Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 сағат бұрын)
Аңламас құсбегі

Аңламас құсбегі, аңшылық, балықшылығымен атағы Сыр бойы мен Қыр өңіріне кеңінен тараған. Бірде Қыр елінің бір атақты байы Аңламастың атағын есітіп, оны сынамаққа қасына бірнеше қосшылары мен шешен-билерін ертіп Сыр бойына келіпті дейді. Ол кезде Сырдария өзенінің екі беті жайылған су, қалың ну қамыс, тоғайы толған аң болған көрінеді. Қазіргі Тереңөзек ауданының «Тереңөзек», «Шіркейлі» және «Ильич» атындағы совхоздарына арналған өңір тұтасқан көл — «Далакөл», «Күміскөл» т.с.с. болыпты.

Бай келгенде Аңламас бір топ туыстарымен сол көлдер жағасын жайлап отырған екен. Бай:

— Аңламас, сенің балықшылық атағың Сырдан асып Қырға жетті. Қай балық қай жерде жайылатынын дәл біледі дейді. Сенің осы ісіңнің растығына көз жеткізе келдік. Бізге бір шабақ ұстап бер, — депті.

Бай Аңламас ұстап берген шабаққа қолындағы алтын жүзігін кигізіп, қолынан көлге жіберіп:

— Аңламас, келер жылы осы уақытта келеміз, сонда осы балықты ұстап бересің, — деп жүріп кетеді.

Айтқанындай, бай келесі жылы осындай уақытта келіп:

— Уәделі уақытта келіп тұрмыз, біздің былтырғы балығымызды тауып бер, — депті.

Аңламас салға мініп, қолына балық ұстайтын құралдарын алып көлге түсіп, біраз уақыттан кейін ұзындығы метрге жуық бір балықты ұстап әкеліп:

— Байеке, мынау сіздің былтырғы шабағыңыз, — деп алдына тастапты.

Бай өткен жылғы қарысқа толар-толмас шабақтың осыншалықты өскеніне және сол шабақтың өзі екеніне сенімсіздік жасап, қалтасынан  пышағын алып балықты сойып көрсе, баяғы алтын жүзік ішінен шығыпты. Бай Аңламастың ісіне риза болып, көп сый-сияпат беріп, қонақ болып еліне қайтыпты.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама