Туған жер
I
О, дариға, алтын бесік туған жер,
Қадіріңді келсем білмей кеше көр.
Жата алмас ем топырағында тебіренбей,
Ақын болмай, тасып болсам мен егер.
Қасым
Пойыз жүрер алдындағы сәтті есіңе түсірші: қоңырау соңғы рет соғылған, жолаушылар мен шығарып салуға келген кісілер айрылысар алдындағы сөзін асыға-үсіге айтып, қоштасып, құшақтарын енді ғана жаза, ажыраса береді де, әлденені ұмытқандай қайта оралады, қайта құшақтасады, қызыл бояу жаққан ерін қайыс ерінге қайта жабысып, бас-аяғы жоқ бір-бір сөз, бір-бір ауыз тілектерін жолдап, абыр-жыбыр, ал кеш қалған жолаушылар дәл бір өрттен шыққандай, есі-түсі қалмай етек-жеңі далақтап жүгіріп келеді.
Жасыратыны жоқ, жылжып бара жатқан пойызға екі етегі далақтап жеткен жолаушының мен де бірімін. Қара терге түсіп, алқынып барам. Шығарып салған жолдастарым да ренішті. Қайсыбірі құрдастығын арқаланып боқтап жатыр. Олармен қалай қоштасқанымды да білмеймін. Құшағымдағы кішкентай баламнан бауырымды жазып, қасымда жүгіріп келе жатқан шешесіне ұстата салдым да, көк шолақ пойызға бір-ақ ырғыдым. «Ісі құрсын. Әр кездегісі осы», — деген ренішті біреудің дауысын құлағым шалды. Жиі-жиі есіте бергесін әсер етпейтін сөздер болады. Кісі ұрысқанға да үйренеді. Жолдастарымның әлгіндей ренішіне қысылу орнына күлімсіреппін. Купеге заттарымды кіргізе сала қайта шықтым. Кісі-қаралар үймелеп тұрған терезеге.ентелеп барып мен де үңілгенде, көк шолақ пойыз құниып тартып, сыпыртып ұзап та кетіпті.
— Жә, қайтесің,— деді сырт жағымнан салқын дауыс.
Жолдасым. Жазушы. Осы сапарға бірге шықтық. Арал теңізіне барамыз. Балықшыларды аралаймыз. Бүйіріміздің бір жағында Барсакелмеске барсақ деген ой да жоқ емес. Жолға шығар алдында атақты саяхатшылар мен ұлы жиһангерлер жайында көп оқитын бір жігітке осы ойымды әлдеқалай айтып едім, басым пәлеге қалды. Барсакелместің атын есіткенде, оның маған одырая қарамасы бар ма. Шамасы, сірә, осы сапарымыз оған дәл бір Синбад теңізшінің шырғалаң саяхатындай көрінсе керек. «Естерің дұрыс па? Онда жылан көп. Айдаһар да бар деп жүр. Екі-үш жыл шамасында бір үлкен саяхатшы-ғалымның мақаласын оқығаным бар. Сол арада теңізге төніп тұрған биік құз жардың басында птицезаврдың бір жұмыртқасы миллион жыл жатыпты. Жоқ, сен күлме! Айталық, жұмыртқаны жарып шығар кезде балапанның леаргиялық ұзақ ұйқыға шомып кетуі мүмкін ғой», — деп, жиһангерлер жайында көп оқитын әлгі ақылгөй жігіт бізді жібермей, халық ағылып жатқан көше ортасында тұрып қалғаны бар емес пе...
Алматыдан шығып, купеге жайғасып отырғасын осы әңгіме есіме түсті. Езу тарттым. Өзінен басқа кісі ештеңе білмейтіндей-ақ қыр соңыңнан қалмай жүріп ақыл айтатын әр қаланың дәл осы жігіттей бір-бір білгіші болады. Ондай білгіштер Барсакелместі әлі күнге папуастар экзотикасынан қалған ескі көздей көреді. Осыдан төрт-бес жыл бұрын бір журналистің мақаласын оқыдым. О да жаңағы жігітше есіткен-білгенін әсірелеп өсіріп айтпаса ішкен асы бойына сіңбейтін біреу болуы керек. «Жазатайым, Барсакелмеске бара қалсаң тұрғын халықтар алдыңнан шығып, сәлем-сауқаттан бұрын - сақтаныңдар, бұнда улы жылан көп», — деп ескертеді. «Шынында да, улы жыланнан аяқ аттап жүре алмайсың», — деп жазыпты. Біз Барсакелместе, үш күн болып, су ортасындағы алақандай аралдың басы-аяғын қанша аралағанда бұта түбіндегі інге кіріп бара жатқан бір қарыстай сұр жыланды шаққа кездестірдім. Бұл жұрт қызық, улы жыланға тақымы толмаған соң, енді әнекей, айдаһар мен самұрық құсты ойлап шығара бастағанын көрмейсің бе.
Ішіме сыймай бара жатқан ренішімді айтқым кеп, жанымдағы жолдасыма бұрылып едім. Бұл шақта ол терін басыпты. Костюмын шешіп, көйлегінің жоғарғы түймелерін ағытып тастапты. Әдеттегідей аузында темекі. Бір аяғын бір аяғына салып, сырт жағындағы жастыққа жауырынын сүйеп шалқалап апты. Ақжарқын, ашық жігіт. Қашан келсең де дүние-мүлкі жиналмай, шашылып жататын қатыны салақ үйдей, осы жігіт сырт көзден сырын бүркемей, ашық-тесік жүретін жағадай. Рас, кейде қайдағы бір көңілсіз ойды іздеп тауып ап, өз ішіне өзі үңіліп кеткенде әншейіндегі сыршыл, сөзшең мінезінен жаңылып, үнсіз сарылып кететін кезі болады. Ондайда қашанғы қарасұр жүзі кенет көкшіл тартып, қас пен қара бұйра шаштың арасында жатқан кең маңдайында қатпар-қатпар әжім жиып ап, әлденеге іштей жиырылғандай боп жүреді. Қасындағы кісіден көңілі қашықтап, ойымен әншейіндегі әзіл-қалжыңынан, ойын-күлкісінен тыйылып, мүлде басқа бір дүние қамын жеп отырғанын байқайсың да, тіл қатқың келсе де тартынып қалатынсың.
Аралға жеткенше ол өзінің ой басқан енжар күйінен серпілмей, сұлық жүрді. Қатар отырып көз қырымды тастап қоям. Осы жолға шыққанына өкініп отырғандай. Қөңілін көтергім кеп оны ресторанға апардым. Есікті ашар-ашпастан-ақ алдымыздан неше түрлі тағам исі аңқып қоя берді. Адам көп. Вагон іші қапырық, ыссы. Байқаймын, жолдасыма ресторанның ішіп-жемі ұнамады. Қапырық ыстықтан да мазасы кетіп отыр. Соны сезгесін оның көңілін делбемек боп:
— Ертең Аралға барғасын жас балыққа тоямыз, — деп құлақ қағыс қып едім, жолдасым жүре тыңдап, салғырт қана бас изеді. Айтпақшы, ас ішіп отырып ол темекі шекті. Көрші столда отырған біреулер наразылық білдіріп күңкілдеп еді, бұл құлағына ілмей, осындай жердегі өзінің ежелгі бір көкбеттігіне бағып түтінін будақтатып отыра берді.
Түркістаннан өттік. Күн тіпті қатты ысып, купе іші қайнап кетті. Терезені сәл-пәл ашайын десең-ақ сырттан ыстық аптап лап беріп, беті-жүзіңді жалын шарпып алады. Жанымды қоятын жер таппай бара жатқан соң мазам кетіп, бір отырып, бір тұра бастадым. Жолдасым болса осынау аспан айналған ыстықты да сезбейтіндей, өзінің баяғы бір бейжай қалпында былқ етпестен жатыр. Маңдайындағы әжім сайларының арасында жылтыраған терді көргенде ғана мына ыстықтың оған да оңай тиіп жатпағанын байқадым.
— Аралға барғасын рахатты көреміз. Шіркін, несін айтасың, Арал суы асыл ғой. Теңіз түбінде табаныңа бататын не тас, не ұйық жоқ, күмістей ақ қайыр бассаң сықыр-сықыр... —дей бергенімде, жолдасым мырс етіп күліп жіберді. Мен жым болдым. Осы жолға шыққаннан бері ішіме сыймай келе жатқан Арал өңірінің асыл қасиеттері тамағыма тіреліп тоқтап қалдым. Қасымдағы қайыс беттеніп алған қарасұр жігітке енді қайтып жұмған аузымды ашқым келмеді. Осыдан бастап оны өлердей жек керіп келем.
Мінін жасыратын кісілер болады. Туысынан тым аса қуысшыл келе ме, әлде шамшыл, әлде секемшіл келе ме, әйтеуір қалай болғанда да ондай кісілер өз намысына өзі өртеніп, жұрт білетін мінін шалғайымен жапқандай қымтап болады. Со сияқты туған жерінің мінін өз бойындағы мініндей керіп, оған да намыстанып, өртеніп, шамаң келсе оны да шалғайыңмен жапқандай боп жүресің. Туған жерің — туған анаңдай өзіңе ыстық. Тасы мен топырағына дейін жүрегіңді шоқтай күйдіріп тұрғанын, сен өзгелердің де осы жұпыны даланы жаны үзіле жақсы көріп, айдай әлемдегі бар жердің бәрінен де шоқтығын асырып, Арқадағы сол анау Көкшетаудай, не әлде Қарқаралыдай жер жаннаты болғанын қалайсың.
Туған жеріңді мақтаса, тап бір өзіңді мақтағандай төбең көкке жетеді. Көңілің өсіп, аруақтанып қаласың. Өйткені, ол шыр етіп жарық дүниеге келгенде алғаш рет жауырының тиген, кіндік қаның тамған жер. Баяғы бала кезіңде осы даланың май топырағын жалаң аяғыңмен бұрқылдатып басып, зырлап жүгіріп қозы-лақ қуып өстің. Табаныңа осы даланың шөңгесі кірді. Сарша тамыз шілдеде осы даланың топырағы қайнап, табаныңды шоқтай қарып күйдіріп бара жатқасын, есіңде ме, сен кенет тұра қалып кір-кір тұмсығыңның ұшын қинала кіржитіп, екі аяғыңды алма-кезек көтеріп желге қақтырып алатын едің де, зырлап жүгіре жөнелетінсің.
Иә, бәрі-бәрі есімде. Кісі өз өмірінің ондай шағын ұмыта ма? Табаныңның астында май топырақ бұрқылдап, соңында ізің жосылып қалып бара жатады. Басқа балалардан гөрі менің табаным жалпағырақ болатын. Сондықтан Әрен сияқты әзілқой ағаларым мені «майтабан бала» деп мазақтайтын. Осы ағам жұрт жиналған жерде үнемі ызама тиетін. «Аяғыңның ізін салайын ба?» деп бір аумақ жердің құмын алдына үйіп алып, төбесінен алақанымен баса қалғанда, айтса-айтпасада өз аяғымның ізін көретінмін. Ол кезде ызаланып жылаушы едім. Қазір күліп жатырмын. Тек, қасымдағы көкбетке көзім түссе, күлкім тыйыла қалады. Кісі үлкейген сайын кекшіл болатын көрінеді. Ал, жас кезімізде намысшыл едік. Жас кезіңде аңғырт, алаңғасарсың. Алаңғасарлық ақыл тоқтатуға мұрсаңды келтірмейді. Тегі, сірә, кісі жас кезінде асау аттың үстіндегі баладай, бастықпаған сезімімен алысып құйқылжып жүріп, көп нәрсені байқай бермейтін болса керек. Қазір бала емессің. Ақыл тоқтатпаған жас та емессің. Сол сияқты өз өміріңде жамандықты көп көріп, жүзі майрылып шар тартқан шал да емессің. Осы күні өзіңе-өзің қатал сыншы боп көлденең кісіден бұрын өз мініңді өзің байқайтын халге жеттің.
Жә, сен өзіңе қаталсың. Кемшілігіңе кешірімсізсің. Жолдасыңа және солайсың. Сонан келе... Туған жеріңнің мінін көретін жерде түк көрмей, құдды көзі байлаулы кісідей жүретінің қалай? Сенің көңіліңе салса, туған жердің топырағы да алтын. Осынау қайнап тұрған қапырық ыссы желіне дейін қыз қолындағы торғын орамал желпіп өткендей, жаның жай тауып қоя береді.
Жә, оны қоя тұралық. Жаз айындағы Алатаудың қойнауын білесің ғой, қарағайы көкке өрлеп, ал көгі белуардан келетін, сулы, сабатты сай... ой, несін айтасың, жер жаннаты ғой. Мәуесінде бұлбұл сайраған жасыл ағаш саясында, таудан аққан мөп-мөлдір тұма бұлақ суына аяғыңды малып, рахаттанып отырғанда, шыныңды айтшы, айдай әлемде осыдан асқан жер бар деп ойлайсың ба? Сол сәтте басқа ел, басқа жер, су, сірә, сенің есіңе түсе ме?
Е, түскенде қандай! Кейінгі жылдары дәм-тұз айдап кең дүниенің қай қиырында жүрсем де, Арал теңізі мен Арал даласы бір сәт есімнен шығып көрген емес. Шын айтам. Ақиқат шыным сол! Жә, сен де қайдағы жоқты соғады екенсің. Сондағың шаңы бұрқылдаған Арал ма?! Сол да жер боп па? — деп қолын сілтейтін кісілерді білем, соның бірі қасымда келе жатқан мына көкбет. Бұларға не деуге болады. Атаң қазақ: «көрмес түйені де көрмес» деген. Көк шолақ пойызбен тұсынан сыпыртып өтіп бара жатқанда менмен тәкаппарлығы ұстап тыжырына қалатын кісілерге Арал өңірінің көктемгі шағын айтпай-ақ қояйын. Көктемде қай жерде жігітін күткен қыздай, жасыл желекке оранып жасарып тұрады ғой.
Сонау бір жаз ортасы ауып, Арал маңындағы мидай жазық сары даланың қылтанақ шөбі күйіп, құп-қу боп жүдеу тартқан кезде, салт атпен жолға шығып көрдің бе өзің? Аузыңды шыт орамалмен шарт байлап тартып алғансың. Атың мықты. Тақтайдай жазық далада көзіңді қиядағы қарайған бір ноқатқа тігіп алып, сылқытып тартып келесің. Көз ұшындағы қарайған нәрсе жуық арада жеткізбейді. Сен әбден сілең қатып шөлдеп, шаршаған кезіңде, кенет алдыңнан бір терең сай — Үкілі сай, не әлде Тораңқұл сайы кездеседі. Сай бойының көгалы ыстыққа шалдықпаған. Ала-бөле ат қапталынан келетін қаракөк жусан сай бойына сыймай, қақалып тұнып тұр. Ық жағынан келген жолаушыға жақындар-жақындамастан-ақ осынау көк майқара жусан исі бұрқырап, мұрныңды жарып қоя беретінін айт! Жер асылын жылқы жануар да кісідей сергек сезеді ғой. Әлгіндей сай алдыңнан сылаң еткенде, көк шөп исін сенен бұрын атың сезіп, қос құлағын тігіп оқыранып қоя береді-ау! Арал жеріне папуас экзотикасынан қалған ескі көздей қарауыңды қойып, сен өзің, кәне аттан түсші. Ат тұсарлығынан келетін көк майқара жусанға кеудеңді басып, көміліп жата кетсең болғаны, тау басынан сылдырап аққан сусыз да, шамалыдан кейін-ақ, денең салқындап, бойың сергіп, жол соғып шаршағаныңды да ұмытып, құдды бір қыз қойнынан шыққан жігіттей құп-қунақ боп көңіліңді шаттық кернеп кетеді. Ән салғың келеді. Жиһангерлер жайында жазылған бір мақаланы қаза жібермей қуып жүріп оқитыныңды білем, ал, сен Арал маңының мидай жазық даласымен жалғыз келе жатып ән салып көрдің бе? Өмірінде «әу» деп көрмеген кісі де осы арада өзін әнші сезініп кететінін білесің бе? Жә, сен оны қайдан білейін деп едің. Сыртыңа шығарып айтпасаң да, сенің арғы жағыңдағы бар ойың алақанымда сайрап тұр. Сіз бен біздің ұғынысуымыз қиын. Сіз бен біздің жөніміз басқа екенін баяғыда-ақ білгем.
Қысқасы: сен, пойыз үстінде де туған жеріңді қасыңдағы жолаушыларға қалай мақтарыңды білмей, жүрегіңдегі жылылығың ішіңе сыймай алып ұшып тұрғанда, терезе алдына жиналған кісілердің ішінен әлдебіреудің көңілсіз күңкілін есітесің. «Япыр-ай, мына араның халқы қалай тұрады екен? Кісі саялар бір түп тал жоқ. Күні қандай қайнап тұр!»
Мынау екі көзіңді бақырайтып қойып, шаршы топ алдында, насырыңды шұқып айтқанмен пара-пар. Екі күннен бері шұрқырасып сөйлесіп келе жатқан кісілерді сен, енді бір сәтте жек көріп кетесің. Бұл арада бір күн болған жоқ, бір кісімен тілдескен жоқ. Сүйте тұра әлгіндей тұрпайы, дөкір сөзге қалай аузы барады? Курьер пойызбен сыпыртып өтіп бара жатқан көлденең көк атты сырты жүдеу өлкенің қай сырына көзі жетті екен?
Кісі өтірік айтайын деп айтпайды. Көңілінде қиялы ажарлап алған әсерін ғана айтады. Әлі есімде: әне бір жылы Аралға бара жатып ел үстінде жатқан Мұқан Иманжановқа соқтым. Марқұм балықты жақсы көретін. Қос шекесінде көк тамырлар бадырайған қу сүйек арық жүзін маған бұрды.
«Жүрем де?»
«Иә, жүрем».
«Балықты армансыз жейсің-ау, енді».
«Бұйырса... талайына тісіміз тиер».
«Сендерде сазан бола ма?»
«Е, болғанда қандай. Шәугім бас, сары сазан бізде болсын».
« Үлкені қандай болады? »
Азырақ іркіліп қалдым. Мұқан марқұмның өсіріп айтқанды да, өтірік айтқанды да ұнатпайтынын білем. Мейлінше дәл айтқым келді. Және неғұрлым көзімен көріп, қолымен ұстағандай болғанын жөн көріп, үй ішінен теңеу іздеп отырғам-ды. Кенет ауызғы бөлмеде ас ішіп жатқан Мұқанның екі баласына көзім түсті. Әкесіне тартқан сирақты ұзын баланы көргенде іздегенім табылғандай қуанып кетіп:
— Дәл ана Мақсұттай сазандар болады, — деп едім, Мұқан марқұмның ұзақ ауру қажытқан қансыз бетінде күлкі білінді.
— Қой, бауырым, мынауың артың болар. — Қысылып қалдым. Қатемді тезірек түзегім кеп:
— Мақсұттай болмағанмен, ана Рүстемдей сазандар болатыны анық, — деп кішілеу қоңыр баланы көрсеттім.
Мұқан марқұмның өңіндегі әлгі күлкі ұлғая түсті.
Бұл теңеуімнің де дәл ойынан шықпағанын байқап, бұрынғыдан бетер қызарып кеттім.
— Бауырым, бұнан да гөрі кішірейте түссең қайтеді.
— Жо-жоқ, Мұқа, бұнан кішірейтпеймін, — деп мен де қитабанданып жатып алдым.
Кейін Арал теңізінде болғанда балықшылардың ауынан шығып жатқан анау-мынау емес, тап бір кісідей-кісідей сары бауыр сазандарды көріп, сол жолы марқұм Мұқан алдында бекер қысылғанымды білдім. Көрмеген кісі қайдан сенсін. Әйтпесе, Арал теңізінде бір центнерден асып түсетін бекірелер бар. Ал, қармаққа түскен жайынды жазылы қардың беліне кесе көлденең салғанда, жайынның басы жерге тиіп, құйрығы сүйретіліп жатқанын көрдім. Асырып айтқаным емес, осы Арал өзім көріп жүрген теңіздердің көбінен балықты. Аңшылық секілді балық аулаудың да өзіне тән қызығы мен тамашасы бар.
Мәселен, көктем кезінде Изенді деген жерде ше мая маусымы басталады. Бір көрінген қызғалдақтай тез өтетін ойын балық. Осы Изендіде, су ортасында жарланып тұрған үйдей биік тас бар. Осы тасты Шулыған деп атайды. Ал, енді бар-ау өзі Шулыған десе шулыған. Жел шырадай тынып, ұлы теңіз солығын басып аппақ боп жалтырап жатқан аңқ тымықта да, су ортасына тіккен ордадай боп тұратын оқшау бітімді Шулығанның маңы ақ жалданып, өкіріп шулап жатады.
Бір қызығы, көктемде шемая атаулы балық Шулығанның көк тасына жиналады, осы араға балықшылар жылда-жылда Арал теңізінің өр түкпірінен жиналып бір айдай ұлы дүбір салады. Неше түрлі әнші, сауықшы осылардың арасынан шығады. Сәт сайын отты, өткір айтыстар бұрқ етіп тұтап, кинолар, концерттер қайта-қайта қойылып, балығымен бірге ойын-сауығы маздап теңіз өмірінің ең бір естен кетпес қызық сәтіне куә боласың. Бұл кездегі балықтың көптігі сонша, кейбір қарық қып тастаған жылдары бүкіл балық заводтары мен Аралдағы комбинат жабылып жатқанда игере алмай, Изенді басы қан сасып кетеді.
Қолдан келсе көзбен көргенге не жетсін. Пойыздан түскесін біз де катерге отырып, теңіздің шығыс жағына тарттық. Осы сапарымызда біз — Бөген, Қарашалаң, Қаратерең бармақпыз. Бұл аралар балықшылардың киіздей ұйысқан қалың жері. Және Сырдарияның теңізге құяр сағасы.
II
Тұщы суы мол болғандықтан бұл араның халқы балықпен қатар үй іргесіне бақша-бауын қатар өсіріп, жылда күзге қарай Арал қаласына қауын-қарбызды төгіп тастайды. Ертеректе — бір болғанымызда қырық бір килолық қара қарбызды көріп жағамызды ұстағанымыз бар. Кейін, Москваға барып жүргенімізде Қазақстан павильонынан осы қарбыздай бір қарбыз көре алмадық. Көрме сөресінен кіл көк түйнектерді көргенде көңілің жүдеп қоя береді. Иә, кейде дәл осылай мақтанарлық нәрсеңмен мақтана алмай қалатын кезің болады...
Ретті жеріңде мақтану керек қой. Тек, бос шелекті даңғыр-даңғыр қаққандай, беталды даурықпаған жөн. Басқасы басқа. Кейбір тұзы жеңіл бастықтар шөбі шабылмай, малы бағылмай, еккен астығы шықпай қысқа күйсіз келген жылда да, алдағы ақиқат қиындықты халықтан жасырмақ болады. Ынталы халықты әр кез көземелдеп жұмыс істетудің орнына әлгіндей тұзы жеңіл бастықтар жұрттың бәрін желөкпелендіріп, жүрген жерін дырду думанға айналдырып, дақпыртпен, даңғазамен таң атырып, күн батырды. Істейтін іс таба алмағанда еріккен кісінің бір галошты бір галошқа сұққан ермегіндей, әлгіндей тұзы жеңіл бастықтар бір кездері бітіп тұрған нәрсенің өзін бүлдіріп, аударыстырып-төңкерістіріп жатты-ау.
— Мынау не тау?
— Үш шоқы ғой.
— Шоқы?!
— Иә, шоқы.
— Ғажап... Ал, мынау тау ғой. Үш сүйір тау. Бұларды неге өлгенше кішірейтіп шоқы деп атады екен?! — деп жолдасымен мына тауларға ат қойған біздің ата-бабаларымызға ренжіген райын танытып тұрды да: — Асылы, басқа қазақтай емес, балықшылар сөзге сараң, суық көңілдеу болар, — деп түйді.
— Көресің ғой.
— Иә, көреміз.
Ертеңгілікте аздаған ирек толқын бар еді, теңізге шыққалы жел басылып шырадай тынып қалды. Көк аспанда адасқан сеңдей, әлдеқандай ақ бұлттар көрінеді. Шілде күні тас төбеге кеп шақырайып тұрып алса да бір жақсысы теңіз үсті қағу. Күн астында керілген ашық айдын жайып тастаған аппақ ақ атластай жалтырап, көз қарып тура қаратпайды. Аралдан шыққалы жүрдек катер бір әуеннен танбастан гүрілдеп тартып келеді. Сүйір тұмсығы қанжардай. Ақ тымықты ақ шарбы майдай жарып, екі жағына жарпақ-жарпақ аударып тастайды.
— Тамаша! Рахат мұнда екен ғой! — деді жолдасым. Қанша көкбет болса да райынан қайтыпты. Кеше жол үстінде онан керген жәбірімді ұмытатын емеспін. Осы арада жиһангерлер жайындағы хикаяны жанындай жақсы көретін Алматыдағы ақылгөй жолдасы есіме түсті. Сырт түрім сабырлы қалпын сақтаса да, ішімде түйілген дың жатыр. Әр журналдан бір оқып, үзіп-жұлып алған шым-шым әсерлерін дәл бір өз басынан шыққан дүниедей ғып маңғазсып жүретін сырты сұлуларға жыным келеді. Өздеріне Арал теңізінің осы бір көрінісін көрсетер ме еді деп ойлайсың. Арал десе тұмсығын көтеріп шыға келетін кісілердің бірі қасымда тұр. Кеше ол аудан орталығын аралады. Балық тоңазытатын комбинатты, мемлекеттік пароходствоны көрді. Бүгін... міне, ұшан-теңіз үстінде жүзіп келеді. Ертең Қарашалаң көлінен моторлы қайыққа мініп, ит тұмсығы батпайтын нар қамысты Жарма каналымен қақ жарып өтіп, Сырдария өзеніне шыққанда Арал табиғатының талай таңғажайыптарын көретініне көзім жетеді. Арал теңізінде туып өссем де дәл... осы Жарма бойындағы нар қамыстай қамысты көрген емеспін. Жапониядағы Бамбук орманын көрген жоқпыз. Ал, Фенимор Купер романдарындағы кітап бетінен кісі үрейі ұшып отыратын ну қамыстар ғана осындай болар-ау деп ойлайсың. Жармадан жүзіп өткен сайын, тап бірі ертеректерде ұшырасатын хикаялы дүниенің құпия сырына кіріп бара жатқандай боласың. Қалың қамыстың әрқайсысы кісі білегіндей және көкке шаншылған қамыс басына көзің жетпейді. Осындай ну қамысты бір қайық сыйғандай каналмен қақ жарып келе жатасың. Нар қамыстың арасына қалыңдап кірген сайын саған өзің де, қайығың да, қасыңдағы кісілер де қораштанып кішірейіп баратады. Мынау ертегі дүниелердегі жалғыз көзді дәудің мекені емес екенін білесің. Адам жейтін алып жыртқыштың бір қалтарыста болмаса бір қалтарыста қалыңды тосып андып тұрмағанын білесің де, бір ғажабы, қашан Сырдарияға жеткенше ну қамыстың көз жетпей қарауытып түксиіп тұрған арасына үрейлене қарап, жазатайым болмашы бірдеңе сытырласа да шошып кетесің. Сол кезде сен көзін алдына қадап тігіп алған қайықшының мына ну қамыс арасынан жаңылыспай жол тауып, жарық дүниеге алып шығатынына да күмәнданасың. Жо-жоқ, мына Жарма бар ма, Арал табиғатының оқшау біткен бір ғажап дүниесі!
Айта берсең Аралда ғажайып нәрселер көп. Соның бірі Аралдан шыққалы темір катерді ұршықтай үйіріп, капитан мостигінде қаздиып тұрған ана кішкентай келіншек. Әйелді шебер деп жер-көкке сыйғызбай мақтағанда, сіз бен біз, әдетте оның кесте тіккен, қолғап тоқыған, киім тіккенін айтамыз ғой. Ал, ерекше киім киіп қаншырдай қатып алған мына келіншектің жөні басқа. Оның бойындағы шеберліктің жөні де басқа. Оған біз кейін куә болдық. Бір жолы біз Ауан өзегіне қас қарая жеттік. Ал, Ауан балық заводы тұрған тар қолтыққа кіру қиын. Теңіз көкжалы атанып кеткен небір қарт капитандар кемесін Ауан өзегіне түн түгіл, күндіз қиналып кіргізетін.
Ал, мына капитан келіншек қылкөпірдей әрі тар, әрі тайыз өзектен кемені қайырлатпай сумақ еткізіп өткізді. Ол ол ма?! Ол тіпті тастай қараңғыда тар өзектен өтер жерде жаза басып, кеме бауырын бір жерге тигізіп алған да жоқ. Жолдасым жағасын ұстады.
— Паһ, шіркін, әйел болсаң осындай бол! Сенің әйелің ғой түнде үй ішінде адасып, есікті таба алмай жарға басын соғып жатады, — деді ол. Аралды мақтаса, әйеліңді мінеп жатқанда да мыңқ етпейсің!
Жолдасыма Арал ұнады. Оны алғаш рет Арал қаласын аралап шыққан күні-ақ байқағам-ды.
— Біздің халық та үй салуды үйрене бастаған екен. Әттең, тек ағаш егіп, қора ішін жасыл баққа айналдырып жіберер ме еді, — деп кең көшенің екі бетіндегі еңсесі биік ақ үйлерге сүйсіне қараған шат кескіні көз алдымда. Сол арада ол көп жылдан бері елге келмей, ауыл өмірінен саяқсып қол үзіп кеткеніне қынжылып, қоңырқайып қалған-ды.
Жолдасым өңіндегі өкініштің сыры маған да таныс. Әрқашан сен туған жеріңе келген сайын ұзақ жыл көрмеген аяулы анаңа қауышқандай әсер аласың. Иә, ел өзгерген. Кісілер қалай өзгерген?! Сен бала кездегі жас жігіттер қазір кексе тартып, иегінің асты сақалға сыймай кеткен. Жер қалай өзгерген де! Баяғыда қараборбай балалармен асыр салып, ақсүйек ойнаған, қозы-лақ қуалаған жеріңді іздеп жүріп, сен кенет шиферлі ақ үйді көргенде қайтесің? Қуанасың ба? Не әлде шаңдағы бұрқырап жататын сұр топырақ бетінен өзіңнің майтабаныңның ізін таба алмай мұңаясың ба? Саған мына әдемі ақ үй қымбат па? Әлде майтабаныңның ізі қымбат па? Қалай болғанда да, кеше жалаңаяқ балалар асыр сап ойнаған жерге қазір үйлер орнап, адам баласы өзіне мекен-жай салыпты. Жерлестеріңнің кешегі шаңдағы шытып жатқан шөл даланы гүлдентіп ай мен күн нұрын төккен осы мына он сегіз мың таламта тірлік тамырын жайып келе жатқанына қуанасың. Туған жеріңді сен тағы да бір қырынан көресің.
Біздің өлкенің қазір қыры да, сыры да көп. Оның бәрін баяндауға шама жетпейді. Тек бір айтатын нәрсе: Арал теңізінің батыс беті — Үстірт аталатын елсіз-сусыз жерлер осыдан екі-үш жыл ғана бұрын құлан жортпас қу дала болатын. Қанша күн жүргенде, түу-түу Қарақалпақ жеріне жеткенше көзіңе бір қара шалынбайтын. Үстірт үстінен құс та ұшпаушы еді-ау! Кейінгі үш-төрт жылдың ішінде Бұқара газының трассасы осы Үстірт үстін басып өтіп, бір кездегі құлазыған меңіреу: жым-жырт далаға қазір шағын-шағын қалалар орнап, халық келіп, су келіп - жапан түзде тірлік жүрегі дүрсілдеп соға бастады. Осының бәрі адам әкелген тірлік. Адам әкелген бақыт, адам әкелген қызық, қуаныш!
Сен жарық дүниеге келген жас нәрестеге қуанасың ба? Ал, жаңа салған үйге ше? Бұрын үй сала білмеген халықтың үй салғанын көргенде ше? Шынын айтсақ, жеркепеде өскен қазақ, Совет өкіметі тұсында да сәндеп үй салуға шамасы келе тұрса да, мойны жар бермеді. Құнт етпеді. Кім айтса да қолын бір сілтеді. «Ата-бабаң жер үйде өскен» деп кереңденіп құлақ аспай қоятын қиқарлар аз ба еді? Ол кезде ел ішінде біреу сені мен салтанатын оздырып үй сала қалса, жергілікті басшылар қаһарын тіге қоятын. Қазір «үйіңді неге дұрыстап салмайсың?» деп ұрсатын боп жүр. Алдымен адам санасын өзгертіп алмайынша қандай жаңалықты да, халық қанына сіңіру мүмкін емес қой. Арал қазақтарының үрдісіне кірмей тұрған қазір бір ғана нәрсе ағаш отырғызу. Кей жерде су жетіспей діңкесін құртса, ал суы бар жерде Құнт жетпейді. Әйтпесе, кішкене жел тұрса сусылдақ сары құм борап қоя беретін Арал сияқты қалада тұратын тұрғын кісілер қорасын көк талға толтырып, баққа айналдырып жіберсе қандай тамаша болар еді! Жә, Аманөткелден тартқан тұщы су қалаға жеткен көрінеді. Келесі жылы әр үйге кран кіріп, тұщы су сылдырап ағып тұрса, жаңалық дәмін татқан халық, әлі-ақ көшесін гүлге толтырып, үйлерінің айналасын саялы баққа айналдырып жіберер-ау!
