүрек.
— Ал, жақсы, егер мен біреуді сүйсем, кімді сүйер еді деп ойлайсың?
— Әрине, Жақыпбекті сүйер едің.
— Ә, неге?
— Мен, мәселен, қыз болсам, соны сүйер едім.
— Ал, мен сүймес едім, — деді қыз көзінің қарашығын бір жағына жалт еткізіп.
— Себеп?
— Сол, сүймес едім!
— Бітті, ендігісі түсінікті.
— Неменесі түсінікті?
— Кімді сүйетінің түсінікті.
— Ал, кім?
— Жақыпбек.
— Қайдан білдің?
— Сендердің сүймейміндерің — сүйемін дегендерің. Ол мына бізге баяғыдан мәлім.
— Біліп тұрсаң, манадан бері неменесін сұрадың?
— Ал, өзің неге айта қоймайсың. Сырласу үшін менің қыз болуым қалай да шарт па.
— Түсінбейсің, Байсал, түсінбейсің. Қыз жолы, әрине, басқарақ.
— Қыз бен қыз достаса алғанда, жігіт пен қыз достаса алмайтын не құйтырқысы бар. Сендерге жұғысып кетсек, сүйіспеншілікті құлағынан сүйрей жүруіміз керек пе. Оның тым ескі ұғым ғой, жолдас-ау.
Әзілден сөзін ешкімге жібермейтін Бану бұл жолы, неге екені белгісіз, үндемей, Байсалдан озыңқырай жүріп келіп, клубқа кіріп кетті.
Ойынға қатысатын балалар түгел жиналып алып, клубтың ішінде асыр салып жүр еді, Бану мен Байсалды көріп, олар су сепкендей жым бола қалды.
Аздан соң Жақыпбек те келді.
Бірнеше жерден жағылған электр шамы клуб ішін жарқыратып күндізгіден де көңілді етіп жіберген. Қабырғадағы түрлі түсті картина, суреттер де шам сәулесіне безеніп, әдемі боп көрінеді. Тізілте қатар қойылған біркелкі орындықтар да жарасып тұр. Қалың қызыл мақпалдан жасалған сахна шымылдығы шам сәулесін өзіне тартып алып, оны өз түсімен бояп, кең залды алқызыл нұрмен толқытады. Осы әсем көріністерді құптағандай, сахнаның екі жақ маңдайшасына ілінген Лениннің үлкен суреттері биіктен залға, зал емес-ау, бүкіл ауылға көз тастап, сүйсіне қарап тұрғандай күлімсірейді, жылы шыраймен, айтып жеткізгісіз ғажайып бір қамқор пішінмен күлімсірейді.
Жақыпбектің көз алдына осынау сәнді клубтың иесі — ауыл адамдары, олардың мұнда күн сайын өтіп жататын қызықты уақыты елестеді. Біреулер оқып, біреулер бой көтеріп, енді біреулер өз өнерін ортаға салып, өмір күйін толғап жатқан кездері оның ойын жетелеп алып барады. Алып Отан жүрегінің соғысы, құдіретті партияның пәрменді күші, одан тараған махаббат осы клубқа келіп құйылып, одан әр адамға, әр үйге, әр фермаға, әр бригадаға тарап жатқан секілді.
— Ал, балалар, сахнаға шығыңдар! — деді Байсал Жақыпбек келген соң.
Жас өнерпаздар сахнаға қарай дүрлікті.
— Репетицияны Әйтен мен Бектайдан бастайық... Екеуің ілгері озыңдар!
— Амансыңдар ма, балалар? — деді осы кезде есік жақтан біреу.
Бұл келген Жақия ақсақал еді.
— Қош келдіңіз! — деп Жақыпбек сахнадан түсіп оның қасына барды.
— Радиомен күні бойы айқайлап, құлағымызды сарсытқан ойындарыңды көрейін деп, кемпірімді орныма күзетке жіберіп келсем, жым-жыртсыңдар ғой.
— Ойын сегізде басталады деген едік. Естімеп пе едіңіз, қария?
— Естуін естіген едім. Шабан үйрек бұрын ұшар деп ерте шығып қалыппын.
— Бір сағат деген немене, әне-міне дегенше сегіз де боп қалады. Оған дейін радио тыңдап отыра тұрыңыз.
— Ерте келгеніме өкініп тұрған мен жоқ...
Жақыпбек: «Мен репетиция өткізбекші едім, рұқсат болса», — дей беріп еді, Жақия, қарттарда бола беретін өзімсінген өктемдікке басты.
Шыныңды айтшы, дәл осы жолғы жорамалым да теріс пе?
— Бұл жолы сәуегейлік еттің.
— Ә, солай ма, онда мен өткен жолы да қателеспеген болдым... Ол кім екен, ә?
— Әй, өзің баласың, соған шынымен нанып қалдың ба? — деп Бану сиқырлы күлкіге басты.
— Қой, қой, жасырма!
— Міне, қызық, ойнап айтамын деп пәлеге қалдым ғой.
— Ойын емес екенін сезіп тұр ғой біздің жүрек.
— Ал, жақсы, егер мен біреуді сүйсем, кімді сүйер еді деп ойлайсың?
— Әрине, Жақыпбекті сүйер едің.
— Ә, неге?
— Мен, мәселен, қыз болсам, соны сүйер едім.
— Ал, мен сүймес едім, — деді қыз көзінің қарашығын бір жағына жалт еткізіп.
— Себеп?
— Сол, сүймес едім!
— Бітті, ендігісі түсінікті.
— Неменесі түсінікті?
— Кімді сүйетінің түсінікті.
— Ал, кім?
— Жақыпбек.
— Қайдан білдің?
— Сендердің сүймейміндерің — сүйемін дегендерін. Ол мына бізге баяғыдан мәлім.
— Біліп тұрсаң, манадан бері неменесін сұрадың?
— Ал, өзің неге айта қоймайсың. Сырласу үшін менің қыз болуым қалай да шарт па.
— Түсінбейсің, Байсал, түсінбейсің. Қыз жолы, әрине, басқарақ.
— Қыз бен қыз достаса алғанда, жігіт пен қыз достаса алмайтын не құйтырқысы бар. Сендерге жұғысып кетсек, сүйіспеншілікті құлағынан сүйрей жүруіміз керек пе. Оның тым ескі ұғым ғой, жолдас-ау.
Әзілден сөзін ешкімге жібермейтін Бану бұл жолы, неге екені белгісіз, үндемей, Байсалдан озыңқырай жүріп келіп, клубқа кіріп кетті.
