Түркі әлемінің ең алғашқы халықаралық ұйымы
ТҮРКСОЙДЫҢ 30 жылдығы – бүкіл түркі әлемі үшін маңызды оқиға
Ел Президенті, мемлекетіміз түркітілдес елдермен қарым-қатынастарды дамытып, олармен ынтымақтасуға ерекше маңыз береді, ол біздің сыртқы саясатымыздың басым бағыттарының бірі болып табылады. Тарихи деректерге сәйкес Орталық Азия, оның ішінде бүгінгі Қазақстан аумағы тұтас түркі әлемінің қара шаңырағы саналады. Сондықтан еліміздің түркі елдерінің мәдени, рухани, экономикалық және саяси ықпалдастығын қалыптастыруға бағытталған бастамалары мен нақты қадамдары өзге бауырлас мемлекеттер тарапынан қызу қолдауға ие болуда.
2022 жылғы 11 қарашада Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев Өзбекстан Республикасы Самарқанд қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде сөйлеген сөзінде 2023 жылы түркі дүниесінің ЮНЕСКО-сы саналатын ТҮРКСОЙ-дың құрылғанына 30 жыл толатынын еске салып, бұл мерейлі оқиғаны жоғары деңгейде атап өтуге шақырды.
Алматыда халықаралық ұйымның 30 жылдығын, осы атаулы оқиғаны мерекелеу шаралары маусым айында басталып та кетті. Ұйымға қатысушы елдер министрлерінің кездесуі болды. Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында салтанатты концерт өтті. Концерттік бағдарлама аясында сахнада Қазақстан мен басқа да ТҮРКСОЙ елдерінің артистері өнер көрсетті. Сондай-ақ, түркі елдерінің ұлттық киімдерінің тақырыптық фотокөрмесі, ал театр ауласында қазақстандық қолөнершілердің көрмесі көрсетілді. ҚР Орталық мемлекеттік музейінде «Мыңжылдық өркениет тарихы» көрмесі ұйымдастырылды. Келушілердің назарына әйгілі «Алтын адам» және жүзден астам көне жәдігер ұсынылды. Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде «Біз біргеміз» атты көрме ашылды. Онда музей қорынан отандық суретшілердің 40 туындысы, сондай-ақ Түркістаннан әкелінген 30 сурет ұсынылды. Ал ҚР Ұлттық кітапханасында «Түркі әлемінің бірлігі» атты кітап көрмесі басталды. Онда кітапхана қорынан сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар, сондай-ақ түркілер тарихы бойынша кітап материалдары, құжаттар қойылды.
Сіз білесіз бе?
Түркілер тарихы біздің заманымызға дейінгі 3-4 мың жыл бұрын басталады. Еуразия құрлығын тұтас алып жатқан түркі жұртының мыңдаған жыл ішінде әлемдік өркениеттің дамуына қосқан үлесі аз емес. Мысалы, байырғы түркілер алғаш болып далалық империя құрды, түркі қағандықтары мен мемлекеттері соғыс өнері мен урбанистикалық мәдениетті жүйеледі. Далалық мәдениетке тән көшпелі шаруашылық негізін қалап, төл жазуын қалыптастырды.
Қазіргі кезде Түркі әлеміне 200 миллионға жуық халқы бар, 40-тан астам елдер кіреді. Солардың ішінде алты елдің тәуелсіз мемлекеті бар, олар: Түркия, Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркменстан және Өзбекстан. Ресей Федерациясының құрамында бірнеше түркі ұлттық бөлімшелері бар, олар: Башқұртстан, Татарстан,Чувашия, Хакасия, Тыва, Якутия (Саха), Алтай Республикасы, Қабарда-Балқария, Қарашай-Шеркесия. Молдовадағы Ғағауыздар және т.б. Түркілер адамзат тарихы мен мәдениетіне айрықша үлес қосты, әлемдік сәулет өнері мен ғылымда өшпес із қалдырды.
Арғы тарихтың бедерінде күллі әлемге із қалдырған түркі дүниесінің бүгінгі күні де дүниежүзілік өркениетте ерекше орны бар екені белгілі. Жалауын жоғары ұстап, намысын ешкімге таптатпаған ежелгі түркі халықтарының қазіргі ұрпақтары бір-бірімен рухани туыстық қарым — қатынасты жақсы жолға қойған. Түп негізі бір, тілегі ортақ, түркі жұртын тек бір-бірін қиналмай ұғысатын тіл ғана жақындастырып қоймайды, олардың етене араласуына бастау-негізі тамырлас өнердің де ықпалы аз болмайды. Түркі өнері — түркілік рухты қозғайтын айрықша кұбылыс.
ТҮРКСОЙ Алматыда құрылған
Қазақстан үшін түркітілдес мемлекеттермен ынтымақтастықты дамыту маңызды бағыт болып табылады. Осы бағытта түркітілдес мемлекеттермен қарым-қатынас қазірдің өзінде қалыптасқан халықаралық бірлестіктер аясында жалғасатын болады. Қазақстанның сыртқы саясатында түркі әлемі халықтарының рухани мұрасын біріктіру және қайта құру мәселесіне елеулі мән берілуде. Осы бағытта Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ қолға алынған үлкен бастама ТҮРКСОЙ ұйымын құру болды.
