- 22 сәу. 2020 00:00
- 237
Ұрпақтар ұмытпайтын - Ұлы Жеңіс
Атырау облысы Атырау қаласы Еркінқала
Еркінқала орта мектебінің 3 ғ сынып оқушысы
Бағытжан Арсен Ануарұлы
Жоспары:
Кіріспе бөлім
а) Ұлы Жеңіс сөзінің қасиеті
Негізгі бөлім
ә) Аталар мен арулар соғысқан күн
б) Ұлы Жеңіс біздерге берілген үлкен сый
Қорытынды бөлім
в) Ұлы Жеңіс ұлағатын жалғастыру міндетіміз
Біздің бабаларымыз ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті.
Н.Ә.Назарбаев
Жыл сайын мамыр айы басталғанда Ұлы Жеңіс күнін атап өтеміз. Біздің еліміз ғана емес барлық әлем тойлайды. Телеарналардың бәрінде осы қасиетті күнге арналған әндер жіберіледі, батыр аталарымыздың, аналарымыздың ерлігін насихаттайтын кинолар көрсетіліп жатады. Киноларды көрген кезде Отанын қорғаған жауынгерлердің ерлігінен жүрегім қатты ауырады. Менің кішкене жүрегім кеудеме сыймай қатты соғып, әкеме тығылдым. Теледидардың арғы жағындағы танкілер қазір келіп қалатындай, үрей туды. Әрдайым Жеңіспен бітетін сол киноларды көріп болған кезде, бізді жаудан қорғаған аталарға іштей риза боламын. Жауды өзім жеңгендей, өзімнен өзім қуанып, көңілім көтеріліп кетеді. Осы сезімімді әкеме айттым. Әкем: «Балам, бұл - Ұлы Жеңістің қасиетті рухы. Қан майданда қаза болған әр жауынгердің жауды жеңіп еліне оралуды асыға күткен сағыныш сезімі. Біз Жеңіс күнін тойлаған кезде, сол жауынгерлерді еске алуымыз керек, солардың аңсаған Жеңісі мен бейбіт күні үшін қуануымыз керек» деп жауап берді. Мен ойланып қалдым.
1941 жылы 22 маусымда таңғы сағат төртте бейбіт ұйқыда жатқан елге фашистер тұтқиылдан шабуыл жасап, Ұлы Отан соғысы басталыпты. "Фашистер" деген "неміс" деген ұлттардың ішіндегі арам пиғылды адамдар екен. Орыс, татар, қазақ, өзбек, қырғыз, украин секілді елдер жаумен соғысқан. Сол адамдардың кесірінен біздің аталарымыз бен аналарымыз жап-жас күйлерінде қолдарына қару алып соғысқа қатысқан. Олар үлкен-үлкен танкілерге қарсы шауып, оқ атқан жау пулеметінің үнін өшіру үшін кеуделерін отқа тосқан. Тұтқынға түссе де берілмеген. Тіпті жау қолына тұтқынға түспеу үшін жау әскерімен бірге өздерін жарып жіберген. Осылай барлық елдер бірігіп жауды жеңген.
Соғыста көптеген жауынгерлер бізге бейбіт өмір сыйлау үшін көз жұмды. Біз қазіргі күні солардың өмірімен келген тыныш, жарқын күнде өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан да біздер жақсы оқып, тәртіпті болуымыз қажет. Осыдан 80 жыл бұрын жеңіс күнін жақындатқан жауынгерлердің ерлігін өлшеу мүмкін емес. Қан майданда ажалмен алысқан ата-апаларымыздың бірге сыйлаған құнды сыйына алғыс айтып қана қою мүмкін емес. Қазіргі кезде де теледидардан соғыс болып жатқан елдерді көргенде ел тыныштығы үшін соғысқан ата-апаларға іштей мың алғыс айтамын.
Мектептен Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Төлеген Тоқтаров сынды аталарымыз бен Мәншүк, Әлия, және ұшқыш Хиуаз апаларымыздың ерлігі туралы білдік. Соғысты көзімен көрген ардагерлер азайып барады. Сондықтан жеңістің қалай келгенін ұмытпай, өзімізден кейінгі балаларға айтып жеткізуіміз керек. Біз Жеңіс күнінің қасиетін, маңыздылығын жүрегімізде сақтауға міндеттіміз. Елімізде бейбітшілік сақталсын. Тәуелсіз еліміздің жарқын болашағын өз біліміміз бен бірлігіміздің арқасында сақтауйымыз қажет.