Ойынға қатысатын балалар түгел жиналып алып, клубтың ішінде асыр салып жүр еді, Бану мен Байсалды көріп, олар су сепкендей жым бола қалды.
Аздан соң Жақыпбек те келді.
Бірнеше жерден жағылған электр шамы клуб ішін жарқыратып күндізгіден де көңілді етіп жіберген. Қабырғадағы түрлі түсті картина, суреттер де шам сәулесіне безеніп, әдемі боп көрінеді. Тізілте қатар қойылған біркелкі орындықтар да жарасып тұр. Қалың қызыл мақпалдан жасалған сахна шымылдығы шам сәулесін өзіне тартып алып, оны өз түсімен бояп, кең залды алқызыл нұрмен толқытады. Осы әсем көріністерді құптағандай, сахнаның екі жақ маңдайшасына ілінген Лениннің үлкен суреттері биіктен залға, зал емес-ау, бүкіл ауылға көз тастап, сүйсіне қарап тұрғандай күлімсірейді, жылы шыраймен, айтып жеткізгісіз ғажайып бір қамқор пішінмен күлімсірейді.
Жақыпбектің көз алдына осынау сәнді клубтың иесі — ауыл адамдары, олардың мұнда күн сайын өтіп жататын қызықты уақыты елестеді. Біреулер оқып, біреулер бой көтеріп, енді біреулер өз өнерін ортаға салып, өмір күйін толғап жатқан кездері оның ойын жетелеп алып барады. Алып Отан жүрегінің соғысы, құдіретті партияның пәрменді күші, одан тараған махаббат осы клубқа келіп құйылып, одан әр адамға, әр үйге, әр фермаға, әр бригадаға тарап жатқан секілді.
— Ал, балалар, сахнаға шығындар! — деді Байсал Жақыпбек келген соң.
Жас өнерпаздар сахнаға қарай дүрлікті.
— Репетицияны Әйтен мен Бектайдан бастайық... Екеуің ілгері озыңдар!
— Амансыңдар ма, балалар? — деді осы кезде есік жақтан біреу.
Бұл келген Жақия ақсақал еді.
— Қош келдіңіз! — деп Жақыпбек сахнадан түсіп оның қасына барды.
— Радиомен күні бойы айқайлап, құлағымызды сарсытқан ойындарыңды көрейін деп, кемпірімді орныма күзетке жіберіп келсем, жым-жыртсыңдар ғой.
— Ойын сегізде басталады деген едік. Естімеп пе едіңіз, қария?
— Естуін естіген едім. Шабан үйрек бұрын ұшар деп ерте шығып қалыппын.
— Бір сағат деген немене, әне-міне дегенше сегіз де боп қалады. Оған дейін радио тыңдап отыра тұрыңыз.
— Ерте келгеніме өкініп тұрған мен жоқ...
Жақыпбек: «Мен репетиция өткізбекші едім, рұқсат болса», — дей беріп еді, Жақия, қарттарда бола беретін өзімсінген өктемдікке басты.
— Сен маған керексің. Тілесең, дойбы ойнаймын, тілемесең жай отырып әңгімелесемін.
— Иә, иә, сізбен сондай бір уәдеміз де бар еді-ау. Колхоздың чемпионынан жеңілгеннің сөкеттігі болмас, ойнасам, ойнап көрейін.
— Әлден-ақ құтың қашып тұр. Сен қайтіп жеңейін деп едің...
Жақыпбек Бану мен Байсалға қарап:
— Репетицияны өздерің жүргізе тұрыңдар. Жақан екеуміздің тығыз жұмысымыз боп қалды, — деп күлді.
Байсал мен Бану концерттің дайындығына кірісті.
Сем маған мынаны айтшы, — деді қарт дойбыларын тігіп болып, жүрісті өзі бастады да:
— Қытай жері түгел босады ғой осы, ә?
— Тибет пен бір аралдар қалды.
— Бүгін радио жасырын келісім деді ме, қалай, бірдеңені айтып жатты, дұрыстап ести де алмай қалдым. Америка көмек бермек болған дей ме, немене?.. Кімге көмек бермек?
— Гоминданшыларға ғой. Тайванда осы жайында жасырын келісім жасапты деседі. АҚШ-тың озбырлары Қытай жеріне өтуге, Азия халықтарына қарсы күресуге Тайванды табан тірер басқышқа айналдыруды көздеп жанталасып жатыр.
— Бұл найсаптар соғысқа неге құмартады жаным-ау?
— Төбесіне төнген дағдарыстан біздің достарға, бізге қарсы жаңа соғыс ашу арқылы құтылмақ болады.
— Бұл олардың өз соры ғой... Ал, кезек сенікі, жүріп қой, бала!
— Ал, жүрдім.
— Ым, ойым анау еді де... опына жол бермеспіз... Кеше бір қалаға бомба тастаған ба?
— Иә, Шанхайға ауадан шабуыл жасапты.
Әлгі ескі Қытайдың қашып кеткен немесінің аты кім еді?
— Чан Кай-ши.
— Ол итін кірерге тесік таба алмай тентіреп жүріп, самолетті қайдан алған?
— Онда самолет болмаса, Америка империалистерінде бар... Бұл міне, солардың өнері.
— Бейбіт халықта несі бар бұл нәлеттердің.
— Жыртқыш нені тыңдайды.
— Әп-пәле! Шалды әңгімеге айналдырып отырып үш алып, қос үйден бір-ақ шығуға қалыпсың ғой... Ананы берсем, мынаны алсам, сен сонда былай жүресің, мен олай жүремін. Дұрыс! Мә, жемді өзім берейін!..
— Қап, екі жеп кеттіңіз-ау, ақсақал!
— Асықпа, бала, қазір тағы жеймін. Мықты болсаң, қане, енді бір жүріп көр!
— Ойлануға тура келіп қалды.
— Еһ-еһе, шалды оп-оңай ұтпақ екенсің ғой...
Жақыпбек неше бір құйтұрқы жүрістер ойлап көрсе де, Жақия ол ойының бәрін алдын ала сезіп, жүзеге асырмай, өз айласын оған қарама-қарсы қойып шыдатпады:
— Жағдай қиын! — деді Жақыпбек.
— Жүре білсең, сенде әлі де мүмкіншілік көп.
— Соны көре алмай отырмын!
— Ойла, ойласаң көресің!
Бұдан кейінгі ойында береке болмады, клубқа жиналғандар барған сайын көбейіп, бәрі де Жақыпбек пен Жақияны қоршап, «ананы жүр, мынаны жүрге» басып, ес шығарды.
— Ой, көп жасағыр, үндемесең ішің ауыра ма? — деп Жақия қарт әуелгіде біреулеріне наразылық білдіріп көріп еді, білгіштер онымен де тыйылмады. Ойын аяғы ду-ду-шуға айналып, жеңіліп отырған Жақыпбектен ерікті алып кетті.
— Мен жеңілдім, ақсақал! — деді Жақыпбек қалған төрт дойбысын қалай алып қашса да онысынан ештеңе шықпайтынын көріп.
— Жүр, жүр! Қос үйден бір шығарсың!
— Оған дау жоқ...
— Бәсе, біздің Жақаң солай еді-ау!..
— Немене, Жақаңды жабыла мақтап жатқандарың? — деді клубқа жаңа ғана кірген Керей дуылдаған топқа қосылып. Онымен бірге Есенбек те келді.
— Мұғалімді Жақан дойбыдан келістіріп тұрып ұтты.
— Ой, жарайсың, кәрі тарланым!
Топтан шығып, сахнаға бет қойған Жақыпбекке:
— Шалдан жеңіліп, саған не болды? — деп жымыңдады Есенбек.
— Жақаңның ойыны ірі екен. Асықпай отырып, айла-әдісін аңғарып, ойланып ойнамаса болатын түрі көрінбейді.
...Сағат жақындап қалғандықтан, Жақыпбек жас өнершілерді қайтадан сынап жатпады. Жалғыз-ақ, кім неге баса көңіл бөлуі керектігін ескертті.
— Сен, — деді ол Бектайға, — асықпа, саспа! Өлеңнің ырғағына қарап салмақпен, баппен айт!..
Жұрт қол ұрғанда бас изеп көп тұрып алмауды Әйтеннің есіне салды.
Сахна тәртібінің бәрі реттелгеннен кейін Жақыпбек алдыңғы қатардағы шеткі орынға келіп отырды.
Бұл кезде сахна алдына Бану шықты.
— Жас өнерпаздардың күшімен берілетін концертімізді бастаймыз. Мектептің домбыра оркестрі «Сарыарқа» күйін орындайды.
Манадан бері шымылдық қашан ашылар екен деп сахнадан көз алмай, үнсіз тынған жұрт ду қол соқты.
Жайымен сырғып шымылдық ашылды.
Сахнаның төрінде алқа-қотан отырған бір топ бала домбыра мен скрипка шегін бойлатып, залды тәтті лебізге толтырды. Бұл сазды үп шүу дегеннен екпінді шығып, сар даланы дүбірлете жосылған жортуыл сияқтанып, андыздап ала жөнелді де, бара-бара жойқын сарынға айналып, артынан үйткіп соққан дауылдай мүлде үдеп кетті. Осы үдеріс едәуір уақыт бойы өрістей-өрістей келді де, бір кезде шауып кеп тоқтай қалған аттай оқыс кідіріп, шекті бойлаған үндер үзіліп кеткендей ызыл қағып, кілт тынып қалды.
Бірақ, жаңағы оқыс тоқтас қандай жылдам келсе, бұл кідіріс те сондай тез болды. Іле күй дауылы қайта соғып, алғашқы сарынына қайта басып, демде көтеріліп, құйқылжыта жөнелді...
Бұдан кейін «Көбік шашқан» тасқындады.
Кезек бір кезде жеке орындаушыларға тиді.
— Бектай «Біз — пионер» деген тақпақ айтып береді.
Сахнаға ентелей басып шыққан Бектай көз алдында самсап отырған жұртты көріп, жүрегі дүрсіл қағып, берекесі қашып кетті де, бірнеше күн бойы жаттыққан байсалды сарыннан айрылып қалып, жаңылтпаш айтып тұрған адамша шумақтарды үсті-үстіне тақпақтап шұбырта бастап еді, залдың орта шенінен біреу күліп жіберді. Алдыңғы жақта отырған жұрттың бәрі дүрліге артқа қарасты. Жақыпбек бұл кім екен деп көзімен залды шола бастап еді, мойнын төмен тұжыртып бұға түскен Сапарды аңғарды. «Отырысың жаман екен, дәу де болса сенсін ғой» деп ойлады.
Бұл күлген, шынында да, Сапар еді. Ол аузы-мұрнын басып, төмен бұғып, күлкіге булығып, әбден әбігері шықты. Оның дәл алдында отырған Сәтен артына бұрылып:
— Неге күлесің? — деді оған ақырын ғана.
— Оқығаны мүлдем ерсі.
— Сен қалай оқыр едің?
— Мен, әрине, басқаша оқыр едім.
— Олай болса, неге оқымадың?
Бұл сұрақты естімегенсіп, Сапар төмен бұқты. Мұның жауабы — «Мен өнер көрсетпек түгіл сабақты әрең дегенде үлгіріп шықтым» деген еді. Оны айтуға Сапардың батылы бармады. Рас, жайшылықта бұлай деуден тартынбас та еді. Ал, дәл қазір өзінің талғампаздық жасап отырған күлкісі үстінде бұл өте қолайсыз, тең-құрбыдан қалып қоюы — ойламаған жерден тағы да алдынан шығуы баланы дереу жасқандырып, арзан күлкі салмақты оймен алмасты.
...Концерт көпке созылды. Ойын соңынан жұрт үйлеріне тарасты да, бір топ жастар ғана қалды.
— Әй, Байсал, радиолаға би музыкасын салшы, тым болмаса бір рет билеп кетейік!
— Қандай биді қалайсыз, тақсырым, — деді Байсал би сұраған Сәтенге күліп.
— Фокстротты құйқылжыт!
— Жоқ, ол қолқаңды орындай алмаймын. Мазурканы саламын, — деді Байсал.
— Бұл мазурканың заманы емес, ол есінде болсын, — деді Бану оған.
— Ербеңдеген фокстроттан ескі де болса, мазурка жүз рет жақсы!..
— Біз мазуркаңды білмейміз!
— Шын табандарың қышып тұрса, краковякты билеңдер.
— Вальсті, вальсті сал!
Ширатыла, аңырай шыққан музыка сазы кең клубқа сыймай көріп, төбесін жоғары көтеріп әкеткендей толқи жөнелді.
— Өзім келмесем, мені елеп өз бетіңізбен биге шақыратын түріңіз жоқ, — деп, Бану Жақыпбектің алдына барды.