— Бөген мынау ма?
Кеме тұмсығын туралап келе жатқан ілгергі жақтан ақ үйлер қылаң беріп қапты. Иә, Бөген осы.
Осы сапарымызда теңіздің талай түкпірін араладық. Катерден түсе салып, кейде бас жағалап көлікпен жүрдік. Сыр бойының сары масасына таланып, беті-қолыңды қамысқа тілдіріп, жаяу-жалпылап та көрдік.
Теңіздің шығыс бетін аралап шыққан соң біз тағы да катермен батысқа тарттық. Ұлы теңізге осы арада ғана шықтық. Ашық айдынның толқындары үйдей-үйдей, суы терең. Алғашқы күнгідей емес байқаймын, қазір жолдасым бұл өлкенің жері мен суына қорашсына қарауын қойған. Күні бойы каютаға кірмеді. Асқа да, әңгімеге де зауықсыз. Қашан іздесең де катердің қара құсына орындық қойып алып, көкшіл сұйық темекі түтінін бұрқ еткізіп отырғанын көресің. Шығыс жақ шалқыған көк теңіз. Шегі-шеті жоқ. Ал, батыс жақ қапталымыз теңізге мінбелеп төніп тұрған құз жарлар. Бірде шық, бірде таулар бой көрсетеді. Бәрі де бетін бу шалғандай боп көк қатпарланып, мұнартып тұр. Дүние дүние боп жаралғаннан бергісі осы, дәл осылай сырын бүгіп меңіреуленіп, үнсіз мелшиіп шөгіп қалған құздарға жолдасым сарыла қарап қапты. Жағаға шыққан соң да үндемеді. Күтіп алған кісілермен де самарқау ғана бірер сөзбен жауаптасты. Күн қайнап тұр. Құм қызуы ботинка ұлтанынан өтіп, күйдіріп барады. Иттер екеш иттер де жан тиыштығын баққандай. Аулына келген түсі басқа бөгде кісілерді көрсе де әншейіндегі иттігін істеп тұра жүгірмей, көлеңкеде жатып бір-екі үрді де қойды.
Жаз бойы жаңбыр тамбапты. Шөбі қураған тақыр жерлер дәл бір үйтілген құйқадай. Ми айналғандай ыстыққа шыдамаған жалаңаш тақырлар шыныдай шытынап жарылып кетіпті. Жолдасым күтіп алған кісілермен жөндеп тілдескен жоқ. Бірақ есесіне жағаға шыққалы жер реңінен көз алмай сұлық келеді. Осы жігіт кейде өз ойынан өзі қартаятын сияқты. Тал түстегі ыстықта талықсып кеткен жерден не сыр тартады? Адамзат секілді мың-миллион жылдар бойы тірлік тауқыметін арқалап, жыл сайын бір қартайып, бір жасарып жататын осынау көнекөз жер жөнінде ойлап, тағы да өз ішіне өзі үңіліп кетті ме?
Ой демекші... Осы дүниеде біз ойлайтын ештеңе қалмай, сан салалы шаруамыздың бәрін бітіріп алғандай алаңсыз көңілмен алшаңдап жүреміз. Ойсыз өмір сүреміз. Кей қыста қорамыздағы қойымызды қырып алатынымыз ойсыздығымыз емес пе екен? Даңғаза дырдуға, даурықпаға етіміз үйреніп алып, қызу іс үстінде де бос белбеуленіп, екі етегіміз далпылдап, еш нәрсе бітірмесек те, ұлы көшке ілесіп кете береміз-ау, тегі. Меніңше, қазіргі жастар ондай өмірді арман етпесе керек.
Әрқайсымыздың да көкіректегі көкейкесті арманымыз — қарыны тоқтық қана болмас. Біз де, бізден бұрынғы ата-бабаларымыз да саналылар өмір сүретін қоғамды аңсапты. Егер осы дүниеге ойсыз өмір сүру үшін ғана келген болсақ, сан адамға сол коммунизмнің де түкке керегі болмас еді ғой.
Біз осы сапарымызда талай дауылға да ұшырадық. Талай абыройдан айырылдым да. Оның реті бар. Алматыдан шығар алдында жолдасым: «Сен осы теңіз үстінде қалайсың? Дауылда жүрегің қозғалмай ма?» деп сұрағанда, шайтан түртті ме, қайдам, бетім шімірікпестен, мен өзімді «Теңіз көкжалымын ғой» деп танытқам-ды.
Сол «көкжалдың» сиқын өкірген теңіз үстінде көрсең! Түс жоқ, өң жоқ, бір-екі рет көк запыран тастап алғаннан кейін көзінің алды көгістеніп, өліктей қуарып шыға келді. Қасынан өткен қайықшыларға: «Ағажандар-ай, жер көрінбей ме? Қара жерге қашан шығамыз?» деген жалынышпен қарайды. Ақ езуленіп есіріп алған жал-жал толқындар кішкентай катерді тентек бала қолындағы доптай бірінен-біріне лақтырып қақпақылдай бастады. Қара жер көрінбейді. Құбыла беттен қаптай соққан есірік, жынды жел барған сайын қаһарына міне түсті. Ашық теңіз үстінде сыртқа шықсаң-ақ сыпыртып соққан жел бас киіміңді ұшырып әкете жаздайды. Тіпті өзіңді де табан тіреп тұрғызбай дедектетіп әкетіп бара жатқан соң жалма-жан катерге жабысып ұстай аласың. Үйдей-үйдей ақ жал толқындар ес жиғызбай, бір оңыңнан, бір солыңнан күркіреп кеп катердің үстінен аса лап бергенде, сен судан шыққан тышқандай үсті-басың селігіп шыға келесің.
Осы кезде ту сыртымнан:
— Әй, көкжал қалайсың? — деген дауыс шықты. Сақ-сақ күледі. Насырыңа тисе де намыстанатын әл қайда? Мен тек көкбет жігіттің осынау өкірген дауылға да қыңбай, бұйра қара шашы жел астында түткен жүндей бұрқырап, ірі тістері ақсиып сақылдап күлген шат түріне қайран қап, өз өмірімде бірінші рет іш тар қызғанышпен қарадым.
