Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
ҰЛЫҚ АДАМ: Бір аяқты Терри Фокс (143 күн бойы тоқтаусыз жүгірген 23 жасар жас жігіт)

Терри Фокс

1980 жылдың шілдесі, Терри Фокс қанға боялған шортымен Канада арқылы ,Үміт марафонында жүгіріп барады. Ол ажал құшқанша, 143 күн бойы жүгірді.

Терри Фокс 1958 жылы Канадада туылған. 1977 жылы Терри оң тізесінің ауырып жүргеніне шағымданады, көп ұзамай оған сүйектің қатерлі ісігі деген диагноз қойылады.

Дәрігерлер Терридің оң аяғын тізеден жоғары кесуге мәжбүр болады. Үш жылдан кейін, жас атлет мұхиттан мұхитқа дейінгі аралықты жүгіріп өтуге бел буады. Мақсаты — онкологиялық ауруларды зерттеуге қайырымдылық қор жинау. «Үміт марафонын» ұйымдастыру арқылы ол әр канадалық азаматтан бір доллар жинауды армандаған. Бір жылдан астам уақыт бойы, ол күнделікті жаттыққан, өйткені сау адамның өзі мұндай аралықты жаттығусыз бағындыра алмайтынын жақсы түсінді. 

Терри Фокс «Үміт марафонын» 12 сәуір 1980 жылы бастады. Марафонды бастарда аяғын Атлант мұхитына малып, екінші рет Ванкуверде Тынық мұхитына малуды көздеді. Ол күніне орташа есеппен 42 км жүгіріп отырды, бірақ ,сырқаты үдей түсті. Аяғындағы протез күн сайын сыр беріп, сырқаты жанына батты. Дегенмен, үлкен күш-жігері және өзі сияқты миллиондаған науқастарға көмектесемін деген ниеті - оны алға жетеледі. 

Алайда, ол марафонды аяқтай алмады. Қатерлі ісік өкпесіне өтіп кеткендіктен ,Терри Фокс дистанцияны 1 қыркүйек 1980 жылы үзуге мәжбүр болды. 143 күн үздіксіз жүгіруден кейін ол Тандер-Бей қаласына (Онтарио ауданының солтүстігінде) жақын маңда тоқтады. Ол Ньюфаундленд, Жаңа Шотландия, Принц Эдуард аралы, Нью-Брансуик, Квебек пен Онтарио аудандарын басып өтіп, барлығы 5 373 км жүгірген. Он айдан кейін, 23 жасына жетпей Терри қайтыс болды. 

1981 жылдың ақпанына дейін халықтан Терридің қорына 24 миллион доллардан астам қаражат жиналды, бірақ ең бастысы, ол жалпақ жұрттың көңілін аударта алды. Енді Канадада және әлемнің 50-ден астам елінде Терри Фокс атындағы қайырымдылық марафондары ұйымдастырылып тұрады. Терри Фокс атындағы қор онкологиялық ауруларды зерттеуге бағытталған. Terry Fox Run әлемдегі қаражат жинау жағынан ең үлкен дара компания ретінде рекордтар кітабына енген. Қазір, 25 жыл қарқынды дамудан кейін, «Терри Фокстың Қоры» 360 миллион долларға дейін өскен, сол себепті миллиондаған адамдардың арқасында Терри Фокстың еңбегі еш кетпеді. 


Канадалық билік мұзжарғышты Терри Фокстың атымен атады. Кеме суға 1983 жылы жіберілді. 

 

 

 

 


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама