- 21 мам. 2023 00:00
- 286
XXI ғасыр қаласы (тарихнамалық деректер)
Тəуелсіз Қазақстанның елордасы – Астана қаласы. Ол кеңбайтақ Отанымыздың жүрегінде, халқымыз қасиет тұтып, қастерлеген қасиетті Сарыарқадағы Есіл өзенінің оң жағалауында орналасқан. Ауа райы – шұғыл континентальды: қаңтар айындағы орташа температурасы 17,4 градус суық болса, шілдеде бұл көрсеткіш 20,3 градус жылыға дейін көтеріледі. Жыл бойына орта есеппен 335 мм қар мен жаңбыр жауады.
Қаланың негізі 1832 жылы қаланған. Сол жылы патшалық Ресей Қараөткел өңірінде Ақмола округтік приказын ашып, оның орталығын Ақмола деп атау жөнінде шешім қабылдайды. Кейін бұл əскери бекет округтік қала (1863), уезд орталығы (1868) атанды. 1961 жылы қаланың аты Целиноград болып өзгертілді. 1960-1965 жылдары Ақмола облысының жəне тың өлкесінің орталықтары болды. 1992 жылы қалаға тарихи атауы қайтарылды.
1997 жылғы 10 желтоқсаннан бастап, Ақмола қаласы тəуелсіз қазақ мемлекетінің астанасына айналды. 1998 жылғы 6 мамырда Ақмола атауы Астана болып өзгертілді.
Жаңа елорда тəуелсіздігіміздің тірегі, қолға алынған ұлы реформалардың ұйытқысы жəне жиырма бірінші ғасырдағы жаңа елдік болмысымыздың рухы мен бейне-бедерін қалыптастырушы орталыққа айналуға тиіс. Оның бағын көтерген тəуелсіздік идеясы.
Ел төріне ту тіккен жаңа елорда – айрықша нышандық құбылыс. Оны қазақ елінің өз тағдырына деген өз жауапкершілігін толық сезіне отырып қабылдаған XX ғасырдағы аса ірі саяси таңдауы ретінде ғасыр қолтаңбасы деп атауға да əбден болады. Ол XXI ғасырға əлемдегі ең жас елорда болып, ал тарихқа – бодандық бұғауын үзген қазақ елінің тəуелсіздік астанасы болып енеді.
Астана – XXI ғасыр қаласы. Жаңа астана тағдыры жас ұрпақ тағдырымен, жастардың арман-үмітімен тығыз байланысты.