Адал шыным: теңізді қанша жақсы көрсем де, осы шіркіннің түгін бетіне шаншып алып, түтіккен долы кезін көргім келмейді. Тай тыңдаған қу қайыққа мініп, теңізге шыққан да бір, бас білмейтін асау атқа мінген де бір. Көк запыран кеудеңді қысады. Көзің қарауытып кете береді. Қайнаған көк теңіз өзіңді, катеріңді үйіріп, былғап соғып жатқанда тас төбеңдегі көк аспанда осынау алағай да былағай шығып жатқан дүниемен бірге төңкеріліп бара жатқандай. Екі қапталымен кезек су сабалап, аутаңдап келе жатқан катер табаныңның астында тұрмай қойды. Үйдей-үйдей ақбас толқының қыр арқасына ойнақтап шыға келеді. Қас қағым арасында сен катеріңмен бірге әлдебір құз басынан төмен қарай тұмсығыңмен шаншылып келе жатасың. Мына қайнап жатқан қап-қара тұңғиыққа тап осы қазір шым батып кететіндей сезінесің. Жүрегің аузыңа келеді. Лоқси-лоқси ішегің үзіле жаздап. жаның көзіңе көрінетін кезің болады-ау... Иә-иә, тап сондай кезде қолдан келмейтін шерменде ойлар мазаңды алады. Сен теңіз үстінен қанаты сыпылдап ұшып бара жатқан құс болғың келеді. Қанатың болмағанға күйінесің. Онан сен өзіңді осы жолға шығарып салған таныстарыңды бірінен соң бірін еске аласың. Осы қазір сен өкірген долы теңізде, ес-түсіңнен айырылып азап шегіп жатқаныңда, олардың ана жақта қара жерді қарыштап басып рахаттанып жүргенін ойлайсың. Адам басына не келмейді?! Қарапайым көп дрессировщики қойғанда, атақты Дуровтың өзі де күшік кезінен қолда өсірген арыстанға жақындағанда, аз да болса іштей сескенетін шығар деп ойлайсың ғой. Со сияқты бала жасыңнан теңізде өссең де, тіпті шыр етіп жарық дүниеге келгенде шешең жөргегіңді теңіз суына жуса да, бір қызығы, теңіз дауылына төзе алмайсың. Қаншама монтиып тып-тынық боп тұрса да, теңізге шығар алдында, өз басым, үнемі жүрексініп, бейне үнсіз шөгіп жатқан арыстанға жақындардағы бала дрессировщиктей тілерсегім дірілдейді. «Әлде қайтеді?» деп ойлап, қашан қара жерге аяғың тигенше көк тентек мінезінен көз айырмай аңдысып болам. Сонан ба, қайдам, теңізге шықсам-ақ осы көк тентектің бір сәт қиқаңды бастайтынын басқа жұрттан бұрын байқап, болмашы бір мінездерінен түтіккелі тұрған долылығын аңғарып қалам. Мәселен, мен теңіз үстінің бөгелек желін басқадан бұрын байқаймын. Күн сәулесі астында атластай жалтырап жатқан ақ тымық теңіздің аппақ бетінің әлденеге тыжырынғандай боп қапелімде көк иірімденіп, кілегей беті жыбырлай қалса да басқадан бұрын мен үрейленіп, тыныш жүрегім дір етеді. Сөз арасында айта кетейін: 1959 жылы Арал теңізіне бір жас режиссерді ертіп әкелгенім бар. Оған да біраз жерді аралатып, ақыры бір күні таң алдында Барсакелмеске тарттық. Біз шығарда шырадай тынық еді. Алаңсыз көңілмен ұйықтап кеткен екем. Қанша уақыт өткенін білмеймін, бір кезде өзімнен-өзім шошып ояндым. Көзімді ашар-ашпастан сыртта теңіздің өкіріп жатқанын біле қойдым. Басым зырқ-зырқ етеді. Көзімнің түбі суырып, кеудемді көк запыран қысып бара жатты. Тұрайын деп ем, тізем дірілдеп қоя берді. Сүйретіліп сыртқа шықтым. Жел не алдыңнан шықса бір сәрі. Аңыраған ашық теңіз үстінде қаптай соққан қара дауыл бір бүйіріңнен шығып алып, қадалып ұрып тұр. Көк теңіз қайнап өкіріп жатыр. Қанша жүргіш болғанымен алқа бел ұзын катер бір бүйірден ұрған толқынға әлсіз. Үйдей-үйдей толқындардың әрқайсысы бір килігіп кеудесімен қаққан сайын кеме үстін су шайып, алқа бел ұзын денесін жия алмай, соққы тиген иттей кирелеңдеп қалады.
Режиссердің қасына келдім. Намысым ұстап, оның алдында нығыз көрінуге тырыстым. Байқаймын, оның халі де онша емес. Шикіл сары беті бозарып күлдей боп кетіпті. Әншейінде бала қорқытқандай ғана қауқары бар желбезегі делиген таңырық танау астында едірейіп тұратын жез мұртының шалғысы жығылып, қазақы киімінің жеңіндей салбырап қапты. Соған қарамастан оның да намысы ұстап, сыр бермегенсиді. Тек бір рет өкіріп шулап жатқан көк долы теңізге көз тастап:
— Да-а!.. — деп басын шайқады. Оның осы бір осалдығын ұстай алдым.
— Шыдай алатын емессің ғой, шамасы. Бәлкім, кейін қайтармыз?
Ол үндемеді. Біз о жолы Барсакелмеске жете алмай, катерді кейін қарай бұрып алып қайтып кетіп едік.
Теңіздің осындай тентектіктері болады. Тентектікті, асылы, біреу көтеріп, біреу көтермейді ғой.
III
Бұл жолы қалжырап кеп, өзек аузында жалғыз үй отырған балықшы шалдың қосына жеттік. Жалғыз бал асы соғыста өліп, қартайған шағында кемпірі екеуі қапты. Оны шалдың өзі айтқан жоқ. Басқа кезде де бір жанға айтпай, тек анда-санда теңіз үстінде жүріп жалғыз өзі күңіреніп алады екен. Оны біз кейін білдік. Ол түні қарт балықшының қосында балық жеп болып, қисайып жатқанда біз мүлде басқа бір жайды ойлап едік.
Үй іші жұпыны. Жаз айларында ғана отыратын қақыраның кей жерінін сылауы түсіп, қамыстары ырсиып тұр. Ортада жалпылдақ шам. Түтіндеп жанып, кішкентай сарғыш жарығы жалп-жалп етіп тұрған. Сырттан, ашық есіктен қаңғалақтап ұшып көбелек кірді. Бұл да жарыққа табынбаса жүре алмайтын сорлы. Бал арасын ұстайтын бір омарташы шалдан есіткен әңгімесі бар-тын. Соның айтуына қарағанда ана-араның тәніне тәні тисе ата-ара сол сәтте жан тапсырып, өздері ұшып жүрген сонау шырқау биіктен жерге топ етіп құлап түседі екен. Мейір қанған бір ләззатпен кейінгі ұрпағы үшін ата-ара көрер көзге өлімге басын байлап бара береді. Ата-араның тап осы жанқияр ерлігі көбелек бойында да бар! О да өзінің қанаты күйгеніне, тіпті, әрілесе жарық алдында тіл тартпай өліп кеткеніне де пейіл боп, от сәулесіне тұра ұмтылады. Мына көбелек те жалпылдақ шамның жарығына түсіп, күюге қалып еді. Үй иесі шал көбелектің жанқиярлығын ұнатпай: «Мына шіркін қайтеді?» деп қолының ұшымен қағып жіберді.
Жолдасым езу тартты. Баяғы балалық кезім еске түсіп, мен де әлденеге біртүрлі боп кеттім. Кейінгі он-он бес жылың Алматы мен Москвада өтіп жатқанына қарамастан әлі күнге бір бүйірің ауыл өміріне бұрып тұрады. Қанша қашыққа шырқап кетсең де бойыңдағы көп тамырдың бірі болмаса бірі туған жеріңнің топырағында бүлк-бүлк соғып жатады. Кей күні жиһазды үйде, жаюлы төсекте, төбеден салбыраған люстра шамның, не елде қызыл, жасыл торшердің жарығына қарап жатып та, сен әлденеге өзек аузында жалғыз үй отырған балықшы шалдың қамыс қосын, жұпыны жиһазын, жалпылдақ шамын есіңе аласың. Үстіңде үйің, алдыңда асың, суың тұрса да, саған осынау өзек аузындағы кемпір-шалдың балық сасыған кішкентай қамыс қосы ыстық. Қазақ даласының о шеті мен бұ шетінде өмір сүріп жатқан қарапайым жандардың, елеусіз күрке-қостары қанша?! Осындай кемпір-шалдар қанша?! Өмір бойы күрегі қолынан түспеген, алақаны күс-күс еңбек адамдары қанша?! Ақ иық болған ауыр еңбектен олар күнде кешкісін қолы босап, қатын-баласының арасында тыным алады. Күндізгі ауыр еңбектен сілесі қатып шаршаған. Кірпігі қайта-қайта жұмылып кете беретін күнге күйген жылтыр қара бетінде қалжыраған ажар бар. Үні де қалжырап ақырын шығады. Осы қазір ештеңеге зауқы жоқ жанша отбасының оңашасы мен тыныштығын ғана қалап отырған сияқты еді. Кенет сырттан жүгіріп кірген қара пұшық бала ай-шай жоқ алдына мініп алса да, сіркесі су көтермей жатқан әлгі шал ары қағып