- 27 сәу. 2018 00:00
- 244
Тыныштық сақшылары
Мешітбай Құттықов — Қазалы ауданы Бозкөл ауылының перзенті. 1951 жылы Қазалы ауданындағы Максим Горький атындағы орта мектепті (Қожабақы ауылындағы №25 орта мектебі) бітіріп шығады. Қызылорда педагогикалық институтын тіл-әдебиет мұғалімдігі мамандығы бойынша аяқтағаннан кейін, аудандық білім бөлімінде инспектор қызметін атқарады. Бұдан соң екі жылдық әскер қатарында болып, автомобиль әскерлерінің кіші лейтенанты дәрежесінде запасқа шыққан. Мешітбай Құттықов сол кезгі аудандық партия комитетінің жолдамасымен ішкі істер саласына қызметке жолданады. Милиция майоры М. Құттықовтың саналы өмір жолы ішкі істер саласының қызметімен байланысты. М. Құттықов өзінің еңбек жолында Қазалы және Арал аудандарының мемлекеттік автоинспекциясында басшылық қызметте болды. Ақын. 1977 жылы КСРО Жазушылар одағының мүшелігіне өткен. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Қаламгер, қоғам қайраткері Мешітбай Құттықов — «Құс жолы», «Ар-намыс», «Қайырлы түн», «Сапар», «Арал аспаны» атты жыр жинақтарының және «Аяқталмаған ән», «Қайдасың, Арал?» атты прозалық кітаптардың авторы. 1971 жылы Қазақ ССР-ы Ішкі істер министрлігі жариялаған республикалық конкурста «Бетпе-бет» атты поэмасы арқылы бірінші жүлдені жеңіп алып, арнайы дипломға ие болған М.Құттықовтың азаматтық үнге толы өзге де негізгі поэзиялық, прозалық және публицистикалық шығармаларымен қатар, өз саласы – ішкі істер саласы қызметкерлерінің өміріне арналып жазылған өлеңдері де аз емес. М. Құттықовтың ішкі істер саласы қызметкерлерінің өміріне арналып жазылған өлеңдері мектеп және арнаулы орта оқу орындары қабырғасындағы жасөспірімдердің құқықтық тәрбиесінде жасөспірім санасында мемлекет және құқық теориясында баян етілетін құқықтық сана, құқықтық тәртіп, құқықтық мәдениет ұғымдарын қалыптастыруда да, салауатты өмір салтын орнықтыру және рухани-адамгершілік тәрбиесінде де елеулі қызмет етіп тұрады.
Ақынның өлеңдеріне сілтеме: Мешітбай Құттықов
Деректер негізінде сайтқа ұсынған:
Ғабиден Қожахмет