- 31 нау. 2021 00:00
- 321
ҰБТ-2021: Тест тапсыру форматына қандай өзгеріс енгізілді
ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов биылғы Ұлттық бірыңғай тест тапсыру форматына енгізілген өзгерістер жайында айтты.
«Бізде тестілеу ұзақтығы 4 сағатты, яғни 240 минутты құрайды. Осы орайда мына жайттарға назар аударғым келеді. Бұрындары біз жауаптарды толтыруға, бояуға, тестілеудің өзін ұйымдастыруға, яғни, барлығының аудиторияда отыруына уақыт бөлетінбіз. Ал бүгінде ҰБТ тапсыруға кірісетін мектеп түлегінде 240 минут болады. Демек, ол «тестілеуді бастау» түймешегін бастаған сәттен бастап тест тапсырады. Соған орай түлек басқа түлектердің уақытына қарамастан тест тапсыруға кірісіп, біткен соң «тестілеуді аяқтау» түймешегін басады», - деді ол министрліктің аппарат жиналысында.
Оның атап өтуінше, ҰБТ барысында түлек қате жіберген жауаптарын түзетуге де мүмкіндік алады.
«ҰБТ-ны қағаз түрде өткізуден электронды форматта тапсырудың тағы бір басымдығы жауапты өзгертуге болады. Қағаз түрінде жауап боялғаннан кейін оны өзгерту мүмкін емес. Ал электронды форматта түлек қандай да бір тапсырманың дұрыс жауабын тапса, қандай да бір ақпаратты еске түсірсе, онда сұраққа қайта оралып, жауабын өзгерте алады. Оның үстіне өзгертілген жауап ҰБТ аяқталғаннан соң және сақталғаннан кейін де жазылады», - деді вице-министр.