Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 сағат бұрын)
Уақыт- алтыннан да қымбат

Адам баласына берілген баға жетпес құндылықтардың бірі-уақыт.

Бүгінгі күні дамыған өркениетті елдерге бара қалсаңыз, кез-келген адамның осы уақыт мәселесіне келгенде тым сараң екенін байқайсыз. Адам баласы уақыттан ұтылған жағдайда көп нәрседен қағылатынын жақсы біледі.

Тіпті қалалардағы автобус пен көлік аялдамаларынан жүру мезгілдерінің «15:05», «13:15», «20: 12» сияқты әрбір минутқа дейін есептеулі екенін байқап, таң қаламыз. Көліктері де сол белгіленген уақыт ережесінен бір минут озбайды.Біздерден сағат сұрағанда « Тоғыздан он бес минут кетті » десең, «Е, тоғыз жарым десейші» дей салатын уақытқа деген тым ысырапшыл түсінік оларда жоқ.

Уақыт-бір орталықтан бастау алатын және мәңгілікке созылған спираль тәрізді. Біз ауқаттанған кезде астың дәмінен ләззат алып, оның пайдасын көреміз. Уақыт та сол сияқты: сәттерін, минуттарын, күндері мен апталарын қаншалықты тиімді пайдалансақ, соншалықты ләззат аламыз, оның өтіп, оралмасқа кеткенін қаламаймыз. Өмір ләззаты мен қуанышы сезіліп, әрбір күніміз бен келешегімізге үміт отын сыйлаған кезде, қаншалықты көз тоймас нығмет болса да, егер оны ойланбай өткізсек, оның адамның иығына артылған ауыр жүктен ешқандай айырмашылығы болмайды.Уақыт – адам өмірінің ақшалай құны. Уақыт – әркімнің нақтылы өмірлік капиталы. Адамның босқа кеткен әрбір сәті отқа жаққан теңгемен тең. Адамның ақшалай уақыты адамның өзіне байланысты. Біреудің бір сағаты мың теңге болса, енді біреулердікі бір тиын. Кісінің кісілігі уақытты босқа өлтірмеуден басталмақ. Даналық жасқа байланысты емес. Елдің бәріне ортақ бір-ақ күнтізбе бар, тек оны әркім әр түрлі пайдаланады.

«Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық»  демекші, дінімізде таң намазын оқу үшін ерте тұру- әр мұсылманға парыз екені белгілі. Бір күннің бес уақытқа бөлінуі де жиырма төрт сағаттық тәулікті жүйелеп ,ұтымды пайдалану үшін  берілген үлкен мүмкіндік.

«Қарыны тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деп Абай атамыз айтқандай, адам баласының бос уақыты – малғұн үшін таптырмайтын мүмкіндік. Бос отырған адамның ойына түрлі жамандық келеді. Оны күнәға итермелейді. Сол себепті бір мұсылманның өмірінде бос уақыт болмауы тиіс.«Кітап оқыған бала, егінін егумен айналысқан егінші, тігін тіккен тігінші, ас үйде  тамақ пісірген әйел жамандық ойлауға уақыт таппайды»,-деп Ахмет Яссауи бабамыз айтқандай , жұмысы көп адамның жамандық ойлауға мұршасы да келмейді.

Кей жандардың «уақытымды қалай өткізсем екен?»-деп  ойлауының өзі қауіпті. Қазіргі таңда жастардың түрлі әрекеттерге баруы, қылмыс жасауы, моралдық азғындықтарға салынуы, не істерін білмей бос жүруі жиі кездесіп қалады.Әсіресе, жазғы демалыс кездерінде балаларға үлкендер тарапынан бақылау күшейтілмесе, айтарлықтай зардап әкелуі де  мүмкін.  Сол себепті де мұсылманмын деген адам уақытын босқа өлтірмеуі тиіс. Бұл да болса уақытты дұрыс ұйымдастыра алмауынан болып отыр. Адамдардың  бос отырудан сақтанғаны жөн. Уақыты болса, араз адамдарды татуластыруға, мамандығына сай жұмысымен айналысса, жетім-жесірлерге қол ұшын беруге дайын тұрса, жалпы пайдалы іспен айналысуға өз уақытын жұмсағаны дұрыс.

Уақыт – ақсүйектікті мойындамайды. Ханға да, қараға да берілетін мерзім – тәулігіне жиырма төрт сағат. Дүниеде уақыт белгілегеннен артық демократия жоқ. Мұндағы ақсүйектік уақытты пайдалануға байланысты, кім уақытын бағалай білсе, сол ғана тектілердің қатарына қосылмақ.

Адам уақытты сезінгенде ғана өзін-өзі қадағалап отырады. Өзіне-өзі есеп беруді  белгілейді. Дүниедегі ең жаман дерт-еріншектікті жеңеді. Өзін нағыз адам етіп тәрбиелеп шығады.

Адамның әрбір күні, әрбір сағаты , әрбір минуты мақсатсыз өтпеуі керек. Өмірдегі әрбір уақытын, өз бойындағы қайрат-жігерін, ақыл-ойын өмірге, өзі өмір сүріп отырған қоғамға жұмсап, қалтықсыз еңбек етуге, сөйтіп өзі үшін де өзгелер үшін де игіліктер жасауға жұмсауы керек. Уақыт бізбен еш уақытта санаспайды, тез өтіп кетеді. Сондықтан өмірдің әрбір сәтін бір күндік қызықтармен ғана қор қылмай, өмірдің ізсіз, мазмұнсыз болмауын қадағалау керек. Қазіргі жастық шақ – адамның өмірінің қайратты да, жігерлі, мүмкіндігі мол тамаша шағы. Оны жылдың көктем мезгілімен салыстыруға болады. «Көктемнің бір күні - жылға азық», - дейді халық. Ендеше жастықтың бір күні - сенің бүкіл өміріңе азық деуге болады. Уақыт бар ғой деп бүгінгі ісіңді ертеңге қалдырма. Өмірдің ұзақ екені рас, бірақ ол біреу ғана. Зымырай шапқан асаудың мойнындағы арқандай шұбатылып, ол тез өтіп кетпек, оны өз тұсыңнан өте бергенде бас салмасаң, өтіп кеткеннен кейін қусаң да жете алмайсың.

Адам баласы екі нәрсенің қадірін білмейді: бос уақыт және денсаулық. Кез-келген отбасында адамның уақытын алатын нәрселер көп-ақ. Атап айтар болсақ, теледидар және ұялы телефон. Жасыратыны жоқ, бұл күнде көк сандығы жоқ үйді елестету мүмкін  емес. Ұялы  қалта телефон- кім-кімнің де айырылмас досына айналған. Қанша алтын уақыттары телефонға үңілумен өтуде. Көп уақытын теледидар алдында өткізетін адамдар көп нәрседен құр қалып жатады. Оның орнына көркем әдебиеттерді оқыса, рухани дүниесіне мол азық болар еді. Уақыттың тағы бір аңдушысы-ұйқы. «Түнгі ұйқысын түгел ұйықтаған адам мақсатына жете алмайды» деген халық даналығының  астарын түнгі уақытын шығармашылыққа арнаған М.Мақатаев ағамыздың өлеңінен де аңғарамыз.

Түн маған ұйықтау үшін жаралмаған,

Ұйықтасын сапарларын тамамдаған.

Алдымда сапар жолы тарам-тарам,

Ұйықтасам, барлығынан қараң қалам.

Ия, уақыттың бұдан да басқа жаулары көп-ақ.

Уақытты тектен- текке өткізу-көп сөз, көп қыдырудың да еншісінде.

  Уақыт адамзатпен санаспайды. Оның  қадірін жетістікке жеткен ұлылар қатты бағалай білген.Оған мысал: атақты Эйнштейн бірде өз қызметшісіне мені жарты сағаттан кейін оятарсың деп тапсырып, көз шырымын алмақ болғанда, қызметшісі біраз тынықсын деп бір сағаттан кейін оятса керек. Сонда жарты сағат уақытының босқа кеткенін көріп, қызметшісіне  ренжіп, «ал, жарты сағатымды қайтарып беріңіз онда»,-деп кейіпті.Ұрланған уақытты ешқашан да қайтара алмайсың.Бірақ ұрланған заттың орнын толтырарсың. «Сағат сатып алсаң да, уақыт сатып ала алмайсың»,-деген мазмұнды сөздер кім-кімге де ой тастайды. Уақытты босқа өткізу-көп сөз, көп  қыдырудың да еншісінде. Ұға білген жанға уақыт-зор мүмкіндік. Сол мүмкіндікті дер кезінде кәдесіне жаратпаса, «қолын мезгілінен кеш сермейтіні» анық. «Уақыт адаммен санаспайды,ал уақытпен санасқан адам адаспайды » деп түйген халық нақылы да текетен –текке айтылмаған.

Уақыт болса зымырап  бір-біріне ұқсамай өтіп жатыр. Ол ешқашан тоқтап тұрмақ емес. Бір данышпанның мынандай бір қанатты сөзі бар: «Кешегі күн өтіп кетті. Ертеңгі күн белгісіз. Сондықтан бүгінгі күннің құны мен қадірін біл». Расында да, біз өтіп жатқан уақыттың құнын біле бермейміз. Көбінесе, уақыт өтіп кеткеннен кейін ғана «аһ» ұрамыз. Демек, уақыт - адам баласына берілген өткінші бағалы зат. Уақыт қайта айналып келмейді. Кейде бір-бірімізді адам басынан өткен қиыншылықтарын ұмыту үшін де «уақыт- емші» деп жұбатып жатамыз. Шынымен де уақыт  өте келе, бәрі де ұмытылады,бірақ еске алған кезде жаныңды ауыртатыны хақ.

Халқымыз уақытты дүниедегі ең қымбат нәрсе болғандықтан да оны  алтынға балайды. Алтының әзірше өзіңде. Оған басқалар көз салмасын десең, дұрыстап сақта. Уақытты көбінесе жаман әдеттер мен қылықтар құртады. Мысалы, жаман әдетке құмар адам уақытын тек осы жолға арнайды. Мақсатсыз қыдырымпаз адам уақытты тек бос сенделумен өткізеді. Құмар ойнағыш уақытын ойынмен толтырады. Ал өзің алтын уақытыңды қалай өткізудесің? Барлық нәрсе уақытты тиімді пайдалана білуге байланысты. Әр нәрсенің өз уақыты бар. Уақытты меңгере алмаған адам жетістікке  еш жете алмайды. Уақыттың қадірін  бағалай  білу керек.

Әрбір жылдың, айдың, аптаның, бір күннің, бір сағаттың, бір минуттың, тіпті бір секунттың  да  өзіндік құны бар. Осыны түсіне біліңдер!

Багила Есенбаева Ауезхановна


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама