Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 5 күн бұрын)
Ұлттық теңгемізге - 27 жыл!

"Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті" Тарих, археология және этнология факультетінің т.ғ.к., доцент Г.Б.Қозғамбаева-ның ұйымдастыруымен  Тарих мамандығы 4 курс және 1 курс студенттері Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы күніне орай «Ұлттық теңгемізге -27 жыл!» атты тәрбие сағатын 13 қарашада онлайн форматында өтті.   

Президент Жарлығымен 1997 жылдан бері 15 қараша төл валютамыздың туған күні әрі қаржыгерлер күні болып белгіленілген. Тәуелсіз мемлекетіміздің ең бірінші айрықша белгісі – ұлттық валюта. 

Тәрбие сағатының мақсаты: студенттерді ұлттық валютамыз теңгенің тарихымен тереңірек таныстырып, оның маңыздылығын кеңінен насихаттау. 

Тәрбие сағаты барысында  теңгенің қазақ даласында таралуы және оның тарихы жайында  оқытушымыз көптеген мәліметтер берді. Ұлы Жібек сауда жолдары арқылы мәдениеттің ұлы ордалары бой көтеріп, әуелде айырбас түрінде, кейінірек күмістен, алтыннан, мыстан жасалған теңгелер сауда - саттық жасауда қазақ даласында материалдық және рухани игіліктерді дамытуға мол үлес қосты. Қазақстандық ақшалардың өз атауы мына ұлан-қайыр даламызда терең тамырланған. XV ғасырдың басында Отырар мен оның айналасында үш дәрежелі тәңге атты күміс мәнеттері пайдаланылды. Негізгі атауы тәңге, оның ширегі – мір, ал он екіден бір бөлігі – тәңгеше деп аталынды. ХVI ғасырда Қазақ хандығының теңгелері Ташкентте соғылды. ХVI-ХVIІ ғасырларда   мыс,  бақыр теңгелердің бір бөлігі Ясыда құйылды. Теңгелердегі қазақтар арасында қолданылып келген күміс ақша – 1 теңге ертеректе  50 пұлға тең болған. Күміс теңге күмістен не күміс араласқан металдан жасалған дәрежесі әртүрлі (тиын сом) болып табылады. Қазақ даласында күміс теңгелер Россияға қосылғаннан кейін көп тараған. Бір ғажабы мұндай теңгелердің халық қолына түскендері революциядан бұрынғы кезде әйелдердің шашбауына, шолпысына, киім өңірлеріне тағып жүретін сәндік бұйымдарына жаратылып келді. Үйдің негізін қалағанда ірге тастың жататын шұңқырына күміс теңге тастау салты осы үйге, үй иесіне ақ тілегендік. «Базар–теңгеліге  базар, теңгесізге–назар»-,деп теңгенің қолданылуы туралы толымды да тарихи мәліметтер берілді.

Әнұран, ту және елтаңба сияқты ұлттық валютамыз да мемлекеттік нышандарымыздың қатарына жатады. Тұңғыш Президентіміз  Н.Назарбаев:«Біздің еліміздің экономикалық тәуелсіздігінің жарқын туындысы – біздің астанамызда теңгенің алғашқы пайда болуы, халықтың және болашақ ұрпақтың игілігіне қызмет етсін»-,деп айтқанындай, бүгінде ұлттық валюта халқымыздың  игілігіне асып, ұлттық бірегейлік пен ұлттық идеологияның басты көрінісі болып отыр.

Ұлттық валюта күні мерекесінің ерекшелігі мен тойлану барысы туралы 1 курс студенті Намазбай Бақберген  жасаған баяндамасында ҚР Тұңғыш Президентінің 1993 жылғы 12 қарашадағы Жарлығымен сол жылы 15 қарашада ұлттық валютаның енгізілгендігіне тоқталып, ұлттық теңгеміздің  көрінісін сипаттап өтті және сөзінің түйіндемесінде:«Еліміздің ұлттық валютасы теңгенің шығу тарихын әрбір Қазақстан азаматы білуі тиіс. Себебі, халықаралық экономикада, еліміздің қаржы саласында теңгенің алар орны ерекше.  Теңгенің нарыққа енісуімен еліміздің жаңа бір тарихи беті ашылғандай сезінеміз, себебі, елдегі өзіндік ұлттық валютаның пайда болуы тұмшаланып қалған орыстанған қазақ жұртын жарыққа шығарғандай бояу бейнеледі.  Бүгінде төл валютамыз – Қазақстанның дамып өркендеуінің негізгі элементтерінің бірі. Сондықтан бұл валютаның пайда болуы егемендігіміздің еңсесін тіктеуіне, халық рухының көтерілуіне, ел жастарының болашаққа деген сенімінің пайда болуына үлкен маңызды қадамдардың жасалуына түрткі болды. Ұлттық валютаның қабылданылуы тәуелсіздігіміздің заңды құбылысы!»-, деп сөзін қорытындылады.

 Тарих мамандығының 4 курс студенті Қалқабаева Таңшолпан: «Ұлттық валютаның бекуі ел экономикасының аяғынан нық тұруына да септігін тигізді деп, сол кезде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы құпия түрде арнайы топты жинады да, ақшаның дизайнын жасатуға Англияға жібереді. Лондонда жасалған теңгеміз 1993 жылы қарашада кеңес ақшаларын теңгеге ауыстыру жөнiнде шешiм қабылданды. 15 қараша күні таңертеңнен бастап құрамында қауiпсiздiк қызметi мен iшкi iстер органдарынан, облыс әкiмдiгiнен, Ұлттық банк өкiлдерi бар арнайы комиссия жаңа ақшаны жан-жаққа бөлініп, республиканың барлық аймақтарына тарағандығы» туралы айтып берді. 

Тәуелсіз Қазақстанда Ұлттық валютамыздың болуы Қазақстанның тәуелсіз республика екендігінің тағы да бір дәлелі болып табылады. Ұлттық теңгеміздің тарихын білу ол әр қазақстандық азаматқа тән, себебі теңге біздің қазіргі өміріміздің басты айналымы. 

Ұлттық валюта – еліміздің даму көзі, әлемдік деңгейге теңелудің алғашқы факторларының бірі. Ол барлық уақытта тәуелсіздігімізді қамтамасыз етеді. Теңге – тәуелсіздігіміздің тұмары. Тәрбие сағатында студенттер ұлтық валютамыз тәуелсіздігіміздің нақты көзі,  дербес ел болғанымыздың белгісі екендігіне үлкен мән беріп, ұлттық валютаның тарихына байланысты  викториналық сұрақтарға жауап беріп, соңын өлең-шумақтарын оқумен аяқтады. 

Әл – Фараби атындағы ҚазҰУ – нің тарих факультеті Қазақстан тарихы кафедрасының доценті,т.ғ.к. Г.Б.Қозғамбаева, 1 курс студенті Намазбай Бақберген


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама