Түркиядағы қазақтар
Түркияға бару көптен бергі арманым еді. Ақыры өткен жылғы желтоқсан айында соның сәті түсіп, бір топ қазақстандық жастарды бастап, туысқан түрік халқының еліне барып қайттым.
Түркия мен Қазақстан республикаларының арасында жүрек жылытарлық қарым-қатынас, байланыстар болған емес, әр жылдары бірен-саран оқымыстылардың аз күнге барып кеткені болмаса, ауыз толтырып айтарлықтай, жақындықты ұластырар, ұштастырар жол-сапарлардың ретін келтіру әлі де қиындау.
Алматының әр түрлі жоғарғы оқу орындарында шет елдерде тұратын бірсыпыра қазақ балалары оқиды. Олардың бірқатары маған келіп, әңгімелесіп тұратын және «апай, сіздің өлең-жырларыңызды шет жерлердегі қазақтар іздеп оқиды», — дейтіндерін еститінмін.
Түркияға жүрер алдында астанамыздағы шет елдердегі отандастарымызбен байланыс жасау мақсатымен құрылған «Қазақстан» қоғамына (бұрын «Отан» деп аталып келді) телефон шалып, тіпті өзім аяқтай барып, Түркиядағы елдестерімізге менің келетінім жайлы хабар беріңіздер — Түркияның бас-аяғында жүрген қазақтардың ең болмаса бірсыпырасы құлақтансын деген пікірді айтып едім, ондағы жолдастар өзім онсыз да білетін кейбіреулердің аты-жөнін айтып, телефондарын беруден аса алмады. Өзіміздің салбөкселігімізді әйтеуір бір жерде болмаса, екінші жерде көрсетіп алып жүреміз ғой. Бұл қоғамдағы арнайы жалақы алып отырған қызметкерлерден сорпа суымайтынын білгесін, жоғарыда айтқан студенттердің бірінен Стамбулдағы ағайындарға телефон соғуды өтініш еттім.
Сөйтіп, Мәскеудің Шереметьево — 2 деген халықаралық әуе алаңынан көтеріліп, екі сағат елу минут өткенде Түркияның астанасы Анкараға келіп қондық. Аспанда күздің ала-құла бұлттары кетіп барады. Жуырда ғана жаңбыр жауып өткенге ұқсайды — әр жерде ойдым-ойдым жылтыраған қақ жатыр.
Жанымдағы қыз-жігіттер - қалада туып-өскен, қазақшалары тілі жаңа ғана шыққан сәбидей былдырлаған, киім киіс, мінез-құлықтары француздың қыз-жігіттерін баяғыда жолда қалдырған бауырларым. Менімен қазақша сөйлесіп, қазақша емеурініңді көзіңнен ұғатын суретші ініміз Бексейіт Түлкіұлы Анкара әуе жайында:
— Апай, мына әуе жайдағы қызметкер түрік қыздары «Сіздердің қыздарыңыздың тамағы мен қолдары қара да, беті ақ болу себебі не?» — деп таңданады, түрік тілін түсінуге болады екен, — деп жаныма келді. Әуе жайдағы жолаушылар отыратын залда бастарына ақ жібек жаулық салған жап-жас келіншектер кәдімгі қазақ ауылының қыз-келіншектерінен аумайды. Шеттерінен иманжүзді, артық ет-майсыз, қыпша бел әйел-қыздарды, көбісі мұрт қойған, қараторы жігіттерді көріп, Жамбыл облысының бір ауданына келгендей әсерде тұрдық.
Кешікпей Анкара — Стамбул бағытымен ұшатын самолетке отырып, бір сағатқа жетпей ежелгі түрік жұртының рухани астанасы Стамбулға да жеттік-ау! Бұл жердің уақыты Мәскеумен салыстырғанда бір сағат кейін екен, біз Стамбулға сағат түс қайтарғы 17.00-де түстік. Ал бұл — Мәскеуде 18-00 сағат. Түркия жеріндегі қазақтар үшін домбыра қат дегесін Алматының дүкендерін кезіп жүріп, екеуін сатып алып ем, жүктерді алғанда барып есімізге түсті — самолетте қалып қойыпты. Мәскеуден шығарда өзіміздің бір баланың қолына ұстатқам — түсер жерде ұмытып кетіпті. Содан самолетке кері барып, әрең дегенде домбыраларды алып, енді заттарымызды түгендей беріп едік, әуе жайдың әйнек қабырғаларының сыртында жапырласып, бізге қарап тұрған жігіттер, қыз-келіншектерді көзіміз шалды.
«Фариза апай қайда?» — деп жамырасқан қазақша дауыстар естіледі. Бөтен елге келе жатырмыз деп екіұдай сезіммен алабұртқан менің қасымдағы жастар, мені қоршап алып, құшақтай қауышып жатқан жиырма-отыз қазақ жігіттері мен қыздарын көргенде, көңілдері көтеріліп, жүздері жайнап сала берген.
Бізді күтіп тұрған Түрік ресми әкімшілігінің тілмашы Рәсім деген түрік жігіті екен — ол жайына қалды. Қазақ бауырлар мені қолдан-қолға түсіретін емес.
— Ал, апа, кеттік! Біздің үйге барамыз — өзіңізді бүкіл қазақ атаулы күтіп отыр, — деп Әшім Полат деген әдеміше қараторы қазақ жігіті қолтықтай жөнелді. Әуе жайдың сыртында оншақты жеңіл машина оқшау тізіліп тұр — бәрі де бізді күткен қазақ бауырларымыздың көліктері болып шықты. — Мынау самбырлаған мұртты жігіт — Заһир деген ініңіз, анау көзәйнекті —Зейнел, қасыңыздағы жұқалтаң ақсары жігіт — Әзиз, мына ұзын бойлы мұртты — біздің оқымысты азаматымыз Ислам, сіздің келетініңізді баршамызға хабарлаған осы жігіт.
Қонақ үйге жайғасып орналасқаннан кейін жаныма 7-8 қыз-жігітті ертіп Әшімнің үйіне келдім. Кәдімгі қаланың бес қабатты үйінің үш қабатын Әшімнің бауырлары, өзінің семьясы мекендейді екен. Әр қабатында төрт бөлмелі бір пәтер, өзі сатып алған жеке меншігі.
Әшімнің қонақ бөлмесі едәуір кең екен, бірақ жұма күні мешіттегі намазға жиналған халықтай сығылысқан адам, ине шаншарға жер жоқ. Ылғи ер-азаматтар. Қыз-келіншектер басқа бөлмеде екен.
Көптен күткен бауырлары келгендей ықылас келбет-кейіптерінен көрінген жұрттың назары менің лебізімде. Жанымдағы төрт қызды басқа бөлмеге алып кетті де, жігіттермен бірге мен қалдым.
Бұлардың қазіргі тұрған жері — Стамбул қаласының Зейтінбурно ауданы, бірақ сол жердегі үш жүзге жуық қазақтардың бәрі 1970-жылдары Ираннан, Ауғанстаннан көшіп, осы Түркияға келгендер. Әшімнің жұбайы — Айша, инабатты, сүйкімді келіншек, үш баланың анасы болса да, он бес жасар қыздай үлбіреп тұр. Төркіні Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында керінеді. Әшімнің өзі Қызылорда жақтан. Бұлардың бәрі — Ауғанстан топырағында дүниеге келген ұрпақтар.
Зейнел Әбдин де — сол ауған жерінде дүниеге келген жігіт болғанмен, жан-жүрегі ата-баба мекені деп лүпілдеген азаматтардың бірі. Зейнелдің немере туысы Естай Мұнайдаров бұрын Жамбыл қаласының Депо көшесіндегі № 8-үйде, енді бір туғандары Қарақалпақ жеріндегі Тахтакөпірде тұратынға ұқсайды. Бұлардың қай-қайсысы да туыстарынан бұл күнде кім бар, кім жоқ — бейхабар.
Түркиядағы қазақтардың бәрі дерлік біздің қазіргі әріп жазбамызды білмейді. Араб не латын жазбасын жақсы ұғады. Сондықтан, хат-хабардың бәрін, адреске дейін, латын жазбасымен жолдаған дұрыс.
Мұхаммедияр Майлыбайұлының ата мекені Қызылорда облысының Қармақшы ауданында. Арғы атасы Малайды бүкіл ел білетін белгілі адам болған. Мұхаммедиярдың әкесі Майлыбай ақсақал Ауғаныстан жерінде отыздан астам жыл тұрса да: «Балам, үй салма — елге кетеміз ғой», деумен дүниеден өтіпті.
Малаймен бірге туған Қален, Әлен, Әден атты ағаларының амандық-тірлігін білгісі келеді. Хат-хабар күтеді.
Заһир Сермеханұлы — аңқылдаған ақкөңіл жігіт. Ол Темірқұлдан тараған Сағат, Серікқали ағаларынан кім бар, кім жоқ екенін біліп беруді маған өтініш етіп айтып еді. Олар да Қызылорданың Қармақшы ауданында секілді. Заһир да Стамбул қаласындағы Зейтүнбурнода тұрады.
Бұқарбай Әйтпембетұлы — Ауғаныстаннан Түркияға көшіп келген қазақтардың бірі. Орнықты, көп сөйлемейтін Бұқарбай ағайдың да есі-дерті Қазақстандағы туған-туыстарының тұрмыс-тіршілігін, адрестерін білу, мүмкін болса, келіп, ата-баба топырағына аунап-қунап қайту. Қызылорданың Жалағаш ауданындағы апайы Ұржан, жездесі Данышпанның, олардың бала-шағаларының бір хабарын білсем деп армандайды. Қармақшыда тұратын нағашысы Қалмұраттан қалған кім бар екен деп елеңдейді.
Бердәулет Жарасұлы — Маңғыстау өлкесінен. Ол кісі Арабстанда өскен, бәйбішесі әлі де сонда тұрады. Ал бірқатар балалары осы Стамбулдағы үйлерінде тұрып оқиды, еңбек етеді. Бердәулет те Ағыс, Ордабай ағаларының үрім-бұтақтарынан хабар білгісі келеді.
Маңғыстаудан 1930-жылдары ауып кеткен қазақтардың басым көпшілігі Иран, Ауғанстан жерінде көрінеді.
Түркия жерінде он мыңнан астам қазақ тұратын көрінеді. Балалары түрік мектебінде оқиды. Біздің орыс тілін білуге мәжбүрлігіміз секілді, олардың да еңбектеген жас, еңкейген кәрісіне дейін түрікше сөйлейді. Жас балаларының кейбіреулері болмаса, бәрі дерлік қазақ тілінде сөйлейді. Тек Иранда өскендерінде парсы тілінің, Ауғанстанда өскендерінде ауған тілдерінің әуен-ырғағы байқалады.
Қазақ тілін құртып алмас үшін олар қалада болсын, далада болсын бір жерге орналасуды мақсат еткен. Той, садақа секілді жиындарды бірге атқарысатын көрінеді. Біз іргеміз туған топырағымызда отырып-ақ, әдет-ғұрып, дәстүрімізге дақ түсіріп жүрміз, ал шетте жүрген қазақтар соның бәрінің тінін үзіп алмауға ұмтылысады. Қазақтар көп түратын шет елдерде дипломатиялық орталығы немесе консулдық мекемеде Қазақстан өкіметінің өкілі жоқ болғандықтан, елге, тым болмаса, келіп-кету үшін, кімге жолығып, қайдан шешімін табудың мүмкіндіктері жоқ.
Түркия — дініне дақ түсірмеген мұсылман елі. Әр ауылында айлы мұнарасы сонадайдан қол бұлғап мешіт тұрады. Бала-шаға, жас жігіт, әйел-қыздарына дейін ораза ұстап, бес уақыт намаз оқиды. Жұма күні мешітке барып, қасиетті сәждеге маңдайларын тигізеді. Құдайға, табиғаттың құдіретті күшіне сенім бар жерде, ар алдындағы тазалық болады. Сондықтан кісі өлтіріп кету, үйді-үйді тонап кету секілді құдайды да, ар-ұятты да ұмытқандардың ісі ол жақта кездесе бермейді.
Түркия қазақтарының тұрмыс-тіршілігі жақсы — бәрі де қолдарынан келгенше еңбек етеді. Көбісінің кәсібі — тері өңдеп, киім тігеді, дүкен ұстайды, яғни сауда-саттықпен айналысады. Ол бұйымдарды сол Түркия жеріне және Европа елдеріне саудаға шығарады. Балаларының кейбіреулері Батыс Германия, Швеция, Франция жерлерінде оқиды, еңбек етеді.
Түркия қазақтары үшін Европа, Азияның қалаларына немесе Америкаға барып келу біздің Жамбыл не Қызылорда қалаларындағы тойға барып қайтуымыз секілді.
Дастархан басында арақ-шарап құю атымен жоқ. Европада оқып келген жастардың арасында «тентек су» ұрттауға ауызданғандары болса, немесе басқа жақтан келген қонақтарға ішкізіп-жегізу құрметі қажет болса, бар, ресторанға апарады. Әйтеуір үйлерінде ішімдік ұстау деген — мүлде дәстүрге енбеген әдет.
Түркия қазақтарының тағы бір артықшылығы түгел дерлік ағылшын, французша, парсыша сайрап тұр! Біз шет елге жазатайым шыға қалсақ, мылқау адамдай міңгірлеп, бейшарадай күй кешеміз. Ал олардың оқымағандарының өзі бірнеше шет тілдерді меңгерген.
Түркияның кез келген жерінде телефон бар, үйде отырып, Совет Одағынан басқа барлық елдермен он-он бес минутта телефонмен сөйлесе беруге болады. Әрине, тегін емес — ақшаға.
Бірақ бізде, ақы берсең де, басқа ел түгілі, алақандай Қазақстанның қалаларымен қапелімде хабарласу қияметтің қыл көпірінен өтумен бірдей ғой.
Әрине, шет жерде жүргеннен кейін адамға сол елдің топырағына сіңісіп, тілін, ғұрпын білу оның тірлігінің басты шарты болатыны белгілі. Бірақ өз халқының рухани қазынасын байытуға бөтен жерде мүмкіндік бола бермейді. Бізде, Қазақстанда, қанша ұлт өкілдері болса, олардың тарапынан үкіметке сонша талап қойылып жатады: өз тілдерінде мектеп ашу, радио, теледидар хабарларын жүргізу және тағы басқалар. Әрбір ұлттық республиканың әр түрлі себептермен топырағын басып жүргендердің талап-тілегін қанағаттандыруға тырысып бағатын біздің еліміз болса керек.
Әйтпесе, Түркия жерінде теледидардан қазақ тілінде хабар берілсін деп, ол жерде қанша мың қазақ болса да, талап қоя алмайды.
Сондықтан ол жақта қазақ тілінің дамуы туралы сөз ету ерсі, себебі, оған негіз жоқ. Ән-күй, өнер, әдебиет төңірегінде де қуанарлық ешнәрсе көрінбейтініне таңдануға болмайды. Мұртаза секілді домбыра шертетін бірен-саран жас жігіттер болмаса, ұлттық болмысқа кейінгілерді баулитын орта жоқ.
Түркия жерінде мемлекеттік меншіктегі кейбір мектептер мен жоғарғы оқу орындары ғана, қалған дүниенің бәрі — машина шығаратын заводтарға дейін — жеке адамдардың меншігінде. Дүкен, емхана, аурухана, жер, жол, газет, журнал, фабрика, транспорт, асхана және басқа қоғамдағы өндіріс, өнеркәсіп салаларының бәрі — жеке меншік иелігінде.
Біздің жол бастаушымыз әрі тілмашымыз Рәсім Гүргеніш Айген — түрік жігіті, келісті, орнықты да ойлы жас. Өз мамандығы бойынша дәрігер-эпидемиолог екен, біраз жыл дәрігер болып істегесін, мектеп балаларының гиді болып қызметін ауыстырыпты. Арасында, орыс тілін оқып үйреніп, Совет Одағынан келгендерге тілмәш әрі жолбастаушы болып істегеніне бас-аяғы үш айдай болған екен.
Стамбул — Мәрмәр теңізінің жағасында орналасқан не заманнан түрік елінің рухани астанасы болып келе жатқан қала. Мұнда аты мұсылман әлеміне әйгілі «Көк мешіт» бар. «Көк мешіт» — XVII ғасырда салынған. Түрік жерінде тұңғыш жасалған мұнаралы мешіт. Мехмет аға деген ісмер жасапты деседі. Басында жарты ай — исламның ишараты.
Ең үлкен мұнараның астыңғы жағы — мешіттің намаз оқитын негізгі орталық үлкен залы. Төбе жағы киіз үй құрылысына келетін бұл мұнараның биіктігі еденінен өлшегенде 43 метр де, ені 23 метр; жан-жағында күн нұрын бірдей қалыпта түсіруге есептелген 32 терезе бар. Мұнараны үлкен-үлкен төрт баған ұстап тұр. Әйелдер намаз оқитын зал кіргеннен кейін сол жақта орналасқан.
«Көк мешіттің» қарсысында, көшенің арғы бетінде, қызғылт реңді атақты «Ая София» соборы тұр. Жанында сол замандарда салынған түрік моншасы. Бұл христиан дініндегілердің салдырған шіркеуі, түріктер басып алғаннан кейін, «Ая Софияны» мешітке айналдырған. Ислам діні адамның, жануардың бейнесіне, жалпы сурет атаулыға рұқсат етпейтін болғандықтан, шіркеудің ішіндегі суреттерді кетіріп, бетіне арабша құраннан алынған аяттарды жазған көрінеді. Түрік республикасының бірінші президенті Ата Түрік 1935-жылы «Ая Софияны» музей жасау қажет деп бұйрық шығарған. Музей жасау үстінде алғашқы кескін-кейпіне келтіру үшін арабша жазуларды кетіруге тура келген. Сондықтан «Ая Софияның» іші жұпынылау көрінеді.
Біз Стамбулдан басқа Ізмір, Эфес, Шанаққала (ежелгі Трояның жанында) деген қалаларға автобуспен бардық. Әр жерде бензин құятын бекеттерге тоқтағанда, жүргізуші автобусынан түсіп үлгермей жанына екі жігіт жүгіріп келеді де, қандай қызмет көрсету қажеттігін сұрайды, сосын бірден іске кіріседі. Біреуі бензин құяды да, екіншісі көзді ашып-жұмғанша түтікті ашып жіберіп, автобусты жуып шығады. Біздегідей әкесінің өткізіп қойғаны бардай шалқайған қызметшілерді көрмейсің. Жаның сүйсінеді. Біздің қонақ үйлерге келгенде есік алдындағы босаға бағарларлан бастап, үй сыпыратындарға дейін көкесінің салдырып кеткен үйіндей шекесінен шікірейіп қарап қорлайды ғой. Және бізде бір қонақ үйдегі қызметкерлер саны қонақтардан сәл ғана азырақ болып келеді.
Түркияда қонақ үй жеке меншікке қарайтын болғандықтан, қызметшілер саны аз, әрі кімге болса да қызмет етуге дайын, елпілдеп тұрады. Асханаларында да бір сағат күттіріп, қысымыңды шапшытып шекеңе шығармайды. Тәбетің тартпаған тамақтан бас тартсаң, «бізде басқа ештеңе жоқ» деп төбеңнен қойып қалмайды — жегің келген тамақты тездетіп дайындап беруге тырысады, әйтеуір аш күйіңде кетпеуің үшін бәйек болысады.
Түркия — көп партиялы ел. Партиялардың жалпы саны оннан асады. Парламентке сол партиялар сайлаған 450 өкіл мүше бола алады. Елдегі түрік саны 57 миллион шамасында, ал жалпы саны — 65-66 миллион түрік елінің бүгінгі басшысы Тұрғұт Өзал Америка Құрама Штаттарында менеджерлер мектебін бітіріп, еңбек жолын сонда бастаған, шаруашылықты қайткенде өркендетуге болатынын жақсы білетін, ойлы, іскер, туған халқының түрмысын жақсартуды мұрат тұтқан қайраткер деседі. Сондықтан да көп жылдар орта ғана тірлігі бар елдердің бірі болып келген Түрік республикасы — соңғы 5-6 жылда Батыс пен Шығыстың озық дамыған елдері деңгейіне жетіп қалған, ешкімге тәуелділігі жоқ мемлекет. Елде жиырма тоғыз университет бар, оның біреуі — жеке меншіктегі жоғарғы оқу орны. Мектептеріндегі оқу жағдайы үш сатыдан тұрады:
бастауыш мектеп — I - V кластар;
орталау мектеп — VI -VIII кластар;
орта мектеп — IX - XI кластар.
Соңғы жылдарға дейін мұғалімдердің жалақысы төмен болып келіпті. Қазір олардың еңбек ақы деңгейін көтеріп, әр қалада жан-жақтан келген мұғалімдер тегін тоқтайтын қонақ үй жұмыс істейді. Түркия дәрігері айына 1 миллиард лирдей табыс табатын көрінеді. Біздің елде оқулары да, оқуға түсуі де ең қиын оқу орны бола тұра, дәрігерлер бейшара күн кешеді ғой.
Түркияның үлкенді-кішілі қалаларына келіп, қонып шығатын жер таба алмай сандалып жүретін адам кездеспейді. Өйткені жеке адамдар қонақ үй ұстайды да, оны басқалардан жайлы, әдемі, қонақ көп келетін орын етуге қызмет етеді. Сондықтан шекесінен қарау, жүре тыңдау, «түнгі он екіде кел» деген секілді көкірек көтерген сұқбытын ұқтырар құлықтар көрсетпейді, керісінше, есіктің алдына шығып жүгіңді көтерісіп, тұратын бөлмеңе әкелісіп, өзіңді адам деп есептейтін біреулер барына көзің жетіп, төбең көкке тигендей, қуаттанып қаласың. Қонақты қарсы алу, күту деген — тек текті халықтарда болатын қасиет.
Түрік елінің ақшасы — түрік лирі. Мәселен, 50 сом кеңес ақшасын 185000 түрік лиріне ауыстыруға болады. Бізше саны көп көрінгенмен, бұл пәлендей көп қаржы емес.
Түріктер мынау ұйғыр, анау қырғыз деп бөлмейді, түркі тілдес ұлттардың бәрін түрік дейді және оларға «Түркия — бүкіл түріктің жері» деп, қамқорлық, кеңдік көрсетуге тырысады. Түріктер — бір сөзді, уәдеде тұратын, достық-жолдастыққа берік, еңбекқор халық. Тері илеу, иленген теріден неше түрлі әдемі киім тігу — басты кәсіптерінің бірі. Зәйтүн ағашын өсіріп, зәйтүн майын арнайы заводтарда айырып шығарады.
Стамбулдан алты жүз шақырым қашықтықта бүгінгі Түркияның үлкен өнеркәсіпті Ізмір қаласы бар. Ол Эгей теңізінің жағалауына орналасқан әдемі қала. Бір жағы теңіз қолтығына кіріп жатса, екінші жағынан тау көмкеріп тұр. Қаланың ең жоғары нүктесі — теңіз деңгейінен екі жүз метр биікте салынған Александр Македонский қорғаны. Қорғанның бес мұнарасы бар. Ізмір қаласында тұратын Шеризат Дауыр атты қазақ азаматы бар, өте үлкен адам — дегенді Стамбулдағы Бақыркөй ауданында тұратын өзім атын баяғыдан білетін Халифа ағай, сәлем беруге барғанымда, айтқан еді. Халифа Алтай — әдебиетші, «Естеліктерім» атты өлеңмен жазылған тарихи шығармасын бұрынырақ оқығаным бар-ды. 1970-жылдары Алматыда болған. Арабша оқыған, көкірек көзі ашық адам. Қазақстандықтар ол кісіге: «Құранды қазақ тіліне аударып берсеңіз, жеке кітап етіп басып шығарамыз» — деп уәде беріп, содан Халифа аға ұлы Әбдірайымды жанына отырғызып, біздің тілдегі машинкаға жаздырып, аударманың соңғы нүктесін қою үстінде екен. «Қазақ әдебиеті», «Біздің Отан» газеттерін алдырып тұрады.
Сонымен, автобуспен Ізмір қаласына келдік. Бүкіл қазақ жанымызға еріп жүргісі келеді. Оған мүмкіндік жоқ. Парсыша, түрікше оқыған, Стамбул университетінің аспирантурасында «Қазақ жеріндегі мәдени, тарихи ескерткіштер» деген тақырыпта диссертация жазып жүрген, көзі ашық жігіт Исләмді жанымызға ертіп алдық.
Исләм Жеменей — Иран жерінде өскен қазақ жігіті. Парсыша оқыған, оншақты жыл мектепте парсы тілінен сабақ берген. Басқа ұлт өкіліне кез-келген мемлекет кең жол аша бермейді. Жасынан ғылым жолына түсуді, әйтеуір пайдалы іс қылуды армандаған ол Түркияға келіп, аспирантураға түскен екен.
— Егер өз жеке басымның пайдасын ғана ойласам, Иран жерінде асып-тасып бай болып отыруыма мүмкіндік бар еді, — дейді Исләм әңгіме арасында. — Қазір «Қазақша-парсыша сөздік», «Қазақша-түрікше сөздік» дайындап қойдым. Екеуі екі кітап. «Қазақстан жеріндегі тарихи, мәдени ескерткіштер» деген тақырыпта диссертация жазып жүрмін. Қазақстанға барып, бес-алты ай материал жинасам деп едім және орыс тілін үйренсем деген мақсатым бар еді.
Біздің Бексейіт ініміз Исләммен баяғыдан бірге өскендей дос болып алды. Екеуі егіз қозыдай, ой-пікір, дүниетаным деңгейлері керемет жарасым тауып, сүйсінерлік күндер кешті.
Стамбулдағы қазақтар хабарлап қойса керек, Шеризат: «Фариза келген болса, тай сойып қонақ етемін», — деп хабар берді.
Біз уақыттың тарлығын айтып, әбігер болмауын өтіндік. Соның арасында қызы Есімхан мен ұлы Абылайханды ертіп, Шеризат өзі біз тоқтаған «Билюр» қонақ үйіне келе қалды. Біз ертесіне Ізмірден алпыс-жетпіс шақырым жердегі Эфес қаласына баруымыз керек-тін. Өзіміз жолсоқты боп шаршап келдік.
Дегенмен микроавтобусқа сыйғанымызша отырып, Шәкеңе еруге тура келді. Автобус ішінде телефон орнатылған. Жол бойы Шеризат әңгіме айтып, баяғыдан таныс адамдарша, сыр шертісіп келеміз. Кенет телефон шырылдап қоя берді де, Шәкең ағылшынша зуылдатып сөйлесе бастады. Телефон Лондоннан соғылған екен. Әлі жүріп келеміз. Қаланың сыртына шықтық. Алдымыз — тау бөктері. Шәкең жүргізуші түрік жігітіне машинаны тоқтат дегендей болды да:
— Фәке, анау ағарған үйді көріп отырсыз ба? — деп оң жақты нұсқады. Әппақ киіз үй көрінді.
— Сізге қаланың үйі таңсық болмас деп, осы саяжайға демалдыруды жөн көрдік...
Он екі қанат киіз үй нұсқасында салынған әдемі биік үйдің іші кәдімгі қазақтың баяғы үйіндей кілем, айнала көрпе-жастық, жайнап тұр, Шәкеңнің келіншегі Жанай ашаң жүз, сұңғақ бойлы, сұлу, жан дүниесінен мейірімді жылылық ескен келіншек, құрақ үшып, бауырсақ пен шай беріп, қазы салып асқан қойдың жас етімен сыйлады.
Шеризат осы киіз үйдің жобасын өзі жасап, биыл бітірткен екен. Ойы — бие байлатып, қымыз жасап, жұма күндері осы жерді қазақтың тағамдары берілетін кафе секілді орын жасау.
Туған топырағымыздан он бір жасында кетуге мәжбүр болған, бұл күнде ел ағасы, саналы, парасатты Шеризат Дауыр, қай жерге барса да, өзін қазақ халқының перзентімін деп жүретін, әдебиеттен, рухани дүниеден мол хабардар азамат. Үлкен қызы Шолпан үстіне қазақи киім, басына үкілі тақия киіп келіпті. Шолпан, Есімхан, Абылайхан — үшеуі де, құрақ ұшып, бізге қызмет көрсетіп жүр, бірақ үндемейді. Мен қасымдағы бір топ жас өз ана тілдерінде былдырықтап отырса да:
— Шәке, адам артына алтыннан сарай салдырып қалдырса да, тілін, рухын жалғастырар бала болмаса, бос әурешілік, — деп қалдым.
— Сөзіңізге құлдық, Фәкесі! Сіз не айтсаңыз да көтеремін, орынды, — деп Шеризат күлді.
Түнде ән салып, домбыра тартып, біраз отырдық. Ертесіне бөлмедегі телефон шыр ете түсті. Көтерсем — Шеризаттың үлкен қызы Шолпан.
— Фариза апай! Сізді қалаға қыдыртайын деп едім — папамның аяғы ауырыңқырап, мазасы болмай тұрғаны. Сосын мен келіп едім, — деп қазақша, арасында сәл мүдіріп қалса да, біздің орыс мектебінде оқыған шалапайларымыздан көш ілгері сөйлеп тұр.
Ізмірде жауын жауып тұр, әңгіме соқтық. Шеризат — шет елдерге шығаратын киім-кешек дүкенінің бастығы. Шолпан да жанында жұмыс істеп, өткен жылдан бері өзі жеке дүкен ұстайды екен. Екеуміз Шәкеңнің жұмыс орнына келдік. Алдымыздан екінші қызы Есімхан шығып қарсы алды. Бұл орта бойлы Шолпанға қарағанда сұңқақтау, жұқалтаң қыз. Есімхан да әкесінің жанында қызмет атқарады. Абылайхан университетте оқиды.
Шәкең түскі тамақты бірге, осында ішеміз деп жібермеді де, жұмыс бөлмесіне тағам алдырды, үзілістен кейін Есімхан екеуміз қала аралауға шығатын болдық. Шәкең біз кетерде:
— Апасының емтиханынан өтсін деп, Шолпан мен Есімханды әдейі жолбасшы етіп отырмын, — деп күлді.
Есімхан екеуміз әңгімелесіп, менің қазақша сөйлесуден жүргізген «сынағымнан» өткеніне екеуміз де мәз болдық.
Түркия жерінде болған бір жұма уақыт күрмеуге келмей көзді ашып-жұмғанша өте шықты.
— Сөзіңізге, лебізіңізге қанбай қалдық, — деп шуласқан түрік жеріндегі бауырластардың кескін-кейпінен төгілген қимастық сезімдер жүрегімді елжіретті. Біз елге қайтатын күні Стамбул қаласындағы «Ердал» қонақ үйінің айналасы да, іші де қазақтарға толып, қыз ұзататын ауылдай, абыр-сабыр болды. Сол жерде қиыспай қоштасып, түс әлетінде Ата Түрік атындағы әуе алаңына автобуспен аттандық. Жол бойы оқыған философ ініміз Сағади мен Бексейіт үшеуміз көздері мөлтеңдеп, машиналарының жанында тұрып қол бұлғап қалған бауырларымызды қимай әңгіме етумен болдық. Үшеуміз де іштей қатты толқулы едік. Біз Түрік жерінде болған аз ғана күндерде олар бүкіл қазақ елі көшіп келгендей, енді көз жазбастай, қоштасар күн тумастай, етек-жеңдері жайыла, кең жүрген еді.
Жарты сағаттай мерзімде біз келгелі «ат айдаушы» боп жүрген, біздің әзірбайжан бауырластарымыздан аумай қалған, ойнақы, ақжарқын Ердуан атты түрік жігіті автобустың құлағында ойнап отырып, Ата Түрік әуе жайына алып келді. Бағана қонақ үй маңында қоштасып қалған қазақ жігіттері — Зейнел, Смайыл, Исләм, Мұхамедияр, Әшім, Қайыр — бәрі алдымызда тұр! Оларды әуе жайға кіргізбейді. Тағы жамыраса қоштасып, біз ішке ендік. Біз ұшатын СN 504 рейсіне жолаушыларды тіркеу әлі басталмапты. Кенет:
— Апай! — деді сырт жағымнан біреу. Қарасам Мұртаза! Керемет ән салады, домбыра тартады, кескін-келбеті қазақтан гөрі тау халықтарының ұрпағына ұқсайтын, жасы 19-20-лардағы — Мұртаза жас та болса, көргенді, жөн-жосықты да жақсы білетін, шешен сөйлейтін мінезі жарқын жігіт. Қазақстанда бір рет болғаны бар. Ағылшын тілін оқыған. Алматыда оқу ағылшынша немесе қазақша жүретін болса, экономика бөлімі бар жоғары оқу орнында оқығысы келетінін өзі маған айтқан. Енді, міне, шығарып салушыларды ішке кіргізбейтін әуе жайдың бір саңылауын тауып, біздің жанымызға жетіп келгені.
