Тоғыз дәруіш
Бұрынғы өткен заманда бір үлкен бай болыпты. Байдың тоғыз баласы бар екен. Бай өзінің қасиетті мылтығын алып, аңға шығуды жақсы көреді екен. Бір күні бай аңнан үйге келе жатып, қарсы алдынан шыққан буаз киікті атыпты. Киікті көтеріп үйіне келе ауырады. Екі күн төсек тартып жатып, үшінші күні балаларына:
— Қарақтарым, мен кешікпей өлемін, өлген соң мына мылтыққа таласпай біреуің алыңдар, егер таласа қалсаңдар мына жерде бір патша бар, соған барыңдар, ол біреуіңе әперер. Сүйтіп мені жақсылап көміңдер, — депті. Үш күннен соң әкелері өліпті. Әкелерін жақсылап көміп, енді мылтықты ақылдасуға кірісіпті. Еш қайсысына келісе алмай, ұрыс шығыпты. Сонда ең кішісі тұрып:
— Әкем ұрыссаңдар, патшаға барыңдар деп еді ғой, соған баралық, — депті.
— Барсақ барайық, — деп тоғызы патшаға келіпті. Патша мылтықты алдына қойып:
— Мылтықты алу үшін сендер өздерің қандай өнер білесіңдер, соны маған айтыңдар. Сосын берем, — депті. Ешқайсысы үндемепті.
— Сен айтшы, — деп ең үлкеніне қарапты.
— Мен былтырғы ұшқан құстың жолын биыл иіскеп білемін, — депті үлкені.
— Мен бір тобылғыны жұлып алып, тоқсан басты үй соғамын, — депті онан кейінгісі.
— Мен құбылаға қарап намаз оқып, ақ мүйізді ақ қошқар, көк мүйізді көк қошқар түсіремін, — депті үшіншісі.
— Мен бір күндік жерден сыққан сіркенің даусын есітем, — депті төртіншісі.
— Мен бір қурайды беліме қыстырып алып, бір күннің ішінде дүниенің төрт бұрышын айналып шығамын, — депті бесіншісі.
— Мен ұйықтап жатқан қоянның ішек-қарнын ұрлап алам, — депті алтыншысы.
— Мен аспанда көзім жеткен нәрсені атып түсірем, — депті, жетіншісі масаттанып, мылтыққа қарап.
— Мен аспаннан түйе болмасын, түйме болмасын, не болса сол болсын, жалғыз тырнағыммен түсірмей қағып алам, — дейді сегізіншісі.
— Мен жердің астын тесіп, қалаған жерімнен қайтып шығамын, — депті ең кішісі.
Патша түрін суытып:
— Бәрің де өнерші екенсің. Жақында алтын сарайға салып бағып отырған қызым жоғалды. Соны сендерден басқа ешкім алмапты, тауып беріңдер, — депті.
— Біз алғанымыз жоқ, тақсыр, бірақ қызыңызды іздеп көрелік, — депті тоғызы.
Патша мылтықты ең мергеніне беріп, барлығын қызы жоғалған сарайға алып келіпті. «Мен білдім кім әкеткенін, — деді ең үлкені сарайдың төңірегін иіскелеп, — бір мәстен-жалмауыз алып қара құс болып келіп, алып кетіпті».
Патшадан жол қаражат алып, тыңшы қызды іздеуге шығыпты. Бір неше күн, бірнеше ай жол жүріпті. Азықтары таусылыпты. Бір мезгілде қар жауып, боран болыпты. Сонда біреу:
— Ей, бір тобылғыны тоқсан басты үй қылатын, мырза, үйіңді жасасайшы, тоңдық қой, — депті.
Бір тобылғыны жұлып алып тоқсан басты үй істеп, бәрі жылыныпты.
— Қарын ашты ғой, қошқар түсіретін, мырза, — депті біреуі. Үшіншісі құбылаға қарап намаз оқып, ақ мүйізді ақ қошқар, көк мүйізді көк қошқар түсіріпті. Оны сойып, асып жеп тойыпты. Қалғанын қоржындарына салыпты. Тағы жол жүріпті. Бір үлкен дарияға кездесіп, арғы жағынан бір қара үйге көзі түсіпті.
— Ойбай, тоқтаңдар, бір сыққан сіркенің даусы естіледі, сол үйден, — депті төртіншісі. «Оған мен барып көріп келейін», — деп бесіншісі бір қурайды беліне қыстырып алып, дариядан өтіп қайта келіп былай депті: «Бір қыз бір кемпірдің басын қарап отыр екен. Сірә, қыз патшанікі болу керек». «Онда әлгі қоянның ішек-қарнын ұрлайтынды ертіп ал да, алып кел», — депті бұлар.
Ұрлықшыны арқасына салып, әлгі үйге апарыпты. Ұрлықшы барып кемпірдің басына қазанды төңкере салып, қызды ертіп шығыпты. Екеуі жер кезгішке мініп, дариядан өтіп қалғандарына келіпті. Қыз, сұрастыра келсе, патшаның қызы екен. Енді жүрейін деп тұрғанда кемпір алып қара құс болып ұшып шығып, қыздың бұрымынан ұстап аспанға алып ұшып кетіпті. Торғайдай болғанда мергенші атып салыпты. Сонда қыз аман қалып, кемпірдің кеудесі бір бөлек, бөксесі бір бөлек болып кетіпті. Қызды сегізіншісі қағып алып, суға түсірмепті. Кемпір суға түсіп, дария толқып, арнасынан асып кетіпті. Жерді су қаптап жүруге мүмкіншілік болмай қалыпты. Сонда ең кішісі жерді тесіп, бәрі жер астымен жүріпті.
Бір жерге келгенде, «патша осы жерде шығар» деп жер үстіне шығыпты. Патша намаз оқып отыр екен. Жер астынан адам шыққан соң, патша талып қалыпты. Сонда бәрі қорқып қашып кетіпті. Ал ең кішісі мен қыз патшаның басын сүйеп, су құйып тірілтіпті. Патша бәрін шақырып алып мал беріп, ырза қылыпты. Ал кішісіне қызын қосыпты. Сөйтіп, тоғызы мұратына жетіпті.