жіберудің орнына қалжыраған әжім-әжім беті іштей нұрланып елжіреп қоя береді. Әке жүрегінің қалғып кеткен ыстық сезімін мына сырттан жүгіріп кірген қара пұшық бала дүр сілкінтіп, оятып жібергендей. Осы кісінің аты-жөнін де жөндеп біле бермеймін. Рабайсыз далиып жатқан осынау басы жоқ, аяғы жоқ қазақ даласының қай жерінен, қай елінен екені жөнінде де хабарым жоқ. Ол, бәлкім, ауыл сыртындағы қоңырлыққа күні бойы қой жайып қалжырап келген әлде қойшы, әлде түйеші, жылқышы болар, әлде жер жыртқан диқаншы ма, әлде күні ұзын көк долы теңізде қасарыса ескек тартып, үсті-басы малмандай су боп, екі қары салдырап қайтқан балықшы ма? Кім болғанда да, қадірлі достар, олар сіз бен біздің әкеміз. Осы күнгі қанаты қатар-қатпас-та өзге жақтан өріс іздеп өз ұясын тастап ұшып кетіп жатқан білімді, өнерлі қазақ жастарының әкесі. Сәулетті үлкен қалаларда, сәнді театры, салауатты институты, академиясы, Жазушылар одағы бар астаналарда, еңсесі биік әдемі үйлерде тұратын қазақ ғалымдары мен жазушыларының әкесі. Осы күні қала болтан қалада қолына бір-бір портфель ұстап, аяқты алшаңдап басып жүрген қазаң интеллигенттерінің қай-қайсысы да ұлан-ғайыр қазақ даласының қашық бір түкпірінде мал бағып, егін егіп, балық аулап жүрген сол кең балақ қара шалдың қойнынан шықты. Сен тек жүн сақал жігіт болғанға дейін дүние қамы қаперіңе кірмей, сыптуыр ши борбай шалбар киіп, желке жүнің желкілдеп, құмырсқа бел бір қала қызын біресе мойнынан қылғындырып, біресе мықынынан қос қолыңмен тас қып қысып алып жүргенің кімнің арқасы, соны ойладың ба? Көшеде кездесіп қалған таныстарыңа кергіп амандас, аяғыңды да кердең-кердең бас, басыңда қауқиған қара шашты қалай қойсаң олай қой, шалбарды қалай кисең олай ки, тек анадан жаңа туғандай абыройыңды ашып, тыр жалаңаш жүрмесең болғаны, айналайын! Сенің шыққан тегің, түп-тұқияныңа дейін жазулы хаттай алақанымда сайрап тұр ғой. Шүкір, сіз бен біз бір-біріміздің арғы жақ, бергі жағымызды ұңғыл-шұңғылына дейін білеміз ғой. Иә, сіз бен біздің екі аяғымыз салбырап көктен түсе қалғандай боп жүргеніміз қазір ғана ғой. Кең көшеде уайым жоқ, қайғы жоқ, тайтыңдап жүрген үстіңе әлдеқандай бір ел қазағы тал болып, таяғының ұшымен кеудеңнен тіреп тоқтатып: «Әй, балам, құшағыңдағы қыз белінен қолыңды бір ғана сәтке жазып, сен астанаға келгенге дейін ауылда өткізген өзіңнің баяғы бала кезіңді есіңе түсірші» десе қайтер едің? Жаңағы жарымес кісіше көшеде тайтаңдаған жәркелеш мінезіңнен тыйыла қалар ма едің? Қалаға келгелі қаперіңнен шығып кеткен ар-ұят ел қазағының кеудеңнен тіреп тұрған ақ таяғының ұшымен саған қайтып оралып, екі бетіңді ду-ду қызартып өртер ме? Әлде не деріңді білмей ыржалақтап күле берер ме едің? Әлдекім біледі, тар жерде кездескен тентек шалдан құтылғасын, кешке үйіңе келгесін сен де ұят қинап, әлдеқашан ұмыт боп жадыңнан шығып кеткен елің мен жұртыңды есіңе алар ма едің?! Бәлкім, баяғы бала кезімізде тер исі аңқыған денесіне тқмсығымызды тығып жататынымыз есіңе түсер. Иә, осы қара шалдың тұла бойынан аңқыған тер исімен дем алып өстің. Тал бойыңда түйірдей талант болса, ол Құдайдың құдіреті емес, пірдің қолдауы емес, ол осы қара шалдың қанынан тараған киелі қасиет. Ана жатырының асылдығы. Сіз бен біз ғалым болып ғылымда жаңалық ашсаң, жақсы кітап жазсаң, о да кең балақ шалдың құдіреті. Ең арғысы, біз, қазір тар балақ шалбарды таңдап киетін болсаң, сөз жоқ, о да осы шалдың кең балақ шалбарының әсері.
Қысқасы: сіз бен біздің бойымызда сіркедей жақсылық болса, соның бәрі бар-ау... өзіміздің осынау кең даламызда елеусіз өмір сүріп жатқан қарт әкеміздің құдіреті. Ал, жаман болсақ — ол өзіңнен... сенің өзіңнен... өзіңнің жамандығың. Үйткені ата-ана қандай жаман болғанмен іштен шыққан баласын жамандыққа тәрбиелемеген. Осы күні сіз бен біз өрісімізді оздырып, астанада тұрып жатсақ та, туған жерден тамырыңды біржолата үзіп кете алмай, кіндігіңнен байланғандай боп жүретініміз, міне, осылардан болар! Бір түйір ұрықтың алғаш рет тамыр жайып көктеген жері ғой, ол!
Сонан... тек қана сонан. Әйтпесе, сен Совет өкіметі тұсында тудың. Совет мектебінде оқыдың. Әуелі октябрят, пионер, онан комсомол ұйымынан тәрбие алған кісінің бірісің. Ат арқасы мен түйе қомында өткен баяғы ата-баба өмірі үш ұйықтасаң түсіңе кірген жоқ. Сонан келе, бір ғажабы, қаныңда ата-баба қасиетінің кей жұқанасы барын сезесің. Сырт түріңнен бастап күнделікті тіршілігіңнің бөрі жаңаша. Еуропа үлгісімен тігілген су жұқпайтын сәнді костюм-шалбарыңнан, қара көзілдірігіңнен, әрине, қой баққан күпілі қазақтың құлқы сезілмейді. Өз ішіңдегі осалдығыңды өзің ғана білесің. Ал, осалдыққа берілген кісінің бәрі бірдей осал ма? Жо-жоқ, кісі бойынан өзінің шыққан тегі сезіліп тұрғаны да бөтен емес. Әрине, замана жаңалығы мен амалы жағаласып, артыңа тастаған әр бел, белес, әрбір асудан жұбыңды жазбай қатар асып отырудың орнына, сын сағатта сен тал бір ұлы көшке ілесе алмай ескі жұртта қалып қойған ақсақ тайлақтай, кешегі мешеу заманда ілгері басқан аяғы кері кетіп жататын кертартпа тегің жібермей жатпасын. Ең жаман нәрсе — жас жігіттің замана жаңалығына ілесе алмай қатарынан қара үздіріп алған бойкүйездігі. Кере қарыс маңдайда қос жанары жарқырап жүріп те, осы қазақта пешенесіне тиген бір-бір жапырақ өмірін аңдамай ұйқыда өткізіп алатын кісі болады.
Мәселен, мен өз халқым секілді оң мен солымды кеш танып, кенже өстім. Оныншы класты бітіріп, майданға аттанған он сегіз жасар бала, басқаны қойғанда, орыс тілінде он бет шығарма оқымапты. Сонда он жыл не оқыды? Сауат ашуға он айда жетпей ме? Жә, біз — біз болайық. Осы күні орта мектеп бітірген балалар да сол кездегі өзіміздей он жылда он бет орысша кітап оқымай, шала сауатты боп шығып жатпаса қайтсін?
Орта мектептен қалған шала сауаттылықтан, өз басым қырыққа келсем де құтыла алмай жүрмін. Басқаны қойғанда, 1946 жылы әскер қатарынан босанып қайтқан шала сауатты қалпыммен нар-тәуекел деп роман жаздым. Әрине, шала сауатты баладан шала роман шығатыны белгілі. Қазір ойлап қарасам: бір мен емес, сол кездегі жазушының көбі өзіміздей шала сауатты болған сияқты. Оны қойғанда, сол роман кейін кітап боп басылып шықты. Тіпті, Москвада институтқа түскен кезім. Бірге оқитын жолдасым бір күні мені көңілдес қызының туған күніне шақырды.
Бардым. Көңілдімін. Көк ала ақша бұрқырап қалтама сыймай жүрген кезім. Ауыл баласының баяғы сол шала сауаттылығы емес пе, туған күніне арнайы шақырып отырған жас қыздың көңілін аулап, сыйлық апаратын студент жастар арасындағы ырымды білмеппін. Ондай ырым ата-бабамызға үрдіс болмаған. Демек, ауылдың жердің әдет-ғұрпына өлі сіңісе қоймаған. Демек он жыл оқығаныңмен біздің де қанымызға сіңе қоймаған жаңа заманның жаңалығы. Жә, біз — біз болалық. Қазіргі жастарға қарағанда біз көне заманға бір табан жақын тұрған болайық. Мәдениетті қауымның әдет-ғұрпы қазіргі ауыл жастарының санасына қаншалық сіңіп жатыр? Әлде, олар да үлкен қалаға барып оқуға түскен жылы бір кездегі өзіміз тәрізді туған күнін тойлап отырған қызға ырым етпестен солпиып құр қол барып жүр ме екен?
Асылы, оныншы бітірген орта білімді баланың мәдениетті кісіге керек қасиетті орталап болса да білгеніне не жетсін?! Тірлікте кісі беті қызаратын жайлар көп... көп-ақ. Сабақ білмей қызарасың. Ерсі бір қылығыңмен сүйген қызыңның алдында қызарасың. Ата-анаң алдында қызарасың. Кейін есейіп ержеткесін қызмет бабында қызарасың. Соның бәрі ештеңе емес. Менімше, қазіргі заман кісісіне ең қиын бір нәрсе — шала сауаттылығыңа қызарған!
Менің әкем — Керім, аңшы кісі, Ішері болмаса да, аты мен тазысын өз қатарынан оздырып ұстаған кісі. Бала кезімде әкемнің: «Түлкіге екі тазының бірі жетеді. Әңгіме аңға жетуінде емес, аңды шалуында да емес, алуында. Ал, түлкіні қапысыз алу үшін үйіне жеткен күшікті алғаш рет аңға қосарда жақсы тазының қасында ұстап, қапысыз алатын әдіске дауызқандыру керек », — дегенін есіткем-ді. Бәлкім, бұл мысал орынсыз көрінер. Көңілге көне қоймас. Бірақ, қалай болғанда да, тілге тиек болар бір қисынын көрем. Оқушы бала оқытушысына қарап өседі. Шала сауатты оқытушыдан шала сауатты шәкірт қана шығады. Былайғы тірлікте баланың бар мінезі ата-анасына тартқанмен де, ілім-білімде алдындағы ұстазына ұқсайтыны анық. Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын университет бітірген бір жігіт Шалқар қаласында орта мектепке орналасып, он бір пәннен сабақ бергенін көргем. Тіл мен әдебиет маманы бола тұра, ол қайдағы бір өзінің мамандығына мүлде қатысы жоқ пәннен, оның ішінде астрономия, физика, химия, черчение сияқты пәндерден сабақ берді. Бүкіл қалаға «Универсал» оқытушы атанды. Сонда оны баяғы орта ғасырдың энциклопедист ғұлама оқытушыларындай білімі бойына сыймай бара жатқаннан істеген жоқ. Ол көбірек ақша табу үшін істеді. Бір кісінің қалтасы қалыңдағанмен қанша кісінің басы ортайғанын дүмше оқытушы да, қадірлі аудандық оқу бөлімінің бастығы да ойламапты.
Шалқар халқы қазір сол оқытушының түрі-түсін аты-жөнін бірдей ұмытты. Бір.ғажабы, оның «Универсал» атағын ұмытқан жоқ. Сол бір жарамсыз қылықты әлі күнге шалқарлықтар осы замандағы шала сауатты оқытушының символы есебінде сықақ қып айтып жүреді.
IV
Күні бойы балықшылармен бірге теңіз үстінде боп, кешке қарай жағаға қалжырап шығып едік. Моторын әлдеқашан сөндірсек те ар жағынан екпінін баспай қатты келген жеңіл қайықтың сүйір тұмсығы кіршілдек ақ қайырға қарыс-сүйем кіре тоқтады. Қайықтан қарғып түстік. Қайдан келгенін білмеймін, осы арада мыршай сары шал сап ете қалды. Осы учаскенің почтальоны.
— Уай, не білдіңдер, Арал тартылатын бопты ғой, — деді ол.
Тұла бойым түршігіп кетті. «Шын айтасың ба» дегендей жалт қарадым. Әлгі сары шал түктен қаперсіз, түйсіксіз адамның келеңсіздігіне басып ыржалақтап күліп тұр.
— Сенбей тұрсың ба? Ендеше, мә, оқы! — деп қолындағы газетті ұсынды.
Сенбей қайтейін. Жақсылыққа кісі шүбәлануға болады. Ал, жамандықтың жалған боп өтірікке шапқанын өз басым аз көріпті. Қалтырап кеткен қолымды газетке создым. Ашып қалсақ — етектей үлкен мақала. Мына сары шалдай келеңсіз біреу жиырма жылдан кейін Арал теңізінің тартылатынын дәлелдепті. Мыршай сарыға газетін қайтарып бердік. Шаршағанымызды жаңа сезгендей, жолдасым екеуміз аяғымызды әрең басып келеміз. Ал, құм табаныңның астында сықырлап, тобығыңа дейін кіріп келесің. Туған жер! Мынау туған жеріңнің топырағы!
Ата-анасын да әркім әр түрлі сүйеді ғой. Біреу ақынша жан-тәні қалмай, күйіп-жанып сүйеді. Біреу ойланып, ақылға жеңдіріп сүйеді. Жаңағы мыршай сары қалай сүйеді екен деп ойладым.
Мыршай сарыға өлердей ызалымын. Теңіздің тартылуы-тартылмауы соның қолында тұрғандай неге мәз болады деп ойлайсың. Туған жеріңнің келешегіне қай кісі өзінің келешегіндей қарамайды?! Жақсысына сүйінесің. Жаманына күйінесің. Баяғыда, орта мектепте, өзіммен бірге оқыған біраз жерлестерімді білем. Олар қазір әр қалада, әр түрлі орындарда істеп жүр. Туған жер дегенде олардың да жүрегі ту лап қоя беретінін білем.
Өзім сияқты туған жер дегендегі олардың да ойы, арманы, ықыласы, тілегі өзіме аян. Олардың дегеніне салсақ, дүниедегі бар жақсылықты бір Аралдың үстіне үйіп-төгуге бар. Олар Аралға тұщы судың тезірек келгенін, келесі жылы көшесі тегіс асфальтталғанын, үш қабат интернат-мектептің бітіп, оған білімді, мәдениетті оқытушыларды сақадай ғып таңдап алғанын, келешекте Аралдан көп-көп талантты жастардың шыққанын тілейді. Олар Арал суының тартылмағанын тілейді. Теңіз жағалауындағы сусылдақ ақ құм аяғыма кіріп мамырлап келе жатып, жаңағы мақаланы қайта-қайта есіме алып: «Апыр-ау, теңіз қалай тартылады? Осы шын ба? Шын болса — жақсылық па? Халық бұнан ұта ма, ұтыла ма? » деп ойладым.
Арал жайында біраз нәрсе білуші едім: басқасын қойғанда, бұл Аралдың суында оттегі көп дүние жүзіндегі жалғыз теңіз. Бекіре мен қаяз Совет Одағында екі-ақ теңізде — Атырау мен Аралдағана болды. Балтық теңізіндегі аты шулы салаканы қазір Аралда өсіре бастады. Ғажабы: Арал суында өскен салакалар өзінің ата-мекеніндегі салакалардан екі есе ірі боп шықты.
Жолдасым екеуміз Арал теңізінің біраз жерін араладық. Сақал-шашымыз өсіп кетті. Жел қағып, күнге күйдік. Жылтыр қарамыз. Көңілдіміз. Бір жағынан ауылға қайтқан қуанышыма қосылып, көңілің алып ұшып барады. Көрінген кісіні құшақтағың келеді. Ертеңгі күні алдыңнан шығып күтіп алатын бала-шағаң мен жолдастарыңа дидарласқанша тағатың қалмай, әр станцияны ішіңнен санап: «Енді жүз шақырым қалды...», «елу шақырым қалды...» Міне, мынау Шамалған!.. Соңғы станция! Бірінші Алматыдан күтіп алса жақсы болар еді?.. Балаларды алып шығар ма екен? Не болыпты, алып шығар!» деп ойлап екі езуің екі құлағыңа жеткенше күлімсіреп, кеудеңде тайдай тулап кеткен жүрегіңнің дүрсілін тыңдайсың. Осы қазір алдыңнан саяхатшылар журналының бір номерін жібермей оқитын ақылгөй жігіт шықса да, әншейіндегі ұнатпайтыныңды ұмытып, құшақтап алатындайсың!
Жолаушылар асығыс жиналып, абыр-сабыр. Өзіміз сияқты шыдамсыздау кісілер қайта-қайта жүгіріп терезеге үңіледі. Көк шолақ пойыз сыпыртып келеді. Әне ілгері жақтан көкке шаншылған көк теректер қол саласындай тізіліп андыздап қоя берді. Көк теректер тасасынан тау етегіндегі қаланың ақ үйлері жыпырлап көріне бастады. Келіп те қалғанымыз ба? Көзіңді уқалап жіберіп қайта қарайсың. Көк үйлер. Ар жағында ақбас алып тау төбесімен көкті тіреп «жер шегі осы арада» дегендей шіреніп тұр.
Көз жанарыңда қуаныш ұшқындап кетті. Жүрегің дүрсілдеп қаттырақ соғып жіберді. Шіркін, несін айтасың, адамның тұрған жері де туған жеріңнен бір де кем емес-ау!
1960 ж.