Бізді қимай, көңілі алабұртып тұрғаны дидарында жазулы тұр.
Ата-баба топырағының тарту қасиеті ешбір өлшемдерге сыймайтын қуатты күш болса керек. Атамекенді көрмей, білмей ғұмыр кешсе де, көңілі сол жаққа алаң, тұла бойын кернеген сағыныш пен аңсау тоқшылық пен байлықты місе тұттырмай, жанына әйтеуір бір нәрсе жетпейтіндей, көңілді толықсытпайды. Түсінде бабасын көреді. Жасыл жайлау, жасыл шыршалы таулы аймақ пен қатпар-қатпар тасты шоқыларды аралатып жүреді.
Өңінде елге қалай жетсем деп аңсайды. Онда барғанда, ешкімге тәуелді болмай, өзіңнің адал еңбегіңмен мамыражай күн кешсең жақсы. Әлдекімдерге алақан жайып, күлді бадам күнелтіс қамының күйбеңімен жүрер болсаң, ата-баба жерінің қасиетін де сезіне алмай қалуың мүмкін-ау. Ықылым заманнан күнелтіс көзі болған малы мен жайлауын, тіпті жиған-терген дүние-мүлкін тартып алып, өздерін зәннемнің түбіне жер аударып жатқаннан кейін, ата-баба туған жер, тербетілген бесігін тастап, белгісіз ел, беймәлім тірлікті бетке алуға мәжбүр болыпты. Сондағы жалғыз арман — ешкімге жаутаңдамай, емін-еркін күн кешу. Алыстан жеткен хабар әдетте ашытқыдай ісініп, неше түрлі күйден өтіп келеді. Қазақстан топырағында күн кешкен қазақ халқының совет дәуіріндегі тірлігі тірлік емес — бәрі бірдей тілін, дінін ұмытып шоқынып кеткен; «тың даланы игереміз» деп, түрмеден қашқан, өз жерінде бұзақы, ұры-қары болған орыс атаулының бәрі Солтүстік облыстарды жайлап алыпты; әр мекемеде екі басшының бірі орыс болуы шарт көрінеді; елдің барлық мәселесін Мәскеу шешеді... Міне, осындай ұзын хабарлар шетте жүрген әр қазақтың жүрегін мұз болып қарып, онсыз да жаралы жанына тұз құйғандай тызылдатады.
Жер шарының әр нүктесінде аспан жұлдыздарындай шашырап жүрген елдестеріміз баршылық. Түркия, Қытай, Монғолстан, Ауғанстан, Иран секілді елдерде сан мыңдаған отандастар тіршілік етеді. Олар өздерінің кіндік тамыры — Қазақстанды көруге, білуге талпынады. Біздің шет елдердегі бауырластарымызбен жұмыс жүргізуге тиісті «Қазақстан» қоғамының бүгінгі қызметімен қанағаттануға болмайды. Шет жерде жүрген елдестер бізді, қалай болғанда да, іргелі ел деп қарайды. Оларға «Қазақстан» қоғамының кейбір қызметкерлері жіберген жыл құсындай жылт еткен хат-хабар немесе бір саны келсе, екі-үш саны зымқия жоқ болып кететін «Біздің Отан» газеті республиканың тіршілік тынысы, өмірі жайлы жарытулы мағұлымат бере алмайды; себебі, ол елдерден хабар-ошар алып, байланыс жасар тілшілері жоқ. Әдебиет, өнер, тіл салаларынан олар мүлде бейхабар. Біздің газет-журналдарымызды олар жаздырып ала алмайды.
Республика үкіметі шет елдердегі отандастарымыз жайлы жүйелі мәселелер тындыратын істерді қолға алу қажеттілігі туып отыр.
Алдымен, елдестеріміз қалың тұратын елдердегі Кеңес консулстволарында қазақ елінің тілін білетін өкілі болуы керек. Сонда заманның лаңы, тағдырдың талқысымен бір кездері ел-жерінен айырылуға мәжбүр болған бауырларымыз Отанын көріп кету үшін қазіргідей қиямет қайым азабын кешпей, қиындықсыз келіп-кету, тағы басқа мәселелері шешілер еді.
Республикамызда шығатын газет-журналдарды олардың жаздырып алу мүмкіндігін туғызу қажет-ақ.
Әдебиетшілерді, тіл мамандарын, әнші, жырауларды жіберіп тұруды ойластырып он жылда біреуін емес, жүйеге келтірген дұрыс болар еді.
Шет жерлердегі қазақтардың тұрмыс-тіршілігі туралы зерттеу материалдар жазу да ұрпақ үшін қажет шаруаның бірі болса керек...
Түрік жеріндегі туғандармен қас-қағым сәттік көрісулерден тұжырымдаған ойларым осы.
1989.