Олар алғашқы бетте екі такт алып бастап, біраз ырғала басып, жай қалқып жүрді де, аздан соң құйындай үйіріліп, шыр айналып, вальс толқынының құшағына беріліп кетті. Содан бастары айналғанша дөңгеленіп келіп, бір шақ қайтадан баяу ырғаққа көшті. Осы кезде Жақыпбек қызға тіл қатты.
— Бану, жаңа сен маған не дедің?
— Ештеңе дегем жоқ.
— Бір назды әзілдерді естіген сияқты едім.
— Олай болса, қателеспейсіз...
— Жоқ, сенімен бір жақсылап әңгімелесуім керек екен.
Қыз үндемей қалды. Жақыпбек тағы да шыр айнала бастап еді, Бану:
— Басым айналып кетті, қояйықшы, — деді.
— Мүмкін, үйге қайтармыз, — деді Жақыпбек.
— Қайтсақ, қайтайық...
Жолшыбай Жақыпбек жаңағы айтпақ болған әңгімесіне оралды.
— Бану, егер қателессем, кешірерсің, мен бір жорамалымды айтқым келеді... Біз ескі ауылдың қызы мен жігіті емеспіз ғой, жалған сыпайыгершілік жасамай-ақ қояйық. — Ол сәл бөгеліп қалды. — Менің шамалауымша... Мүмкін, менікі құр сәуегейлік шығар, олай болса, тағы қайталаймын, кешір...
— Екі сөзіңіздің біреуі кешір боп кетті ғой...
— Мен тым сезімтал жанмын, сезімталдық кісіні қателестірмей тұрмайды... Менің байқауымша сенің соңғы кезде маған көзқарасың, қарым-қатынасың өзгерген тәрізді...
— Ғажап, емес...
— Бұл неліктен? Білейін деп ем.
— Оны маған айтқызбаңыз...
— Демек, мен қателеспеген болам ғой...
Қыз үндемей төмен қарады.
Банудың ұнататынын Жақыпбек кейінгі кездерде тінті айқын сезіп, тек білмегенсіп жүретін еді. Ондағы ойы: менің ыңғайымды тани келе суынар, албырт сезім ұмытылар болатын. Бірақ, бұл ойы ақталмады. Банудың бұған деген аяулы" сезімі лаулай түсіп, өршіп келе жатқанын аңғарды. Бұл жұмбақты бұдан әрі созбай, біржола нүкте қою қажет еді. Сол үшін де бүгін ол осы әңгімені әдейі қозғады.
— Жасырмайын, шынымды айтайын, қызмет бабында таныса, ұғыса келе, сен маған өте бір сүйкімді, жақсы адамым, досым болып кеттің. Кейде жақсы сезімдер туындап, өзіңмен өмір бойы қауышар ма едім дейтін де тілектер басқа келгені бар. Оны да жасырмаймын... Әйтсе де, соның бәрін сабыр мен сана жеңді. Басқаны сүйген жүрегімнен саған да орын іздесем, азғын болар едім...
Жақыпбек қасында Банудың барын да ұмытқандай, бейне өзіне-өзі айтып тұрғандай бұдан кейін даусын мейлінше бәсеңдетіп, сыбырлай сөйледі.
— Бұл менің адал сырым. Мені шын жақсы көрген адам бұған түсінуге тиіс...
Жақсы үміттер үзіліп, ең бойы дір-дір етіп кеткен Бану енді бұл жайында бұдан әрі сөз қозғалудан қорыққандай, Жақыпбектің ойын аяқтатпады:
— Күн қандай суық еді, тоңып кеттім ғой, тезірек жүрейікші, — деді ол тітіркеніп.
...Үйінен ыстықтап шыққан қыз үйіне тоңып қайтты.
9
Қаладан біреу келді десе, тайлы-таяғы қалмай шұбайтын қазақ аулының әдеті. Бүгін Күдерінің үйіне талайлар бас сұқты. Бір ғана жеңгейлер мен шешейлер ғана емес, қыдыруға сылтау табылса, әзір тұратын кейбір желаяқ шалдар да табылды.
— Тойтық, балаң келіп көзайым болды ма?
— Базарлықты мол әкелді ме?
— Қалқам, дені-қарың сау ма? — деген сияқты алма-кезек сұрақтар таң атқалы талай рет қайталанып, Әсиманы да әбден жалықтырды.
Келушілер әлі де үзілген жоқ. «Базарлығын» жесе де, кетпей отырғандар да аз емес. Тойтықтың көне самауыры қораға бірнеше рет барып та келді. Түс ауа қара қазан да пешке қонды. Бұ да болса, отырыстың ұзай беретіндігінің белгісі еді.
Қазақтың алыстан біреу келсе дүмеп қоя беретін осы әдеті Әсимаға бүгін бір түрлі ерсі көрінді. Жолаушы жол соғып шаршап келеді. Үй ішін сағынып келеді. Аяғын еркін көсіліп, ол дем алуға, өз ойына алған сан тіршілікті білуге асығады. Ал, оның мұнысымен санаспай, кемпір-шал дегендер кешке дейін сарылып отырып алып, қысыр әңгіме соғады...
Кемпір-шалмен отыра-отыра жалыққан соң, Әсима бір сәт далаға шықты. Күн бұлыңғыр болса да, ашық еді. Солтүстіктен болмашы көтерілген жел бетке суық леп соғады. Шыққан бетте-ақ оның назары мектеп жаққа ауды. Неліктен солай қарады? Оны алғашқыда өзі де байқамады. Дабырды сүймейтін бір үнсіз тілек өзінен-өзі солай қаратты.
Жап-жаңа бір ойлар келіп Әсима солай қарай жүре түсіп барды да, тоқтап қалды. Кенет: «Бануға барсам қайтеді?» деген бір ой басқа келе кетті де, бұл да онша көп еліктірмей, ізінше сөнді. «Жолдан келген маған өзінің кіріп шығуы жөн еді ғой. Менікі не?»
Банудың қарсы алмауы Әсимаға түсініксіз сыр еді. Жақыпбекті ренжітсе де, мұны ренжіткен жері жоқ. Ешбір хатында оның атын да ауызына алып көрген емес, кінә тағудан да, өкпе айтудан да аман. Әлде хат салмадың деп ренжи ме?.. Досты қарсы алуға ол да бөгет болмаса керек. Енді не? Әлде... Әлде?.. Осы ой оны өткен күнге алып кетті.
Жақыпбекпен арадағы көңілсіз оқиғадан кейін Әсиманың төбесіне ауыр қайғы төнген еді. Жақсы көрген адамына жалын шарпыған үкім сөзін айтып алып, ол ізінше қатты күйінген. Күн өтіп, ашу-ыза арнасына түскен сайын осы күйініші зорайып, қыз жүрегін ине боп сұққылай берген. «Не істедім? Неге сонша шұғыл кеттім?» деген ой қыз басына сонда келген...
Әсима іштей ғана күйініп, жүректі бітеу жараға беріп қойып тым-тырыс жата алмады. Сұмдық хабардың анығына көзін біржолата жеткізуді колға алды. Бұл сырын бір ғана адамға, бұрынғы тәрбиешісі Елизавета Сергеевнаға ғана қиды да, хат жолдады. Сол арқылы ол барлық жұмбақты шешіп те алған еді...
Жұмбақ шешілсе де, доспен қайтып табысу оп-оңай болмады. Осы тұста Жақыпбектен де намысқа, ызаға толы хат жеткен.
«...Сіз мені қорладыңыз. Достықты аяққа бастыңыз. Онымен де тұрмай, маған жоқ кінәлар тағып, көріспес болдыңыз... Намыс қанша тежесе де, жасырмайын, мұныңызға қатты қиналдым. Тым болмаса, себебін білсем?.. Жоқ, енді оны да қалауыңыз білсін!.. Жалбарына тілек айтар шамам жоқ. Кісі достық сезімді жалынып сұрап ала алмайды ғой... Сол үшін, сіз де қош болыңыз».
Бұл сөздер Әсиманың жанын өртеп жібергендей болып, екі бетін ду еткізген.
«Кешір, кешір, асыл дос...» Осылай бастап хат жазса да, жанын сыздатқан өкініш бір ортаймай, қыз көңілі тыныштамады. Тебіренген сайын жазып отырған хаты өзіне сондай бір жексұрын көрініп, оны да лақтырып тастады. Хат не, тәйірі! Хат деген мұндайда бір жапырақ қағаз ғой. Оған жүрегіңді кернеген сөздерді толтыра жазсаң да, дәл өз аузыңнан айтқан бір ауыз сөзіңе татымайды... Енді не істеу керек? Қалайда жету керек, жету керек...
Хат арқылы ұғысу Әсимаға мұндай жағдайда мүмкін емес сияқтанды, әрі бірінші хатында айтарын айтып алып, артынша екінші хатында кешір деп тілмарсуға дәті шыдамай, мұнысынан жүрегі айнып кетті.
Сонымен соңғы екі емтиханын Әсима шұғыл түрде, мерзімінен бұрын тапсырып ауылға тартып кетті.
Қазір сол жабырқаған досы не күйде? Бұрынғыша ойлай ма екен мұны? Әлде бұдан біржола күдер үзіп, көңілін өзге жанға аударды ма? Банудың келмеуі де осыған байланысты емес пе екен?..
Мектепке көз тіккенде осындай ойға батып аңырып тұрып қалған Әсима шошынған адамдай, өзінен-өзі селк ете түсіп, сол иығына жалт бұрылды. Алайда, өз көзіне өзі сенбей, түс көріп оянғандай есеңгіреп бірер секунд қыбырсыз жатты. Жоқ, жоқ, түсі емес, өңі. Сүйкімді адамы келеді. Бес қадам... Төрт қадам. Үш-ақ қадам қалды... Неге тұрсың? Неге үндемейсің? .Неге жаймайсың құшағыңды? Сабыр, сабыр!.. Ол сенің қазіргі хәліңді біле ме екен? Хабарлаған жоқсың ғой, білмейді ғой! Ендеше оның турашыл, адал жүрегі сені жек көріп те болған шығар-ау... Байқа, байқа... Сен бекер босқа үміттеніп, ол қарамай, қол сілтеп көшеде масқара болма!..
Жалған намыс, батылсыздық, кетіңдер, жоғалыңдар! Жан достан алыстатпаңдар...
Төніп келген Жақыпбектің оң қолын ұстай алып, Әсима үн-түнсіз, көзінен жасты бұрқ еткізді...
— Неге жылайсың, Әсима?.. Табыстық қой!.. — деді Жақыпбек қызды өзіне тарта күлімсірей елжіреп.
Ар жағын айта алмай қыз тағы булықты.
— Әсима, айтпай-ақ қой, бәрін де білемін. Елизавета Сергеевнадан естігем... Өзің маған қарашы, тура қарашы, күлімсіреп қарашы!..
Қыз көкіректі тілгілеген барлық қайғыдан біржолата құтылғандай, енді ғана еркін дем алып, сүйген жанға қарақат көзінен бақыт ұшқынын шаша жаутаң еткізді.
Осы минут Жақыпбектің де есінде өмірі ұмытылмастай болып қалды.
10
Жұрт тарап, Әсима тергі бөлмедегі төсегіне енді ғана қисаюға мүмкіндік алған еді. Артынша әкесі де келді.
— Әсимажан, әлі ұйықтамайсың ғой.
Қызы төсектен басын көтеріп:
— Көке, отырыңызшы, — деді.
— Не, қалқам?
— Бұл жұрт хәліңізді сұрауға да уақыт бермей қойды ғой...
— Хал жаман емес...
— Жарты жылдық қалай аяқталды?
— Жақсы аяқталды.
— Завучтеріңіз бүлдіріп жатыр деп жүруші едіңіздер. Ол жағы қалай болды?
— Оның бәрі кейбір түсініспеуден туған жай сөз ғой, қызым.
— Солай деңіз...
Әңгіме біраз үзіліп, әкелі-балалы екеуі біріне-бірі көз алмай қарап отырды да, Әсима сөзін қайта бастады:
— Көке, сіз биыл тіпті қартайып кетіпсіз...
— Оның рас. Осы бір бала мені көп шаршатты. Қалауын табу қиын тиді.
— Ол әңгімелеріңізге түгелдей қанықпын...
— Жоқ, қызым, ұмытпасам, бұл жайында саған айтпасам керек.
Басқалардан естідім.
— Жұрттың сөзі не... — деді Күдері бөгеліп. — Әркім әр түрлі айта береді ғой.
Әркім әр түрлі айтып жазғаны да рас. Мен бірақ оны сөз етіп отырғаным жоқ. Нағыз шындықты айтатын адамнан естігенімді айтып отырмын.
— Оның кім?
— Оным — Елизавета Сергеевна.
...Соңғы кезде көп толғанған Күдері қызына не дерге білмей қиналды. Оған өз әбестігін мойындап қою аз секілденді. Мұндай әбестіктің қайдан шығып, қалай өpic алғанын, нендей сезімнен туып, нендей күймен өршігенін ақтара, тереңнен қазғысы да келеді. Өз басында болған сан алуан құбылыстардың да бәрін аңғартып, өткен ұзақ жолынан байқалған сүріністерді де шола кетуді көздейді. Соның ішінде биылғы мүдірісі бейне мертігудей көрініп ойға алған сайын қынжылады. Әсіресе, ішкі дүниесінде ойран салған түнеугі бір шыжалақ сезімдер есіне түсін, өзінен-өзі қысылып, жерге кіргендей болады. «Осынша тұрпайы сезініп, артымды осынша неге ойламадым екен» дегендей қазір сол алғашқы кездердегі ойынан да безіп үлгерген.
Алайда, өз басынан кешкендерді баяндай бастаса, бір түгіл, бірнеше түнге сыяр түрі көрінбейді. Ал, болған оқиғаны ортасынан түсіп, келте қайыруға тағы болмайды. Сондықтан қанша ұзақ болса да, қалдырмай айтуы қажет. Осы оймен ол өз басынан кешірген оқиғаның бәрін түгел баяндап, қызынан еш нәрсе жасырмады. Осының бәрін айтқан сайын бойы жеңіліп, кеудесінде толып тұрған әлденендей дерттен арылғандай болып, жаны жай тауып бара жатқандай сезінді.
— Мен өткен өздігімнің бәрін де сенен қанша ұяла, қысылып отырсам да, жасырмай айттым. Сен мені қалай деп жазғырсаң да ықтиярың. Оған тәнтімін. Жалғыз-ақ айтарым: бойымды жайлаған, бұрын елемеген кәрі аурудың тіршілігімізге тигізер зиянын анық ұққандай болдым. Рас, кешеуілдеп барып ұқтым... Сонда да осынын өзіне де бір жағынан қуанғандаймын...
Қызына көкейіндегінің бәрін ақтарғаннан кейін де Күдері тынши алмады. Қанша жадырап, аяқ-қолын еркін көсілейін десе де, көңілден бір түйткіл кетпейді. Әлдекімдердің алдында кінәлы, әлдекімдердің алдында қарыздар сияқты. Дәл бұл күндерде ешкім «сен былайсың» деп жатпаса да, өзінен-өзі қысылып, мойынындағы борышын жөндеп тындыра алмаған адамша арына пенде бола береді.
Бұл ауыр ойдан қалай шықпақ, қайтып шықпақ, — оның да жолын іздестіріп таппады. Ақыры, ол ойлап-ойлап бұл дертіне бір ғана шипа қалғандай көрініп, ертеңінде Керейге келді.
— Керей, мен саған ең жақын досым, жанашырым деп, кеудені жеген бір дертке шипа іздеп, ақылдасқалы келдім:.. Байқап отырсам, кірбіңім көбейіп, күнім озғанға ұқсайды. Халқыма пайда келтіре алмас күйге түсіп барам ба қалай деген шүбәдан да сау емеспін... Не істеуім керек, сеп маған ақылыңды айтшы!..
Күдері сөзінен анық ой ұға алмаған соң Керей:
— Сіз маған ештеңе ашып айтқан жоқсыз. Нені біліп ақыл беремін, — деді.
— Қазір мектепті басқару біз сияқты шалдарға қиынға соғуға айналған түрі бар. Осындай бір ой мені мазалай бастады. Құр қара көбейтпей, әрі жастардың жолына тосқауыл болмай, жөнімді білуім керек пе, қалай және жастар отырса, көбірек пайда келтірер ме еді деп те ойлаймын...
— Кәрі қартайдым деп сыр алдырса, жас жаспын деп аңғал сілтесе, жұмысты кім істемек? Мектепті кім басқармақ? Мұны ойладыңыз ба?
— Мен сол сыныңа түсіп жарамай, сыр алдырған мінімді өзімше ұққан болып, қатты қиналғандықтан, қолымнан келмесе, таскенедей жабысып жатып алмай, қолымнан келетінге ауысуым қажет шығар деп келіп отырмын.
— Мұныңызды мен құптамаймын. Рас, мұныңыз адал сезім, жауапкершілікті қиналып ұққаннан туған ар сезімі екеніне де түсінемін. Әйткенмен, совет азаматына адал болу ғана аз. Себебі, Отан артқан борышты адалдықпен, тілектес жақсы ниетпен ғана ақтай алмайсың. Олай ету: қол қусырып қарап отырумен бірдей...
— Қол қусырып қарап отырайын деген ниет менде жоқ...
— Оныңызды да ұғып отырмын. Сіз тегінде мынаны ескеріңіз. Біздің адамдардың қасиеті қолымнан келмеді деп мойындай салуда емес, сол қолдан келмес дегенді және білетіндігінде. Егер сіз тапсырған істі мүлтіксіз атқара алмадым деп шын қиналып келген болсаңыз соныңызға күмәнім жоқ. Өзіңізді ылдиға итермелемей, қияға салыңыз...
Күдері сол бір әңгімеден кейін тағы да көп ойланып, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін іздеді. Ол түйін — коллективті тыңдай біл, тыңдай біл де оны әрі бастай біл деген талап еді...
11
Біраз күн тып-тыныш бол бос қалған кластар бүгін қайта жанданып, мектеп іші қазандай қайнап қоя берді. Оқушылар жамырай айқайлап асыр салып жүгірмесе де, балаға тән ұрымтал жүріс-тұрыстан, әңгіме-сөзден коридор ду-ду үнге, жаңғырыққа гуілге толып барлық қабырға сөйлеп тұрғандай болып кетті. Төрт ай бойы күнде көріп, кірген, шыққан сайын көзі түсіп, қарап өтетін «оқушылар үшін ережеге» де шәкірттердің бүгінгі көзқарасы ерекше сияқты, бейне оны сағынып қалғандай даладан кірген бетте-ақ әр оқушы онға бұрылып, осы ережеге үңіледі. Оның әдемі бояумен жазылған нақыл сөздері оларға сол минутта-ақ оқушылық борышын есіне салып, үлкен жауапкершілік артады да, байсалды қалып білдіреді. Ал балаға біткен байсалдылық қандай қызық! Бірі аяғын еппен басса, бірі салмақтылық көрсетемін деп шамадан тыс, адымын керіп маң басып, бірі байыппен сөйлесе, екіншісі асыға сөйлеп, бірі жымиып күлсе, екіншісі күлкісін ірікпек болып, кішкентай аузы мен мұрнын қалқалап, балалық алуан даралылықтың әр түрін сездіреді. Осынын бәрі біреуден имену емес, саналы тәртіпке дағдылануға бет алғандықты аңғартса, сонымен бірге балалық мінезді, балалық ерекшелікті де көрсетіп, тосын адамға еріксіз езу тартқызады.
«Мектеп айнасы» газеті де бүгін талай назарды өзіне аударды. Оқушылардың бұған да көз тігуі түрлі-түрлі. Біреуі салған бетте басмақаласына үңілсе, екіншісі сықақтап салынған суретке, үшіншісі қысқа мақалаларға қадалады. Бағзы біреулері өз мақаласын іздейді. Ал, Сапар мен Жарқынның көзі орта бағанаға берілген кішкентай мақалаға қадалып қалған. Мұнда Сапар жайында жазылған. Оның жақсы оқи бастағаны, жарты жылдықты «екілік» бағасыз бітіргені, Жарқынның жолдастық көмегі айтылған. Бір мақалаға көз тігіп тұрған осы екеуінің оқысынан да екі түрлі қалып байқаймыз Сапар көзі күлімдеп, аузы сәл ашылып, мақалаға қадалып тұрса, Жарқын өзі жайында жазылғандықтан, тура қарап оқуға ыңғайсызданып, басқа бір мақаланы оқып тұрған адам болып, көз қиығын ұрлап жүгіртеді.
— Сапар газетке мақтап жазылыпты, — десіп сүйсінушілер де табылып жатыр.
Бұдан әрі газет Сапарды тағы бір жаңалыққа кенелдірді. Орта тұстағы едәуір көлемді мақаладан ол көзін ала алмай қойды. Онда күздік бидайды жаздық бидайға айналдыру жолындағы алғашқы сәтті тәжірибелер қатарында мұның да ісі аталыпты. Ол шыдап тұра алмай, Жарқынды түртіп қалды. — Мына мақаланы оқыдың ба? Екеуміз де мақталыппыз.
— Айғайлама!
Әйтен есіктен ентелей басып келген бетте-ақ басқаны қойып, өз өлеңін іздеді, көре алмай:
— Менің өлеңімді баспаған ба-ей, бұлар? — деп жанындағы Бектайға бұрылды.
— Көзің қайда кеткен, өлеңің тұр ғой, — деп Сейтен оған шегіне жол берді.
Оның өз өлеңін салған жерден таба алмай қалуының жөні де бар еді. Өйткені, Әйтен өлеңі баста 10-15 шумақ болатын. Ол газеттің кем дегенде бір бағанасын алуға тиіс екенінен үміттеніп, авторымыз шығармасын төскейден іздестіріп жүрген еді. Ал, газет бетінде ондай етектей өлең жоқ-ты. Оның өлеңі жал-құйрығы күзеліп, бір ғана шумақ болып, редакция алқасының үстінде қалған кішкентай орынға сына боп тұра қалған. Тұрғанда да жай тұрмаған, басқы бір жолы жөнделіп, келесі жолдың жеке сөздері өзгеріске ұшыраған.
Әйтен өлеңдегі өзгеріс жөнінде дабыраламай:
— Түу, көп қысқартып жіберіпті ғой, сыймаған-ау, — дегенді ғана айтып, ренжігендей болып тұр.
Оқушылар осылай газетке үймелесіп тұрғанда қоңырау соғылды. Бәрі де класқа тарап, газет маңы ғана емес, бүкіл зал бос қалды.
Екінші жарты жылдықтың алғашқы күнін оқытушылар да қуанышпен қарсы алып, мерекеге жиналғандай жақсы киімдерін киіп келгендігі сезіледі. Мектепке ең жақсы киіммен келу мұнда жыл басынан бері әдетке айналған еді. Ал, бірақ, көбінің бұл жолғы кигендері бұрын көріп жүргендерінен де басқа, су жаңа киімдер. Бұрын байқалмаған, осындай жаңа костюммен келгеннің бірі — Жақыпбек. Ол январь кеңесіне барғанда алып қайтқан қара-көк шевиот костюмін киіпті. Матасы пәлендей мақтарлық болмағанымен, соңғы модымен сәнді тігілген костюм үстіне қонып, мейлінше келісіп тұр. Бұған, әсіресе, әйел жолдастар көбірек назар аударып, манадан бері көз қиықтарын сан рет тастап та алды.
Киімі ғана өзгермеген, Жақыпбектің өз басында да біраз өзгеріс болғанға ұқсайды. Тіпті қағылез шағын денесі де алғашқы келгендегіден едәуір толысқандай, көзге қалқыңқырақ болып көрінеді. Жұқа өңді, бозғыл жүзі тотығып, қызғыл тартып, күлкіге толы үлкен қара көзінің мөлдір қарашығы бұрынғысынан да өткірленіп, жайнап, оты молая түскендей. Көз аумағы үлкендіктен бұрын жүдеулеу болып көрінетін кескіні де, бет-өңі басқаша шырай тапқандықтан, өзгеше рең аңғартады. Дене бітімі сида, бет пішіні ашаң болғанымен қазір оны жүдеу деп айта алмайсыз. Бұрын көзінің қиығында көзге шалынар-шалынбас жіңішке бір әжімдер болушы еді, ол да жоқ болып кетіпті. Көзі қазір де көп күлімсірегенімен қиығында бұрынғысындай әжім сызығы тартылмайды.
Еркектерден Жақыпбекке бүгін көп қарағыштап кеткен Күдері болды. Бұрынғы өз кабинетінен көп шықпайтын әдетін де ұмытып, ол бүгіп Жақыпбекке келгіштей берді. Сезімтал Жақыпбек мұны жақсы аңғарды. Оның бұл жорамалы, шынында да, дұрыс болып шықты. Соңғы үзілісте Күдері:
— Жақыпбек шырақ, қолың тисе, маған кіріп шықсаң, — дегенді ескертті.
Бұрын ол керек болса, кісі жұмсап шақыртушы еді, бұл жолы өзі келіп айтуы да Жақыпбекті ойға қалдырды.
— Жақсы, қазір барайын, — деді ол.
...Міне, ол Күдері кабинетіндегі үлкен столдың алдында тұратын жұмсақ екі орындықтың оң жақтағысында отыр. Бұл оның осында шүу деп келгендегі Күдерімен алғаш рет танысқанда отырған орындығы еді. Бірақ, Күдері ойдағыдай төрге, столдың артына бармай, мұның қарсысындағы орындыққа келіп отырды. Біріне-бірі қадала қарап, аз ғана үнсіз минут туды. Мұндайда әңгіме табылып, сөз үйлессе де, көз үйлеспей, жатырқап, ешқайда сыймай қоятын да бір кездер болады ғой. Біріне-бірі қарама-қарсы отыра қалған мына екеуі де осындай бір минутта көзде болатын жоғарыдағы қолайсыз құбылысты бастарынан кешірді. Қанша жүзбе-жүз келгенмен, көзге көз қадала бермейтінін, Күдеріні кім білсін, Жақыпбек бірінші рет дәл осы арада аңғарғандай болды.
Күдері болса, әлі де еркін шешіліп сөйлесіп кете алмай, әрі томсарып үнсіз отыра берудің де жөнін таппай, өзінен-өзі ыңғайсызданып, іркіле берді. Жақыпбек оның маталып отырғанын сезіп, әңгімені бастауға өзі себепші болды.
— Ақсақал, жай шақырдыңыз ба? — деп сұрады ол.
— Жай шақыруын жай шақырдым, — деп Күдері тағы да біраз бөгеліп қалды да, — сенімен бір әңгімелескім келіп еді, — деді.
— Жақсы, әңгімелесейік..
— Сен ғой маған ренжіп жүрсің, — деп бастап, Күдері ойға алғанына тіке көшті, — ренжитін жөнің де бар... Мен білместік еттім... Сені көпке дейін түсіне алмадым... Несін жасырайын, әшейін бір жаңғалақ бала көрдім... Енді, міне, кешірім сұрауыма тура келіп отыр...
Күдері сөзінен Жақыпбектің де жүрегіне жып-жылы бір сезім құйылғандай болып, орнынан ол ұшып түрегелді.
— Ақсақал, ол не дегеніңіз... Ұғыспау жөнінде мен де өзімді сіздің алдыңызда кінәлімін деп есептеймін... Менің де қателігім аз болған жоқ... Сізбен жұғысып кете алмадым... Албырттық, жеңілдік мінездерім, артық айтылған сөздерім де болды... Міне, ұғыстық... Түсіністік... Ортақ іске ортақ тіл таптық... Бізге керегінің өзі де осы ғой.
Екеуі де бұдан кейін тіл қатыспай ұзақ отырып қалды. Ал, дәл бұл минуттегі отырыстар «не айтамын, неден бастаймын» деген ой қыспағының дағдарысы емес еді, көпке дейін арқауы бірге оралмай келген көңілдің іштей қабысқан, үнсіз тілдескен тәтті минуті еді. Осы минутте Күдері Жақыпбек көзіне мейірімді әке сияқты болып көрінсе, Жақыпбек Күдері көзіне тура баладай болып көрініп, оны қарт адамда көп болатын көңілшек сезім билеп, көзіне жас іркіліп қалып тұрды.
Екеуінің жүзінен де: «түсінісу қандай жақсы едің!» — дегенді ұғу да осы шақ қиын емес еді.
Осы бір тәтті минутте Жақыпбектің көңілін тағы бір қуаныш билеп әкетті.
Тыста, терезе алдында, Сапар мен Сейтен көзге шалынды.
Олар әлдекімді күтіп, арттарына бұрылып, мектепке қарап тұрды. Өзара бірдеңелерді айтып екеуі күлімсірейді. Олардың қазіргі тұрысы да, күлкісі де сонау бір алғашқы шаңға аунаған күннен мүлде басқаша сезіледі. Оқушыға тән, сөзбен айтып болмас бір өскендік, іштей әдеміленгендік аңғарылады. Тіпті, күлкілерінің өзі де ондағыдан әлдеқайда сүйкімді боп алғандай... Әдепсіздік пен сотқарлықтан шыққан кеңкіл күлкі емес, көкейге саналы ой орала бастаған, бойға шақ, сезімтал, жарасымды күлкі....
Оларға мектептен шығып келіп Жарқын, Әйтен, Бектай қосылды. Бесеуі қатар түзеп жүріп кетті. Сумкаларын қолдарына ұстап қаздың балапанындай тізіліп бара жатқан осынау жас бүлдіршіндерден Жақыпбек көпке дейін көз алмады. Адам күйін шертер тамаша кәсіп — мұғалімдік өнер де, өз жанының тұнығы да солардың бойында ере кетіп бара жатқан секілденді.
Ол күлімсіреді. Ішін нұр жайлап, жүрекпен күлімсіреді. Бұл тек алғашқы айлар ғой деп күлімсіреді. Сөз жоқ, әлі талай ай, талай жыл осыларға арналады. Сонда, сонда бұлар қандай болады десеңізші! Кристалдай таза, шынардай мінсіз адам, міне осылар болады!..
Осы ой оны келешекке үңілтіп, келешектің қызығын татқызды. Мынау ұландар сол келешекке кетіп бара жатқандай болып елестеп, ертеңгі күннің қуанышы көз алдына бейбіт дүниенің шымылдығын ашып жіберді де, оның ой-қиялы алысты, ертеңгі коммунистік келешекті шарлап кетті... Көз алдында сәнді, сәулетті ертең тұр. Сол ертеңгі жер шарының беті бейбіт, рақат еңбекпен нұрланып, алып Отан даласы ғажайып көрікпен құлпырып жайнайды. Ойда да, қырда да мұнсыз, зарсыз шаттық күйі тербеледі. Сол ертеңгі Отанның, азат жердің иесі — тамаша адамдар бұған қол бұлғап, шақырып тұрғандай қиялына қанат бітіреді. Сүйікті Әсимасын ойымен құшағына қатты қыса түсіп, бұл соған асығады. «Сендерді тамаша адам етіп, бақыт сарайын салып берген біздерміз» деген мақтаныш сезімді жеткізуге асығады.
Бар әлемді құшағына сыйғызып, көз алдына үйіріп алып келген Жақыпбек: «Қуанышты ертеңі бар, сол үшін қызмет ететін адамнан құдіретті және бақытты кім бар екен» дегендей серпінді арман жұтып, кішкентай достарды әуелі көзімен, содан кейін қиялымен алысқа ұзатты...