ТҮРКСОЙ – түркі халықтарының ортақ материалдық және мәдени ескерткіштерін сақтау, дамыту және болашақ ұрпаққа жеткізу мақсатын көздейтін халықаралық ұйым. ТҮРКСОЙ – түркі халықтарының өнері мен мәдениетін дамытуға ықпал жасайтын халықаралық ұйым. Бұл ұйым мемлекетаралық мәдени байланыстарды ұйымдастыруға және нығайтуға бағытталған. ТҮРКСОЙ 1993 жылы 12 шілдеде Алматыда Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Түрікменстан мемлекеттерінің Мәдениет министрлерінің кездесуіндегі өзара келісімшарт негізінде құрылды. Кейіннен бұл келісімшартқа Татарстан, Башқортостан және Солтүстік Кипр Түрік мемлекеттері қосылды. Түркі тектес халықтардың 14 елі мүше болған халықаралық Түріксой ұйымының орталығы – Түркия Республикасының астанасы Анкара қаласында орналасқан. Түркі халықтары өнері мен мәдениетін дамытуға ықпал жасайтын ынтымақтастықтың ресми тілі – түркі тілі.
ТҮРКСОЙ ұйымының мақсаты мен міндеттері
Ұйымның негізгі мақсаты – түркі мәдениеті және өнерін зерттеу және оны әлемдік деңгейде насихаттау. Түрксой ұйымы шеңберінде түркі тілдес мемлекеттердің мәдениетін әлемге танытуда көптеген шаралар жүзеге асырылды. Қазақ жазушылары мен ақындарының танымал шығармалары түркі тілдеріне аударылды. Өнер күндері жыл сайын өткізілетін дәстүрге айналды.
Түріксой саясаттан тыс халықаралық ұйым ретінде ынтымақтастықтың барлық мүшелеріне мемлекеттерінің саяси бағдар өзгешелігіне қарамастан мәдени байланыс саласында тең құқықты қамтамасыз етеді. Түріксой өзінің қызметі, мақсаты мен міндеті, жұмыс істеу принциптері жағынан ЮНЕСКО құрылымына жақын. Негізгі мақсаты: түркі тілдес мемлекеттердің және халықтар мен қауымдардың мәдениет пен өнер саласындағы мәдениетін дамыту, түркі әлемінің мәдени құндылықтарын тану, зерттеу, сақтау және толықтыру, оларды әлемдік кеңістікте насихаттау; тарихи, саяси және географиялық жағдай салдарынан әлсіреген байланысты дамыту; ортақ мәдени кеңістік қалыптастыру; түркі әлемінің ортақ мәдени құндылықтарын, тарихи, мәдени және архитектуралық ескерткіштерін анықтау және жүйелеу, оларды сақтау шараларын қарастыру; түркі халықтарының ұлттық мәдениеттерінің дамуына ықпал ету, олардың тума, табиғи ерекшеліктерін сақтау; түбі бір түркі тілдерін жақындастыру; тұтас тілдік орта қалыптастыру, ортақ әліпби жасау, латын графикасына көшу мәселелерін қолға алу; гуманитарлық салада әлемдік интеграциялық процестерді ескере отырып, түркі тілдері мен мәдениетінің қуат-күшін жасөспірімдерге тәрбие беру ісін де көрсету; түркі тілдес мемлекеттердің мәдениеті мен өнері жөнінде халықаралық ақпарат орталығын кұру, т.б.
Ұйым аясында атқарылған іс-шаралар ауқымды
Түрксой халықаралық ұйымы құрылғаннан бері көптеген ғылыми-мәдени, т.б. жұмыстар жүргізілді. Түркі тілдес елдердің жазушылары Анкарада 1-халықаралық конференция өткізді (1993). 1994 ж. Анкара қаласында М.Физулидің туғанына 500 жыл толуы мерекеленді. Түркі тілді мемлекеттердің халықтық-қолданбалы өнерінің халықаралық көрмесі Қазақстанда (1994) ұйымдастырылды. 1994 - 96 жылдары Солтүстік Кипрде Түріксойға мүше елдер әншілерінің қатысуымен опера күндсрі, 1993-1994 ж. Ашғабатта дәстүрлі және халық музыкасының халықараралық фестивалі өтті. 1994-1995 ж. Анкара қаласында барлық түркі халықтарына ортақ Наурыз мерекесі бірге тойланды. Әлемге әйгілі "Манас" эпосының 1000 жылдығы, Абайдың 150 жылдығы тойланды. Ғылыми конференциялар, кездесулер ұйымдастырылды. Анкара қаласында 1995 ж. 23 - 30 қазан аралығында түркі тілдес елдердің фольклорлық өнерінің халықаралық 1-фестивалі өтіп, ал 1996 жылдың 15 - 19 ақпанында Түріксой Париж қаласында өткен "Эксполанг — 96" халықаралық көрмесіне қатысты. 2000 жылдың 14 шілдесінде Уфа қаласында Түріксойдың кезекті мәжілісі өтті. Түріксой тұтас түркі дүниесіне ортақ көптеген ғылыми-мәдени жұмыстар жүргізуде. Соның бір қыры, түркі халықтарына ортақ рухани байлықтарды жариялау. Түрксой "Манас" эпосын (қырғыз, түрік тілдерінде), Абай шығармаларын (қазақ, түрік тілдерінде), "Алтайдан Пунаға дейінгі түрік мотивінің бірлігі" кітабын, "Түрікмен поэзиясының антологиясын", "Башқұрт халық эпосын", "Орал батырды", "Башқұрт-түрік сөздігін", "Түркі елдерінің архитектуралық ескерткіштері" кітабын, татардың халық эпосы "Едігені" басып шығарды. "Қорқыт Ата" энциклопедиясы, т.б. көптеген еңбектер Түріксой бағдарламасы бойынша дайындалды. Түрксой "Түркі әлемі" атты безендірілген журналды Түркия Республикасы Мәдениет министрлігімен бірлесіп үш айда бір рет шығарып тұрады.
ТҮРКСОЙ түркі дүниесінің ЮНЕСКОСЫ
Түркі әлемінің мәдениеті мен тарихына баса назар аударылады. Бұл ретте, ТҮРКСОЙ жыл сайын түркі тілдес елдердің арасындағы атақты ғұламалардың жылын жариялауды дәстүрге енгізіп отыр. Мәселен, «2010 жыл - башқұрт халқының белгілі ұлы Ахмет Заки Валиди Тоган» жылы деп жарияланды. Ал 2011 жыл татар ақыны Ғабдолла Тоқай жылы. 2012 жылды хакас халқының түрколог ғалымы Н.Ф.Қатановтың 150 жылдығына орай, «Қатанов жылы» деп жарияланды. Айта кетейік, ТҮРКСОЙ 2011 жылы қазақтың арда ақындарының бірі Қасым Аманжоловтың 100 жылдығын да атап өтті. «Қарағандыда өткен тойда ТҮРКСОЙ тарапынан Қырғызстан, Өзбекстан, Башқұртстан, Түркия, Әзірбайжан, Иран және Татарстаннан ақындар келді. Олар Қасымның жырларын өз тілдеріне аударып әкелді. Осылайша Қасым өлеңдері осы жылы-ақ 6-7 түркі тілінде сөйледі. Ыстамбұл мен Анкарада Қасым Аманжоловтың шығармасына арналған кеш өткізілді. Ал 2011 ж. 2-15 қыркүйекте Түркияның Ялове қаласында Қасым шығармаларын түркі тілдес елдер тілдеріне аудару мәселесіне арналған халықаралық симпозиум өткізілді.
2012 жылы ТҮРКСОЙ-ға мүше 14 елдің арасында Қазақстан елордасы ең бірінші болып мәдени астана ретінде жарияланды. «Астана – түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында елордада 30-ға жуық шара өткізілді. Нақтырақ айтсақ, «Жаңа мыңжылдықтағы жаңа астана» тақырыбымен фотосуретшілердің халықаралық кездесуі, мүсіншілердің бесінші кездесуі, Қазақстандағы Әзірбайжан күндері, фольклорлық би топтарының фестивалі, «Астана төңірегіндегі мыңжылдық» көшпелі өркениет фестивалі. Бұл шаралардың барлығы түбі бір тамырлас елдермен арадағы рухани байланысты одан әрі нығайтуға кең серпін берді.
ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшылығында 1993 жылдан 2008 жылға дейін Әзербайжан Республикасының көрнекті қоғам және мәдениет қайраткері Полад Бюльбюль оглы болса, 2008 жылдан 2022 жылға дейін бас хатшы міндетін Қазақстанның көрнекті мәдениет және қоғам қайраткері Дүйсен Қасейінов атқарды, ал 2022 жылдан бастап Қырғыз елінің белгілі мәдениет қайраткері Сұлтан Раев Түрксой бас хатшысы лауазымын ресми түрде қабылдады.
Қорыта келгенде, ұйым ішіндегі мемлекеттердің бірлігі мен ынтымақтастығы өте құнды. Мәдени іс-шаралар түркі әлемін ұлы істерге шабыттандырады. Ең бастысы – түркі мәдениетін болашақ ұрпаққа жеткізу. Қазақстан ТҮРКСОЙДЫҢ белсенді қатысушысы. Өткен жылдар ішінде біз бауырлас халықтармен мәдени және рухани байланыстарды нығайттық, ауқымды жобаларды жүзеге асырдық, тәжірибе және білім алмастық. Бұл үдерістердің басталуы Қазақстанда қаланғаны біз үшін ерекше маңызды.
Ізгілік пен игілікке құрылған ТҮРКСОЙ ұйымының түрік бірлігінде сіңіріп отырған еңбегі орасан зор. ТҮРКСОЙ түркі дүниесінің ЮНЕСКО-сы деп бүгін толық сеніммен айта аламыз. Өйткені бұл халықаралық деңгейде әбден қалыптасқан ұйым.
Сабырхан СМАҒҰЛОВ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы