Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Ұлттық құндылықтар

XXI ғасыр – әлеуметтік желілер мен технологиялар дамыған, цифрландыру заманы. Әлем елдері күннен күнге, көз ілестірмей дамуда, экономикалық-саяси, білім мен ғылым ілгерілеп, қалалар гүлденуде. Адам тек материалдық ғана емес рухани да даму үстінде. Рухани жетілген адам дүниесі мен жасаған іс-әрекеті әдемі үйлесімділікте болады. Жалпы «құндылық» жайлы білесіз бе? Құндылық деген қандайда бір нәрсенің мәнділігі, пайдалығы, маңыздылығы мен қымбаттылығы. Құндылықтар адам өмірінде маңызды рөл атқарады, рухани жетілуін қамтамасыз етеді. Құндылықтар адамның таным-түсінігіне, көзқарасына байланысты әртүрлі сипатта болады. Қоғамда "рухани құндылықтар", "материалдық құндылықтар", "ұлттық құндылықтар" сынды ұғымдар қалыптасқан. Әр құндылықтың өзіндік атқаратын міндеттері мен маңыздылығы бар. Сол аталған құндылықтар арасында адамзат үшін ерекше мән-мағынаға ие «ұлттық құндылықтар».

Ұлттық құндылықтар – қандайда бір ұлттың мінезі мен металитетін, тәрбиесі мен дәстүр-салтын, тыныс-тіршілігін айқындайды, басқа ұлт-өкілдерінен даралап, өзгешелеп тұратын қасиетке ие. «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа»,- деп бекер айтылмаса керек. Ұлттық құндылықтарға нені жатқызамыз: тәрбие көзі болатын тәлім-тәрбие, тілі мен діні, ұлттық салт-сана. Біз қазақ халқы, дүниетанымы қалыптасқан мемкелет болып отырмыз. Басқа ұлттардан даралана алатын, тек өзімізге ғана тән ерекше қасиеттеріміз бен құндылықтарымыз қалыптасқан. Рухани жан дүниемізді өзгешелейтін құндылығымыз бар.

«Қазақ халқы», «қазақ ұлты» - десе ең алдымен ойға: кең байтақ өлке, желбіреген көк туымыз, оюлы ұлттық киім, бауырсақ, қымыз, құрт, домбыра, киіз үй секілді аталмыш құндылықтар тізбегі оралады. Қазақы рухты көтеретін бізге ғана тән осындай ұлттық құндылықтар әлем елдері тануының, күллі жұрттан өзгешеленудің, жеке дара ұлт, мемлекет болудың, болашақ ұрпақ шежіресі мен ұлттың түп тамырының мықтап орнығуының кепілі. Ұлт дәстүрі, салты, ділі, өнері, діні, мәдениеті, тілін, ырым-тиымдарын толық қамтитын құрмет пен қасиет. Ұлттық құндылықтар арқылы ұрпақ тәрбиелеп, дүние танымызды сонымен құрудамыз. Жеке адамнан - отбасына, отбасынан-қоғамға, қоғамнан- мемлекетке әсерін тигізіп, дамып отыратын қасиет. Ұлттық құндылықтарда адам дүние есігін ашқаннан бастап, тал бесіктен, жер бесікке дейінгі өмір жолында салт-дәстүрлер, салт-жоралғылар мен тәрбие арқылы көрініс тауып адам бойына дариды. Бала тәрбиесі мен болашақ ұрпақ қамы мен ұлт тарихы үшін бойға сіңіріліп жаңғыртып отырады. Нәресте өмір есігін ашқаннан көріп өскен тәлім-тәрбиесі, «шілдеханадан» бастап, өмір бойы жасалынатын салт-жоралғылар арқылы адам өмірлеріне азық болар рухани нәрі. Ұлттық болмыс, оны дәріптеу отбасынан, ошаққасынан басталады. Кішкентай кезден, үлкенді сыйлауға, ана тілін ардақтауға, салт-дәстүрімізді сақтауға тәрбиеленсе, ұшқанда да соны іліп, жүрген жерінде сол құндылықтарды дәріптейді. Әкесі мен баласы, қызы мен анасы, бозбала мен бойжеткен арасындағы жарасты қарым-қатынас отбасындағы ұлттық дәстүрді берік ұстанудың бір жолы, ол қоғам арасындағы жарасымдылыққа алып келеді. Халқымыз ұлын-нарға, қызын арға балап, рухани қасиеттерді о бастан бойларына дарытқан. Осындай тәрбие арқылы құндылықтарды қалыптастырған. Сол сияқты дәстүрлі өнер мен мәдениет те адамды рухани бай болуға жетелейді.  

Көріп отырғанымыздай құндылықтарымыздың өзі жеке адамман басталып отбасы, қоғам арасында жетіліп, ұлттық деңгейге көтеріледі, сол арқылы ұлттық болмысымыз қалыптасып, ата-бабадан ұрпаққа мирас болып келе жатыр. Ғасырдан-ғасырға жеткен халықтың қазыналары қазіргі таңда халқымыздың болмысын басқа әлем халықтарының арасында ойып тұрып орын алғызып, ерекшелендіріп тұр. Бүгінгі таңда ұлтымыздың рухани байлықтарын көзіміздің қарашығындай сақтап, келешекке жеткіземіз керек. Тіліміз мен ділімізді, өмір дағдыларымызды кіршіксіз күйінде  болашаққа мирас етіп қалдыру үшін әрқайсысымыз тамшыдай болса да үлес қосуымыз керек. Сонда ғана ұлы армандарымыз орындалары сөзсіз.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама