Кесірткенің құйрығы
Ауыл жанындағы ши төбеде жүзін жазғы күннің аптап ыстығы қаракөмірлеген он жастар шамасындағы бала жанталасып жүгіріп жүр. Ол өз қатарластары сияқты мәз болып ойнап жүрген жоқ. Кесіртке қуалайды. Самайынан аққан терді күсі қалың тозығы жеткен жейдесінің жеңімен сүртіп, анда-санда арқасына таңып алған кішкене сөмкесінен сусын алып ішеді. Қолында бір метр мөлшеріндегі ақ таяқ, жүзі жұқарып, жетесінен үзілген сабы жоқ пышақпен қысқыш бар. Анадай жерге ішіне кесірткенің құйрығы толған шербек тұр. Тамыздың ми қайнаған ыстығы болғандықтан оның ішінен қолқаны қабар күлімсі иіс шығады. Күндегі албарынды әрекетінен және ұдайы ұстайтын қара топырақ пен қанның әсерінен алақаны, нөсерлі жаңбыр орған қия беттей айғыздалып тілініпті. Тырнағының көбесі жарылып, іріңдеп тұр. Үстіндегі киімдері мен тотыққан түріне қарап баланы әбден мүсіркеуге болады. Бірақ, көзінде көк жүзін тіліп түсер найзағайдың отты алауы жарқылдайды. Жанарына үңіле қараған адам тіксінер кектің ұшқынын бірден сезері хақ. Кейінгі жылдары бұл өскіннің ауыл балаларына қосылып ойнамай, саяқ тарта бөлініп, өз тірлігімен осылай күн өткізуді дағдыға айналдырғаны қашан?!
Баланың осы түсініксіз тірлігін көріп жүретін ауылда жалғыз шопан ғана бар. Ол бастапқында бұл қимылға аса мән бермеген. Биік төбенің үстінде отырып, қамсыз өрістеген қотанына қарап қойып, темекісін құшырлана сорып, шыққан көк түтінге сүйсіне қарайды. Ауылдың барлық әрекеті оның көзінен қағыс қалмайтын. Баланы да сол байқады. Алдындағы түлігі үйездеген уақытында аяңдап баланың қасына келді. Суып қалған қара шайіне, қатқан көмешін малып жеп отырған бала, қойшының келгенін аңғармады. Алдындағы үйіліп жатқан кесірткелердің құйрығына телміре қарап, өзінің ерлігіне масаттанып отырған-тұғын.
— Батыреке, тамағың сіңімді болсын,-деді қойшы күлімсірей тіл қатып.
— Айтқаныңыз келсін, ата. Кел отырыңыз. Бірге тамақтанайық. Бала
мені менсінбей тұр ма дегендей қарттың жүзіне күн сала қарады.
— Шикі құйрықтарды жеп отырсың ба?
— Жоға, анам пісірген нанды жеп отырмын. Кесірткенің
Құйрықтарын жеуге болмайды. Бұларды темір ыдысқа салып, астына от жағып шыжғырсаң, өз майлары өздерін қуырып шыжылдаған дыбыс шығады. Сондағы кереметті айтсаңызшы шіркін...
— Неге? Қойшы, баланың сөзіне секемдене қарады.
— Олар менің қас жауым. Ал әркім шамасы жеткенше кек алу керек.
— Сен неге жалғыз жүресің? Анау жүгірмектермен бірге ойнасаңшы.
Бала сонда барып алысып, бір-бірін қуалап ойнап жүрген топты балаларға көз салды да, оларды менсінбеген шыраймен қартқа қарап:
— Олар бала ғой. Не біледі дейсіз? — деді де, қасында жатқан таяғын қолына көз ілеспес жылдамдықпен алып, жүгіре жөнелді.
