Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Үлкенге - құрмет, кішіге - ізет
Сабақ тақырыбы: Үлкенге - құрмет, кішіге - ізет (2 сынып)
Мақсаты: «Сыйластық», «құрмет» адамгершілік құндылықтары туралы түсініктерін кеңейту.
Міндеттері: - үлкендер мен кішілер арасындағы сыйластықты түсіндіру;
- сыйластықты қарым - қатынас жасау іскерліктерін дамыту,
- үлкендерді сыйлауға, кішілерге қамқор болуға тәрбиелеу;
Көрнекі құралдар: Видеоролик, слайд, стикерлер, үлкен және кіші ағаш суреттері, ақ қағаздар, жүрекшелер.
Балалардың амандасуы.

Мұғалім: Халқымызда «Үлкенге - құрмет, кішіге – ізет» деген мақал бар. Бұның өзі өсіп келе жатқан әрбір жас ұрпақты имандылыққа, мейірім - қайырымдылыққа тәрбиелеу. Адам бойында жақсы – жаман қасиеттер болады екен. Біздің халқымызда үлкенді құрметтеп, кішіге қамқор болуға бала кезден көп көңіл бөлінеді. Ол ананың сүтінен, үлкеннің ақылынан, ұстаздың үйреткенінен, кез келген адамның кісілігінен білінеді.
Мәселен: жасы үлкенге иіліп сәлем беру, алдын кесіп өтпеу, алдынан барып есік ашу, үйге бұрын кірмеу, дастарханға бұрын қол созбау, үлкеннің сөзін бөлмеу, сөз жарыстырмау - жастарымыз үшін бұлжымас заң болатын. Сені өмірге әкелген, мәпелеген, өсірген сенің анаң мен әкең. Ең алдымен соларды сыйла.
Әке – асқар тау,
Ана – аққан бұлақ,
Бала – бауырындағы құрақ.
Мен де сендердің әдепті де, ақылды, адамгершілігі мол, үлкенді сыйлай білетін, кішілерге қамқоршы аға, ата - анаға көмекші, адамдарға мейірімді бола білетін оқушы болады деп сенім білдіремін!
Балалар, енді бәріміз мына өлең жолдарын қайталап айтып, орнымызға жайғасайық.
Жақсылықтан үйреніп,
Боламыз біз жақсы адам.
Жамандықтан жиреніп
Үлгі аламыз жақсыдан.
Дәйексөздің мағынасын қалай түсінесіңдер?

Суретпен жұмыс:
Суретте не көріп тұрмыз?
Видеоролик көрсету. Не түсіндіңдер?

«Не істеуге болмайды?» Мұғалім бастапқы сөзін айтады, оқушы ойланып жалғастырып айтуы керек.
- Үлкендердің алдынан...... (кесіп өтуге болмайды.)
- Кішкене баланы................(жылатуға болмайды.)
- Құстарды...........................(атуға болмайды.)
- Қыз баланы........................(ренжітуге болмайды.)
- Сабақтан.............................(кешігуге болмайды.)
- Сыныпта.............................(айғайлауға болмайды.)

«Не істеу керек?»
- Үлкен кісіні.......................(сыйлау керек.)
- Үлкеннің тілін...................(алу керек..)
- Үлкендерге..........................(сәлем беру керек.)
- Кішілерді..............................(қамқор болу керек.)
- Оқу құралдарын.................. (күтіп ұстау керек.)
- Тәртіпті -----------------(болу керек)

Әңгімелесу
• Өзіңді, өзгені құрметтей білесің бе?
• Өзара сыйластыққа қалай жетуге болады?
• Достарыңмен арада қандай сыйластық бар?
Балалардың өз ойларын еркін айтуына және сыйласымды қарым - қатынас жасау адамның өзіне байланысты екенін түсіндіру.
• Бір - бірімен сыйластықта болу үшін адамның бойында қандай қасиеттер болуы керек?

Қандай мақал - мәтел білесіңдер?
Ойын - жаттығу. «Құрмет - ізет»
Тақтаға жапырақсыз ағаштардың (үлкен, кіші) суреті салынған плакаттар ілінеді. Оқушыларға қағаздан жасалған ағаш жапырақтары таратылып беріледі. Жапырақтардың артқы бетіне құрметті, ізетті білдіретін сөздер жазылған.
Оқушылар жапырақтардағы сөздерді дауыстап оқып, осы сөздер үлкендер айтатын сөздер болса - «үлкен ағашқа», кішілер айтатын сөздер болса - «кіші ағашқа» іледі.
Жапырақтардағы сөздердің үлгісі: өтіңіз, жолыңыз болсын, сізге рахмет, отырыңыз, ғафу етіңіз, сау болыңыз, алыңыз, айтыңыз, кешіріңіз, ала ғой, тыңдай ғой, кешірім ет, сау бол, айта ғой, көмектес, жол бер, сыйлы бол, әдепті бол, сыпайы бол.
Ойын - жаттығу бойынша орындалған тапсырма нәтижесін қорытындылау
- Балалар, енді үлкен ағашқа ілінген сөздер үлкенге құрметті білдіреді, сондықтан оны «Құрмет» ағашы, ал кіші ағашқа ілінген сөздер кішіге ізетті білдіреді, сондықтан оны «Ізет» ағашы деп атайық.
Рахмет! Балалар, тапсырманы ойдағыдай орындап шықтыңдар деп ойлаймын.

Тапсырма: Ойын «Саяхатқа шығу»
Мұғалім: «Үлкенге – құрмет, кішіге - ізет» көрсету үшін біз саяхатқа шығу ойынын ойнайық. Елімізде 4 үлкен қала бар:
1. Үлкен, 2. Құрмет, 3. Кіші, 4. Ізет
Ал, балалар, өздеріңе қай қалалар ұнайды? Ұнаған қала аты жазылған қағазда сұрақ бар. Соған жауап беру керек.
1. Мектептен үйге қарай жүгіріп келе жатқанда, алдыңнан бір үлкен кісі шықты. Сен не істер едің?
2. Өзіңнен үлкен кісілер әңгімелесіп отырған кезде сен не істеуің керек?
3. Көшеде біреу жөн немесе жол сұраса не істер едің?
4. Үлкен кісілермен қалай сөйлесу керек?
Бүгінгі сабағымызда айтылған ой - пікірлерді қалай түсінгендеріңді байқау үшін мен, сендерге мынадай тапсырма бергелі тұрмын.
1 - топқа тапсырма: «Менің айтар ақылым»
Бос жолдарға қарындасыңа (сіңлі), ініңе арнап ақыл хат жаз.
2 - топқа тапсырма: «Менің тыңдар ақылым»
Бос жолдарға үйдегі үлкендердің өзіңе айтатын ақылдарын жаз.

Мұғалім: Үлкенге құрмет, кішіге ізет дегенді қалай түсінесіңдер?
1 - топқа үлкенге құрмет дегенді қалай түсінесің?
2 - топқа кішіге ізет дегенді қалай түсінесің?

Жүректен – жүрекке
Қолымызға мына кішкене жүрекшелерді ұстап тұрып мына өлең жолдарын бірге айтамыз.
Құрметтеп ата - анамды,
Ардақтап әпке, ағамды,
Қамқор боп сіңлі - ініме,
Сыйлымын үлкен - кішіге.
Бәрін де жақсы көремін,
Үнемі көмек беремін.
Үлкенді сыйлау - кішілік,
Үлгілі мінез - кісілік.
Осындай жылы жүректерге толы шеңбер аясында тұрып, қуанышты көңілмен ән салып, сабағымызды аяқтаймыз.

Ж. Әбдірашев атындағы №62 мектеп - лицейі
Мұғалім: Абилдаева Айымкул

Үлкенге - құрмет, кішіге - ізет. жүктеу

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама