- 27 қар. 2019 00:00
- 245
Тоқта баяу
Әке мен шешеден жастай айрылған екі бала байдың қозысын жайып, тезегін теріп, қалған-құтқанын жеп, ескісін киіп күн көреді. Халық аузындағы қай дастан, қай әңгіме-аңызда болсын байлар қатыгез болады. Олар үшін бір баланың қарны ашып, киімі жыртылып, көз жасының сел боп ағуы бір тоқтының маңырағанындай әсер етпеген. Керісінше, тоқты-серкеш маңыраса, жүрегіне шаншу боп қадалып, қолына қамшы ұстатқан. Екі жетім де байдың осы қатыгездігін көріп жігері құм боп өседі. Өлі таяқ өршіл жүректі өкпедей езіп, жас өмірді жасық өмірге айналдырады.
Шілденің аптап ыстығында байдың ауылы көшеді. Баяғы әдетімен бай екі жетімге қозыны тағы да жаяу айдатады. Көш жеткен күндік жолда қозы айдаған екі бала әбден шаршайды. Ересегі буыны құрып, табаны таусылғанын інісіне білдірмесе де, інісі шаршағанын жасыра алмайды. Шөлден діңкесі құрыған кішісі қозы айдаған ағасына ілесе алмай жылайды, жылап келе жатып «тоқта баяу», «тоқта баяу», — деп жалынады. Баланың сол жалынышын сыбызғышы сыбызғыда осылай тартқан екен.