Қарт баланың әр қимылын қағыс қалдырмай қадағалауда. Бала бір түп шидың түбіне жүгіріп барды да, таяғымен оның түбін сабалай жөнелді. Ши түбіне жасырынған кесірткені тақырға қуып шықты. Жанұшыра қашқан жәндік бала қуып жете бергенде, келесі шидің түбіне сып етіп кірді де кетті. Қопалы шиді қанша ақтарып, сабаласа да кесіртке табылмады. Қалтасынан сіріңке алып шықты да, өрт қойды. Оттың қызуына шыдамаған кесіртке атып шығып, тағы қаша жөнелді. Осы сәтті аңдып отырған бала қолындағы таяғын бар пәрменімен сілтеп қалды. Белінен тиген ауыр соққыдан есеңгіреп кеткен жәндік ақыры баланың қолына түсті. Қалтасынан жіп алып шықты да кесірткенің құйрығынан байлап алып қайта орнына келіп отырды. Денесінің артқы бөлігін қозғай алмаған кесіртке тамағын бүлк-бүлк еткізіп, баладан араша тілеп тұр. «Кәпірдің ауызын ашып, қараған түрін-ай» деп бала бір күңік етті де қойды. Қарт үндеместен, енді не істер екен дегендей алдындағы құбылыстан көз алмай тесірейе қарап тұр. Баланың көзі, жансыз жерінен оқ тиіп, ашынған жаралы жолбарыстың ашуға толы қарашығындай қан толып, қып-қызыл болып кетіпті. Шопан оның бұл бейнесінен әбден қыл бабына келіп, садақтың жебесіндей тездікпен жеміне шапшитын қаншырдай долы мінезіне жеткенін аңғарды. Баланың ештеңеден тайынатын түрі жоқ. Кесірткелер — оның жеті атасынан бері жауласқан қас дұшпаны тәрізді. Кесілген құйрықтардан шыққан болмашы қаннан, түмен қолды жайратып, солардың көл болып аққан қанын көріп, жаны байыз тапқан қолбасыдай масаттанады. Бірақ, қарт бір нәрсені аңғармады. Баланың жүзіндегі бұл жылымық құбылыс — көңілге беріш болып ұйыған кектің нәтижесі еді. Адамның жүрегі бала кезінде немен нәрленсе, есейгенде соның жемісін татады. Оның күні бойы айтатын, өз-өзіне көп қайталайтыны «кек алам десең қаннан қорықпа» деген сөз болатын. «Кес құйрығыңды, кес. Қасарыссаң өзім кесіп алам. Менде өткір қанжар барын, ана шолақ құйырық бауырларың айтпады ма? Өздігіңнен берілсең жаның олжа. Ал қарсылық көрсетсең, барар жерің бақи дүние». Бала кесірткеге сөйлеп отыр. Денесінің артқы бөлегін қозғай алмаған жәндік, жел тербеткен ағаштай, кеуде түсін ары-бері қозғалтады. Құйрығын кеспей қойғанын, қарсылық деп түсінген бала қолындағы сабы жоқ пышақтың жүзімен кесірткені бел ортасынан орып жіберді. Шапшыған қан маңайындағы көк шөптер мен шалбарының балағына шашырап жатты. Қарт еріксіз артқа шегініп, балдырғанның қанпезерлік ісіне түршіге қарады.
— Бұл құйрықтарды не істейсің?
— Ешқандай керегіме жаратпаймын.
— Онда жазықсыз жәндіктерді неге өлтіресің? Обал емес пе? Оларды да бізді жаратқан жаратушы жаратты емеспе.
— Кесерткі менің қас жауым. Ал жауға аяушылық істеу — еркектік емес. Қатынға тән қорқақтық.
— Қалайша қас дұшпаның?
— Менің әкемді жылан шағып өлтірген.
— Бұл кесерткі ғой.
— Кесіртке жыланға өзгереді. Ал жылан қырық жыл адам көрмесе айдаһар болады.
— Бұл мүмкін емес. Жылан айдаһарға айналар. Ал кесіртке ешқашан жыланға айналмайды,-деп қаны қарайған қарт балаға шаншыла сөйледі.
— Сіздер не білесіздер. Анау жүгіріп жүрген бала сияқтысыздар. Бұлардан қайырымдылық күтуге болмайды. Ал, айдаһарға айналып кетсе қарсы келіп, төтеп беру қиын.
— Құйырығын кесіп алып, тірі жібергенде жыланға айнала алмай ма?
— Айналсада мейлі. Мен оның адам өлтірер уытын алып қалдым.
— Жыланның уыты тілінде ғой.
— Сіз білмейді екенсіз. Жыланның уыты өтінде болады. Өті тәңертеңгі уақытта ауызына барады да, түстен кейін артқы бөлігіне көшеді. Таңғы уақта жылан шаққан әрбір жан иесі аман қалмайды. Менің әкемді де тәңертең ерте шағып өлтірген.
— Бұл қылығыңды анаң біле ме?
— Білмейді. Білсе менің бұлай істеуіме қарсылық білдірер еді. Бірақ, менде анамнан жылап туғанымды білем...
— Үстіңдегі қан дақтарын көрмей ме?
— Киімімді ауыстырып аламын.
— Өзің қаннан қорықпайсың ба?
— Жоқ. Менің бабаларым қаннан қорықпаған.
— Қалайда кесірткелер бізге керек. Оларды өлтіре беруге болмас.
— Мен осылай істеуді қалаймын. Маған барлығын істеуге еркіндік берілген. Тіпті ажалды да таңдай аламын
— Әлден ажал туралы ойлайсың ба?
— Иә. Әкемнің өлімі маған көп нәрсені түсіндірді. Сондықтан да мен өзімді-өзім құтқаруым керек деп бекінгем.
Бала әңгімені доғарды да, бүгінгі кескен құйырықтарын санай бастады. Бір, екі, үш...қырық бес. Бүгінге осы да жетер.
Күн еңкейгенде қотанын үйіне беттеткен қойшының алдынан құйрығы жоқ кесірткелер қайшыласып өтіп жатты...